Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн-өзi басқару туралы" Заңына, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 "Әлеуметтiк көмек көрсетудiң, оның мөлшерлерiн белгiлеудiң және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тiзбесiн айқындаудың үлгiлiк қағидаларын бекiту туралы" қаулысына сәйкес, Шет аудандық мәслихаты ШЕШIМ ЕТТI:
1. Шет аудандық мәслихатының 2014 жылғы 25 қарашадағы XXVI сессиясының "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидаларын бекіту туралы" № 26/223 шешіміне (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 2892 болып тіркелген, 2015 жылғы 5 қаңтардағы № 01(10517) "Шет Шұғыласы" газетінде, "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде 2015 жылдың 8 қаңтарында жарияланған), келесі өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:
көрсетілген шешіммен бекітілген Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидаларында:
1) 10 тармақ келесі редакцияда мазмұндалсын:
"10. Азаматтарды өмірлік қиын жағдай туындаған кезде мұқтаждар санатына жатқызу үшін негіз болып табылатындар:
1) азаматқа (отбасына) немесе оның мүлкіне табиғи зілзала немесе өрттің салдарынан зиян келтірілсе;
2) амбулаториялық емделу кезінде, әлеуметтік мәні бар "туберкулез" ауруы, адамның иммунитет тапшылығы вирусын тасымалдаушы және адамның иммунитет тапшылығы вирусынан пайда болған әлеуметтік мәні бар ауруы болса;
3) өмірлік қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмек азаматтың (отбасының) айлық орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 1 еселік мөлшерден аспайтын жағдайда ұсынылады.";
2) 15 тармақтың 2) тармақшасы алынып тасталсын;
3) 17-1 тармақ алынып тасталсын;
4) келесі мазмұндағы 24-1 тармақпен толықтырылсын:
"24-1. Өмірлік қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмек көрсетуден бас тарту:
1) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған;
2) өтініш беруші адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізуден бас тартқан, жалтарған;
3) адамның (отбасының) жан басына шаққандағы айлық орташа табысы белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейінен артқан жағдайларда жүзеге асырылады.";
5) 26-1, 26-2, 26-3, 26,4 тармақтар алынып тасталсын.
2. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Сессия төрағасы | Р. Шакиржанова |
Аудандық мәслихаттың хатшысы | Б. Тулеукулов |