РҚАО-ның ескертпесі!
Бұйрық 01.01.2017 ж. бастап қолданысқа енгізіледі
2014 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексі 83-бабының екінші бөлігіне және «Қазақстан Республикасының құқықтық актілері туралы» 2016 жылғы 6 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы 50-бабының 2-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. «Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті әскери полициясы органдарының гауптвахтасында сотталғандарды ұстаудың ішкі тәртіптемесі мен тәртібінің қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының 2014 жылғы 25 қыркүйектегі № 319 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9842 болып тіркелген, 2014 жылғы 27 қарашадағы № 232 (28455) «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған) мынадай өзгерістер енгізілсін:
аталған бұйрықпен бекітілген Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті әскери полициясы органдарының гауптвахтасында сотталғандарды ұстаудың ішкі тәртіптемесі мен тәртібінің қағидаларында:
2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Әскери полиция органдарының гауптвахтасында сот үкімімен белгіленген мерзімге қамауға алу түрінде жазалауға қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін сотпен сотталған Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының әскери қызметшілері ұсталады.»;
40-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«40. Гауптвахтада ұсталатын сотталған әскери қызметшілер:
1) жататын орынмен;
2) ұйқы кезінде төсек-орын жабдықтарымен: матрацпен, жастықпен, көрпемен, үш ақжаймамен, екі жастық тысымен, екі сүлгімен. Сондай-ақ әйел жынысты адамдарға гигиеналық сүлгі беріледі;
3) тамақтану кезінде асханалық ыдыспен және асханалық жабдықтармен: табақпен, сапты аяқпен, қасықпен;
4) жалпыәскери жарғылармен, кітаптармен, журналдармен және мерзімді басылымдармен;
5) жуыну керек-жарақтарымен және жеке гигиеналық заттармен қамтамасыз етіледі.
Гауптвахтада ұсталатын сотталған әскери қызметшілер камераларда тамақтанады.
Түнгі уақытта барлық камералар кезекшілік жарықпен жарықтандырылады.»;
43-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«43. Гауптвахтада ұсталатын сотталған әскери қызметшілер Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының 2015 жылғы 22 мамырдағы № 38/ҚБП бұйрығымен бекітілген Бейбіт уақытқа арналған Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметін, әскери қарсы барлау және әскери полиция органдарын азық-түлікпен, азықпен, жабдықпен және асханалық-ас үйлік ыдыспен жабдықтау нормаларына (Нормативтік құқықтық актілерді тіркеу тізілімінде № 11435 болып тіркелген) сәйкес азық-түлікпен қамтамасыз етіледі.
Оларды тамақтандыруға тіркеу азық-түлік аттестаттары бойынша жүргізіледі.
Азық-түлік аттестаттары жоқ сотталғандар гауптвахта балансында тұрған әскери бөлім командирінің бұйрығынан үзінді бойынша жабдықталымға алынады.».
90-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«90. Сотталған әскери қызметшілерге медициналық көмек көрсетудің өзге де мәселелері Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы 5 шілдедегі № 364 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының Ішкі қызмет жарғысымен және денсаулық сақтау саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасымен реттеледі.».
2. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Әскери полиция департаменті:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде белгіленген тәртіпте мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық мемлекеттік тіркеуден өткен соң күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспа басылымдарына және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесіне ресми жариялауға;
3) мемлекеттік тіркеуден өткен соң күнтізбелік бес күн ішінде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің Эталондық бақылау банкіне орналастыру үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Республикалық құқықтық ақпарат орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Әскери полиция департаментінің қызметіне жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
4. Осы бұйрық ресми жариялауға жатады және 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Ұлттық
қауіпсіздік комитетінің Төрағасы
ұлттық қауіпсіздік генерал-лейтенанты В. Жұмақанов