Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында оқытудың кредиттік технологиясы бойынша оқу процесін ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2011 жылғы 20 сәуірдегі № 152 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2011 жылы 27 мамырда № 6976 тіркелді.

      Ескерту. Бұйрықтың атауы жаңа редакцияда - ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің 05.04.2023 № 145 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-3 бабының 13) тармақшасына, "Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 19 тамыздағы № 580 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 88) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің 25.07.2023 № 334 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Қоса беріліп отырған Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында оқытудың кредиттік технологиясы бойынша оқу процесін ұйымдастыру қағидалары бекітілсін.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің 05.04.2023 № 145 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. Мынадай:

      1) "Кредиттік оқыту технологиясы бойынша оқу үдерісін ұйымдастырудың ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі міндетін атқарушының 2007 жылғы 22 қарашадағы № 566 бұйрығының (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5043 тіркелген және "Заң газетінің" 2008 жылғы 25 қаңтардағы № 12 (1238) санында жарияланған));

      2) "Кредиттік оқыту технологиясы бойынша оқу үдерісін ұйымдастырудың ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі міндетін атқарушының 2007 жылғы 22 қарашадағы № 566 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2010 жылғы 30 шілдедегі № 404 бұйрығының (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6406 тіркелген және "Егемен Қазақстан" 2011 жылғы 4 ақпандағы № 36 (26439) санында жарияланған)) күші жойылды деп танылсын.

      3. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті (С.М. Өмірбаев) белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өтуін қамтамасыз етсін;

      2) мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін осы бұйрықты бұқаралық ақпарат құралдарында жарияласын.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылауды өзіме қалдырамын.

      5. Осы бұйрық алғаш рет ресми жарияланғаннан кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр Б. Жұмағұлов

  Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрінің
2011 жылғы 20 сәуірдегі
№ 152 бұйрығымен
бекітілген

Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында оқытудың кредиттік технологиясы бойынша оқу процесін ұйымдастыру қағидалары

      Ескерту. Қағида жаңа редакцияда – ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің 05.04.2023 № 145 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында оқытудың кредиттік технологиясы бойынша оқу процесін ұйымдастыру қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-3 бабының 13) тармақшасына (бұдан әрі - Заң), "Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 19 тамыздағы № 580 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 88) тармақшасына (бұдан әрі – Ереже) сәйкес әзірленген және жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында (бұдан әрі – ЖЖОКБҰ) оқытудың кредиттік технологиясы бойынша (бұдан әрі - ОКТ) оқу процесін ұйымдастыру тәртібін айқындайды.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің 25.07.2023 № 334 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар мен анықтамалар пайдаланылады:

      1) академиялық еркіндік - білім беру процесінің субъектілеріне таңдау компоненті пәндері, оқытудың қосымша түрлері бойынша білім мазмұнын дербес анықтау үшін және білім алушылардың, оқытушылардың шығармашылық дамуына және оқытудың инновациялық технологиялары мен әдістерін қолдануға жағдай жасау мақсатында білім беру қызметін ұйымдастыру үшін ұсынылатын білім беру процесі субъектілерінің өкілеттіктер жиынтығы;

      2) академиялық кезең (Term) (терм) – семестр және триместр сияқты екі нысанның біреуін ЖЖОКБҰ өзі белгілейтін теориялық оқу кезеңі;

      3) академиялық кредит - білім алушының және (немесе) оқытушының (педагогтің) білім беру бағдарламасының оқу нәтижелеріне қол жеткізу үшін қажетті ғылыми және (немесе) оқу жұмысының көлемін өлшеудің біріздендірілген бірлігі;

      4) академиялық күнтізбе (Academic Calendar) - оқу жылы бойына демалыс күндерін (каникулдар мен мерекелерді) көрсете отырып, оқу және бақылау іс-шараларын, кәсіби практикаларды өткізу күнтізбесі;

      5) академиялық сағат - оқу сабақтарының немесе оқу жұмысының басқа түрлерінің көлемін өлшеу бірлігі, 1 академиялық сағат 50 минутқа тең (ӘАОО-да 1 академиялық сағат кемінде 40 минутқа тең), академиялық күнтізбені, оқу сабақтарының кестесін жасау кезінде, өтілген оқу материалын жоспарлау мен есепке алуда, сондай-ақ педагогикалық жүктемені жоспарлау және оқытушының жұмысын есептеу кезінде пайдаланылады;

      6) академиялық ұтқырлық – білім алушыларды немесе оқытушыларды белгілі бір академиялық кезеңге (семестр немесе оқу жылы) басқа ЖЖОКБҰ-ға (ел ішінде немесе шетелде) академиялық кредиттер түрінде игерген білім беру бағдарламаларын, пәндерін міндетті түрде қайта сынақ ретінде тапсыра отырып өз ЖЖОКБҰ-да немесе басқа ЖЖОКБҰ-да білімін жалғастыру немесе зерттеулер жүргізу үшін ауыстыру;

      7) белсенді үлестірмелі материалдар (БҮМ) (Hand-оuts) - білім алушының тақырыпты шығармашылықпен табысты меңгеру үшін оқу сабақтарында таратылатын көрнекі безендірілген материалдар (дәріс тезистері, сілтемелер, слайдтар, мысалдар, глоссарийлер, өз бетінше жұмыс істеуге арналған тапсырмалар);

      8) білім алушылардың оқудағы жетістігі - білім алушылардың оқу процесінде алатын және жеке тұлғаның қол жеткізген даму деңгейін көрсететін білімі, іскерліктері, дағдылары және құзыреті;

      9) білім алушыларды қорытынды аттестаттау (Qualification Examination) – жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына сәйкес білім беру бағдарламасында көзделген оқу пәндерінің және (немесе) модулдерінің көлемін және оқу қызметінің басқа түрлерін білім алушылардың игеру дәрежесін анықтау мақсатында өткізілетін рәсім;

      10) білім алушының академиялық рейтингі (Rating) (ретинг) - аралық аттестаттау нәтижелері бойынша құрылатын, пәндердің және (немесе) модулдердің оқу бағдарламасын және оқу қызметінің басқа түрлерін білім алушылардың меңгеру деңгейінің сандық көрсеткіші;

      11) білім алушының өзіндік жұмысы (бұдан әрі - БӨЖ) - өз бетінше оқуға берілген, оқу-әдістемелік әдебиеттермен және ұсынымдармен қамтамасыз етілген, тест, бақылау жұмыстары, коллоквиумдар, рефераттар, шығармалар мен есеп берулер түрінде бақыланатын, оқу нәтижелеріне қол жеткізуге бағытталған тақырыптардың белгілі бір тізбесі бойынша жасалатын жұмыс; білім алушының санатына қарай ол студенттің өзіндік жұмыстары (бұдан әрі - СӨЖ), магистранттың өзіндік жұмыстары (бұдан әрі - МӨЖ) және докторанттың өзіндік жұмыстары (бұдан әрі - ДӨЖ) болып бөлінеді; БӨЖ-нің бүкіл көлемі білім алушыдан күнделікті өзіндік жұмыс атқаруды талап ететін тапсырмалармен расталады;

      12) екі дипломдық білім беру - қос тең бағалы диплом немесе бір негізгі және екінші қосымша диплом алу мақсатында, екі білім беру бағдарламалары мен оқу жоспарлары бойынша оқу мүмкіндігі;

      13) Еуропалық трансферт (аудару) және кредиттер жинау жүйесі (ECTS) – білім алушының шетелде алған кредиттерін өзі оқитын білім беру ұйымына оралғанда дәреже алу, сондай-ақ білім беру бағдарламасы шеңберінде кредиттер жинау үшін есептелетін кредиттерге аудару тәсілі;

      14) жеке оқу жоспары - білім беру бағдарламасы мен элективті пәндер каталогы және (немесе) модульдер негізінде эдвайзердің көмегімен білім алушы әр оқу жылына дербес қалыптастыратын оқу жоспары;

      15) кредиттік ұтқырлық – білім алушыларды өзі оқитын ЖЖОКБҰ-да оқуын жалғастыру шеңберінде – академиялық кредиттерді жинақтау мақсатында шетелге белгілі бір шектеулі оқу немесе тағылымдама кезеңіне орын ауыстыру (ұтқырлық фазасынан соң білім алушылар оқуын аяқтау үшін өзі оқитын білім беру ұйымына оралады);

      16) қосымша білім беру бағдарламасы (Мinor) (минор) - қосымша құзыреттерді қалыптастыру мақсатында оқу үшін білім алушы анықтаған пәндердің және (немесе) модульдердің және оқу жұмысының басқа түрлерінің жиынтығы.

      17) модуль - дербес, білім беру бағдарламасының құрылымдық элементін оқыту нәтижелері тұрғысынан аяқталған, айқын қалыптасқан, білім алушылар меңгеретін білім, іскерліктер, дағдылар, құзыреттер және бағалаудың барабар критерийлері;

      18) модульдік оқыту - білім беру бағдарламасының модульдік құрылымы, оқу жоспары және оқу пәндері негізінде оқу процесін ұйымдастыру тәсілі;

      19) негізгі білім беру бағдарламасы (Major) (мажор) - негізгі құзыреттерді қалыптастыру мақсатында білім алушы анықтаған білім беру бағдарламасы;

      20) оқу жетістіктерін бағалаудың балдық рейтингтік әріптік жүйесі - халықаралық тәжірибеде қабылданған әріптік жүйедегі сандық эквивалентіне сәйкес келетін және білім алушылардың рейтингін белгілеуге мүмкіндік беретін балл түріндегі оқу жетістіктерінің деңгейін бағалау жүйесі;

      21) оқу пәніне жазу (Enrollment) - білім алушыларды оқу пәндеріне тіркеу рәсімі;

      22) оқытудың кредиттік технологиясы - білім алушылардың пәндерді және (немесе) модульдерді зерделеу дәйектілігін академиялық кредиттер жинақтай отырып, таңдауы және дербес жоспарлауы негізінде оқыту;

      23) оқытушының жетекшілігімен жүргізілетін білім алушының өзіндік жұмысы (бұдан әрі – ОБӨЖ) – ЖЖОКБҰ немесе оқытушы анықтайтын жеке кесте бойынша жүргізіледі; білім алушының жұмысы білім алушының санатына қарай ол: оқытушының жетекшілігімен жүргізілетін студенттің өзіндік жұмысы (бұдан әрі – ОСӨЖ) және оқытушының жетекшілігімен жүргізілетін магистранттың өзіндік жұмысы (бұдан әрі – ОМӨЖ) және оқытушының жетекшілігімен жүргізілетін докторанттың өзіндік жұмысы (бұдан әрі – ОДӨЖ) болып бөлінеді;

      24) постреквизиттер (Postrequisite) (постреквизит) - зерделеу үшін қажет етілетін білімдер, іскерліктер, дағдылар және осы пәнді зерделеу аяқталған соң игерілетін құзыреттер қажет етілетін пәндер (модулдер) және оқу жұмысының басқа түрлері;

      25) пререквизиттер (Prerequisite) (пререквизит) - пәндер және (немесе) модульдер және зерделенетін пәнді игеруге қажетті білімнен, іскерліктен, дағдылар мен құзыреттерден тұратын оқу жұмысының басқа түрлері;

      26) транскрипт (Transcript) (транскрипт) - кредиттер мен бағаларды көрсететін тиісті оқу кезеңі ішіндегі игерілген пәндер тізбесі мен оқу жұмысының басқа түрлерінен құралған құжат;

      27) тьютор – білім алушыға нақты пәнді және (немесе) модульді игеруге көмектесетін академиялық консультант рөлін атқарушы оқытушы;

      28) үлгерімнің орташа балы (Grade Point Average - GPA) - таңдап алған бағдарлама бойынша белгілі бір оқу кезеңі ішінде білім алушының қол жеткізген білім деңгейінің орташа өлшемді бағасы (осы оқу кезеңі ішіндегі кредиттердің жалпы санына пәндер бойынша аралық аттестаттау бағалары балдарының сандық эквивалентіндегі кредиттердің жалпы сомасының қатынасы);

      29) эдвайзер (Advisor) - тиісті мамандық бойынша білім алушының академиялық тәлімгері функциясын атқаратын, оқу траекториясын таңдауына (жеке оқу жоспарының қалыптасуына) және оқу кезеңінде білім беру бағдарламаларын игеруіне ықпал ететін оқытушы;

      30) элективті пәндер - жоғары оқу орны компонентіне және белгіленген академиялық кредиттер шеңберінде таңдау компонентіне кіретін және білім беру ұйымы енгізетін, білім алушылардың жеке дайындығын көрсететін, нақты өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму ерекшеліктері мен қажеттіліктерін ескеретін оқу пәндері, қалыптасқан ғылыми мектептер;

      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің 29.04.2024 № 203 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      3. ОКТ бойынша оқу процесін ұйымдастырудың негізгі міндеттері:

      1) білім көлемін біріздендіру;

      2) оқытуды барынша дараландыру үшін жағдай жасау;

      3) білім алушылардың өзіндік жұмыстарының рөлі мен тиімділігін күшейту;

      4) білім алушының оқудағы жетістіктерін оларды тиімді әрі ашық бақылау рәсімдері негізінде анықтау болып табылады.

      4. ОКТ мыналарды қамтиды:

      1) білім алушылар мен оқытушылардың әрбір пән және оқу жұмысының басқа түрлері бойынша еңбек шығынын бағалау үшін академиялық кредиттер жүйесін енгізу;

      2) ӘАОО-ны қоспағанда, білім алушылардың ЖОЖ қалыптастыруға тікелей қатысуын қамтамасыз ететін, ЭПК-ге енгізілген пәндерді және (немесе) модульдерді таңдау еркіндігі;

      3) ӘАОО-ны қоспағанда, ЖЖОКБҰ-лар үшін пәндерге тіркеу кезінде білім алушылардың оқытушыны таңдау еркіндігі;

      4) оқу процесіне білім алушылардың білім траекториясын таңдауына ықпал ететін эдвайзерлерді тарту;

      5) интерактивті оқыту әдістерін пайдалану;

      6) білім беру бағдарламасын игеруде білім алушылардың өзіндік жұмысын жандандыру;

      7) факультеттің (институттың) және кафедралардың оқу процесін ұйымдастырудағы, ЖЖОКБҰ-ға арналған білім беру бағдарламаларын қалыптастырудағы академиялық еркіндігі;

      8) оқу процесін ұйымдастыруда оқытушылардың академиялық еркіндігі;

      9) оқу процесін қажетті оқу және әдістемелік материалдармен қамтамасыз ету;

      10) білім алушылардың оқу жетістіктерін бақылаудың тиімді әдістері;

      11) әр оқу пәні және оқу жұмысының басқа түрлері бойынша білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалаудың балдық-рейтингілік жүйесін пайдалану.

      5. ОКТ білім алушының оқу нәтижелеріне қол жеткізуге бағытталған оқытудың жеке білім траекториясын таңдауы және дербес жоспарлауы негізінде жүзеге асырылады.

2-тарау. ОКТ бойынша оқу процесін ұйымдастыру тәртібі

1-параграф . ОКТ кезіндегі білім беру бағдарламалары мен оқу жоспарлары

      6. Оқу жоспарлары екі түрде әзірленеді:

      1) жеке оқу жоспарлары (бұдан әрі - ЖОЖ);

      2) оқу жұмыс жоспарлары (бұдан әрі - ОЖЖ).

      ӘАОО-да оқу жоспарлары үлгілік оқу жоспарлары (ҮОЖ) және оқу жұмыс жоспарлары (ОЖЖ) болып бөлінеді. ҮОЖ-ны ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті органмен келісім бойынша тиісті мемлекеттік органның басшысы бекітеді. ҮОЖ-да міндетті компоненттің әр оқу пәнінің және оқу қызметінің әр түрінің (практика, мемлекеттік емтихандар, диплом жұмысын жазу мен қорғау) еңбек сыйымдылығы кредитпен анықталады, ал оқу пәндерінің әр циклы бойынша ЖОО компоненті кредиттердің жалпы санымен көрсетіледі.

      Ескерту. 6-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің 25.07.2023 № 334 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      7. ӘАОО-ны қоспағанда, ЖЖОКБҰ әр білім беру бағдарламасы бойынша элективті пәндердің каталогын (бұдан әрі - ЭПК) әзірлейді.

      ЭПК білім алушыларды жеке білім траекториясын құру үшін элективті оқу пәндерін баламалы таңдау мүмкіндігімен қамтамасыз етеді.

      8. ӘАОО-ны қоспағанда, білім беру бағдарламасының және ЭПК негізінде білім алушылар эдвайзерлердің көмегімен ЖОЖ әзірлейді.

      ЖОЖ әрбір білім алушының жеке білім алу траекториясын бөлек анықтайды. ЖОЖ-ға міндетті компоненттің (МК), ЖОО компонентінің (ЖК) және таңдау компонентінің (ТК) пәндері мен оқу қызметінің түрлері (практика, ғылыми-зерттеу / эксперименттік-зерттеу жұмысы, қорытынды аттестаттау нысандары) кіреді.

      9. Техникалық және кәсіптік немесе орта білімнен кейінгі немесе жоғары білім базасында қысқартылған мерзіммен білім беру бағдарламалары бойынша білім алушы:

      1) қол жеткізілген оқу нәтижелеріне, алдыңғы білім деңгейінде игерілген пререквизиттерге байланысты өзінің жеке оқу жоспарын қалыптастырады, оларды ЖЖОКБҰ міндетті түрде қайта есептейді және оның транскриптіне енгізеді;

      2) ЖЖОКБҰ қолданыстағы білім беру бағдарламасының негізінде дербес анықтайтын жеке оқу мерзімін және білім беру бағдарламасының көлемін иеленеді.

      10. ЭПК, ЖОЖ, ОЖЖ жасау мен бекіту нысанын, тәртібін ЖЖОКБҰ дербес анықтайды.

      ӘАОО-да ОЖЖ мамандықтың ҮОЖ негізінде бүкіл оқу кезеңіне әзірленеді және оны ӘАОО басшысы бекітеді.

      11. Оқытудың кредиттік технологиясы бойынша оқу процесін ұйымдастыру кезінде әр оқу пәнінің көлемі академиялық кредиттердің тұтас санын құрайды. Бұл ретте, 5 академиялық кредиттен кем емес көлеммен анықталады. Пәнді 3-4 академиялық кредитпен бағалауға рұқсат етіледі.

      Мәдениет және өнер саласындағы ЖЖОКБҰ-да пәнді 2 академиялық кредитпен бағалауға рұқсат етіледі.

      ӘАОО-да әр пәннің көлемі тұтас кредиттер санын құрайды және пәнді 1-2 кредитпен бағалайды.

      12. Дене шынықтыруды, тілдер пәндерін қоспағанда, әр оқу пәні қайталанбайтын бір атаудан құралады.

      Мәдениет және өнер саласындағы ЖЖОКБҰ-да бірнеше академиялық кезең ішінде пәндерді игеруге жол беріледі.

      ӘАОО-да пәнді бірнеше академиялық кезең ішінде игеруге рұқсат етіледі.

      13. Оқу пәндерінің мазмұны үлгілік оқу жоспраларымен және (немесе) оқу жұмыс бағдарламаларымен (силлабустармен) анықталады.

      14. Үлгілік оқу бағдарламалары (бұдан әрі - ҮОБ) бакалавриатта ЖБП циклының міндетті компонентінің пәндері бойынша Ереженің 15-тармағының 13) тармақшасына сәйкес әзірленеді.

      ӘАОО-да ЖБП циклының пәндері бойынша ҮОБ-ны ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті органмен келісім бойынша қарамағында ӘАОО бар мемлекеттік орган бекітеді.

      Ескерту. 14-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің 25.07.2023 № 334 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      15. Оқу жұмыс бағдарламаларын (силлабустарды) білім беру бағдарламасының барлық пәндері бойынша ЖЖОКБҰ дербес әзірлейді.

      Оқу жұмыс бағдарламаларын (силлабустарды) әзірлеу мен бекітудің нысанын, құрылымын, тәртібін ЖЖОКБҰ дербес анықтайды.

      16. Бір модульдің көлемін білім беру ұйымы дербес анықтайды және екі және одан да көп оқу пәндерінен немесе бір және одан да көп пәндердің оқу жұмысының басқа түрлерімен үйлесімінен тұрады.

      17. Кәсіптік практикалар, қорытынды аттестаттау білім беру бағдарламасының тиісті модульдеріне қосылады. Бұл ретте кәсіптік практиканың әрбір түрі түрлі модульдерге жатқызылуы мүмкін.

2-параграф. ОКТ бойынша оқу процесі

      18. Бір оқу жылы шеңберінде оқу процесін ұйымдастыру ЖЖОКБҰ-ның білім беру ұйымының ғылыми кеңесінің шешімімен бекітілетін академиялық күнтізбе негізінде жүзеге асырылады.

      Академиялық күнтізбеде оқу жылы ішіндегі оқу сабақтарын, аралық және қорытынды аттестаттауды, кәсіптік практикаларды және оқу жұмысының басқа түрлерін өткізудің кезеңдері, демалыс күндері (демалыстар мен мерекелер) көрініс табады.

      19. Әр академиялық кезең білім алушылардың аралық аттестаттау кезеңімен аяқталады.

      ӘАОО-да әр академиялық кезеңнен кейін аралық аттестаттаудың ұзақтығы кемінде 1 аптаны құрайды.

      20. Каникулдар білім алушыларға оқу жылы ішінде кемінде 2 рет беріледі, демалыстың жалпы ұзақтығы, бітіруші курсты қоспағанда, кемінде 7 аптаны құрауы тиіс.

      ӘАОО-да оқу жылындағы демалыстың жалпы ұзақтығы, бітіруші курсты қоспағанда, кемінде 6 аптаны құрауы тиіс.

      21. Кәсіптік практика білім алушының оқу жұмысының міндетті түрі болып табылады.

      Кәсіптік практиканың негізгі түрлері оқу, педагогикалық, өндірістік, дипломалды және зерттеу практикалар болып табылады.

      Оқу процесін ұйымдастыру кезінде академиялық кезеңнен бөлек, сондай-ақ академиялық кезеңмен қатар кәсіптік практиканы енгізуге рұқсат етіледі.

      Кәсіптік практиканың нәтижелері аралық аттестаттау қорытындыларын жасау кезінде ескеріледі.

      Практиканың ұзақтығы 30 сағатқа тең апта ішінде (5 күндік жұмыс аптасында күніне 6 сағат) практикадағы білім алушының нормативтік жұмыс уақытына қарай аптамен анықталады.

      ӘАОО үшін барлық практика түрлерінің (тағылымдамалардың) ұзақтығы 60 сағатқа тең апта ішінде (6 күндік жұмыс аптасында күніне 10 сағат) практикадағы курсанттардың нормативтік жұмыс уақытына қарай аптамен анықталады.

      Қазақстан Республикасының аумағында Үкіметтің және ЖЖОКБҰ шешімі бойынша құрылған, Үкімет шешімі бойынша халықаралық стратегиялық әріптестік орнатқан шетелдік ЖЖОКБҰ және (немесе) шетелдік ЖЖОКБҰ филиалдары практика түрлерін дербес айқындайды.

      22. Білім алушылардың қосымша білім алуға, академиялық қарыздарын немесе оқу жоспарларындағы айырмашылықтарын жоюға, басқа білім беру ұйымдарындағы оқу пәндерін оқуға және кредиттерді меңгеруге, өзі оқитын жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымында міндетті түрде қайта сынақ тапсыруға, орташа үлгерім балын көтеруге (GPA), аралас немесе қосымша білім беру бағдарламасын, оның ішінде екі дипломдық білім беру шеңберіндегі білім беру бағдарламасын игеруге деген қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін ұзақтығы кемінде 6 апта жазғы семестрді енгізуге рұқсат етіледі (бітіруші курсты қоспағанда).

      ӘАОО-да курсанттардың қосымша білім алуға, академиялық қарыздарын немесе оқу жоспарларындағы айырмашылықтарын жоюға, басқа білім беру ұйымдарындағы оқу пәндерін оқуға, орташа үлгерім балын көтеруге деген қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін ұзақтығы 4 аптаға дейін жазғы семестрді енгізуге рұқсат етіледі (бітіруші курсты қоспағанда).

      23. Оқу жұмысы көлемін жоспарлаған кезде бір академиялық кредит оның барлық түрлері үшін 30 академиялық сағатқа тең болатыны негізге алынады. Оқу жұмысының барлық түрлері бойынша бір академиялық сағат 50 минутқа тең.

      ӘАОО-да оқу сабақтарының барлық түрлеріне, практиканың барлық түрлеріне және қорытынды аттестаттауға қолданылатын бір академиялық сағат кемінде 40 минутты құрайды.

      24. Бір қазақстандық академиялық кредиттің еңбек сыйымдылығы (30 академиялық сағат) ECTS-тің 1 кредитіне (25-30 академиялық сағат) сәйкес келеді.

      25. Оқытудың кредиттік технологиясында білім алушының өзіндік жұмысы екі бөлімге бөлінеді: оқытушының жетекшілігімен жүргізілетін өзіндік жұмысқа (ОБӨЖ) және толық өзі орындайтын жұмыс (ОБӨЖ - БӨЖ).

      БӨЖ-нің бүкіл көлемі білім алушыдан күнделікті өзіндік жұмысты талап ететін тапсырмалармен расталады.

      26. Білім алушының оқытушымен байланыс жұмысының арасындағы уақыт арақатынасын және оқу қызметінің барлық түрлері бойынша БӨЖ-ні ЖЖОКБҰ дербес анықтайды. Бұл ретте аудиториялық жұмыс көлемі әр пән көлемінің кемінде отыз пайызын құрайды.

      Қашықтан оқытуды қолдана отырып пәндерді оқу кезінде жаппай ашық онлайн курстарды қолдану арқылы игеру көзделетін пәндерді қоспағанда, әрбір пәннің жалпы көлемінің жиырма пайыздан аспайтын көлемінде қашықтан оқытуға ауыстыру көзделеді.

      Онлайн-оқыту кезінде синхронды сабақтардың арақатынасы, жаппай ашық онлайн курстарды қолдану арқылы игеру көзделген пәндерді қоспағанда, әрбір пәннің жалпы көлемінің кемінде жиырма пайызын құрайды.

      27. Теориялық оқыту мен аралық аттестаттауды жоспарлау бірыңғай кредиттер көлемімен жүзеге асырылады, яғни әр пән бойынша кредиттердің жалпы саны оны оқытудан, сондай-ақ осы пән бойынша дайындықтан және аралық аттестаттау нысанынан өтуден құралады.

      28. Әр оқу пәні бір академиялық кезеңде оқытылады және қорытынды бақылаумен аяқталады.

      ӘАОО-да әр пәнді оқыту аяқталған соң, курсанттар емтихан түрінде қорытынды бақылау тапсырады. Егер пәннің ұзақтығы екі және одан көп академиялық кезеңнен тұрса, әр академиялық кезең аяқталған соң емтихан түріде аралық бақылау өткізіледі. Кәсіптік практикалардың, курстық жұмыстардың (жобалардың), әскери тағылымдамалардың барлық түрлері қорғау арқылы бағаланады.

      29. Профессор-оқытушылар құрамының педагогикалық жүктемесін жоспарлау академиялық сағаттармен және (немесе) кредиттермен жүзеге асырылады. Бұл ретте, аудиториялық сабақтардағы педагогикалық жүктеме 1 академиялық сағат 50 минутқа тең деген нормаға сәйкес есептеледі. Оқу жұмысының басқа түрлері бойынша педагогикалық жүктеме ЖЖОКБҰ дербес белгілеген норма негізінде есептеледі.

      ӘАОО-да педагогикалық жүктеме 1 академиялық сағат кемінде 40 минутқа тең деген нормаға сәйкес есептеледі.

      30. Академиялық лектер мен топтар осы пәнге және осы оқытушыға жазылған білім алушылардың жеткілікті саны және олардың рентабельділігінің жеткілікті деңгейіне қол жеткізу принципі бойынша қалыптасады.

      Академиялық лек пен топтың толығуын ЖЖОКБҰ дербес анықтайды.

      31. Білім алушылардың оқу пәндеріне (Enrollment) жазылуын Регистратор офисі ұйымдастырады. Бұл ретте білім алушылармен ұйымдастыру-әдістемелік және консультация беру жұмыстарын жүргізу үшін білім алушыларды қолдау қызметі мен эдвайзерлер тартылады.

      32. Білім алушы жеке оқу траекториясын анықтау кезінде ЖОО компоненті және таңдау компоненті шеңберінде:

      1) негізгі білім беру бағдарламасы бойынша пәндерді;

      2) қосымша білім беру бағдарламасы бойынша пәндерді таңдайды (бар болса).

      33. Негізгі білім беру бағдарламасы бойынша пәндерді таңдау мен игеру тәртібі пререквизиттердің болуын ескере отырып жүзеге асырылады.

      Қосымша білім беру бағдарламасы бойынша пәндерді таңдау мен игеру тәртібі аралас және бейіндік білім беру бағдарламалар бойынша қосымша құзыреттерді алу, сондай-ақ білім алушының жеке қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін жүзеге асырылады.

      34. Қосымша білім беру бағдарламасы бойынша таңдалатын пәндердің көлемін ЖЖОКБҰ дербес анықтайды. Бұл ретте, қосымша білім беру бағдарлама пәндерін білім алушылар ЖК және (немесе) ТК пәндері шеңберінде зерделейді және олардың көлемі негізгі білім беру бағдарламасы бойынша тиісті дәрежені немесе біліктілікті беруге қажетті академиялық кредиттердің жалпы көлеміне кіреді.

      35. Оқу пәндеріне жазылу процесінде білім алушы өзінің ЖОЖ қалыптастырады. Бұл ретте олар:

      1) оқытудың кредитік технологиясы бойынша оқу процесін ұйымдастыру қағидаларымен танысады;

      2) оқу пәндеріне тіркеудің және ЖОЖ-ға өзгерістер енгізудің белгіленген мерзімдерін сақтайды;

      3) игерілген пререквизиттерді ескере отырып, пәндерге жазылады.

      36. Білім алушылардың оқу жетістіктері (білімі, іскерліктері, дағдылары мен құзыреттері) халықаралық практикада қабылданған цифрлық эквиваленті бар әріптік жүйеге және дәстүрлі жүйедегі бағаларға сәйкес келетін 100 балдық шкала бойынша (оң бағалар "А"-дан "D"-ға дейін азаю арқылы және "қанағаттанарлықсыз" – "FX", "F") балдармен бағаланады.

      "FХ" белгісіне сәйкес келетін "қанағаттанарлықсыз" баға алған жағдайда білім алушының ЖЖОКБҰ-ның академиялық күнтізбесіне сәйкес пән/модуль бойынша қорытынды бақылауды (емтиханды) оқу пәнінің/модулдің бағдарламасын қайта өтпей-ақ бір реттен артық емес қайта тапсыру мүмкіндігіне ие.

      "F" белгісіне сәйкес келетін "қанағаттанарлықсыз" баға алған жағдайда, білім алушы осы оқу пәніне/модуліне қайта жазылады, оқу сабақтарының барлық түрлеріне қатысады, бағдарламаға сәйкес оқу жұмысының барлық түрлерін орындайды және қорытынды бақылауды (емтиханды) қайта тапсырады.

      37. Білім беру бағдарламасын іске асыру сапасын арттыру және білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалаудың объективтілігін қамтамасыз ету мақсатында пән/модуль бойынша оқыту және қорытынды бақылау процестері бөлінеді.

      ӘАОО-ны қоспағанда, білім алушылардың аралық және қорытынды аттестаттауын Регистратор офисі ұйымдастырады.

      38. Регистратор офисі осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес білім алушыларды аралық аттестаттау нәтижелерінің тұрақты мониторингін және олардың талдауын бағалау кестесіне сәйкес жүргізеді, ол білім алушылардың топтарында өту деңгейінен жоғары абсолюттік бағалардың нақты пайыздық бөлінуін көрсетеді.

      39. Білім алушыға оқу пәндері (модульдер) және оқу жұмысының басқа түрлері бойынша, сондай-ақ білім беру бағдарламаны зерделеу аяқталған соң академиялық кредиттер беру олардың қол жеткізген оқу нәтижелері оң бағаланған жағдайда жүзеге асырылады.

      40. Білім алушының алдыңғы оқу деңгейлерінде және формальды және формальды емес білім берудің басқа ұйымдарында қол жеткізген оқу нәтижелері мен алған оң бағаларын ЖЖОКБҰ академиялық кредиттерді қайта санау арқылы дербес таниды.

      41. Ауыстыру, қайта қабылдау кезінде қол жеткізілген оқу нәтижелері, білім алушының оң бағалары академиялық кредиттерді бір білім беру бағдарламадан екіншісіне, бір ЖЖОКБҰ-дан екінші ЖЖОКБҰ-ға ауыстыру арқылы танылады.

      42. Барлық академиялық кредиттер және білім алушының формальды және формальды емес білім берудегі алған оқу нәтижелері бүкіл өмір бойы жиналады және ЖЖОКБҰ дербес қайта есептейді.

3-параграф . Білім алушылардың академиялық ұтқырлығын, оның ішінде халықаралық кредиттік ұтқырлығын ұйымдастыру

      43. Академиялық ұтқырлығын қамтамасыз ету үшін білім алушылар басқа ЖЖОКБҰ-да, оның ішінде шетелде жекелеген пәндерді зерделейді.

      Бұл ретте ЖЖОКБҰ арасында екіжақты шарт жасалады.

      44. Басқа білім беру ұйымдарында алуан түрлі білім беру тәжірибелерінен пайда алу мақсатында "ұтқырлық терезелерінен" білім алушының басқа ЖЖОКБҰ-да игеретін уақытша шектеулері, оқу пәндері мен кредит көлемдері анықталады.

      45. Білім алушылардың академиялық ұтқырлығын ұйымдастыру тәртібін және іріктеуді ЖЖОКБҰ дербес жүзеге асырады.

      Бұл ретте, мемлекет деңгейінде қаржыландырылатын бағдарламалар шеңберінде академиялық ұтқырлыққа қатысуға жіберу Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2008 жылғы 19 қарашадағы № 613 бұйрығымен (Нормативтік құықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5499 болып тіркелген) бекітілген Шетелге, оның ішінде академиялық оралымдылық шеңберінде оқытуға жіберу қағидалары аясында жүзеге асырылады.

      46. Халықаралық кредиттік ұтқырлыққа қатысу үшін қабылдаушы білім беру ұйымы қарастырған деңгейде шетел тілін білуі тиіс.

      47. Ұтқырлық бағдарламасы бойынша білім алушының оқуын растайтын қорытынды құжат транскрипт немесе болған елдегі оның баламасы болып табылады.

      Транскриптке оқыту бағдарламасы туралы мәліметтер: пәндердің (модульдің) атаулары, бағалар, игерілген академиялық кредиттердің саны енгізіледі.

      48. Білім алушы академиялық ұтқырлық шеңберінде толық көлемде игерген және транскриптпен расталған оқыту нәтижелерін ЖЖОКБҰ міндетті тәртіпте қайта есептейді.

4-параграф. Екі дипломдық білім беру бағдарламаларын және бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеу мен іске асыру тәртібі

      49. Екі диплом бағдарламалары - әріптес жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының білім беру бағдарламаларын салыстыруға және синхрондауға негізделген және бағдарламаның мақсаты мен мазмұнын анықтау, дәреже беру немесе берілетін біліктіліктер сияқты мәселелер бойынша тараптардың ортақ міндеттемелер қабылдауымен сипатталатын бағдарламалар.

      50. Екі дипломдық білім беру бағдарламалары екі әріптес ЖЖОКБҰ арасындағы келісім негізінде әзірленеді.

      Бұл ретте, екі дипломдық білім беру бағдарламаларын іске асырудың міндетті шарттары:

      1) келісілген білім беру бағдарламаларын әзірлеу мен бекіту;

      2) екі дипломдық білім беруге қосылған білім алушының білім беру бағдарламасының бөлігін әріптес ЖЖОКБҰ игеруі;

      3) сапаны қамтамасыз етудің уағдаластықтары, жалпы принциптері мен стандарттары негізінде оқыту кезеңдері мен нәтижелерін міндетті түрде тану және автоматты түрде қайта санау;

      4) оқытушылардың екі дипломдық бағдарламаға тартылуы, білім беру бағдарламаларын бірігіп әзірлеуі, оқыту, жалпы қабылдау және аттестаттау комиссияларына қатысуы;

      5) екі дипломдық білім беру бағдарламасын толық игерген білім алушыларға әрбір әріптес ЖЖОКБҰ дәрежесі не уағдаластықтар негізінде бір біріккен дәреже беріледі.

      51. Білім алушыны екі дипломдық білім беру бағдарламасына қосу оның өтініші негізінде және әріптес ЖЖОКБҰ-мен жасалған келісімге (шартқа) сәйкес жүзеге асырылады.

      Білім алушылар әріптес ЖЖОКБҰ-ға қабылдау рәсімдерінен өтеді.

      52. Екі дипломдық білім беру бағдарламасына қосылған шетелдік білім алушылар "қосылған білім" ерекше белгісімен және оқыту кезеңін, мерзімін, пәндердің санын және игерілген кредиттердің көлемін көрсете отырып, білім алушылардың жалпы контингентіне қабылдаудың ұқсас рәсімінен өтеді.

      53. Білім алушының жеке оқу жоспары оқу пәндерінің тізбесін, олардың еңбек сыйымдылығын (кредит және сағат түрінде), семестрлер, игерілетін әріптес жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары бойынша бөлуді, қайта есептеу тәртібін қамтиды.

      54. Екі дипломдық білімнің білім беру бағдарламасы Қазақстан Республикасының жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарының талаптарын және әріптес ЖЖОКБҰ талаптарын ескереді.

      Екі тараптың білім беру бағдарламалары пәндерінің тізбесі білім алушының жеке оқу жоспарын жасау кезінде ескеріледі. Сонымен қатар білім алушы практиканың барлық түрлерін және қорытынды аттестаттауды толық көлемде өтеді.

      55. Екі дипломдық білім беру бағдарламалары бойынша оқыту кезінде қашықтан оқыту арқылы түрлі оқыту технологиялары пайдаланылуы мүмкін.

      56. Әр оқу жылының соңында тиісті бағдарлама модулін жүзеге асыратын әріптес ЖЖОКБҰ білім алушыға транскрипт береді.

      57. Оқыту аяқталған және бағдарламаның әрқайсысы бойынша барлық талаптар орындалған соң, білім алушыға академиялық дәреже беру туралы белгіленген үлгідегі екі диплом және уағдаластық негізінде екі транскрпит немесе бір біріккен диплом беріледі.

  Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрінің
2011 жылғы 20 сәуірдегі
№ 152 бұйрығына
1-қосымша

Басшылыққа арналған бағалауды бөлу кестесі

ЖЖОКБҰ қолданылатын бағалар (барынша жоғары бағалаудан ең төменгі бағалауға дейінгі оң бағалау)

Референттік топқа қойылатын оң бағалардың саны

Оң бағалардың жалпы санына қатысты әрбір бағаның пайызы

Оң бағалардың жиынтық пайызы

10

50

5%

5%

9

100

10%

15%

8

350

35%

50%

7

300

30%

80%

6

200

20%

100%

Қорытынды

1000

100%

-

  Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрінің
2011 жылғы 20 сәуірдегі
№ 152 бұйрығына
2-қосымша

Білім алушылардың оқудағы жетістіктерін төрт балдық жүйе бойынша сандық эквивалентке сәйкес бағалаудың әріптік жүйесі

Әріптік жүйе бойынша бағалау

Балдардың сандық эквиваленті

Пайыздық мазмұны

Дәстүрлі жүйе бойынша бағалау

А

4,0

95-100

Өте жақсы

А-

3,67

90-94

В+

3,33

85-89

Жақсы

В

3,0

80-84

В-

2,67

75-79

С+

2,33

70-74

С

2,0

65-69

Қанағаттанарлық

С-

1,67

60-64

D+

1,33

55-59

D

1,0

50-54

FX

0,5

25-49

Қанағаттанарлықсыз

F

0

0-24


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады