Ескерту. Күші жойылды – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 24.08.2020 № 75 және ҚР Қаржы министрінің 01.09.2020 № 799 бірлескен қаулысы мен бұйрығымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
РҚАО-ның ескертпесі!
Осы бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 4-тармақтан қараңыз
"Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы" 2009 жылғы 28 тамыздағы Қазақстан Республикасының Заңы 11-бабының 3-2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Қаржы министрі БҰЙЫРАДЫ және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жасау мақсатында екінші деңгейдегі банктер мен Ұлттық пошта операторы үшін ішкі бақылау қағидаларына қойылатын талаптар бекітілсін.
2. Екінші деңгейдегі банктер мен Ұлттық пошта операторы:
1) осы бұйрық және қаулы қолданысқа енгізілген күннен бастап күнтізбелік үш айдан кешіктірмей ішкі құжаттаманы осы бұйрыққа және қаулыға сәйкес келтірсін;
2) осы бұйрық және қаулы қолданысқа енгізілген күннен бастап күнтізбелік бір жылдан кешіктірмей осы бұйрыққа және қаулыға сәйкес автоматтандырылған ақпарат жүйелерін пысықтау және қазіргі клиенттерінің тәуекел деңгейін айқындау бойынша іс-шаралар жүргізсін.
3. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қаржы мониторингі комитеті (Тәжіяқов Б.Ш.) заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты және қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық және қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оларды мерзімді баспасөз басылымдарында және "Әділет" ақпарат-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберуді;
3) осы бұйрықты және қаулыны Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрық және қаулы 2014 жылғы 15 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының |
Қазақстан Республикасы |
2014 жылғы "__"_________ 2014 жылғы "__"_________
Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2014 жылғы 26 қарашадағы № 521 бұйрығымен және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2014 жылғы 24 желтоқсандағы № 235 қаулысымен бекітілген |
Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жасау мақсатында екінші деңгейдегі банктер мен Ұлттық пошта операторы үшін Ішкі бақылау қағидаларына қойылатын талаптар
Ескерту. Талаптар жаңа редакцияда – ҚР Қаржы министрінің 18.09.2017 № 561 және ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 22.12.2017 № 244 (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі) бірлескен бұйрығы және қаулысымен.
1-бөлім. Жалпы ережелер
1. Осы Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жасау мақсатында екінші деңгейдегі банктер мен Ұлттық пошта операторы үшін Ішкі бақылау қағидаларына қойылатын талаптар (бұдан әрі – Талаптар) "Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы" 2009 жылғы 28 тамыздағы Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – КЖ/ТҚҚ туралы Заң) және Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9322 тіркелген Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының "Екінші деңгейдегі банктерге арналған тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесін қалыптастыру қағидаларын бекіту туралы" 2014 жылғы 26 ақпандағы № 29 қаулысына (бұдан әрі – Қағидалар) сәйкес әзірленді.
2. Егер Талаптарда өзгеше көзделмесе, онда Талаптарда қолданылатын ұғымдар "Төлемдер және төлем жүйелері туралы" 2016 жылғы 26 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңында және "Акционерлік қоғамдар туралы" 2003 жылғы 13 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңында, КЖ/ТҚҚ туралы Заңда көрсетілген мағыналарында пайдаланылады.
Талаптардың мақсаттары үшін мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) әдеттегіден тыс операция (мәміле) – КЖ/ТҚҚ туралы Заңның 4-бабының 4-тармағында көрсетілген негіздер бойынша сәйкес міндетті зерделенуге жататын операция (мәміле);
2) қылмыстық жолмен алынған кiрiстердi заңдастыру (жылыстату) және терроризмдi қаржыландыру (бұдан әрі – КЖ/ТҚ) тәуекелдері – банктін КЖ/ТҚ екінші деңгейдегі банктерді және Ұлттық пошта операторын (бұдан әрі – банк) КЖ/ТҚ процестеріне немесе өзге қылмыстық қызметке қасақана немесе қасақана емес тарту мүмкіндігі;
3) КЖ/ТҚ тәуекелдерін басқару – банктің КЖ/ТҚ тәуекелдерін анықтау, бағалау, оларға мониторинг жасау, сондай-ақ оларды азайту бойынша банк қабылдайтын шаралардың жиынтығы (өнімдерге/қызметтерге, клиенттерге, сондай-ақ клиенттер жасайтын операцияларға қатысты);
4) шекті операция – КЖ/ТҚҚ туралы Заңның 4-бабының 1 және 2-тармақтарына сәйкес қаржы мониторингі жүргізілуге жататын ақшамен және (немесе) өзге мүлікпен жасалатын операция;
5) іскерлік қатынастар – банктің клиентке қаржылық қызметке және қаржылық қызмет көрсетулерге жататын қызметтерді (өнімдерді) ұсынуы бойынша қатынастар.
3. Банк қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жасау мақсатында (бұдан әрі – КЖ/ТҚҚ) ішкі бақылауды:
1) банктің КЖ/ТҚҚ туралы Заңның талаптарын орындауын қамтамасыз ету;
2) банктің ішкі бақылау жүйесінің КЖ/ТҚ тәуекелдерін және қатар жүретін тәуекелдерді (операциялық, беделді жоғалту, шоғырлану) басқару үшін жеткілікті деңгейде ұстап тұру;
3) банкті, оның лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерін КЖ/ТҚ процесстеріне тартуды болдырмау мақсатында жүзеге асырады.
4. КЖ/ТҚҚ мақсатында ішкі бақылауды ұйымдастыру шеңберінде банкте Қағидалардың талаптары ескерілетін және банктің ішкі аудит қызметінің КЖ/ТҚҚ мақсатында ішкі бақылаудың тиімділігін бағалауды жүргізуіне қойылатын талаптар қамтылатын ішкі бақылау қағидалары әзірленеді.
Ішкі бақылау қағидалары КЖ/ТҚҚ туралы Заңның 11-бабында көзделген бағдарламалардан тұрады, банк оларды Талаптарға сәйкес дербес әзірлейді және олар банктің ішкі құжаты не осындай құжаттардың жиынтығы болып табылады.
2-бөлім. КЖ/ТҚҚ ішкі жүйесін ұйымдастыру және КЖ/ТҚҚ мақсатында ішкі бақылауды ұйымдастыру бағдарламасы
5. Банкте банктің ішкі құжаттарында белгіленген тәртіппен банктегі бақылау қағидаларын сақтауға мониторингті жүзеге асыру жөніндегі жауапты қызметкер (бұдан әрі – жауапты қызметкер) тағайындалады, сондай-ақ құзыретіне КЖ/ТҚҚ мәселелері кіретін бөлімше (бұдан әрі – КЖ/ТҚҚ жөніндегі бөлімше) белгіленеді.
6. Мыналар жауапты қызметкерге қойылатын талаптар болып табылады:
1) жоғары білімінің болуы;
2) банктік және (немесе) өзге операцияларды жүзеге асырумен байланысты банк бөлімшесі басшысының лауазымында кемінде бір жыл жұмыс өтілінің не КЖ/ТҚҚ саласында кемінде екі жыл жұмыс өтілінің не қаржылық қызметтерді ұсыну және (немесе) реттеу саласында кемінде үш жыл жұмыс өтілінің болуы;
3) "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" 1995 жылғы 31 тамыздағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес мінсіз іскерлік беделінің болуы.
7. КЖ/ТҚҚ мақсатында ішкі бақылауды ұйымдастыру бағдарламасы:
1) КЖ/ТҚҚ жөніндегі бөлімшенің функцияларын, оның ішінде КЖ/ТҚҚ мақсатында ішкі бақылауды жүзеге асыру кезінде банктің басқа бөлімшелерімен, филиалдарымен, еншілес ұйымдарымен өзара әрекет ету тәртібін, сондай-ақ жауапты қызметкердің функцияларын, өкілеттіктерін, жауапты қызметкердің банктің басқару органымен және атқару органымен өзара әрекет ету рәсімін сипаттауды;
2) КЖ/ТҚҚ мақсатында ішкі бақылауды жүзеге асыру және қаржы мониторингін жүзеге асыратын және КЖ/ТҚҚ туралы Заңға сәйкес КЖ/ТҚҚ бойынша өзге де шараларды қабылдайтын мемлекеттік уәкілетті органға (бұдан әрі – қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті орган) хабарламаларды беру үшін пайдаланылатын автоматтандырылған ақпараттық жүйелер мен бағдарламалық қамтамасыз ету туралы мәліметтерді, оның ішінде оларды әзірлеушілер туралы мәліметтерді;
3) мәліметтерді тіркеу, сондай-ақ КЖ/ТҚҚ мақсатында ішкі бақылауды іске асыру барысында алынған құжаттар мен ақпаратты сақтау рәсімін;
4) банк қызметкерлерінің, оның ішінде жауапты қызметкердің банктің басқару органын және атқару органын өздеріне белгілі болған банктің қызметкерлері жол берген КЖ/ТҚҚ туралы Заңды, сондай-ақ ішкі бақылау қағидаларын бұзу фактілері туралы хабардар ету рәсімін;
5) КЖ/ТҚҚ бойынша банк кіретін банктік конгломерат талаптарын сипаттауды (бар болса);
6) банктің ішкі аудит бөлімшесінің КЖ/ТҚҚ мақсатында ішкі бақылаудың тиімділігін бағалау нәтижелері бойынша басқару есептілігін дайындауы және банктің басқару органымен атқару органына ұсыну рәсімін қамтиды, бірақ олармен шектелмейді.
8. КЖ/ТҚҚ мақсатында ішкі бақылауды ұйымдастыру бағдарламасына сәйкес жауапты қызметкердің және КЖ/ТҚҚ жөніндегі бөлімше қызметкерлерінің функцияларына мыналар енгізіледі, бірақ олармен шектелмейді:
1) банкте әзірленген және банктің атқарушы органы бекіткен ішкі бақылау қағидаларының және (немесе) оларға өзгерістердің (толықтырулардың), сондай-ақ банкте олардың сақталуына мониторингтің болуын қамтамасыз ету;
2) КЖ/ТҚҚ туралы Заңға сәйкес қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті органға хабарламалар ұсынуды ұйымдастыру және олардың ұсынылуын бақылау;
3) клиенттердің операцияларын күдікті ретінде тану және банктің ішкі құжаттарында көзделген тәртіппен қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті органға хабарламалар жіберу қажеттілігі туралы шешімдер қабылдау;
4) КЖ/ТҚҚ туралы Заңда және (немесе) клиенттермен жасалған шарттарда көзделген жағдайларда және банктің ішкі құжаттарында көзделген тәртіпте клиенттермен іскерлік қатынастар орнату, жалғастыру не тоқтату туралы, клиенттермен операциялар жүргізуді тоқтата тұру не бас тарту туралы шешімдер қабылдау;
5) банктің ішкі құжаттарымен көзделген тәртіпте ішкі бақылау тәртіптерін бұзушылықтары анықталғаны жөнінде банктің басқару органын және (немесе) атқарушы органын хабардар ету;
6) банктің басқару органына есептер жасау үшін КЖ/ТҚҚ мақсатында ішкі бақылау және тәуекелдерді басқару жүйесін жақсарту бойынша ұсынылған шаралар мен ішкі бақылау ережелерін іске асыру нәтижелері туралы ақпаратты басқару органымен және (немесе) атқарушы органмен әзірлеу және келісу.
9. Жүктелген функцияларды орындау үшін жауапты қызметкер және КЖ/ТҚҚ жөніндегі бөлімше қызметкерлері:
1)-банктің уәкілетті органына және (немесе) атқарушы органына КЖ/ТҚҚ туралы Заңда және банктің ішкі құжаттарында көзделген жағдайларда және тәртіппен клиенттермен іскерлік қатынастарды орнатуды, жалғастыруды не тоқтату туралы шешім қабылдау үшін сұратулар жіберуді;
2) өз функцияларын толық көлемде және банктің ішкі құжаттарында көзделген тәртіппен жүзеге асыруға мүмкіндік беретін шекте банктің барлық үй-жайларына, ақпараттық жүйелеріне, телекоммуникация құралдарына, құжаттар мен файлдарға кіруге рұқсат алуды;
3) банктің бөлімшелеріне ақшамен және (немесе) өзге де мүлікпен операция жүргізуге қатысты нұсқаулар беруді;
4) өз функцияларын жүзеге асыру кезінде алынған ақпараттың құпиялылығын қамтамасыз етуді;
5) банктің бөлімшелерінен алынатын құжаттардың және файлдардың сақталуын қамтамасыз етуді жүзеге асыруға құқылы.
