Ескерту. Күші жойылды - Алматы қаласы мәслихатының 08.12.2023 № 73 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) шешімімен.
Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 6 сәуірдегі "Құқықтық актілер туралы" Заңының 26-бабына сәйкес VI сайланған Алматы қаласының мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
1. V сайланған Алматы қаласы мәслихатының XLI сессиясының "Алматы қаласында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" 2015 жылғы 23 шілдедегі № 347 шешіміне (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 1194 болып тіркелген, 2015 жылғы 18 тамызда "Алматы ақшамы" және "Вечерний Алматы" газеттерінде жарияланған) келесі өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
аталған шешіммен бекітілген Алматы қаласында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларындағы:
1-бөлімнің 3-тармағы келесі мазмұндағы 12) және 13) тармақшалармен толықтырылсын:
"12) көп балалы отбасы – құрамында бірге тұратын кәмелетке толмаған төрт және одан көп балалары, оның ішінде кәмелеттік жасқа толғаннан кейін білім беру ұйымдарын бітіретін уақытқа дейін (бірақ жиырма үш жасқа толғанға дейін) орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша білім алатын балалары бар отбасы;
13) транскрипт - кредиттер мен бағаларды көрсететін тиісті оқу кезеңі ішіндегі игерілген пәндер тізбесі мен (немесе) модульдерден және оқу жұмысының басқа түрлерінен құралған құжат.";
3-бөлім келесі мазмұндағы 12-1 тармақпен толықтырылсын:
"12-1. Мереке күндеріне әлеуметтік көмек біржолғы ақшалай төлем түрінде осы Қағидалардың 21-тармағының 13-1) тармақшасында көрсетілген азаматтарға тұрғын үй алу үшін 1 (бір) миллион теңге мөлшерінде көрсетіледі:
1) 1-2 қаңтар - Жаңа жыл;
2) 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күні;
3) 21-23 наурыз - Наурыз мейрамы;
4) 1 мамыр - Қазақстан халқының бірлігі мерекесі;
5) 6 шілде - Астана күні;
6) 30 тамыз - Қазақстан Республикасының Конституциясы күні;
7) 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні.
Әлеуметтік көмек алушының "Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" акционерлік қоғамында ашылған банк шотына аударылады.";
4-бөлімнің 4.3 бөлімшесі келесі мазмұндағы 20-1 тармақпен толықтырылсын:
"20-1. Әлеуметтік көмек орташа жан басына шаққандағы табысы күнкөріс деңгейінің бір еселік мөлшерінен аспайтын емтихан сессиясының нәтижелері бойынша "өте жақсы" деген бағаға сәйкес бағалардың баламасын алған, бірақ жиырма үш жасқа толғанға дейін Алматы қаласының жоғарғы оқу орындарында күндізгі бөлімінде оқитын көп балалы отбасылардан шыққан студенттерге тағайындалады және жүгінген айдың бірінші күнінен бастап ай сайын семестр бітетін айдың соңына дейін 10 (он) мың теңге мөлшерінде төленеді.";
4-бөлімнің 4.4 бөлімшесінің 2-тармағы келесі мазмұндағы 13-1) және 13-2) тармақшалармен толықтырылсын:
"13-1) мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үй алу есебiнде тұрған көп балалы отбасылар;
13-2) Алматы қаласының жоғарғы оқу орындарының күндізгі бөлімінде оқитын көп балалы отбасылардан шыққан студенттер;";
5-бөлім келесі мазмұндағы 22-1 тармақпен толықтырылсын:
"22-1. Осы Қағидалардың 12-1 тармағында көрсетілген әлеуметтік көмек алушылар тізімдерін қалыптастыру тәртібі "Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" акционерлік қоғамы мен Алматы қаласының әкімдігі арасындағы келісіммен айқындалады.";
5-бөлімнің 23-тармағы келесі мазмұндағы 6) тармақшамен толықтырылсын:
"6) транскрипті "өте жақсы" деген бағаға сәйкес бағалар баламасымен осы Қағидалардың 21-тармағының 13-2) тармақшасында көрсетілген тұлғалар.";
5-бөлімде 39-тармақтың 8-азат жолы келесі редакцияда мазмұндалсын:
"Уәкілетті орган аудандық бөлімдерден қабылданған құжаттар негізінде келіп кіру кестесіне сәйкес осы Қағидалардың 4-қосымшасындағы нысан бойынша өтініш берушілерге жолдама беру журналына (бұдан әрі - Журнал) қол қойдырып, әрі қарай өтініш берушіге жолдаманы беру үшін жолдаманы аудандық бөлімге береді.";
6-бөлім келесі мазмұндағы 43-1 тармақшамен толықтырылсын:
"43-1. Егер осы Қағидалардың 12-1 тармағында көрсетілген әлеуметтің көмек төленген сәттен бастап үш ай аралығында тұрғын үй алу қолданылмаған жағдайда, ол Алматы қаласының бюджетіне қайтарылу тиіс.".
2. Алматы қаласы Мәслихатының аппараты осы шешімді әділет органдарында мемлекеттік тіркеуді, кейіннен ресми мерзімді баспа басылымдарында, сондай-ақ Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің Эталондық бақылау банкінде және Алматы қаласы әкімдігінің ресми интернет-ресурсында жариялауды қамтамасыз етсін.
3. Осы шешімнің орындалуын бақылау Алматы қаласы мәслихатының еңбек, жұмыспен қамту және көлікті дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Р.К. Бадаеваға жүктелсін.
4. Осы шешім алғаш ресми жарияланған күннен бастап қолданысқа енгізіледі.
VI сайланған Алматы қаласы мәслихатының XLVI сессиясының төрағасы |
Қ. Сәрсенбай |
VI сайланған Алматы қаласы мәслихатының хатшысы |
Қ. Қазанбаев |