БҰЙЫРАМЫН:
1. "2022 жылғы қаңтардағы жекелеген өңірлердегі тәртіпсіздіктер салдарынан шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне келтірілген мүліктік зиянды өтеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2022 жылғы 27 қаңтардағы № 7 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 26660 болып тіркелген) мынадай өзгеріс енгізілсін:
Көрсетілген бұйрықпен бекітілген 2022 жылғы қаңтардағы жекелеген өңірлердегі тәртіпсіздіктер салдарынан шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне келтірілген мүліктік зиянды өтеу қағидалары осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес редакцияда жазылсын.
2. Кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау және қорғау департаменті Қазақстан Республикасының заңамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика бірінші вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрі |
А. Куантыров |
"КЕЛІСІЛДІ" Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі |
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2022 жылғы 28 шілдедегі № 51 Бұйрыққа қосымша Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2022 жылғы 27 қаңтардағы № 7 бұйрығымен бекітілген |
2022 жылғы қаңтардағы жекелеген өңірлердегі тәртіпсіздіктер салдарынан шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне келтірілген мүліктік зиянды өтеу қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. 2022 жылғы қаңтардағы жекелеген өңірлердегі тәртіпсіздіктер салдарынан шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне келтірілген мүліктік зиянды өтеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 25 сәуірдегі № 325 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің және жергілікті атқарушы органдардың резервтерін пайдалану қағидаларының 24-2-тармағына, Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Басшысының 2022 жылғы 17 қаңтардағы № 22-01-38.1 бұйрығымен бекітілген, Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің 2022 жылғы 11 қаңтардағы отырысында берілген Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевтың тапсырмаларын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарының 9-тармағына, Жекелеген өңірлердегі тәртіпсіздіктер нәтижесінде келтірілген салдарды жою мәселелері жөніндегі үкіметтік комиссияның 2022 жылғы 18 қаңтардағы хаттамалық тапсырмасына сәйкес әзірленді және 2022 жылғы қаңтарда орын алған Қазақстан Республикасының жекелеген өңірлеріндегі тәртіпсіздіктер салдарынан шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне келтірілген мүліктік зиянды өтеу тәртібін айқындайды.
2-тарау. 2022 жылғы қаңтардағы жекелеген өңірлердегі тәртіпсіздіктер салдарынан шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне келтірілген мүліктік зиянды өтеу тәртібі
2. 2022 жылғы қаңтарда жекелеген өңірлерде орын алған тәртіпсіздіктер салдарынан шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне келтірілген мүліктік зиянды өтеу жоғалған мүліктің құнын немесе Қазақстан Республикасының сақтандыру және сақтандыру қызметі туралы заңнамасында көзделген тәртіппен және жасалған сақтандыру шартының талаптары бойынша сақтандырылған мүлікті қоспағанда, аталған санаттарға (бұдан әрі – мүлік иелері) тиесілі бүлінген мүлікті қалпына келтіру жұмыстарының құнын өтеу арқылы жүргізіледі.
3. 2022 жылғы қаңтардағы жекелеген өңірлердегі тәртіпсіздіктер салдарынан зардап шеккен шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне жоғалған тауар-материалдық құндылықтарды өтеу көтерме сауда берушінің сатып алу бағасы бойынша жүргізіледі.
Бұл ретте қылмыстық істі тергеп-тексеру шеңберінде анықталған және алынған мүлік мемлекетке берілуге тиіс.
4. Көлік құралдарын айдап әкету жағдайлары (2022 жылғы қаңтардағы жекелеген өңірлердегі тәртіпсіздіктер салдарынан көлік құралдарының жойылуының дәлелденген фактілерін қоспағанда) қылмыстық заңнама шеңберінде тергеп-тексеріледі.
5. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының шешімімен құрылатын 2022 жылғы қаңтардағы жекелеген өңірлердегі тәртіпсіздіктер салдарынан шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне келтірілген мүліктік зиянды айқындау жөніндегі өңірлік комиссияның (бұдан әрі – Өңірлік комиссия) немесе "Әулие-Ата-Демеу" корпоративтік қорының, "Күш бірлікте" зардап шеккен бизнесті қолдау қорының және (немесе) "Жаңа Алатау" қорының шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің өтінімдерін қарау комиссиясының (бұдан әрі – Қор комиссиясы) шешімі жоғалған мүліктің құнын немесе бүлінген мүлікті қалпына келтіру жұмыстарының құнын өтеу үшін негіз болып табылады.
Өңірлік комиссия өз қызметін осы Қағидаларға қосымшаға сүйене отырып, Үлгілік ережеге сәйкес жүзеге асырады.
6. Жоғалған мүліктің құны немесе бүлінген мүлікті қалпына келтіру жұмыстарының құны мүлік иесіне мына көздердің бірінен:
бюджет заңнамасына сәйкес мемлекеттік бюджеттен;
"Әулие-Ата-Демеу" корпоративтік қорының, "Күш бірлікте" зардап шеккен бизнесті қолдау қорының және (немесе) "Жаңа Алатау" қорының (бұдан әрі – Қор) жеке қаражатынан ақшалай қаражат төлеу жолымен өтеледі.
7. Жоғалған мүліктің құнын немесе бүлінген мүлікті қалпына келтіруге арналған жұмыстардың құнын өтеу үшін қаражат көзін айқындау жоғалған мүлікті (жылжымайтын мүлiк, жабдық, көлiк құралдары, тауарлық-материалдық құндылықтар) түрлерiне қарай өтеу үшін қаражат көзін айқындау Жекелеген өңірлердегі тәртіпсіздіктер салдарынан келтірілген зардаптарды жою мәселелері жөніндегі Өңірлік комиссияның құзыретіне жатады.
8. Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес меншiк құқығы немесе мүлiкке өзге де заттай құқық, осы мүлiктiң құрамы осы Қағидалардың 15-тармағында көрсетiлген тиiстi құжаттармен расталады.
9. Жоғалған мүлік құнының немесе бүлінген мүлікті қалпына келтіруге арналған жұмыстар құнының мөлшерін айқындауды Өңірлік комиссия және (немесе) Қор комиссиясы жүзеге асырады.
10. Жоғалған мүліктің құнын немесе бүлінген мүлікті қалпына келтіруге арналған жұмыстар құнын өтеудің мөлшері:
қылмыстық қудалауды жүргізуші органның қаулысында көрсетілген залал сомасы 10 (он) миллион теңгеге (қоса алғанда) дейінгі жылжымайтын мүлік, жылжымалы мүлік үшін – осы Қағидалардың 17, 18 және 19-тармақтарына сәйкес жоғалған тауар-материалдық құндылықтарды өтеу сомасының жүргізілген есебінің қорытындылары бойынша;
қылмыстық қудалауды жүргізетін органның қаулысында көрсетілген залал сомасы 10 (он) миллион теңгеден асатын жылжымайтын мүлік үшін – ұсынылған ақау ведомосы, сметалық құжаттама, жобалау-сметалық құжаттама бойынша;
қылмыстық қудалауды жүргізетін органның қаулысында көрсетілген залал сомасы 10 (он) миллион теңгеден асатын зақымданған, сондай-ақ қалпына келтіруге жатпайтын жылжымалы мүлік үшін – қалпына келтіру жөндеу сметасы, шығындар калькуляциясы, залал басталған күнгі тозуын ескере отырып, бағалау туралы есеп бойынша;
тауар-материалдық құндылықтар, негізгі құралдар (жылжымайтын мүлікті қоспағанда) үшін – осы Қағидалардың 17, 18 және 19-тармақтарына сәйкес жоғалған тауар-материалдық құндылықтарды өтеу сомасының жүргізілген есебінің қорытындылары бойынша.
11. Мүлікті бағалауды және (немесе) ілеспе аудиторлық көрсетілетін қызметтерді жүргізуге, сметалар жасауға және бүлінген мүлікті қалпына келтіру (жөндеу) шығындарының калькуляциясына байланысты көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу және де адвокаттық қызметтерге ақы төлеу облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органына және (немесе) Қорға жүктеледі.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген құжаттардың түпнұсқаларын осы Қағидалардың 11-тармағында көзделген көрсетілетін қызметтерді орындаушылар облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органына және (немесе) Қорға, сондай-ақ мүлік иесіне ұсынады.
12. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары және (немесе) Қор осы Қағидалардың 11-тармағында көрсетілген қызметтерді көрсету үшін бағалау және аудиторлық компаниялар және адвокаттар тізбесін алдын ала айқындайды және оны жергілікті атқарушы органның интернет-ресурсында орналастырады және оны "InfoKazakhstan.kz" электронды платформасында орналастыру үшін "Атамекен" Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасына ұсынады.
Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы орган және (немесе) Қор қызметтерді көрсету фактісі бойынша осы Қағидалардың 11-тармағында көрсетілген қызметтерге ақы төлейді.
13. Осы Қағидалардың 1-тармағында көрсетілген жоғалған мүліктің құнын немесе бүлінген мүлікті қалпына келтіру жұмыстарының құнын өтеу үшін мүліктің иесі Электрондық платформа арқылы Өңірлік комиссияға және (немесе) Қор комиссиясына белгіленген нысанда толтырылған, электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған Электрондық платформаның белгіленген нысаны бойынша толтырылған келтірілген мүліктік зиянды өтеу туралы өтінішті (бұдан әрі – Өтеу туралы өтініш) ұсынады.
Мүлік иесі жеке өтініш бере алмаған жағдайда, мүліктік зиянды өтеу туралы Өтеу туралы өтінішпен Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес сенімхат негізінде әрекет ететін тұлғалар жүгіне алады.
Мүлік иесі не оның өкілі Өтеу туралы өтініште көрсетілген мәліметтердің және оған қоса берілген барлық құжаттардың дұрыстығын растайды.
14. Келтірілген мүліктік зиянды өтеу туралы өтінішті Өңірлік комиссия және (немесе) Қор комиссиясы ол электронды платформаға келіп түскен күннен бастап күнтізбелік 5 (бес) күн ішінде қарайды.