10._Банктің филиалдарында Талаптардың 8 және 9-тармақтарында көзделген функциялар мен өкілеттіктер толық немесе ішінара жүктелген қызметкерлер бар болған жағдайда, осындай қызметкерлердің КЖ/ТҚҚ мәселелері бойынша қызметін үйлестіруді жауапты қызметкер жүзеге асырады.
11._Жауапты қызметкердің, КЖ/ТҚҚ бойынша бөлімше қызметкерлерінің, сондай-ақ Талаптардың 8-тармағында көзделген функциялар жүктелген банк қызметкерлерінің функциялары ішкі аудиттің функцияларымен, сондай-ақ банктің бизнес-бөлімшелері жүзеге асыратын функциялармен қоса атқарылмайды.
12. Банк ішкі бақылау мәселелері бойынша процесстерді автоматтандыру үшін КЖ/ТҚҚ мақсатында банктің ішкі бақылау қағидаларының талаптарына сәйкес келетін автоматтандырылған ақпараттық жүйелерді пайдаланады.
3-бөлім. КЖ/ТҚ тәуекелдерін басқару бағдарламасы
13. КЖ/ТҚ тәуекелдерін басқаруды ұйымдастыру мақсатында банк Қағидалардың талаптарына сәйкес келетін КЖ/ТҚ тәуекелдерін басқару бағдарламасын әзірлейді.
14. Банк кем дегенде тәуекелдердің мынадай ерекше санаттарын: клиенттердің типтері бойынша тәуекелді, елдік (географиялық) тәуекелді, қызметтер (өнім) және (немесе) оны беру тәсілінің тәуекелін ескере отырып, банк қызметтерінің (өнімдерінің) КЖ/ТҚ тәуекелдеріне ұшырағыштық дәрежесін бағалауды жыл сайынғы негізде жүзеге асырады.
Банк қызметтерінің (өнімдерінің) КЖ/ТҚ тәуекелдеріне ұшырағыштық дәрежесін бағалау тәуекелдерді анықтауды, клиенттер операцияларын сәйкестендіру рәсімдері мен мониторингін өзгертуді, қызметтер (өнімдер) беру тәртібін өзгертуді, қызметтер (өнімдер) беруден бастартуды қоса, азайтуға бағытталған мүмкін болатын іс-шараларды сипаттаумен қоса жүреді.
15. Мәртебесі және (немесе) қызметі КЖ/ТҚ тәуекелін арттыратын клиенттердің типтеріне мыналар енгізіледі, бірақ олармен шектелмейді:
1) шетелдік жария лауазымды тұлғалар, олардың отбасы мүшелері және олардың жақын туыстары;
2) шетелдік қаржы ұйымдары;
3) заңды тұлғалар және қызметі қолма-қол ақшаның қарқынды айналымымен байланысты дара кәсіпкерлер, оның ішінде:
қызметінің ерекше түрі қолма-қол шетелдік валютамен айырбастау операцияларын ұйымдастыру болып табылатын заңды тұлғалар;
ерекше қызметі банкноттарды, монеталарды және құндылықтарды инкассациялау болып табылатын ұйымдар (банк белгілеген КЖ/ТҚҚ жөніндегі талаптарды сақтайтын банктердің еншілес ұйымдарын қоспағанда);
микроқаржы ұйымдары;
ломбардтар ретінде тіркелген заңды тұлғалар;
тұтынушылардан қолма-қол ақша қабылдауды, оның ішінде электрондық терминалдар арқылы жүзеге асырушы қызметтерді (қаржылықтан басқа) жеткізушілердің агенттері (сенім білдірген);
ойын бизнесін ұйымдастырушылар, сондай-ақ Қазақстан Республикасынан тыс онлайн-казино қызметін көрсететін не онлайн-казино қызметінен түсетін кірістерді алатын тұлғалар;
туристік қызметтерді көрсететін тұлғалар;
4) адвокаттар, заң мәселелері бойынша басқа да тәуелсіз мамандар олар клиенттің атынан немесе оның тапсырмасы бойынша КЖ/ТҚҚ туралы Заңның 3-бабы 1-тармағының 7) тармақшасында көрсетілген операцияларға қатысатын кездегі жағдайларда, бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушылары (екінші деңгейдегі банктер белгілеген, КЖ/ТҚҚ жөніндегі талаптарды сақтайтын екінші деңгейдегі банктердің еншілес ұйымдарын қоспағанда);
5) "өмірді сақтандыру" саласы бойынша қызметті жүзеге асыратын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары, сақтандыру брокерлері (банк белгілеген КЖ/ТҚҚ жөніндегі талаптарды сақтайтын банктердің еншілес ұйымдарын қоспағанда);
6) қаржы лизингі бойынша қызмет көрсететін тұлғалар (банк белгілеген КЖ/ТҚҚ жөніндегі талаптарды сақтайтын банктердің еншілес ұйымдарын қоспағанда);
7) кредиттік серіктестіктер;
8) сақтандыру агенттері ретінде қызметті жүзеге асыратын тұлғалар;
9) жылжымайтын мүлікті сату-сатып алу жөніндегі делдалдық қызметті жүзеге асыратын тұлғалар;
10) қызметі қаруды, жарылғыш заттарды өндірумен және (немесе) сатумен байланысты тұлғалар;
11) қызметі бағалы металдарды, асыл тастарды не олардан жасалған бұйымдарды өндірумен және (немесе) өңдеумен, сатып алумен-сатумен байланысты тұлғалар;
12) қорлардың, діни бірлестіктердің ұйымдық-құқықтық нысанындағы коммерциялық емес ұйымдар;
13) Талаптардың 17-тармағында көрсетілген шет мемлекеттерде орналасқан (тіркелген) тұлғалар, сондай-ақ Қазақстан Республикасында орналасқан филиалдар мен осындай тұлғалардың өкілдіктері;
14) алынған деректердің дұрыстығына күмәндануға негіз бар клиент;
15) КЖ/ТҚҚ туралы Заңда көзделген клиентті тиісінше тексеру рәсімдерінен жалтаруға бағытталған іс-әрекеттер жасайды.
16. Мәртебесі және (немесе) қызметі КЖ/ТҚҚ тәуекелін төмендететін клиенттер типтері енгізіледі, бірақ шектелмейді:
1) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкін қоса алғанда, Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары, сондай-ақ бақылауын мемлекеттік органдар жүзеге асыратын заңды тұлғалар;
2) мемлекеттік мекеме немесе мемлекеттік кәсіпорындардың ұйымдық құқықтық нысанында құрылған заңды тұлғалар, сондай-ақ ұлттық басқарушы холдинг не дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) жүз пайызы ұлттық басқарушы холдингіне тиесілі заңды тұлғалар;
3) екінші деңгейдегі банктер, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары, бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушылары – Қазақстан Республикасының_резиденттері;
4) акциялары Қазақстан Республикасы қор биржасының және (немесе) шет мемлекеттің қор биржасының ресми тізіміне енгізілген ұйымдар;
5) Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан не қатысушысы Қазақстан Республикасы болып табылатын халықаралық ұйымдар сияқты клиенттермен іскерлік қатынастарды орнатқан жағдайларда жүргізеді.
17. Банк осы тармақта көрсетілген шет мемлекеттерде қызметті жүргізумен, осындай шет мемлекеттер клиенттеріне қызметтерді (өнімдерді) көрсетумен, осындай шет мемлекеттердің қатысуымен ақшамен және (немесе) өзге де мүлікпен операцияларды жүзеге асырумен байланысты елдік (географиялық) тәуекелді басқаруды жүзеге асырады.
Олармен жасалатын операциялар КЖ/ТҚ тәуекелін жоғарылататын шет мемлекеттер:
1) КЖ/ТҚҚ туралы заңға сәйкес қаржы мониторингі бойынша уәкілетті орган жасайтын Ақшаны жылыстатуға қарсы күрестің қаржылық шараларын әзірлейтін топтың (ФАТФ) ұсынымдарын орындамайтын не жеткілікті орындамайтын мемлекеттердің (аумақтардың) тізбесіне енгізілген шет мемлекеттер (аумақтар);
2) Біріккен Ұлттар Ұйымы (бұдан әрі – БҰҰ) Қауіпсіздік Кеңесінің қарарларымен қабылданған халықаралық санкциялар (эмбарго) оларға қатысты қолданылатын шет мемлекеттер (аумақтар);
3) Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің міндетін атқарушының 2010 жылғы 10 ақпандағы № 52 бұйрығымен (Қазақстан Республикасының Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6058 тіркелген) бекітілген "Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасы Заңының мақсаттары үшін Оффшорлық аймақтар тізбесіне енгізілген шет мемлекеттер (аумақтар);
4) банк басқа факторлардың (сыбайлас жемқорлық, есірткілердің заңсыз өндірілуі, айналымы және (немесе) транзит деңгейі туралы мәліметтер, халықаралық терроризмді қолдау туралы мәліметтер) негізінде КЖ/ТҚ жоғары тәуекелін көрсетуші ретінде анықтаған шет мемлекеттер (аумақтар) болып табылады.
БҰҰ-ның және халықаралық ұйымдардың деректері бойынша мұндай мемлекеттердің (аумақтардың) тізбесіне сілтемелер уәкілетті органның ресми интернет-ресурсына орналастырылады.
18. Банк қызметтеріне (өнімдеріне операцияларына), КЖ/ТҚ жоғары тәуекелге ұшырағыш қызметтеріне, сондай-ақ оларды ұсыну тәсілдері мыналарды қамтиды, бірақ олармен шектелмейді:
1) банктің ішкі бақылау қағидаларында айқындалған жаңа және дамып келе жатқан технологиялар сияқты жаңа, сондай-ақ іс жүзінде бар өнімдерге жаңа механизмдер беруді қоса алғанда жаңа өнімдерді және жаңа іскерлік тәжірибені;
2) клиенттерге дербес банктік қызмет көрсетуді;
3) банк шотын пайдаланусыз ақша төлемін және (немесе) аударымын;
4) сауданы қаржыландыруды;
5) сейфтік қызметтерді (сейф жәшіктерін жалдау, сейф қоймаларында жауаптылықпен сақтау);
6) мүлікті сенімгерлік басқаруды;
7) халықаралық нарықтарда брокерлік қызмет көрсетуді;
8) кастодиандық қызмет көрсетуді;
9) электрондық ақша, егер эмитент банк тиісті электрондық ақша жүйесінің операторы болып табылмайтын жағдайда;
10) алдын ала төленген төлем карточкаларын;
11) корпоративтік төлем карточкаларын;
12) чектер, оның ішінде жол чектерін;
13) шетелдік қаржы ұйымдарының шоттарын;
14) қолма-қол шетел валюталарын айырбастау пункттері арқылы сатып алу, сату, айырбастау бойынша операцияларын.
19. Банк қызметтерінің (өнімдерінің) КЖ/ТҚ тәуекелдеріне ұшырағыштық дәрежесін Талаптардың 15 16, 17 және 18-тармақтарында көрсетілген тәуекелдердің факторларына сәйкес бағалау кезінде банк тәуекелдің жиынтық дәрежесіне ықпал етеді, бірақ олармен шектелмейді:
1) банктің қаржы мониторингі бойынша уәкілетті органға клиенттердің күдікті операциялары туралы хабарламаларының саны;
2) банктің қаржы мониторингі бойынша уәкілетті органға клиенттердің қолма-қол ақшамен шекті операциялары туралы хабарламаларының саны кіретін, қосымша мәліметтерді ескереді.
20. КЖ/ТҚ тәуекелдерін басқару бағдарламасын іске асыру шеңберінде банк Талаптардың 15, 16, 17 және 18-тармақтарында көрсетілген тәуекелдердің санаттары мен факторларын, сондай-ақ банк белгілейтін тәуекелдердің өзге де санаттары мен факторларын ескере отырып, клиенттерді жіктеу жөнінде шаралар қолданады.
Клиенттің (клиенттер тобының) тәуекел деңгейін банктегі клиент (клиенттер) туралы мәліметтер мен ақпаратқа жүргізілген талдау нәтижелері бойынша банк белгілейді және тәуекел деңгейін айқындаудың кемінде екі деңгейден тұратын шәкілі бойынша бағаланады.
Талаптардың 15, 16, 17 және 18-тармақтарында көрсетілген тәуекелдер санаттары мен факторларын пайдаланумен тәуекелді бағалау клиенттерге (клиенттер тобына) қатысты операциялардың мониторингі (іскерлік қатынастар) нәтижелері негізінде жүргізіледі.
Банк клиенттің (клиенттер тобының) тәуекел деңгейін қайта қарауды клиент (клиенттер тобы) операциялар мониторингі нәтижелері туралы мәліметтердің жаңартылуына қарай жүзеге асырады.
4-бөлім. Клиенттерді сәйкестендіру бағдарламасы
21. КЖ/ТҚҚ туралы Заңның клиентті тиісінше тексеру бойынша талаптарын іске асыру мақсатында банк клиенттерді (олардың өкілдерін) және бенефициарлық меншік иелерін сәйкестендіру бағдарламасын әзірлейді.
Клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін сәйкестендіру банктің клиент (оның өкілі) және бенефициарлық меншік иесі туралы мәліметтерді тіркеу, іскерлік қатынастар мақсатын белгілеу, сондай-ақ Талаптарда көзделген клиент (оның өкілі) және бенефициарлық меншік иесі туралы КЖ/ТҚҚ туралы Заңда көзделген өзге де мәліметтерді алу және белгілеу бойынша іс-шараларды жүргізуі болып табылады.
Клиенттің тәуекел деңгейіне қарай банк жүргізетін іс-шаралардың деңгейі КЖ/ТҚҚ туралы Заңның 5-бабы 7-тармағына сәйкес клиенттерді тиісінше тексерудің жеңілдетілген не күшейтілген шараларынан көрінеді.
22. Клиентті, оның өкілін және бенефициарлық меншік иесін сәйкестендіру бағдарламасы мыналарды:
1) іскерлік қатынастар белгілеуді және (немесе) операция жүргізуді, сондай-ақ іскерлік қатынастарды тоқтатуға арналған рәсімді және орнату рәсімін және бастарту негіздерін қоса алғанда, қызмет көрсетуге клиенттер қабылдау рәсімін;
2) клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін сәйкестендіру рәсімін, оның ішінде клиентті тиісінше тексерудің жеңілдетілген және тереңдетілген сәйкестендіру рәсімдерінің ерекшеліктерін;
3) шетелдік қаржы ұйымдарымен корреспонденттік қатынастар орнату кезінде сәйкестендіруді жүргізу ерекшеліктерін;
4) банктің қызмет көрсетілетін немесе қызмет көрсетуге қабылдайтын жеке тұлғалардың арасында шетелдік жария лауазымды тұлғаларды анықтауға бағытталған шараларының сипаттамасын;
5) клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін КЖ/ТҚҚ туралы Заңның 12-бабына сәйкес алынған терроризмді және экстремизмді қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесінде болуын тексеру рәсімін;
6) іскерлік қатынастарды қашықтықтан орнату кезінде (клиенттің немесе оның өкілінің жеке қатысуынсыз) сәйкестендіру ерекшеліктерін;
7) клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін банк кіретін банк конгломератының (бар болса) КЖ/ТҚҚ жөніндегі талаптарды орындау шеңберінде сәйкестендіру барысында алынған мәліметтер алмасудың ерекшеліктерін;
8) басқа қаржы ұйымдарынан мәліметтер алу арқылы клиенттерді сәйкестендіру, оның ішінде жеке және заңды тұлғаларды сәйкестендіру ерекшеліктерін, брокер-дилер олардың пайдасына немесе олардың атынан өзінің банк шоты бойынша операциялар жүргізеді;
9) клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін сәйкестендіру мақсатында қосымша ақпарат көздерінің, оның ішінде мемлекеттік органдар ұсынатын ақпараттың сипаттамасын;
10) клиент (оның өкілі) және бенефициарлық меншік иесі туралы мәліметтердің шынайы болуын тексеру рәсімін;
11) клиенттің досье жүргізу, мәліметтерді жаңарту мерзімділігін көрсетумен досьедегі мәліметтерді жаңартуды, нысанына, мазмұнына және тәртібіне қойылатын талаптарды;
12) банк қызметкерлерінің сәйкестендіруді жүргізу кезінде алынған ақпаратқа қолжетімділігін қамтамасыз ету рәсімін;
13) клиенттің тәуекел деңгейін бағалау рәсімін, осындай тәуекелді бағалау негізін қамтиды, бірақ олармен шектелмейді.
Егер банк КЖ/ТҚҚ туралы Заңға сәйкес шарт негізінде өзге тұлғаға КЖ/ТҚҚ туралы Заңның 5-бабы 3-тармағының 1), 2), 2-1) және 4) тармақшаларында көзделген шараларды банк клиенттеріне қатысты қолдануды тапсырса, банк мұндай тұлғалармен өзара іс-қимыл қағидаларын әзірлейді, ол мыналарды:
сәйкестендіру өткізу тапсырылған тұлғалармен банктердің шарт жасау рәсімін, сонымен қатар сондай шарт жасауға уәкілетті банктің лауазымды тұлғаларының тізімін;
сәйкестендіру өткізу тапсырылған тұлғалармен банктің арасындағы шартқа сәйкес клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін сәйкестендіру рәсімін;
сәйкестендіру өткізу тапсырылған тұлғалармен сәйкестендіру өткізу кезінде алынған мәліметтерді банктің беру мерзімі мен рәсімін;
сәйкестендіру өткізу тапсырылған тұлғалардан алынған мәліметтерді банкке беру рәсімін, мерзімі мен толықтығын қоса алғанда, сәйкестендіру бойынша талаптарды, сондай-ақ анықталған бұзушылықтарды жою бойынша банктің қабылдаған шараларының сақталуын бақылауды банктің жүзеге асыру рәсімін;
сәйкестендіру өткізу тапсырылған тұлғалармен олар сәйкестендіру бойынша талаптарды оның ішінде алынған мәліметтерді сақтамаған жағдайда олармен шартты орындаудан біржақты бас тарту туралы банктің шешім қабылдауының негіздерін, рәсімін және мерзімін;
банк сәйкестендіру жүргізуді тапсырған тұлғалармен шартты орындаудан біржақты бас тарту туралы шешім қабылдауға уәкілетті банктің лауазымды тұлғаларының тізбесін;
сәйкестендіру бойынша талаптарды орындау мақсатында оларға әдістемелік көмек көрсету мәселесі бойынша сәйкестендіру өткізу тапсырылған тұлғалармен субъектілердің өзара іс-қимыл рәсімін қамтиды.
