Ескерту. Күші жойылды – ҚР Ұлттық экономика министрінің 04.02.2021 № 14 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 28 маусымдағы № 728 қаулысымен бекітілген Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Тірек ауылдық елді мекендерді айқындау әдістемесі бекітілсін.
2. "Тірек ауылдық елді мекендерді айқындау әдістемесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасы Өңірлік даму министрінің 2013 жылғы 18 қыркүйектегі № 234/НҚ бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8821 болып тіркелген, 2013 жылғы 28 қарашадағы "Егемен Қазақстан" газетінде № 263 (28202) жарияланған) күші жойылды деп танылсын.
3. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Өңірлік саясат және жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту департаменті Тірек ауылдық елді мекендердің тізбесін уақтылы келісу жөнінде қажетті шаралар қабылдасын.
4. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Өңірлік саясат және жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту департаменті:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін баспа және электрондық түрде мерзімді баспасөз басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін Республикалық құқықтық ақпарат орталығына ресми жариялауға жіберуді;
3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастырылуын;
4) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Заң департаментіне осы бұйрықтың 4 тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтер ұсынуды қамтамасыз етсін.
5. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика вице-министріне жүктелсін.
6. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының | |
Ұлттық экономика министрі | Е. Досаев |
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2016 жылғы 2 ақпандағы № 53 бұйрығымен бекітілген |
Тірек ауылдық елді мекендерді айқындау әдістемесі
1. Жалпы ережелер
1. Осы Тірек ауылдық елді мекендерді айқындау әдістемесі (бұдан әрі - Әдістеме) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 28 маусымдағы № 728 қаулысымен бекітілген Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасына сәйкес әзірленген.
2. Әдістеме жергілікті атқарушы органдардың аудандар (облыстық маңызы бар қалалар) әкімдіктерімен бірлесіп, тірек ауылдық елді мекендерді (бұдан әрі - ТАЕМ) айқындау іс-қимылдарының алгоритмін белгілейді.
2. ТАЕМ-ді айқындаудың өлшемшарттары
3. ТАЕМ:
1) ауылдық округтердің орталықтары және ауылдық округ құрамына кірмейтін ауылдар мен кенттер болып табылатын;
2) әлеует деңгейі 50 балдан кем емес әлеуметтік-экономикалық дамудың жоғары немесе орта әлеуеті бар;
3) қаладан немесе аудан орталығынан 20 километрден кем емес радиуста орналасқан;
4) халқының саны ауылдық округтер орталықтары, ауылдық округтың құрамына кірмейтін ауылдармен кенттер арасындағы ауданның орташа арифметикалық көрсеткішінен кем емес ауылдық елді мекендер (бұдан әрі - АЕМ) қатарынан айқындалады.
4. ТАЕМ-ді айқындау кезінде мыналар:
1) елді мекендер жүйесінде басым түрде ортада орналасуы және елді мекендер тобын қамтудың оңтайлы радиусы;
2) басым базалық кәсіпорын (ірі ауыл шаруашылығы өндірісі және басқалар);
3) басым түрде шекаралық аумақта орналасуы;
4) басқа ТАЕМ-нен 50 километрден кем емес қашықтықта орналасуы;
5) дамыған әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым;
6) перспективалық даму және құрылыс салу үшін аумақтар (бос жерлердің болуы, шектеу факторларының болмауы);
7) өткізу нарықтарына көліктік қолжетімділік;
8) қолайлы экологиялық ахуал ескеріледі.
3. Жергілікті атқарушы органдардың іс-қимыл алгоритмі
5. Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органы осы әдістеменің ТАЕМ-ді айқындау өлшемшарттарына сәйкес ТАЕМ тізбесін қалыптастырады және облыстың жергілікті атқарушы органына ұсынады.
6. Облыстың жергілікті атқарушы органы өңірлік даму саласындағы уәкілетті органның келісімі бойынша ТАЕМ тізбесін айқындайды.
4. Ақпарат көздері
7. ТАЕМ-ді айқындау үшін ақпарат көздері мыналар:
1) жалпы мемлекеттік статистикалық байқаулардың деректері;
2) АЕМ әлеуметтік-экономикалық жағдайын және даму перспективасын зерттеп-қарау барысында жергілікті атқарушы органдардан алынған ақпарат;
3) ведомстволық байқаулардың деректері болып табылады.