"Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 10-2-бабының 1-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының электр энергетикасы саласындағы террористік тұрғыдан осал объектілерінің терроризмге қарсы қорғалуын ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулық бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Электр энергетикасын дамыту департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының энергетика вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Энергетика министрі |
А. Саткалиев |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Ұлттық қауіпсіздік комитеті
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Ішкі істер министрлігі
Қазақстан Республикасы Энергетика министрі 2024 жылғы 27 маусымдағы № 235 Бұйрығына қосымша |
Қазақстан Республикасының электр энергетикасы саласындағы террористік тұрғыдан осал объектілерінің терроризмге қарсы қорғалуын ұйымдастыру жөніндегі НҰСҚАУЛЫҚ
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Қазақстан Республикасының электр энергетикасы саласындағы террористік тұрғыдан осал объектілерінің терроризмге қарсы қорғалуын ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулық (бұдан әрі – Нұсқаулық) "Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 10-2-бабының 1-тармағына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 6 мамырдағы № 305 қаулысымен бекітілген Террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмге қарсы қорғалуын ұйымдастыруға қойылатын талаптарға (бұдан әрі – Объектілердің қорғалуына қойылатын талаптар) сәйкес әзірленді және Объектілердің қорғалуына қойылатын талаптардың қолданылуын нақтылайды.
2. Нұсқаулықтың мақсаты Қазақстан Республикасының электр энергетикасы саласы объектілерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі қызметті ретке келтіру болып табылады.
3. Нұсқаулықта объектілердің терроризмге қарсы қорғалуын қамтамасыз ету жөніндегі талаптар, объектілерді қорғау жөніндегі қызметті ұйымдастыру, инженерлік-техникалық нығайту іс-шаралары, күзет теледидары мен хабардар ету жүйелерін қолдану қамтылған.
4. Нұсқаулық объектілерді қорғауды ұйымдастыруда Қазақстан Республикасының электр энергетикасы саласының шаруашылық жүргізуші субъектілерінің пайдалануына арналған. Террористік тұрғыдан осал электр энергетикасы саласының субъектілеріне мыналар жатады:
электр (гидроэлектр станцияларын қоса алғанда, қуаты 50 МВт және одан жоғары) және (немесе) жылу энергиясын олардың түріне және ведомстволық тиесілігіне қарамастан өндіруді жүзеге асыратын энергия өндіруші ұйымдар (жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдарды қоспағанда);
ведомстволық тиесілігіне қарамастан орталықтандырылған жылумен жабдықтау аймағында (қуаты 100 Гкал және одан жоғары) жылу энергиясын өндіруді жүзеге асыратын қазандықтар;
кернеуі 220 кВ және одан жоғары жүйелік оператордың кіші станциялары.
Нұсқаулықтың негізгі міндеттері заңсыз қол сұғушылықтардың алдын алу және жолын кесу мақсатында террористік тұрғыдан осал объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі салалық талаптарды айқындау болып табылады.
5. Осы Нұсқаулықта мынадай негізгі ұғымдар қолданылады:
1) алғашқы ден қою шаралары – терроризм актісінің қатері немесе жасалғаны туралы уәкілетті мемлекеттік органдарды хабардар етуге бағытталған, объект персоналы және күзет қызметі субъектісінің қызметкерлері қабылдайтын , бірінші кезектегі іс-шаралардың, сондай-ақ терроризм актісінің ықтимал салдарын барынша азайту және жою (шұғыл (алғашқы) ден қою күштерінің алғашқы және тергеу әрекеттерін жүзеге асыруына көмек көрсету, зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсету, эвакуациялау және тағы басқалар) жөніндегі іс-қимылдардың кешені;
2) аса қауіпті аймақ – терроризм актісі салдарынан қирауы объектінің қалыпты жұмыс істеуінің айтарлықтай бұзылуына, оның елеулі зақымдануына немесе ондағы аварияға әкеп соғуы мүмкін үй-жай, учаскелер және құрылымдық элементтер;
3) байланыс жүйесі – ақпаратты (ақпарат) беруге (алмасуға), объектінің күзет қызметінің жұмысын жедел басқаруға арналған техникалық құралдар мен арнайы бөлінген байланыс арналарының жиынтығы;
4) бақылау-өткізу пункті – адамдарды және көлік құралдарын бақылауды, өткізуді, тексеріп қарауды қамтамасыз етуге арналған арнайы жабдықталған орын;
5) бейнебақылау жүйесі – бейнебақылау камераларының, деректерді беру желілерінің, бағдарламалық және техникалық құралдардың және бейнежазбаларды сақтау құралдарының, сондай-ақ өзара ақпарат алмасуды жүзеге асыратын бағдарламалық және (немесе) техникалық басқару құралдарының жиынтығы;
6) жарықтандыру жүйесі – тәуліктің қараңғы уақытында бейнебақылау жүйесі үшін жарықтандырудың қажетті деңгейін және объектідегі адамдар мен көлік құралдарын көруді қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін техникалық құралдар жиынтығы;
7) инженерлік-техникалық нығайту - объектіге не оның бөліктеріне санкциясыз енуге қарсы қажетті іс-қимылды қамтамасыз ететін құрылымдық элементтер, инженерлік, техникалық құралдар және (немесе) олардың жиынтығы;
8) кіруді бақылау және басқару жүйесі – кіруді бақылауға, объектіге және (немесе) оның жекелеген аймақтарына персонал мен келушілердің кіру және (немесе) шығу құқықтарын шектеуге, ақпаратты жинауға және сақтауға арналған, техникалық жағынан үйлесімді аппараттық құралдардың және (немесе) бағдарламалық қамтылымның жиынтығы;
9) кіруді шектеу құралдары – объектіге, оның ықтимал қауіпті учаскелеріне санкциясыз енуге кедергі келтіретін жабдық және (немесе) құралдар;
10) күзетілетін аймақ (учаске) – күзетілетін аумақ, сондай-ақ объектіде бөлінген аймақтар (учаскелер), ғимараттардың (құрылыстар мен құрылыс ғимараттарының) бөліктері, үй-жайлар және олардың құрылымдық элементтері;
11) күзетілетін объектілер – күзетілетін адамдар болатын ғимараттар, құрылыстар мен құрылыс ғимараттары, сондай-ақ оларға іргелес жатқан аумақ пен акватория;
12) күзет дабылы жүйесі – күзетілетін аймаққа (учаскеге) санкциясыз кіруді, күзетілетін аймақ (учаске) тұтастығының бұзылуын анықтауға, күзетілетін аймақ (учаске тұтастығының бұзылуы туралы ақпаратты берілген түрде жинауға, өңдеуге, беруге және ұсынуға арналған, бірге жұмыс істейтін техникалық құралдардың жиынтығы;
13) объектінің ықтимал қауіпті учаскелері – объектінің аумақтық бөлінген, жарылыс-өрт қаупі бар, қауіпті химиялық заттар, қару мен оқ-дәрілер, уытты заттар мен препараттар, технологиялық тізбектердің, жүйелердің, жабдықтардың немесе құрылғылардың элементтері қолданылатын, сақталатын немесе пайдаланылатын немесе пайдаланатын аймақтары (учаскелері), құрылымдық және технологиялық элементтері, объектінің қауіпті аймақтары, сондай-ақ объектідегі адамдар көп болуы терроризм актісінің жасалуы өмір мен денсаулыққа залал келтіруі, аварияның, қауіпті әлеуметтік-экономикалық салдарға әкеп соғатын төтенше жағдай қаупінің туындауы, кейіннен терроризм актісін жасауда пайдалану мақсатында қауіпті заттар мен материалдардың ұрлануы ықтимал орындар;
