"Бағалы металдар мен асыл тастар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 12-бабының 4-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес уәкілетті ұйымдарда міндетті түрде сынамалануға және таңбалануға жатпайтын Қазақстан Республикасының аумағында өндірілген және (немесе) өткізілетін зергерлік және басқа да бұйымдар айқындалсын.
2. Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Индустриялық даму комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі |
М. Карабаев |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Сауда және интеграция министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрлігі
Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2023 жылғы 20 маусымдағы № 454 Бұйрығына қосымша |
Уәкілетті ұйымдарда міндетті түрде сынамалануға және таңбалануға жатпайтын Қазақстан Республикасының аумағында өндірілген және (немесе) өткізілетін зергерлік және басқа да бұйымдар
1. Түрлі нысандарда ұсынылған мемлекеттік наградалар, монеталар, зергерлік және басқа да бұйымдардың қалған бөліктері.
2. Бөліктердің толық жиыны болмаған жағдайда, аяқталмаған немесе жиналмаған түрдегі бағалы металдардан жасалған зергерлік және басқа да бұйымдар.
3. Бағалы металл қорытпасының мың массалық бөлігіндегі таза бағалы металдың массалық бөліктерінің саны:
1) платина қорытпасы үшін 900;
2) алтын қорытпасы үшін 375;
3) палладий қорытпасы үшін 500;
4) күміс қорытпасы үшін 800-ден төмен бағалы металдардан жасалған зергерлік бұйымдар.
4. Бағалы металдардан жасалған жазбаға арналған пластинкалар не бағалы металдардан жасалған кітаптар, альбомдар, папкалар және ұқсас бұйымдардың мұқабалары.
5. Тарихи немесе археологиялық, мәдени құндылыққа ие зергерлік және басқа да бұйымдар, отандық және шетелде өндірілген аффинирленген бағалы металдардың құймалары, бағалы металдардың саф түрлері, жапырақша алтын, жапырақша күміс, бұйымдарда платинамен, алтынмен, палладиймен және (немесе) күміспен безендіру тәсілімен орындалған ұсақ кертпелер мен ұсақ әшекейлер, бағалы металдардан жасалатын және ғылыми, өндірістік және медициналық мақсаттарға арналған аспаптар, зертханалық ыдыстар мен өзге де бұйымдар жатпайды.
6. Әртүрлі әшекейлер ретінде және декоративтік мақсаттар үшін қолданылатын бағалы металдардан жасалған шыбықтар, жолақтар, сым, түтіктер, сондай-ақ оралған жұқа табақтар.
7. Қаламдар үшін бағалы металдардан жасалған қауырсындар.
8. Жеке тұлғалар әкелетін және (немесе) әкететін тауар ретінде жеке қолдануға арналған зергерлік және басқа да бұйымдар.
9. Қазақстан Республикасының аумағында өндірілген және Қазақстан Республикасының аумағында сатуға (өткізуге) арналған сынамасы 800 және одан жоғары күмістен жасалған зергерлік бұйымдар мен басқа да бұйымдар, егер мұндай бұйымдарда атаулы таңбасы болса.
Ескерту. Қосымша 9-тармақпен толықтырылды - ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 17.05.2024 № 180 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.