Ескерту. Күші жойылды - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 11.10.2024 № 348 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
"Сауда қызметін реттеу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 17-бабының 2-тармағына және 18-бабының 3-тармағына, "Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасының Заңымен ратификацияланған 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 29 және 47-баптарына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Алты ай мерзімге мыналарға сандық шектеулер (квоталар) енгізілсін:
60 000 (алпыс мың) бас бұқашық мөлшерінде тірі ірі қара малды (Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы экономикалық қызметінің тауар номенклатурасының коды 0102) Қазақстан Республикасының аумағынан үшінші елдерге және Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне әкетуге;
120 000 (жүз жиырма мың) бас еркек тоқты мөлшерінде тірі қой және ешкілерді (Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы экономикалық қызметінің тауар номенклатурасының коды 0104) Қазақстан Республикасының аумағынан үшінші елдерге және Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне әкетуге.
2. Осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес қоса беріліп отырған Сандық шектеулерді (квоталарды) бөлу қағидалары бекітілсін.
3. Осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес тізбе бойынша Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің кейбір бұйрықтарының күші жойылды деп танылсын.
4. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Аграрлық азық-түлік нарықтары және ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оның Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
5. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы вице-министріне жүктелсін.
6. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы |
А. Султанов |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Қаржы министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Сауда және интеграция министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Цифрлық даму,
инновациялар және
аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы 2024 жылғы 18 қаңтардағы № 21 бұйрығына 1-қосымша |
Сандық шектеулерді (квоталарды) бөлу қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Сандық шектеулерді (квоталарды) бөлу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Сауда қызметін реттеу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 18-бабының 3-тармағына сәйкес әзірленді және сандық шектеулерді (квоталарды) бөлу тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар қолданылады:
1) ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші – ауыл шаруашылығы өнімін өндірумен айналысатын жеке немесе заңды тұлға;
2) бордақылау алаңы – мамандандырылған алаңы бар және одан әрі бордақылау үшін еркек ірі қара малды/ұсақ малды сатып алуды жүзеге асыратын агроөнеркәсіптік кешен субъектісі;
3) "электрондық үкіметтің" веб-порталы (бұдан әрі – портал) – нормативтік құқықтық базаны қоса алғанда, бүкіл шоғырландырылған үкіметтік ақпаратқа және электрондық нысанда көрсетілетін мемлекеттік қызметтерге, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерге және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтеріне қол жеткізудің бірыңғай терезесі болатын ақпараттық жүйе.
2-тарау. Сандық шектеулерді (квоталарды) бөлу тәртібі
3. Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) осы Қағидалар қолданысқа енгізілген күннен бастап 3 (үш) жұмыс күнінен кешіктірмей уәкілетті органның www.gov.kz интернет-ресурсында 12 айдан асқан бұқашықтарды және 6 айдан асқан еркек тоқтыларды әкетуге квоталарды бөлудің басталғаны туралы хабарландыру орналастырады.
4. Хабарландыруда мынадай ақпарат көрсетіледі:
1) 12 айдан асқан бұқашықтарды және 6 айдан асқан еркек тоқтыларды әкетуге арналған сандық лимит;
2) 12 айдан асқан бұқашықтарды және 6 айдан асқан еркек тоқтыларды әкету үшін бір бордақылау алаңына және бір тауар өндірушіге арналған лимит.
5. Осы Қағидалар қолданысқа енгізілгеннен кейін порталда 12 айдан асқан бұқашықтарды және 6 айдан асқан еркек тоқтыларды әкетуге арналған квота көлемінің сандық лимиті қалыптастырылады.
6. 12 айдан асқан бұқашықтарды әкетудің сандық лимиті 60 000 (алпыс мың) басты құрайды, оның ішінде:
бордақылау алаңдары үшін – 30 000 (отыз мың) бас;
тауар өндірушілер үшін – 30 000 (отыз мың) бас.
6 айдан асқан еркек тоқтыларды әкетудің сандық лимиті 120 000 (жүз жиырма мың) басты құрайды, оның ішінде:
бордақылау алаңдары үшін – 30 000 (отыз мың) бас;
тауар өндірушілер үшін – 90 000 (тоқсан мың) бас.
7. Қазақстан Республикасының аумағынан 12 айдан асқан бұқашықтарды әкетуге квота алу үшін бір бордақылау алаңына арналған лимиттің жиынтық саны 4000 (төрт мың) бастан аспайды, ал бір тауар өндірушіге – 500 (бес жүз) бастан аспайды.
Қазақстан Республикасының аумағынан 6 айдан асқан еркек тоқтыларды әкетуге квота алу үшін бір бордақылау алаңына арналған лимиттің жиынтық саны 1000 (мың) бастан аспайды, ал бір тауар өндірушіге – 500 (бес жүз) бастан аспайды.
8. 12 айдан асқан бұқашықтарды және 6 айдан асқан еркек тоқтыларды әкетуге арналған квоталар санын бөлу Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрінің 2023 жылғы 23 қазандағы № 367 бұйрығымен (Нормативтік-құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33571 болып тіркелген) бекітілген "Сандық шектеулер (квоталар) енгізілген кезде тауарлардың жекелеген түрлерінің экспортына және (немесе) импортына лицензия беру" мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларына сәйкес тауарлардың жекелеген түрлерінің экспортына лицензия беру кезінде порталда автоматты түрде жүзеге асырылады.
9. 12 айдан асқан бұқашықтарды және 6 айдан асқан еркек тоқтыларды әкетуге арналған квоталар санын бөлу квоталар саны толық таусылғанға дейін жүзеге асырылады.
10. Уәкілетті орган уәкілетті органның интернет-ресурсында квоталарды бөлу қорытындыларын: бөлінген квоталар санын көрсете отырып, 12 айдан асқан бұқашықтарды және 6 айдан асқан еркек тоқтыларды әкетуге квота алған өтініш берушілердің жиынтық тізбесін орналастырады.
11. 12 айдан асқан бұқашықтарды және 6 айдан асқан еркек тоқтыларды әкетуге квоталарды бөлу мәселелері жөніндегі уәкілетті органның шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымдану Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 91-бабына сәйкес жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы 2024 жылғы 18 қаңтардағы № 21 бұйрығына 2-қосымша |
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің күші жойылған кейбір бұйрықтарының тізбесі
1. "Ауыл шаруашылығы жануарларын Қазақстан Республикасының аумағынан әкетудің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2023 жылғы 5 маусымдағы № 216 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 32703 болып тіркелген).
2. "Ауыл шаруашылығы жануарларын Қазақстан Республикасының аумағынан әкетудің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2023 жылғы 5 маусымдағы № 216 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2023 жылғы 26 маусымдағы № 245 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33034 болып тіркелген).
3. "Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің кейбір бұйрықтарына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2023 жылғы 15 қарашадағы № 389 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33646 болып тіркелген).