14) объектілердің персоналы – объектінің, оның ішінде оның жалға алынған алаңдарында қызметін жүзеге асыратын басшылары, жұмысшылары, қызметкерлері;
15) объектінің периметрі – құқық белгілейтін құжаттарға сәйкес объектінің шекарасы;
16) оқу-жаттығу (профилактикалық) іс-шаралары – персонал мен күзетті оқытудың алғашқы ден қою дағдыларын дарыту мақсатында нұсқамалар мен сабақтар түрінде жүзеге асырылатын алдын ала тәсілдері;
17) өткізу режимі – адамдардың санкциясыз кіруі (шығуы), көлік құралдарының кіруі (шығуы), мүлікті кіргізу (шығару), әкелу (әкету) мүмкіндігін жоққа шығаратын, белгіленген тәртіпті регламенттейтін қағидалар жиынтығы;
18) таранға қарсы құрылғылар (бөгеттер) – көлік құралдарын мәжбүрлеп баяулатуға және (немесе) тоқтатуға арналған инженерлік-техникалық бұйымдар;
19) телевизиялық күзет жүйесі – бұзушылықты анықтауға және тіркеуге арналған жабық үлгідегі телевизиялық жүйе болып табылатын бейнебақылау жүйесі;
20) терроризм актісі – адамдардың қаза табу қаупін төндіру, едәуір мүліктік залал келтіру не қоғамға қауіпті өзге де салдарлардың туындау қаупін төндіретін жарылыс жасау, өрт қою немесе өзге де іс-әрекеттер жасау немесе жасаймын деп қорқыту, егер бұл іс-әрекеттер қоғамдық қауіпсіздікті бұзу, халықты үрейлендіру не Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының, шет мемлекеттердің немесе халықаралық ұйымдардың шешімдер қабылдауына әсер ету мақсатында жасалса, сондай-ақ нақ сол мақсаттарда адам өміріне қастандық жасау, сол сияқты мемлекет немесе қоғам қайраткерінің мемлекеттік немесе өзге де саяси қызметін тоқтату не осындай қызметі үшін кек алу мақсатында оның өміріне қастандық жасау;
21) терроризмге қарсы қорғалу паспорты – объект туралы жалпы және инженерлік-техникалық мәліметтер қамтылатын, оның терроризмге қарсы қорғалуының жай-күйін көрсететін және террористік тұрғыдан осал объектідегі терроризм актілерінің алдын алу, жолын кесу, барынша азайту және (немесе) салдарын жою жөніндегі іс-шараларды жоспарлауға арналған ақпараттық-анықтамалық құжат;
22) террористік тұрғыдан осал объектінің терроризмге қарсы қорғау – объектінің терроризмге қарсы қорғалуын қамтамасыз етуге бағытталған құқықтық, ұйымдастыру шаралары мен техникалық құралдарының кешені;
23) террористік тұрғыдан осал объектінің терроризмге қарсы қорғалуы – терроризм актісін жасауға кедергі келтіретін жағдайлардың болуын сипаттайтын, сондай-ақ ол жасалған жағдайда салдарын барынша азайту және жоюды қамтамасыз ететін террористік тұрғыдан осал объектінің жай-күйі.
24) төтенше жағдай – авария, өрт, қауіпті өндірістік факторлардың зиянды әсері, қауіпті табиғи құбылыс, апат, дүлей немесе өзге де зілзала нәтижесінде қалыптасқан, адам шығынына, адамдардың денсаулығына немесе қоршаған ортаға зиян келтіруге, елеулі материалдық залалға және адамдардың тыныс-тіршілігі жағдайларының бұзылуына әкеп соғуы немесе әкеп соқтыруы мүмкін белгілі бір аумақтағы жағдай;
25) төтенше жағдай аймағы – төтенше жағдай қалыптасқан аумақ;
26) хабардар ету жүйесі – террористік тұрғыдан осал объектідегі тұлғаларды төтенше жағдайлар (авария, өрт, дүлей апат, шабуыл, террористік акт) кезіндегі дабыл және қалыптасқан жағдайдағы іс-қимылдар туралы жедел хабардар етуге (жарықпен және (немесе) дыбыстық хабарлауға) арналған техникалық құралдар жиынтығы.
Осы Нұсқаулықта пайдаланылатын өзге ұғымдар Қазақстан Республикасының терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы заңнамасына сәйкес қолданылады.
6. Террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмге қарсы қорғалуын ұйымдастырудың мақсаты терроризм актісін жасауға кедергі келтіретін жағдайлар жасау (объект аумағында терроризм актісін жасау тәуекелін азайту) және ықтимал террористік қатерлердің салдарын барынша азайту және (немесе) жою болып табылады.
7. Объектінің терроризмге қарсы қорғалуының жалпы қағидаттары:
1) іс-шаралардың күні бұрын (алдын ала) өткізілуі – террористік қатерлердің сипаты мен ерекшелігін ескере отырып, алдын ала әзірленетін шаралар кешені;
2) сараланған тәсіл – объектінің жұмыс істеуінің салалық ерекшеліктерін, оның орналасуын есепке алуға бағытталған тәсілдер жиынтығы;
3) барабарлық – объектіде қолданылатын терроризмге қарсы шаралардың ықтимал террористік қатерлердің сипаты мен ерекшелігіне сай болуы;
4) кешенділік – жоғарыда тізілген қағидаттарға сүйене отырып объектінің терроризмге қарсы қорғалуын құруға және қолда бар күштер мен құралдарды тартуға мүмкіндік беретін шаралар жиынтығы.
8. Электр энергетикасы объектілерінің терроризмге қарсы қорғалуын қамтамасыз ету жөніндегі негізгі шаралар:
объектіде терроризм актісін жасауға кедергі келтіру (терроризм актісін жасау тәуекелін төмендету);
объектіде ықтимал террористік қатерлердің салдарын барынша азайту және (немесе) жою;
объектілердің терроризмге қарсы қорғалуы жөніндегі іс-шараларды жүргізуді қамтамасыз ететін адамды және (немесе) бөлімшені айқындау;
жалдау шартында объектінің терроризмге қарсы қорғалу паспортын (бұдан әрі - паспорт) әзірлейтін, объектіні күзетуді, объектіні қазіргі заманғы инженерлік-техникалық құралдармен жарақтандыруды, олардың үздіксіз жұмыс істеуін бақылауды, өткізу режимін ұйымдастыруды және осы іс-шараларды қаржыландыруды жүзеге асыратын тараптарды айқындауды қамтамасыз ету;
туындаған террористік қатерлерге уақтылы және барабар ден қою әрі террористік тұрғыдан осал объектілерде терроризм актілері жасалуының алдын алу үшін терроризм актісінің жасалу қаупі туралы ақпарат алған кезде Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 9 тамыздағы № 611 Жарлығымен бекітілген Терроризм актісі қатерінің туындауы туралы ақпарат мониторингінің және халықты хабардар етудің мемлекеттік жүйесінің ұйымдастырылуы мен жұмыс істеуі қағидаларына (бұдан әрі – Хабардар ету қағидалары) сәйкес террористік қауіптіліктің белгіленген деңгейіне сай келетін шараларды жүзеге асыру.
2-тарау. Өткізу режимін ұйымдастыруға қойылатын талаптар
9. Террористік тұрғыдан осал объектілерде объектілерге шектеулі және бақыланатын кіру қағидаты қамтамасыз етіледі. Өткізу режимі адамдар мен автокөлік құралдарының объектіге рұқсатпен өтуін ұйымдастыруға, құқыққа қарсы ниеттері бар адамдарды анықтауға, тыйым салынған құралдар мен заттарды анықтауға, объектінің ықтимал қауіпті учаскелері мен қауіпті аймақтарды қорғауға және оларға бөгде адамдардың бақылаусыз болуына жол бермеуге арналған.
