"Мемлекеттік статистика туралы" Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 19 наурыздағы Заңының 12-бабы 5) тармақшасына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 24 қыркүйектегі № 1011 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі туралы ереженің 17-тармағы 258) тармақшасына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Орталық банк қызметтерін есепке алу әдістемесі бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің Ұлттық шоттар басқармасы Заң басқармасымен бірлесіп заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмелерін мерзімді баспасөз басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялануға жіберілуін;
3) мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде осы бұйрықтың көшірмелерін қағаз және электрондық түрде Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберілуін;
4) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
3. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің Ұлттық шоттар басқармасы осы бұйрықты жұмыс бабында басшылыққа алу және пайдалану үшін Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің құрылымдық бөлімшелеріне және аумақтық органдарына жеткізсін.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитеті төрағасының орынбасарына (Г.М. Керімханова) жүктелсін.
5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің төрағасы |
Н. Айдапкелов |
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитеті төрағасының 2016 жылғы 21 қараша № 271 бұйрығымен бекітілді |
Орталық банк қызметтерін есепке алу әдістемесі
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Орталық банк қызметтерін есепке алу әдістемесі (бұдан әрі - Әдістеме) халықаралық стандарттарға сәйкес қалыптастырылатын және "Мемлекеттік статистика туралы" Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 19 наурыздағы Заңына сәйкес бекітілетін статистикалық әдіснамаға жатады.
2. Осы Әдістеме халықаралық стандарттарға сәйкес орталық банк қызметтерін есепке алу кезінде Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің пайдалануына арналған және Ұлттық шоттар жүйесінің мақсаттары үшін қолданылады.
3. Осы Әдістеменің мақсаты әдіснамалық зерттеулердің соңғы жетістіктеріне сәйкес орталық банк қызметтерінің есептеулерін жетілдіру, қаржы секторында қалыптасатын жалпы шығарылым, аралық тұтыну және қосылған құн бағалауларының сенімділігін арттыру болып табылады.
4. Әдіснамалық негіз ретінде Халықаралық Валюта Қоры (ХВҚ), Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ), Еуропалық қоғамдастықтардың статистикалық бюросы (Еуростат), Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) және Дүниежүзілік банк әзірлеген 2008 жылғы Ұлттық шоттар жүйесі пайдаланылған.
5. Осы Әдістемеде мынадай анықтамалар қолданылады:
1) аралық тұтыну - есепті кезеңде тауарлар мен қызметтер өндірісіне шығындар ретінде өндіріс үдерісінде түрленетін немесе түгелдей тұтынылатын тауарлар мен қызметтер құнын білдіреді;
2) жалпы қосылған құн – өндірістік қызметтің түпкілікті нәтижесін сипаттайды және осы өндірістік үдерістегі өңдеумен қосылған құндылықты білдіреді. Салалар деңгейінде тауарлар және көрсетілетін қызметтер шығарылымы мен аралық тұтыну арасындағы айырмашылық ретінде есептеп шығарылады, өндіріс үдерісінде тұтынылған негізгі капиталдың құнын қамтиды;
3) жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) – елдің экономикалық қызметінің түпкі нәтижесін сипаттайтын ұлттық шоттар жүйесінің маңызды көрсеткіштерінің бірі;
4) нарықтық емес шығарылым - үй шаруашылықтарына қызмет көрсететін коммерциялық емес ұйымдар немесе мемлекеттік басқару органдармен өндірілген және басқа институционалдық бірліктерге немесе жалпы қоғамға тегін немесе экономикалық маңызы жоқ бағаларымен ұсынылатын тауарлар мен жеке немесе ұжымдық қызметтер;
5) нарықтық шығарылым – экономикалық маңызы бар бағаларымен сатуға арналған шығарылым;
6) негізгі капиталды тұтыну – өндірушіге жататын және өндірушімен пайдаланатын негізгі қорлар құнының есепті кезең ішінде оның табиғи тозуы мен сапалық тозуының және кездейсоқ бүлінуінің нәтижесінде азаюын көрсетеді;
7) өндіріске салынатын басқа да салықтар - өнімге салынатын салықтардан басқа, өндірісте қатысуы нәтижесінде өндірушілермен төленуге жататын салықтар болып табылады;
8) ұлттық шоттар жүйесі (ҰШЖ) – елдің экономикалық қызметінің нәтижелерін сипаттайтын шоттар мен кестелердің белгілі жиынтығы түріде құрастырылған статистикалық көрсеткіштердің жүйесі.
