Телерадио хабарларын тарату мақсаты үшін жиілік белдеулерін, радиожиіліктерді (радиожиілік арналарын) бөлу қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің м.а. 2024 жылғы 20 тамыздағы № 364-НҚ бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2024 жылғы 20 тамызда № 34964 болып тіркелді

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы бұйрық 20.08.2024 ж. бастап қолданысқа енгізіледі.

      "Масс-медиа туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 55-бабының 1-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес Телерадио хабарларын тарату мақсаты үшін жиілік белдеулерін, радиожиіліктерді (радиожиілік арналарын) бөлу қағидалары бекітілсін.

      2. Осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес кейбір бұйрықтардың күші жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Ақпарат комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық 2024 жылғы 20 тамыздан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға жатады.

      Қазақстан Республикасы
Мәдениет және ақпарат министрінің
міндетін атқарушы
К. Искаков

  Қазақстан Республикасы
Мәдениет және ақпарат
министрінің міндетін атқарушы
2024 жылғы 20 тамыздағы
№ 364-НҚ Бұйрығына
1-қосымша

Телерадио хабарларын тарату мақсаты үшін жиілік белдеулерін, радиожиіліктерді (радиожиілік арналарын) бөлу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Телерадио хабарларын тарату мақсаты үшiн жиiлiк белдеулерiн, радиожиiлiктердi (радиожиiлiк арналарын) бөлу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Масс-медиа туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 55-бабы 1-тармағына сәйкес әзірленді және телерадио хабарларын тарату мақсаты үшiн жиiлiк белдеулерiн, радиожиiлiктердi (радиожиiлiк арналарын) бөлу тәртібін айқындайды.

      2. Телерадио хабарларын тарату мақсаты үшiн жиiлiк белдеулерiн, радиожиiлiктердi (радиожиiлiк арналарын) бөлу жеке және заңды тұлғалар (бұдан әрі – үміткерлер) арасында жүзеге асырылады.

      3. Телерадио хабарларын тарату мақсаты үшiн жиiлiк белдеулерiн, радиожиiлiктердi (радиожиiлiк арналарын) бөлу конкурстық негізде жүзеге асырылады.

2-тарау. Конкурсты өткізу тәртібі

      4. Телерадио хабарларын тарату мақсаты үшін жиілік белдеулерін, радиожиіліктерді (радиожиілік арналарын) бөлу бойынша конкурсқа қатысуға өтінімдерді (бұдан әрі – өтінім) қарауды және жеңімпаздарды айқындау жөнінде ұсынымдар әзірлеуді масс-медиа саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) жанынан құрылған Телерадио хабарларын таратуды дамыту мәселелері жөніндегі комиссия (бұдан әрі – Комиссия) жүзеге асырады.

      5. Комиссияның жұмыс органы болып табылатын уәкілетті орган конкурсты өткізудің ұйымдастырушысы (бұдан әрі – Ұйымдастырушы) ретінде әрекет етеді.

      6. Конкурс өткізу туралы ақпараттық хабарлама (бұдан әрі – ақпараттық хабарлама) ресми бұқаралық ақпарат құралдарында және Ұйымдастырушының ресми интернет-ресурсында өтінімдер қабылданатын соңғы күнге дейін кемі күнтізбелік жиырма күн бұрын жарияланады.

      7. Ақпараттық хабарлама мынадай мәліметтерді қамтиды:

      1) конкурсты өткізу уақыты, күні мен орны;

      2) елді мекендердің (аумақтың) атауын көрсете отырып, телерадио хабарларын тарату мақсаты үшін жиіліктердің белдеулері, радиожиіліктер (радиожиілік арналары) және оларды пайдалану шарттары туралы мәліметтер;

      3) өтінімдерді қабылдау және құжаттарды алу орны, жиіліктің нақты номиналын пайдалану бойынша техникалық, қаржылық және өзге де шарттар және конкурс туралы басқа да қосымша ақпарат, өтінімдерді қабылдауды бастау мен аяқтау мерзімдерін және конкурсқа қатысу үшін қажетті құжаттардың тізбесі.

      8. Конкурсқа қатысуға уақтылы өтінім берген және осы Қағидаларға сәйкес құжаттарды ұсынған үміткерлер жіберіледі.

      9. Тіркелген өтінім кері қайтарылып алынған жағдайда, үміткер Ұйымдастырушыға жазбаша хабарлама жібереді.

      10. Өтінім беруді Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне сәйкес рәсімделген сенімхатты көрсету арқылы үміткердің өкілі жүзеге асырады.

