Ескерту. Күші жойылды - Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің 21.11.2022 № 262 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
"Білім туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңының 6-бабының 2-тармағы 24-6) тармақшасына сәйкес Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Орта білім беру ұйымдарындағы психологиялық қызметтің жұмыс істеу қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулының орындалуын бақылау облыс әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі |
Е. Сұлтанов |
Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің 2015 жылғы 16 ақпандағы № 59 қаулысымен бекітілді |
Орта білім беру ұйымдарындағы психологиялық қызметтің жұмыс істеу қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Қағидалар Орта білім беру ұйымдарындағы психологиялық қызметтің (бұдан әрі – Психологиялық қызмет) жұмысын реттейді.
2. Психологиялық қызмет көрсету Қазақстан Республикасының Конституциясы, "Білім туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңы, "Бала құқықтары туралы Конвенцияны ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң 1994 жылғы 8 маусымдағы қаулысы, сондай-ақ осы Қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.
3. Психологиялық қызмет орта білім беру ұйымдарының құрылымдық бөлімшесі болып табылады.
4. Психологиялық қызметтің құрылымы білім беру ұйымдарының тұрпатына, түріне және қажеттілігіне, сондай-ақ педагог-психологтар штатының бірлік санына қарай айқындалады.
5. Психологиялық қызметтің құжаттамасы:
1) орта білім беру ұйымдарында психологиялық қызметтің жұмысын ұйымдастыру қағидаларын;
2) білім беру ұйымының басшысымен бекітілген Психологиялық қызметтің күнтізбелік жұмыс жоспарын;
3) психологиялық диагностикалау бағдарламаларын (бұдан әрі - психодиагностикалау), психологиялық тренингтерді, аталған білім беру ұйымдарының басшылары бекіткен дамыту және түзету жұмыстарын;
4) білім саласындағы уәкілетті органмен бекітілген психологиялық сабақтардың, тренингтердің және басқа да жұмыс түрлерінің әдістемелік әзірлемелерін;
5) психодиагностикалық әдістемелердің деректер банкі мен тізбесін;
6) білім алушылардың психологиялық дамуының жеке карталарын;
7) психологиялық тексерудің нәтижелерін, қорытындысы мен ұсынымдарын;
8) білім беру ұйымы басшысының мөрімен бекітілген психологиялық қызметтің жұмыс түрлерін (психодиагностикалар, дамыту, түзету, ағартушылық, сараптамалық, әдістемелік жұмыстарды, жеке және топтық консультация беру, психологиялық қызметке сұраныс беру) есепке алуды тіркеу журналын;
9) белгіленген кезеңдерге (тоқсан, жартыжылдық, бір жыл) берілетін Психологиялық қызметтің жұмысы туралы талдамалық есептерді қамтиды.
6. Психологиялық қызметтің жұмыс қорытындысы жергілікті білім органдары бекіткен білім беру ұйымдарының есептік құжаттамаларында қамтылады.
2. Орта білім беру ұйымдарындағы психологиялық қызметтің мақсаттары мен міндеттері
7. Психологиялық қызметтің мақсаты – білім беру ұйымдарында білім алушылардың психологиялық денсаулығын сақтау, қолайлы әлеуметтік-психологиялық жағдай жасау және білім беру үдерісіне қатысушыларға психологиялық қолдау көрсету.
8. Психологиялық қызметтің міндеттері:
1) білім алушылардың тұлғалық және зияткерлік дамуына ықпал ету, өзін-өзі тәрбиелеу және өзін-өзі дамыту қабілетін қалыптастыру;
2) білім алушыларға ақпараттық қоғамның жылдам дамуында олардың табысты әлеуметтенуіне психологиялық тұрғыдан жәрдем көрсету;
3) білім алушылардың тұлғасын психологиялық-педагогикалық зерделеу негізінде әрбір білім алушыға жеке тұрғыдан ықпал ету;
4) психологиялық диагностиканы жүргізу және білім алушылардың шығармашылық әлеуетін дамыту;
5) психологиялық қиыншылықтар мен білім алушылардың проблемаларын шешу бойынша психологиялық түзету жұмыстарын жүзеге асыру;
6) психологиялық проблемаларды шешуде және оқу-тәрбие жұмыстарының қолайлы әдістерін таңдауда ата-аналар мен педагогтерге консультациялық көмек көрсету;
7) білім беру үдерісі қатысушыларының психологиялық-педагогикалық құзыреттілігін көтеру.
9. Психологиялық қызмет психодиагностикалық, консультациялық, ағартушылық-профилактикалық, түзету-дамытушылық және әлеуметтік-диспетчерлік бағытта жүзеге асырылады.
10. Психодиагностикалық бағыттар:
1) білім алушыларды психологиялық диагностикалау;
2) білім алушылардың бейімделуі, дамуы мен әлеуметтенуі мақсатында оларды кешенді психологиялық тексеру;
3) білім алушылардың қабілеттілігі, қызығушылығы мен икемділігін психологиялық диагностикалау;
4) психологиялық диагностиканың қорытындысы бойынша психологиялық тұжырымдар мен ұсыныстарды дайындау.
11. Консультациялық бағыттар:
1) білім алушыларға, ата-аналар мен педагогтерге олардың сұранысы бойынша консультация беру;
2) білім алушыларға, ата-аналар мен педагогтерге жеке тұлғалық, кәсіптік өзін-өзі айқындау проблемалары және қоршаған ортамен өзара қарым-қатынастар бойынша жеке және топпен консультация жүргізу;
3) күйзелістік, жанжалдық, қатты эмоционалды күйзелістік жағдайда болып табылатын білім алушыларға психологиялық қолдау көрсету;
4) тұлғааралық және топаралық жанжалдарды шешуде делдалдық жұмыстарды ұйымдастыру.
12. Ағартушылық-профилактикалық бағыттар:
1) білім алушылар мен педагогтердің өзін-өзі айқындауына, кәсіптік өсуіне ықпал ету;
2) білім алушылар бейімсіздігінің психологиялық алдын алу;
3) педагогтерді аттестаттауды әлеуметтік-психологиялық қолдау;
4) әдістемелік бірлестіктер мен педагогикалық кеңестің және медициналық-психологиялық-педагогикалық консилиумдарының жұмысына ықпал ету.
13. Түзету-дамытушылық бағыттар:
1) жеке тұлғалық өсуге арналған тренингтер өткізу;
2) білім алушылар мен педагогтердің тұлғалық, зияткерлік, эмоционалды-жігерлік, шығармашылық даму үйлесімділігі бойынша психологиялық түзету және дамыту сабақтарын ұйымдастыру;
3) жанжалдық тұлғааралық қатынастарды түзету.
14. Әлеуметтік-диспетчерлік бағыттар:
1) педагог-психологтың және кең көлемде талап етілетін мамандардың кәсіптік құзыреттілігі, функционалдық міндеттері шеңберінен шығатын проблемаларды шешу бойынша аралас-мамандармен (дәрігерлермен, дефектологтармен, логопедтермен, тифлопедагогтармен, т.б.) жұмыс жүргізу;
2) әлеуметтік-медициналық-психологиялық қызметтер туралы деректер банкін қалыптастыру.
15. Психологиялық қызмет жеке және топтық негізде білім алушыларға және педагог қызметкерлерге жұмыстың диагоностикалық, дамытушылық, түзету және профилактикалық түрлері кешенін жүргізу үшін жекелеген ғимараттарға орналасқан және қажетті жағдайлармен қамтамасыз етілген педагог-психолог кабинеті базасында жұмыс істейді.
16. Психологиялық қызметтің жұмысын білім беру ұйымының басшысы, ал аудандық (Петропавл қалалық) білім бөлімдері және облыстық білім басқармасы үйлестіреді.
17. Психологиялық қызметтің жұмысы педагогикалық және медициналық қызметкерлермен, оның ішінде денсаулық сақтау жүйесімен, қамқоршылық және қорғаншылық органдарымен, ата-аналар қоғамымен тығыз байланыста жүзеге асырылатын болады.
18. Психологиялық қызмет педагог-психологтардың әдістемелік бірлестігімен, психологиялық орталықтармен, тәжірибелі психологтар кафедралары және қауымдастықтарымен, білім бөлімдерінің әдістемелік кабинеттерімен өзара әрекетеседі.
19. Педагог-психолог өз қызметінде:
1) осы Қағидаларды басшылыққа алады;
2) өзінің кәсіби құзыреттілігі және біліктілік талаптары шеңберінде шешім қабылдайды;
3) жалпы психологияны, педагогикалық психология мен жалпы педагогиканы, жеке тұлға психологиясы және дифференциалды психология, балалар және жас ерекшеліктік психология, әлеуметтік психология, медициналық психологияны, психодиагностика, психологиялық консультация беруді және әлеуметтік, практикалық және жас ерекшеліктік психология саласындағы психологиялық ғылымның жаңа жетістіктерін білуі қажет;
4) диагностикалық, дамытушылық, әлеуметтік-психологиялық, психологиялық түзету және консультативтік-профилактикалық жұмыстардың ғылыми-негізделген әдістемелерін қолданады;
5) белсенді оқыту, әлеуметтік-психологиялық тренинг байланыс әдістерін, жеке және топтық кәсіптік консультациялар берудің, білім алушылардың қалыпты дамуының диагностикасы мен түзетудің заманауи әдістерін біледі;
6) барлық оқу кезеңінде білім алушының жеке-психологиялық ерекшелектерінің психологиялық диагностикасын жоспарлайды;
7) білім алушылардың тұлғалық қалыптасуындағы және дамуындағы ақаулықты анықтайды;
8) білім алушыларға, педагогтерге, ата-аналарға жеке, кәсіптік және басқа да мәселелерді шешуде психологиялық көмек және қолдау көрсетеді;
9) күйзелістік, жанжалдық, қатты эмоционалды күйзелістік жағдайда болып табылатын педагогтерге, білім алушыларға психологиялық көмек және қолдау көрсетуді жүзеге асырады;
10) білім алушылардың бейәлеуметтік әрекеттерінің алдын алады және оларды уақытылы түзетуді жүзеге асырады;
11) өзінің кәсіптік құзыреттілігін және біліктілігін арттырады;
12) тиісті кәсіби даярлығы жоқ адамдардың білім беру ұйымдарында психологиялық диагностика, психологиялық түзету жұмыстарын жүргізуге жол бермейді;
13) білім беру ұйымдарының әлеуметтік саласын үйлестіруді қалыптастыру және әлеуметтік бейімсіздіктің туындауының алдын алу бойынша жұмыстарды жүзеге асырады;
14) зерттеу жұмыстарының материалдары бойынша психологиялық-педагогикалық қорытынды жасайды;
15) дамыту және түзету бағдарламаларын жоспарлауға және әзірлеуге қатысады;
16) білім алушылар, педагогикалық қызметкерлер мен ата-аналар арасында психологиялық мәдениетті қалыптастырады;
17) білім алушылармен, ата-аналармен және педагогтармен психодиагностикалық, консултациялық, ағартушылық-профилиактикалық, түзету-дамытушылық және әлеуметтік-диспетчерлік жұмыстардың нысанын және әдісін таңдайды;
18) оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастыру бойынша құжаттамалармен, білім алушылардың, педагогтердің жеке істерімен танысады;
19) түзету және дамытушылық бағдарламаларын және психологиялық жұмыстың жаңа әдісін жасауды талқылауға қатысады;
20) жоғары оқу орындарының психология кафедраларымен және тәжірибелі психологтар қауымдастықтарымен байланысты қолдайды;
21) Психологиялық қызметтің жұмысын жақсарту мәселесі бойынша білім беру органдарына ұсыныспен шығады;
22) пәндік кафедралардың және медициналық-психологиялық-педагогикалық консилиумның, педагогикалық және әдістемелік кеңестердің жұмысына қатысады.
20. Білім беру ұйымы педагог-психологының тиісті мамандық бойынша жоғары білімі болуы керек.
21. Алып тасталды - Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің 04.03.2022 № 45 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
22. Педагог-психолог:
1) психологиялық диагностикалау нәтижелерінің нақтылығын, пайдаланылған диагностикалық және түзетушілік әдістердің барабарлығын, ұсынымдар мен қорытындылар негізділігін, психологиялық ақпараттың құпиялылығын;
2) Психологиялық қызметтің есепке алу-есеп беру құжаттамаларының жүргізілуін және сақталуын;
3) кәсіптік психологиялық этиканың сақталуын;
4) Психологиялық қызметтің жұмысына берілген материалды-техникалық құралдардың сақталуын қамтамасыз етеді.
23. Педагог-психолог әкімшілік бағыт бойынша білім беру ұйымының басшысына, кәсіптік бағыты бойынша – аудандық (Петропавл қалалық) білім бөлімдерінде және облыстық білім басқармасында психологиялық қызметтің жұмысына жетекшілік ететін маманға бағынады.
3. Қорытынды ереже
24. Білім беру ұйымының басшысы Психологиялық қызметтің жұмысын қамтамасыз етеді.