Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 2 маусымдағы № 357 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі туралы ереже 15-тармағының 157) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері әскери полиция органдарының кинологиялық қызметін ұйымдастыру қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Әскери полициясы бас басқармасы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты алғашқы ресми жарияланғанынан кейін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды;
3) мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Заң департаментіне жолдауды қамтамасыз етсін.
3. "Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері әскери полиция органдарының кинологиялық қызметін ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы" Қорғаныс министрінің 2021 жылғы 12 қаңтардағы № 11 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 22077 болып тіркелген) күші жойылды деп танылсын.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының бастығына жүктелсін.
5. Осы бұйрық лауазымды адамдарға, оларға қатысты бөлігінде жеткізілсін.
6. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрі |
Р. Жаксылыков |
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрі 2022 жылғы 23 қыркүйектегі № 821 бұйрығымен бекітілген |
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері әскери полиция органдарының кинологиялық қызметін ұйымдастыру қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері әскери полиция органдарының кинологиялық қызметін ұйымдастыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері әскери полиция органдарының кинологиялық қызметін ұйымдастыру тәртібін айқындайды.
2. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері (бұдан әрі – ҚР ҚК) әскери полиция органдары кинологиялық қызметінің негізгі бағыты қызметтік иттерді (бұдан әрі – ит) дайындау және ҚР ҚК әскери полиция органдарының қызметтік ісінде іс жүзінде пайдалану болып табылады.
3. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) апортировка – итті қандай да бір затты алып келуге жаттықтыру элементі;
2) арнайы жаттықтыру курсы – иттің белгілі бір қызмет түрі үшін қажетті арнайы дағдысын қалыптастыру;
3) жалпы жаттықтыру курсы – айтқанға көндіру және ептілік жаттығуларының жиыны. Итті жаттықтырудың арнайы спорттық және қызметтік түрінің алдындағы "жалпы", алдын ала, негізгі курс болып табылады;
4) жаттықтыру – бұл жаттықтыру процесінде итте қалыптасқан шартты рефлекстерді (дағдыларды) бекіту, оларды қызметтің нақты шарттарына қатысты дамыту және жетілдіру мақсатындағы жүйелі жаттығулар;
5) жоғары нерв қызметінің түрі – организмнің қоршаған ортамен өзара әрекеттесу сипаттамасын айқындайтын және организмнің барлық функциясында өз көрінісін табатын нерв жүйесінің туа біткен және жүре пайда болған қасиеттерінің жиынтығы;
6) кинолог – итті тәрбиелеу, жаттықтыру және дайындау жөніндегі маман;
7) қызметтік итті дайындау – бұл жүйелі, қызмет атқару үшін қажет белгілі бір жағдайда итті әртүрлі күрделі іс-қимылды жасауға бағытталған үйрету. Бұл іс-қимылды ит кинологтың сигналы (ауызша командасы, қол қимылы) бойынша жүзеге асырады. Итті дайындау процесі оларда қажетті қозғалу және тежелу дағдысын қалыптастыруды қамтиды;
8) рефлекс – тірі организмнің рецепторлардың қатысуымен және нерв жүйесінің басқаруымен өтетін қандай да бір әсер етуге стереотиптік реакциясы;
9) фигурант – кинологтың көмекшісі, кинологтың басқаруымен итпен жұмысты ұйымдастырады, жануардың нақты немесе өзге де қабілетін (мінез-құлқы, темпераментін, адаммен қүресу қабілетін және иттің жалпы дайындығын) айқындауға көмектеседі;
10) экстерьер – жануардың сыртқы келбеті және дене бітімі.
2-тарау. Қызметтік итті қолдану және дайындау тәртібі
4. Әскери полиция органдарының қызметтік иттері қызметтік қолдану түрлері бойынша іздестіру, патрульдік және қарауылдық санаттарға бөлінеді.
5. Қызметтік ит мынадай жағдайларда қолданылады:
1) әскери қызметшiлердi қорғау, олардың өмiрi мен денсаулығына қатер төндiретiн қаскүнемдердің шабуылынан өзiн-өзi қорғау;
2) ішкі істер органдарымен бірлесіп, қоғамдық тәртiптi күзетуді жүзеге асыру, жаппай тәртiпсiздiктiң жолын кесу, қоғамдық қауіпсіздік пен төтенше және соғыс жағдайы құқықтық режимін қамтамасыз ету, сондай-ақ табиғи, техногендік және әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайдың салдарын жою жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыру;
3) әскери бөлiмдердегi жаппай тәртiпсiздiктiң, сондай-ақ әскери қызметшiлердiң қоғамдық тәртiптi және әскери тәртiптi топтасып бұзуының жолын кесу;
4) әскери қалашықтарға, объектiлерге, құрылыстарға, үй-жайларға, ғимараттарға және әскери көлiк құралдарына жасалған шабуылды тойтару немесе оларды басып алған жағдайда босату;
5) егер құқық бұзушылар әскери тәртiптi сақтау және қоғамдық тәртiптi қорғау жөнiндегі өздерiне жүктелген мiндеттердi орындайтын әскери полиция қызметкерлерiне бағынбаса немесе қарсылық көрсетсе, оларды әскери бөлiмдерге және гауптвахтаға жеткiзу, ұсталған, күзетпен қамауға алынған адамдарды айдауылмен алып жүру және күзету үшiн ұстау;
6) анықтау органдарынан жасырынып жүрген, сондай-ақ бөлімді немесе қызмет орнын өз еркімен тастап кеткен әскери қызметшілерді іздестіру;
7) есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорларды заңсыз сақтау, қаруды, оқ-дəріні, жарылғыш заттарды ұрлау жəне жоғалту, сондай-ақ əскери қызметшілерді іздестіру фактілерінің алдын алуға жəне оларды анықтауға бағытталған алдын алу іс-шараларын жүргізу;
8) Қазақстан Республикасының құқық қорғау және (немесе) мемлекеттік арнаулы органдары өткізетін іс-шараларға әскери полиция органдарының әскери қызметшілері тартылған жағдайларда.
6. Итті дайындау жалпы және арнайы үйретуден, сондай-ақ жаттықтырудан тұрады.
7. Жаттықтыруға кірісе отырып, кинолог иттің ерекшеліктерін (жасын, денсаулық жағдайын, оған дейін тәрбиеленген жағдайларын, нерв жүйесінің ерекшеліктерін, мінез-құлқының басым реакцияларын және әртүрлі тітіркендіргіштерге әсерін) зерделейді:
1) итті дайындау жүйесі үш кезеңде өтеді;
2) итті дайындау жүйесінің бірінші кезеңі – дайындық, белгілі бір қызметтік қолдану түріне (іздестіру, қарауылдық) дайындау үшін мүмкіндіктерін және табиғи қабілеттілігін айқындау мақсатында иттерді тестілеу (басым реакциясын, жоғары жүйке жұмысының типін, олардың дене бітімінің жай-күйін, иіс сезу өткірлігін және басқа да қасиетін анықтау);
3) итті дайындау жүйесінің екінші кезеңі – жалпы тәртіптік, иттің бойында жалпы айтқанға көндіру тәсілдерін қалыптастыруға және алдағы уақытта оны бекітуге арналған. Бұл ретте тәсілдердің түрлері мен олардың саны иттің қызметке арналуына және оларды даярлаудың барлық курсына бөлінген уақытқа негізделе отырып айқындалады. Ит үшін жалпы жаттықтыру тәсілдерінің саны, әсіресе бастапқы даярлық кезеңінде мақсатқа сәйкестік пен қажеттілік қағидатына қарай барынша азайтылады, жалпы жаттықтыру курсына:
итті кинологқа үйрету;
итті лақап атқа үйрету;
итті қарғыбауға үйрету;
итті тізгінге үйрету;
итті тұмылдырыққа үйрету;
итті жиынтық жағдайды қабылдауға үйрету;
итті кинологқа жақындауға және одан кетуге үйрету;
итті кинологтың жанында жүруге үйрету;
итті отыруға үйрету;
итті жатуға үйрету;
итті орнында тұруға үйрету;
итті заттарды алып келуге үйрету;
итті дыбыс шығаруға үйрету;
итті жағымсыз әрекетті тоқтатуға үйрету;
итті кедергіден өтуге үйрету;
итті қозғалу қарқынын бәсеңдетуге үйрету;
итті төрт тағандап еңбектеп жүруге үйрету;
итті жүзуге үйрету;
итті атыстарға үйрету;
итті тауып алған немесе бөгде адам берген тағамнан бас тартуға үйрету кіреді;
4) итті дайындау жүйесінің үшінші кезеңі – арнайы жаттықтыру, оның негізгі міндеті оқу жағдайы шарттарында иттің нақты санаты үшін қажетті арнайы жаттықтыру тәсілдерін иттің айқын орындауы болып табылады. Іздестіру итін дайындау кезінде түпкілікті мақсат итті оқу-жаттығу объектісі болып табылатын аумақта (ғимараттарда, үй-жайларда) жарылғыш заттарды іздеуді сенімді жүзеге асыруға үйрету болып табылады, арнайы жаттықтыру курсына:
итті қозғалыстағы және қозғалмайтын көлікте жұмыс істеуге үйрету;
багажды тінту;
жүкті тінту;
жеңіл және жүк автокөлігін тінту;
адамды іріктеу;
үй-жайдағы орындарды тінту кіреді.
3-тарау. Қызметтік итті жаттықтыруды жоспарлау тәртібі
8. Бөлімшелерде итті жаттықтыру жартыжылдыққа әзірленетін итті дайындауға арналған жаттықтыру міндеттеріне (бөлімшеде иттерді жаттықтыру жоспар-кестесіне) сәйкес ұйымдастырылады және жүргізіледі.
9. Жаттықтыру:
1) іздестіру иті үшін 2 сабақ – таңертең, 4 – күндіз, 1 – кешке, 2 – түнде есебінен айына 9 сабақ (күніне үш сағаттан) (оның ішінде 1 бақылау-тексеру). Сабақтар объектіге іргелес жергілікті жерде (міндетті орындау ауданында) және оқу-жаттығу қалашығында өткізіледі.
2) қарауылдық ит үшін 1 сабақ – таңертең, 3 – күндіз, 1 – кешке, 1 – түнде есебінен айына 6 сабақ (оның ішінде 1 бақылау-тексеру). Сабақтар: 2 – қызметте пайдалану орнында, 4 – оқу-жаттығу бекетінде өткізілсін.
10. Кинологиялық қызмет мамандары ай сайын 30-ы күніне дейін итті жаттықтыру бойынша сабақ кестесін жасайды және оны тікелей бастық бекітеді. Сабақтар кестесіне итті жаттықтыру жөніндегі тақырыптар, сондай-ақ қиындықтарды енгізу мен пысықтаудың нақты міндеттері қосылады.
11. Итті жаттықтыру жөніндегі сабақтар Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша итті жаттықтыруды (үйретуді) есепке алу күнделіктерінде есепке алынады.
12. Жергілікті жерді, үй-жайларды тінту үшін итті жаттықтыру кезінде өсімдік өскен учаскелер, тұрғын емес үй-жайлар, жертөлелер пайдаланылады.
13. Көлік құралдарын тінту, қарап-тексеру бойынша сабақтар оқу-жаттығу алаңында, сондай-ақ бақылау-өткізу пункттерінде өткізіледі.
14. Қарауылдық итті жаттықтыру бойынша сабақтар бұзушылардың күзетілетін объектіге кіру үшін қолданатын әдістерін ескере отырып, оқу-жаттығу бекеттерінде немесе оларды қызметте пайдалану орындарында өткізіледі.
Қарауылдық иттердің оқу-жаттығу бекеттерінде итті жаттықтыру кезінде фигуранттың әрекет етуі үшін техникалық күзет құралдарының жұмыс істеуін имитациялайтын аспаптар, қазбалар, шұңқырлар, қоршаудағы ойық жерлер жабдықталады.
Қарауылдық иттерді тамақ жемеуге, бұзушыны ұстауға, атыстарға, жарылыстарға, қатты дыбыстық және сәулелік тітіркендіргіштерге байыпты қарауға жаттықтыру оқу-жаттығу бекеттерінде қызметті қырағы атқару дағдыларын пысықтаумен кешенде өткізіледі.
15. Итте жалпы жаттықтыру дағдыларын жетілдіру арнайы жаттықтыру дағдыларын пысықтаумен қатар жүргізіледі. Жалпы жаттықтыру тәсілдері бойынша сабақтар өткізу кезінде иттің дәл, тез қимылдауына және оларды кідіріссіз орындауынаа қол жеткізу қажет.
16. Иттің барлық санатын жаттықтыру кезінде оқу-материалдық базаның жылжымалы және стационарлық элементтері пайдаланылады. Итті жаттықтыру бойынша сабақтар тапсырмаларды орындаудың нақты шарттарына барынша жақындатылған болады.
17. Команда бұйрықты дауыс ырғағымен беріледі. Еркелету дауыс ырғағы итті мадақтау үшін қолданылады ("Жақсы" лепті дауыс). Қорқытатын дауыс ырғағы ит өзінен талап етілген іс-әрекетті орындамаған жағдайда немесе оның қандай да бір орынсыз іс-қимылын тоқтату қажет болғанда қолданылады.
18. Итті басқару үшін дауыс командалары және қол қимылдары (жаттықтырушының жаттықтырудың әрбір тәсіліне белгіленген белгілі бір қолмен жасалған қимылы) қолданылады.
19. Жаттықтыру итті кинологқа бекітіп бергеннен кейін 5-7 күннен соң басталады. Осы күндер ішінде кинолог иттің мінез-құлқының өзіндік ерекшеліктерін айқындайды және оны өзіне үйретеді.
20. Итті жаттықтыру түрлі әдістермен жүргізіледі. Мынадай төрт әдісті ажырата білу қажет:
1) дәммен мадақтау;
2) механикалық;
3) ойын;
4) еліктеушілік.
Дәммен мадақтау әдісі кезінде жаттықтырудың жеке тәсілдерін пысықтау үшін азық-түлік тітіркендіргіштері пайдаланылады.
Механикалық әдіс кезінде жаттықтырудың жеке тәсілдерін пысықтау үшін шартты тітіркендіргіш иттің қорғаныштық рефлексін тудыратын физикалық немесе ауыртып ықпал етумен бекітіледі.
Ойын әдісі иттің белгілі, қажетті иісі бар "ойыншықпен" "ойнауы" процесінде онда пайда болатын қажетті машықтарды тудыруға негізделген.
Ойын әдісі итті жарылғыш заттарды, есірткі заттарын және қаруды іздеуге жаттықтыру кезіндегі негізгісі болып табылады.
21. Даярлық кезеңінде кинолог жаттықтырылатын иттің жалпы жай-күйін (оның денсаулығын, мінез-құлқы ерекшеліктерін), сондай-ақ даярлық өткізілетін сыртқы шарттарды ескеруге тиіс.
22. Иттің қызығушылығын сақтау үшін жаттықтырудың барлық кезеңінде әрбір сабақта қолданылатын тәсілдерді кезектестіру және "қарапайымнан күрделіге" қағидаты бойынша итті жаттықтыру қажет.
23. Итке оларды бастапқы жаттықтыру кезінде сыртқы тітіркендіргіштер қатты ықпал етеді, олар итті талап етілетін іс-қимылдарды орындаудан алаңдатуы мүмкін. Оған жол бермеу үшін:
1) бастапқы жаттықтыруды қатты әсер ететін сыртқы тітіркендіргіштер болмаған кезде жүргізу;
2) жаттықтыру шарттарын ұдайы қиындата отырып, итті сыртқы тітіркендіргіштер болған кезде дағдыларды мүлтіксіз орындауға үйрету.
24. Қызметтік иттің дайындық деңгейін тексеру үшін бағалау көрсеткіштері Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес тексеріледі. Әскери полиция органдарының бастықтары қорытынды тексерулер кезінде, кинология бөлімшелерінің бастықтары барлық иттерді қамтумен тоқсанына бір рет тексереді.
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері әскери полиция органдарының кинологиялық қызметін ұйымдастыру қағидаларына 1-қосымша |
|
Нысан |
Қызметтік итті жаттықтыруды есепке алу күнделігі
____________________________________________________
(маманның лауазымы, әскери атағы,
___________________________________________ бекітіліп берілген
тегі мен инициалдары)
______________________________________________
(иттің лақап аты, санаты, бөлімшенің,
______________________________________________
әскери бөлімнің атауы)
Басталды 20__ жылғы "___"__________.
Аяқталды 20__ жылғы "___"__________.