      11. Ақпараттық хабарламада көрсетілген өтінімдерді қабылдау мерзімі аяқталғаннан кейін келіп түскен өтінімдер мен оларға қоса берілетін құжаттар тізбесі қабылданбайды.

      Ұсынылған құжаттарға себептерін көрсете отырып, өтінімді қабылдаудан бас тарту туралы белгі құжат қабылдауды жүзеге асыратын тұлғамен өткізіледі.

      12. Ұйымдастырушы үміткерлердің өтінімдері мен оларға қоса берілген құжаттар тізбесі, сондай-ақ өтінім берген тұлғалар мен олар ұсынған құжаттардың мазмұны туралы құпиялылықтың сақталуын қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдайды.

      13. Үміткер конкурсқа қатысу үшін Ұйымдастырушыға осы Қағидалардың 1-қосымшаға сәйкес нысаны бойынша телерадио хабарларын тарату мақсаты үшiн жиiлiк белдеулерiн, радиожиiлiктердi (радиожиiлiк арналарын) бөлу бойынша конкурсқа қатысуға өтінім береді.

      14. Өтінімге осы Қағидалардың 2-қосымшаға сәйкес құжаттар тізімі қоса беріледі.

      15. Осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтінім және 2-қосымшаға сәйкес құжаттар тізімі үміткермен нөмірленген беттері бар тігілген түрде ұсынылады және жапсырылған конвертте соңғы беті оның қолтаңбасымен және мөрімен (бар болған кезде) куәландырылады, оның ішінде:

      1) өтінім салынған мөрленген конверттің беткі жағында үміткер Ұйымдастырушының және үміткердің толық атауы мен пошталық мекенжайын көрсетеді;

      2) құжаттарды қабылдауды жүзеге асыратын тұлға өтінімдер салынған конверттерді белгіленген мерзім өткенге дейін табыс еткен үміткерлердің өтінімдерін тіркеу журналына енгізеді.

      16. Комиссия өтінімдер салынған конверттерді ақпараттық хабарламада көрсетілген мерзімде және орында үміткерлердің немесе олардың өкілдерінің қатысуымен ашады.

      Комиссия отырысы басталғанға дейін Комиссия хатшысы өтінімдер салынған конверттерді ашу рәсімін жүзеге асыру кезінде үміткерлер өкілдерінің үміткерлердің мүдделерін білдіруге құжатпен ресімделген өкілеттіктерін тексереді.

      Өтінімі бар әрбір конвертті ашқан кезде Комиссия хатшысы конверттегі құжаттардың тізбесі туралы ақпаратты жария етеді.

      Өтінімдер салынған конверттерді ашу кезінде конкурстық өтінімнің бар болуын және ресімделуінің дұрыстығын тексеру рәсімін аудио және/немесе бейне тіркеу жүргізіледі және өтінімдер салынған конверттерді ашу хаттамасы ресімделеді.

      Өтінімдер салынған конверттерді ашу хаттамасына Комиссияның төрағасы, оның қатысып отырған мүшелері мен хатшысы қол қояды және екі жұмыс күні ішінде Комиссия хатшысы әр парағына бұрыштама қояды және ол мынадай мәліметтерді:

      1) Комиссия отырысы өткізілетін күнді, уақытты және орынды;

      2) Комиссияның сандық құрамы, кворумның болуын;

      3) өтінімдерді ұсыну күні мен уақытын көрсете отырып, белгіленген мерзімде өтінім берген үміткерлердің толық атауын, мекенжайларын;

      4) ұсынылған құжаттар (өтінім мен құжаттар тізімі), оның ішінде олардың осы Қағидаларға 1 және 2-қосымшаларға сәйкестігі (сәйкес келмеуі) туралы ақпаратты қамтиды.

      17. Осы Қағидаларға 1 және 2-қосымшаларда көзделген, нысанға өтінім сәйкес келмеген, сондай-ақ үміткерлер құжаттар тізімін ұсынбаған жағдайда, Комиссия өтінім салынған конверттер ашылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде үміткерге өтінімдер салынған конверттерді ашу хаттамасын қоса бере отырып, өтінімде көрсетілген электрондық мекенжайға хабарлама жібереді, сондай-ақ Ұйымдастырушы өзінің интернет-ресурсында өтінімдер салынған конверттерді ашу рәсімінің нәтижелерін жариялайды.

      Ұйымдастырушы өтінімдер салынған конверттерді ашқан күннен бастап үш жұмыс күні ішінде өзінің интернет-ресурсында өтінімдер салынған конверттерді ашу хаттамасын жариялайды.

      Өтінімдер салынған конверттерді ашу хаттамасы бар хабарламаны алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде үміткер Комиссияға сәйкестендірілген өтінім мен құжаттар тізімін ұсынады.

      Комиссия сәйкестендірілген өтінімді және құжаттар тізімін үміткер ұсынған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде қарайды.

      Осы Қағидаларға 1 және 2-қосымшаларда көзделген, нысан бойынша өтінім сәйкес келтірілмеген, сондай-ақ үміткерлер құжаттар тізімін ұсынбаған жағдайда, Комиссия хабарламада көрсетілген мерзімде үміткердің өтінімін қабылдамайды.

      18. Комиссия конверттерді ашқан күннен бастап он бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімде:

      1) үміткерлердің құжаттар топтамасын, оның ішінде үміткерлердің сәйкестендірілген өтінімдері мен құжаттар тізімінің толық болуы мен тиісінше ресімделуі тұрғысынан қарайды;

      2) осы Қағидалардың 17-тармағына сәйкес өтінімдерді қабылдамайды;

      3) осы Қағидалардың 23-тармағына сәйкес конкурс жеңімпаздарын айқындайды.

      Үміткерлердің қабылданбаған өтінімдері конкурс қорытындылары туралы хаттамада көрсетіледі.

      19. Үміткердің және/немесе оның уәкілетті өкілінің Комиссия отырыстарына қатыспауы себебінен өтінімді қайтаруға жол берілмейді.

      20. Үміткерлердің өтінімдерін қарау, сондай-ақ конкурс жеңімпазын айқындау жөнінде ұсынымдар әзірлеу, ақпараттық хабарламада көрсетілген телерадио хабарларын тарату мақсаты үшін жиіліктің, радиожиіліктің, (радиожиілік арнасының) әрбір жолағы бойынша жүзеге асырылады.

      21. Егер телерадио хабарларын тарату мақсатына арналған жиіліктердің, радиожиіліктердің (радиожиілік арналарының) әрбір жеке белдеуіне кемінде бір үміткер қатысуға жіберілсе, конкурс өткізілді деп танылады.

      Өтінім мен құжаттар тізімі осы Қағидалардың 1 және 2-қосымшаларына сәйкес келмеген жағдайда, Комиссия жіберілген жалғыз үміткерді конкурс жеңімпазы деп танымайды.

      22. Конкурс бойынша шешiмдер ашық дауыс беру арқылы қабылданады және оларға қатысып отырған Комиссия мүшелерiнің жалпы санының көпшiлiгi дауыс берген болса, қабылданды деп есептеледі. Дауыстар тең болған жағдайда, төрағалық етушiнiң даусы шешушi болып есептеледі.

      Хатшы Комиссия мүшесі болып табылмайды.

      23. Конкурс жеңімпаздарын айқындау:

      1) қаржылық ұсыныстар (болжамды қаржыландыру көздерінің болуы, жоспарланған шығындар мен кірістердің оң теңгерімі);

      2) техникалық ұсыныстар (халықтың басым бөлігін қамтуға мүмкіндік беретін ақпараттық хабарламада көрсетілген нақты жиілік номиналын пайдалану жөніндегі техникалық шарттарға сәйкес келетін жабдықтың болуы);

      3) шығармашылық ұсыныстар (ретрансляцияланатын теле-, радиоарналардың саны, олардың тақырыптық бағытының әралуандығы) негізінде жүзеге асырылады.

      24. Конкурстың қорытындылары конкурстың жеңімпаздары мен себептерін көрсете отырып конкурстан өтпеген үміткерлер көрсетіле отырып, конкурстың қорытындылары туралы хаттамамен ресімделеді.

      Үміткерге конкурс қорытындылары туралы хаттаманың жобасы қоса беріле отырып, оған қол қойылғанға дейін үш жұмыс күнінен кешіктірмей хабарлама жіберіледі.

      Үміткер конкурс қорытындылары туралы хаттама жобасымен бірге хабарламаны алған күннен бастап екі жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде Комиссияның k.kense@mki.gov.kz электрондық мекенжайына конкурс қорытындылары туралы хаттаманың алдын ала жобасына қарсылық береді.

      Қарсылықтар қаралғаннан кейін, олар келіп түскен жағдайда, Комиссияның төрағасы мен мүшелері конкурс хаттамасына қол қояды.

