Ескерту. Күші жойылды - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 05.10.2023 № 430 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы бұйрық 01.01.2020 бастап күшіне енеді
"Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы" 2019 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 17) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларды және олардың әлеуметтік аударымдары мен әлеуметтік төлемдерін дербестендірілген есепке алуды жүргізу қағидалары бекітілсін.
2. Мыналардың:
1) "Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларды дербестендірілген есепке алуды және олардың әлеуметтік аударымдары мен әлеуметтік төлемдерін жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі міндетін атқарушының 2016 жылғы 13 қаңтардағы № 15 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13094 болып тіркелген, 2016 жылғы 11 наурызда "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған);
2) "Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі міндетін атқарушының, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің және Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі міндетін атқарушының кейбір бұйрықтарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2019 жылғы 13 наурыздағы № 122 бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі міндетін атқарушының, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің және Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі міндетін атқарушының өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін кейбір бұйрықтары тізбесінің 3-тармағының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 18395 болып тіркелген, 2019 жылғы 2 сәуірде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде жарияланған) күші жойылды деп танылсын.
3. Әлеуметтік сақтандыру, базалық әлеуметтік және зейнетақымен қамсыздандыру саясаты департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күннен бастап он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1), 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтер ұсынуды қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі А.Ә. Сарбасовқа жүктелсін.
5. Осы бұйрық 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді және ресми жариялануға тиіс.
Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі |
Б. Нурымбетов |
КЕЛІСІЛДІ
Қазақстан Республикасының
Цифрлық даму, инновациялар және
аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2020 жылғы 17 наурыздағы № 100 бұйрығына қосымша |
Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларды және олардың әлеуметтік аударымдары мен әлеуметтiк төлемдерін дербестендірілген есепке алуды жүргізу қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларды және олардың әлеуметтік аударымдары мен әлеуметтік төлемдерін дербестендірілген есепке алуды жүргізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы" 2019 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 10-бабының 17) тармақшасына сәйкес әзірленді және әлеуметтік аударымдар жүргізілген және әлеуметтік төлемдер жүзеге асырылған міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыға дербестендірілген есепке алуды жүргізу тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсету, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосылуға техникалық талаптар беру бойынша қызметтер мен квазимемлекеттік секторлар субъектілерінің қызметтерін, "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштер қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосылуға техникалық талаптар беру бойынша қызметтер мен квазимемлекеттік секторлар субъектілерінің қызметтерін, сондай-ақ электрондық нысанда табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосылуға техникалық талаптар беру бойынша қызметтер мен квазимемлекеттік секторлар субъектілерінің қызметтері бойынша мемлекеттік қызметтер көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;
2) әлеуметтік аударымдар – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен төлеушілердің Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына төлейтін ақшасы;
3) міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы – өзі үшін әлеуметтік аударымдар төленетін және Заңда көзделген әлеуметтік тәуекел жағдайлары басталған кезде әлеуметтік төлемдерді алуға құқығы бар жеке тұлға;
4) әлеуметтік төлемдер – әлеуметтік төлемдерді алушының пайдасына Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры жүзеге асыратын төлемдер;
5) әлеуметтiк төлемді алушы (бұдан әрi – алушы) – әлеуметтік тәуекел жағдайы басталғанға дейін өзі үшін Мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру қорына әлеуметтiк аударымдар жүргiзiлген және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры өзіне қатысты әлеуметтiк төлемдерді тағайындау туралы шешiм шығарған жеке тұлға, ал міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы болып табылатын адам қайтыс болған жағдайда – қайтыс болған (coт хабарсыз кеттi деп таныған немесе қайтыс болды деп жариялаған) асыраушының асырауында болған отбасы мүшелерi;
6) дербестендірілген есепке алу – әлеуметтік төлемдер жүзеге асырылған міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне әрбір қатысушы туралы мәліметтерді есепке алуды ұйымдастыру және жүргізу;
7) дерекқор – міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің әрбір қатысушысы (алушы) бойынша деректерді қамтитын уәкілетті органның ақпараттық жүйесі;
8) Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры (бұдан әрі – Қор) – әлеуметтік аударымдарды шоғырландыруды және асыраушысынан айырылған жағдайда оның асырауындағы отбасы мүшелерін қоса алғанда, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыға әлеуметтік төлемдер тағайындауды және жүзеге асыруды жүргізетін заңды тұлға;
9) уәкілетті орган – Қордың қызметіне реттеуді, бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
10) Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің "Төлемдерді өңдеуді ұйымдастыру" ведомстволық автоматтандырылған ақпараттық жүйесі (бұдан әрі – ақпараттық жүйе) – әлеуметтік аударымдар мен төлемдерді өңдеуді ұйымдастыру үшін процестерді автоматтандыру бойынша ақпараттық жүйе.
2-тарау. Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылардың және олардың әлеуметтік аударымдары мен әлеуметтік төлемдерін дербестендірілген есепке алуды жүргізу тәртібі
3. Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылардың және олардың әлеуметтік аударымдары мен әлеуметтік төлемдерін дербестендірілген есепке алуды Мемлекеттік корпорация уәкілетті органның ақпараттық жүйесінде әрбір жеке тұлға бойынша жүргізеді.
4. Дербестендірілген есепке алу: міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларды және олардың әлеуметтік аударымдарын есепке алуға және әлеуметтік төлем алушыларды есепке алуға бөлінеді.
5. Мемлекеттік корпорация:
дербес деректер және оларды қорғау туралы Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес дерекқорда қамтылған мәліметтердің құпиялылығын қамтамасыз етеді;
Заңның 10-бабы 2) тармақшасына сәйкес уәкілетті орган бекітетін қаржылық және өзге де есептіліктің тізбесіне, нысандарына және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының оларды ұсыну мерзімдеріне сәйкес уәкілетті органға ай сайын міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылар (алушылар), әлеуметтік аударымдар мен әлеуметтік төлемдер туралы ақпарат ұсынады.
1-параграф. Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларды және олардың әлеуметтік аударымдарын дербестендірілген есепке алу
6. Мемлекеттік корпорацияның банктік шотына әлеуметтік аударымдар түскен жағдайда ақпараттық жүйе өздері үшін әлеуметтік аударымдар жүргізілген міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылар бойынша түскен төлем тапсырмаларын өңдеуді жүргізеді.
Мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алынған мәліметтер сәйкес келмеген жағдайда төлеушіге әлеуметтік аударымдарды қайтару жүргізіледі.
7. Әлеуметтік аударымдар сомасы түскен күннен бастап бір жұмыс күні ішінде Мемлекеттік корпорация міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылардың тізімінен және ақпараттық жүйелерден алынған:
1) жеке сәйкестендіру нөмірін (бұдан әрі – ЖСН);
2) тегі, аты, әкесінің атын (бар болса);
3) туған күнін;
4) келіп түскен күнін, жіберілген күнін, құжаттың нөмірін, күнін, төлемді тағайындау кодын (бұдан әрі – ТТК), жіберушінің атауын, жіберушінің ЖСН/БСН (бизнес сәйкестендіру нөмірі), алушының атауын, төлемнің жалпы сомасын, әлеуметтік аударымдар сомасын, мәртебесін, әлеуметтік аударымдар жүргізілетін кезеңді (жылы, айы, айлар) көрсете отырып, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен әлеуметтік аударымдардың және (немесе) әлеуметтік аударымдарды уақтылы және (немесе) толық төлемегені үшін өсімпұлдардың төленген сомалары, сондай-ақ артық (қате) төленген әлеуметтік аударымдар және (немесе) әлеуметтік аударымдарды уақтылы және (немесе) толық төлемегені үшін өсімпұлдарды қайтару туралы мәліметтерді қамтитын дербес мәліметтерді енгізеді.
8. Өздері үшін әлеуметтік аударымдар және (немесе) әлеуметтік аударымдарды уақтылы және (немесе) толық төлемегені үшін өсімпұлдар (оның ішінде артық (қате) төленген әлеуметтік аударымдарды қайтару) жүргізілген міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларды, әлеуметтік аударымдарды (оның ішінде қате аударылған әлеуметтік аударымдарды және (немесе) әлеуметтік аударымдарды уақтылы және (немесе) толық төлемегені үшін өсімпұлдарды қайтару) дербестендірілген есепке алуды Мемлекеттік корпорация тұрақты негізде автоматты режимде жүзеге асырады.
9. Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылардың дербес деректері өзгерген жағдайда Мемлекеттік корпорация дерекқорға мәліметтер мен өзгерістер енгізеді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен заңсыз (негізсіз) деп танылған қайтарылған артық (қате) төленген әлеуметтік аударымдар сомасы, алушыларға жүзеге асырылған әлеуметтік төлемдер (оның ішінде артық есептелген (төленген) әлеуметтік төлемдер сомаларын қайтару) туралы мәліметтерді есепке алуды қамтамасыз етеді.
2-параграф. Әлеуметтік төлем алушыларды дербестендірілген есепке алу
10. Әлеуметтік төлемдерді дербестендірілген есепке алуды Мемлекеттік корпорация өтініш беруші әлеуметтік төлем тағайындауға жүгінген күннен бастап жүргізеді.
11. Әлеуметтік төлемдер тағайындалған, сондай-ақ әлеуметтік аударымдарды (оның ішінде мерзімі бойынша шешілген) тоқтата тұру, қайта бастау және тоқтату туралы шешімі бар әлеуметтік төлем алушылар есепке алуға жатады.
12. Әлеуметтік төлем алушыларды есепке алу мынадай деректерді (әлеуметтік төлем түрлеріне байланысты) қамтиды:
1) ЖСН;
2) тегі, аты, әкесінің аты (болса);
3) туған күні;
4) жынысы;
5) тұрғылықты тұратын жерінің мекенжайы;
6) пошта бөлімінің индексі;
7) жеке басын куәландыратын құжаттың (қандас куәлігінің) сериясы және нөмірі, берілген күні және берген органның атауы;
8) жеке басты куәландыратын құжаттың нөмірі мен берілген күнінің өзгеруі;
9) азаматтығы, азаматтықтың өзгеруі туралы;
10) жүгінген күні;
11) әлеуметтік тәуекел туындаған күн;
12) әлеуметтік төлем тағайындау туралы шешім күні;
13) әлеуметтік төлем мерзімінің аяқталған күні;
14) міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі туралы;
15) әлеуметтік аударымдар жүргізілген кірістің орташа айлық мөлшері;
16) әлеуметтік төлемнің түрі туралы;
17) еңбекке қабілеттіліктен айырылу дәрежесі туралы;
18) асырауындағылардың саны туралы;
19) жұмыссыз ретінде есепке қою туралы;
20) жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты берілген уақытша еңбекке жарамсыздық парағында көрсетілген күндер саны туралы;
21) баланың туу кезектілігі туралы;
22) тағайындалған әлеуметтік төлемнің мөлшері туралы;
23) тағайындалған әлеуметтік төлемнің мерзімі туралы;
24) әлеуметтік төлемнен ұсталған міндетті зейнетақы жарналарының сомасы туралы мәліметтер;
25) аударылған әлеуметтік төлемдер сомасы, сондай-ақ артық есептелген (төленген), қате аударылған әлеуметтік төлемдер сомасы, келіп түскен күнін, жіберілген күнін, құжаттың нөмірін, күнін, төлем тағайындау кодын (бұдан әрі – ТТК), жіберушінің атауын, жіберушінің ЖСН/БСН (бизнес сәйкестендіру нөмірі), алушының атауын, төлемнің жалпы сомасын, әлеуметтік төлемдердің сомасын, мәртебесін, әлеуметтік төлемдер жүргізілетін кезеңді (жылы, айы, айлар) көрсете отырып, аударылған әлеуметтік төлемдер сомасы, сондай-ақ қате аударылған әлеуметтік төлемдер сомаларын қайтару туралы мәліметтер.
Ескерту. 12-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 16.03.2021 № 78 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.13. Әлеуметтік төлемдерді дербестендірілген есепке алуды (оның ішінде артық есептелген (төленген) әлеуметтік төлемдер сомасын қайтаруды) Мемлекеттік корпорация тұрақты түрде автоматтандырылған режимде жүргізеді.
14. Мемлекеттік корпорация бір жұмыс күні ішінде дерекқорға мәліметтерді және өзгерістерді енгізеді, сондай-ақ алушыларға жүзеге асырылған әлеуметтік төлемдер (оның ішінде артық есептелген (төленген) әлеуметтік төлемдер сомасын қайтару) туралы мәліметтерді дербестендірілген есепке алуды қамтамасыз етеді.