Ескерту. Күші жойылды - Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының 30.09.2015 № 42/345-V шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 9 шілдедегі Су Кодексінің 38-бабы 1-тармағына, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңының 6-бабы 2-2 тармағына сәйкес, Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
1. Қоса беріліп отырған Оңтүстік Қазақстан облысының су объектілерінде ортақ су пайдалану Қағидалары бекітілсін.
2. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Облыстық мәслихат
сессиясының төрағасы Қ.Қамбаров
Облыстық мәслихат
хатшысы Қ.Ержан
Оңтүстік Қазақстан облыстық
мәслихатының 2015 жылғы
19 наурыздағы № 36/292-V
шешімімен бекітілген
Оңтүстік Қазақстан облысының су объектілерінде ортақ су пайдалану Қағидалары
1. Осы ортақ су пайдаланудың қағидалары Қазақстан Республикасының Су Кодексіне, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының Заңына және «Ортақ су пайдаланудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 28 қазандағы № 1215 қаулысына сәйкес әзірленді.
2. Осы қағидалар Оңтүстік Қазақстан облысының әкімшілік-аумақтық шекараларында орналасқан су объектілерінде ортақ су пайдалану тәртібін анықтайды және меншік нысанына қарамастан, барлық заңды және жеке тұлғалардың орындауы үшін міндетті.
3. Осы қағидаларда пайдаланылатын негізгі ұғымдар:
1) ортақ су пайдалану – халықтың мұқтаждарын қанағаттандыру үшін су объектілері жекелеген жеке немесе заңды тұлғаларға бекітіліп берілмей және судың жай – күйіне әсер ететін құрылыстар немесе техникалық құрылғылар қолданылмай жүзеге асырылатын су пайдалану;
2) гидротехникалық құрылыстар – су ресурстарын басқару, су пайдаланушыларға су беру, сумен жабдықтау және су бұру, судың зиянды әсерінің алдын алу үшін пайдаланылатын инженерлік құрылыстар;
3) су шаруашылығы құрылыстары – су ресурстарының пайдаланылуы мен қорғалуын реттеу, сумен жабдықтау, су бұру және судың зиянды әсерін жою мақсатында жасанды түрде құрылған гидротехникалық құрылыстар мен қондырғылар;
4) жер асты шаруашылық – ауыз сулары - өзінің табиғи жай – күйіндегі немесе өңделгеннен кейінгі сапасы бойынша нормативтік талаптарға сай келетін және адамның ауыз суға және тұрмыстық қажетіне, не ауыз су өнімдерін өндіруге арналған жер асты сулары;
5) сарқынды сулар – адамның шаруашылық қызметі нәтижесінде пайда болатын немесе табиғи немесе жасанды су объектілеріне немесе жер бедеріне ағызып жіберілетін ластанған аумақтағы сулар;
6) сулар – су объектілерінде жинақталған барлық сулардың жиынтығы;
7) су пайдалану – жеке және заңды тұлғалардың өз мұқтаждарын және (немесе) коммерциялық мүдделерін қанағаттандыру үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен су ресурстарын пайдалану;
8) су пайдаланушы - өз мұқтаждарын және (немесе) коммерциялық мүдделерін қанағаттандыру үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен су ресурстарын пайдалану құқығы берілген жеке немесе заңды тұлға.
4. Мынадай:
1) техникалық құралдарды қолданбай, жер үсті көздерінен су алу кезінде;
2) ықтимал сел қаупі бар су объектілерін қоспағанда, рекреациялық мақсаттарда, жаппай демалу, туризм және спорт мақсаттарында;
3) кеме қатынасы және шағын кемелерді пайдалану үшін;
4) мал суару үшін су объектілерін пайдалану ортақ су пайдалануға жатады.
Ортақ су пайдалану ортақ су пайдаланылатын су объектілерінде де, ортақ пайдалануға жтапайтын су объектілерінде де жүзеге асырылады және арнайы рұқсат болуын талап етпейді. Қазақстан Республикасының Су Кодексімен көзделген жағдайларды қоспағанда, жеке және заңды тұлғалардың ортақ су пайдалану объектілеріне халықтың кіруін қоршаулар, күзет пункттерін, тыйым салатын белгілер орнату жолымен шектеуіне рұқсат етілмейді.
5. Халықтың экологиялық, техникалық және санитарлық – эпидемиологиялық қауіпсіздігі мақсатында, мынадай жерлерде:
1) халықтың шомылуы:
ескерту және тыйым салу белгілері орнатылған жерлерде;
шлюздерге, гидроэлектростанцияларға, ағынды суды жіберетін орындарға, малдардың тұрағына және суарылатын жерлерге және басқа да ластау көздеріне, сондай-ақ жоғарыда көрсетілген ластау көздеріне кемінде 500 метр жақын ара қашықтықта;
сазбалшықты учаскелерде, сондай-ақ қолайсыз және қауіпті табиғи факторлары бар кезде (жағалауы жайпақ, құлама жарсыз және шұңқырсыз, ал су айдынының түбі құмды, шылаусыз, балдырсыз, бұталарсыз және үшкір тастарсыз болуға тиісті).
