БҰЙЫРАМЫН:
1. "Адвокаттардың кәсіптік жауапкершілігін сақтандырудың үлгілік шартын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2018 жылғы 27 қыркүйектегі № 1455 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17514 тіркелген, 2018 жылғы 18 қазанда Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде жарияланған) мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Адвокаттардың кәсіптік жауапкершілігін сақтандырудың үлгілік шартында:
1-тармақ мынадай редакциядағы 4-1) тармақшамен толықтырылсын:
"4-1) Сақтандыру мүддесі – жинақтаушы сақтандыру шарты бойынша көзделуі мүмкін оқиғаларды қоспағанда, сақтанушының (сақтандырылушының, пайда алушының) тәуекелдерді болғызбаудағы және сақтандыру жағдайының басталуына жол бермеудегі мүліктік мүддесі.";
10-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"10. Кәсіптік қателіктер деп мыналар:
1) процестік мерзімдерді өткізіп алу;
2) құжаттарды дұрыс ресімдемеу;
3) шартқа сәйкес заң көмегі көрсетілетін тұлғаға зиян келтіруге алып келген, жасалатын заңдық әрекеттердің салдарлары туралы оған хабарламау;
4) сақтанушы (сақтандырылған тұлға) заң көмегін көрсету үшін клиенттен алған құжаттардың жоғалуы немесе бүлінуі;
5) адвокаттық құпияны құрайтын мәліметтерді құқыққа сыйымсыз жария ету түсініледі.".
12-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"12. Сақтандыру жағдайының басталғандығын, сондай-ақ ол келтірген зияндарды дәлелдеу сақтанушының (пайда алушының, сақтандырылушының) міндетіне жатады.".
2. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Тіркеу қызметі және заң қызметін ұйымдастыру департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен осы бұйрықты мемлекеттік тіркеуді қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Әділет Вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Министрдің м.а. | Н. Пан |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Ұлттық Банкі