2-тарау. 2008 жылғы Ұлттық шоттар жүйесіне сәйкес орталық банк қызметтерінің жіктелімі
6. Орталық банктің қызметі нарықтық және нарықтық емес операцияларды жүзеге асырудан тұрады. Орталық банк қызметтерінің шығарылымын есептеу әдіснамасы негізінде нарықтық және нарықтық емес операциялар арасындағы айырмашылық анықталған.
7. Орталық банк ұсынатын қызметтер үш санатқа жіктеледі:
ақша-кредиттік саясатын жүзеге асырумен байланысты көрсетілетін қызметтер;
қаржылық делдалдық қызметтер;
қаржылық ұйымдардың қызметтерін қадағалау және бақылау жөніндегі көрсетілетін қызметтер.
Ақша-кредиттік саясатын жүзеге асырумен байланысты қызметтер ұжымдық қызметтер болып табылады, олар жалпылай алғанда қоғамға ұсынылады және нарықтық емес шығарылымды құрайды. Нарықтық емес қызметтер барлық қоғамның мүддесі үшін жүзеге асырылатын қызметті білдіреді және ұлттық шоттарда осы қызмет мемлекеттік басқару органдарының түпкілікті тұтынуға жұмсаған шығындары ретінде көрсетіледі.
Қаржылық делдалдық қызметтері жеке қызметтер болып табылады және нарықтық қызметтер ретінде қарастырылады.
Қадағалау және бақылауды жүзеге асыру бойынша көрсетілетін қызметтер шекаралық жағдайлар ретінде қарастырылады және халықаралық тәжірибеде осы қызметтердің санаты нарықтық немесе нарықтық емес қызметтер ретінде қарастырылады.
3-тарау. Орталық банк қызметтерінің жалпы шығарылымын есептеу
8. Орталық банк қызметтерінің шығарылымын және аралық тұтынуын есептеу кезінде әкімшілік дереккөздері пайдаланылған.
Орталық банк қолданатын өндіріс табыстары, шығыстары және шығындары жіктелімі ҰШЖ қағидаттарымен келісілмейді және ҰШЖ-да орталық банк қызметін көрсету қағидаттарына бейімделуді талап етеді. Қаржылық есептілік деректері бұдан әрі өңдеуді талап ететін бастапқы ақпаратты білдіреді. Орталық банктің өндіріске жұмсаған шығындарын анықтау кезінде орталық банк қызметінің ұйымдастырылу ерекшелеріне және шығындардың қаржыландырылу әдістерін есепке алу қажет болады. Орталық банктің табыстары мен шығыстарында пайыздық түсімдер мен төлемдер басым болады, олар ҰШЖ-да сәйкесінше шығарылымның бөлігі болып табылмайтын жеке меншіктен түсетін кірістер ретінде қарастырылады.
9. 2008 жылғы Ұлттық шоттар жүйесінде қабылданған орталық банк қызметтерінің шығарылымын айқындау әдіснамасы орталық банк қызметтерінің жалпы шығарылымын бағалау өндіріске жұмсалған шығындардың сомасы бойынша жүзеге асырылатындай тәсілді қолдануды көздейді.
Осы Әдістемеде орталық банк қызметтерінің жалпы шығарылымы келесі компоненттер шығындарының сомасы ретінде есептеледі:
аралық тұтыну;
еңбекақы төлеу;
негізгі капиталды тұтыну;
өндіріске салынатын басқа да салықтар.
10. Орталық банктің аралық тұтынуы өндіріске жұмсалған шығындар мен көрсетілген қызметтерге төленген нақты төлемдерді қамтиды.
Аралық тұтынуға келесі шығыстар жатады: комиссиялық шығыстар, монетарлық қызмет бойынша шығыстар, монетарлық емес қызмет бойынша шығыстар, банкнот пен монеталар шығару бойынша шығыстар, өзге де жалпы және әкімшілік шығыстар.
Комиссиялық шығыстар кастодиандық, сенімгерлік (трасттық) және өзге де қызмет бойынша шығыстарды, өзге де комиссияларды қамтиды.
Аралық тұтынуға өтелетін шығыстар, яғни еншілес және басқа кәсіпорындарға көрсетілген қызметтерге төленген төлемдер нәтижесінде пайда болатын шығыстар ақырында қосылмайды, себебі нәтижесінде бұл шығыстар көрсетілген ұйымдар тарапынан өтелуге жатады.
Өзге де жалпы және әкімшілік шығыстар іссапар шығыстарын, автокөлік шығыстарын, байланыс қызметтеріне жұмсалған шығыстарды, қорғау мен дабыл жүйесі бойынша шығыстар, коммуналдық қызметтер бойынша шығыстарды, негiзгi құралдарды ағымдағы жөндеу және техникалық қызмет көрсету (тексеру) бойынша шығыстарды, мүлікті жалға беру бойынша шығыстарды, өзге де шығыстарды (аудиторлық, консалтингтік қызметтер, өзге де арнайы қызметтер бойынша шығыстар) қамтиды.
Өзге де жалпы шаруашылық және әкімшілік шығыстардан аралық тұтынуға негізгі құралдарды сақтандыру бойынша шығыстар, қорлар бойынша шығыстар қосылмайды, тәуліктік шығыстар еңбекақы төлеу компонентке жатады.
11. Еңбекақы төлеу компоненті еңбекақы бойынша шығыстарды және персоналмен өзге де төлемдерді, персоналды сақтандыру бойынша шығыстарды, еңбекақыға қосымша төлемдерді, әлеуметтік аударымдарды, әлеуметтік салықты, кадр даярлауға жұмсалған шығыстарды қамтиды.
12. Негізгі капиталды тұтынуға негізгі құралдардың өтелімі мен тозуы (компьютерлер, автомобильдер, құрал-жабдықтар, жиһаз, машиналар мен жабдықтар, ғимараттар мен имараттар, беріліс құрылғылары, өзге де негізгі құралдары) жатады.
13. Өндіріске салынатын басқа да салықтар компоненті әлеуметтік салықты (әлеуметтік салықтың жалпы сомасынан 55%) қамтиды. Әлеуметтік салықтың қалған сомасы еңбекақы төлеу компонентінде есепке алынады. Қоршаған ортаға эмиссия үшін төлемақы, аукциондардан алынатын алым, өзге де салықтар басқа да ағымдағы салықтар болып жіктеледі.
Орталық банк қызметтерінің жалпы шығарылымын есептеу осы Әдістемеге 1-қосымшада келтірілген.
4-тарау. Орталық банк қызметтерінің нарықтық шығарылымын айқындау
14. Орталық банк қызметтерінің шығарылымының нарықтық компоненті кірістердің келесі баптарын қамтиды: комиссиялық кірістер, монеталарды сатудан түскен кірістер, жалға берілген негізгі құралдар бойынша кірістер, монетарлық қызмет бойынша кірістер, пайыздық кірістерді қоспағанда монетарлық емес қызмет бойынша кірістер. Пайыздық кірістер табысты экономиканың әртүрлі субъктілері арасында қайта бөлуді көрсетеді, бұл қызмет көрсету болып табылмайды және шығарылымның есептеуіне қосылмайды.
Орталық банк сенімгерлік басқару бойынша трасттық компанияларға, зейнетақы қорына және еншілес ұйымдарға қызмет көрсетеді, активтерді басқарады немесе алынған қаражаттарды клиенттің нұсқауына сәйкес қаржылық құралдарға инвестициялайды. Осы қызметтерді көрсеткені үшін орталық банк комиссиялық сыйақы алады, бұл ретте орталық банктің жоғарыда көрсетілген ұйымдар тарапынан өтелуге жататын шығыстары шығарылым бағалауға жатпайды.
Орталық банк қаржылық корпорацияларды қадағалау бойынша қызметті жүзеге асырады, қадағалау қызметтерін көрсету үшін төлем жүргізілмейді, ұлттық шоттарда осы қызметтер нарықтық емес шығарылым ретінде қарастырылады.
15. Орталық банк кірістерінің елеулі бөлігі құнды қағаздарды және шетел валютасын сатып алу және сату операцияларын жүзеге асыру нәтижесінде пайда болады. Осы операцияларды жүзеге асыру операциялар қатысушыларына орталық банкпен қандай да бір қызмет көрсетуді көздемейді. Осының нәтижесінде осындай операциялардан түсетін кірістер орталық банк қызметтерінің шығарылымына қосылмайды.
5-тарау. Орталық банк қызметтерінің нарықтық емес шығарылымын ұсыну
16. Нарықтық емес шығарылым өндіріске жұмсалған шығындардың сомасы бойынша есептелген жалпы шығарылымнан және нарықтық қызметтің түсімдерден тұратын нарықтық шығарылым арасындағы айырмашылық. Жалпы қосылған құн жалпы шығарылым мен аралық тұтыну арасындағы айырмашылық ретінде аңықталады.
Орталық банк қызметтерінің нарықтық, нарықтық емес шығарылымын және жалпы қосылған құнын есептеу осы Әдістемеге 2-қосымшада келтірілген.
Орталық банк жататын корпорацияның түпкілікті тұтынуға жұмсаған шығыстары ҰШЖ қағидаттарына сәйкес пайда болмайды. Ақша-кредит саясатын жүзеге асырумен байланысты нарықтық емес қызметтер мемлекеттік басқару органдарының түпкілікті тұтынуға жұмсаған шығыстары ретінде қарастырылады. Мемлекеттік басқару органдары орталық банкте нақты пайда болатын шығыстарды көтере алмайды. Осы себептен орталық банк төлеген және мемлекеттік басқару органдары алған орталық банк қызметтерінің нарықтық емес шығарылымы құнының мөлшерінде ағымдағы трансфертті көрсету қажет.
Нарықтық емес шығарылым құнының мөлшерінде орталық банктен мемлекеттік басқару секторына берілген ағымдағы трансферт табыстарды қайталама бөлу шотында көрсетіледі: орталық банк үшін - пайдалану жағында, мемлекеттік басқару секторы үшін - ресурстар жағында. Осы трансферт мемлекеттік басқару секторының түпкілікті тұтынуға жұмсаған шығыстарын қаржыландыру үшін пайдаланылады.
17. Осы Әдістеменің қағидаларын тәжірибеде қолдану ЖІӨ көлеміне, салалық және институционалдық құрылымына, пайдалану құрылымының көрсеткіштеріне ықпал етеді. 2008 жылғы Ұлттық шоттар жүйесінің қағидаттарына жауап беретін орталық банк қызметтерінің шығарылымын жаңаша көрсетілуі орталық банктің өндіріс және табыстарды қайталама бөлу шоттарында ғана емес, сонымен қатар орталық банк қызметтерінің нарықтық емес шығарылымын түпкілікті тұтынушы ретінде қарастырылатын мемлекеттік басқару секторының қолдағы табыстарын пайдалану шотында өзгертулер енгізуді талап ететінін атап өту керек. Осы Әдістемеде қолданылған орталық банк қызметтерінің жалпы шығарылымын өндіріске жұмсалған шығындары бойынша бағалау тәсілі шығарылымы көрсеткішін және онымен байланысты ҰШЖ-ның басқа да көрсеткіштерін халықаралық салыстыруды қамтамасыз етуге негіз болады.
Орталық банк қызметтерін есепке алу әдістемесіне 1-қосымша |
Орталық банк қызметтерінің жалпы шығарылымын есептеу
№ | Жалпы шығарылымға жататын компоненттің атауы | Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің пайдасы мен зияны туралы есебінен алынған баптың/шоттың атауы |
1 | Аралық тұтыну | Комиссиялық шығыстар |
Монетарлық қызмет бойынша өзге де шығыстар | ||
Монетарлық емес қызмет бойынша шығыстар | ||
Банкнот пен монеталар шығару бойынша шығыстар | ||
Іссапар шығыстары | ||
Байланыс қызметтеріне жұмсалған шығыстар | ||
Автокөлік шығыстары | ||
Қорғау мен дабыл жүйесі бойынша шығыстар | ||
Коммуналдық қызметтер бойынша шығыстар | ||
Негiзгi құралдарды ағымдағы жөндеу және оларға техникалық қызмет көрсету (тексеру) бойынша шығыстар | ||
Жалға алынған мүлік және оны сақтандыру бойынша шығыстар | ||
Өзге де шығыстар | ||
2 | Еңбекақы төлеу | Еңбекақы және персоналмен байланысты өзге де есептеулер |
Персоналды сақтандыру бойынша шығыстар | ||
Әлеуметтік салық (әлеуметтік салықтың жалпы сомасынан 45%) | ||
Еңбекақыға қосымша төлемдер (сыйлықақылар, жәрдемақылар) | ||
Кадр даярлауға арналған шығыстар | ||
Әлеуметтік аударымдар | ||
3 | Негізгі капиталды тұтыну | Өтелім мен тозу |
4 | Өндіріске салынатын басқа да салықтар | Әлеуметтік салық (әлеуметтік салықтың жалпы сомасынан 55%) |
5 | Жалпы шығарылым, барлығы = Аралық тұтыну + Еңбекақы төлеу + Негізгі капиталды тұтыну + Өндіріске салынатын басқа да салықтар |
Орталық банк қызметтерін есепке алу әдістемесіне 2-қосымша |
Орталық банк қызметтерінің нарықтық, нарықтық емес шығарылымын және жалпы қосылған құнын есептеу
№ | Компоненттің атауы | Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің пайдасы мен зияны туралы есебінен алынған баптың/шоттың атауы |
1 | Нарықтық шығарылым | Комиссиялық кірістер |
Монеталар сатудан түскен кірістер | ||
Жалға берілген негізгі құралдар бойынша кірістер | ||
Монетарлық қызмет бойынша өзге де кірістер | ||
Монетарлық емес қызмет бойынша өзге де кірістер | ||
2 | Нарықтық емес шығарылым = Жалпы шығарылым – Нарықтық шығарылым | |
3 | Жалпы қосылған құн = Жалпы шығарылым – Аралық тұтыну |