15. Өтеу туралы өтінішке мүліктің иесі не оның өкілі қылмыстық қудалауды жүргізетін органның мүлік иесін 2022 жылғы қаңтардағы жекелеген өңірлердегі жаппай тәртіпсіздіктерге байланысты қылмыстық істер бойынша жәбірленуші деп тану туралы қаулысының көшірмесін, залал сомасын міндетті түрде көрсете отырып, сондай-ақ мыналарды береді:
1) жеке кәсiпкерлер үшiн – жеке кәсiпкердiң жеке басын куәландыратын құжаттың көшiрмесi, жеке кәсiпкердiң талоны, ал заңды тұлғалар үшiн – заңды тұлғаның мемлекеттiк тiркелгенiн растайтын құжаттың көшiрмесi;
2) меншік құқығын немесе мүлікке өзге де заттай құқықты растайтын құжаттар, сәйкестендіретін құжаттар - болған жағдайда;
3) мүліктің сақтандырылмағандығы туралы өтініш немесе сақтандыру шарты не сақтандыру шартының электрондық көшірмесі (бар болса). Өңірлік комиссияның шешімі бойынша егер сақтандыру шартының талаптарына сәйкес жаппай тәртіпсіздіктер, төтенше жағдай (бұдан әрі – ТЖ) кезінде келтірілген залал сақтандыру жағдайы болып табылмаса, сақтандырылған мүлікке келтірілген зиянды өтеу жүргізіледі;
4) мүлiк иесiнiң ұсынылған құжаттардың дұрыстығы үшiн қылмыстық жауапкершілігі жөнінде ескертiлгенi туралы жазбаша хабарлама;
5) бағалау, сараптау ұйымдарының, сондай-ақ адвокаттардың немесе залал мөлшерін анықтау үшін тартылған өзге де тұлғалардың, сондай-ақ адвокаттардың өздері ұсынған құжаттардағы мәліметтердің дұрыстығы үшін қылмыстық жауапкершілігі жөнінде ескертілгені туралы жазбаша хабарлама;
6) белгілі бір өтемақы шегінде залалды өтетуге талап ету құқығын мемлекетке беру туралы, сондай-ақ қылмыстық істі тергеп-тексеру шеңберінде анықталған және алынған ұрланған мүлікті мемлекет меншігіне беруден бас тарту және беру туралы белгіленген үлгідегі жазбаша өтініш;
7) залал мөлшерін анықтау үшін тартылған бағалау және өзге де компаниялардың көрсеткен қызметтеріне ақы төлеуге арналған шот-фактура немесе шот;
8) бүлінген жылжымалы мүлік үшін – қалпына келтіру жөндеу жұмыстарының сметасы, шығындар калькуляциясы.
Қалпына келтіруге жатпайтын сәйкестендірілетін жылжымалы мүлік үшін – мүлікті залал келтірілген күнгі тозуын ескере отырып бағалау туралы есеп;
9) тауарлық-материалдық құндылықтар үшін – осы Қағидалардың 17, 18 және 19-тармақтарында көзделген мерзімдерге сәйкес мемлекеттік кірістер органдарынан, фискалдық деректер операторларынан айналым сомалары туралы мәліметтерді сұратуға және алуға келісім беру;
10) жылжымайтын мүлікті қоспағанда, жоғалған негізгі құралдар үшін – осы Қағидалардың 17, 18 және 19-тармақтарында көзделген мерзімдерге сәйкес мемлекеттік кіріс органдарынан, фискалдық деректер операторларынан айналым сомалары туралы мәліметтерді сұратуға және алуға келісім;
11) 2022 жылғы қаңтардағы жекелеген өңірлердегі тәртіпсіздіктер салдарынан мүліктің бүліну, жойылу және (немесе) тоналу фактілерін растайтын өзге де құжаттар, фото және бейнематериалдар (бар болса).
Жылжымайтын мүлікті қалпына келтіру бойынша мынадай құжаттарды ұсыну қажет:
1) техникалық жағынан күрделі объектілер үшін – аккредиттелген сараптамалық ұйым қол қойған және растаған техникалық зерттеу қорытындысы.
Техникалық жағынан күрделі емес объектілер үшін – техникалық зерттеу жөніндегі сарапшы қол қойған және растаған техникалық зерттеу қорытындысы.
Ғимараттар мен құрылыстарды техникалық және (немесе) технологиялық жағынан күрделі объектілерге жатқызу тәртібі "Ғимараттар мен құрылыстарды техникалық және (немесе) технологиялық жағынан күрделі объектілерге жатқызудың жалпы тәртібін айқындау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 28 ақпандағы № 165 бұйрығына сәйкес (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10666 болып тіркелген) айқындалады.
2) жеке кәсіпкерлер үшін – жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі, жеке кәсіпкер талоны, ал заңды тұлғалар үшін – заңды тұлғаның мемлекеттік тіркелгенін растайтын құжаттың көшірмесі;
Жекелеген өңірлерде орын алған тәртіпсіздіктер салдарынан осындай құжат жоғалған немесе жойылған жағдайда – ішкі істер органдары берген уақытша жеке басын куәландыратын куәліктің көшірмелері;
3) жылжымайтын мүлік объектісінің (тұрғын үйдің) техникалық паспорты.
Мұндай құжат жоғалған немесе жойылған жағдайда осы құжаттың телнұсқалары не көшiрмесi берiледi;
4) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы берген жылжымайтын мүліктің болмауы (болуы) туралы анықтама;
5) ағымдағы жөндеу бойынша – сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы мемлекеттік нормативтерге сәйкес жасалған ақаулық тізімдемесі және сметалық құжаттама;
6) күрделі жөндеу және реконструкциялау бойынша – жобалардың кешенді сараптамасының оң қорытындысын алған және сметалық есептері бар жобалау-сметалық құжаттама.
Қалпына келтірілмейтін көлік бойынша:
1) көлік құралының болуын растау және автомобильдерді есепке алуды тіркеу жөніндегі мемлекеттік орган берген құқық белгілейтін құжаттар;
2) жеке кәсіпкерлер үшін – жеке кәсіпкердің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі, жеке кәсіпкер талоны, ал заңды тұлғалар үшін – заңды тұлғаның мемлекеттік тіркелгенін растайтын құжаттың көшірмесі;
3) автокөлік құралының тозуын ескере отырып, бағалау туралы есеп;
4) жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың көлік құралдарын толық сақтандыру шартының (КАСКО) болмауы туралы өтініш.
Ломбардтар, айырбастау пункттері бойынша келтірілген мүліктік зиянды өтеу туралы өтінішке осы тармақтың бірінші бөлігінің 1), 2), 3), 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген құжаттар, сондай-ақ мынадай құжаттар ұсынылады:
1) бүлінген, жойылған, ұрланған жылжымалы мүлік (оның ішінде жабдық, тауарлық-материалдық құндылықтар) үшін – Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексі (бұдан әрі – ҚПК) шеңберінде залал сомасын анықтау бойынша сот сараптамасының (сот-бухгалтерлік есеп немесе сот-тауартану) қорытындысы;
2) жылжымайтын мүлік үшін – ҚПК шеңберінде сот сараптамасының (сот-құрылыс) қорытындысы;
3) белгілі бір өтемақы шегінде залалды өтеуді талап ету құқығын мемлекетке беру туралы, сондай-ақ қылмыстық істі тергеп-тексеру шеңберінде анықталған және алынған ұрланған мүлікті мемлекет меншігіне беруден бас тарту туралы белгіленген нысандағы жазбаша өтініш.
