Атырау облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру қағидаларын бекіту туралы
"Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңының 27 және 37-баптарына, "Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы" Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 8 шілдедегі Заңының 7-бабы 2-тармағы 17-10) тармақшасына сәйкес Атырау облысы әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Осы қаулының қосымшасына сәйкес Атырау облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулының орындалуын бақылау Атырау облысы әкімінің орынбасары Ә.И. Нәутиевке жүктелсін.
3. Осы қаулы әділет органдарында мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді және ол алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Облыс әкімі | Н. Ногаев |
Атырау облысы әкімдігінің 2019 жылғы 29 қарашадағы № 265 қаулысымен бекітілген |
Атырау облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру қағидалары
Ескерту. Қосымша жаңа редакцияда - Атырау облысы әкімдігінің 17.01.2024 № 14 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Атырау облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру тетіктерін іске асыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 7-бабы 2-тармағының 17-10) тармақшасына сәйкес әзірленді және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру тетіктерін іске асыру тәртібін анықтайды.
2. Осы Ереже "Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру тетіктерін іске асырудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2019 жылғы 29 шілдедегі № 280 бұйрығымен бекітілген әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру тетіктерін іске асырудың үлгілік қағидаларына сәйкес әзірленді (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу № 19123 болып тіркелген).
3. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) азық-түлiк тауарларының өңірлік тұрақтандыру қоры – облыс аумағында аграрлық азық-түлік нарығына реттеушілік әсер ету және азық-түлiк қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету үшiн құрылған азық-түлiк тауарларының жедел қоры;
2) азық-түлiк тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорын жаңарту– азық-түлік тауарларының сақталу мерзімі аяқталғанға дейін оларды өткізу немесе жаңа сақталу мерзімімен немесе келесі жылдың жаңа егінінен дәл сондай көлемдегі азық-түлік тауарларын кейін жеткізе отырып, азық-түлік тауарларының сақталу мерзімі аяқталғанға дейін оларды қайтару;
3) азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорын қалыптастыру– сатып алу интервенциялары, азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорына азық-түлік тауарларын орналастыру және сақтау;
4) азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорын пайдалану– тауар интервенцияларын жүргізу және азық-түлiк тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорын жаңарту мақсатында азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорынан азық-түлік тауарларын өткізу;
5) ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші (бұдан әрі – ауылшартауарынөндіруші) – ауыл шаруашылығы өнімін өндірумен айналысатын жеке немесе заңды тұлға;
6) сатып алу интервенциялары – облыс аумағында бағалар төмендеген кезде, Қазақстан Республикасының аумағында төтенше жағдай енгізілген кезде, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің тапсырмалары шеңберінде мамандандырылған ұйымдардың әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сатып алуы жөніндегі іс-шаралар;
7) тауар интервенциялары– бағалар өскен кезде ішкі нарықты тұрақтандыру мақсатында жүзеге асырылатын, азық-түлiк тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорларынан ішкі нарықта азық-түлік тауарларын өткізу жөніндегі іс-шаралар;
8) тіркелген баға – өндіруге, сақтауға, табиғи кемуге (кебуге), межелі орынға дейін жеткізуге кеткен шығындарды, сондай-ақ өнімнің өзіндік құнынан маржалық табысты ескере отырып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарының бағасы;
9) форвард – сатып алушы (немесе сатушы) болашақта келісілген шарттармен базалық активті сатып алудың (немесе сатудың) белгілі бір мерзімі өткеннен кейін өзіне міндеттеме алатын туынды қаржы құралы;
10) шекті сауда үстемесі – ішкі сауда субъектілерінің түпкілікті тұтынушыларға азық-түлік тауарларын өткізуі кезінде бағаны айқындау үшін қалыптастырылатын сауда үстемесі;
11) жұмыс органы – Атырау облысы Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы.
4. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктері осы Қағидаларға сәйкес іске асырылады.
5. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерінің тиімді және уақытылы қолданылуын қамтамасыз ету мақсатында Жұмысшы орган Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыруды қамтамасыз ету жөніндегі комиссияны (бұдан әрі - Комиссия) құрады.
6. Облыс әкімінің орынбасары Комиссияның төрағасы болып табылады, кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы басқармаларының (бөлімдерінің) қызметкерлері, сондай-ақ жеке кәсіпкерлік субъектілері бірлестіктерінің және қоғамдық ұйымдардың өкілдері Комиссия мүшелері болып табылады. Комиссия өз қызметін тұрақты негізде жүзеге асырады.
7. Комиссияның сандық құрамы тақ болуы және кемінде тоғыз адамнан тұруы тиіс. Бұл ретте комиссия мүшелерінің үштен екісі жеке кәсіпкерлік субъектілері бірлестіктерінің және қоғамдық ұйымдардың өкілдері болуы тиіс. Комиссия хатшысы оның мүшесі болып табылмайды.
8. Комиссияның құзыретіне мыналар жатады:
1) Атырау облысының аумағында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру туралы шешім қабылдау;
2) азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорларын құру және пайдалану тетігін іске асыру мақсатында азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорына сатып алынатын азық-түлік тауарларының тізбесін және олар бойынша шекті сауда үстемесін анықтау;
3) осы Қағидаларға сәйкес қарыз беруге кәсіпкерлік субъектісін анықтау;
4) әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті сауда үстемесін анықтау бойынша мамандандырылған ұйымдардың ұсыныстарын қарау.
9. Комиссияның жұмысын құруды және ұйымдастыруды жұмыс органы жүзеге асырады.
10. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру үшін жұмыс органы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыратын мамандандырылған ұйымдардан әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті бағаларды белгілеу жөніндегі шараларды қоспағанда, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру туралы шарт жасасу жолымен көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жүзеге асырады.
11. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру туралы шарттың қолданылу мерзімі аяқталғанға дейінгі үш жылдық кезеңге жұмыс органы мамандандырылған ұйыммен тұрақтандыру қорының заттай және ақшалай мәндегі өтпелі активтері туралы міндеттемелері көрсетілген қосымша келісім жасасады.
Тұрақтандыру қоры таратылған жағдайда, мамандандырылған ұйым азық-түлік тауарларын сатып алу үшін пайдаланылған бюджет қаражатының жергілікті бюджетке қайтарылуын қамтамасыз етеді.
Егер, мамандандырылған ұйымның шешімі бойынша азық-түлік тауарларын өткізу сатып алу бағасынан төмен баға бойынша жүзеге асырылса, онда соманың қайтарылуы сатып алу және өткізу бағаларының айырмасын шегере отырып жүзеге асырылады.
12. Мамандандырылған ұйымның тұрақтандыру қорын пайдалану кезінде туындаған үстеме, коммуналдық және басқа да шығыстары жыл сайын азық-түлік тауарларының белгіленген және нарықтық бағалары арасындағы айырма есебінен жабылады.
13. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті бағаларды белгілеу жөніндегі шараларды қоспағанда, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыратын мамандандырылған ұйымдардың (бұдан әрі - мамандандырылған ұйым) тізбесін Заңның 6-бабы 1-тармағының 4-1) тармақшасына сәйкес агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
14. Жұмыс органы Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы және сауда және интеграция министрліктеріне:
1) ай сайын есепті айдан кейінгі айдың 20-күніне дейін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерінің іске асырылу барысы туралы ақпаратты;
2) көкөніс өнімдерінің форвардтық шарттары шеңберінде ауылшартауарынөндірушілерді қаржыландыруға бір ай қалғанда алдын ала төлем сомасын, өткізу нүктелерін және (немесе) сауда объектілерін көрсете отырып, жеткізу графигін көрсете отырып, сатып алынатын көкөніс өнімдерінің көлемі туралы ақпаратты;
3) форвардтық шарттар шеңберінде ауылшартауарынөндірушілерді түпкілікті қаржыландырғаннан кейін 10 (он) жұмыс күні ішінде өткізу нүктелерін және (немесе) сауда объектілерін көрсете отырып, сатып алынған көкөніс өнімдерінің көлемі, жеткізу графиктері туралы ақпаратты береді.
2-тарау. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру бойынша тетіктерді іске асыру тәртібі
15. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының нарығын тұрақтандыру мақсатында жұмыс орган әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандырудың:
1) тұрақтандыру қорларының қызметі;
2) кәсіпкерлік субъектілеріне қарыз беру тетіктерін іске асырады.
16. Атырау облысының әкімдігі бөлетін, оның ішінде бұдан бұрын азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорларын қалыптастыруға бөлінген қаражат әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларын тұрақтандыру тетіктерін іске асыруды қаржыландыру көзі болып табылады.
17. Азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорын қалыптастыру шеңберінде көкөніс өнімдерін өндіру үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді, сондай-ақ қарақұмық (ядрицы) жармасын, ұнтақталған күрішті (дөңгелек дәнді), күнбағыс майын, бірінші сұрыпты бидай ұнын және ақ-түйіршіктелген қантты өндіру үшін өңдеуші кәсіпорындарды қаржыландыру белгіленген бағаны белгілей отырып, форвардты қолдана отырып жүзеге асырылады.
Көкөкніс өнімдерін өндіру үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді және қарақұмық (ядрица) жармасын, ұнтақталған (дөңгелек дәнді) күрішті, күнбағыс майын, бірінші сұрыпты бидай ұнын және ақ-қант түйіршіктелегн қантты өндіру үшін қайта өңдеу кәсіпорындарын қаржыландыру форвардтық шарттың жалпы сомасының 70 (жетпіс) пайызынан аспайтын мөлшерде алдын ала төлем және форвардтық шарттан кейін түпкілікті есеп өнімді жеткізу.
18. Форвардтық шарттар шеңберінде сатып алынатын көкөніс өнімінің көлемі Комиссия шешіміне сәйкес өңірлік сұраныс негізінде Атырау облысы халқының үш айлық қажеттілігінің 50 пайызына дейін қалыптастырылады.
19. Мамандандырылған ұйым 2024 жылдан бастап және одан кейінгі жылдары ауылшартауарынөндірушілерді көкөніс өнімдерін өндіру үшін қаржыландыруды мынадай мерзімдерде жүзеге асырады:
ағымдағы қаржы жылының 1 тамызына дейін келесі жылдың қысқы-көктемгі кезеңінде халықты көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ету үшін;
ағымдағы қаржы жылының 1 қыркүйегіне дейін келесі жылдың көктемгі-жазғы кезеңінде халықты өніммен қамтамасыз ету үшін.
20. Мамандандырылған ұйым көкөніс өнімдерін сатуды бастағанға дейін ауылшартауарынөндірушілерде немесе басқа қоймаларда сақтауды жүзеге асырады. Сақтау шығындарын есептеу жергілікті атқарушы органдардың өңірдегі сақтаудың ұқсас түрлеріндегі сақтаудың орташа құны туралы деректері негізінде жүргізіледі.
21. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру тетіктерін іске асыру шеңберінде көкөніс өнімдерін жеткізу мамандандырылған ұйым жұмыс органымен бірлесіп маусымаралық кезеңде (қысқы-көктемгі кезең: ақпан, наурыз, сәуір; көктемгі-жазғы кезең: мамыр, маусым, шілде) қалыптастыратын график негізінде не ішкі нарықа реттеушілік әсер ету қажет болған жағдайда басқа кезеңдерде жүзеге асырылады.
22. Мамандандырылған ұйым жұмыс органымен бірлесіп форвардтық шарт жасалған сәттен бастап көкөніс өнімдерін өндіру циклінің барлық кезеңдерінде егістікке бара отырып, ауылшартауарынөндірушілердің қызметіне мониторингті жүзеге асырады.
23. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру тетіктері шеңберінде сатып алынатын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары "Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 18 және 19-баптарына сәйкес сақтау, тасымалдау және өткізу кезінде тамақ өнімдерінің қауіпсіздігіне қойылатын талаптарға сәйкес келуі тиіс.
1-параграф. Азық-түлік тауарларының тұрақтандыру қорлары қызметінің тәртібі
24. Азық-түлік тауарларының тұрақтандыру қорларының қызметі өңірлік тұрақтандыру қорларын қалыптастыру және пайдалану жолымен жүзеге асырылады.
25. Азық-түлік тауарларының тұрақтандыру қорын қалыптастыру мен пайдалану жөніндегі тетікті іске асыру мақсатында Комиссия сұраныс пен ұсыныстың өңірлік балансының (өндіріс көлемі, азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етілуі, олардың тауарларының жылжытылуы, запастардың болуы), егіс алаңдары (жоспарлы), егіннің болжамды шығымы, өткен күнтізбелік жыл ішінде қалыптасқан бағалар туралы мәліметтердің, сондай-ақ өзге де мәліметтер негізінде азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорына сатып алынатын азық-түлік тауарларының тізбесін, сондай-ақ шекті сауда үстемесін айқындайды.
26. Азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорларын қалыптастыру кезінде бюджет қаражатының 70 (жетпіс) пайызы форвардтық шарттар шеңберінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен қайта өңдеу кәсіпорындарын қаржыландыруға жіберіледі.
