Ескерту. Күші жойылды - ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің м.а. 20.08.2024 № 364-НҚ (20.08.2024 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
"Телерадио хабарларын тарату туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 7-бабы 1-тармағының 17) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің 30.12.2021 № 425 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.1. Қоса берiлiп отырған Телерадио хабарларын тарату мақсаты үшiн жиiлiк белдеулерiн, радиожиiлiктердi (радиожиiлiк арналарын) бөлу қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитеті (С.С. Сарсенов):
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберуді;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастыруды;
4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін 10 жұмыс күні ішінде осы бұйрықтың 2-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму вице-миниcтріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрі |
Ә. Исекешев |
Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 24 сәуірдегі № 489 бұйрығымен бекітілген |
Телерадио хабарларын тарату мақсаты үшiн жиiлiк белдеулерiн, радиожиiлiктердi (радиожиiлiк арналарын) бөлу қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
Ескерту. 1-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрінің 15.01.2019 № 10 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
1. Телерадио хабарларын тарату мақсаты үшiн жиiлiк белдеулерiн, радиожиiлiктердi (радиожиiлiк арналарын) бөлу қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) "Телерадио хабарларын тарату туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабы 1-тармағының 17) тармақшасына сәйкес әзірленді және телерадио хабарларын тарату мақсаты үшiн жиiлiк белдеулерiн, радиожиiлiктердi (радиожиiлiк арналарын) бөлу тәртібін айқындайды.
Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің 30.12.2021 № 425 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.2. Телерадио хабарларын тарату мақсаты үшiн жиiлiк белдеулерiн, радиожиiлiктердi (радиожиiлiк арналарын) бөлу жеке және заңды тұлғалар (бұдан әрі - үміткерлер) арасында жүзеге асырылады.
2-тарау. Конкурсты өткізу тәртібі
Ескерту. 2-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрінің 15.01.2019 № 10 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
3. Телерадио хабарларын тарату мақсаты үшiн жиiлiк белдеулерiн, радиожиiлiктердi (радиожиiлiк арналарын) бөлу телерадио хабарларын тарату мақсаты үшiн жиiлiк белдеулерiн, радиожиiлiктердi (радиожиiлiк арналарын) бөлу жөніндегі конкурс (бұдан әрі - конкурс) өткізу арқылы жүзеге асырылады.
4. Конкурсқа қатысуға үміткерлердің өтінімдерін қарауды және жеңімпаздарды айқындау жөнінде ұсынымдар әзірлеуді Телерадио хабарларын таратуды дамыту мәселелері жөніндегі комиссия (бұдан әрі - Комиссия) жүзеге асырады.
5. Комиссияның жұмыс органы болып табылатын уәкілетті орган конкурсты өткізудің ұйымдастырушысы (бұдан әрі - ұйымдастырушы) ретінде әрекет етеді.
6. Конкурсты өткізу туралы шешімді уәкілетті орган қабылдайды.
7. Конкурс өткізу туралы ақпараттық хабарлама ресми бұқаралық ақпарат құралдарында және телерадио хабарларын тарату саласындағы уәкілетті органның ресми интернет-ресурсында өтінімдер қабылданатын соңғы күнге дейін кемі күнтізбелік жиырма күн бұрын жарияланады.
Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің 11.07.2020 № 226 (алғашқы ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.8. Ақпараттық хабарлама мынадай мәліметтерді қамтиды:
1) конкурсты өткізу уақыты, күні мен орны;
2) елді мекендердің (аумақтың) атауын көрсете отырып, телерадио хабарларын тарату мақсаты үшін жиіліктердің белдеулері, радиожиіліктер (радиожиілік арналары) және оларды пайдалану шарттары туралы мәліметтер;
3) Телерадио хабарларын тарату мақсаты үшiн жиiлiк белдеулерiн, радиожиiлiктердi (радиожиiлiк арналарын) бөлу бойынша конкурсқа қатысуға өтінімдерді (бұдан әрі – өтінім) қабылдау және құжаттарды алу орны, жиіліктің нақты номиналын пайдалану бойынша техникалық, қаржылық және өзге де талаптар және конкурс туралы басқа да қосымша ақпарат, өтінімдерді қабылдауды бастау мен аяқтау мерзімдерін және конкурсқа қатысу үшін қажетті құжаттардың тізбесі.
9. Конкурсқа қатысуға уақтылы өтінім берген және осы Қағидаларға сәйкес рәсімделген құжаттарды тиісінше ұсынған үміткерлер жіберіледі.
