"Мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін өндіруді және олардың айналымын мемлекеттік реттеу туралы" Қазақстан Республикасы Заңы 7-бабының 21-8) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Мұнай өнімдері базаларының өндірістік объектілерін есепке алатын бақылау аспаптарымен жарақтандыру қағидалары мен талаптары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Мұнай тасымалдау және өңдеу департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалғаны туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының энергетика вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Энергетика министрі |
Б. Акчулаков |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Индустрия және инфрақұрылымдық
даму министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Қаржы министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Сауда және интеграция министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Цифрлық даму, инновациялар
және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі
Қазақстан Республикасы | |
Энергетика министрі | |
2022 жылғы 26 желтоқсандағы | |
№ 435 Бұйрығымен | |
бекітілген |
Мұнай өнімдері базаларының өндірістік объектілерін есепке алатын бақылау аспаптарымен жарақтандыру қағидалары мен талаптары 1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Мұнай өнімдері базаларының өндірістік объектілерін есепке алатын бақылау аспаптарымен жарақтандыру қағидалары мен талаптары (бұдан әрі – Қағидалар) "Мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін өндіруді және олардың айналымын мемлекеттік реттеу туралы" Қазақстан Республикасы Заңы (бұдан әрі – Заң) 7-бабының 21-8) тармақшасына сәйкес әзірленді және мұнай өнімдері базаларының өндірістік объектілерін есепке алатын бақылау аспаптарымен жарақтандыру тәртібі мен талаптарын айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай терминдер мен анықтамалар пайдаланылады:
1) дерекқор – сақталатын мұнай өнімдерінің массасын есептеудің есептеу жүйелерінен түсетін деректерді сақтау базасы;
2) есепке алатын бақылау аспаптары – мұнай өнімдерін өндірушілердің өндірістік объектілерінде, мұнай өнімдері базаларында және автожанармай құю станцияларында (жылжымалы үлгідегі автожанармай құю станцияларынан басқа) орнатылған, Қазақстан Республикасының өлшем бірлігін қамтамасыз ету саласындағы заңнамасына сәйкес қолдануға рұқсат етілген, мұнай өнімдерін өндіру және олардың айналымы саласындағы есепке алатын бақылау аспаптарының деректерін оператор арқылы нақты уақыт режимінде мұнай өнімдерінің айналымы саласындағы уәкілетті органға, сондай-ақ мұнай өнімдерін өндіру саласындағы уәкілетті органға кейіннен беру мақсатында есепке алуды жүргізуге арналған, мұнай өнімдерінің сандық және сапалық сипаттамаларын айқындайтын техникалық құрылғылар;
3) мұнай өнімдері базаларының өндірістік объектісі – Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес келетін, мұнай өнімдерін қабылдауға, сақтауға, тиеп-жөнелтуге және өткізуге арналған технологиялық жабдық, резервуарлық парк, техникалық құрылғылар мен коммуникациялар;
4) мұнай өнімдерін өндіру және олардың айналымы саласындағы есепке алатын бақылау аспаптары деректерінің операторы – мұнай өнімдерінің айналымы саласындағы уәкілетті органға, оның аумақтық бөлімшелеріне, сондай-ақ мұнай өнімдерін өндіру саласындағы уәкілетті органға есепке алатын бақылау деректерін автоматтандырылған онлайн беруді қамтамасыз ететін, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған заңды тұлға;
5) сақталатын мұнай өнімдерінің массасын есептеу жүйелері – есепке алатын бақылау аспаптарынан деректерді өңдеуге арналған жүйелер.
2-тарау. Мұнай өнімдері базаларының өндірістік объектілерін есепке алатын бақылау аспаптарымен жарақтандыру тәртібі
3. Есепке алатын бақылау аспаптары мұнай өнімдері базаларының өндірістік объектілерінің технологиялық схемасына сәйкес орнатылады.
4. Мұнай өнімдерінің көлемін есепке алатын бақылау аспаптарымен өлшеу өлшем бірлігін қамтамасыз етудің мемлекеттік жүйесінің тізілімінде тіркелген МЕМСТ 8.587 "Өлшем бірлігін қамтамасыз етудің мемлекеттік жүйесі. Мұнай және мұнай өнімдерінің массасы. Өлшеу әдістемелері (әдістері)" талаптарына сәйкес келетін қателікпен өлшеуді орындау әдістемесінің және "Мемлекеттік реттеуге жатқызылатын өлшем тізбелерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің міндетін атқарушының 2019 жылғы 11 наурыздағы № 81 және Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2019 жылғы 18 наурыздағы № 143 бірлескен бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 18435 болып тіркелген) негізінде айқындалады.
