БҰЙЫРАМЫН:
1. "Тиісті деңгейдегі білім беру бағдарламаларын іске асырып жатқан Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіне ведомстволық бағынысты әскери оқу орындарына оқуға қабылдау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2016 жылғы 22 қаңтардағы № 35 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13268 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Тиісті деңгейдегі білім беру бағдарламаларын іске асыратын Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіне ведомстволық бағынысты әскери оқу орындарына оқуға қабылдау қағидаларында:
2 және 3-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"2. Қабылдау әскери білім беру мәселелеріне жетекшілік ететін ҚР ҚМ құрылымдық бөлімшесі (бұдан әрі – құрылымдық бөлімше) жасайтын, Қорғаныс министрінің әскери білім беру мәселелеріне жетекшілік ететін орынбасары бекітетін Қабылдау жоспарына сәйкес жүзеге асырылады.
Мамандықтар мен біліктіліктер арасында орындарды және оқуға түсушілерді қайта бөлу Қорғаныс министрінің әскери білім беру мәселелеріне жетекшілік ететін орынбасарының тиісті шешімімен жүзеге асырылады.
3. Қабылдау жылының 15 сәуіріне дейін әскери оқу орындарының бастықтары, ҚР ҚМ, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері (бұдан әрі – ҚР ҚК) Бас штабы құрылымдық бөлімшелерінің бастықтары, ҚР ҚК түрлерінің, Қазақстан Республикасы басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының бас қолбасшылары (бұдан әрі – тапсырыс берушілер) құрылымдық бөлімшеге қабылдау комиссияларының құрамдарына кандидаттарды ұсынады.
"Қабылдау комиссияларының құрамдарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бұйрығы қабылдау жылының 1 маусымына дейін шығарылады.";
5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"5. Қабылдау комиссиясының құрамы комиссия төрағасынан, оның орынбасарынан, комиссия хатшысынан және комиссияның басқа да мүшелерінен тұрады. Комиссия мүшелерінің саны тақ санды құрайды. Шешімдер қабылдау комиссиясы мүшелерінің жалпы санының қарапайым көпшілік дауыс беруімен қабылданады.
Дауыстар тең болған жағдайда қабылдау комиссиясы төрағасының дауысы шешуші болып табылады.";
8-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"8. Қабылдау жылының 1 маусымына дейін қабылдаудың қорытынды кезеңінен өту үшін құрылымдық бөлімшемен келісу бойынша әскери оқу орындарының басшылары бекітетін рейтингілік балды есептеу кестесі жасалады. Рейтингілік балды есептеу кестесі әскери оқу орнының интернет ресурсында орналастырылады және жергілікті әскери басқару органдарына (жоғары оқу орнынан кейінгі білімді қоспағанда) жеткізіледі.
Абитуриенттің рейтингілік балы кәсіби-психологиялық іріктеу нәтижесін, дене шынықтыру дайындығын тапсыру нәтижесін, ҰБТ нәтижесінің балын, бейінді пәндер орташа мәнінің балын қамтиды. Ұшқыш мамандығына оқуға түсушілер үшін психофизиологиялық іріктеу нәтижесін қамтиды.";
39-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"39. Азаматтар әскери институтқа оқуға түсу үшін қабылдау жылының 30 сәуіріне дейінгі мерзімді қоса алғанда, тұрғылықты жері бойынша жергілікті әскери басқару органы басшысының атына өтініш береді.
Жергілікті әскери басқару органының басшысы ҚР ҰҚО туралы Заңға сәйкес арнайы тексеру және Әскери-дәрігерлік сараптама жүргізу қағидаларына сәйкес алдын ала медициналық куәландырудан өту жөніндегі жұмысты ұйымдастырады.
Арнайы тексеруден өткен, денсаулық жағдайы бойынша оқуға жарамды, ҰБТ-ның 5 пәні бойынша кемінде 50 балл (оның ішінде бір бейінді пән бойынша кемінде 7 балл және қалған пәндердің әрқайсысы бойынша кемінде 5 балл) жинаған азаматтар қабылдау жылын қоса алғанда, 15 – 20 шілде кезеңінде құжаттарды тапсыру үшін әскери институтқа келеді.";
41, 42 және 43-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"41. Әскери қызметшілер қатарынан оқуға түсуші әскери институтқа оқуға түсу үшін қабылдау жылының 1 мамырына дейін әскери бөлім командирінің атына тиісті баянатпен өтініш береді.
Әскери қызметші әскери институтқа оқуға түсуге ниет білдірген әскери бөлімнің командирі ҚР ҰҚО туралы Заңға сәйкес арнайы тексеру жөніндегі жұмысты және Әскери-дәрігерлік сараптама жүргізу қағидаларына сәйкес алдын ала медициналық куәландырудан өткізуді ұйымдастырады және әскери қызметшіні қызмет орны бойынша ҰБТ қабылдау пункттеріне жібереді. Арнайы тексеруден өткен, оқуға жарамды деп танылған және ҰБТ-ның 5 пәні бойынша кемінде 50 балл (оның ішінде бір бейінді пән бойынша кемінде 7 балл және қалған пәндердің әрқайсысы бойынша кемінде 5 балл) жинаған әскери қызметшілерге әскери институтқа келу күнін қабылдау жылының 20 шілдесінен кешіктірмей көрсете отырып, Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 25 мамырдағы № 124 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында әскери қызмет өткеру қағидаларының 135-тармағына сәйкес оқу демалыстары беріледі.
Оқуға түсу үшін келген әскери қызметшілер әскери институтта орналастырылады және жабдықтау нормалары бойынша тамақтандырумен қамтамасыз етіледі.
42. Әскери институттарға оқуға түсуге ниет білдірген Мектептің және "Арыстан" мамандандырылған лицейінің бітірушілері қабылдау жылының 1 сәуіріне дейін өздері оқитын білім беру ұйымы басшысының атына тиісті өтініш береді.
Мектептің және "Арыстан" мамандандырылған лицейінің басшысы:
1) арнайы тексеру;
2) Әскери-дәрігерлік сараптама жүргізу қағидаларына сәйкес алдын ала медициналық куәландырудан өту;
3) кәсіби-психологиялық тестілеуді тапсыру;
4) дене шынықтыру дайындығы бойынша нормативтерді тапсыру;
5) ҰБТ тапсыру жөніндегі жұмысты ұйымдастырады.
Бұл ретте кәсіби-психологиялық тестілеуді және дене шынықтыру дайындығы бойынша нормативтерді тапсыруды Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бұйрығымен Мектептердің және "Арыстан" мамандандырылған лицейінің жанынан құрылған комиссия жүзеге асырады.
Арнайы тексеруден өткен, денсаулық жағдайы бойынша оқуға жарамды, кәсіби-психологиялық тестілеуді және дене шынықтыру дайындығы бойынша нормативтерді тапсырған, ҰБТ нәтижесі бойынша кемінде 50 балл (оның ішінде бір бейінді пән бойынша кемінде 7 балл және қалған пәндердің әрқайсысы бойынша кемінде 5 балл) жинаған Мектептердің және "Арыстан" мамандандырылған лицейінің бітірушілері қабылдау жылының 30 шілдесінде түпкілікті медициналық куәландырудан өту үшін әскери институттарға келеді.
43. Азаматтар мен әскери қызметшілерді әскери институтқа қабылдау 10 шілдеге дейін ӘОО бастығы бекіткен қабылдау комиссиясының жұмыс жоспарына сәйкес мынадай тәртіппен жүзеге асырылады:
І кезең – кәсіби-психологиялық іріктеу;
ІІ кезең – Әскери-дәрігерлік сараптама жүргізу қағидаларына сәйкес түпкілікті медициналық куәландыру.
Ұшқыш мамандығына оқуға түсушілер үшін "Қазақстан Республикасының мемлекеттік авиациясында қызмет өткеру үшін адамдардың денсаулық жағдайына қойылатын талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2020 жылғы 22 желтоқсандағы № 721 бұйрығына (бұдан әрі – № 721 бұйрық) сәйкес (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21860 болып тіркелген);
ІІІ кезең – дене шынықтыру дайындығын тексеру;
ІV кезең – конкурстық іріктеу (ұшқыш мамандығына оқуға түсушілер үшін кәсіби-психофизиологиялық іріктеу) және оқуға қабылдау.";
48-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"48. Конкурстық іріктеуді қабылдау комиссиясы қабылдау жылының 5 тамызында жүргізеді және бұл барынша жоғарыдан барынша төмен рейтингілік балға дейін оқуға түсушілердің балдары рейтингісін жасауды қамтиды. Рейтинг әскери институт қабылдау комиссиясының хаттамасымен ресімделеді.";
51-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"51. Қабылдау комиссиясының шешімі қабылдау жылының 6 тамызында сағат 10.00-ге дейін жарияланады және әскери институттың интернет ресурсына орналастырылады, апелляцияға өтініш 7 тамызда сағат 10.00-ге дейін қабылданады.
Қабылдау комиссиясының қабылдау туралы шешімі әскери институт бастығының бұйрығымен қабылдау жылының 8 тамызында бекітіледі.";
55 және 56-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"55. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі, Бас штабы құрылымдық бөлімшелерінің, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері бас басқармаларының, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының бастықтары, ҚР ҚК түрлерінің бас қолбасшылары, өңірлік қолбасшылықтар әскерлерінің, әскер тектерінің қолбасшылары, әскери бөлімдердің (мекемелердің) командирлері ҰҚУ-ға оқуға түсуге ниет білдірген кандидаттарды алдын ала іріктеуді, оның ішінде кәсіби-психологиялық тестілеуді жүргізеді және әскери бөлімдерде (мемлекеттік мекемелерде) құрылатын аттестаттау комиссияларының отырыстарында адамдарды қарайды және оқуға іріктелген кандидаттардың тізімдерін кадр жұмысы мәселелеріне жетекшілік ететін ҚР ҚМ құрылымдық бөлімшесіне қабылдау жылының 1 сәуірінен кешіктірмей жолдайды.
56. ҰҚУ-да оқу үшін оқуға түсетін кандидаттардың тізімдерін кадр жұмысы мәселелеріне жетекшілік ететін ҚР ҚМ құрылымдық бөлімшесі қалыптастырады және ҚР ҚК Бас штабының бастығы (ҰҚУ-дың арнайы даярлық факультетіне – 14776 әскери бөлімі) қабылдау жоспары негізінде қабылдау жылының 1 мамырына дейінгі мерзімде бекітеді.
ҰҚУ-дың арнайы даярлық факультетіне "Әскери істегі талдамалы жұмыс" мамандығы бойынша алдын ала іріктеуді және қабылдауды ҚР ҚМ жеке бұйрығына сәйкес 14776 әскери бөлімі жүзеге асырады.";
61 және 62-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"61. ҰҚУ бейіні бойынша оқуға түсу емтихандарына шығарылатын пәндер бойынша сұрақтардың үлгілік тізбесін әзірлейді және қабылдау жылының 20 наурызына дейін тапсырыс берушілермен келісуді жүргізеді.
ҰҚУ қабылдау жылының 20 сәуіріне дейінгі мерзімде тапсырыс берушілердің мекенжайына бейіні бойынша оқуға түсу емтихандарына шығарылатын сұрақтардың тізбесін жолдайды.
62. Оқуға түсу емтихандарына дайындалу және тапсыру үшін ҰҚУ-ға түсетін кандидаттарға оқу демалысы беріледі. Оқуға түсушілер ҰҚУ-ға қабылдау жылының 15 маусымынан кешікпей келуге тиіс. Қабылдау жылының 15 – 20 маусымы кезеңінде ҰҚУ-да оқуға түсу емтихандары бойынша консультациялар ұйымдастырылады.";
66-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"66. Қабылдау комиссиясының төрағасы қабылдау жылының 15 маусымына дейін оқуға түсу емтихандарын тапсыру кестесін қабылдау жылын қоса алғанда 20 – 30 маусым кезеңінде бекітеді.";
68, 69 және 70-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"68. Бейіні бойынша емтихан бағдарламалары сұрақтар тізбесін қамтиды және емтиханды өткізу тәртібі мен оқуға түсушілерді бағалау өлшемшарттарын айқындайды.
Емтихан билеттерін бейіні бойынша емтихан комиссиялары жасайды.
Қабылдау жылының 1 мамырына дейін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері түрлерінің бас қолбасшылары (бұдан әрі – ҚР ҚК), ҚР ҚМ, ҚР ҚК БШ құрылымдық бөлімшелерінің, ҚР басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының бастықтары ҰҚУ-ға емтихан комиссияларының құрамдарын бекіту туралы бұйрық жобасына қосу үшін кандидаттарды ұсынады.
Кемінде үш адамнан тұратын емтихан комиссияларының құрамдары қабылдау жылының 10 маусымына дейінгі мерзімде Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – ҚР ҚК Бас штабы бастығының бұйрығымен бекітіледі және:
1) магистратураға – тапсырыс берушілердің өкілдерінен;
2) докторантураға – жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар әскери қызметшілер (қызметшілер) қатарынан жасалады.
Емтихан комиссияларының хатшылары ҰҚУ-дың профессор-оқытушы құрамы қатарынан тағайындалады.
Қабылдау және емтихан комиссияларының жұмысын ұйымдастыру үшін ҰҚУ Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетінде қабылдау емтихандарын өткізу тәртібі туралы ережені әзірлейді.
69. Қабылдау етихандарының нәтижесі бойынша оң балл жинаған оқуға түсушілер қабылдау жоспарына сәйкес басқа ведомстволар үшін бекітілген орындар санын ескере отырып, рейтингіге сәйкес мамандығы бойынша конкурстық іріктеуге жіберіледі және оны қабылдау комиссиясы қабылдау жылының 30 маусымына дейін жүргізеді.
70. Қорғаныс министрлігінің басшылығы (Қорғаныс министрінің, Бас штаб бастығының орынбасарлары) және ҰҚУ (бастығы және оның орынбасарлары) қатарынан кандидаттар қашықтан оқытуды пайдаланумен докторантураға оқуға түскен кезде емтихан комиссиясының құрамына жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар және қорғаныс пен әскери қауіпсіздік саласында кемінде бес жыл жұмыс тәжірибесі бар басқа ұйымдардың өкілдері қосымша енгізіледі.";
мынадай мазмұндағы 70-1-тармақпен толықтырылсын:
"70-1. Қабылдау комиссиясының жұмысы кезеңіне ҰҚУ-да апелляциялық комиссия құрылады. Апелляциялық комиссияның құрамы ҰҚУ бастығының бұйрығымен бекітіледі.
Апелляциялық комиссиялар қабылдау емтихандарының нәтижесімен келіспеген оқуға түсушілердің өтініштерін қарау үшін құрылады.
Апелляцияға өтініш апелляциялық комиссия төрағасының атына қабылдау емтихандарының нәтижесі жарияланғаннан кейін келесі күнтізбелік күні сағат 10.00-ге дейін қабылданады және сол күнтізбелік күні қаралады.
Апелляциялық комиссия апелляцияға әрбір өтініш бойынша жеке жұмыс жасайды. Оқуға түсуші апелляциялық комиссияның отырысына келмеген жағдайда оның апелляцияға берген өтініші қаралмайды.
Апелляциялық комиссияның шешімі комиссия мүшелері жалпы санының басым дауыс беруімен қабылданады. Дауыс саны тең болған жағдайда комиссия төрағасының дауысы шешуші болып табылады. Апелляциялық комиссияның жұмысы комиссия төрағасының және барлық мүшелерінің қолдары қойылған хаттамамен ресімделеді.";
72, 73 және 74-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"72. ҰҚУ-ға әртүрлі ведомстволар бойынша орындарды бөлуді ескере отырып, мамандығы бойынша рейтингіде бірінші нөмірден бастап қабылдау жоспары бойынша мамандыққа бөлінген орындар санына сәйкес келетін нөмірге дейін тұрған оқуға түсушілер қабылданады.
Қабылдау комиссиясының шешімі қабылдау жылының 1 шілдесінде сағат 10.00-ге дейін жарияланады және ҰҚУ ғимаратында барлығына көрінетін жерде орналастырылады.
73. Қабылдау комиссиясының оқуға қабылдау туралы шешімі негізінде кадр жұмысы мәселелеріне жетекшілік ететін ҚР ҚМ құрылымдық бөлімшесі қабылдау жылының 1 тамызына дейін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің ҰҚУ-ға оқуға қабылдау туралы бұйрығын шығарады.
74. ҰҚУ-ға оқуға қабылдауға конкурс өткізу кезінде бірдей көрсеткіштер болған жағдайда бейінді емтихан бойынша анағұрлым жоғары балл жинаған адамдардың, бейінді емтихан бойынша бірдей көрсеткіштер болған жағдайда дене шынықтыру дайындығынан анағұрлым жоғары балл жинаған адамдардың басым құқығы бар.";
2-қосымша осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын;
6-қосымша осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Әскери білім және ғылым департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты алғашқы ресми жарияланғанынан кейін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды;
3) мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Заң департаментіне жолдауды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің әскери білім беру мәселелеріне жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
4. Осы бұйрық лауазымды адамдарға, оларға қатысты бөлігінде жеткізілсін.
5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрі |
Р. Жаксылыков |
Әскери колледждерге және жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын әскери оқу орындарына оқуға түсу үшін құжаттар тізбесі
1. Оқуға қабылдау туралы еркін нысандағы өтініш немесе оқуға түсушінің тегі, аты және әкесінің аты (ол бар болған кезде), туған күні, тұрғылықты мекенжайы, ата-анасының немесе олардың заңды өкілдерінің байланыс деректері көрсетілген баянат.
2. Жеке куәліктің көшірмесі (салыстырып тексеру үшін түпнұсқа). Оқуға түсуші он алты жасқа толғанға дейін туу туралы куәліктің көшірмесі ұсынылады (салыстырып тексеру үшін түпнұсқа).
3. Әскери билеттің көшірмесі (тек әскери қызметшілер, оның ішінде запастағы, түпнұсқа).
4. Білімі туралы құжаттар, ал С. Нұрмағамбетов атындағы Әскери колледж үшін негізгі орта білім туралы куәлік (түпнұсқа және көшірме).
5. ҰБТ-ның 5 пәні бойынша кемінде 50 балл (оның ішінде бейінді пәндердің бірінен кемінде 7 балл, ал қалған пәндер бойынша – кемінде 5 балл) нәтижесімен ҰБТ сертификаты (әскери колледждерге оқуға түсушілерді қоспағанда).
6. Әскери-дәрігерлік сараптама жүргізу қағидаларына сәйкес әскери оқу орнына оқуға түсетін азаматтың медициналық куәландыру картасы.
Ұшқыш мамандығына түсушілер үшін № 721 бұйрыққа сәйкес.
7. Сотталмағаны туралы анықтама, ал С. Нұрмағамбетов атындағы Әскери колледж үшін қосымша "Ішкі істер органдарының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторларының қызметін ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 1098 бұйрығына сәйкес (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13268 болып тіркелген) ішкі істер органдарында есепте тұрмайтыны туралы кәмелеттік жасқа толмағандар істері жөніндегі бөлімшеден анықтама.
8. Спорттық разрядты, орындаушылардың ағымдағы жылғы республикалық не халықаралық жарыстардағы, конкурстардағы, жалпы білім беру пәндері бойынша халықаралық олимпиададағы, сондай-ақ жалпы білім беру пәндері бойынша ағымдағы жылғы Президенттік не республикалық олимпиададағы жүлделі орнын растайтын құжат (бар болған кезде).
9. Көлемі 3х4 фотосурет – 4 дана.
10. Жетім балалар және олардың ата-ана құқығының шектелуіне немесе одан айырылуына, ата-анасының хабарсыз кетті деп танылуына, олар қайтыс болды деп жариялануына, әрекетке қабілетсіз (әрекет қабілеті шектеулі) деп танылуына байланысты, сондай-ақ ата-анасының қамқорлығынсыз қалған өзге де жағдайларда жалғыз немесе ата-анасының екеуінің қамқорлығынсыз қалған балалар ата-анасының қамқорлығынсыз қалу фактісін растайтын мынадай құжаттардың біреуінің көшірмесін (салыстырып тексеру үшін түпнұсқасын) қосымша ұсынады:
ата-анасының қайтыс болуы туралы куәлік;
ата-анасының ата-ана құқығын шектеу немесе одан айыру туралы сот шешімі;
ата-анасын хабарсыз кетті деп тану, оларды қайтыс болды деп жариялау немесе әрекетке қабілетсіз (әрекет қабілеті шектеулі) деп тану туралы сот шешімі.
11. Әскери қызмет міндеттерін орындау кезінде қаза тапқан немесе мүгедек болып қалған, қызмет өткеру уақытында хабарсыз кеткен әскери қызметшілердің балалары тұрғылықты жері бойынша жергілікті әскери басқару органынан анықтама ұсынады.
12. Арнайы тексеруден өткені туралы анықтама.
Жоғары білім берудің білім беру бағдарламаларын іске асыратын әскери оқу орындарына оқуға түсуге арналған бейінді пәндер тізбесі
Р/с | ЖОО атауы | Бейінді пәндер атауы |
1 | Құрлық әскерлерінің Әскери институты | Математика, физика |
Математика, география | ||
2 | Әуе қорғанысы күштерінің әскери институты | Математика, физика |
Биология, химия (әскери-медицина мамандықтарына) | ||
3 | Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты | Математика, физика |