Өзара іс-қимыл қағидаларына субъектінің қосымша шарттар енгізуіне рұқсат етіледі.
23. КЖ/ТҚҚ туралы Заңның 6-бабының талаптарын ескере отырып банк клиентке (оның өкіліне) және бенефициарлық меншік иесіне іскерлік қатынастар орнатқанға дейін сәйкестендіру жүргізеді.
24. КЖ/ТҚҚ туралы Заңның 7-бабы 1-тармағының талаптарын ескере отырып банк клиентке (оның өкіліне) және бенефициарлық меншік иесіне сәйкестендіру қажеттігіне қарай клиент тәуекелі деңгейін ескере отырып, жасалатын операцияларды қаржыландырудың көзі туралы мәліметтерді алуды және тіркеуді қоса алғанда, іскерлік қатынастарға және операцияларды зерделеуге тексеру жүргізеді:
1) клиент шекті операция (мәміле) жасағанда;
2) клиент күдікті операция (мәміле) жасағанда (әрекет жасау);
3) клиент ерекше операция (мәміле) жасағанда;
4) клиент типологияларға, схемаларға және қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға сәйкес келетін сипаттамасы бар операция (мәміле) жасағанда.
Клиент орнатылған іскерлік қатынастар шеңберінде операция (мәміле) жасаған кезде осы тармақтың бірінші бөлігінің 2), 3) және 4) тармақшаларында көзделген, сондай-ақ бұрын алынғандарын жаңарту не клиент тәуекелінің деңгейіне және талаптарға сәйкес қосымша мәліметтер алу жағдайларын қоспағанда, егер ол мұндай іскерлік қатынастар орнату кезінде жүргізілсе, клиентке (оның өкіліне) және бенефициарлық меншік иесіне сәйкестендіру жүргізілмейді.
Клиент туралы мәліметтердің дұрыстығын тексеру тиісті құжаттардың тұпнұсқаларының деректерімен салыстыру арқылы немесе нотариалды куәландырылған көшірмелерімен не қолжетімді көздерден алынған деректермен салыстыру арқылы, мәліметтерді тексеру клиенттің (оның өкілін) жеке басын анықтауға және куәландыруға, мекенжайына шығуды қоса алғанда, мүмкіндік беретін басқа тәсілдермен жүзеге асырылады.
Қолжетімді көздерден алынған деректерді растайтын құжаттардың көшірмелерімен салыстыру жолымен мәліметтердің дұрыстығына тексеру жүргізген кезде оның ішінде ақпарат, қолжетімді көздердің мәліметтерінен тұратын деректер базасынан үзінді-көшірмелер болып табылады.
25. Клиентті (оның өкілін) сәйкестендіру шеңберінде Талаптардың 23 және 24-тармақтарына сәйкес алынған мәліметтер құжатпен тіркеледі және банк клиенттің досьесіне енгізеді, ол клиентпен іскерлік қатынастардың бүкіл кезеңі ішінде және клиентпен іскерлік қатынастар тоқтатылған күннен бастап кем дегенде бес жыл банкте сақталады.
Банк КЖ/ТҚҚ туралы Заңның 5-бабы 6-тармағының 1) тармақшасын қолданған кезде банк клиент туралы қаржы мониторингінің басқа субъектілерінен клиенттің досьесіне енгізу (қосу) үшін, сондай-ақ растайтын құжаттардың көшірмелерін сұрату бойынша кідіріссіз алады, оларға оның ішінде ақпарат, ақпараттық жүйеден немесе банк клиентті тиісінше тексеру шараларына сүйенетін басқа қаржы мониторингі субъектілерінің деректер базасынан үзінді-көшірмелер жатады.
Банк ішкі құжаттарға сәйкес досьелер жүргізетін клиенттердің топтарына:
1) жеке тұлғалар;
2) заңды тұлғалар, оңын ішінде шетел қаржы ұйымдары-респонденттері кіреді, бірақ олармен шектелмейді.
Банк клиент досьесін ол туралы банктің ішкі бақылау қағидаларына сәйкес оған банк берген тәуекел деңгейіне қарай қалыптастырады. Клиентке төмен деңгей берілген жағдайда оған қатысты тиісінше тексерудің жеңілдетілген шаралары жүргізіледі және КЖ/ТҚҚ туралы Заңның 5-бабы 3-тармағының 1), 2), 2-1) және 4) тармақшаларында көзделген мәліметтер тізбесі бекітіледі.
Клиентке тәуекелдің жоғары деңгейі берілген жағдайда қосымша мәліметтерге КЖ/ТҚҚ туралы Заңның 5-бабы 5-тармағында көзделген мәліметтер жатады (салықтық резиденттілігі, қызметінің түрі және жасалатын операцияларды қаржыландыру көзі туралы мәліметтер).
26. Клиентті сәйкестендіру (бенефициарлық меншік иесін анықтау) барысында банк Тізбеде осындай клиенттің (бенефициарлық меншік иесінің) болуына тексеру жүргізеді.
Шетелдіктерге, оларда шет мемлекет азаматтығының болуы туралы банкте мәліметтер болған өзге де тұлғаларға қатысты, сондай-ақ азаматтығы жоқ тұлғаларға қатысты банк клиентті сәйкестендіру (бенефициарлық меншік иесін анықтау) барысында осындай клиенттің (бенефициарлық меншік иесінің) шетелдік жария лауазымды тұлғаға қатыстылығын тексеру жүргізіледі.
Көші-қон карточкалары туралы мәліметтерді Еуразиялық экономикалық одаққа кіретін мемлекеттердің азаматтарына қатысты алу талап етілмейді.
Тізбедегі клиенттің (бенефициарлық меншік иесінің) болуын (тізбеге қосылғанын) тексеру клиенттің тәуекел деңгейіне байланысты емес және Тізбеге (Тізбенің жаңартылуына) өзгерістер енгізілуіне қарай жүзеге асырылады.
27. Жаңарту клиент (оның өкілі) және бенефициарлық меншік иесі туралы қосымша мәліметтерді мерзімділігін және (немесе) алу қажеттігін ұйым және (немесе) сақтандыру брокері клиенттің (клиенттер тобының) тәуекел деңгейін және (немесе) клиент пайдаланатын банк қызметтерінің (өнімдерінің) КЖ/ТҚ тәуекелдеріне ұшырау дәрежесін ескере отырып белгілейді.
Тәуекел деңгейі жоғары клиент (оның өкілі) және бенефициарлық меншік иесі туралы мәліметтерді жаңарту жылына кемінде бір рет жүзеге асырылады.
5-бөлім. Клиенттер операциялары мониторингінің және зерделеудің бағдарламасы
28. КЖ/ТҚҚ туралы Заңның клиентті тиісінше тексеру бойынша, сондай-ақ қаржы мониторингіне жататын операциялар туралы хабарламаларды анықтау және қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті органға жіберу жөніндегі талаптарды іске асыру мақсатында, банк клиенттер операциялары мониторингінің және зерделеудің бағдарламасын әзірлейді.
29. Клиенттер операциялары мониторингінің және зерделеудің бағдарламасы мыналарды қамтиды, бірақ олармен шектелмейді:
1) банктің дербес әзірлеген, қаржы мониторингіне жататын операциялары белгілерінің тізбесін;
2) КЖ/ТҚҚ туралы заңға сәйкес қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті орган бекіткен қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастырудың (жылыстатудың) және терроризмді қаржыландырудың тиісті типологияларына, схемаларына және тәсілдеріне сәйкес келетін сипаттамасы бар клиент операциясын анықтау рәсімін;
3) банк бөлімшелері (қызметкерлері) арасында Талаптарда көзделген жағдайларда клиент (оның өкілі) пен бенефициарлық меншік иесі туралы бұрын алынған қосымша мәліметтерді жаңарту және (немесе) оларды алу бойынша міндеттерді бөлуді;
4) банк бөлімшелері (қызметкерлері) арасында, қаржы мониторингіне жататын операциялар туралы мәліметтерді анықтау және бөлімшелер (қызметкерлер) арасында бір-біріне беру бойынша міндеттерді бөлуді;
5) банк бөлімшелерінің қаржы мониторингіне жататын операцияларды анықтауы кезінде өзара әрекет жасау механизмін сипаттауды;
6) жауапты қызметкерінің клиент операциясының деңгейі туралы шешім қабылдау рәсімін, негіздемесін және мерзімін;
7) бөлімшелердің (қызметкерлердің) клиент операциясын жүргізуден бас тарту туралы (клиенттің, бенефициарлық меншік иесінің Тізбеде тұруына байланысты бас тартуды қоспағанда), сондай-ақ клиентпен іскерлік қатынастарды тоқтату туралы шешім қабылдауы бойынша өзара әрекет ету рәсімін;
8) банк бөлімшелерінің (қызметкерлерінің) Тізбеде тұрған клиенттер мен бенефициарлық меншік иелерін анықтау бойынша, сондай-ақ осындай клиенттердің ақшамен және (немесе) өзге де мүлікпен операцияларын дереу тоқтату бойынша іс-қимыл жасау рәсімін;
9) ерекше операцияларды зерделеу нәтижелері туралы мәліметтерді, сондай-ақ қаржы мониторингіне жататын операциялар туралы мәліметтерді тіркеу (оның ішінде тіркеу тәсілдері) және сақтау рәсімін;
10) қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті органға қаржы мониторингіне жататын операциялар туралы хабарламаларды ұсыну рәсімін;
11) бас комплаенс-бақылаушының және (немесе) банктің бірінші басшысының қаржы мониторингіне жататын операциялардың анықталғаны туралы банк басшылығын хабардар ету (қажеттілігіне қарай) рәсімін;
12) клиент ерекше және (немесе) күдікті операцияларды немесе қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру типологияларына, схемаларына және тәсілдеріне сәйкес сипаттамалары бар операцияларды жүйелі және (немесе) айтарлықтай көлемде жүзеге асырған жағдайда, клиент пен оның операциясына қатысты банк қабылдайтын шараларды сипаттау және қабылдау рәсімін;
13) тәуекел деңгейі жоғары клиенттердің операцияларына мониторинг жүргізу және зерделеу рәсімін;
14) КЖ/ТҚҚ туралы Заңның 11-бабы 1-тармағының талаптарын орындауға бағытталған шаралар сипаттамасын.
"Қаржы мониторингі субъектілерінің қаржы мониторингіне жататын операциялар туралы мәліметтер мен ақпарат беру қағидаларын және күдікті операцияны айқындау белгілерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы № 1484 қаулысында бекітілген Күдікті операцияны айқындау белгілерінің мақсаты үшін банк ішкі бақылау қағидаларында банк қызметінің ауқымын және негізгі бағыттарын, оның клиенттері қызметінің ауқымын және негізгі бағыттарын клиенттермен және олардың операцияларымен байланысты тәуекелдер деңгейін ескере отырып бағалау санатын (жүйелілік, реттілік, елеулілік, маңыздылық, шамадан тыс алаңдаушылық, негізсіз асығыстық, аз уақыт кезеңі, үлкен көлем, адамдар тобы) дербес айқындайды.
30. Клиенттердің операциялары мониторингінің және зерделеудің бағдарламасы шеңберінде банк барлық шекті, ерекше, күдікті операциялардың және қылмыстық кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру типологияларына, схемаларына және тәсілдеріне сәйкес келетін сипаттамасы бар операциялардың мақсатын және негіздерін белгілеуге бағытталған іс-шаралар жүргізеді.
Клиенттердің операциялары мониторингінің және зерделеудің нәтижелері банк қызметтерінің (өнімдерінің) КЖ/ТҚ тәуекелдеріне ұшырау дәрежесін жыл сайын бағалау, сондай-ақ клиенттер тәуекелдерінің деңгейін қайта қарау үшін пайдаланылады.
Клиенттер операциялары мониторингінің және зерделеудің бағдарламасын іске асыру шеңберінде алынған мәліметтер Талаптардың 25-тармағында көзделген клиенттің досьесіне енгізіледі және (немесе) банкте клиентпен іскерлік қатынастардың барлық кезеңі ішінде және операция жасалғаннан кейін кем дегенде бес жыл бойы сақталады.
