Тірек ауылдық елді мекендерді айқындау әдістемесін бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары - Қазақстан Республикасы Өңірлік даму министрінің 2013 жылғы 18 қыркүйектегі № 234/НҚ бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2013 жылы 17 қазанда № 8821 тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрінің 2016 жылғы 2 ақпандағы № 53 бұйрығымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Ұлттық экономика министрінің 02.02.2016 № 53 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 18 шілдедегі № 816 қаулысымен бекітілген Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысатын адамдарға кәсіпкерлікті дамытуды мемлекеттік қолдауды ұйымдастыру және қаржыландыру қағидаларының 19-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Тірек ауылдық елді мекендерді айқындау әдістемесі бекітілсін.
      2. Жергілікті өзін-өзі басқаруды, ауылдық және шекара маңы аумақтарын дамыту департаменті Тірек ауылдық елді мекендердің тізбесін уақтылы келісу жөнінде қажетті шаралар қабылдасын.
      3. Жергілікті өзін-өзі басқаруды, ауылдық және шекара маңы аумақтарын дамыту департаменті:
      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін бұқаралық ақпарат құралдарында ресми жариялануын;
      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Өңірлік даму министрлігінің ресми интернет-ресурсында жариялануын;
      4) осы бұйрықтың облыстардың жергілікті атқарушы органдарының назарына жеткізуді қамтамасыз етсін.
      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Өңірлік даму вице-министрі С.М. Жұманғаринге жүктелсін.
      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
      Премьер-Министрінің
      бірінші орынбасары –
      Қазақстан Республикасы
      Өңірлік даму министрі                        Б. Сағынтаев

Қазақстан Республикасы         
Премьер-Министрінің бірінші орынбасары –
Қазақстан Республикасы         
Өңірлік даму министрінің        
2013 жылғы 18 қыркүйектегі      
№ 234/НҚ                 
бұйрығымен бекітілген          

Тірек ауылдық елді мекендерді айқындау әдістемесі

1. Жалпы ережелер

      1. Осы тірек ауылдық елді мекендерді айқындау әдістемесі (бұдан әрі - Әдістеме) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 18 шілдедегі № 816 қаулысымен бекітілген Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысатын адамдарға кәсіпкерлікті дамытуды мемлекеттік қолдауды ұйымдастыру және қаржыландыру қағидаларының 19-тармағына сәйкес әзірленген.
      2. Әдістеме жергілікті атқарушы органдарының тірек ауылдық елді мекендерді (бұдан әрі - ТАЕМ) айқындау тәсілдерін белгілейді.
      ТАЕМ – бұл дамыған әлеуметтік-инженерлік инфрақұрылымы бар, ауылдық елді мекендердің (бұдан әрі – АЕМ) белгілі тобына мемлекеттік, білім беру, денсаулық сақтау, қаржылай-делдалдық, мәдени-демалыс және сервистік қызмет көрсететін, абаттандырылған елді мекен.
      3. ТАЕМ-ді анықтау:
      1) мемлекет кепілдік берген мемлекеттік қызметтерге қолжетімділікті арттыру (АЕМ тұрғындарына әлеуметтік инфрақұрылым ұйымдарының қызмет көрсетуін ұтымды радиусқа дейін азайту);
      2) халықтың жоғары өмір сүру деңгейін қамтамасыз ету;
      3) демографиялық ахуалды жақсарту үшін негіздерді құру;
      4) ауылдық жерде өмір сүру беделін арттыру мақсатында жүзеге асырылады.
      Жергілікті атқарушы органдардың ұзақ мерзімге арналған стратегиялық және бағдарламалық құжаттарында ауыл халқының өмір сүру және еңбек ету жағдайларын жақсартуға бағытталған (өндірістің және халықтың шоғырлануы, өндірістік, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдардың құрылысын салу және қайта жаңарту) ТАЕМ-дегі өзара байланысқан іс-шаралар кешені көрсетіледі.