16. Осы Қағидалардың 15-тармағында көрсетілген құжаттардың толық топтамасы ұсынылмаған жағдайда Өңірлік комиссия және (немесе) Қор комиссиясы мүліктік зиянды өтеуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.
Мүліктік зиянды өтеуден бас тарту туралы шешім өтініш берушіні Өтеу туралы өтінішті қайта беру мүмкіндігінен айырмайды.
17. Жоғалған (ұрланған) тауарлық-материалдық құндылықтарды өтеу сомасын есептеу осы Қағидалардың 18 және 19-тармақтарында көрсетілген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік кірістер органдарының мәліметтері негізінде мына формулалардың бірі бойынша жүргізіледі:
1) S = Х * N/M, мұндағы,
Х – 1,2 тең коэффициент – сауда субъектілері және өзге санаттар үшін/ 0,5 тең коэффициент – қоғамдық тамақтану субъектілері үшін;
S – өтеу сомасы;
N – салық есептілігі нысандарының және (немесе) электрондық шот-фактуралардың деректеріне сәйкес шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі айналымының немесе кірісінің сомасы.
Бұл ретте айналым мемлекеттік кірістер органдарына мынадай мәліметтердің бірінің ең көп сомасы негізінде айқындалады:
қосылған құн салығын (бұдан әрі – ҚҚС) төлеушілер үшін – 2022 жылғы 5 қаңтарды қоса алғанға дейін мемлекеттік кірістер органдарына ұсынылған, 2021 жылғы 1,2,3-тоқсан үшін қосылған құн салығы бойынша декларациялар бойынша айналым сомалары (300.00-нысан), 2022 жылғы 15 қаңтардан кешіктірілмей берілген 2021 жылғы 4-тоқсан үшін электрондық шоттар деректері бойынша айналым;
оңайлатынған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолданатын және ҚҚС төлеушілер болып табылмайтын тұлғалар үшін – 2022 жылғы 5 қаңтарды қоса алғанға дейін мемлекеттік кірістер органдарына ұсынылған, 2020 жылғы 2-жартыжылдық және 2021 жылғы 1-жартыжылдық үшін шағын бизнес субъектілері үшін оңайлатылған декларациялар бойынша айналым сомасы (910.00-нысан);
бөлшек салықтың арнаулы салық режимін қолданатын және ҚҚС төлеушілер болып табылмайтын тұлғалар үшін - 2022 жылғы 5 қаңтарды қоса алғанға дейін мемлекеттік кірістер органдарына ұсынылған, 2021 жылғы 1, 2, 3-тоқсандар үшін бөлшек салықтың салық режимін қолданатын салық төлеушілерге арналған декларациялар бойынша айналым сомасы;
жалпыға бірдей белгіленген салық салу тәртібін қолданатын және ҚҚС төлеушілер болып табылмайтын тұлғалар үшін – 2022 жылғы 5 қаңтарды қоса алғанға дейін мемлекеттік кірістер органдарына ұсынылған, 2020 жылға арналған корпоративтік табыс салығы бойынша декларация (100.00-нысан) немесе жеке табыс салығы бойынша декларациялар (220.00-нысан) бойынша жиынтық жылдық кіріс сомасы.
Егер тұлға 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап 2021 жылғы 31 желтоқсанға дейінгі кезеңде көрсетілген кезеңнің бір бөлігіне ғана ҚҚС төлеуші болса, кірісін анықтау үшін салықтық есептілік нысандарының (300.00, 910.00, 913.00, 100.00, 220.00 нысандары) бір түрі бойынша ең көп сома қолданылады;
М – зерттелетін кезеңдегі айлар саны.
Ескертпе: әдетте, есептеу 12 ай пайдаланылады. Егер кәсіпкерлік субъектісін тіркеу күні немесе ҚҚС бойынша есепке қою күні немесе салық режимі ауысқан күні зерттелетін салықтық кезеңге сәйкес келсе, айлар саны 12-ден аз болуы мүмкін. Мұндай жағдайда айлар саны ҚҚС бойынша тіркелген не есепке қойылған не салық режимі ауысқан айдан бастап есептеледі;
2) S = Х * N/D*30, мұндағы,
Х - сауда және өзге санаттағы субъектілер үшін 1,2, қоғамдық тамақтандыру субъектілері үшін 0,5;
S – өтеу сомасы;
N – кәсіпкерлік субъектісі жұмысын бастаған күннен бастап, ТЖ кезінде болған орны бойынша (жалдау шартына немесе құқық белгілеуші құжатқа сәйкес айқындалған), бірақ 2021 жылғы 1 қаңтардан ерте емес, 2022 жылғы 5 қаңтарды қоса алғанға дейін деректерді тіркеу және беру функциясы бар бақылау-касса машинасының түсімдер туралы тәуліктік мәліметтері негізінде есептелген айналым сомасы;
D – шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмысы бастаған күннен бастап, ТЖ кезінде болған орны бойынша (жалдау шартына немесе құқық белгілеуші құжатқа сәйкес айқындалған), 2022 жылғы 5 қаңтарды қоса алғанға дейінгі күндер саны.
Бұл жағдайда жоғарыда көрсетілген формулалар бойынша есептеу нәтижесінде алынған сомалардың ең көбі таңдап алынады.
