Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларды, олардың әлеуметтік аударымдары мен әлеуметтік төлемдерін дербестендірілген есепке алуды жүргізу қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 5 қазандағы № 430 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 11 қазанда № 33537 болып тіркелді

      Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 18 ақпандағы № 81 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 212) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларды, олардың әлеуметтік аударымдары мен әлеуметтік төлемдерін дербестендірілген есепке алуды жүргізу қағидалары бекітілсін.

      2. Мыналардың:

      1) "Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларды және олардың әлеуметтік аударымдары мен әлеуметтік төлемдерін дербестендірілген есепке алуды жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2020 жылғы 17 наурыздағы № 100 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20178 болып тіркелген).

      2) "Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің және Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі міндетін атқарушының кейбір бұйрықтарына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2021 жылғы 16 наурыздағы № 78 бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің және Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі міндетін атқарушының өзгерістер енгізілетін кейбір бұйрықтары тізбесінің 15-тармағының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 22354 болып тіркелген) күші жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Әлеуметтік қамсыздандыру және әлеуметтің сақтандыру департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күннен бастап он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтер ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі
С. Жакупова

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Цифрлық даму, инновациялық

      және аэроғарыштық

      өнеркәсіп министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Еңбек және халықты
әлеуметтік қорғау министрі
2023 жылғы 5 қазандағы
№ 430 /бұйрығына
қосымша

Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларды, олардың әлеуметтік аударымдары мен әлеуметтік төлемдерін дербестендірілген есепке алуды жүргізу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларды, олардың әлеуметтік аударымдары мен әлеуметтік төлемдерін дербестендірілген есепке алуды жүргізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 18 ақпандағы № 81 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 212) тармақшасына (бұдан әрі – Ереже) сәйкес әзірленді және әлеуметтік аударымдар жүргізілген және әлеуметтік төлемдер жүзеге асырылған міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларды дербестендірілген есепке алуды жүргізу тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді көрсету, "бір терезе" қағидаты бойынша өтініштерді қабылдау және олардың нәтижелерін көрсетілетін қызметті алушыға беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;

      2) әлеуметтік аударымдар – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдарды төлеушілер төлейтін ақша;

      3) әлеуметтік төлемдер – Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры әлеуметтік төлемді алушының пайдасына жүзеге асыратын төлемдер;

      4) әлеуметтік төлемді алушы (бұдан әрі – алушы) – әлеуметтік тәуекел жағдайы туындағанға дейін өзі үшін Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар жүргізілген және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры оған қатысты әлеуметтік төлемдерді тағайындау туралы шешім шығарған жеке тұлға, ал міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы болып табылатын адам қайтыс болған жағдайда – қайтыс болған (сот хабарсыз кетті деп таныған немесе қайтыс болды деп жариялаған) асыраушының асырауында болған отбасы мүшелері;

      5) дербестендірілген есепке алу – әлеуметтік төлемдер жүзеге асырылған міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне әрбір қатысушы туралы мәліметтерді есепке алуды ұйымдастыру және жүргізу;

      6) дерекқор – міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің әрбір қатысушысы (алушы) бойынша деректерді қамтитын уәкілетті органның ақпараттық жүйесі;

      7) Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры (бұдан әрі – Қор) – әлеуметтік аударымдарды жинақтауды, асыраушысынан айырылған жағдайда, отбасы мүшелерін – асырауындағыларды қоса алғанда, өздеріне қатысты әлеуметтік тәуекел жағдайы туындаған міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға әлеуметтік төлемдерді тағайындауды және жүзеге асыруды жүргізетін заңды тұлға;

      8) міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы – өзі үшін әлеуметтік аударымдар төленетін және Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінде (бұдан әрі – Кодекс) көзделген әлеуметтік тәуекел жағдайлары туындаған кезде әлеуметтік төлемдерді алуға құқығы бар жеке тұлға;

      9) Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің "Төлемдерді өңдеуді ұйымдастыру" ведомстволық автоматтандырылған ақпараттық жүйесі (бұдан әрі – ақпараттық жүйе) – әлеуметтік аударымдар мен төлемдерді өңдеуді ұйымдастыру үшін процестерді автоматтандыру бойынша ақпараттық жүйе;

      10) уәкілетті орган – Қордың қызметіне реттеуді, бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік орган.

2-тарау. Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларды, олардың әлеуметтік аударымдары мен әлеуметтік төлемдерін дербестендірілген есепке алуды жүргізу тәртібі

      3. Дербестендірілген есепке алу: міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларды және олардың әлеуметтік аударымдарын есепке алуға және әлеуметтік төлем алушыларды есепке алуға бөлінеді.

      4. Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларды және олардың әлеуметтік аударымдары мен әлеуметтік төлемдерін дербестендірілген есепке алуды Мемлекеттік корпорация уәкілетті органның ақпараттық жүйесінде әрбір жеке тұлға бойынша жүргізеді.

      5. Әлеуметтік аударымдар және (немесе) әлеуметтік аударымдарды уақтылы және (немесе) толық төлемегені үшін өсімпұл (оның ішінде артық (қате) төленген әлеуметтік аударымдарды және (немесе) әлеуметтік аударымдарды уақтылы және (немесе) толық төлемегені үшін өсімпұлдарды қайтару) жүргізілген міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларды дербестендірілген есепке алуды Мемлекеттік корпорация тұрақты негізде автоматты режимде жүзеге асырады.

      6. Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылардың дербес деректері өзгерген жағдайда Мемлекеттік корпорация дерекқорға мәліметтер мен өзгерістер енгізеді, сондай-ақ Кодекспен көзделген тәртіппен заңсыз (негізсіз) деп танылған қайтарылған артық (қате) төленген әлеуметтік аударымдар сомасы туралы, алушыларға жүзеге асырылған әлеуметтік төлемдер (оның ішінде артық есептелген (төленген) әлеуметтік төлемдер сомаларын қайтару) туралы мәліметтерді есепке алуды қамтамасыз етеді.

      7. Мемлекеттік корпорация:

      дербес деректер және оларды қорғау туралы Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес дерекқорда қамтылған мәліметтердің құпиялылығын қамтамасыз етеді;

      Ереженің 15-тармағының 148) тармақшасына сәйкес уәкілетті орган бекітетін қаржылық және өзге де есептіліктің тізбесіне, нысандарына және Қордың оларды ұсыну мерзімдеріне сәйкес уәкілетті органға ай сайын міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылар (алушылар), әлеуметтік аударымдар мен әлеуметтік төлемдер туралы ақпарат ұсынады.

      8. Әлеуметтік аударымдар жүргізілген міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылар бойынша келіп түскен төлем тапсырмаларын ақпараттық жүйеде өңдеу Мемлекеттік корпорацияның банктік шотына әлеуметтік аударымдар сомалары түскен кезде жүзеге асырылады.

      Мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алынған мәліметтер сәйкес келмеген жағдайда төлеушіге әлеуметтік аударымдарды "Әлеуметтік сақтандыру жүйесінің және әлеуметтік-еңбек саласында мемлекеттік қызметтер көрсетудің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 21 маусымдағы № 229 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 32897 болып тіркелген) (бұдан әрі – Бұйрық) белгіленген тәртіппен қайтару жүргізіледі.

      9. Әлеуметтік аударымдар сомасы түскен күннен бастап бір жұмыс күні ішінде Мемлекеттік корпорация міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылардың тізімінен және ақпараттық жүйелерден алынған:

      1) жеке сәйкестендіру нөмірін (бұдан әрі – ЖСН);

      2) тегі, аты, әкесінің атын (бар болса);

      3) туған күнін;

      4) келіп түскен күнін, жіберілген күнін, құжаттың нөмірін, күнін, төлемді тағайындау кодын (бұдан әрі – ТТК), жіберушінің атауын, жіберушінің ЖСН/ бизнес сәйкестендіру нөмірін (бұдан әрі – БСН), алушының атауын, төлемнің жалпы сомасын, әлеуметтік аударымдар сомасын, мәртебесін, әлеуметтік аударымдар жүргізілетін кезеңді (жылы, айы, айлар) көрсете отырып, Бұйрықта белгіленген тәртіппен әлеуметтік аударымдардың және (немесе) әлеуметтік аударымдарды уақтылы және (немесе) толық төлемегені үшін өсімпұлдардың төленген сомалары, сондай-ақ артық (қате) төленген әлеуметтік аударымдар және (немесе) әлеуметтік аударымдарды уақтылы және (немесе) толық төлемегені үшін өсімпұлдарды қайтару туралы мәліметтерді қамтитын дербес мәліметтерді енгізеді.

      10. Әлеуметтік төлемдерді дербестендірілген есепке алуды Мемлекеттік корпорация өтініш беруші әлеуметтік төлем тағайындауға жүгінген күннен бастап жүргізеді.

      11. Әлеуметтік төлемдер тағайындалған, сондай-ақ әлеуметтік аударымдарды (оның ішінде мерзімі бойынша шешілген) тоқтата тұру, қайта бастау және тоқтату туралы шешімі бар әлеуметтік төлем алушылар есепке алуға жатады.

      12. Әлеуметтік төлем алушыларды есепке алу мынадай деректерді (әлеуметтік төлем түрлеріне байланысты) қамтиды:

      1) ЖСН;

      2) тегі, аты, әкесінің аты (бар болса);

      3) туған күні;

      4) жынысы;

      5) тұрғылықты тұратын жерінің мекенжайы;

      6) пошта бөлімінің индексі;

      7) жеке басын куәландыратын құжаттың (қандас куәлігінің) сериясы және нөмірі, берілген күні және берген органның атауы;

      8) жеке басты куәландыратын құжаттың нөмірі мен берілген күнінің өзгеруі;

      9) азаматтығы, азаматтықтың өзгеруі туралы;

      10) жүгінген күні;

      11) әлеуметтік тәуекел туындаған күн;

      12) әлеуметтік төлем тағайындау туралы шешім күні;

      13) әлеуметтік төлем мерзімінің аяқталған күні;

      14) міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі туралы;

      15) әлеуметтік аударымдар жүргізілген кірістің орташа айлық мөлшері;

      16) әлеуметтік төлемнің түрі туралы;

      17) еңбекке қабілеттіліктен айырылу дәрежесі туралы;

      18) асырауындағылардың саны туралы;

      19) жұмыссыз ретінде есепке қою туралы;

      20) жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты берілген уақытша еңбекке жарамсыздық парағында көрсетілген күндер саны туралы;

      21) баланың туу кезектілігі туралы;

      22) тағайындалған әлеуметтік төлемнің мөлшері туралы;

      23) тағайындалған әлеуметтік төлемнің мерзімі туралы;

      24) әлеуметтік төлемнен ұсталған міндетті зейнетақы жарналарының сомасы туралы мәліметтер;

      25) аударылған әлеуметтік төлемдер сомасы, сондай-ақ артық есептелген (төленген), қате аударылған әлеуметтік төлемдер сомасы, келіп түскен күнін, жіберілген күнін, құжаттың нөмірін, күнін, ТТК, жіберушінің атауын, жіберушінің ЖСН/БСН, алушының атауын, төлемнің жалпы сомасын, әлеуметтік төлемдердің сомасын, мәртебесін, әлеуметтік төлемдер жүргізілетін кезеңді (жылы, айы, айлар) көрсете отырып, аударылған әлеуметтік төлемдер сомасы, сондай-ақ қате аударылған әлеуметтік төлемдер сомаларын қайтару туралы мәліметтер.

      13. Әлеуметтік төлемдерді дербестендірілген есепке алуды (оның ішінде артық есептелген (төленген) әлеуметтік төлемдер сомасын қайтаруды) Мемлекеттік корпорация тұрақты түрде автоматтандырылған режимде жүргізеді.

      14. Мемлекеттік корпорация бір жұмыс күні ішінде дерекқорға мәліметтерді және өзгерістерді енгізеді, сондай-ақ алушыларға жүзеге асырылған әлеуметтік төлемдер (оның ішінде артық есептелген (төленген) әлеуметтік төлемдер сомасын қайтару) туралы мәліметтерді дербестендірілген есепке алуды қамтамасыз етеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады