Ескерту. Күші жойылды- Маңғыстау облысы Қарақия аудандық мәслихатының 2023 жылғы 06.10.2023 № 6/44 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.
Ескерту. Тақырыбы жаңа редакцияда - Маңғыстау облысы Қарақия аудандық мәслихатының 12.11.2021 № 9/78 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.
Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 18 қазандағы № 1106 "Бөлек жергілікті қоғамдастық жиындарын өткізудің үлгі қағидаларын бекіту туралы" қаулысына сәйкес, сонымен қатар "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Маңғыстау облысы әділет департаменті" республикалық мемлекеттік мекемесінің 2020 жылғы 21 қыркүйектегі № 05-10-1580 ақпараттық хатының негізінде, Қарақия аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫҚ:
1. Осы шешімнің қосымшасына сәйкес Қарақия ауданының елді мекендерінің аумағында бөлек жергілікті қоғамдастық жиындарын өткізу және жергілікті қоғамдастық жиынына қатысу үшін ауыл, көше, көппәтерлі тұрғын үй тұрғындары өкілдерінің санын айқындау тәртібі бекітілсін.
2. Қарақия аудандық мәслихатының 2014 жылғы 24 сәуірдегі № 18/196 "Қарақия ауданында бөлек жергілікті қоғамдастық жиындарын өткізудің қағидаларын бекіту туралы" шешімінің (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде № 2437 болып тіркелген, 2014 жылғы 5 маусымдағы "Қарақия" газетінде жарияланған) күші жойылды деп танылсын.
3. Осы шешімнің орындалуын бақылау Қарақия аудандық мәслихатының заңдылық, депутаттар өкілеттілігі және әлеуметтік мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясына (Б.Қуандық) жүктелсін.
4. "Қарақия аудандық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесі (аппарат басшысы Р.Ибраева) осы шешімнің әділет органдарында мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін.
5. Осы шешім әділет органдарында мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді және ол алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Сессия төрағасы | Б. Дүсіпов |
Қарақия аудандық мәслихатының хатшысы | А. Мееров |
Қарақия аудандық мәслихатының | |
2020 жылғы 27 қарашадағы | |
№ 45/452 шешіміне қосымша |
Қарақия ауданының ауыл, ауылдық округтерінің аумағында жергілікті қоғамдастық бөлек жиындарын өткізудің қағидалары
Ескерту. Қосымша жаңа редакцияда - Маңғыстау облысы Қарақия аудандық мәслихатының 12.11.2021 № 9/78 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Қарақия ауданының ауыл, ауылдық округтерінің аумағында жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиындарын өткізудің қағидалары Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 39-3-бабының 6-тармағына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 18 қазандағы № 1106 "Жергілікті қоғамдастық бөлек жиындарын өткізудің үлгі қағидаларын бекіту туралы" қаулысына сәйкес әзірленді және ауыл, ауылдық округ, шағын аудан, көше, көппәтерлі тұрғын үй тұрғындарының жергілікті қоғамдастығының бөлек жиындарын өткізудің тәртібін белгілейді.
2. Қарақия ауданының ауыл, ауылдық округтерінің аумағында ауылдың, шағын ауданның, көшенің, көппәтерлі тұрғын үй тұрғындарының жергілікті қоғамдастығының бөлек жиындары (одан әрі – бөлек жиын), жергілікті қоғамдастықтың жиынына қатысу үшін өкілдерді сайлау мақсатында шақырылады және өткізіледі.
2-тарау. Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиындарын өткізудің тәртібі
3. Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиынын өткізу үшін ауылдың, ауылдық округтің аумағы учаскелерге (ауылдар, шағын аудандар, көшелер, көппәтерлі тұрғын үйлер) бөлінеді.
4. Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиындарында жергілікті қоғамдастық жиынына қатысу үшін саны үш адамнан аспайтын өкілдер сайланады.
5. Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиынын ауылдың, ауылдық округтің әкімі шақырады және ұйымдастырады.
6. Жергілікті қоғамдастықтың халқына жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиындарының шақырылу уақыты, орны және талқыланатын мәселелер туралы ауыл, ауылдық округ әкімі бұқаралық ақпарат құралдары арқылы немесе өзге де тәсілдермен олар өткізілетін күнге дейін күнтізбелік он күннен кешіктірмей хабарлайды.
7. Ауыл, шағын аудан, көше, көппәтерлі тұрғын үй шегінде жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиынын өткізуді ауыл, ауылдық округ әкімі ұйымдастырады.
Шағын аудан немесе көше шегінде көппәтерлі үйлер болған жағдайда, көппәтерлі үйдің бөлек жиындары өткізілмейді.
8. Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиынының ашылуы алдында тиісті ауылдың, шағын ауданның, көшенің, көппәтерлі тұрғын үйдің қатысып отырған, оған қатысуға құқығы бар тұрғындарын тіркеу жүргізіледі.
Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиыны осы ауылда, шағын ауданда, көшеде, көппәтерлі үйде тұратын және оған қатысуға құқығы бар тұрғындардың (жергілікті қоғамдастық мүшелерінің) кемінде он пайызы қатысқан кезде өтті деп есептеледі.
9. Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиынын ауыл, ауылдық округ әкімі немесе ол уәкілеттік берген тұлға ашады.
Ауыл, ауылдық округ әкімі немесе ол уәкілеттік берген тұлға бөлек жергілікті қоғамдастық жиынының төрағасы болып табылады.
Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиынының хаттамасын рәсімдеу үшін ашық дауыс берумен хатшы сайланады.
10. Жергілікті қоғамдастық жиынына қатысу үшін ауыл, шағын аудан, көше, көппәтерлі тұрғын үй тұрғындары өкілдерінің кандидатураларын ауданның мәслихаты бекіткен сандық құрамға сәйкес бөлек жергілікті қоғамдастық жиынына қатысушылар ұсынады.
11. Дауыс беру ашық тәсілмен әрбір кандидатура бойынша дербес жүргізіледі. Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиынына қатысушылардың ең көп дауысын жинаған кандидаттар сайланған болып есептеледі.
12. Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиынында хаттама жүргізіледі, оған төраға мен хатшы қол қояды және ол тиісті ауыл, ауылдық округ әкімінің аппаратына беріледі.