2. ТАЕМ-нің негізгі міндеттері

      4. ТАЕМ-нің негізгі міндеттеріне мыналар жатады:
      1) ТАЕМ тартылыс аймағында орналасқан елді мекендер тобының тұрғындарына әлеуметтік-мәдени қызмет көрсету, оның ішінде білім беру, медициналық қызмет көрсету, мәдениет, демалыс, спорт объектілері (мәдениет үйлері, клубтар, кітапханалар, спорттық және ойын-сауық мекемелері) салаларында қызмет көрсетуге қолжетімділікті қамтамасыз ету;
      2) ауыл шаруашылығы өнімдерінің тауар өндірушілеріне сервистік қызмет көрсету (сервистік дайындау цехтары, ауыл шаруашылығы тауарларын сақтау қоймалары, қайта өңдеу цехтары, мал сою пункттері және басқалар);
      3) мемлекеттік қызметтерді ұсыну (халыққа қызмет көрсету орталықтарының (ХҚКО) филиалдарынан анықтамалар алу, мүлікті тіркеу, азаматтық хал актілерін тіркеу (АХАТ), нотариус қызметтері және басқалар);
      4) сауда-тұрмыстық және сервистік қызмет көрсету (сауда нүктелері, қоғамдық тамақтану пункттері, тұрмыстық қызметтер, тұрмыстық техниканы жөндеу, жанар-жағар май станциялары (ЖЖМС), қонақүйлер, ательдер, техникалық қызмет көрсету станциялары (ТҚС) және басқалар);
      5) қаржылық қызметтерді (банктердің филиалдары, шағын несиелік ұйымдар, ауылдық кредиттік серіктестіктер, сақтандыру компанияларының филиалдары және басқалар) қамтамасыз ету;
      6) көліктік қызметтерді (дамыған логистикалық жүйе, автобекеттері және басқалар) ұсыну.

3. ТАЕМ-ді айқындаудың өлшемдері

      5. Тірек ауылдық елді мекендер тек қана:
      1) ауылдық және кенттік округтердің орталықтары болып табылатын;
      2) даму әлеуеті 50 балдан кем емес жоғары және орта әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті бар;
      3) қаладан немесе аудан орталығынан 20 шақырымнан кем емес радиуста орналасқан;
      4) халқының саны ауданның ауылдық және кенттік округтері орталықтарының арасындағы орташа арифметикалық көрсеткіштен кем емес АЕМ қатарынан анықталады.
      6. Тірек ауылдық елді мекенде мыналар болуға тиіс:
      1) елді мекендер жүйесінде басымды түрде ортада және елді мекендер тобын қамтудың ұтымды радиусында орналасу;
      2) басым базалық кәсіпорын (ірі ауыл шаруашылығы өндірісі және басқалар);
      3) басым түрде шекаралық аумақта орналасу;
      4) басқа ТАЕМ-нен 50 шақырымнан кем емес қашықтықта орналасу;
      5) қамсыздандыру нормативтеріне сәйкес дамыған әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым;
      6) перспективалық даму және құрылыс салу үшін аумақтар (бос жерлердің болуы, шектеу факторларының болмауы);
      7) өткізу нарықтарына көліктік қол жетімділік;
      8) қолайлы экологиялық ахуал.

4. Ақпарат көздері

      7. ТАЕМ-ді айқындау үшін ақпарат көздері мыналар болып табылады:
      1) жалпымемлекеттік статистикалық байқаулардың деректері;
      2) АЕМ әлеуметтік-экономикалық жағдайын және даму перспективасын тексеру барысында жергілікті атқарушы органдардан алынған ақпарат;
      3) ведомстволық байқаулардың деректері.
      8. Облыстың жергілікті атқарушы органы аудандардың әкімдіктерімен бірлесіп, осы әдістемені басшылыққа ала отырып, облыстың ТАЕМ тізбесін анықтайды.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады