БҰЙЫРАМЫН:
1. «Оқытудың кредиттік технологиясы бойынша оқу процесін ұйымдастырудың қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым Министрінің 2011 жылғы 20 сәуірдегі № 152 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6976 болып тіркелген, «Егемен Қазақстан» газетінің 2011 жылғы 31 тамыздағы № 401-404 (26798) санында жарияланған) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын, орыс тіліндегі мәтін өзгермейді:
«Оқытудың кредиттік технологиясы бойынша оқу процесін ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы»;
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын, орыс тіліндегі мәтін өзгермейді:
«1. Қоса беріліп отырған Оқытудың кредиттік технологиясы бойынша оқу процесін ұйымдастыру қағидалары бекітілсін.»;
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Оқытудың кредиттік технологиясы бойынша оқу процесін ұйымдастырудың қағидаларында:
тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын, орыс тіліндегі мәтін өзгермейді:
«Оқытудың кредиттік технологиясы бойынша оқу процесін ұйымдастыру қағидалары»;
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын, орыс тіліндегі мәтін өзгермейді:
«Осы Оқытудың кредиттік технологиясы бойынша оқу процесін ұйымдастыру қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) «Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру мақсатында әзірленді.»;
2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Ұлттық білім берудің білім беру бағдарламаларын халықаралық тану, білім беру ұйымдарының білім алушылары мен оқытушыларының ұтқырлығын қамтамасыз ету, сондай-ақ білім беру сапасын арттыру және білім берудің барлық деңгейлерінің сабақтастығын қамтамасыз ету үшін білім беру ұйымдарында бірыңғай кредиттік оқыту технологиясы іске асырылады.»;
6-тармақта:
1) тармақша алынып тасталсын;
16) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«16) екі дипломдық білім – екі тең бағалы диплом немесе бір негізгі және екінші қосымша диплом алу мақсатында білім беру бағдарламалары және оқу жоспарлары бойынша параллель оқу мүмкіндігі;
24) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«24) модульдік білім беру бағдарламасы - білім алушылардың қандай да бір дәреже және/немесе біліктілік алуы үшін қажетті негізгі құзыреттіліктерді меңгеруіне бағытталған оқу модульдерінің жиынтығын қамтитын оқыту бағдарламасы;»;
39) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
39) үлгілік оқу жоспары – білім беру бағдарламасының оқу пәндерінің тізбесі мен көлемін, оларды оқытудың тәртібін және бақылау нысандарын реттейтін құжат;»;
2-тараудың атауы мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Оқытудың кредиттік технологиясындағы білім беру бағдарламалары мен оқу жоспарлары»;
15-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«15. ЖОЖ-ды үш данада факультет деканы (бөлім басшысы) бекітеді: бірі - деканатта (бөлімде) сақталады және ол білім алушының білім беру бағдарламасын орындауына және меңгеруіне бақылауды жүзеге асыру үшін негіз болады, екіншісі - аралық аттестаттауды ұйымдастыру үшін офис Регистраторға, үшіншісі - білім алушыға тапсырылады.»;
64-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«64. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламасын меңгерген және қорытынды аттестаттаудан өткен білім алушыларға «бакалавр» дәрежесі, және (немесе) «магистр» біліктілігі және философия докторы (PhD) немесе бейіні бойынша доктор дәрежесі және мемлекеттік үлгідегі диплом қосымшасымен (транскрипт) беріледі.»;
мынадай мазмұндағы 7-тараумен толықтырылсын:
«7. Екі дипломдық білім беру бағдарламаларын және бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеу және іске асыру тәртібі»;
117. Әлемдік білім беру кеңістігіне ықпалдасу процестері қазақстандық азаматтардың шетелдік білімге кеңінен қол жеткізуіне, оның сапасы мен тартымдылығын арттыруға, білім алушылардың, оқытушылар мен академиялық персоналдың академиялық ұтқырлығын кеңейтуге бағытталған.
118. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесінің нысаны екі диплом бере отырып, бірлескен білім беру бағдарламаларын іске асыру болып табылады.
Екі дипомдық білім бір жоғары оқу орнының ішіндегі сияқты екі әріптес жоғары оқу орнының арасында да іске асырылуы мүмкін.
119. Екі дипломды білімнің бағдарламалары – әріптес университеттердің білім беру бағдарламаларының салыстырмалылығы мен үйлесімділігіне негізделген және тараптардың бағдарлама мақсаттарын айқындау, оқу жоспарын дайындау, оқу процесін ұйымдастыру, берілетін дәрежелер немесе берілетін біліктіліктер сияқты мәселелер бойынша ортақ міндеттерді қабылдауымен сипатталатын бағдарлама.
120. Екі дипломдық білім беру бағдарламалары екі әріптес жоғары оқу орны арасындағы келісім негізінде әзірленеді.
Бұл ретте екі дипломдық білім беру бағдарламаларын іске асырудың маңызды шарттары мыналар болып табылады:
1) екі әріптес жоғары оқу орнының келісілген білім беру бағдарламасын және оқу жоспарын әзірлеуі және бекітуі;
2) екі дипломды білім беруге енгізілген студенттердің әріптес жоғары оқу орнындағы білім беру бағдарламасының бөліктерін меңгеруі;
3) уағдаластықтар, жалпы принциптер мен сапаны қамтамасыз ету стандарттары негізінде әріптес жоғары оқу орнында оқыту кезеңдері мен нәтижелерін міндетті тану және автоматты түрде сынақтан өткізу;
4) оқытушыларды екі дипломдық білім беруге тарту: білім беру бағдарламасы мен оқу жоспарын бірлесіп әзірлеу, әріптес жоғары оқу орнында оқыту, жалпы қабылдау және аттестаттау комиссияларына қатысу;
5) екі дипломдық білім беру бағдарламасын толық меңгерген студенттерге әрбір әріптес жоғары оқу орнының дәрежесі не уағдаластық негізінде бір бірлескен дәреже беріледі.
121. Қажет болған жағдайда білім алушылардың екі дипломдық білім беру бағдарламасын іске асырудың таңдалған моделіне қарай оны меңгеруінің ұзақтығы бакалавриатта – 1-1,5 жылға, магистратурада – 0,5-1 жылға, докторантурада – 1 жылға ұлғаяды.
122. Білім алушыларды екі дипломдық білім беру бағдарламасына енгізу рәсімдерін өзара уағдаластық негізінде әріптес жоғары оқу орындары әзірлейді.
Аталған рәсімдер білім алушыларды өз жоғары оқу орнындағы екі дипломдық білім беру бағдарламасына енгізу процесін және екі дипломдық білім беру бағдарламасына шетелдік білім алушыларды қабылдау процесін көрсетеді.
123. Білім алушыны екі дипломдық білім беру бағдарламасына енгізу оның өтініші негізінде және әріптес жоғары оқу орнымен жасалған келісімге (шартқа) сәйкес жүзеге асырылады.
Білім алушылар әріптес жоғары оқу орнында қабылдау рәсімдерінен өтеді.
124. Екі дипломдық білім беру бағдарламасына енгізілген шетелдік білім алушылар «білім алуға енгізілген» деген ерекше белгісі бар және оқытудың кезеңі, мерзімі, пәндер саны және меңгерілетін кредиттер көлемі көрсетілген білім алушылардың жалпы контингентіне қабылдаудың ұқсас рәсімдерінен өтеді.
125. Білім алушының жеке оқу жоспарына оқу пәндерінің тізбесі, олардың көлемі (кредиттер мен сағаттар бойынша), семестрлер, бағдарлама меңгерілетін әріптес жоғары оқу орындары бойынша бөлу, қайта есептеу тәртібі кіреді.
126. Екі дипломдық білімнің білім беру бағдарламасы модульдік принцип бойынша құрылады. Бұл ретте әрбір әріптес жоғары оқу орны модульдерді, олардың ақпараттық-әдістемелік және дидактикалық сүйемелденуін әзірлеуді, оқытушыларды даярлауды және сертификаттауды қамтамасыз етеді.
127. Екі дипломдық білімнің білім беру бағдарламасы Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалпыға міндетті жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім стандарттарының талаптарын және әріптес жоғары оқу орнының талаптарын ескереді.
128. Әріптес жоғары оқу орнындағы оқу төлемақысы жасалған келісім негізінде жүзеге асырылады.
129. Екі дипломдық білім беру бағдарламасы бойынша білім алушы мамандықтың үлгілік оқу жоспарының міндетті компонентіне кіретін барлық пәндерді меңгеруі, сондай-ақ таңдау бойынша пән ретінде әріптес жоғары оқу орнының білім беру бағдарламасы бойынша оқу жоспарына кіретін пәндерді меңгереді.
Екі тараптың білім беру бағдарламалары пәндерінің қамтылуы білім алушының жеке оқу жоспарын жасау кезінде ескерілуі тиіс. Білім алушы практикалардың және қорытынды аттестаттаудың барлық түрінен толық өтеді.
130. Екі дипломдық білім беру бағдарламасы бойынша оқу кезінде оқытудың әртүрлі технологиялары, оның ішінде қашықтықтан оқыту технологиясы қолданылуы мүмкін.
131. Білім алушының жеке оқу жоспары қосымша білім беру модульдерін және жазғы семестрлерді қамтиды.
132. Екі дипломдық білімнің оқу жоспарларын әзірлеу кезінде әріптес жоғары оқу орындары оқыту траекториясын пәнді меңгеру, оқу және кәсіби практикалардан өту, аралық аттестаттау рәсімдерінің тәртібін қоса отырып дербес айқындайды.
133. Екі дипломдық білім беру бағдарламаларын әзірлеу кезінде міндетті компонент пәндерін меңгерудің еңбек сыйымдылығы мақсаттылық және кәсіби бағдарлылық принциптері негізінде әріптес жоғары оқу орындарының келісімі бойынша ұлғаяды.
134. Пәндерді және олардың өзара есебін тану рәсімі олардың мазмұны мен оқыту көлеміне сәйкес жүзеге асырылады.
135. Оқытудың барлық кезеңі ішінде білім алушылардың әрбір модуль бойынша оқу жетістіктері (академиялық көрсеткіштер) семестр аяқталған соң әріптес жоғары оқу орындарына жіберіледі.
136. Әрбір оқу жылының соңында бағдарламаның тиісті модулін іске асыратын әріптес жоғары оқу орны білім алушыға транскрипт береді.
137. Әріптес жоғары оқу орнында меңгерілген кредиттерді қайта есептеу, оқу жоспары пәндеріндегі айырмашылықты жою тәртібі мен мерзімдері бөлімше басшысының (деканның) өкімімен ресімделеді.
138. Офис Тіркеуші есептелген пәндер мен кредиттер санын әріптес жоғары оқу орнының белгісімен академиялық транскриптке енгізеді.
139. Оқу аяқталып, бағдарламаның әрбірі бойынша барлық талап орындалған соң білім алушыға академиялық дәреже беру туралы белгіленген үлгідегі екі диплом және екі транскрипт беріледі.
Бұл ретте дипломның жеке құжат ретіндегі нысаны (бір немесе екі ұлттық жоғары оқу орнының дипломдарына қосымша берілетін), бірыңғай құжат ретіндегі нысаны (ұлттық дипломдар берілмейтін, аталған білім беру бағдарламасы бойынша оқытуды жүзеге асыратын әріптес жоғары оқу орындары беретін) немесе бір мезгілде берілетін бірнеше ұлттық дипломдар ретіндегі нысаны болады.
140. Екі дипломдық білім беру бағдарламалары әртүрлі нысандарда іске асырылады:
1) екі білім беру бағдарламасы бойынша бірлескен диплом;
2) мәртебесі әртүрлі екі диплом;
3) мәртебесі бірдей екі диплом.
141. Екі білім беру бағдарламасы бойынша бірлескен диплом нысаны бір мезгілде екі мамандық бойынша оқыту негізінде іске асырылады. Бұл жағдайда бір диплом беріледі (бұл: екі мамандық бір мезгілде және екі транскрипт әрбір мамандық бойынша жеке көрсетілетін жоғары оқу орындарының бірінің дипломы не өз жоғары оқу орнының транскрипті көрсетілген бір дипломы және екіншісі нысаны әріптес жоғары оқу орындарының арасындағы келісім бойынша анықталатын, транскрипті бар бірлескен диплом).
142. Мәртебесі әртүрлі екі дипломның нысаны екі әртүрлі білім беру бағдарламасы бойынша оқыту негізінде іске асырылады (сендвич-бағдарламалар). Бұл жағдайда өз жоғары оқу орнының транскрипті бар бір негізгі дипломы беріледі.
Қосымша екінші мамандық бойынша білім алушы екінші академиялық дәреже беру туралы диплом (сертификат) және нысаны әріптес жоғары оқу орындарының арасындағы келісім бойынша қабылданатын транскрипт беріледі.
143. Мәртебесі бірдей екі дипломның нысаны бір мамандық бойынша оқыту негізінде іске асырылады. Бұл жағдайда өз жоғары оқу орнының, сондай-ақ әріптес жоғары оқу орнының транскрипттерімен мәртебесі бірдей екі диплом беріледі.
144. Білім алушылардың қазақстандық жоғары оқу орындарының дипломдарымен бір мезгілде алған шетелдік әріптес жоғары оқу орындарының дипломдары Қазақстан Республикасында қолданыстағы заңнамаға сәйкес танылады.
2. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім, халықаралық ынтымақтастық департаменті (С.М. Өмірбаев) заңнамада белгіленген тәртiппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркелуін;
2) осы бұйрықтың көшірмесін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға, сондай-ақ Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде орналастыру үшін «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жолдауды;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды;
4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларымен көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Білім және ғылым министрі А. Сәрінжіпов