18. Егер зардап шеккен шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі 2021 жылғы 30 маусымнан кейін тіркелген болса және ҚҚС төлеуші болып табылмаса, айналым сомасы шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмысын бастаған күннен бастап, ТЖ кезінде болған орны бойынша (жалдау шартына немесе құқық белгілеуші құжатқа сәйкес айқындалған), 2022 жылғы 5 қаңтарды қоса алғанға дейін деректерді тіркеу және беру функциясы бар бақылау-касса машинасының түсімдер туралы тәуліктік мәліметтері негізінде мынадай формула бойынша айқындалады:
S = Х * N/D*30, мұндағы:
Х – сауда және өзге санаттағы субъектілер үшін 1,2, қоғамдық тамақтандыру субъектілері үшін 0,5;
S – өтеу сомасы;
N – кәсіпкерлік субъектісі жұмысын бастаған күннен бастап, ТЖ кезінде болған орны бойынша (жалдау шартына немесе құқық белгілеуші құжатқа сәйкес айқындалған), 2022 жылғы 5 қаңтарды қоса алғанға дейін деректерді тіркеу және беру функциясы бар бақылау-касса машинасының түсімдер туралы тәуліктік мәліметтері негізінде есептелген айналым сомасы;
D – кәсіпкерлік субъектісі жұмысы бастаған күннен бастап, ТЖ кезінде болған орны бойынша (жалдау шартына немесе құқық белгілеуші құжатқа сәйкес айқындалған), 2022 жылғы 5 қаңтарды қоса алғанға дейінгі күндер саны.
19. Егер зардап шеккен кәсіпкерлік субъектісінің қызметін жүзеге асыратын бірнеше орны болса, залал сомасы ретінде ТЖ салдарынан зардап шеккен қызметін жүзеге асыру орны (орындары) бойынша мыналардың ең азы алынады:
қызметті жүзеге асыру орындарының санына бөлінген және ТЖ салдарынан зардап шеккен қызметін жүзеге асыру орындарының санына көбейтілген, осы Қағидалардың 17-тармағына сәйкес есептелген сома;
нақты зардап шеккен объектіде тіркелген деректерді тіркеу және беру функциясы бар бақылау-касса машинасының (машиналарының) түсімдер туралы тәуліктік мәліметтері негізінде есептелген сома осы Қағидалардың 17-тармағында көрсетілген Формула бойынша.
20. Жалпы залал сомасы 10 (он) миллион теңгеге дейінгі жылжымайтын мүлікті, бүлінген және (немесе) қалпына келтіруге жатпайтын жылжымалы мүлікті, жоғалған негізгі құралдарды (жылжымайтын мүлікті қоспағанда) және тауарлық-материалдық құндылықтарды қалпына келтіру үшін мүлік иесі не оның өкілі мемлекеттік кіріс органдарынан, фискалдық деректер операторларынан осы Қағидалардың 17, 18 және 19-тармақтарында көзделген мерзімдерге сәйкес айналым сомалары туралы мәліметтерді сұратуға және алуға келісім береді.
21. Мәлімделген және есептеу сомасы осы Қағидалардың 17, 18 және 19-тармақтарға сәйкес жоғалған тауарлық-материалдық құндылықтарды өтеу сомасына жүргізілген есептеу қорытындылары бойынша мемлекеттік кірістер органдарының мәліметтері негізіндегі коэффициенттер бойынша ерекшеленген жағдайда жоғалған тауарлық-материалдық құндылықтарды өтеу сомасы мынадай жағдайлардың бірінде:
1) егер есептеу сомасы мәлімделген сомадан жоғары болса, мәлімделген сомаға дейін азайту жағына қарай;
2) егер мәлімделген сома есептеу сомасынан жоғары болса, есептеу сомасына дейін азайту жағына қарай азаяды.
22. Егер мүлік иесі осы Қағидалардың 17, 18 және 19-тармақтарындағы есептеулерге сәйкес көзделген өтеу сомасымен келіспесе және ҚПК сәйкес қарау шеңберінде нақты келтірілген залалдың сомасын өтеуді алуға ниет білдірген жағдайда осы Ереженің 15-тармағында көрсетілген құжаттарға қосымша мынадай құжаттар қоса беріледі:
бүлінген, жойылған, ұрланған жылжымалы мүлік (оның ішінде жабдық, тауарлық-материалдық құндылықтар) үшін – Қылмыстық-процестік кодекс шеңберінде залал сомасын анықтау бойынша сот сараптамасының (сот-бухгалтерлік есеп немесе сот-тауартану) қорытындысы;
жылжымайтын мүлік үшін – Қылмыстық-процестік кодекс шеңберінде сот сараптамасының (сот-құрылыс) қорытындысы;
белгілі бір өтемақы шегінде залалды өтеуді талап ету құқығын мемлекетке беру туралы, сондай-ақ қылмыстық істі тергеп-тексеру шеңберінде анықталған және алынған ұрланған мүлікті мемлекет меншігіне беруден бас тарту туралы белгіленген нысандағы жазбаша өтініш.
23. Өтеу туралы өтініштің және осы Қағидалардың 15-тармағында көрсетілген тиісті құжаттардың негізінде Өңірлік комиссия және (немесе) Қор комиссиясы 5 (бес) жұмыс күні ішінде облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың және (немесе) Қордың бюджетінен зиянды өтеуге қаражат бөлуді көздейтін шешімнің жобасын әзірлейді.
Өңірлік комиссияның және (немесе) Қор комиссиясының шешімі әрбір Өтеу туралы өтініш бойынша, оның ішінде залал түрін ескере отырып, қаржыландыру көзі туралы мәліметтерді қамтиды.
Мүліктің зиянды өтеуден бас тарту туралы шешім қабылданған жағдайда Өңірлік комиссия және (немесе) Қорлар комиссиясы 5 (бес) жұмыс күні ішінде өтініш берушіге бас тарту себептерін көрсете отырып, жазбаша хабарлама жібереді.
24. Ақша қаражатын Өңірлік комиссияның тиісті шешімімен айқындалған бюджеттік бағдарламаның әкімшісі тиісті шешім қабылданған күннен бастап 10 (он) күн ішінде жеткілікті қаржыландыру болған кезде мүліктің меншік иесінің өтінішінде көрсетілген ағымдағы немесе жинақ шотына аударады.
25. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы 5 (бес) жұмыс күні ішінде Өңірлік комиссияның және Қор комиссиясының 2022 жылғы қаңтардағы Қазақстан Республикасының жекелеген өңірлеріндегі тәртіпсіздіктер салдарынан зардап шеккен шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың және (немесе) Қордың бюджетiнен зиянды өтеу үшiн қаражат бөлудi көздейтiн шешiмiнің негiзiнде Тәртіпсіздіктер салдарынан зардап шеккен шағын және орта бизнес субъектілерінің өңірлік тізілімін (бұдан әрі – Өңірлік тізілім) осындай субъектілердің тізбесін, өтелуге жататын сомаларды, қаржыландыру көзін, сондай-ақ кәсіпкерлік субъектісінің санаты көрсете отырып қалыптастырады.
26. Өңірлік тізілім растайтын құжаттарды қоса беріле отырып (Өңірлік комиссиялардың және Қор комиссиясының шешімдері, бағалау актілері және Өңірлік комиссия және Қор комиссия тәртіпсіздіктер салдарынан келтірілген залалдың сомасын бағалау бойынша өз шешімін қабылдау үшін негіз етіп алған өзге де құжаттар) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы ай сайын есепті кезеңнің 5-күнінен кешіктірмей қалыптастырады, жаппай тәртіпсіздіктерден зардап шеккен шағын және орта бизнес субъектілерінің жалпы тізілімін және оларға келтірілген залалдың сомасын қалыптастыру үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігіне, сондай-ақ "Атамекен" Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасына жіберіледі.
27. 2022 жылғы қаңтарда орын алған Қазақстан Республикасының жекелеген өңірлеріндегі тәртіпсіздіктер нәтижесінде шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі болып табылмайтын жеке тұлғаларға келтірілген мүліктік, оның ішінде коммерциялық көлік құралдары болып табылмайтын жеңіл автомобильдерге қатысты зиянды өтеу Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 18 қыркүйектегі № 860 қаулысымен бекітілген Төтенше жағдайды енгізуге негіз болған мән-жайлардың салдарынан зардап шеккен жеке тұлғаларға тұрғын үй-жайлар беру, материалдық залалды өтеу, қажетті көмек беру ережесінде көзделген тәртіппен жүзеге асырылады
2022 жылғы қаңтардағы жекелеген өңірлердегі тәртіпсіздіктер салдарынан шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне келтірілген мүліктік зиянды өтеу қағидаларына қосымша |
2022 жылғы қаңтардағы жекелеген өңірлердегі тәртіпсіздіктер салдарынан шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне келтірілген мүліктік зиянды айқындау жөніндегі өңірлік комиссия туралы үлгілік ереже
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы 2022 жылғы қаңтардағы жекелеген өңірлердегі тәртіпсіздіктер салдарынан шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне келтірілген мүліктік зиянды айқындау жөніндегі өңірлік комиссия туралы үлгілік ереже (бұдан әрі – Ереже) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әзірленді және 2022 жылғы қаңтардағы Қазақстан Республикасының жекелеген өңірлеріндегі тәртіпсіздіктер салдарынан шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне келтірілген мүліктік зиян сомасын айқындау жөніндегі өңірлік комиссияның (бұдан әрі – Өңірлік комиссия) мәртебесіне, қызметіне байланысты мәселелерді реттейді.
2. Өңірлік комиссия алқалы орган болып табылады және өз қызметін 2022 жылғы қаңтардағы жекелеген өңірлердегі тәртіпсіздіктер салдарынан шағын және орта бизнес субъектілеріне келтірілген мүліктік зиян сомасын айқындау үшін қажетті кезеңде жүзеге асырады.
2-тарау. Өңірлік комиссияның құрамы
3. Өңірлік комиссия облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының шешімімен құрылады және бекітіледі.
4. Өңірлік комиссияның құрамы бес мүшеден кем болмауға тиіс. Өңірлік комиссияның құрамына жергілікті атқарушы және өкілді органдардың өкілдері, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті мен Қазақстан Республикасы Қаржы мониторингі агенттігінің аумақтық органдарының, өңірлік кәсіпкерлер палаталары мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері кіреді.
5. Өңірлік комиссияға облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың кәсіпкерлікті дамыту мәселелеріне жетекшілік ететін облыс әкімінің орынбасары жетекшілік етеді.
6. Жергілікті атқарушы органның кәсіпкерлікті дамытуға жауапты құрылымдық бөлімшесі Өңірлік комиссияның құжаттарды жинауды және қалыптастыруды жүзеге асыратын жұмыс органы болып табылады.
7. Өңірлік комиссияның қызметін бастау және тоқтату туралы шешімді облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы қабылдайды.
3-тарау. Өңірлік комиссияның міндеттері
8. Өңірлік комиссияның міндеттері:
1) 2022 жылғы қаңтардағы _________ облысындағы, республикалық маңызы бар қаладағы, астанадағы тәртіпсіздіктер салдарынан жеке және заңды тұлғаларға келтірілген мүліктік зиянның өтеуге жататын сомасын айқындау;
2) өтініш берушілер берген құжаттарды қарау;
3) бүлінген ғимараттарға, құрылыстарға, жоғалған мүлікке (қажет болған жағдайда) тексеру жүргізу;
4) өтініш берушілер ұсынған мәліметтер мен құжаттарды тексеруді ұйымдастыру.
9. Жүктелген міндеттерді орындау үшін Өңірлік комиссия:
2022 жылғы қаңтардағы жекелеген өңірлердегі тәртіпсіздіктер салдарынан жеке және заңды тұлғаларға келтірілген мүліктік зиян сомасын айқындау бойынша құжаттар топтамасын қарау кезінде Өңірлік комиссияның отырыстарына өтініш берушілерді және (немесе) лауазымды тұлғаларды, мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдарды шақырады(қажет болған жағдайда);
2022 жылғы қаңтардағы жекелеген өңірлердегі тәртіпсіздіктер салдарынан шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне келтірілген мүліктік зиян сомасын айқындау мақсатында өтініш беруші ұсынған мәліметтер мен құжаттарға тексеру жүргізеді (қажет болған жағдайда);
өтініш берушінің хабардар етілген келісімімен және заңнама талаптарын сақтай отырып, мемлекеттік кіріс органдарынан шешім қабылдау үшін қажетті мәліметтерді талап етеді;
өз құзыреті шегінде қолданыстағы заңнамада көзделген тәртіппен және шарттарда шешімдер қабылдайды.
4-тарау. Өңірлік комиссияның қызметін ұйымдастыру
10. Төрағаның шешімі бойынша Өңірлік комиссияның отырыстары мынадай нысандарда өткізіледі:
1) Өңірлік комиссия мүшелерінің бірлесіп қатысуы (бетпе-бет нысан не онлайн форматтағы бетпе-бет нысан);
2) өтініш берушінің не ол уәкілеттік берген адамның қатысуымен Өңірлік комиссияның көшпелі отырыстары.
11. Өңірлік комиссияның отырысы қажеттігіне қарай, бірақ аптасына кемінде бір рет өткізіледі.
12. Өңірлік комиссия бетпе-бет нысанда (онлайн форматтағы бетпе-бет нысан) өткізілетін отырыста оның мүшелерінің жартысынан астамы болған кезде, отырысқа қатыспаған Өңірлік комиссия мүшелерінің отырыс өткізілетін күні алынған жазбаша пікірлерін ескере отырып, шешім қабылдайды.
13. Өңірлік комиссия отырысының күн тәртібін төраға, ал ол болмаған кезде – тиісті шешімнің негізінде төрағаның міндетін атқарушы Өңірлік комиссияның мүшесі бекітеді.
14. Өңірлік комиссияның отырысын төраға, ал ол болмаған кезде – тиісті шешімнің негізінде төрағаның міндетін атқарушы Өңірлік комиссияның мүшесі шақырады.
15. Өңірлік комиссияның отырыстарын шақыру Өңірлік комиссияның отырысы өткізілетін күнге дейін кемінде 2 (екі) жұмыс күні бұрын Өңірлік комиссияның мүшелеріне электрондық нысанда (ақпараттың тұтастығы мен құпиялылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін электрондық поштаны немесе байланыстың өзге де түрлерін қоса алғанда, электрондық байланыс арналарын, сондай-ақ хабарламаны алу фактісін анық айқындау мүмкіндігін пайдалана отырып немесе адресатқа тікелей қол қойғызу арқылы табыс етіледі) және/немесе Электронды платформа арқылы хабарламалар жіберу жолымен жүргізіледі.
16. Өңірлік комиссияның отырыстарын шақыру туралы хабарлама қажет болған жағдайда Өңірлік комиссияның бетпе-бет отырысына қатысу үшін шақырылатын өзге де адамдарға жіберіледі.
Шақырылатын адамдардың тізбесін төраға немесе бұйрықтың негізінде төрағаның міндетін атқарушы Өңірлік комиссияның мүшесі айқындайды.
17. Хабарламада мыналар көрсетіледі:
1) Өңірлік комиссия отырысының өткізілетін күні, уақыты, орны және форматы;
2) Өңірлік комиссия отырысының күн тәртібі.
Хабарламаға қаралатын мәселелерге байланысты қажетті материалдар қоса беріледі.
18. Өңірлік комиссияның отырысын өткізу нысанына қарамастан, мәселелерді шешу кезінде Өңірлік комиссияның әрбір мүшесі бір дауысқа ие болады.
19. Өңірлік комиссияның мүшелері Өңірлік комиссияның жұмысына жеке өзі қатысады. Дауыс беру құқығын беруге, сондай-ақ басқа адамдар үшін дауыс беруге жол берілмейді.
20. Өңірлік комиссияның құзыретіне кіретін мәселелер бойынша шешімдер Өңірлік комиссия мүшелерінің отырыста болмаған мүшелерінің отырысты өткізу күніне алынған жазбаша пікірлерін ескере отырып, Өңірлік комиссия мүшелерінің көпшілік дауысымен қабылданады.
21. Өңірлік комиссияның мүшесі (Өңірлік комиссияның отырысын өткізу нысанына қарамастан) өзі қабылдаған шешімнің жазбаша дәлелді негіздемесін ұсынады. Осы құжатты Өңірлік комиссияның хатшысы Өңірлік комиссия отырысының хаттамасына қоса тіркейді.
22. Өңірлік комиссияның хатшысы Өңірлік комиссия төрағасының шешімімен жергілікті атқарушы органның жұмыскерлері қатарынан тағайындалады. Өңірлік комиссияның хатшысы Өңірлік комиссияның мүшесі болып табылмайды және дауыс беру құқығы жоқ.
23. Өңірлік комиссияның хатшысы:
1) Осы Ережеде көзделген тәртіппен Өңірлік комиссияның қарауына шығарылатын мәселелер қатарынан Өңірлік комиссияның кезекті отырысының күн тәртібін қалыптастырады және оны Өңірлік комиссияның төрағасына бекітуге ұсынады;
2) Өңірлік комиссияның отырысын шақыру туралы хабарламаларды дайындауды және таратуды, қажетті материалдарды жинауды және таратуды ұйымдастырады;
3) отырысқа шақырылған адамдарды Өңірлік комиссия отырысының өткізілетін күні, орны мен уақыты туралы хабардар етеді, оларға отырыстың күн тәртібіндегі мәселелер бойынша материалдар жібереді;
4) келтірілген мүліктік зиянды өтеу туралы өтініштердің келіп түсуі тұрғысынан Электрондық платформаның мониторингін жүргізеді;
5) Өңірлік комиссия отырыстарының хаттамаларын жүргізеді және оларға қол қояды;
6) Өңірлік комиссияның қарауына ұсынылатын материалдардың түпнұсқаларын есепке алуды және сақтауды жүргізеді;
7) Өңірлік комиссияның қызметін ұйымдастырушылық қамтамасыз етуді жүзеге асырады;
8) Өңірлік комиссия отырысының хаттамаларынан үзінділерді олардың орындалуын қамтамасыз ету мақсатында белгіленген тәртіппен таратуды жүзеге асырады;
9) Өңірлік комиссия отырысы хаттамаларының көшірмелерін, сондай-ақ Өңірлік комиссия отырысы хаттамасынан үзінді көшірмелерді (үзінді көшірмелердің көшірмелерін) куәландырады.
24. Өңірлік комиссия мүшелері өз қызметін жүзеге асыру кезінде:
1) Өңірлік комиссияның құрамында әрекет ете отырып, Өңірлік комиссияның құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша талқылауға және дауыс беруге қатыса алады;
2) Өңірлік комиссия отырысының күн тәртібін қалыптастыру мәселелері бойынша өтініштер жасай алады, ұсыныстар енгізе алады;
3) Өңірлік комиссияның жұмыс жоспарларын қалыптастыру бойынша жазбаша ұсыныстар енгізе алады;
4) Осы Ережеде көзделген тәртіппен Өңірлік комиссияның отырысын шақыруды талап ете алады;
5) Өңірлік комиссия отырысының хаттамасына Өңірлік комиссия отырыстарының күн тәртібі мәселелері бойынша қабылданатын шешімдер бойынша ерекше пікірін енгізуді талап ете алады.
25. Өңірлік комиссия мүшелері өз қызметін жүзеге асыру кезінде:
1) Қазақстан Республикасы заңнамасының сақталуын қамтамасыз етеді;
2) Өңірлік комиссияның мүддесі үшін адал, парасатты және әділ әрекет етеді;
3) Өңірлік комиссияның отырысына жеке өзі қатысады;
4) Өңірлік комиссия отырысы басталардан кемінде бір күн бұрын өзінің болмау себептерін көрсете отырып, Өңірлік комиссияның хатшысына Өңірлік комиссияның отырысына қатысу мүмкіндігі жоқ екені туралы алдын ала хабарлайды;
5) мүдделер қақтығысы туындаған жағдайда Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келетін мақсаттарда өзінің лауазымдық жағдайын (Өңірлік комиссияның мүшесі ретінде) пайдаланудан бас тартады.
26. Өңірлік комиссияның мүшелері мүдделер қақтығысы туындаған жағдайда Өңірлік комиссияны хабардар етуді қамтамасыз етеді және тиісті шешімдер қабылдау кезінде дауыс беруден (тиісті шешім қабылдаудан қалыс қалу) қалыс қалады.
5-тарау. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың өңірлік комиссиясы отырысының хаттамасын ресімдеу
27. Өңірлік комиссия отырысының нәтижелері бойынша Өңірлік комиссияның хатшысы ол өткізілгеннен кейін 1 (бір) жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде отырыстың хаттамасын жасайды.
28. Өңірлік комиссия отырысының хаттамасында:
1) өткізу орны, уақыты, форматы (бетпе-бет, онлайн форматтағы бетпе-бет, сырттай);
2) отырысқа қатысып отырған адамдар;
3) отырыстың күн тәртібі;
4) дауыс беруге қойылған мәселелер және олар бойынша дауыс беру қорытындылары;
5) Өтеу туралы әрбір өтініш бойынша, оның ішінде залал түрін ескере отырып, қаржыландыру көзі туралы мәліметтер:
6) қабылданған шешім көрсетіледі.
29. Өңірлік комиссияның хатшысы Өңірлік комиссия отырысы хаттамасының дұрыс және уақтылы ресімделуін қамтамасыз етеді.
30. Хаттамаға Өңірлік комиссияның төрағасы (отырыста төрағалық етуші), Өңірлік комиссияның мүшелері және Өңірлік комиссияның хатшысы қол қояды.
31. Өңірлік комиссия отырысының хаттамасы 1 (бір) данада ресімделеді, оған бекітілген, қаралған құжаттардың мәтіндері, жазбаша пікірлер және хаттамаға қосымша болып табылатын өзге де материалдар қоса тіркеледі.
32. Өңірлік комиссия хаттамасының сканерленген көшірмесі де Электрондық платформада электрондық түрде сақталады.
33. Хаттамаға қол қойылғаннан кейін Өңірлік комиссияның хатшысы оған қол қойылған күннен бастап 1 (бір) жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде Өңірлік комиссияның мүшелеріне хаттаманы таратуды ұйымдастырады және Электрондық платформа және (немесе) электрондық пошта арқылы өтініш берушіні қабылданған шешім туралы хабардар етеді.