27. Азық-түлік тауарларын өңірлік тұрақтандыру қорына сатып алу үшін қажетті әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесі "Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Сауда және интеграция министрінің 2023 жылғы 11 мамырдағы № 166-НҚ бұйрығымен (бұдан әрі – Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесі) (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 32474 болып тіркелді) бекітілген әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары тізбесінен қалыптастырылады.
28. Мамандандырылған ұйым өткізетін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті сауда үстемесі "Мемлекеттік статистика туралы" Қазақстан Республикасының Заңының 19-бабының 1-тармағына сәйкес, Статистикалық жұмыстар жоспарына сәйкес облыстың мемлекеттік статистика органдары қалыптастыратын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бөлшек сауда бағаларының ресми нарықтық мәндерінен 10 немесе одан да көп пайызға төмен бағаларды ұстап тұру ескеріле отырып қалыптастырылады.
29. Комиссия облыс әкіміне сатып алынатын азық-түлік тауарларының тізбесін және олар бойынша шекті сауда үстемесін бекіту туралы ұсынымдар енгізеді.
30. Жұмыс органы Комиссияның ұсынымдары негізінде сатып алынатын азық-түлік тауарларының тізбесін және шекті сауда үстемесін бекітеді.
31. Өңірлік тұрақтандыру қорын қалыптастыру кезінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сатып алу тікелей өндірушілерден, оның ішінде форвардтық шарттар мен офтейк-келісімшарттар жасасу арқылы жүзеге асырылады. Егер өндіруші өнімді өткізуді тікелей жүзеге асырмаса, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сатып алу азық-түлік тауарларын өткізуге маманданған көтерме сауда жеткізушілерінен (дистрибьютерлерден) жүзеге асырылады.
32. Мамандандырылған ұйым статистикалық деректер және басқа да көздер негізінде өңірдің азық-түлік тауарларының ішкі нарығына және агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің нарықтарына тұрақты негізде талдау (өндіріс көлемі және азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етілуі, олардың тауарларының жылжытылуы, запастардың, бағалардың болуы) жүргізеді, өңірлік тұрақтандыру қорына сатып алынатын азық-түлік тауарларының көлемін айқындайды және сатып алу интернвенциялары туралы шешімді қабылдайды.
33. Мамандандырылған ұйымның сатып алу интервенциялары туралы шешімі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларын тұрақтандыру тетіктерін тиімді және уақытылы қолдануды қамтамасыз ету мақсатында қабылданады.
34. Өңірлік тұрақтандыру қорын пайдалануды тауар интервенцияларын жүргізу және азық-түлік тауарларын жаңарту жолымен мамандандырылған ұйым жүзеге асырады.
35. Мамандандырылған ұйым аграрлық азық-түлік нарығына реттеушілік ықпал ету қажет баға деңгейінің көтерілуі жағдайында, 2 (екі) жұмыс күнінен кешіктірмей, тауар интервенцияларын жүргізу туралы шешім қабылдайды.
36. Мамандандырылған ұйым өңірлік тұрақтандыру қорын уақытылы жаңарту мақсатында тұрақты негізде өңірлік тұрақтандыру қорының азық-түлік тауарларының сақталу мерзімдерін қамтамасыз етеді.
37. Өңірлік тұрақтандыру қорын жаңарту азық-түлік тауарларының сақталу мерзімі аяқталғанға дейін өңірлік тұрақтандыру қорынан азық-түлік тауарларын өткізу немесе кейін дәл сондай көлемдегі жаңа сақталу мерзімімен немесе келесі жылғы жаңа шығымнан азық-түлік тауарларын жеткізе отырып, азық-түлік тауарларының сақталу мерзімі аяқталғанға дейін азық-түлік тауарларын қайтару жолымен жүзеге асырылады.
38. Өңірлік тұрақтандыру қорының азық-түлік тауарларын тауар интервенциялары, азық-түлік тауарларын жаңарту үшін мамандандырылған ұйымдар өздердерінің өткізу нүктелері және (немесе) азық-түлік тауарларын өткізетін сауда объектілері арқылы, сондай-ақ өңдеу кәсіпорындары шекті сауда үстемесі шегінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндіру үшін өткізуді жүзеге асырады.
39. Бұл ретте өңдеу кәсіпорны өндірген дайын азық-түлік тауарының бағасы облыс әкімімен бекіткен шекті рұқсат етілген бөлшек сауда бағасынан аспайды және мамандандырылған ұйымның өңдеу кәсіпорнымен жасасқан өткізу туралы шартында айтылады.
40. Жұмыс органы мамандандырылған ұйыммен бірлесіп тауар интервенцияларын жүзеге асыратын сауда объектілерінің орналасқан жері, сондай-ақ кәсіпкерлік субъектілеріне қарыз беру тәртібі туралы ақпаратты бұқаралық ақпарат құралдары, жергілікті атқарушы органның және мамандандырылған ұйымның ресми сайттары арқылы халықтың назарына жеткізу бойынша ақпараттық жұмыс жүргізеді.
2-параграф. Кәсіпкерлік субъектілеріне қарыз беру тәртібі
41. Жұмыс органы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында мамандандырылған ұйымдар арқылы кәсіпкерлік субъектілеріне сұраныс пен ұсыныстың өңірлік балансының (өндіріс көлемі, азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етілуі, олардың тауарларының жылжытылуы, запастардың болуы), егіс алаңдары (жоспарлы), егіннің болжамды шығымы, өткен күнтізбелік жыл ішінде қалыптасқан бағалар туралы мәліметтердің, сондай-ақ өзге де мәліметтер негізінде Комиссия айқындайтын азық-түлік тауарларының тізбесіне сәйкес қарыз береді. Қарыз беру қарыз шартын жасасу жолымен қайтарымдылық, қамтамасыз ету және ақылық талаптарының шарттарымен жүзеге асырылады.
42. Кәсіпкерлік субъектілеріне қарыз беру кезінде бюджеттік қаражаттың 70 (жетпіс) пайызы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен қайта өңдеу кәсіпорындарына бағытталады.
Осы тармақтың бірінші бөлігіндегі талаптарды орындау үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен қайта өңдеу кәсіпорындарынан өтінімдер болмаған кезде, қарыз азық-түлік тауарларын өткізуді жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілеріне беріледі.
43. Бағаларды тұрақтандыру мамандандырылған ұйымның әлеуметтiк маңызы бар азық-түлiк тауарларына белгіленген төмендетілген бөлшек/көтерме сауда бағаларын белгілеуі жолымен қамтамасыз етіледі.
44. Қарыз беру үшін кәсіпкерлік субъектілерін Комиссия әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру қағидаларында белгіленген кәсіпкерлік субъектілеріне қойылатын талаптарға (өлшемшарттарға) сәйкес айқындайды.
45. Кәсіпкерлік субъектілеріне қойылатын талаптар (өлшемшарттар):
азық-түлік тауарларын сақтауға арналған қажетті қоймамен жабдықталған, техникалық талаптарға жауап беретін, облыс аумағында қалыптасқан қазіргі заманғы сауда желілерімен және азық-түлік тауарларымен сатып алу және өзге де операцияларды орындау мүмкіндігімен жабдықталған және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тежеуге бағытталған шаралар кешенін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін бөлшек сауданы жүзеге асыратын және меншігінде не жалға алу құқығында сауда нысандары бар сауда ұйымдары (сауда желілері, сауда үйлері, гипермаркеттер, супермаркеттер), сондай-ақ отандық тауар өндірушілері, тауарларды көтерме жеткізушілер;
салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша, сондай-ақ екінші деңгейдегі банктер алдында мерзімі өткен берешектің болмауы;
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесінде көзделген тауарларды өткізу;
кәсіпкерлік субьектілеріне қатысты оңалту және (немесе) банкроттық рәсімі қолданылмауы керек;
46. Комиссия кәсіпкерлік субъектісін айқындағаннан кейін мамандандырылған ұйым кәсіпкерлік субъектісіне қарыз береді.
47. Кәсіпкерлік субъектісі мамандандырылған ұйымның қарызын қайтару бойынша міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз етеді. Міндеттемелердің орындалуы кепіл, банктік кепілдендіру, сақтандыру шарты, үшінші тұлғалардың кепілдік/кепілгерлігі түрінде қамтамасыз етіледі. Міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету заңнамада көзделген жазбаша нысанда ресімделеді.
48. Қарыз беру шарттары мамандандырылған ұйым мен кәсіпкерлік субъектісі арасында жасалған қарыз шартында белгіленеді.
49. Қарыз мерзімі өткен берешекті қайта қаржыландыруға берілмейді.
50. Қарыз тек ұлттық валютада беріледі.