      Конкурстың қорытындылары туралы хаттамада мынадай:

      1) қорытынды шығару орны мен уақыты туралы;

      2) конкурсқа қатысуға жіберілген үміткерлердің өтінімдері туралы;

      3) конкурс жеңімпазын көрсете отырып, конкурс қорытындылары туралы;

      4) себептерін көрсете отырып, конкурстан өтпеген үміткерлер туралы;

      5) үміткерлердің хаттаманың алдын ала жобасына келіп түскен қарсылықтарының болуы немесе болмауы, сондай-ақ оларды қарау нәтижелері туралы ақпарат қамтылады.

      Екі жұмыс күні ішінде конкурс қорытындылары туралы ақпараттық хабарлама Ұйымдастырушының ресми интернет-ресурсында орналастырылады.

  Телерадио хабарларын тарату
мақсаты үшін жиілік
белдеулерін, радиожиіліктерді
(радиожиілік арналарын) бөлу
қағидаларына 1-қосымша
Нысан
Телерадио хабарларын таратуды
дамыту мәселелері жөніндегі
комиссияның төрағасына

Телерадио хабарларын тарату мақсаты үшін жиілік белдеулерін, радиожиіліктерді (радиожиілік арналарын) бөлу бойынша конкурсқа қатысуға өтінім

      Жалпы мәліметтер:

      1. Есепке қою туралы куәлікке сәйкес радиоарнаның толық атауы:

      ______________________________________________________

      2. Заңды тұлғаның толық атауы/жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (бар болған кезде):________________________________________________

      3. Заңды тұлға:_________________________________________

      4. Байланыс телефондарының нөмірлері, электрондық мекенжайы:______

      5. Конкурстық хабарландыруға сәйкес пайдалану жоспарланған жиілік номиналы (МГц):__________________________________________________

      6. Конкурстық хабарландыруға сәйкес таратушы станцияның қуаты, Ватт:

      ____________________________________________________

      7. Таратушы станцияның орнатылу пункті (радиотелевизиялық станция орнатылған елді мекеннің атауы):_____________________________________

      8. Жоспарланған ретрансляцияланатын телеарналар тізбесінің атауы:

      ___________________________________________________________

      9. Халықты теле-, радиоарналармен жоспарлы қамту:

      _______________________________________________________________

      Қоса беріліп отырған құжаттар:

      1. ______________________________________________________

      2. ______________________________________________________

      3. ______________________________________________________

      Бірінші басшының /жеке кәсіпкердің қолтаңбасы

      Мөрдің орны (бар болса) "___" ___________ 20___ жыл

  Телерадио хабарларын тарату
мақсаты үшін жиілік
белдеулерін, радиожиіліктерді
(радиожиілік арналарын) бөлу
қағидаларына 2-қосымша

Құжаттар тізімі

      Құжаттар тізімі мынадай бөлімдерден тұрады:

      Шығармашылық ұсыныстар

      Үміткер:

      1) теле-, радиоарнаның хабар тарату торын (келесі айға);

      2) мынадай мәліметтерді қамтитын ақпаратты:

      радиоарнаның тақырыптық бағытын;

      хабар таратудың тілдік арақатынасы, радиобағдарламаларды қазақ тілінде тарату уақытын;

      меншікті радиобағдарламалардың, сатып алынатын радиобағдарламалардың және қайта таратудың арақатынасын;

      хабар таратудың орташа тәуліктік уақытын;

      шығармашылық және техникалық жұмыскерлердің сандық мәндегі кадрлық әлеуетін ұсынады.

      Техникалық ұсыныстар

      Үміткер:

      1) теле-, радиоарналарды жабу аймақтарының шекаралары көрсетілген және радиотаратушы жабдықты орнату орнын көрсете отырып, болжанатын қызмет көрсету аумағының жергілікті картасын;

      2) мынадай мәліметтер көрсетілетін түсіндірме жазбаны:

      телевизия сигналын дыбыстық сүйемелдеу типін (бірсөзді, көпсөзді);

      теле-, радиоарналарды тарату үшін жоспарланатын жабдықтың болуы, сипаттамалары, жай-күйі және типі туралы ақпаратты;

      3) теле-, радиоарналарды тарату стандартын орындау туралы міндеттемелерді;

      4) арнаға орташа ақпараттық жылдамдықты және хабар тарату сапасының жоспарланған стандарттарын қолдау туралы міндеттемелерді;

      5) телерадио хабарларын тарату немесе бір бағдарламалы хабар тарату желісін ұйымдастыру схемасын;

      6) жерсеріктік байланыс арналарын қосымша пайдаланған жағдайда:

      пайдаланылатын жасанды жерсеріктерінің атауы, орналасуы және тиесілілігі (жерсеріктік оператор), олардың тұру нүктесі, қызмет көрсету аймағын;

      жерсеріктік оператор ұсынған жерсеріктік қабылдау-тарату станцияларының желісінде пайдаланылатын трансмиссиялық жоспарлардың көшірмесін;

      орын алатын жиіліктер белдеуін (пайдаланылатын жерсеріктік ресурстың мөлшері).

      7) жиілік белдеулерінің, радиожиіліктердің (радиожиілік арналарының) тізбесі бекітілген күннен бастап алты ай ішінде ұлттық оператор желісіне үміткердің техникалық құралдарын радиоарнаны жеткізуді қамтамасыз ету жөніндегі міндеттеме.

      Заңды және қаржылық ұсыныстар

      Төлем қабілеттілігін және қаржылық тұрақтылығын растайтын құжаттар, оның ішінде:

      1) үміткердің Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктеріндегі шоттары бойынша ақша қалдықтары мен қозғалысы туралы үзінді-көшірме (-лер);

      2) Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңнамасына сәйкес конкурсқа қатысуға өтінім берілген күннің алдындағы күнтізбелік жыл үшін жасалған үміткердің қаржылық есептілігі, ал Қазақстан Республикасының аумағында тарату үшін конкурсқа қатысатын үміткерлер үшін Қазақстан Республикасының аудиторлық қызмет туралы заңнамасына сәйкес жасалған аудиторлық есеппен расталған қаржылық есептілік;

      3) үміткердің салық берешегінің, сондай-ақ, міндетті төлемдер бойынша берешегінің жоқ екендігі туралы конкурс өткізу туралы ақпараттық хабарлама жарияланған күннен бұрын берілген мемлекеттік кірістер органының анықтамасы;

      4) телерадио хабарларын таратудың ұлттық операторына цифрлық эфирлік және жерсеріктік телерадио хабарларын тарату желісі бойынша теле-, радиоарнаны таратқаны үшін ұлттық телерадио хабарларын тарату операторына анықтама берілген күннің алдындағы бір айдан аса созылған мерзімі өткен берешектің жоқтығы туралы анықтама.

  Қазақстан Республикасы
Мәдениет және ақпарат
министрінің міндетін атқарушы
2024 жылғы 20 тамыздағы
№ 364-НҚ бұйрығына
2-қосымша

Күші жойылған кейбір бұйрықтардың тізбесі

      1. "Телерадио хабарларын тарату мақсаты үшін жиілік белдеулерін, радиожиіліктерді (радиожиілік арналарын) бөлу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 24 сәуірдегі № 489 бұйрығы (Нормативтiк құқықтық актiлерді мемлекеттiк тіркеу тiзiлiмiнде № 11264 болып тіркелген).

      2. "Ақпарат және коммуникациялар саласындағы кейбір нормативтік құқықтық бұйрықтарға өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрінің 2017 жылғы 17 тамыздағы № 309 бұйрығымен бекітілген, ақпарат және коммуникациялар саласындағы өзгерістер енгізілетін кейбір нормативтік құқықтық бұйрықтардың тізбесінің 2-тармағы (Нормативтiк құқықтық актiлерді мемлекеттiк тіркеу тiзiлiмiнде № 15831 болып тіркелген).

      3. "Телерадио хабарларын тарату мақсаты үшін жиілік белдеулерін, радиожиіліктерді (радиожиілік арналарын) бөлу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 24 сәуірдегі № 489 бұйрығына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрінің 2019 жылғы 15 қаңтардағы № 10 бұйрығы (Нормативтiк құқықтық актiлерді мемлекеттiк тіркеу тiзiлiмiнде № 18196 болып тіркелген).

      4. "Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің кейбір бұйрықтарына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрінің 2020 жылғы 17 қаңтардағы № 14 бұйрығымен бекітілген, Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрінің өзгерістер енгізілетін кейбір бұйрықтарының тізбесінің 2-тармағы (Нормативтiк құқықтық актiлерді мемлекеттiк тіркеу тiзiлiмiнде № 19901 болып тіркелген).

      5. "Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің кейбір бұйрықтарына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрінің 2020 жылғы 11 шiлдедегi № 226 бұйрығымен бекітілген, Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрінің өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін кейбір бұйрықтарының тізбесінің 2-тармағы (Нормативтiк құқықтық актiлерді мемлекеттiк тіркеу тiзiлiмiнде № 20960 болып тіркелген).

      6. "Кейбір бұйрықтарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрінің 2021 жылғы 30 желтоқсандағы № 425 бұйрығымен бекітілген, өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін кейбір бұйрықтардың тізбесінің 2-тармағы (Нормативтiк құқықтық актiлерді мемлекеттiк тіркеу тiзiлiмiнде № 26378 болып тіркелген).

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады