Ескерту. Күші жойылды - ҚР Денсаулық сақтау министрінің м.а. 30.09.2022 № ҚР ДСМ-106 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
"Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Кодексінің 7-бабының 1-тармағының 6) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасында кәсіптік патология бойынша медициналық көмекті ұйымдастыру стандарты бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлiгінің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгенінен кейін он күнтізбелік күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің Эталондық бақылау банкіне енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына ресми жариялауға жіберуді;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды;
4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметті ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі А.В. Цойға жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының | |
Денсаулық сақтау және | |
әлеуметтік даму министрі | Т. Дүйсенова |
КЕЛІСІЛДІ
Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрі
__________________ Е. Досаев
2016 жылы 2 ақпан
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 28 желтоқсандағы № 1032 бұйрығымен бекітілген |
Қазақстан Республикасында кәсіптік патология бойынша
медициналық көмекті ұйымдастыру стандарты
1. Жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасында кәсіптік патология бойынша медициналық көмекті ұйымдастыру стандарты (бұдан әрі - Стандарт) "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Кодексінің 7-бабының 1-тармағының 6) тармақшасына сәйкес әзірленді.
2. Осы Стандарт меншік нысанына қарамастан медициналық ұйымдарда кәсіптік патология бойынша пациенттерге медициналық көмек көрсету тәртібін белгілейді.
3. Қазақстан Республикасында кәсіптік патология бойынша медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру "Қазақстан Республикасының халқына кәсіптік патология бойынша медициналық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарының қызметі туралы ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2012 жылғы 25 мамырдағы № 374 (бұдан әрі – № 374 бұйрық) бұйрығымен (нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7748 болып тіркелген) бекітілген Қазақстан Республикасының халқына кәсіптік патология бойынша медициналық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарының қызметі туралы ереженің талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
4. Кәсіптік патология бойынша медициналық көмек көрсететін ұйымдардың штаттары "Денсаулық сақтау ұйымдарының үлгі штаттары мен штат нормативтерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2010 жылғы 7 сәуірдегі № 238 бұйрығымен (нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6173 болып тіркелген) (бұдан әрі – № 238 бұйрық) бекітілген денсаулық сақтау ұйымдарының үлгі штаттары мен штат нормативтеріне сәйкес белгіленеді.
5. Осы Стандартта пайдаланылатын терминдер мен анықтамалар:
1) ауысым алдындағы медициналық куәландыру - жеке тұлғаны онда ауруының болу немесе болмау фактісін анықтау немесе растау, оның денсаулық жағдайын, сондай-ақ еңбекке уақытша жарамсыздығын, кәсіптік және өзге де жарамдылығын айқындау мақсатында зерттеп-қарау;
2) бейінді маман - жоғары медициналық білімді, белгілі бір мамандық бойынша сертификаты бар медицина қызметкері;
3) зиянды (ерекше зиянды) еңбек жағдайлары - белгілі бір өндірістік факторлардың әсері қызметкердің еңбекке қабілеттілігінің төмендеуіне немесе сырқаттануына не оның ұрпақтарының денсаулығына теріс ықпал етуіне әкеп соқтыратын еңбек жағдайы;
4) кәсіптік ауру (патология) – қызметкердің өз еңбек (қызмет) міндеттерін орындауына байланысты оған зиянды өндірістік факторлардың әсер етуінен туындаған созылмалы немесе қатты ауру (бұдан әрі – кәсіптік ауру);
5) еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиға – өзінің еңбек (қызметтік) міндеттерін немесе жұмыс берушінің тапсырмаларын орындауы кезінде жұмыскердің өндірістік жарақаттануы, денсаулығының кенеттен нашарлауы немесе улануы салдарынан оның еңбекке қабілеттілігінен уақытша немесе тұрақты айырылуына не қайтыс болуына әкеп соқтырған зиянды және (немесе) қауіпті өндірістік фактордың жұмыскерге әсер етуі;
6) қауіпті еңбек жағдайлары – еңбекті қорғау қағидалары сақталмаған жағдайда белгілі бір өндірістік немесе жоюға болмайтын табиғи факторлардың әсері жұмыскердің өндірістік жарақаттануына, денсаулығының кенеттен нашарлауына немесе улануына әкеп соқтыратын, соның салдарынан еңбекке қабілеттіліктен уақытша немесе тұрақты айырылуы, кәсіптік ауруға шалдығуы не қайтыс болуы орын алатын еңбек жағдайлары;
7) мамандандырылған медициналық көмек – диагностиканың, емдеудің және медициналық оңалтудың мамандандырылған әдістерін талап ететін аурулар кезінде бейінді мамандар көрсететін, оның ішінде телемедицина құралдарын пайдалана отырып көрсететін медициналық көмек;
8) медициналық оңалту - науқастар мен мүгедектер организмінің бұзылған және (немесе) жоғалтқан функцияларын сақтауға, ішінара немесе толық қалпына келтіруге бағытталған медициналық қызметтер көрсету кешені;
9) міндетті алдын ала медициналық қарап-тексеру – жалпы, кәсіптік ауруды ескерту, мамандығына байланысты міндеттерді орындауға жарамдылығын анықтау мақсатында жұмысқа тұру кезінде өткізілетін медициналық тексерулер;
10) міндетті мерзімдік медициналық қарап-тексеру – жұмыс істеушінің денсаулық жағдайына динамикалық бақылауды, аурудың алғашқы белгілерін дер кезінде анықтауды, жалпы, кәсіптік аурулардың алдын алуды қамтамасыз ету мақсатында өткізілетін медициналық тексеріп-қараулар (бұдан әрі – медтексеріп-қараулар);
11) профилактика - аурулардың пайда болуының, олардың ерте сатыда өршуінің алдын алуға және орын алған асқынуларды, ағзалар мен тіндердің бүлінулерін бақылауға бағытталған медициналық және медициналық емес іс-шаралар кешені;
12) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (бұдан әрі - ТМККК) – Қазақстан Республикасының азаматтарына және оралмандарға көрсетілетін медициналық қызметтер көрсетудің тізбесі бойынша бірыңғай медициналық көмектің көлемі.
2. Қазақстан Республикасында кәсіптік патология бойынша
медициналық көмек көрсететін ұйымдар қызметтерінің негізгі
бағыттары
6. Қазақстан Республикасында кәсіптік патология бойынша медициналық көмек көрсететін медициналық ұйымдардың (бұдан әрі - МҰ) мақсаты зиянды және қауіпті өндірістік факторлардың әсерінен болатын кәсіптік ауруларды ерте анықтау және төмендету, мүгедектікті төмендету арқылы Қазақстан Республикасының жұмыс істейтін халықтың күтілетін еңбекке қабілеттілігі мен өмір сүру ұзақтын ұлғайту болып табылады.
7. Халыққа кәсіптік патология бойынша медициналық көмек профилактикаға, диагностикалауға, қалпына келтіріп емдеуге және медициналық оңалтуға бағытталған іс-шараларды дер кезінде өткізу үшін амбулаториялық-емханалық, стационарлық, стационарды алмастыратын нысандарда ТМККК шеңберінде көрсетіледі.
8. МҰ негізгі қызметтері, функциялары № 374 бұйрықпен айқындалған.
9. Зиянды және (немесе) қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істейтін адамдарға алдын ала және мерзімдік медициналық тексеріп-қараулар өткізуді ұйымдастыру:
"Міндетті медициналық қарап тексеруді өткізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 24 ақпандағы № 128 бұйрығына (нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10634 болып тіркелген) (бұдан әрі - № 128 бұйрық);
"Міндетті медициналық қарап тексеру өткізілетін зиянды өндірістік факторлардың, кәсіптердің тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 28 ақпандағы № 175 бұйрығына (нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10987 болып тіркелген) (бұдан әрі - № 175 бұйрық);
"Ауыр жұмыстар, еңбек жағдайлары зиянды (ерекше зиянды) зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстар саласында, жерасты жұмыстарына еңбек шарттарын жасасу үшін, сондай-ақ халықтың декреттелген тобындағы адамдарды жұмысқа жіберу үшін медициналық қарсы көрсетілімдер тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 22 мамырдағы № 379 бұйрығына (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11466 болып тіркелген) (бұдан әрі - № 379 бұйрық) сәйкес жүргізіледі.
