Медициналық көмектің түрлері мен көлемдерін бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 7 желтоқсандағы № 1481 Қаулысы.

      "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Кодексінің 40, 42, 45-баптарына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған медициналық көмектің мынадай түрлері мен көлемдері бекітілсін:

      1) білікті медициналық көмек;

      2) бастапқы медициналық-санитариялық көмек;

      3) жоғары мамандандырылған медициналық көмек.

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

К. Мәсімов


  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2011 жылғы 7 желтоқсандағы
№ 1481 қаулысымен
бекітілген

Білікті медициналық көмектің түрлері мен көлемі

      1. Білікті медициналық көмек – диагностиканың, емдеу мен медициналық оңалтудың мамандандырылған әдістерін талап етпейтін аурулар кезінде жоғары медициналық білімі бар медицина қызметкерлері көрсететін медициналық көмек.

      2. Білікті медициналық көмектің түрлері:

      1) жалпы дәрігерлік практика;

      2) терапия;

      3) педиатрия;

      4) хирургия;

      5) акушерия және гинекология.

      3. Жалпы дәрігерлерлік практика/отбасы медицинасы – бастапқы медициналық көмек көрсетуге бағдарланған жалпы практика дәрігерлері көрсететін медициналық көмек.

      4. Пациенттерге білікті медициналық көмектің көлемі тиімділігі мейлінше дәлелденген профилактикалық, диагностикалық және емдік іс-шаралардың негізінде медициналық айғақтар бойынша айқындалады.

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2011 жылғы 7 желтоқсандағы
№ 1481 қаулысымен
бекітілген

Бастапқы медициналық-санитариялық көмектің түрлері мен көлемі

      1. Бастапқы медициналық-санитариялық көмек – адам, отбасы және қоғам деңгейінде көрсетілетін қолжетімді медициналық қызметтер көрсету кешенін қамтитын, тәуліктік медициналық бақылаусыз учаскелік терапевтер, педиатрлар, жалпы практика дәрігерлері, фельдшерлер, акушерлер және мейірбикелер көрсететін дәрігерге дейінгі немесе білікті медициналық көмек.

      2. Бастапқы медициналық-санитариялық көмектің түрлері:

      1) ауруды ерте анықтау мақсатында диагностикалау;

      2) амбулаториялық деңгейде емдеу;

      3) стационарды алмастыратын көмек (күндізгі стационар, үйдегі стационар);

      4) еңбекке уақытша жарамсыздық сараптамасы (еңбекке уақытша жарамсыздық парағын, анықтама беру);

      5) профилактикалық тексерулер;

      6) иммундау;

      7) салауатты өмір салтын қалыптастыру және насихаттау жөнінде консультациялар;

      8) дұрыс және тиімді тамақтану туралы ұсыныстар;

      9) отбасын жоспарлау жөнінде консультациялар мен ұсынымдар;

      10) жүкті әйелдерді, балаларды, оның ішінде жаңа туған нәрестелерді патронаждау;

      11) диспансерлеу және динамикалық байқау.

      3. Пациенттерге бастапқы медициналық-санитариялық көмектің көлемі тиімділігі мейлінше дәлелденген профилактикалық, диагностикалық және емдік іс-шаралардың негізінде медициналық айғақтар бойынша айқындалады.

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2011 жылғы 7 желтоқсандағы
№ 1481 қаулысымен
бекітілген

Жоғары мамандандырылған медициналық көмектің түрлері мен көлемі

      1. Жоғары мамандандырылған медициналық көмек – диагностиканың, емдеу мен медициналық оңалтудың ең жаңа технологияларын пайдалануды талап ететін аурулар кезінде уәкілетті орган айқындайтын медициналық ұйымдарда бейінді мамандар көрсететін медициналық көмек.

      2. Жоғары мамандандырылған медициналық көмектің түрлері терапиялық, хирургиялық, педиатриялық және акушериялық-гинекологиялық бейіндерге бөлінеді және денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекітеді.

      3. Пациенттерге жоғары мамандандырылған медициналық көмектің көлемі тиімділігі мейлінше дәлелденген профилактикалық, диагностикалық және емдік іс-шаралардың негізінде медициналық айғақтар бойынша айқындалады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады