"Оңалту және банкроттық туралы" 2014 жылғы 7 наурыздағы Қазақстан Республикасы Заңының 49-1-бабы 3-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес Қаржылық тұрақтылық коэффициенттерін есептеу және сыныптардың шекараларын айқындау қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Бірінші Орынбасары - Қаржы министрі |
А. Смаилов |
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары - Қаржы министрінің 2020 жылғы 9 сәуірдегі № 372 бұйрығына қосымша |
Қаржылық тұрақтылық коэффициенттерін есептеу және сыныптардың шекараларын айқындау қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Қаржылық тұрақтылық коэффициенттерін есептеу және сыныптардың шекараларын айқындау қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) "Оңалту және банкроттық туралы" 2014 жылғы 7 наурыздағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 49-1-бабы 3-тармағына сәйкес әзірленді және қаржылық тұрақтылық коэффициенттерін есептеу және сыныптардың шекараларын айқындау тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларды оңалту немесе банкроттық туралы істі сотта қарау кезеңінде борышкердің қаржылық тұрақтылығы туралы қорытындыны жасау, сондай-ақ Заңда көзделген жағдайларда оңалту немесе банкроттық рәсімдерін жүргізу мақсатында әкімшілер қолданады.
2-тарау. Ақпарат көздері
3. Коэффициенттердің көрсеткіштерін есептеу үшін бастапқы есепке алу құжаттарының, бухгалтерлік және салықтық есепке алу тіркелімдерінің, қаржы және салық есептілігінің деректері, сондай-ақ аудиторлық тексеру материалдары мен бағалаушылардың есептері (олар болған кезде) пайдаланылады.
Борышкердің бухгалтерлік есеп тіркелімдерінде шаруашылық операциялардың көрсетілуі борышкер қабылдаған және Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2007 жылғы 23 мамырдағы № 185 бұйрығымен бекітілген, Бухгалтерлік есеп шоттарының үлгілік жоспарына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 4771 болып тіркелген) қайшы келмейтін бухгалтерлік есеп шоттарының жоспарына сәйкес келуі тиіс.
4. "Бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы" 2007 жылғы 28 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі - "Бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы" Заң) сәйкес бухгалтерлік есепті жүргізбейтін және қаржылық есептілікті жасамайтын дара кәсіпкер-борышкердің коэффициент көрсеткіштерінің есептеуін жүзеге асыру кезінде Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2012 жылғы 20 желтоқсандағы № 562 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8265 болып тіркелген) нысандарға сәйкес жасалған бастапқы есепке алу құжаттары пайдаланылады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген тұлғаның салықтық есебі Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 1 ақпандағы № 98 бұйрығымен (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тізілімінде № 16388 болып тіркелген) бекітілген, "Бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы" Заңына сәйкес бухгалтерлік есепке алуды жүргізу және қаржылық есептілікті жасау жөніндегі міндет жүктелмеген дара кәсіпкерлердің салықтық есепке алуды ұйымдастыру және жүргізу қағидаларына сәйкес жүргізіледі.
3-тарау. Қаржылық тұрақтылық коэффициенттерін есептеу және сыныптардың шекараларын айқындау тәртібі
5. Борышкердің қаржы-шаруашылық қызметінің тиімділігін сипаттайтын коэффициенттердің есептеуін әкімші мынадай көрсеткіштердің негізінде жүзеге асырады:
1) кірістер (К) - капиталға қатысатын тұлғалардың жарналарымен байланысты ұлғаюдан ерекше капиталдың ұлғаюына алып келетін активтердің келіп түсуі немесе өсуі немесе міндеттемелердің кемуі нысанында есепті кезең ішінде экономикалық пайданың ұлғаюы;
2) салық салынғанға дейінгі пайда (залал) (СаК(З)) - салық өндіріліп алынатын салық кезең ішінде дара кәсіпкер немесе заңды тұлға алған кіріс;
3) пайыздар бойынша шығыстар (ПШ) - дара кәсіпкердің немесе заңды тұлғаның есепті кезең ішінде пайыздарды төлеуге байланысты шығыстары;
4) активтер (А) - болашақтағы экономикалық пайданы алу күтілетін өткен оқиғалар нәтижесінде дара кәсіпкер немесе заңды тұлға бақылайтын ресурстар;
5) қысқа мерзімді (айналым) активтер (ҚА) - дара кәсіпкердің немесе заңды тұлғаның қысқа мерзім ретінде жіктелетін активтері, егер:
сату болжанса немесе ол әдеттегі операциялық цикл шеңберінде сатуға немесе тұтынуға арналса;
негізінен сауда мақсатына арналған;
есепті күннен кейінгі 12 (он екі) айдың ішінде сатылады деп болжанса;
егер есепті күннен кейінгі кем дегенде он екі ай ішінде міндеттемелерді өтеу үшін пайдалануға немесе оны алмастыруға шектеу болмаса, ақша қаражатын немесе оның баламаларын білдірсе.
Қысқа мерзімді (айналым) активтерге ақша қаражаты, қысқа мерзімді қаржылық активтер, қысқа мерзімді дебиторлық берешек, запастар, ағымдағы салық активтері, сатуға арналған ұзақ мерзімді активтер, биологиялық активтер, басқа да қысқа мерзімді активтер жатады;
6) міндеттеме (М) - дара кәсіпкердің немесе заңды тұлғаның өткен оқиғалардан туындайтын, реттелуі экономикалық пайдасы бар ресурстарды жоюға әкелетін қолданыстағы міндеттеме;
7) капитал (К) - барлық міндеттемелер шегерілгеннен кейін қалатын дара кәсіпкердің немесе заңды тұлғаның активтеріндегі үлес;
8) акцияның нарықтық құны (АНҚ) - акционерлік қоғам акцияларының нарықтық құны;
9) бөлінбеген пайда (жабылмаған залал) (БП (З)) - таза пайданың қалдығы немесе алдыңғы есепті кезеңдегі шығындар сомасы.
6. Борышкердің қаржы-шаруашылық қызметінің тиімділігін сипаттайтын коэффициенттер мынадай түрде есептеледі:
қысқа мерзімді активтердің дара кәсіпкер немесе заңды тұлға активтерінің сомасына арақатынас коэффициенті (К1) - жиынтық активтеріне қатынасы бойынша айналым активтерінің сомасын бағалайды және мына формула бойынша есептеледі:
К1= К1=КА/А
бөлінбеген пайданың (жабылмаған залалдың) активтер сомасына арақатынас коэффициенті - дара кәсіпкердің немесе заңды тұлғаның (К2) қаржылық рычагының деңгейін көрсетеді және мына формула бойынша есептеледі:
К2= БП (З)/А
салық салынғанға дейінгі кірістің активтер сомасына арақатынас коэффициенті (К3) - дара кәсіпкер немесе заңды тұлға қызметінің тиімділігін көрсетеді және мына формула бойынша есептеледі:
К3= (СаК (З)+ПШ)/А
Акциялардың нарықтық құнының немесе капитал құнының барлық міндеттемелер құнына арақатынас коэффициенті (К4) мына формула бойынша есептеледі:
К4= (АНҚ немесе К)/М
тауарларды, жұмыстарды, қызметтерді сату көлемінің дара кәсіпкердің немесе заңды тұлғаның активтер сомасына арақатынас коэффициенті - борышкер активтерінің (K5) кірістілігін сипаттайды және мына формула бойынша есептеледі:
К5= К/А
7. Әр коэффициентті есептеу нәтижелері бойынша олардың жалпы мәні (Z) мына формула бойынша анықталады:
акциялары бағалы қағаздар нарығында орналасатын акционерлік қоғамдар үшін:
Z1 = 1,2*К1+1,4*К2+3,3*К3+0,6*К4+0,999К5,
мұнда К4=АНҚ/М
акциялары бағалы қағаздар нарығында орналастырылмайтын заңды тұлғалар, дара кәсіпкерлер, сондай-ақ акционерлік қоғамдар үшін:
Z2 = 0,717*К1+0,847*К2+3,107*К3+0,42*К4+0,998*К5,
мұнда К4=К/М
8. Қаржылық тұрақтылық сыныптарының шекаралары төменде келтірілген кестеге сәйкес анықталады:
Қаржылық тұрақтылық сыныптарының шекаралары | |||
I сынып | II сынып | III сынып | |
акциялары бағалы қағаздар нарығында орналасатын акционерлік қоғамдар үшін |
Z1 ≥ 2,99 |
1,81≤ Z1 ˂ 2,99 |
Z1 ˂ 1.81 |
акциялары бағалы қағаздар нарығында орналастырылмайтын заңды тұлғалар, дара кәсіпкерлер, сондай-ақ акционерлік қоғамдар үшін |
Z2 ≥ 2,90 |
1,23 ≤ Z2 ˂ 2,90 |
Z2 ˂ 1,23 |
, |
мұнда, I сыныпқа жатқызылған борышкер қаржылық тұрақты; II сыныпқа - банкроттық тәуекелімен байланысты, бірақ қаржылық тұрақтылықты қалпына келтіру мүмкіндігі бар; III сыныпқа - қаржылық тұрақсыз болып табылады.