Ескерту. Күші жойылды – ҚР Денсаулық сақтау министрінің 15.12.2020 № ҚР ДСМ-262/2020 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
РҚАО-ның ескертпесі!
Осы бұйрық 01.01.2018 ж. бастап қолданысқа енгізіледі
2009 жылғы 18 қыркүйектегі "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының Кодексі 103-1-бабының 2-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Химиялық кастрациялауды қолдану қағидалары бекітілсін.
2. Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты мемлекеттік тіркеген күнінен бастап күнтізбелік он күннің ішінде оны мерзімдік баспасөз басылымдарына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына ресми жариялау және Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің Эталондық бақылау банкіне қосу үшін жіберуді;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министрі Л.М.Ақтаеваға жүктелсін.
4. Осы бұйрық 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі |
Е. Біртанов |
"Келісілді"
Қазақстан Республикасының
Бас прокуроры
________________ Ж. Асанов
2017 жылғы 27 маусым
"Келісілді"
Қазақстан Республикасының
Ішкі істер министрі
________________ К. Қасымов
2017 жылғы 22 маусым
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2017 жылғы 15 маусымдағы № 423 бұйрығымен бекітілген |
Химиялық кастрациялауды қолдану қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Химиялық кастрациялауды қолдану қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) 2009 жылғы 18 қыркүйектегі "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 103-1-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленді және медициналық ұйым химиялық кастрациялау кезінде пайдаланатын антиандрогендік препаратты қолдану тәртібін және оны енгізу кезеңділігін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) антиандрогендік препарат - оның әсер ету механизмі жыныстық құмарлық деңгейін азайту мақсатында эндогенді тестостерон шығаруды және бөлуді төмендетуге бағытталған дәрілік зат;
2) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) - азаматтардың денсаулығын сақтау, медициналық және фармацевтикалық ғылым, медициналық және фармацевтикалық білім беру, дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың айналысы, медициналық қызметтер көрсету сапасын бақылау саласындағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
3) сексуалдық құмарлықтың бұзылуынан зардап шегетін адамдардағы декомпенсация жай-күйі - медициналық көмек көрсетілуі қажет адамдағы сексуалдық құмарлықтың еңсерілмейтін жай-күйі;
4) химиялық кастрация - медициналық ұйым сот шешімінің негізінде жүзеге асыратын, жыныстық құштарлықты азайтатын антиандрогендік препараттарды қабылдау;
5) химиялық кастрациялау емшарасы жүргізілетін адам (бұдан әрі - адам) - күшіне енген сот шешімінің негізінде жыныстық құмарлықты азайтатын антиандрогендік препаратты қабылдау тағайындалған адам.
3. Химиялық кастрациялау түрінде медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану сот шешімінің негізінде сексуалдық құмарлықтың бұзылуынан зардап шегетін адамдардағы декомпенсация жай-күйінің алдын алу мақсатында жүргізіледі.
4. 2014 жылғы 3 шілдедегі Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі - ҚР ҚК) 91-бабы 1-тармағының 3), 5) тармақшаларына сәйкес кәмелетке жасқа толмағандарға жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыс жасаған, қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінде (бұдан әрі - ҚАЖ мекемелері) жазасын өтеп жатқан 18 жастан асқан адамдарға қатысты химиялық кастрациялау түрінде медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасы күшіне енген сот шешімінің негізінде қолданылады.
Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары бас бостандығынан айыруды өтеу орнында, ал өзге де жаза түрлеріне сотталғандарға қатысты амбулаториялық психиатриялық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарында орындалады.
5. Адам келіп түскен сәттен бастап үш жұмыс күні ішінде ҚАЖ мекемесінің әкімшілігі амбулаториялық психиатриялық көмек көрсететін аумақтық денсаулық сақтау ұйымына сот шешімінің көшірмесімен ақпаратты жібереді.
6. Сот шешімін алғаннан кейін амбулаториялық психиатриялық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2011 жылғы 6 қаңтардағы № 15 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілердің тізілімінде № 6776 болып тіркелген) Қазақстан Республикасындағы психиатриялық ұйымдардың қызметі туралы ережеге сәйкес бес жұмыс күні ішінде химиялық кастрациялау түрінде медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары қолданылатын адамды белсенді динамикалық бақылау тобына қосады және адамның нақты тұратын немесе бекітілу жері бойынша аумақтық амбулаториялық-емханалық ұйымға ақпаратты (бұдан әрі - АЕҰ) береді.
7. Сот химиялық кастрациялау түрінде медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын тағайындаған адам ҚАЖ мекемесіне түскенде ҚАЖ-дың емдеу-профилактикалық мекемесінің психиатр дәрігерінде диспансерлік есепке алынуға тиіс.
2-тарау. Химиялық кастрациялау түрінде медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану тәртібі
8. ҚАЖ-дың емдеу-профилактикалық мекемесі химиялық кастрациялау емшарасын жүргізу басталғанға дейін денсаулық жағдайын бағалауды анықтау мақсатында сот химиялық кастрациялау түрінде медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдануды белгілеген адамды зертханалық-аспаптық қарап-тексеруден өткізеді.
9. Амбулаториялық психиатриялық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымы ҚАЖ-дың емдеу-профилактикалық мекемесін антиандрогендік препаратпен қамтамасыз етеді.
10. Химиялық кастрациялау емшарасын жүргізу үшін медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымының дәрігерлік-консультациялық комиссиясы (бұдан әрі - ДКК) эндокринолог, уролог және терапевт дәрігерлердің (жалпы практика дәрігерінің) қатысуымен медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы ақпаратты алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде және жүргізілген қарап-тексеру нәтижелерінің негізінде антиандрогендік препаратты іріктеуді айқындайды.
11. Антиандрогендік препарат осы дәрілік затты медициналық қолдану нұсқаулығында айқындалған кезеңділікпен енгізіледі.
12. Амбулаториялық психиатриялық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымы сот химиялық кастрациялау түрінде медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдануды белгілеген адамға химиялық кастрациялау емшарасын жүргізеді.
13. ҚАЖ-дың емдеу-профилактикалық мекемесі химиялық кастрациялаудың бірінші емшарасын жүргізу басталғаннан 6 айда 1 рет сот химиялық кастрациялау емшарасы жүргізілген адамға қарап-тексеруді ұйымдастырады (гормондардың деңгейін айқындау, физикалық деректер, жалпы клиникалық талдаулар).
14. ҚАЖ-дың емдеу-профилактикалық мекемесінің әкімшілігі арнайы психиатриялық комиссияны (бұдан әрі - АПК) құрайды. АПК құрамына: психиатр, эндокринолог, уролог және терапевт (жалпы практика дәрігерінің) дәрігерлер кіреді.
ҚР ҚК 96-бабының талаптарына сәйкес химиялық кастрациялауды ұзарту, өзгерту және тоқтату қажеттілігі туралы мәселені шешу үшін АПК отырысты алты айда бір реттен кем емес өткізіледі.
15. ҚР ҚК 93-бабының 3-тармағына, Қазақстан Республикасы Қылмыстық-атқару кодексінің 26-бабының 5-бөлігіне сәйкес ҚАЖ мекемесінің әкімшілігі сот-психиатриялық сараптама тағайындау және кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыс жасағаны үшін бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарға қатысты психикалық ауытқушылықтар мен сексуалдық зорлық-зомбылыққа бейімділіктің бар (жоқ) екендігі туралы мәселені шешу үшін жазаны өтеу мерзімі аяқталғанға дейін алты ай бұрын "Сот-сараптама қызметі туралы" 2017 жылғы 10 ақпандағы Қазақстан Республикасы Заңының 30-бабының 2-тармағына сәйкес сотқа материалдарды жолдайды.
Сот-психиатриялық сараптаманың нәтижелері бойынша ҚАЖ мекемесінің әкімшілігі медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын тағайындау, ұзарту, өзгерту немесе тоқтату туралы мәселені шешу үшін сотқа қорытындыны жолдайды.
16. Кәмелетке толмағандарға жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыс жасағаны үшін бас бостандығынан айыруға сотталған, сот шешімімен медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасы белгіленген адамды ҚАЖ мекемелерінен босату туралы хабарлама босатылғанға дейін бес жұмыс күні бұрын нақты тұратын жері бойынша амбулаториялық психиатриялық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымына және ішкі істер органына ұсынылады.
17. Амбулаториялық психиатриялық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымы, сот химиялық кастрациялау түрінде медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын белгілеген адам босатылған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде нақты тұратын жері бойынша есепке алуды жүзеге асырады.
18. Облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың амбулаториялық психиатриялық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымы химиялық кастрациялау емшарасы жүргізілген адамға нақты тұратын жері бойынша бақылауды жүзеге асырады және психотерапиялық көмек көрсетеді.
19. Психиатриялық денсаулық сақтау ұйымының амбулаториялық-емханалық бөлімшесінің дәрігері:
айына бір реттен кем емес жиілікпен қарап-тексерумен динамикалық байқауды қамтамасыз етеді;
психотроптық препараттар терапиясын тағайындайды;
антиандрогендік препаратты қолдануды бақылайды;
ДКК, АПК отырыстарын өткізу үшін құжаттарды дайындайды;
АЕБ мамандарымен өзара іс-қимылды қамтамасыз етеді;
адамға антиандрогендік препаратты енгізу кезеңділігінің жеке кестесін жасайды, оның көшірмесі, егер адам бас бостандығынан айыру орындарында болса, аталған адамды профилактикалық бақылауды және есепке алуды жүзеге асыратын учаскелік полиция инспекторына не ҚАЖ-дың емдеу-профилактикалық мекемесіне беріледі;
3 жұмыс күні ішінде бекітілген кестенің көшірмесін профилактикалық есепке алу ісінің материалдарына қосу үшін ішкі істер органдарының аумақтық бөлімшесіне жолдайды;
адам медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларынан жалтарған жағдайда, медициналық ұйымның басшылығын хабардар етеді.
20. Амбулаториялық психиатриялық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымының әкімшілігі облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың деңгейінде АПК құрайды.
АПК құрамына: психиатр, эндокринолог, уролог және терапевт (жалпы практика дәрігерінің) дәрігерлер қосылады.
ҚР ҚК 96-бабының талаптарына сәйкес химиялық кастрациялауды ұзарту, өзгерту және тоқтату қажеттілігі туралы мәселені шешу үшін АПК отырысты алты айда бір реттен кем емес өткізеді.
21. Адамның амбулаториялық психиатриялық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымынан босатылған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде келмеу фактісі бойынша ішкі істер органдарының бөлімшелерін хабардар етеді.
Ішкі істер органдарының бөлімшелері адамды іздеу іс-шарасын жүзеге асырады және тұратын жері анықталған жағдайда үш жұмыс күні ішінде амбулаториялық психиатриялық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымын хабардар етеді.
22. Адам қажетті қарап-тексеруден өтуден жалтарған жағдайда аумақтық АЕБ 24 сағат ішінде ішкі істер органдарының аумақтық бөлімшесіне хабарлайды.
Адам химиялық кастрациялауды жүргізуден жалтарған жағдайда амбулаториялық психиатриялық көмек көрсететін психиатриялық ұйым 24 сағат ішінде жазбаша түрде (еркін түрде) ішкі істер органдарының аумақтық бөлімшесіне хабарлайды.
23. Сот шешімінің негізінде химиялық кастрациялау емшарасы тоқтатылған жағдайда адам 2009 жылғы 18 қыркүйектегі "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 124-бабында белгіленген тәртіппен амбулаториялық психиатриялық көмек көрсететін аумақтық ұйымның психиатр дәрігерінде динамикалық диспансерлік бақылауға алынуы тиіс.