10. Алдын ала және мерзімдік медициналық тексеріп-қарау нәтижелерінің қорытындысы № 379 бұйрықпен бекітілген Кәсібі бойынша міндеттерді орындауға жарамдылығын анықтау кезінде медициналық қарсы көрсетілімдер тізбесін ескере отырып, № 175 бұйрыққа сәйкес беріледі.
11. МҰ медтексеріп – қарау нәтижесі бойынша, одан әрі бақылау, емдеу және оңалту бойынша келесі диспансерлік топтарды қалыптастырады:
1) Д1 - оңалтуға мұқтаж емес дені сау жұмыскерлер;
2) Д2 – әртүрлі ағзалары мен жүйелерінің тұрақсыз функциялық өзгерістері бар іс жүзінде дені сау жұмыскерлер;
3) Д3 – жалпы аурулардың бастапқы нысандарымен ауыратын жұмыскерлер;
4) Д4 – мамандығы бойынша жұмысын жалғастыруға қарсы көрсетілімдері бар, сондай-ақ көрсетілімдері жоқ жалпы аурулардың айқын нысандарымен ауыратын жұмыскерлер;
5) Д5 – ағзаға зиянды өндірістік факторлардың әсер ету белгілері бар жұмыскерлер;
6) Д6 – кәсіптік ауру белгілері бар жұмыскерлер.
12. Ұйым жұмыскерлеріне дәрігерге дейінгі медициналық көмек көрсету және емдеу-профилактикалық іс-шаралар кешенін өткізу үшін кәсіпорындардың жанынан "Медициналық көмектің түрлері мен көлемдері бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 7 желтоқсандағы № 1481 қаулысына сәйкес медициналық пункт ұйымдастырылады
13. Медициналық пункт меншік нысаны мен ведомстволық тиістілігіне қарамастан, сондай-ақ осы ұйымға қызмет көрсететін елдімекендерден тыс орналасқан МҰ-ның құрылымдық бөлімшесі болып табылады.
14. Медициналық пунктің жұмысын осы ұйымға қызмет көрсететін МҰ немесе аумақтық қағидат бойынша МҰ үйлестіреді.
15. Медициналық пунктің маманы ұйым жұмыскерлеріне медициналық - санитариялық алғашқы (дәрігерге дейінгі медициналық көмек) көмек көрсетеді, оған:
1) жіті және созылмалы аурулар, жарақаттар, уланулар мен басқа да шұғыл жағдайлар кезінде жұмыскерлерге дәрігерге дейінгі және шұғыл медициналық көмек көрсету;
2) медициналық ұйымдарға науқастар мен зардап шеккендерді тасымалдауды ұйымдастыру;
3) дәрігердің тағайындауларын орындау;
4) дәрігердің тағайындауларына (инъекциялар, таңулар, физиоемшаралар) сәйкес емдеу және оңалту іс-шараларын өткізу;
5) профилактикалық екпелер жүргізу (қызметкерлердің рұқсаты болған жағдайда);
6) білікті медициналық көмек алуға жолдама;
7) жұмыскердің мерзімдік медициналық қарап-тексеруден уақтылы өтуін мониторингілеу;
8) кәсіпорынның аумағында санитариялық-эпидемиологиялық (профилактикалық) іс-шаралар өткізу;
9) кәсіпорын жұмыскерлерінің арасында бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалана отырып, түсіндіру жұмыстарын жүргізу, аурудың профилактикасы және саламатты өмір салтын қалыптастыру бойынша стендтерді және көрнекті ақпаратты ресімдеу;
10) жедел және дағдарыс жағдайында өзіне-өзі және өзара көмек көрсету, өзін-өзі сақтау мінез-құлық дағдыларын сіңіру әдістеріне кәсіпорын жұмыскерлерін оқыту арқылы азаматтардың денсаулығын сақтау процесіне қатыстыру;
11) профилактикалық тексеріп-қараулардың және скринингтік зерттеулердің нәтижелері бойынша кәсіптік аурулардың қауіп факторлары бар жұмыскерлерді бақылау;
12) ұйым (кәсіпорын) жұмыскерлерінің санитариялық-эпидемиологиялық жағдайын жақсарту бойынша ұсыныстарды енгізу;
13) профилактикалық және сауықтыру іс-шаралар кешенін әзірлеуге және өткізуге, оның ішінде кәсіпорындардағы мерзімдік медициналық қарап-тексерулердің нәтижелері бойынша ұсынымдардың орындалу барысын қадағалауға қатысу;
14) "Денсаулық сақтау ұйымдарының бастапқы медициналық құжаттама нысандарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2010 жылғы 23 қарашадағы № 907 бұйрығымен (Мемлекеттік нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6697 болып тіркелген) (бұдан әрі - № 907 бұйрық) бекітілген нысан бойынша медициналық құжаттарды есепке алу-есептілік жүргізу.
16. Ауысым алды медициналық куәландыру жұмыс ауысымының басталуынан 1 сағат және 30 минут бұрын жүргізіледі.
17. МҰ кәсіпорынның медициналық пунктімен бірлесіп, жыл сайын диспансерлік топ жұмысшыларына сауықтыру іс-шараларын әзірлейді және жүзеге асырады, оңалту, профилактикалық емдеу-диагностикалық іс-шараларды өткізеді.
18. Кәсіпорын жұмыскерлердін диспансерлеу, кәсіптік аурулары бар адамдарды диспансерлеу және медициналық оңалту кәсіпорынға қызмет көрсететін немесе жұмыскердің тіркелген жері бойынша денсаулық сақтау ұйымдарына жүктеледі.
19. Кәсіпорындардағы жұмыскерлерді диспансерлеуді, кәсіптік аурулары бар адамдарды диспансерлеу және медициналық оңалтуды бақылау облыстық (қалалық) кәсіптік патология кабинеттеріне жүктеледі.
20. МҰ дәрігері мерзімдік медициналық қарап-тексеру немесе жұмыскердің белсенді қаралуы кезінде анықталған кәсіптік патологиялық ауру белгілері бар жұмыскерлерді кәсіптік патолог дәрігерге консультация алу үшін жібереді.
21. Кәсіптік патолог дәрігер жұмыскердің еңбек қызметін растайтын құжаттарын, алдын ала және мерзімдік медициналық қарап-тексерулердің деректерін, жұмыскер ауруының анамнезін зерделейді. Қажет болған жағдайда қосымша медициналық зерттеп-қарауларға жібереді.
22. Жұмыскердің еңбек жағдайына санитариялық-эпидемиологиялық сипаттаманы ұсыну үшін кәсіпорынға қызмет көрсететін МҰ-ның басшысы немесе аумақтық МҰ-ның басшысы Қазақстан Республикасы халқының санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның ведомствосының аумақтық бөлімшесіне сұрату жібереді.
23. Қазақстан Республикасы халқының санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган ведомствосының аумақтық бөлімшесі жұмыскердің еңбек жағдайының санитариялық-эпидемиологиялық сипаттамасын жасайды және өндірістік ортаның зерттелуі жоқ болған жағдайда ғылыми әдебиет, үлгілеу деректерін, сондай-ақ "Халықтың инфекциялық және паразиттік, кәсіптік аурулары мен улану жағдайларын тексеру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 23 маусымдағы № 440 бұйрығына (нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11748 болып тіркелген) (бұдан әрі - № 440 бұйрыққа) сәйкес ұқсас кең тараған өндірістік жағдайлардың жасандылығын есепке алады.
24. Орталықтың клиникасына және оның филиалдарына жібереді:
1) кәсіпорынға қызмет көрсететін денсаулық сақтау ұйымы;
2) жұмыскердің тіркелген тұрғылықты жері бойынша денсаулық сақтау ұйымы;
3) кәсіптік патология кабинеттері;
4) күрделі және даулы жағдайлар орын алған кезде Орталық филиалдарының клиникалары жүзеге асырады.
25. Кәсіптік патология кабинетінің және (немесе) МҰ кәсіптік патолог дәрігері кәсіптік ауруларға күдікті және ауыратын адамдардың Орталықтың клиникасына уақтылы зерттеп-қаралуын, емделуін және жіберілуін қамтамасыз етеді.
26. Орталықтың клиникасына жіберу туралы мәселе осы кәсіпорынға қызмет көрсететін МҰ дәрігерлік-консультациялық комиссиясы шешеді немесе аумақтық қағидат бойынша шешіледі.
27. Кәсіптік ауруларға күдігі бар адамдарды Орталықтың клиникасына зерттеп-қарауға жіберу кезінде зиянды және қауіпті еңбек жағдайындағы жұмыс өтілі - инфекциялық және аллергиялық этиология мен улану ауруларын қоспағанда, зиянды және қауіпті еңбек жағдайында үздіксіз еңбек өтілі 8 жылдан кем емес үздіксіз өтілі есепке алынады.
28. Орталықтың клиникасына зерттеп-қарауға зиянды және қауіпті еңбек жағдайында жұмысын тоқтатқаннан кейін кәсіптік ауруларға күдігі бар пациенттер үш жыл бойы жіберіледі.
29. Орталықтың клиникасына пациентті емдеуге жатқызуға жіберу № 440 бұйрыққа сәйкес құжаттар топтамасы болған жағдайда ғана жүзеге асырылады.
30. Орталықтың клиникасына емдеуге жатқызу "Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің шеңберінде стационарға жоспарлы емдеуге жатқызу бюросы порталы арқылы ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2010 жылғы 3 тамыздағы № 492 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6380 болып тіркелген) сәйкес жүргізіледі.
31. Медициналық ұйымдағы кәсіптік патология кабинеті мен кәсіптік патология бөлімшесінің жұмысын ұйымдастыру № 374 бұйрыққа сәйкес жүргізіледі.
32. Пациенттің ауруының анамнезі, еңбек жағдайы, медициналық қарап-тексерулердің нәтижелері туралы толық емес ақпараттар ұсынылған жағдайда:
1) пациентті жіберген денсаулық сақтау ұйымына;
2) жұмыс берушіге;
3) Қазақстан Республикасы халқының санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган ведомствосының аумақтық бөлімшелеріне қосымша ақпаратқа сұрату ресімделеді.
33. Орталықтың консультациялық-диагностикалық бөлімшесінің маманы алдын ала диагноз қояды, клиникалық хаттамаларға сәйкес зерттеп-қараулар мен емдеуді тағайындайды.
34. Пациентті зерттеп-қарау Орталықтың консультациялық-диагностикалық бөлімшесі немесе стационардың бөлімшелері жағдайында жүргізіледі.
35. Құрамында дәрігер, бөлімше меңгерушісі және консультант (жоғары білікті кәсіптік патолог маман, медицина ғылымдарының докторы немесе кандидаты) бар дәрігерлік сараптау комиссиясы (бұдан әрі - ДСК) пациенттің зерттеп-қарау нәтижелерін талдап, аурудың асқынуларын және қосалқы патологиясын көрсете отырып, толық клиникалық диагнозын белгілейді.
36. Кәсіптік аурудың клиникалық диагнозы (оның орындайтын жұмысына немесе мамандығына байланысы) № 379 бұйрықпен бекітілген Кәсіптік аурулар мен уланулар тізбесіне сәйкес санитариялық-эпидемиологиялық сипаттамада, ауру анамнезінде, клиникалық деректеріде, зерттеп-қарау нәтижелерінде, көрсетілген зиянды және қауіпті еңбек жағдайына, пациенттің кәсіби бағдарының негізінде белгіленеді.
37. Емдеуші дәрігер пациентті № 440 бұйрыққа сәйкес аурулардың сәйкес бейініне байланысты кәсіптік патология жөніндегі сараптау комиссиясына жібереді.