Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын қолдану қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 15 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-262/2020 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 20 желтоқсанда № 21810 болып тіркелді

      "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шілдедегі Кодексі 152-бабының 2-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес Химиялық кастрация түріндегі медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын қолдану қағидалары бекітілсін.

      2. "Химиялық кастрациялауды қолдану қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2017 жылғы 15 маусымдағы № 423 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 15399 болып тіркелген, "Егемен Қазақстан" газетінде 2017 жылғы 15 қарашада № 220 (29201) жарияланған) күші жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін күнтізбелік он күннің ішінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
      Денсаулық сақтау министрі А. Цой

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Бас прокуроры

      ____________ Ғ. Нұрдәулетов

      ________________ 2020 жыл


      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ішкі істер министрі

      ______________ Е. Тұрғымбаев

      ______________ 2020 жыл

  Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрі
2020 жылғы 15 желтоқсандағы
№ ҚР ДСМ-262/2020
Бұйрыққа қосымша

Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану қағидалары "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" 2020 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Республикасы кодексінің 152-бабына әзірленді және химиялық кастрация түріндегі медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) антиандрогендік препарат - оның әсер ету механизмі жыныстық құмарлық деңгейін азайту мақсатында эндогенді тестостерон шығаруды және бөлуді төмендетуге бағытталған дәрілік зат;

      2) химиялық кастрациялау емшарасы жүргізілетін адам (бұдан әрі - Адам) - күшіне енген сот шешімінің негізінде жыныстық құмарлықты азайтатын антиандрогендік препаратты қабылдау тағайындалған адам.

      3) сексуалдық құмарлықтың бұзылуынан зардап шегетін адамдардағы декомпенсация жай-күйі - медициналық көмек көрсетілуі қажет адамдағы сексуалдық құмарлықтың еңсерілмейтін жай-күйі;

      4) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) - Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығын сақтау, медициналық және фармацевтикалық ғылым, медициналық және фармацевтикалық білім беру, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы,, медициналық қызметтер (көмек) көрсету сапасын бақылау саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган

      5) химиялық кастрация - медициналық ұйым сот шешімінің негізінде жүзеге асыратын, жыныстық құштарлықты азайтатын антиандрогендік препараттарды қабылдау;

      3. Химиялық кастрациялау түрінде медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану сот шешімінің негізінде сексуалдық құмарлықтың бұзылуынан зардап шегетін адамдардағы декомпенсация жай-күйінің алдын алу мақсатында жүргізіледі.

      4. 2014 жылғы 3 шілдедегі Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі - ҚР ҚК) 91-бабы 1-тармағының 3), 5) тармақшаларына сәйкес кәмелетке жасқа толмағандарға жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыс жасаған, қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінде (бұдан әрі - ҚАЖ мекемелері) жазасын өтеп жатқан 18 жастан асқан адамдарға қатысты химиялық кастрациялау түрінде медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасы күшіне енген сот шешімінің негізінде қолданылады.

      Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары бас бостандығынан айыруды өтеу орнында, ал өзге де жаза түрлеріне сотталғандарға қатысты амбулаториялық психиатриялық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарында орындалады.

      5. Адам келіп түскен сәттен бастап үш жұмыс күні ішінде ҚАЖ мекемесінің әкімшілігі амбулаториялық психиатриялық көмек көрсететін аумақтық денсаулық сақтау ұйымына сот шешімінің көшірмесімен ақпаратты жібереді.

      6. Аумақтық амбулаториялық-емханалық ұйым (бұдан әрі – АЕҰ) сот шешімін алғаннан кейін 3 жұмыс күні ішінде өзіне қатысты сот шешімімен химиялық кастрация тағайындалған адамды нақты тұрғылықты жері немесе тіркелген жері бойынша динамикалық психиатриялық бақылаудың бірінші тобына қосады.

      7. Сот химиялық кастрациялау түрінде медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын тағайындаған адам ҚАЖ мекемесіне түскенде ҚАЖ-дың емдеу-профилактикалық мекемесінің психиатр дәрігерінде диспансерлік есепке алынуға тиіс.

2-тарау. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын қолдану тәртібі

      8. ҚАЖ-дың емдеу-профилактикалық мекемесі химиялық кастрациялау емшарасын жүргізу басталғанға дейін денсаулық жағдайын бағалауды анықтау мақсатында сот химиялық кастрациялау түрінде медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдануды белгілеген адамды зертханалық-аспаптық қарап-тексеруден өткізеді.

      9. Аумақтық АЕҰ, ҚАЖ-дың емдеу-профилактикалық мекемесін антиандрогендік препаратпен қамтамасыз етеді.

      10. Химиялық кастрациялау емшарасын жүргізу үшін медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымының дәрігерлік-консультациялық комиссиясы (бұдан әрі - ДКК) эндокринолог, уролог және терапевт дәрігерлердің (жалпы практика дәрігерінің) қатысуымен медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы ақпаратты алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде және жүргізілген қарап-тексеру нәтижелерінің негізінде антиандрогендік препаратты іріктеуді айқындайды.

      11. Антиандрогендік препарат осы дәрілік затты медициналық қолдану нұсқаулығында айқындалған кезеңділікпен енгізіледі.

      12. Аумақтық АЕҰ, сот химиялық кастрациялау түрінде медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдануды белгілеген адамға химиялық кастрациялау емшарасын жүргізеді.

      13. ҚАЖ-дың емдеу-профилактикалық мекемесі химиялық кастрациялаудың бірінші емшарасын жүргізу басталғаннан 6 айда 1 рет сот химиялық кастрациялау емшарасы жүргізілген адамға қарап-тексеруді ұйымдастырады (гормондардың деңгейін айқындау, физикалық деректер, жалпы клиникалық талдаулар).

      14. ҚАЖ-дың емдеу-профилактикалық мекемесінің әкімшілігі арнайы психиатриялық комиссияны (бұдан әрі - АПК) құрайды. АПК құрамына: психиатр, эндокринолог, уролог және терапевт (жалпы практика дәрігерінің) дәрігерлер кіреді.

      ҚР ҚК 96-бабының талаптарына сәйкес химиялық кастрациялауды ұзарту, өзгерту және тоқтату қажеттілігі туралы мәселені шешу үшін АПК отырысты алты айда бір реттен кем емес өткізіледі.

      15. ҚР ҚК 93-бабының 3-тармағына, Қазақстан Республикасы Қылмыстық-атқару кодексінің 26-бабының 5-бөлігіне сәйкес ҚАЖ мекемесінің әкімшілігі сот-психиатриялық сараптама тағайындау және кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыс жасағаны үшін бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарға қатысты психикалық ауытқушылықтар мен сексуалдық зорлық-зомбылыққа бейімділіктің бар (жоқ) екендігі туралы мәселені шешу үшін жазаны өтеу мерзімі аяқталғанға дейін алты ай бұрын "Сот-сараптама қызметі туралы" 2017 жылғы 10 ақпандағы Қазақстан Республикасы Заңының 30-бабының 2-тармағына сәйкес сотқа материалдарды жолдайды.

      Сот-психиатриялық сараптаманың нәтижелері бойынша ҚАЖ мекемесінің әкімшілігі медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын тағайындау, ұзарту, өзгерту немесе тоқтату туралы мәселені шешу үшін сотқа қорытындыны жолдайды.

      16. Кәмелетке толмағандарға жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыс жасағаны үшін бас бостандығынан айыруға сотталған, сот шешімімен медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасы белгіленген адамды ҚАЖ мекемелерінен босату туралы хабарлама босатылғанға дейін бес жұмыс күні бұрын нақты тұратын жері бойынша амбулаториялық психиатриялық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымына және ішкі істер органына ұсынылады.

      17. Аумақтық АЕҰ, сот химиялық кастрациялау түрінде медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын белгілеген адам босатылған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде нақты тұратын жері бойынша есепке алуды жүзеге асырады.

      18. Аумақтық АЕҰ, химиялық кастрациялау емшарасы жүргізілген адамға нақты тұратын жері бойынша бақылауды жүзеге асырады және психотерапиялық көмек көрсетеді.

      19. Аумақтық АЕҰ дәрігері:

      1) айына бір реттен кем емес жиілікпен қарап-тексерумен динамикалық байқауды қамтамасыз етеді;

      2) психотроптық препараттар терапиясын тағайындайды;

      3) антиандрогендік препаратты қолдануды бақылайды;

      4) ДКК, АПК отырыстарын өткізу үшін құжаттарды дайындайды;

      5) АЕБ мамандарымен өзара іс-қимылды қамтамасыз етеді;

      6) адамға антиандрогендік препаратты енгізу кезеңділігінің жеке кестесін жасайды, оның көшірмесі, егер адам бас бостандығынан айыру орындарында болса, аталған адамды профилактикалық бақылауды және есепке алуды жүзеге асыратын учаскелік полиция инспекторына не ҚАЖ-дың емдеу-профилактикалық мекемесіне беріледі;

      7) 3 жұмыс күні ішінде бекітілген кестенің көшірмесін профилактикалық есепке алу ісінің материалдарына қосу үшін ішкі істер органдарының аумақтық бөлімшесіне жолдайды;

      8) адам медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларынан жалтарған жағдайда, медициналық ұйымның басшылығын хабардар етеді.

      20. Аумақтық АЕҰ әкімшілігі облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың деңгейінде АПК құрайды.

      АПК құрамына: психиатр, эндокринолог, уролог және терапевт (жалпы практика дәрігерінің) дәрігерлер қосылады.

      ҚР ҚК 96-бабының талаптарына сәйкес химиялық кастрациялауды ұзарту, өзгерту және тоқтату қажеттілігі туралы мәселені шешу үшін АПК отырысты алты айда бір реттен кем емес өткізеді.

      21. Адамның амбулаториялық психиатриялық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымынан босатылған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде келмеу фактісі бойынша ішкі істер органдарының бөлімшелерін хабардар етеді.

      Ішкі істер органдарының бөлімшелері адамды іздеу іс-шарасын жүзеге асырады және тұратын жері анықталған жағдайда үш жұмыс күні ішінде амбулаториялық психиатриялық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымын хабардар етеді.

      22. Адам қажетті қарап-тексеруден өтуден жалтарған жағдайда аумақтық АЕБ 24 сағат ішінде ішкі істер органдарының аумақтық бөлімшесіне хабарлайды.

      Адам химиялық кастрациялауды жүргізуден жалтарған жағдайда амбулаториялық психиатриялық көмек көрсететін психиатриялық ұйым 24 сағат ішінде жазбаша түрде (еркін түрде) ішкі істер органдарының аумақтық бөлімшесіне хабарлайды.

      23. Аумақтық АЕҰ химиялық кастрация рәсімі тоқтатылғаннан кейін сот шешімінің негізінде Кодекстің 176-бабының 1-тармағына сәйкес адамды динамикалық байқауды жүзеге асыруды жалғастырады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады