БҰЙЫРАМЫН:
1. "Мемлекеттік орта білім беру мекемелерінің басшыларын конкурстық тағайындау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 21 ақпандағы № 57 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7495 болып тіркелген, "Егемен Қазақстан" газетінің 2012 жылғы 26 мамырдағы № 269-273 (27347) санында жарияланған) мынадай өзгерістер енгізілсін:
Көрсетілген бұйрықпен бекітілген Мемлекеттік орта білім беру мекемелерінің басшыларын конкурстық тағайындау қағидалары осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес редакцияда жазылсын.
2. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Мектепке дейінгі және орта білім департаменті (Ш.Т. Каринова) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін қағаз және электронды түрде қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;
3) осы бұйрық мемлекеттік тіркеуден өткен күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмелерін мерзімді баспа басылымдарына ресми жариялауға жіберуді;
4) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;
5) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Заң қызметі және халықаралық ынтымақтастық департаментіне осы тармақтың 1), 2), 3) және 4) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министрі А.Қ. Аймағамбетовке жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі |
Е. Сағадиев |
Мемлекеттік орта білім беру мекемелерінің басшыларын конкурстық тағайындау қағидалары 1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Мемлекеттік орта білім беру мекемелерінің басшыларын конкурстық тағайындау қағидалары (бұдан әрі - Қағида) "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді және мемлекеттік мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы бастауыш, негізгі орта және жалпы орта, қосымша, арнайы, мамандандырылған білімнің оқу бағдарламаларын іске асыратын ұйымдар және жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдар басшысының бос лауазымына конкурстық тағайындау тәртібі мен шарттарын айқындайды.
2. Мемлекеттік орта білім беру мекемелерінің басшыларын конкурстық орналастыру кандидаттың кәсіби және жеке мінездемелерінің біліктілік талаптарына сәйкестігін анықтау үшін жүргізіледі.
3. Мемлекеттік орта білім беру мекемелері басшыларының лауазымына тағайындау конкурсын (бұдан әрі – Конкурс) бос лауазымы бар білім беру мекемесі ведомствосы және қарамағында болып табылатын білім беруді басқару органы жүргізеді.
2-тарау. Мемлекеттік орта білім беру мекемелерінің басшыларын конкурстық орналастыру тәртібі
4. Объективтілік пен айқындылықты қамтамасыз ету үшін, сондай-ақ барлық кандидаттарға тең мүмкіндік беру мақсатында Конкурс жариялаған білім беруді басқару органының жанынан конкурстық комиссия (бұдан әрі – Комиссия) құрылады.
5. Комиссия құрамының мүшелері жалпы саны тақ санды құрайтын кемінде бес адамнан тұрады, құрамы білім беруді басқару органы басшысының бұйрығымен бекітіледі.
6. Комиссия құрамына білім беруді басқару органдарының, әдістемелік құрылымдардың, ата-аналар қоғамының, білім мәселесі бойынша қоғамдық бірлестіктердің өкілдері енгізіледі.
Комиссия төрағасы, төраға орынбасары және хатшы Комиссия мүшелерінен сайланады.
7. Комиссияның әр отырысы отырысқа қатысқан төраға, комиссия мүшелері және хатшы қол қойған хаттамамен ресімделеді.
8. Комиссия отырысы оның жалпы құрамынан кемінде 2/3 мүшелері қатысса, отырыс өткізілді, ал оның шешімі заңды деп есептелінеді.
9. Комиссия конкурс өткізу мерзімін, орнын және тәртібін айқындайды, конкурстық орналастыру туралы хабарландыру мәтінін жазады, бұқаралық ақпарат құралдарында, білім беруді басқару органының ресми сайтында хабарландыруды жариялауды қамтамасыз етеді.
10. Хабарландыру мәтіні мына ақпараттан тұруы тиіс:
1) Конкурс жариялаған орган атауы;
2) Конкурс жарияланған лауазымның атауы;
3) орналасқан орны, оның қызметін қысқаша сипаттай отырып, білім беру мекемесінің толық атауы;
4) лауазымға кандидатқа қойылатын біліктілік талаптары;
5) орта білім беру мекемесі басшысының лауазымдық міндеттері:
6) лауазымдық жалақы мөлшері;
7) Конкурс өткізу орны және күні;
8) Конкурсқа қатысуға өтінімді беру мерзімі мен оны қабылдау орны;
9) Конкурсқа қатысу үшін қажетті құжаттар тізбесі;
10) ақпаратты нақтылау үшін байланыс телефондары, электрондық адрестер.
11. Мемлекеттік орта білім беру мекемелері басшыларының лауазымына кандидаттардың Конкурсқа қатысуы үшін мыналар талап етіледі:
1) жоғары (немесе жоғары оқу орнынан кейінгі) педагогикалық білімі;
2) педагогикалық жұмыс өтілі кемінде бес жыл, оның ішінде басшылық лауазымдағы жұмыс өтілі кемінде бір жыл, шағын жинақты мектепте педагогикалық жұмыс өтілі кемінде үш жыл, басшылық лауазымдағы жұмыс өтілі талап етілмейді;
3) бірінші немесе жоғары біліктілік санатының болуы (мемлекеттік қызметшілерді, ЖОО және әдістемелік қызмет қызметкерлерін қоспағанда);
4) "Денсаулық сақтау ұйымдарының бастапқы медициналық құжаттама нысандарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2010 жылғы 23 қарашадағы № 907 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6697 болып тіркелген) бекітілген нысан бойынша денсаулық жағдайы туралы анықтама;
5) соттылығының жоқ екені туралы анықтама.
12. Білім беруді басқару органы хабарлама жарияланған күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде бос лауазымға орналасу үшін мынадай құжаттарды қабылдауды жүзеге асырады:
1) білім беруді басқару органы басшысының атына тұрғылықты тіркеу орны, нақты тұратын жері, байланыс телефондары көрсетілген конкурсқа қатысуға өтініш;
2) жеке тұлғаны куәландыратын құжаттың көшірмесі;
3) білім туралы құжаттың көшірмесі;
4) еңбек қызметін растайтын құжаттың көшірмесі;
5) кадрларды есепке алу жөніндегі жеке парақ және фото;
6) ескертпелер мен көтермелеулерді көрсете отырып, бұрынғы жұмыс орнынан өндірістік мінездеме;
7) біліктілік санаты және ғылыми дәрежесі туралы құжаттың көшірмесі (бар болса);
8) медициналық куәландырудан өтуі туралы құжат;
9) соттылығының жоқ екенін туралы анықтама;
10) Мектепті дамытудың перспективалық жоспары.
Конкурсқа қатысу үшін ұсынылатын құжаттардың көшірмелері нотариалды немесе жұмыс орнының кадрлық қызметі тарапынан куәландырылады.
Осы Қағидалардың 12-тармағында көзделген құжаттар топтамасы толық ұсынылмаса, кандидаттың Конкурсқа қатысу үшін берген құжаттарын қабылдаудан бас тартылады.
13. Конкурсқа қатысу үшін кандидат білім беруді басқару органының қарауына өзінің кәсіби жетістіктері, біліктілігін арттыруы, ғылыми зерттеулері, өзінің педагогикалық тәжірибесін жинақтауы, наградалары туралы материалдарды ұсынуға құқылы.
14. Конкурс төрт кезеңде өткізіледі:
1) конкурсқа қатысушылардың біліктілігін бағалау;
2) мектептің Қамқоршылық кеңесімен (бұдан әрі – Қамқоршылық кеңес) кандидаттарды келісу;
3) облыстың (республикалық маңызы бар қалаларды, астананы қоспағанда) білім беруді басқару органымен кандидаттарды келісу;
4) білім беруді басқару органының Конкурстық комиссиясының отырысында әңгімелесу.
15. Конкурстың бірінші кезеңінде білім беруді басқару органы Комиссиясы үш жұмыс күні ішінде осы Қағиданың 12-тармағына сәйкес құжаттар біліктілігін бағалауды жүргізеді.
16. Конкурстың екінші кезеңінде конкурсқа қатысушылардың біліктілігін бағалау қорытындысы бойынша білім беруді басқару органының Комиссиясы екі жұмыс күні ішінде Қамқоршылық кеңеске бос лауазымға орналасуға кандидаттардың тізімін жолдайды.
17. Қамқоршылық кеңес құжаттар келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде кандидаттарды Қамқоршылық кеңес отырысының өткізілу күні, уақыты және орны туралы хабардар етеді.
18. Қамқоршылық кеңес кандидатты хабардар еткен күннен кейін үш жұмыс күні ішінде ұсынылған құжаттарды зерделейді және бос лауазымға орналасуға кандидаттың қатысуымен отырыс өткізеді.
19. Қамқоршылық кеңестің отырысына кандидат Мектепті дамытудың перспективалық жоспарын ұсынады.
20. Қамқоршылық кеңес отырыс қорытындысы бойынша білім беру ұйымдары басшыларының лауазымына кандидатура бойынша хаттамалық шешім шығарады. Қамқоршылық кеңес отырысының хаттамасы білім беруді басқару органына отырыс өткен күннен кейін келесі күні ұсынылады.
21. Егер Қамқоршылық кеңеске орта білім беру ұйымы басшысының лауазымына кандидаттар анықталмаған болса, онда білім беруді басқару органы конкурсты өтпеді деп таниды және конкурсты қайта өткізу туралы шешім шығарады.
22. Қамқоршылық кеңес кандидаттарды айқындаған жағдайда білім беру мекемесі ведомствосы және қарамағында болып табылатын білім беруді басқару органының Комиссиясы облыстың білім басқармасына келісуге жолдайды.
Мамандандырылған мектептердің бос лауазымына үміткер кандидаттар үшін қосымша "Дарын" Республикалық ғылыми-практикалық орталығымен, "Білім инновация" лицейлері басшысының бос лауазымына үміткер кандидаттар үшін "Білім-инновация" Халықаралық қоғамдық қорымен келісу талап етіледі.
23. Үшінші кезеңде кандидаттардың кәсіби құзыреттілігін бағалау үшін комиссия құрылады. Оның құрамын білім басқармасы бұйрықпен бекітіледі.
24. Комиссия құрамына білім беруді басқару органдарының, әдістемелік құрылымдардың, ата-аналар қоғамының, білім мәселесі бойынша қоғамдық бірлестіктердің өкілдері кіреді.
Комиссия өкілеттілігі осы Қағиданың 8, 9-тармақтарына сәйкес айқындалады.
25. Кандидаттар Қазақстан Республикасының Конституциясы, "Білім туралы" Қазақстан Республикасының Заңы, "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы" Қазақстан Республикасының Заңы, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі, сондай-ақ педагогика, психология негіздері бойынша тестілеуден және әңгімелесу өтеді.
Тестілеуден өту кезінде кандидатқа жоғарыда көрсетілген нормативтік құқықтық актілерді білуге арналған 90 сұрақ ұсынылады. Тестілеуден өту үшін шекті деңгей 50%-ды құрайды.
26. Шекті деңгейді жинамаған кандидаттар Комиссияның шешімі бойынша облыстық білім беруді басқару органы жанындағы комиссия отырысына әңгімелесуге жіберілмейді.
27. Әрбір кандидатқа осы қағидаға 1-қосымшаға сәйкес бағалау парағы толтырылады және осы қағидаға 2-қосымшаға сәйкес орта білім беру ұйымы басшысының бос лауазымына кандидатпен әңгімелесу үшін тақырыптық бағыт беріледі.
28. Төртінші кезеңде әңгімелесу өткізу үшін осы Қағиданың 5, 6, 7, 8 және 9-тармақтарына сәйкес комиссия құрылады.
29. Комиссия Қазақстан Республикасының заңнамасын, бала және жасөспірімдер жасының психологиясын, ұжымдағы басқару және іскер өзара іс-қимыл психологиясын, кадрлық менеджмент және қызмет этикасы мәселелері бойынша теориялық білім деңгейін айқындау, сондай-ақ үміткердің педагогикалық жетістіктерін, кәсіби және жеке қасиеттерін, ұйымдастырушылық қабілеттерін, болжанатын лауазым қызметінің перспективасын айқындауға қатысты ақпаратты нақтылау, болжанатын лауазым перспективасын айқындау мақсатында білім беру мекемесі ведомствосы және қарамағында болып табылатын білім беруді басқару органының Комиссиясы әңгімелесу өткізеді. Комиссия әңгімелесу өткізу тәртібін өзі айқындайды.
30. Конкурстың барлық кезеңдері аяқталғаннан кейін Комиссия үш жұмыс күні ішінде бір үміткерді айқындайды және оның кандидатурасын лауазымға бекіту үшін конкурс жариялаған білім беруді басқару органының білім басқармасының бастығына ұсынады. Комиссия шешімі ашық, басым дауыспен қабылданады. Дауыс тең болған жағдайда төрағаның даусы шешуші болып табылады. Ұсыныс қорытынды дауыс беру хаттамасымен қоса берілуі тиіс.
31. Конкурстан өтпеген кандидаттарды білім беруді басқару органы үш жұмыс күні ішінде Конкурс қорытындысы туралы жазбаша хабардар етеді.
32. Конкурс қатысушыларының конкурс нәтижелеріне заңнамада белгіленген тәртіппен шағымдануына мүмкіндігі бар.
33. Конкурс жариялаған білім беруді басқару органының басшысы үш жұмыс күні ішінде оң нәтиже алған конкурс қатысушысымен төрт жыл мерзімді ұзарту құқығы бар шартты жасасады және жұмысқа қабылдау туралы бұйрық шығарады.
34. Конкурстан өтпеген кандидаттардың құжаттары Конкурсты өткізген білім беруді басқару органының архивіне беріледі және бес жыл бойы сақталады.
35. Екінші, үшінші, төртінші кезеңдер аудио және бейне жазбамен қамтамасыз етіледі.
Мемлекеттік орта білім беру мекемелерінің басшыларын конкурстық тағайындау қағидаларына 1-қосымша |
Мемлекеттік орта білім беру мекемелерінің басшылары лауазымына кандидаттың бағалау парағы
__________________________________________________________
(тегі, аты, әкесінің аты)
№ | Өлшемшарттар | Балл саны (1-ден 10-ға дейін) |
1 | Қазақстан Республикасы заңнамасы бойынша теориялық білім деңгейі | |
2 | Білім берудегі менеджменттің негізгі қағидаттарын білу | |
3 | Кандидаттың жеке кәсіби қасиеттері | |
4 | Қазіргі білім беру міндеттерін іске асыру жөніндегі идеялардың бірегейлігі мен негізділігі | |
5 | Білім беру ұйымдарын табысты дамыту бойынша практикалық көзқарас | |
6 | Жағдаяттық міндеттерді мобильді, икемді шеше білу | |
7 | Белсенді, жағымды педагогикалық ортаны құра білу | |
8 | Білім беру ұйымдарын басқаруда шығармашылық әлеуетті пайдалану | |
9 | Педагогикалық әдеп және сөйлеу мәдениеті | |
Қорытынды: |
Ескерту: Мемлекеттік орта білім беру мекемелерінің басшылары лауазымына кандидаттың өлшемшарттар 10 балдық шәкіл бойынша бағаланады:
3 – жеткіліксіз деңгей;
4-7 – жеткілікті деңгей;
7-10 – өте жақсы деңгей.
Мемлекеттік орта білім беру мекемелерінің басшыларын конкурстық тағайындау қағидаларына 2-қосымша |
Әңгімелесу үшін тақырыптық бағыттар
1. Қазақстан Республикасы білім беру жүйесінің негізгі нормативтік құқықтық құжаттары.
2. Білім беру менеджментінің заманауи әдістері.
3. Білім беру саласындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттары.
4. Мектепті басқарудағы инновациялар.
5. Табысты мектеп, табысты директор, табысты оқушы, табысты мұғалім өлшемшарттары.
6. Қазақстан біліміндегі халықаралық зерттеулердің рөлі.
7. Білім беру ұйымдарындағы ғылыми-әдістемелік жұмыстарды ұйымдастыру жүйесі.
8. Жаңартылған білім беру мазмұнын енгізу ерекшелігі.
9. Үш тілді білім беруге көшу мәселелері.
10. Қамқоршылық кеңеспен әкімшіліктің өзара іс-қимыл жасау жүйесі.