Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңына және Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 8 шілдедегі "Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы" Заңына сәйкес, Жаңаарқа аудандық мәслихаты ШЕШІМ ЕТТІ:
1. Жаңаарқа ауданының ауылдық елді мекендерінде тұратын және жұмыс істейтін мемлекеттік денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, мәдениет, спорт және ветеринария ұйымдарының мамандарына коммуналдық көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу және отын сатып алу бойынша әлеуметтік қолдау көрсету қағидалары мен мөлшері осы шешімнің қосымшасына сәйкес бекітілсін.
2. Жаңаарқа аудандық мәслихатының 2014 жылғы 23 желтоқсандағы № 38/255 "Жаңаарқа ауданының ауылдық елді мекендерінде тұратын және жұмыс істейтін мемлекеттік әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, мәдениет, спорт және ветеринария ұйымдарының мамандарына отын сатып алу үшін бюджет қаражаты есебінен әлеуметтік көмек беру туралы" (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде № 2921 болып тіркелген, "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде 2015 жылдың 27 мамырында, "Жаңаарқа" аудандық газетінде 2015 жылдың 24 қаңтарында № 4-5 (9658-9659) жарияланған) шешімінің күші жойылды деп танылсын.
3. Осы шешім әділет органдарында мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді және оның алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Сессия төрағасы | Р. Рахимов |
Жаңаарқа аудандық мәслихат хатшысы | К. Имантусупов |
Жаңаарқа аудандық мәслихатының 2020 жылғы 10 желтоқсандағы № 64/517 шешіміне қосымша |
Жаңаарқа ауданының ауылдық елді мекендерінде тұратын және жұмыс істейтін мемлекеттік денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, мәдениет, спорт және ветеринария ұйымдарының мамандарына коммуналдық көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу және отын сатып алу бойынша әлеуметтік қолдау көрсету қағидалары мен мөлшері
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Қағида Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" және 2005 жылғы 8 шілдедегі "Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы" Заңдарына сәйкес әзірленді және Жаңаарқа ауданының ауылдық елді мекендерінде тұратын және жұмыс істейтін мемлекеттік денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, мәдениет, спорт және ветеринария ұйымдарының мамандарына коммуналдық көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу және отын сатып алу бойынша әлеуметтік қолдау көрсетудің (әрі қарай – әлеуметтік қолдау) тәртібін және мөлшерін анықтайды.
2. Әлеуметтік қолдауды тағайындау мемлекеттік денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, мәдениет, спорт және ветеринария ұйымдарының бірінші басшыларымен бекітілген жиынтық тізім негізінде уәкілетті орган – "Жаңаарқа ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесімен жүзеге асырылады.
2-тарау. Әлеуметтік қолдауды көрсету тәртібі мен мерзімдері
3. Әлеуметтік қолдауды алу үшін кент, ауыл және ауылдық округ әкімдері Жаңаарқа ауданының ауылдық елді мекендерінде тұратын және жұмыс істейтін мемлекеттік денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, мәдениет, спорт және ветеринария ұйымдарының мамандарының тізімін, қызметті алушылардан өтініштерін сұратпай келесі құжаттарымен ұсынады:
1) жеке басты куәландыратын құжаттың көшірмесі (кент, ауыл, ауылдық округ әкімінің мөрімен расталған);
2) жұмыс орнынан анықтама;
3) екінші деңгейдегі банкте немесе банк операцияларын жүзеге асыруға тиісті лицензиясы бар ұйымдарда дербес шоты бар екенін растайтын құжат.
4. Әлеуметтік қолдауды көрсетуден бас тартуға негіз болады:
1) 3 тармақта көрсетілген тізбеге сәйкес құжаттардың толық емес топтамасын және (немесе) қолданылу мерзімі өткен құжаттарды ұсынуы;
2) мәліметтердің жалған болуы немесе берілген құжаттардың сәйкес келмеуі.
5. Денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, мәдениет, спорт және ветеринария ұйымдарының мамандары бірнеше қызметтерді қатар атқарған жағдайда, атқаратын бір лауазымы бойынша әлеуметтік қолдау алуға құқылы.
6. Кент, ауыл және ауылдық округ әкімдері уәкілетті органға құжаттарды тапсырған уақыттан бастап әлеуметтік қолдау көрсетуге құжаттарды өңдеу мерзімі - 15 (он бес) жұмыс күні.
Тізімдер бойынша құжаттарды қабылдау уәкілетті органмен ағымдағы жылдың тамыз айынан желтоқсан айына дейін жүргізіледі.
Әлеуметтік қолдауды көрсету нәтижесі – қаржыландыру жоспарына сәйкес жылына бір рет жүргізілген төлем.
3-тарау. Әлеуметтік қолдауды көрсету мөлшерін белгілеу
7. Жаңаарқа ауданының ауылдық елді мекендерінде тұратын және жұмыс істейтін мемлекеттік денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, мәдениет, спорт және ветеринария ұйымдарының мамандарына коммуналдық көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу және отын сатып алу бойынша әлеуметтік қолдау бюджет қаражаты есебінен 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде белгіленсін
Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда - Қарағанды облысы Жаңаарқа аудандық мәслихатының 17.05.2022 № 24/169 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).