"Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 15 наурыздағы № 285 және "Әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы" және Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 16 наурыздағы № 286 Жарлықтарына сәйкес, "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы" 1995 жылғы 30 наурыздағы, "Мемлекеттік статистика туралы" 2010 жылғы 19 наурыздағы, "Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы" 2018 жылғы 2 шілдедегі, "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу мен дамыту, микроқаржылық қызмет және салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2019 жылғы 3 шілдедегі Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Қазақстан Республикасында валюталық операцияларды жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылғы 30 наурыздағы № 40 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 18512 болып тіркелген, 2019 жылғы 22 сәуірде Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде жарияланған) мынадай өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасында валюталық операцияларды жүзеге асыру қағидаларында:
19, 20, 21, 22 және 23-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"19. Резидент-заңды тұлғалар (уәкілетті банктерді қоспағанда) шетел валютасындағы міндеттемелерді орындауға байланысты емес мақсаттарға бір уәкілетті банктен бір операциялық күні ұлттық валютаға қолма-қол ақшасыз шетел валютасын баламасында елу мың АҚШ долларынан аспайтын сомаға сатып алады.
Шетел валютасындағы міндеттемелерді орындауға байланысты емес мақсаттарға шетел валютасын шетел банктеріндегі меншікті шоттарға аудару, шетел валютасындағы өтеусіз ақша аударымдары, сондай-ақ шетел валютасын уәкілетті банктердегі шоттарға орналастыру жатады.
20. Резидент-заңды тұлға (уәкілетті банкті қоспағанда) баламасы елу мың АҚШ долларынан асатын сомаға қолма-қол ақшасыз шетел валютасын ұлттық валютамен сатып алуға өтінімді ресімдеу кезінде сатып алу мақсатын көрсетеді, сондай-ақ өтінімге валюталық шарттың көшірмесін және шотты не орындау үшін шетел валютасы сатып алынатын өзге ақы төлеу құжатын қоса береді. Бұл ретте қолма-қол ақшасыз шетел валютасын ұлттық валютамен сатып алуға өтінімге резидент-заңды тұлға (уәкілетті банкті қоспағанда) оны пайдаланбаған жағдайда, осы резидент-заңды тұлғамен оның акционерлері, құрылтайшылары, қатысушылары арасында бөлінетін таза кірісті немесе оның бөлігін төлеу мақсатына сатып алынған шетел валютасынан басқа, сол валютаны ұлттық валютаға он жұмыс күні ішінде үшкүндік мерзімде сатуға уәкілетті банкке нұсқауын қоса береді.
Егер валюталық шартқа есептік нөмірді алу талабы қолданылатын болса, онда есептік нөмір тағайындау туралы белгімен немесе тіркеу куәлігінің көшірмесімен, немесе хабарлама туралы куәліктің көшірмесімен бірге валюталық шарттың көшірмесі ұсынылады.
Уәкілетті ұйымдардың уәкілетті банктен ұлттық валютаға қолма-қол ақшасыз шетел валютасын сатып алуы қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларына арналған қолданыстағы лицензия және оған қолданыстағы қосымшаның (қолданыстағы қосымшалардың) негізінде жүзеге асырылады.
21. Резидент заңды тұлғаның (уәкілетті банкті қоспағанда) баламасы елу мың АҚШ долларынан асатын сомаға қолма-қол ақшасыз шетел валютасын ұлттық валютамен сатып алуға өтінімді орындау кезінде уәкілетті банк өтінімде көрсетілген шетел валютасын сатып алу мақсатын және сомасын растайтын валюталық шартпен және шотпен не шетел валютасын сатып алу мақсатын және сомасын растайтын өзге ақы төлеу құжатымен, сондай-ақ осы валюталық шарт негізінде шетел валютасын ұлттық валютаға сатып алу қағидаларына сәйкес бұрын жүзеге асырылған қолда бар мәліметтермен салыстырып тексерді.
Резидент-заңды тұлғаның өтінімдері негізінде есептелген бір валюталық шарт бойынша қолма-қол ақшасыз шетел валютасын ұлттық валютаға сатып алудың жалпы сомасының валюталық шарт сомасынан асып кетуіне жол берілмейді.
22. Резидент-заңды тұлға ол бойынша қолма-қол ақшасыз шетел валютасын сатып алынған бұрын ресімделген өтінімге Қағидалардың 20-тармағының бірінші бөлігіне сәйкес ресімделген қосымша өтінімді уәкілетті банкке ұсынған кезде, Қағидалардың 19 және 20-тармақтарына сәйкес сатып алынған қолма-қол ақшасыз шетел валютасын басқа валюталық шарт бойынша шетел валютасындағы міндеттемелерді орындауға байланысты өзге де мақсаттарға пайдалануға рұқсат етіледі.
23. Уәкілетті банк резидент-заңды тұлғаның Қағидалардың 19, 20 және 22-тармақтарына сәйкес ресімделген қолма-қол ақшасыз шетел валютасын ұлттық валютамен сатып алуға өтінімін, сондай-ақ егер:
бір валюталық шарт бойынша резидент-заңды тұлғаның өтінімі негізінде есептелген қолма-қол ақшасыз шетел валютасын ұлттық валютамен сатып алу сомасы осындай валюталық шарттың және шоттың немесе төлемге өзге құжаттың сомасынан асып кетсе;
бір резидент-заңды тұлға бір уәкілетті банк арқылы резидент-заңды тұлғаның өтінімі негізінде есептелген шетел валютасындағы міндеттемелерді орындауға байланысты емес мақсаттарға бір операция күні ұлттық валютаға қолма-қол ақшасыз шетел валютасын сатып алу сомасы баламасы елу мың АҚШ долларынан асып кетсе орындауға қабылдамайды.".
2. Төлем балансы департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы қаулы ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;
3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы қаулының осы тармағының 2) тармақшасында және 3-тармағында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Ақпарат және коммуникациялар департаменті – Ұлттық Банктің баспасөз қызметі осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.
4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
5. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күшіне енеді.
Қазақстан Республикасы | |
Ұлттық Банкінің Төрағасы | Е. Досаев |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Сыртқы істер министрлігі
2020 жылғы "___" _____________
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрлігінің
Статистика комитеті
2020 жылғы "___" _____________