БҰЙЫРАМЫН:
1. "Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы автомобиль көлік құралдарын, жүктер мен тауарларды өткізу, сондай-ақ олардың электрондық кезек бойынша өтуі үшін төлемақы мөлшерлерін айқындау туралы" Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрінің 2023 жылғы 25 мамырдағы № 538 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 32584 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы автомобиль көлік құралдарын, жүктер мен тауарларды өткізу, сондай-ақ олардың электрондық кезек бойынша өтуі үшін төлемақы мөлшерлері бекітілсін.";
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы автомобиль көлік құралдарын, жүктер мен тауарларды өткізу, сондай-ақ олардың электрондық кезек бойынша өтуі үшін төлемақы мөлшерлері осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтердің Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің міндетін атқарушы |
Е. Биржанов |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Бәсекелестікті қорғау және
дамыту агенттігі
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы автомобиль көлік құралдарын, жүктер мен тауарларды өткізу, сондай-ақ олардың электрондық кезек бойынша өтуі үшін төлемақы мөлшерлері
№ | Автомобиль көлігінің түрі | 1 (бір) көлік құралы үшін төлемақы мөлшері, АЕК* |
1 | Жүк автомобильдері, оның ішінде тіркемелері бар, электрондық кезектің автоматтандырылған жүйесінде брондау күні мен уақытына сәйкес Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу үшін ершікті тартқыштар | 1 |
2 | Жүк автомобильдері, оның ішінде тіркемелері бар, кезектен тыс (жеделдетілген) тәртіппен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу үшін ершікті тартқыштар | 100 |
* АЕК – "Республикалық бюджет туралы" Қазақстан Республикасының Заңымен тиісті жылға белгіленетін айлық есептік көрсеткіш.