10. Кіруді бақылау және басқару жүйесі:
1) бақылау пункттері арқылы күзетілетін үй-жайларға объектінің қызметкерлері мен келушілерінің кіруін шектеуді;
2) объектінің әрбір қызметкері мен келушісінің келу және кету уақытын белгілеуді;
3) осы кіру аймағына (үй-жайға) берілген уақыт аралығында немесе оператордың командасы бойынша кіруге рұқсат етілген сәйкестендіру белгісін оқығаннан кейін тосқауыл құрылғысын ашуды;
4) осы кіру аймағына (үй-жайға) берілген уақыт аралығына кіруге рұқсат етілмеген сәйкестендіру белгісін оқығаннан кейін тосқауыл құрылғысын ашуға тыйым салуды;
5) басқару құрылғыларындағы сәйкестендіру белгілерін санкцияланған өзгертуді (қосу, жою) және олардың кіру аймақтарымен (үй-жайларымен) және қол жеткізудің уақыт аралықтарымен байланысын қамтамасыз етуді;
6) сәйкестендіру белгілерін өзгерту (қосу, жою) үшін басқару құрылғысының бағдарламалық құралдарына рұқсатсыз кіруден қорғауды;
7) техникалық және бағдарламалық құралдарды басқару элементтеріне рұқсатсыз кіруден, режимдер мен ақпаратты орнатудан қорғауды;
8) электр қуатын өшіру кезінде баптау және сәйкестендіру белгілерінің дерекқорын сақтауды;
9) Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 20 ақпандағы № 123 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркелу тізілімінде № 10799 болып тіркелген) Энергетика кәсіпорындары үшін өрт қауіпсіздігі қағидаларына сәйкес төтенше жағдайлар, өрт, техникалық ақаулар кезінде өту үшін тосқауыл құрылғыларын қолмен, жартылай автоматты немесе автоматты түрде ашуды;
10) жүйе операторының жұмыс орнынан кіру жүйесімен жабдықталған кез келген есіктерді ашу немесе бұғаттауды;
11) рұқсат етілген сәйкестендіру белгісін оқығаннан кейін белгілі бір уақыттан кейін өту фактісі болмаған кезде тосқауыл құрылғысын автоматты түрде жабуды;
12) сәйкестендіру белгілерін (кодын) іріктеу әрекеттері кезінде тосқауыл құрылғысын белгілі бір уақытқа жабу және дабыл сигналын беруді;
13) ағымдағы және алаңдатарлық оқиғаларды тіркеу және хаттамалауды;
14) басқару құрылғысынан байланыс істен шыққан кезде әрбір кіру нүктесінде тосқауыл құрылғысынан оқығыштың автономды жұмысын қамтамасыз етеді.
11. Оқығыш мынадай функцияларды:
1) сәйкестендіру белгісін сәйкестендіргіштерден оқуды;
2) енгізілген сәйкестендіру белгісін жадта немесе басқару құрылғысының дерекқорында сақталатын белгімен салыстыруды;
3) пайдаланушыны сәйкестендіру кезінде тосқауыл құрылғысын ашуға сигнал қалыптастыруды;
4) басқару құрылғысымен ақпарат алмасуды орындайды.
12. Басқару құрылғылары мынадай функцияларды:
1) оқығыштардан ақпаратты қабылдау, оны өңдеу, берілген түрде көрсету және тосқауыл құрылғыларын басқару сигналдарын әзірлеуді;
2) қол жеткізу сипаттамаларын (кодты, қол жеткізудің уақыт аралығын, қол жеткізу деңгейін және басқаларын) көрсету мүмкіндігімен объект қызметкерлерінің дерекқорларын жүргізуді;
3) кіру нүктелері арқылы жұмыскерлердің өтуін тіркеудің электрондық журналын жүргізуді;
4) кіру нүктелеріндегі алаңдатарлық жағдайлар туралы ақпаратты басымдықпен шығаруды;
5) тосқауыл құрылғыларының, оқығыштар мен байланыс желілерінің жай-күйінің жарамдылығын бақылауды орындайды.
13. Кіруді бақылау және басқару жүйесі сәйкестендіру белгілерін іріктеу немесе таңдау жолымен айла-шарғыдан қорғалады, ал құрамдас бөліктердегі конструкциясы, сыртқы түрі мен жазулары қолданылатын кодтардың ашылуына әкеп соғады.
14. Қауіпті аймақтар мен ықтимал қауіпті учаскелерді террористік тұрғыдан осал объектілердің меншік иесі заңсыз әрекеттерді орындау ықтималдығының деңгейіне, объектінің тартымдылығына және ұйым үшін ықтимал залалға байланысты айқындайды.
Объектінің қауіпті аймақтарының және ықтимал қауіпті учаскелерінің болуына байланысты объектіні кіруді бақылау және басқару жүйесімен жарақтандыру үш негізгі кіру аймағында жүргізіледі:
1) бірінші аймақ – персоналға тұрақты рұқсаттамалар бойынша, келушілерге уақытша рұқсаттамалар бойынша кіруге рұқсат етілген ғимараттар, аумақтар, үй-жайлар;
2) екінші аймақ – персоналдың шектеулі құрамына, сондай-ақ объектіге келушілерге біржолғы рұқсаттамалар бойынша және объект персоналының сүйемелдеуімен кіруге рұқсат етілген үй-жайлар;
3) үшінші аймақ – объектінің бірінші басшысының (оның міндетін атқарушы тұлғаның) рұқсатымен және объектінің арнайы бөлінген қызметкерінің сүйемелдеуімен қатаң айқындалған қызметкерлер мен басшылар, келушілер кіре алатын объектінің арнайы үй-жайлары.
15. Объект ішіндегі аймақтардың аражігін ажырату объектінің қауіпсіздік қызметіне консультация беру кезінде объектінің меншік иесінің шешімімен, қатерді, осалдықты, тартымдылықты және қатерді іске асыру кезіндегі салдарды ескере отырып алынған тәуекелдерді бағалау негізінде айқындалады.
16. Адамдарды бақылау пункттері арқылы объектіге өткізу:
1) бірінші кіру аймағында сәйкестендірудің бір белгісі бойынша (визуалды верификация немесе электрондық карточка);
2) екінші кіру аймағында сәйкестендірудің екі белгісі бойынша (мысалы, визуалды верификация және электрондық карточка немесе механикалық құлыптың кілті);
3) үшінші кіру аймағында – сәйкестендірудің екі және одан да көп белгілері бойынша (мысалы, визуалды верификация, электрондық карточка немесе механикалық құлыптың кілті және биометриялық қол жеткізу) бойынша жүзеге асырылады.
17. Өткізу режимін қамтамасыз ету үшін жаяу жүргіншілер және көліктік бақылау-өткізу пункті болуы қажет. Аралас жаяу жүргіншілер және көліктік бақылау-өткізу пунктін пайдалануға жол беріледі.
Объектілер меншік иелерінің операциялық талаптарына байланысты бақылау-өткізу пунктінің қатысуынсыз техникалық күзет құралдарының көмегімен өткізу режимін пайдалануға жол беріледі.
18. Террористік тұрғыдан осал объектілерге персоналдың/келушілердің кіруі міндетті түрде күзет объектісі бөлімшесі тарапынан келушілердің құжаттарын тексеруден өтіп, объектінің бақылау-өткізу пункттері арқылы жүзеге асырылады.