9-1. Алып тасталды - ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің 30.12.2021 № 425 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.10. Үміткердің конкурсқа қатысуға берген өтінімі оның осы Қағидаларда белгіленген және конкурсты өткізу туралы ақпараттық хабарламада жарияланған шарттарда конкурсқа қатысуға ниетін білдіреді.
11. Конкурсқа қатысуға үміткерлер осы Қағидалардың кез келген тармағы бойынша ұйымдастырушыға қажетті түсініктеме үшін жүгінеді.
12. Тіркелген өтінім кері қайтарылып алынған жағдайда, үміткер ұйымдастырушыға жазбаша хабарлама жібереді.
13. Конкурсқа қатысуға тапсырыс беруді үміткердің атынан әрекет етуге оның құқығын куәландыратын тиісінше рәсімделген сенімхатты көрсету арқылы үміткердің өкілі жүзеге асырады.
14. Конкурс өткізу туралы ақпараттық хабарламада көрсетілген өтінімдерді қабылдау мерзімі аяқталғаннан кейін келіп түскен өтінімдер мен оларға қоса берілетін құжаттар қабылданбайды.
Себептерін көрсете отырып, өтінімді қабылдаудан бас тарту туралы белгіні құжат қабылдауды жүзеге асыратын тұлға ұсынылған құжаттарға қояды.
15. Ұйымдастырушы үміткерлердің конкурсқа қатысуға ұсынған өтінімдері мен оларға қоса берілген құжаттардың, сондай-ақ өтінім берген тұлғалар мен олар ұсынған құжаттардың мазмұны туралы құпиялылықтың сақталуын қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдайды.
16. Үміткер конкурсқа қатысу үшін ұйымдастырушыға осы Қағидалардың 1-қосымшаға сәйкес нысаны бойынша өтінім береді.
17. Өтінімге осы Қағидалардың 2-қосымшаға сәйкес құжаттардың тізімі қоса беріледі.
18. Осы Қағиданың 1 және 2-қосымшаларында көрсетілген құжаттарды үміткер ұйымдастырушының мекенжайына тіркелген, нөмірленген түрде және соңғы беттің сыртында үміткердің уәкілетті тұлғасының қолы және мөрмен (болған жағдайда) бекітіліп, аузы жабылған конвертте ұсынады және мынадай талаптарды сақтайды:
1) конкурсқа қатысуға өтінім салынған мөрленген конверттің беткі жағында үміткер ұйымдастырушының және үміткердің толық атауы мен пошталық мекенжайын көрсетуі тиіс;
2) құжаттарды қабылдауды жүзеге асыратын тұлға конкурсқа қатысуға өтінімдер салынған конверттерді белгіленген мерзім өткенге дейін табыс еткен конкурсқа қатысуға үміткерлердің өтінімдерін тіркеу журналына енгізеді.
Ескерту. 18-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің 11.07.2020 № 226 (алғашқы ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.19. Комиссия өтінімдер мен басқа да құжаттар салынған конверттерді конкурсты өткізу туралы ақпараттық хабарламада көрсетілген мерзімде және орында үміткерлердің немесе олардың өкілдерінің қатысуымен ашады.
Комиссия отырысы басталғанға дейін комиссия хатшысы конкурсқа қатысуға өтінімдер салынған конверттерді ашу рәсімін жүзеге асыру кезінде үміткерлер өкілдерінің үміткерлердің мүдделерін білдіруге құжатпен ресімделген өкілеттіктерін тексереді.
Конкурсқа қатысуға өтінімі бар әрбір конвертті ашқан кезде Комиссия хатшысы конверттегі құжаттар мен материалдардың тізбесі туралы ақпаратты жария етеді.
Өтінімдер салынған конверттерді ашу кезінде конкурстық өтінімнің бар болуын және ресімделуінің дұрыстығын тексеру рәсімін аудио және/немесе бейне тіркеу жүргізіледі және конкурсқа қатысуға өтінімдер салынған конверттерді ашу хаттамасы ресімделеді.
Конкурсқа қатысуға өтінімдер салынған конверттерді ашу хаттамасына Комиссияның төрағасы, оның қатысып отырған мүшелері мен хатшысы қол қояды және екі жұмыс күні ішінде Комиссия хатшысы әр парағына бұрыштама қояды және ол мынадай мәліметтерді қамтиді:
1) Комиссия отырысы өткізілетін күнді, уақытты және орынды;
2) комиссияның сандық құрамы, кворумның болуын;
3) өтінімдерді ұсыну күні мен уақытын көрсете отырып, белгіленген мерзімде өтінім берген үміткерлердің толық атауын, мекенжайларын;
4) ұсынылған құжаттар (өтінім және оған қоса берілетін барлық конкурстық ұсыныстар), оның ішінде олардың осы Қағидаларға 2-қосымшада көзделген талаптарға сәйкестігі (сәйкес келмеуі) туралы ақпаратты.
Комиссия отырысы басталғанға дейін Комиссия хатшысы конкурсқа қатысуға өтінімдер салынған конверттерді ашу рәсімін жүзеге асыру кезінде үміткерлер өкілдерінің үміткерлердің мүдделерін білдіруге құжатпен ресімделген өкілеттіктерін тексереді.
Конкурсқа қатысуға өтінімі бар әрбір конвертті ашқан кезде Комиссия хатшысы конверттегі құжаттар мен материалдардың тізбесі туралы ақпаратты жария етеді.
Ескерту. 19-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің 30.12.2021 № 425 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.19-1. Өтінім талаптарға сәйкес келмеген, сондай-ақ үміткерлер осы Қағидаларға 2-қосымшада көзделген конкурстық ұсыныстарды ұсынбаған жағдайда, Комиссия конкурсқа қатысуға өтінім салынған конверттер ашылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде үміткерге конкурсқа қатысуға өтінімдер салынған конверттерді ашу хаттамасын қоса бере отырып, конкурсқа қатысуға өтінімі бар электрондық мекенжайға хабарлама жібереді, сондай-ақ ұйымдастырушы өзінің интернет-ресурсында конкурсқа қатысуға өтінімдер салынған конверттерді ашу рәсімінің нәтижелерін жариялайды.
Ұйымдастырушы конкурсқа қатысуға өтінімдер салынған конверттерді ашқан күннен бастап үш жұмыс күні ішінде өзінің интернет-ресурсында конкурсқа қатысуға өтінімдер салынған конверттерді ашу хаттамасын жариялайды.
Конкурсқа қатысуға өтінімдер салынған конверттерді ашу хаттамасы бар хабарламаны алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде үміткер Комиссияға талаптарға сәйкес келтірілген конкурсқа қатысуға өтінім мен конкурстық ұсыныстарды ұсынады.
Комиссия талаптарға сәйкес келтірілген өтінімді және конкурсқа қатысуға конкурстық ұсыныстарды үміткер ұсынған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде қарайды.
Өтінім талаптарға сәйкес келтірілмеген, сондай-ақ үміткерлер осы Қағидаларға 2-қосымшада көзделген конкурстық ұсыныстарды ұсынбаған жағдайда, Комиссия хабарламада көрсетілген мерзімде үміткердің конкурсқа қатысуға өтінімін қабылдамайды.
Ескерту. Қағида 19-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің 30.12.2021 № 425 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.20. Алып тасталды - ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің 30.12.2021 № 425 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
20-1. Алып тасталды - ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің 30.12.2021 № 425 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
20-2. Алып тасталды - ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің 30.12.2021 № 425 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
21. Комиссия конверттерді ашқан күннен бастап он бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімде:
1) үміткерлердің құжаттар топтамасын, оның ішінде үміткерлердің конкурсқа қатысуға талаптарға сәйкес келтірілген өтінімдері мен конкурстық ұсыныстардың толық болуы мен тиісінше ресімделуі тұрғысынан қарайды;
2) осы Қағидалардың 19-1-тармағына сәйкес өтінімдерді қабылдамайды;
3) осы Қағидалардың 24-тармағына сәйкес конкурс жеңімпаздарын айқындайды.
Үміткерлердің қабылданбаған өтінімдері конкурс қорытындылары туралы хаттамада көрсетіледі.
Ескерту. 21-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің 30.12.2021 № 425 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.22. Үміткердің және /немесе/ оның уәкілетті өкілінің Комиссия отырыстарына қатыспауы себебінен конкурстық өтінімді қайтаруға жол берілмейді.
23. Үміткерлердің өтінімдерін қарау, сондай-ақ конкурс жеңімпазын айқындау жөнінде ұсынымдар әзірлеу, конкурсты өткізу туралы ақпараттық хабарламада көрсетілген телерадио хабарларын тарату мақсатына үшін жиіліктің, радиожиіліктің, (радиожиілік арналарының) әрбір жолағы бойынша жүзеге асырылады.
24. Егер телерадио хабарларын тарату мақсаттарына арналған жиіліктердің, радиожиіліктердің (радиожиілік арналарының) әрбір жеке белдеуіне кемінде бір үміткер қатысуға жіберілсе, Конкурс өткізілді деп танылады.
Өтінім мен ұсынылған құжаттар 26-тармақта белгіленген өлшемдерге сәйкес келмеген жағдайда Комиссия жіберілген жалғыз үміткерді конкурс жеңімпазы деп тануға құқығы жоқ.
Ескерту. 24-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің 11.07.2020 № 226 (алғашқы ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.25. Конкурс бойынша шешiмдер ашық дауыс беру арқылы қабылданады және оларға қатысып отырған Комиссия мүшелерiнің жалпы санының көпшiлiгi дауыс берген болса, қабылданды деп есептеледі. Дауыстар тең болған жағдайда, төрағалық етушiнiң даусы шешушi болып есептеледі.
Комиссия шешім қабылдайтын кезде Хатшының дауыс беруге құқығы жоқ.
26. Конкурс бойынша шешім қабылдау кезінде Комиссия мынадай өлшемдерді басшылыққа алады:
қаржылық ұсыныстар (болжамды қаржыландыру көздерінің болуы, жоспарланған шығындар мен кірістердің оң теңгерімі);
техникалық ұсыныстар (халықтың басым бөлігін қамтуға мүмкіндік беретін ақпараттық хабарламада көрсетілген нақты жиілік номиналын пайдалану жөніндегі техникалық талаптарға сәйкес келетін жабдықтың болуы);
шығармашылық ұсыныстар (ретрансляцияланатын теле-, радиоарналардың саны, олардың тақырыптық бағытының әралуандығы).
27. Конкурстың қорытындылары конкурстың жеңімпаздары мен себептерін көрсете отырып конкурстан өтпеген үміткерлер көрсетіле отырып, конкурстың қорытындылары туралы хаттамамен ресімделеді.
Үміткерге конкурс қорытындылары туралы хаттаманың жобасы қоса беріле отырып, оған қол қойылғанға дейін үш жұмыс күнінен кешіктірмей хабарлама жіберіледі.
Үміткер конкурс қорытындылары туралы хаттама жобасымен бірге хабарламаны алған күннен бастап екі жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде Комиссияның k.kense@qogam.gov.kz электрондық мекенжайына конкурс қорытындылары туралы хаттаманың алдын ала жобасына қарсылық береді.
Қарсылықтар қаралғаннан кейін, олар келіп түскен жағдайда, Комиссияның төрағасы мен мүшелері конкурс хаттамасына қол қояды.
Конкурстың қорытындылары туралы хаттамада мынадай:
1) қорытынды шығару орны мен уақыты туралы;
2) конкурсқа қатысуға жіберілген үміткерлердің өтінімдері туралы;
3) конкурс жеңімпазын және резервтік теле-, радиоарналарды көрсете отырып, конкурс қорытындылары туралы;
4) себептерін көрсете отырып, конкурстан өтпеген үміткерлер туралы;
5) үміткерлердің хаттаманың алдын ала жобасына келіп түскен қарсылықтарының болуы немесе болмауы, сондай-ақ оларды қарау нәтижелері туралы ақпарат қамтылады.
Екі жұмыс күні ішінде конкурс қорытындылары туралы ақпараттық хабарлама уәкілетті органның ресми интернет-ресурсында орналастырылады.
Ұйымдастырушының ресми интернет-ресурсында міндетті теле-, радиоарналардың тізбесі оны уәкілетті орган бекіткен күннен бастап екі жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде орналастырылады.
Ескерту. 27-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің 30.12.2021 № 425 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.Телерадио хабарларын тарату мақсаты үшін жиілік белдеулерін, радиожиіліктерді (радиожиілік арналарын) бөлу бойынша конкурсқа қатысуға өтінім
Ескерту. 1-қосымша жаңа редакцияда – ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің 30.12.2021 № 425 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
Жалпы мәліметтер:
1. Есепке қою туралы куәлікке сәйкес радиоарнаның толық атауы_________________________
2. Заңды тұлғаның толық атауы/жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (бар болған кезде):_______________________________________________________________________
3. Заңды тұлға:________________________________________________
4. Байланыс телефондарының нөмірлері, электрондық мекенжайы:___________________________________________________________________
5. Конкурстық хабарландыруға сәйкес пайдалану жоспарланған жиілік номиналы:_______________________________________________________________________
6. Конкурстық хабарландыруға сәйкес таратушы станцияның қуаты, Ватт:___________________________________________________________________________
7. Таратушы станцияның орнатылу пункті (радио-телевизиялық станциясы орнатылған елді мекеннің атауы):______________________________________________________________
8. Жоспарланған ретрансляцияланатын телеарналар тізбесінің атауы:__________________________________________________________________________
9. Халықты теле-, радиоарналармен жоспарлы қамтуы:__________________________
Қоса беріліп отырған құжаттар:
1. ______________________________________________________
2. ______________________________________________________
3. ______________________________________________________
Бірінші басшының /жеке кәсіпкердің қолы
Мөрдің орны (бар болса) "___" ___________ 20___ жыл
Телерадио хабарларын тарату мақсаты үшін жиілік белдеулерін, радиожиіліктерді (радиожиілік арналарын) бөлу қағидаларына |
|
2-қосымша |
Құжаттардың тізімі
Ескерту. 2-қосымша жаңа редакцияда – ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің 11.07.2020 № 226 (алғашқы ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
Үміткерлердің конкурстық ұсыныстары мынадай құжаттарды қамтуы тиіс:
Шығармашылық ұсыныстар
Үміткер:
1) теле-, радиоарнаның хабар тарату торын (келесі айға);
2) мынадай мәліметтерді қамтитын ақпаратты:
радиоарнанаың тақырыптық бағытын;
хабар таратудың тілдік арақатынасы, радиобағдарламаларды қазақ тілінде тарату уақытын;
меншікті радиобағдарламалардың, сатып алынатын радиобағдарламалардың және қайта таратудың арақатынасын;
хабар таратудың орташа тәуліктік уақытын;
шығармашылық және техникалық жұмыскерлердің сандық мәндегі кадрлық әлеуетін ұсынады.