Сабақтың күні, нұсқасы және уақыты | Сабақтың қысқаша мазмұны | Сабақ нәтижесі | Сабақ жетекшісінің (тексерушінің) ескертулері мен нұсқаулары |
Ескертпе:
1) күнделік бөлімшенің әрбір итіне жүргізіледі;
2) сабақтың мазмұнын маман оны өткізу алдында жазады;
3) ит бекітіліп берілген маманның лауазымы, әскери атағы, тегі мен инициалдары титул парағына қарындашпен жазылады.
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері әскери полиция органдарының кинологиялық қызметін ұйымдастыру қағидаларына 2-қосымша |
Қызметтік иттің дайындық деңгейін тексеруге арналған бағалау көрсеткіштері
Р/с№ № | Нормативтер (жаттығулар) атауы және оларды орындау шарттары | Жоғары балл | Балдарды төмендету |
1-тарау. Жалпы тәртіптік курс | |||
1 |
Жанында жүру | 5 |
1 балға |
2 |
Еркін жай-күйі | 5 |
1 балға |
3 |
Маманға келу | 5 |
1 балға |
4 |
Отырғызу | 5 |
1 балға |
5 |
Жатқызу | 5 |
1 балға |
6 |
Тұрғызу | 5 |
1 балға |
7 |
Дауыс шығаруға (үруге) шақыру | 5 |
1 балға |
8 |
Төрт тағандап еңбектеу | 5 |
1 балға |
9 |
Заттарды әкелу (апортировка) | 5 |
1 балға |
10 |
Қажет емес іс-қимылдарды тоқтату | 5 |
5 балға |
11 |
Атуға әсері | ||
Ит өзінің қозғалу бағыты мен қарқынын, сондай-ақ өзінің фигурантқа қатысты мақсатын өзгертпеуі керек. | 10 |
2 балға | |
12 |
Табылған азыққа әсері | 5 |
5 балға |
2-тарау. Арнайы курс | |||
1-параграф. Іздестіру иттері үшін | |||
13 |
2 сағатқа дейінгі және 5 километрге дейінгі қашықтықтағы ізді фигурант шапшаң жүріспен салып өткен. | 100 |
20 балға |
14 |
Көлікті тінту | 80 |
80 балға |
2-параграф. Іздестіру және қарауылдық иттер үшін | |||
15 |
Тура шабуыл | 100 |
50 балға |
16 |
Ұсталған адамды күзету | 100 |
25 балға |
17 |
Ұсталған адамды айдауылдау | 100 |
25 балға |
Ең жоғары балл жиынтығы:
Қызметтік ит санаты | Жалпытәртіптік курс үшін | Арнайы курс үшін | Барлығы |
іздестіру | 65 | 480 | 545 |
қарауылдық | 5 | 300 | 305 |
Ескертпе:
1) "Отырғызу", "Жатқызу", "Тұрғызу" және "Дауыс шығаруға шақыру" нормативтерін орындау кезінде ит маманнан 40 метр қашықтықта болады;
2) "Отырғызу", "Жатқызу", "Тұрғызу" нормативтерін орындау кезінде болатын қалыпты ұстау уақыты – 30 секунд;
3) тәсілдерді орындау реттілігі, "Дауыс шығаруға шақыру" нормативін орындау кезіндегі иттің қалпы, "Апортировка" нормативін орындау кезінде заттың түрін тексеруші адам айқындайды;
4) № 12 нормативті қоспағанда, қарауылдық ит жалпытәртіптік курс нормативтері бойынша тексерілмейді, балдарды есептеусіз кинологтың қысқа тізгінмен және тұмылдырықта қозғалуы кезінде оларды басқаруы тексеріледі.
Жалпытәртіптік және арнайы курс бойынша қызметтік иттің дайындығы мынадай болып бағаланады:
"өте жақсы" – тексерілетін нормативтер бойынша ең жоғары балл жиынтығының кемінде 70 %-і;
"жақсы" – тексерілетін нормативтер бойынша ең жоғары балл жиынтығының кемінде 60 %-і;
"қанағаттанарлық" – тексерілетін нормативтер бойынша ең жоғары балл жиынтығының кемінде 50 %-і;
"қанағаттанарлықсыз" – тексерілетін нормативтер бойынша ең жоғары балл жиынтығының 50 %-тен кемі.