31. Клиент операцияларын зерделеу жиілігін банк клиент (клиенттер тобы) тәуекелінің деңгейін және (немесе) клиент пайдаланатын банктің қызметтерінің (өнімдерінің) КЖ/ТҚ тәуекелдеріне ұшырағыштық дәрежесін, клиенттің қаржы мониторингіне жататын операциялар (операция) жасауын (жасау әрекетін) ескере отырып, сондай-ақ қылмыстық кірістерді заңдастырудың (жылыстатудың) және терроризмді қаржыландырудың банкте бар типологияларын, схемаларын және тәсілдерін ескере отырып айқындайды.
Клиентке тәуекелдің жоғары деңгейі берілген жағдайда, сондай-ақ клиент күдікті операция жасаған жағдайда банк клиенттің белгілі бір уақыт кезеңінде жүргізетін (жүргізген) операцияларының барлығын зерделейді.
КЖ/ТҚК туралы заңның 4-бабының 4-тармағында көрсетілген негіздемелерден басқа, банк клиентке қолма-қол ақша тәуекелінің жоғары деңгейін, оның ішінде банктің ішкі бақылау қағидаларында банк дербес айқындаған сомаға банктік шотты (шоттарды) пайдалана отырып, біржолғы беру бойынша операцияны қосымша зерделейді. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі клиентке қолма-қол ақша тәуекелінің жоғары деңгейін біржолғы беру бойынша операцияның сомасын қайта қарау қажеттілігі туралы нұсқауды жіберген кезде, банк нұсқауға сәйкес лимиттер белгілейді.
32. Шекті операция біліктілігінің заңдылығы бөлігінде күмән туындаған кезде, сондай-ақ әдеттегіден тыс күдікті операцияны немесе қылмыстық кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландырудың типологияларына, схемаларына және тәсілдеріне сәйкес келетін сипаттамасы бар операцияларды анықтаған кезде көрсетілген операцияны анықтаған банк қызметкері осындай операция туралы банктің ішкі құжаттарында белгіленген тәртіппен, нысанда және мерзімде жауапты қызметкерге (КЖ/ТҚҚ бойынша бөлімшеге) хабарлама жібереді.
КЖ/ТҚҚ бойынша бөлімшеге жіберілетін қаржы мониторингіне жататын операциялар бойынша хабарлама мынадай мәліметтерді қамтиды:
1) операция түрін;
оның қаржы мониторингіне жататын операция ретіндегі дәрежесінің заңдылығы бөлігінде оған қатысты күмән туындаған операцияны;
оған қатысты ол КЖ/ТҚ мақсатында жүзеге асырылады деген күдік туындаған операцияны;
2) операцияның мазмұнын;
3) операция күнін, сомасын және валютасын;
4) операцияға қатысушы (қатысатын) тұлға (тұлғалар) туралы мәліметтерді (төлемші, алушы, төлемшінің банкі, алушының банкі);
5) операцияны қаржы мониторингіне жататын операция ретінде саралау кезінде туындаған қиыншылықтар немесе оған қатысты ол КЖ/ТҚ мақсатында жүзеге асырылады деген күдік туындаған операция ретінде саралану себептерін;
6) операция туралы хабарлама жасаған банк қызметкері туралы мәлімет, оның қолы (өз қолымен жазылған, электронды немесе оның банк белгілеген аналогы);
7) операция туралы хабарлама жасалған күнді және уақытты;
8) КЖ/ТҚҚ бойынша бөлімше қызметкерінің операция туралы хабарлама алған күні және оның қолы (өз қолымен жазылған, электронды немесе оның банк белгілеген аналогы);
9) операция туралы хабарламаға қатысты КЖ/ТҚҚ бойынша бөлімше қызметкерінің не жауапты қызметкердің шешімі туралы жазба, шешім қабылдаған күн көрсетіледі және оның қолы (өз қолымен жазылған, электронды немесе оның банк белгілеген аналогы). КЖ/ТҚҚ бойынша бөлімше қызметкері не жауапты қызметкер қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті органға операция туралы мәліметтерді жібермеу туралы шешім қабылдаған жағдайда, хабарламаға қабылдаған шешімнің дәлелді негіздемесі қосылады;
10) егер ішкі бақылау қағидаларына сәйкес қаржы мониторинг бойынша уәкілетті органға мәліметтер жіберу (жібермеу) туралы түпкілікті шешім қабылдау оның құзыретіне жатқызылған болса, операция туралы хабарламаға қатысты банктің лауазымды тұлғасының шешімі туралы жазба, оның қолы (өз қолымен жазылған, электронды немесе оның банк белгілеген аналогы).
Бір хабарламада бірнеше операциялар туралы ақпараттың болуына рұқсат етіледі.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген операциялар туралы хабарламалар, сондай-ақ оларды зерттеу нәтижелері банкте операция жасалғаннан кейін кем дегенде бес жыл сақталады.
6-бөлім. Банктің қызметкерлерін КЖ/ТҚҚ мәселелері бойынша даярлау және оқыту бағдарламасы
33. Банк қызметкерлерін КЖ/ТҚҚ саласындағы заңнаманың, сондай-ақ КЖ/ТҚҚ саласындағы ішкі бақылау қағидаларының және банктің өзге де ішкі құжаттарының талаптарын орындау үшін қажетті білім алуы және дағдыларды қалыптастыруы банктің қызметкерлерін КЖ/ТҚҚ мәселелері бойынша даярлау және оқыту бағдарламасының (бұдан әрі – Оқыту бағдарламасы) мақсаты болып табылады.
34. Оқыту бағдарламасына:
1) оқытудың тақырыптарын, өткізудің әдістерін, мерзімдерін және оқытуды өткізуге жауапты бөлімшені қамтитын қызметкерлерді оқыту рәсімі;
2) қызметкерлері оқытудан өтетін банк бөлімшелерінің тізбесі;
3) оқыту нәтижелерін сақтау рәсімі мен нысандары;
4) банктің қызметкерлерін КЖ/ТҚҚ мәселелері бойынша білімдерін тексеру рәсімі мен нысандары енгізіледі.
35. КЖ/ТҚҚ туралы заңға сәйкес банк қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті орган бекіткен талаптарды ескере отырып, оқытуды өткізудің нысандары мен мерзімділігін белгілейді.