5. Өлшем бірлігін қамтамасыз етудің мемлекеттік жүйесі тізілімінде тіркелген және Қазақстан Республикасының өлшем бірлігін қамтамасыз ету саласындағы заңнамасына сәйкес келетін есепке алатын бақылау аспаптары қолдануға жіберіледі.
6. Мұнай өнімдерінің сандық және сапалық сипаттамаларын өлшейтін есепке алатын бақылау аспаптарына сыйымдылық өлшемдерінде және толық сыйымдылық өлшемдерінде мұнай өнімдерінің төгілуін қашықтықтан бақылауға арналған стационарлық деңгейөлшегіштер жатады.
7. Мұнай өнімдері базаларының резервуарларында сақталатын мұнай өнімдерінің массасы мен көлемін айқындау үшін өлшеудің көлемдік-массалық статикалық әдісі қолданылады. Көлемдік-массалық статикалық әдіспен мұнай өнімінің массасы оның көлемі, тығыздығы және температурасы бойынша анықталады.
8. Сақталатын мұнай өнімдерінің массасын көлемдік-массалық статикалық әдіспен алу үшін МЕМСТ 8.587 "Өлшем бірлігін қамтамасыз етудің мемлекеттік жүйесі. Мұнай және мұнай өнімдерінің массасы. Өлшеу әдістемелері (әдістері)" талаптарына сәйкес резервуардағы мұнай өнімдерінің деңгейін, тығыздығын және температурасын өлшеуге мүмкіндік беретін есепке алатын бақылау аспаптары қолданылады.
9. Мұнай өнімдерін сақтауды есепке алу деректері бар дерекқорға қолжетімділікті мұнай өнімдерін өндіру және олардың айналымы саласындағы есепке алатын бақылау аспаптары деректерінің операторы қамтамасыз етеді.
10. Есепке алатын бақылау аспаптарын тексеру "Өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 19-бабына сәйкес үлгіні бекіту немесе метрологиялық аттестаттау, өлшем бірлігін қамтамасыз ету мемлекеттік жүйесінің тізілімінде тіркеу және кейіннен кезеңділікпен тексеру мақсатында жүргізіледі.
3-тарау. Мұнай өнімдері базаларының өндірістік объектілерін есепке алатын бақылау аспаптарымен жарақтандыру талаптары
11. Бастапқы деректерді алуды, сақталатын мұнай өнімдері туралы деректерді өңдеуді, сақтауды және беруді қамтамасыз ететін барлық құрамдас жүйелер резервтік қоректендіру көздерімен жарақтандырылады.
12. Мұнай өнімдері базаларының өндірістік объектілерінің технологиялық схемасына сәйкес орналасқан есепке алатын бақылау аспаптарынан алынған ақпарат олардың бағдарламалық қамтылымында сақталады және өңделеді.
13. Егер сақталатын мұнай өнімдерінің массасын есептеу жүйелері сақталатын мұнай өнімдерінің массасын есептеуге қатысатын коэффициенттерді жергілікті баптауды көздесе, осы баптауларға санкцияланбаған қол жеткізуден қорғау жүйесі көзделеді.
14. Мұнай өнімдерін сақтауды есепке алу жүйесінің өлшемдерінің жол берілетін қателігі МЕМСТ 8.587 "Өлшем бірлігін қамтамасыз ету мемлекеттік жүйесі. Мұнай және мұнай өнімдерінің массасы. Өлшеу әдістемелері (әдістері)" талаптарында белгіленген мәннен аспайды.
15. Есепке алатын бақылау аспаптарын жобалау, дайындау, жеткізу, сынау, метрологиялық аттестаттау, пайдалануға қабылдау, өлшем құралдарын салыстырып тексеру әдiстемелерi және мемлекеттік органдарда тіркеу "Өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 11-1 және 17-баптарына және "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 60, 73, 74, 75, 75-1, 76, 77, 78, 79-баптарына сәйкес орындалады.