Құқық беретін құжат:
1) жұмысшылардың, қызметшілердің және басқа да адамдардың объектінің аумағына (аумағынан) кіруі (шығуы) өткізу (электрондық);
2) мүлікті, құндылықтар мен жүктерді шығару (әкету) - материалдық өткізу (электрондық жол беріледі) болып табылады.
Автокөлік құралдарының террористік тұрғыдан осал объектілердің аумағына кіруі көлік рұқсаттамасы немесе террористік тұрғыдан осал объектінің басшысы немесе оның уәкілетті тұлғасы бекіткен басқа да рұқсат беру құжаты негізінде жүзеге асырылады.
19. Рұқсаттамалар мен жүкқұжаттар үздіксіз және міндетті есептілік құжаттары болып табылады, оларды беру, есепке алу және есептен шығару террористік тұрғыдан осал объектілердің ішкі рәсімдеріне сәйкес жүргізіледі.
Жарамдылық мерзімі бойынша кіру (шығу) құқығына рұқсаттамалар тұрақты және уақытша болып бөлінеді. Сыртқы түрі бойынша олар бір бірінен ерекшеленеді.
20. Өткізу режимі шеңберінде кіруді бақылау және басқару жүйесінің, тексеріп қарауға арналған жабдықтың және басқа да техникалық құралдардың мүмкіндіктері пайдаланылады.
21. Бақылау-өткізу пунктіндегі күзет персоналы мынадай террористік тұрғыдан осал объектілердің ішкі құжаттамаларын пайдаланады:
1) кезекші қызметтердің, орталық және көрші бекеттердің, объектінің және күзет бөлімшесінің басшыларының телефон анықтамалығы;
2) күзет қызметкерлерінің қауіпсіз қозғалыс бағытын көрсете отырып, объектінің аумағында қорғалатын оқшауланған үй-жайларды орналастырудың жоспар-схемасы;
3) кіруді бақылаудың электрондық жүйесі болмаған жағдайда келушілерді және автокөлікті тіркеу журналы; әкетілетін (әкелінетін), шығарылатын (енгізілетін) тауар-материалдық құндылықтардың жүкқұжаттарын есепке алу журналы;
4) рұқсаттамалардың, жүкқұжаттардың, материалдық-жауапты және оларға қол қоюға уәкілеттік берілген өзге де адамдардың қолдарының үлгілері, мөрлердің, пломбалардың, мөртабандардың бедерлері (қолданылатын жерде);
5) объектіні күзету қызметкерінің лауазымдық нұсқаулығы;
6) Объектілердің қорғалуына қойылатын талаптардың 15-тармағына сәйкес объектінің ерекшелігін ескере отырып, террористік тұрғыдан осал объектінің меншік иесімен, иесімен немесе басшысымен бекітілген өткізу режимін ұйымдастыру нұсқаулығы (бұдан әрі – өткізу режимі бойынша нұсқаулық);
7) террористік тұрғыдан осал объектінің басшысымен немесе оған уәкілетті тұлғамен бекітілген еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау техникасы қағидалары (бұдан әрі – еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау техникасы қағидалары),
8) террористік тұрғыдан осал объектінің басшысымен немесе оған уәкілетті тұлғамен бекітілген төтенше жағдайларда объектінің лауазымды адамдары мен персоналының іс-қимылдарының нұсқаулығы (бұдан әрі – төтенше жағдайларда объектінің лауазымды адамдары мен персоналының іс-қимылдарының нұсқаулығы),
22. Террористік тұрғыдан осал объектіде кезекшілік атқаратын күзет қызметкері лауазымдық нұсқаулықта көрсетілген функционалдық міндеттерді білуі және өткізу режимінің тиісті деңгейін қамтамасыз ету бөлігінде міндеттемелерді орындауы қажет.
23. Бақылау-өткізу пунктіндегі күзет бөлімшелері жеке заттарды қарап тексеруді жүргізуге, өткізу режимін бұзушылардың өтуіне жол бермеуге, тыйым салынған заттарды әкелуді/әкетуді (әкелуді/шығаруды) бақылауға, күзет, күзет-өрт және дабыл сигнализациясы аспаптарының, бақылау-өткізу пунктінде орнатылған күзет теледидары элементтерінің жұмысын бақылауға жауапты.
Объектіге алып өтуге тыйым салынған заттардың тізбесі осы Нұсқаулыққа 1-қосымшаға сәйкес анықталады.
24. Күзет бөлімшелері объектіні күзетуге арналған шартқа сәйкес жауапты болады.
Электр энергетикасы саласының объектілерін күзетуді техникалық құралдардың көмегімен күзет нарядымен объектінің ішіндегі орталықтандырылған күзет пульттеріне дабыл сигналдарын шығару арқылы, сондай-ақ дабыл сигналын ішкі істер органдарының кезекші бөліміне беру мүмкіндігі болған кезде жүзеге асырылады.
Кәсіпорында Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өз мүлкін қорғауды жүзеге асыратын бөлімше жұмыс істейді.
25. Объектілерді күзету жөніндегі қызметті атқару үшін әскерде қызмет өткерген (немесе әскери-техникалық мектепте әскери курстарды өтеулі негізде бітірген) не күштік құрылымдарында жұмыс тәжірибесі (немесе күзетшілер курстарын бітірген), медициналық қарсы көрсетілімдері жоқ және өзінің моральдық және іскерлік қасиеттері бойынша өзіне жүктелген міндеттерді орындауға қабілетті адамдар таңдалады.
26. Алуан түрлі объектілердің жұмыс істеу ерекшеліктеріне және белгіленген күзет жүйесінің ерекшеліктеріне қарай объектінің күзет бөлімшелерінің персоналы қызметтік тегіс ұңғылы ұзын ұңғылы және қысқа ұңғылы қарумен, оқталмаған атыс қаруымен, жарақаттық әрекетті патрондармен және электр қарумен ату мүмкіндігі бар газ қаруымен, сондай-ақ күзет қызметі және қарудың жекелеген түрлерінің айналымына мемлекеттік бақылау саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген шарттарда және нормалар бойынша арнайы құралдармен қарулануы мүмкін.
27. Күзет жүйесін ұйымдастыруға тікелей рұқсаты бар адамдарды объектінің әкімшілігі объектіні күзету режимі және күзетудің техникалық құралдарын пайдалану қағидалары туралы мәліметтерді жария етуге жол бермеу туралы ескертеді.
28. Объектінің басшысы немесе меншік иесі:
объектіні күзетуді ұйымдастырады және оның күзетін ұйымдастыруға, техникалық нығайтуына, күзет сигнализациясы құралдарымен және күзет теледидары жүйелерімен жарақтандыруына және тараптардың шарт бойынша міндеттерді орындауына жүйелі, сондай-ақ жоспардан тыс тексерулер жүргізеді;
қауіпсіздік қызметінің басшысымен (немесе қауіпсіздікке жауапты мекеме бойынша бұйрықпен тағайындалған тұлғамен) бірге осал жерлерді айқындай отырып, объектіні күзету ерекшеліктеріне егжей-тегжейлі талдау жүргізеді; техникалық қорғау құралдары объектілерін жабдықтауға қойылатын бастапқы талаптарды әзірлейді;
объектінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жоспарларын әзірлеуді ұйымдастырады, күзету жүйесін жетілдіру бойынша ұйымдастырушылық сипаттағы шаралар қабылдайды (тиісті бұйрықтар, өзге де құжаттамалар шығару);
дабыл және байланыс аппаратурасы мен күзет теледидары жүйелерінің жұмыс істеу ерекшеліктерінің жария етілмеуін бақылауды қамтамасыз етеді, объект персоналына осы талапты сақтау қажеттігін түсіндіреді;
өткізу режимі бойынша нұсқаулықты уақтылы әзірлейді және өзектілендіруге, оның сақталуына тиісті бақылауды қамтамасыз етеді;
инженерлік коммуникацияларды, кабельдік желілерді уақтылы күрделі жөндеуді, техникалық қорғау құралдарын жаңғыртуды қамтамасыз етеді;
күзет бөлімшесінің лауазымды адамдарымен бірлесіп төтенше жағдайлар туындаған кездегі іс-қимылдарға объектінің басшы құрамын, қауіпсіздік қызметінің қызметкерлерін және персоналын оқытуды ұйымдастырады;
қауіпсіздік (күзет) қызметінің басшысымен (немесе қауіпсіздікке жауапты мекеме бойынша бұйрықпен тағайындалған адаммен) бірлесіп күзет құрылымдарының қызметкерлерімен күдікті адамдар мен заттарды, жарылғыш құрылғыларды, террористік актілерді дайындаудың басқа белгілерін анықтаған кезде де, оның салдарын оқшаулау және азайту кезінде де қажетті іс-шараларды жүзеге асыру дағдыларын әзірлеу және меңгеру үшін жаттығулар өткізеді;
қорғалатын объектілердің маңындағы жағдайды жан-жақты бағалауды, қорғалатын объектілердің маңында іздеу іс-шараларын мерзімді жүргізеді;
Қазақстан Республикасы полициясының аумақтық органдарымен, ұлттық қауіпсіздік органдарымен және азаматтық қорғау органдарымен өзара іс-қимылды қолдайды;
хабардар ету сигналдарының бірыңғай жүйесін орнатады.
29. Объектіні күзету қызметкерінің функциялары лауазымдық нұсқаулықпен, өткізу режимі бойынша нұсқаулықпен, үлгілік нұсқаулықты ескере отырып, объект әкімшілігі әзірлейтін объектіні күзету жоспарымен айқындалады.
Онда күзет қызметкеріне:
қызмет атқару орны;
қызмет атқару жөніндегі міндеттер;
бекетті қабылдау және тапсыру тәртібі, оның ерекшеліктері;
үй-жайларды ашуға және объектіге кіруге құқығы бар объектінің жауапты тұлғаларының тізімі, осы қызметкерлермен байланыс тәртібі;
объектінің персоналы қатарындағы адамдарды күзетілетін үй-жайларға жұмыс уақытынан тыс уақытта жіберу тәртібі;
қауіпсіздік қызметінің персоналымен және объектінің басқа да қызметкерлерімен өзара іс-қимыл тәртібі;
пультке шығарылған объектінің үй-жайларын күзетке қабылдау және күзеттен алу тәртібі;
техникалық құралдар және анықтау мен байланыс жүйесінің дұрыстығын тексеру тәртібі;
төтенше жағдайлар туындаған кезде, келушілер объектіге бару қағидаларын бұзған кезде іс-қимыл тәртібі;
"дабыл" сигналын алу кезіндегі, сондай-ақ объект персоналының оқу жаттығуларын өткізу кезіндегі іс-қимыл тәртібі;
көрші бекеттердің нарядтарымен, қауіпсіздік қызметінің персоналымен, аумақтық ішкі істер органдарының кезекшілерімен байланыс тәртібі;
қызмет өткеру жағдайы мен нәтижелері туралы күзет бөлімшесінің басшылығына баяндаманың тәртібі (кезеңділігі);
объектіде бұқаралық іс-шараларды өткізу кезіндегі іс-қимыл тәртібі;
өткізу режимін жүзеге асыру кезінде автомобиль көлігінде және қол жүгінде террор құралдарын ықтимал жасыру орындарын анықтау үшін іс-қимылдары мен арнайы құралдарды пайдалану тәртібі;
тамақтану уақыты мен орны айқындалады.
30. Объектіні күзету наряды учаскенің күзет бастығына, күзет супервайзеріне не оны алмастыратын адамға тікелей бағынады.
31. Күзет бекеттерінде олардың функционалдығын ескере отырып мынадай құжаттаманың болуы ұсынылады:
объектіні күзету қызметкерінің лауазымдық нұсқаулығы;
өткізу режимі бойынша нұсқаулық;
төтенше жағдайларда объектінің лауазымды адамдары мен персоналының іс-қимылдарының нұсқаулығы;
кезекшілікті қабылдау және тапсыру журналы;
"Жедел жағдай және қабылданған шаралар туралы" журнал;
автокөлік пен адамдардың қол жетімділігін бақылаудың электрондық жүйесі болмаған жағдайда келушілер мен автокөліктерді тіркеу журналы.
Объектінің сипатына қарай жекелеген журналдарды бір журналға біріктіруге жол беріледі.
32. Шарттың талаптарына сәйкес күзет бөлімшелері:
өткізу және объектішілік режимдер, объектінің қауіпсіздік қызметімен, әкімшілікпен өзара іс-қимылын;
объектіні немесе оның жекелеген үй-жайларын, материалдық құндылықтарды күзету, орналасқан жеріне сәйкес күзет бекеттері мен маршруттарын қою, персоналдың, келушілердің іс-қимылдарын бақылау, қоғамдық тәртіпті сақтау және өз құзыреті шеңберінде бекеттер мен патрульдеу маршруттары аймағында құқық бұзушылықтардың жолын кесуді;
өз құзыреті шеңберінде ішкі істер органдарына қоғамдық тәртіпті қорғауға және күзет бекеттері мен патрульдеу маршруттары аймағында құқық бұзушылықтардың жолын кесуге жәрдемдесуді;
күзет-өрт және дабыл сигнализациясы құралдарының іске қосылу сигналдарына ден қоюды;
қорғалатын объектіге рұқсатсыз кірудің жолын кесуді;
төтенше жағдайларды, оның ішінде диверсиялық-террористік актілер салдарынан туындаған жағдайда нұсқаулыққа сәйкес оқшаулауға және жоюға қатысуды қамтамасыз етеді.
33. Күзет қызметкерлері жеке қорғану құралдарымен жабдықталған және объектіні күзетуді жүзеге асыратын қызметтің қызметін регламенттейтін нормативтік құқықтық актілерге сәйкес қаруланған нысанды киімдегі күзет нарядының құрамында қызметтік міндеттерді орындайды.
34. Күзет қызметкерінің қызмет өткеру кезінде өзімен бірге оның мәртебесін растайтын құжаттары болады.
35. Қауіпсіздік қызметі бөлімшесінің лауазымды адамдары қызметке кіріспес бұрын нарядтың оны атқаруға дайындығын тексереді және нұсқама жүргізеді. Нарядтың объектіні күзету жөніндегі қызметті атқаруын бақылауды басшылыққа алатын және өзге де регламенттеуші құжаттардың талаптарына сәйкес құрылымдық бөлімшесінің лауазымды адамдары жүзеге асырады.
36. Тексеруге уәкілетті лауазымды адамдардың:
режим және қорғауды ұйымдастыру мәселелері бойынша іс жүргізу құжаттарымен танысуға;
объектілерін күзету қызметінің ұйымдастырылуын және техникалық қорғау құралдарының жарамдылығын тексеруге;
күзет бөлімшесінің лауазымды адамдарынан объектілерді күзетуге байланысты оқиғалар мен төтенше жағдайлар туралы ақпаратты алуға;
жеке құрамның белгіленген штат саны шегінде объектіні немесе оның жекелеген үй-жайларын (бөлімшелерін) күзетуді уақытша күшейту туралы жазбаша ұсыныстар беруге өкілеттігі бар.
37. Объектіні күзетуді ұйымдастыруды тексеру нәтижелері, анықталған кемшіліктерді жою жөніндегі ұсыныстар баянатпен немесе қызметтік жазбамен ресімделеді.
38. Күзет қызметкерінің құзыретіне:
күзетілетін объектіге өтетін немесе объектіден шығатын адамдардағы құжаттарды немесе рұқсаттамаларды тексеру;
заттарға белгіленген тәртіппен қарап тексеру жүргізу, өткізу режимін бұзушылардың, сондай-ақ тыйым салынған заттарды (қару, оқ-дәрілер, жарылғыш құрылғылар, жарылғыш заттар) заңсыз әкетуге/әкелуге (шығаруға/енгізуге) тырысатын адамдардың өтуіне жол бермеу;
бақылау-өткізу пунктінде орнатылған күзет, күзет-өрт және дабыл сигнализациясы аспаптарының және күзет телевизиясы жүйесінің элементтерінің жұмысын бақылау;
дабылдың тікелей басшысына (ауысым жетекшісі), қауіпсіздік қызметінің орталық диспетчерлік операторына, ал қажет болған жағдайда ішкі істер органдарына, өрт күзетіне іске қосылғандығы туралы хабарлама;
күдікті заттар туралы қауіпсіздік қызметіне немесе объектінің басшылығын анықталған осал жерлер (периметрдегі саңылаулар, ойықтар және объектінің терроризмге қарсы қорғанысының басқа да бұзушылықтары) бойынша уақтылы хабардар ету;
құқық бұзушыларды құқық бұзушылық орнында ұстау (белгіленген өкілеттіктер шеңберінде) шараларын қабылдау;
нұсқаулықта белгіленген шеңберде өртті жоюға, жарылыс қаупінің алдын алуға қатысу;
бекеттің күзет аймағына енгізілген материалдық құндылықтарды сақтауға арналған үй-жайларды материалдық жауапты адамдардан күзетуге қабылдау кіреді.
39. Күзет қызметкері:
күзетілетін объектіде өткізу режимін ұйымдастыруды айқындайтын басшылық құжаттарды;
өткізу режимі бойынша нұсқаулықты;
кәсіпорынның құрылымы және оның бөлімшелерінің жұмыс режимін;
қызметкерлердің күзетілетін аумағына өтуге өкім беруге құқығы бар лауазымды тұлғалардың рұқсаттамаларының, жүкқұжаттарының, қолтаңбаларының әртүрлі түрлерінің үлгілерін;
табиғи зілзалалар, өрттер, авариялар және басқа да төтенше жағдайлар кезінде авариялық бригадаларды өткізу тәртібін;
заттарды қарап тексеру, сондай-ақ әкетілетін (әкелінетін) жүкті тексеру қағидаларын;
өткізу режимінің міндеттерін іске асыру кезінде автомобиль көлігінде және қол жүгінде террористік акт жасау үшін пайдаланылуы мүмкін заттарды жасыру орны және оларға тән белгілерді;
еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау техникасы қағидаларын;
бастапқы өрт сөндіру және байланыс құралдарының орналасуы, оларды пайдалану тәртібін білуі қажет.
40. Күзет қызметкері қызмет өткеру процесінде мекеме аумағында террористік актілердің жасалуына және басқа да төтенше жағдайлардың туындауына жол бермеуге бағытталған іс-шаралар кешенін орындайды, ол үшін:
1) кезекшілікті қабылдау-тапсыру кезінде:
ауысатын күзет қызметкерімен бірлесіп жедел жағдайды зерделеу және күдікті заттарды табу мақсатында бақыланатын аумақты аралап, қарап тексеруді жүзеге асыру. Көрсетілген қатерлер анықталған кезде жауапты лауазымды адамға дереу хабарлау;
кезекшілікті қабылдаушыға объектінің техникалық күзет құралдарының жай-күйі, кезекшілікті атқару кезінде анықталған ақаулар (олқылықтар) және техникалық күзет құралдарының жұмысында орын алған іркілістер туралы баяндау;
қолда бар нұсқаулықтармен танысу;
байланыс жүйесінің жұмысын және күзет, авариялық және өрт дабылдарының жұмысқа қабілеттілігін тексеру;
тізімдемеге сәйкес қолда бар құжаттаманы (нұсқаулықтар, журналдар, төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимыл жоспары, материалдық құндылықтар және тағы басқалар) қабылдау;
ұйымның жауапты лауазымды адамының рұқсатымен кезекшілікті қабылдау (тапсыру);
2) кезекшілік кезінде:
журналда немесе электрондық қол жеткізу жүйесі болған кезде электрондық журналында тіркеуді жүргізе отырып, өткізу режимін жүзеге асыру;
мекеме әкімшілігі айқындаған рұқсаттама немесе басқа рұқсат беру құжаты негізінде мекеме аумағына автокөліктің кіруін және шығуын қамтамасыз ету. Бұл ретте жоғарыда аталған журналда машинаның маркасын, мемлекеттік нөмірін, кіру және шығу уақытын тіркеу;
мекеменің аумағын күндізгі және түнгі уақытта схема-маршрутқа сәйкес аралап, қарап тексеруді жүзеге асыру, ал қандай да бір бұзушылықтар анықталған жағдайда жауапты лауазымды адамды хабардар ету;
жеке күзет бөлімшелерінің қызметін ұйымдастыру бойынша заңнамада және бірыңғай талаптарда көзделген тиісті құжаттаманы жүргізу;
мекеме әкімшілігімен бірлесіп:
компания ғимараттарындағы, кәсіпорындардағы және оларға іргелес аумақтардағы жағдайды бақылау;
компания, кәсіпорын аумағында жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде құқық қорғау органдарына жәрдемдесу қажет.
41. Күзет қызметкеріне:
1) бекетті рұқсатсыз қалдыруға болмайды. Кенеттен ауырған жағдайда нарядтың аға қызметкеріне хабарлау және ауыстыру келгенге дейін қызмет атқаруды жалғастыру қажет;
2) кез келген адамнан қандай да бір заттарды қабылдауға;
3) заңнамада көзделген жағдайларды қоспағанда, біреуге атыс қаруы мен арнайы құралдарды кім көрінгенге беру немесе ұсынуға;
4) өткізу режимі бойынша нұсқаулықта көзделген жағдайларды қоспағанда, күзетілетін объектіге қаруы бар адамдарды жіберуге;
5) бөгде адамдарға объектідегі жағдай туралы қандай да бір мәліметтерді, парольді, сондай-ақ берілген пульт нөмірлерін хабарлауға;
6) объектінің ерекшеліктері, құндылықтарды сақтау тәртібі және қорғауды ұйымдастыру туралы мәліметтерді жария етуге болмайды.
42. Объектіге шабуыл жасалған жағдайда күзет наряды (күзет), осы объектінің қызметкерлері немесе қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері дабыл сигнализациясының көмегімен ішкі органның орталық диспетчерлік немесе кезекші бөліміне немесе өзге де тәсілмен барлық қолда бар байланыс арналарын пайдалана отырып, сигнал береді.
Сигналын бергеннен кейін күзет наряды (күзет) құқыққа қарсы іс-қимылдардың жолын кесу, құқық бұзушыларды ұстау және күзетті күшейту, объектіге жақындауды қадағалау үшін шаралар қабылдайды. Полиция наряды келген соң оларға нұсқаулыққа сәйкес қажетті көмек көрсетеді.