Техникалық ұсыныстар
Үміткер:
1) теле-, радиоарналарды жабу аймақтарының шекаралары көрсетілген және радиотаратушы жабдықты орнату орнын көрсете отырып, болжанатын қызмет көрсету аумағының жергілікті картасын;
2) мынадай мәліметтер көрсетілетін түсіндірме жазбаны:
телевизия сигналын дыбыстық сүйемелдеу типін (бірсөзді, көпсөзді);
теле -, радиоарналарды тарату үшін жоспарланатын жабдықтың болуы, сипаттамалары, жай-күйі және типі туралы ақпаратты;
3) теле-, радиоарналарды тарату стандартын орындау туралы міндеттемелерді;
4) арнаға орташа ақпараттық жылдамдықты және хабар тарату сапасының жоспарланған стандарттарын қолдау туралы міндеттемелерді;
5) телерадио хабарларын тарату немесе бір бағдарламалы хабар тарату желісін ұйымдастыру схемасын;
6) жерсеріктік байланыс арналарын қосымша пайдаланған жағдайда:
пайдаланылатын жасанды жерсеріктерінің атауы, орналасуы және тиесілілігі (жерсеріктік оператор), олардың тұру нүктесі, қызмет көрсету аймағын;
жерсеріктік оператор ұсынған жерсеріктік қабылдау-тарату станцияларының желісінде пайдаланылатын трансмиссиялық жоспарлардың көшірмесін;
орын алатын жиіліктер белдеуін (пайдаланылатын жерсеріктік ресурстың мөлшері).
7) талапкердің техникалық құралдарын (жерүсті немесе жерсеріктік) көрсете отырып, сигналды (радиоарнаны) ұлттық оператор желісіне радиоарна көрсетілген тізбеге енгізілген жағдайда, жиіліктер белдеулерінің, радиожиіліктердің (радиожиілік арналарының) тізбесі бекітілген күннен бастап алты ай ішінде жеткізуді қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелерді ұсынады.
Заңды және қаржылық ұсыныстар
Төлем қабілеттілігін және қаржылық тұрақтылығын растайтын құжаттар, оның ішінде:
үміткердің Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктеріндегі шоттары бойынша ақша қалдықтары мен қозғалысы туралы үзінді-көшірме (-лер);
- Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңнамасына сәйкес конкурсқа қатысуға өтінім берілген күннің алдындағы күнтізбелік жыл үшін жасалған үміткердің қаржылық есептілігі, ал Қазақстан Республикасының аумағында тарату үшін конкурсқа қатысатын үміткерлер үшін Қазақстан Республикасының аудиторлық қызмет туралы заңнамасына сәйкес жасалған аудиторлық есеппен расталған қаржылық есептілік;
- үміткердің салық берешегінің, сондай-ақ, міндетті төлемдер бойынша берешегінің жоқ екендігі туралы конкурс өткізу туралы ақпараттық хабарлама жарияланған күннен бұрын берілген салық органының анықтамасы;
- телерадио хабарларын таратудың ұлттық операторына цифрлық эфирлік және жерсеріктік телерадио хабарларын тарату желісі бойынша теле-, радиоарнаны таратқаны үшін ұлттық телерадио хабарларын тарату операторына анықтама берілген күннің алдындағы бір айдан аса созылған мерзімі өткен берешектің жоқтығы туралы анықтама.