Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңына, Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 6 сәуірдегі "Құқықтық актілер туралы" Заңына, Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 23 қарашадағы "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" Заңына сәйкес, Қаражал қаласының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын Қаражал қаласының атқарушы органдарының мемлекеттік қызметшілеріне көтермелеулерді қолдану қағидалары бекітілсін.
2. Жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын Қаражал қаласының атқарушы органдар осы қаулыдан туындайтын қажетті шараларды қабылдасын.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қаражал қаласы әкімінің жетекшілік ететін мәселелер жөніндегі орынбасарына жүктелсін.
4. Осы қаулы оның алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қаражал қаласының әкімі | Т. Досаев |
Қаражал қаласы әкімдігінің 2020 жылғы 10 желтоқсандағы № 163 қаулысына қосымша |
Жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын Қаражал қаласының атқарушы органдарының мемлекеттік қызметшілеріне көтермелеулерді қолдану қағидалары
1. Жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын Қаражал қаласының атқарушы органдарының мемлекеттік қызметшілеріне (бұдан әрі - мемлекеттік қызметшілер) көтермелеулерді қолдану қағидалары "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" Заңның 35-бабына сәйкес әзірленді және жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын Қаражал қаласының атқарушы органдарының мемлекеттік қызметшілеріне көтермелеулерді қолдану тәртібін айқындайды.
2. Мемлекеттік қызметшілерге келесі көтермелеулер қолданылады:
1) біржолғы ақшалай сыйақы беру;
2) алғыс жариялау;
3) бағалы сыйлықпен марапаттау;
4) грамотамен марапаттау;
5) құрметті атақ беру;
6) көтермелеудің өзге де нысандары, оның ішінде ведомстволық наградалармен марапаттау.
Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - Ұлытау облысы Қаражал қаласының әкімдігінің 12.07.2023 № 58 (оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.3. Бір ерекшелігі үшін мемлекеттік қызметшіге тек бір көтермелеу қолданылады.
4. Мемлекеттік қызметшілер лауазымдық міндеттерін үлгілі орындағаны, мінсіз мемлекеттік қызметі, ерекше маңыздылығы мен күрделілігі бар тапсырмаларды орындағаны үшін және жұмыстағы басқа жетістіктері үшін, сондай-ақ олардың қызметін бағалау нәтижелері бойынша көтермеленеді.
5. Мемлекеттік қызметшілерді көтермелеу құрамын қала әкімі бекіткен комиссия (бұдан әрі - Комиссия) шешімі негізінде жүргізіледі.
6. Әкімшілік мемлекеттік қызметшілер қызметтік міндеттерін үлгілі орындағаны, мінсіз мемлекеттік қызметі үшін біржолғы ақшалай сыйақымен көтермеленеді.
Осы тармақта көзделген біржолғы ақшалай сыйақылар төлемі жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын Қаражал қаласының атқарушы органның бюджеттік бағдарламасын қаржыландыру жоспары бойынша қаржыны үнемдеу жолымен жүзеге асырылады.
7. Ерекше маңыздылығы мен күрделілігі бар тапсырмаларды орындағаны және жұмыстағы басқа жетістіктері үшін, сондай-ақ олардың қызметін бағалау нәтижелері бойынша осы қағиданың 6 тармағында көрсетілген мемлекеттік қызметшілер жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын Қаражал қаласының атқарушы органның бюджеттік бағдарламасының қаржыландыру жоспарына сәйкес, ұстауға берілген үнемделген қаражат есебінен комиссия ұсынымдары негізінде атқарушы орган басшысының шешімі бойынша біржолғы ақшалай сыйақымен көтермеленеді.
8. Мемлекеттік қызметшілерге біржолғы ақшалай сыйақы төлеу жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын Қаражал қаласының атқарушы орган басшысының актісімен жүзеге асырылады.
9. Лауазымдық міндеттерін үлгілі орындағаны, қызметте жоғары нәтижеге қол жеткізгені, ерекше маңызды міндеттерді шешуге қосқан жеке үлесі үшін мемлекеттік қызметшілер қала әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталады.
10. Мемлекеттік қызметшілерді қала әкімінің Құрмет грамотасымен марапаттаумен көтермеленуді есепке алуды қала әкімі аппаратының персоналды басқару қызметі (кадр қызметі) мемлекеттік қызметшінің еңбек кітапшасына және жеке іс қағазына деректерді енгізе отырып жүзеге асырады.
11. Мемлекеттік қызметшілерді көтермелеудің өзге нысандары Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес қолданылады.
12. Мемлекеттік қызметшілер көтермелеуге жатпайды:
1) алынбаған тәртіптік жазасы болған кезде;
2) сынақ мерзімінен өту кезеңінде;
3) "Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшісіне қатысты ұлттық қауіпсіздік органдары арнайы тексеру жүргізу кезеңінде;
4) Жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын Қаражал қаласының атқарушы органда бiр айдан аз жұмыс істегендер.