2) халықтың санитарлық-эпидимиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкілетті органның және облыстың жергілікті атқарушы органында міндетті тіркелмеген тікелей жер үсті және жер асты су объектілерінен ауыз суға және тұрмыстық қажеттіліктер үшін су алуға;
3) санитарлық қорғау аймақтарында және суат алаңдары мен су объектілерінің ластануы мен қоқыстануын болғызбайтын басқа да құрылғылар болмаған жағдайда су объектілерін ортақ су пайдалану тәртібінде мал суару үшін пайдалануға;
4) зардап шеккендерді құтқару үшін пайдаланатын шағын кемелерден және басқа да жүзу құралдардан, сондай-ақ ұйымдастырылған жағажайларда пайдаланылатын шағын кемелер мен жабдықтардан басқа, адамдар көп шоғырланатын жерлердегі су айдындарында шағын кемелерде және басқа да жүзу құралдарында жүзу қауіпті деп белгіленсін.
6. Шомылу маусымы басталар алдында суды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сай келуі тиіс санитариялық - химиялық және микробиологиялық көрсеткіштер бойынша зерттеу жүргізіледі.
7. Микробиологиялық және химиялық көрсеткіштерге алынатын су үлгілері - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 18 қаңтардағы «Су көздеріне, шаруашылық-ауыз су мақсаты үшін су жинау орындарында, шаруашылық-ауыз сумен жабдықтауға, суды мәдени-тұрмыстық пайдалану орындарына және су объектілерінің қауіпсіздігіне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларын бекіту туралы» № 104 Қаулысына сай болуы тиіс.
8. Шомылуға арналған су бетінің шекаралары қызыл түсті қалқитын белгілермен белгіленеді.
9. Құмды жағажайларда аптасына бір реттен сиретпей жиналған қалдықтарды шығара отырып, құмның беткі қабатына механикалық қопсыту жүргізіледі.
10. Адамдардың шомылуына арналған орындарда киім-кешек жууға және жануарларды жуындыруға жол берілмейді.
11. Мемлекеттің қауіпсіздігін және еліміздің қорғанысын, халықтың денсаулығын, қоршаған ортаны және тарихи-мәдени мұраларды, басқа тұлғалардың заңды және құқықтық мүдделерін Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес қорғауды қамтамасыз ету мақсатында жекелеген су объектілерін немесе олардың бөліктерін пайдаланудың шектелуі немесе тоқтатылуы мүмкін.
12. Ортақ су пайдаланудың шарттарын немесе жол бермеуді белгілеу үшін, бөлек немесе бірлесе су пайдалануды жүзеге асыратын су пайдаланушы облыстық мәслихатқа ортақ су пайдалану шарттарын белгілеу қажеттілігін негіздейтін ұсыныс енгізеді.
13. Ортақ су пайдаланудың шарттары немесе жол бермеуді белгілеу негізсіз болған жағдайда, ұсынылған ортақ су пайдаланудың шарттарын немесе жол бермеуді белгілеуден негізді себептермен бас тарту туралы облыстық мәслихат су пайдаланушыны жазбаша хабардар етеді.
14. Шомылуға жол бермеу және ортақ су пайдалануды жүзеге асырудың басқа да шарттары туралы халықты облыстық мәслихат бұқаралық ақпарат құралдары арқылы, арнайы ақпараттық белгілермен хабардар етеді.
15. Ортақ су пайдалануға жол бермеу немесе шектеу жөніндегі ақпараттық белгілерді орнату бойынша шығындарды, осы су объектілері жекелей немесе бірлесіп пайдалануға берілген жеке және заңды тұлғалар өткереді.
16. Бекітілмеген су объектілерінде осы Қағидаларды бұзғаны үшін айыппұл мөлшері туралы ескертулер бар тыйым салу белгілері мен плакаттар орнатуды жергілікті атқарушы органдары қамтамасыз етеді.
17. Су объектілерін мал суару үшін пайдалануға санитарлық қорғау аймақтарынан сондай-ақ, көпшілік демалу орындарынан, рекреациялық және спорттық мақсаттағы жерлерден тыс жерде және суат алаңдары мен су объектілерінің ластануы мен қоқыстануын болғызбайтын басқа да құрылғылар болған жағдайда ортақ су пайдалану тәртібімен жол беріледі.
18. Су объектiлерi мен су шаруашылығы құрылыстарындағы көпшiлiктiң демалуына, туризм мен спортқа арналған жерлердi экологиялық талаптар мен адам өмірінің қауіпсіздігін сақтай отырып, уәкiлеттi органмен, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк органмен, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкiлеттi органмен келiсiм бойынша облыстың жергiлiктi атқарушы органдары белгiлейдi.
19. Осы Қағидаларды бұзғаны үшін жауапкершілік Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы негізінде анықталады.