Объектінің персоналы сигнал бойынша негізгі қызметін тоқтатады, қауіпсіз жерге көшіріледі, бұдан әрі төтенше жағдайлар болған кезде алдын ала әзірленген нұсқаулық бойынша әрекет етеді.
Әртүрлі объектілердегі адамдар тобының террористік сипаттағы ықтимал қауіп-қатерлерге әрекет ету алгоритмдері осы Нұсқаулыққа 2-қосымшаға сәйкес айқындалады.
43. Объектіні терроризмге қарсы сенімді қорғауды ұйымдастыру мақсатында мынадай құжаттар болуы қажет:
өткізу режимі бойынша нұсқаулық (кәсіпорынның иесі, иесі немесе басшысы не уәкілетті адам бекітеді, объектінің терроризмге қарсы қорғалуы жөніндегі іс-шараларды орындағаны үшін кәсіпорынның жауапты адамы қол қояды, күзет бөлімшесінің басшысымен келісіледі және объектінің барлық қызметкерлеріне жеткізіледі);
террористік сипаттағы қатер төнген кезде қауіпсіздік қызметі және күзеттің бастапқы іс-қимылдары туралы жадынама (іс-қимыл алгоритмі);
объектінің қорғалуы мен қорғауды ұйымдастыру туралы ереже (кәсіпорын басшысы не уәкілетті адам бекітеді, объектінің терроризмге қарсы қорғалуы жөніндегі іс-шараларды орындағаны үшін кәсіпорынның жауапты адамы қол қояды);
күзет бөлімшесінің қызметкерлеріне лауазымдық нұсқаулықтар (кәсіпорын басшысы не уәкілетті адам бекітеді, объектінің терроризмге қарсы қорғалуы жөніндегі іс-шараларды орындағаны үшін кәсіпорынның жауапты адамы қол қояды, күзет бөлімшесінің басшылығымен келісіледі);
төтенше жағдайға авариялық ден қою және оны жою жоспары (кәсіпорын басшысы не уәкілетті адам бекітеді, азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайдың алдын алу жөніндегі іс-шараларды орындағаны үшін кәсіпорынның жауапты адамы қол қояды;
паспорт (кәсіпорын басшысы не уәкілетті адам бекітеді, объектінің терроризмге қарсы қорғалуы жөніндегі іс-шараларды орындағаны үшін кәсіпорынның жауапты адамы қол қояды, тиісті мемлекеттік органдармен келісіледі);
тәртіп паспорттың өзектілігін және оны жедел штаб басшысына уақтылы беруді қамтамасыз етеді;
штаттан тыс жағдайлардың салдарын болдырмау немесе жою жөніндегі іс-шараларға тартылатын қызметкерлерді хабардар ету схемасы;
объектіні инженерлік-техникалық күзет және қауіпсіздікті қамтамасыз ету құралдарымен жабдықтаудың перспективалық жоспары (әдетте, жоспардың тармақтарын іске асыруға жауаптылар көрсетіле отырып, 3-5 жылға жасалады) (кәсіпорын басшысы не уәкілетті адам бекітеді, объектінің терроризмге қарсы қорғалуы жөніндегі іс-шараларды орындағаны үшін кәсіпорынның жауапты адамы қол қояды);
объектінің терроризмге қарсы қорғалуы жөніндегі іс-шараларды орындауға жауапты объектінің лауазымды адамының функционалдық міндеттері (кәсіпорын басшысы қол қояды).
3-тарау. Профилактикалық және оқу-жаттығу іс-шараларын ұйымдастыруға қойылатын талаптар
44. Электр энергетикасы саласындағы объектісін терроризмге қарсы қорғалуы жөніндегі іс-шараларды жүргізуді қамтамасыз ететін адам (тұлғалар) электр энергетикасы саласы объектісінің персоналында терроризм актісін жасау қаупі төнген кезде және оны жасағаннан кейін электр энергетикасы саласындағы объектілерінің персоналында терроризмге қарсы сана мен сауатты мінез-құлық дағдыларын қалыптастыру мақсатында профилактикалық және оқу-жаттығу іс-шараларын жүргізеді.
45. Профилактикалық және оқу-жаттығу іс-шаралары нұсқама, практикалық және теориялық сабақтар және эксперименттер түрінде өткізіледі. Нұсқамалар, практикалық және теориялық сабақтар электр энергетикасы саласының басшысы бекіткен өткізу графигіне сәйкес жүргізіледі.
Осы Нұсқаулықтың 44-тармағында көрсетілген мақсаттарға жету үшін бір реттік сабақ осы Нұсқаулыққа 3-қосымшаға сәйкес электр энергетикасы саласындағы объектілерінің терроризмге қарсы қауіпсіздігі мәселелері бойынша профилактикалық және оқу-жаттығу іс-шаралары тақырыптарының бірнеше нұсқаларын қамтуы мүмкін.
46. Объектінің персоналы қатарындағы қызметкерлермен және күзет қызметкерлерімен, эксперименттерді қоспағанда, профилактикалық және оқу-жаттығу іс-шараларын жоспарлауды объектінің терроризмге қарсы қорғалуы жөніндегі іс-шараларды жүргізуді қамтамасыз ететін адам жүзеге асырады.
Электр энергетикасы саласындағы объектілерінде профилактикалық іс-шара ретінде терроризмге қарсы күрес жөніндегі жедел штабтар объектінің өткізу режимін, сондай-ақ объектілерде күзет қызметін жүзеге асыратын субъектілердің терроризм актісін жасауға кедергі келтіруге, салдарларды барынша азайтуды және жоюды қамтамасыз етуге бағытталған эксперименттер жүргізеді.
47. Күзет қызметін көрсету туралы шарт жасасқан күзет қызметі субъектісінің қызметкерлері қатарындағы күзет қызметкерлерімен профилактикалық және оқу-жаттығу іс-шараларын жоспарлауды күзет қызметі субъектісінің басшысы ұйымдастырады.
48. Күзет қызметкерлерімен терроризмге қарсы қорғаныстың инженерлік-техникалық құралдарын пайдалану дағдыларын игеру және (немесе) жетілдіру, үй-жайларды қарап-тексеру техникасы, жарылғыш құрылғылардың ықтимал орнатылу орындарын анықтау бойынша қосымша сабақтар өткізіледі.
49. Сабақтар (практикалық және теориялық) электр энергетикасы саласындағы объектісінің меншік иесі, иесі, басшысы немесе күзет қызметі субъектісінің басшысы бекіткен өткізу графиктеріне сәйкес жылына бір реттен сиретпей өткізіледі.
50. Терроризмге қарсы қорғалу жөніндегі іс-шараларды жүргізуге жауапты адам қызметкерлердің жекелеген топтары үшін олардың қызметін ескере отырып, іс-шаралар графигін жасайды.
51. Теориялық сабақтар қызметкерлер, электр энергетикасы саласындағы объектілерін қорғау қызметкерлері арасында терроризм идеологиясының таралуының алдын алуға, терроризм идеологиясын оның әртүрлі көріністерінде қабылдамауға, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.
52. Практикалық сабақтар қызметкерлердің, электр энергетикасы саласындағы объектілерін күзету қызметкерлерінің іс-әрекеттерінің барынша үйлесімділігі мен айқындылығын қамтамасыз етуге бағытталған.
53. Объектінің барлық ұжымын қамти отырып, объектінің үй-жайларында және аумағында терроризм актісін жасау қаупі туындаған кездегі іс-әрекеттер бойынша практикалық сабақтар терроризмге қарсы комиссияны үйлестіру кезінде жылына кемінде бір рет өткізіледі.
54. Объектінің барлық ұжымын қамти отырып, практикалық сабақтар өткізудің алдында осы Нұсқаулыққа 2-қосымшаға сәйкес террористік сипаттағы ықтимал қауіп-қатерлерге объектілер тұлғаларының әртүрлі топтарының іс-қимыл алгоритмдерін білуін қалыптастыруға бағытталған қызметкерлердің, күзет қызметкерлерінің жекелеген топтарымен теориялық сабақтар, жоспарлы нұсқаулықтар өткізу көзделеді.
55. Нұсқама өткізу қызметкерлерді терроризмге қарсы қауіпсіздіктің негізгі қағидаларымен таныстыруға, сауатты және ұтымды мінез-құлық дағдыларын дамытуға арналған.
56. Жоспарлы нұсқама жылына кемінде бір рет немесе жұмыс әдісіне (вахталық, ауысымдық, маусымдық) байланысты екі жылда кемінде бір рет жүргізіледі. Жоспарлы нұсқама жеке немесе қызметкерлер тобы үшін жүргізіледі.
57. Жоспардан тыс нұсқама мынадай жағдайларда өткізіледі:
1) объектінің терроризмге қарсы қорғалуы жөніндегі іс-шараларды жүргізуді қамтамасыз ететін адамның үйлестіруімен объекті орналасқан өңірде Хабардар ету қағидаларына сәйкес террористік қауіптіліктің: бірқалыпты ("сары"), жоғары ("қызғылт сары"), шекті ("қызыл") деңгейінің бірі енгізілгенде;
2) объектінің терроризмге қарсы қорғалуы жөніндегі іс-шараларды жүргізуді қамтамасыз ететін адамның үйлестіруімен объектіде терроризм актісін жасаудың ықтимал қаупі туралы ақпарат болғанда;
3) терроризмге қарсы оқу-жаттығуларға, жаттығуларға, эксперименттерге дайындалғанда;
4) Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің үйлестіруімен күзет іс-шараларын өткізуге дайындалған кезде.
58. Жоспардан тыс нұсқаманың мазмұны әрбір нақты жағдайда оны өткізу қажеттігін туындатқан себептер мен мән-жайларға байланысты айқындалады.
59. Ұйымда немесе жеке жұмыс істейтін қызметкерлер тобына (жұмысқа түскен адамдар үшін) нұсқама жүргізуге рұқсат етіледі.
60. Профилактикалық және оқу-жаттығу іс-шараларын жүргізу үшін арнайы көрнекі ақпаратты (стендтер, плакаттар), тақырыптық слайдтарды көрсетуге арналған проекторды орналастыруға, аудиотехниканы немесе бейнетехниканы пайдалануға арналған орындар бөлінетін барлық немесе белгілі бір қызметкерлер тобы орналаса алатын үй-жай пайдаланылады.
61. Іс-шара аяқталғаннан кейін оның нәтижелері осы Нұсқаулыққа 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша терроризмге қарсы дайындық бойынша оқу іс шараларын есепке алу журналына (бұдан әрі – журнал) енгізіледі.
62. Журнал тігіліп, мөрмен, сондай-ақ бірінші басшының қолымен бекітіледі. Журналды толтыру қатаң реттілікті сақтай отырып жүргізіледі.
63. Журнал жүргізу және объектінің терроризмге қарсы қорғалуы жөніндегі іс-шараларды жүргізгу үшін электр энергетикасы саласындағы объектісінің бірінші басшысы жауапты адамды айқындайды.
64. Персоналдың саны көп (20 адамнан астам) объектілер үшін көрсетілген іс-шаралардың өткізілуін құжаттандыру хаттама немесе анықтама түрінде жүзеге асырылады.
4-тарау. Террористік көріністерге ден қою, сондай-ақ жасалған терроризм актісінің нәтижесінде туындаған техногендік сипаттағы қатерлерді жою мәселелері бойынша өзара іс-қимылды ұйымдастыруға қойылатын талаптар
65. Терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру мақсатында террористік тұрғыдан осал объектілердің меншік иелері, иелері, басшылары, сондай-ақ объектіге күзет қызметтерін көрсету туралы шарт жасасқан күзет қызметі субъектілері ұлттық қауіпсіздік органдарына қатысты мынадай ақпарат алынғаны туралы хабарлайды:
1) күзетілетін объектіні сыртқы бақылауды жүзеге асыру әрекеттері;
2) техникалық құралдардың көмегімен қорғалатын объект туралы ақпарат алу әрекеттері;
3) күзетілетін объектінің қызметкерлерін тарту әрекеттері;
4) күзетілетін объектінің немесе оның қызметкерлерінің жақын маңдағы ортасынан шифрланған сұрау салу;
5) күзетілетін объект офисінің жанында үй-жайларды іздеу және жалдау фактілері;
6) бір автокөлік құралының күзетілетін объектісінің жанында бірнеше рет пайда болуы және ұзақ уақыт болуы;
7) күзетілетін объектінің ғимараттарына, үй-жайларына, коммуникацияларына техникалық құжаттама алу әрекеттері;
8) компанияның күн тәртібін және қызметкерлердің жұмыс режимін зерделеу;
9) өткізу жүйесінің тиімділігін және тұтастай алғанда қауіпсіздік қызметінің жұмысын тексеру әрекеттері.
66. Объектіні, кепілге алынғандарды алуға байланысты террористік актілерді дайындау мен жасаудың барлық фактілері туралы, сондай-ақ объектінің немесе оның персоналының қауіпсіздігіне қатер төндіретін өзге де ақпарат алу кезінде (күзет қызметі субъектісі күзететін объектінің аумағында немесе жарылғыш немесе тұтандырғыш құрылғыларды, басқа да зорлық-зомбылық құралдарын тікелей жақын жерде пайдалану), компанияның лауазымды адамдары/кезекші қызметі немесе күзет қызметі субъектісін объектінің орналасқан жері бойынша ұлттық қауіпсіздік органдары мен ішкі істер органдарының аумақтық органдарының кезекші қызметтерін дереу хабардар етеді.
67. Ақпарат мынадай мәліметтерді қамтиды:
1) хабарлама алу уақыты;
2) террористік актіның түрі (объектіні басып алу, кепілге алу, жарылыс, жарылғыш құрылғыға ұқсас затты табу);
3) болған жағдайда - террористердің саны мен қару-жарағы, олардың талаптары;
4) объектідегі жағдай;
5) күзет қызметі субъектісі қабылдаған қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі шаралар мен іс-қимылдар;
6) персонал мен өзге де азаматтық тұлғалар арасында зардап шеккендердің болуы.
68. Террористік тұрғыдан осал объектілердің меншік иелері, иелері, басшылары, объектіге күзет қызметтерін көрсету туралы шарт жасасқан күзет қызметі субъектілерінің басшылары терроризм актісін (актілерін) жасау немесе жасау қатеріне ден қоюға әзірлікті қамтамасыз ету шеңберінде объект персоналының, күзет қызметі субъектілерінің іс-қимыл алгоритмін әзірлейді.
69. Террористік тұрғыдан осал объектілердің меншік иелері, иелері, басшылары, күзет қызметі субъектілерінің басшылары күзетілетін объектіде террористік акт дайындау немесе жасау туралы хабарлама алған кезде:
1) кәсіпорынның қауіпсіздік қызметіне хабарлайды;
2) күзет объектісі орналасқан жерге келеді;
3) жиналған бастапқы мәліметтерді кәсіпорынның қауіпсіздік қызметіне, ал болмаған кезде ұлттық қауіпсіздік органдары мен ішкі істер органдарының кезекші қызметтеріне хабарлайды;
4) терроризмге қарсы операцияны жүргізу жөніндегі жедел штабпен сенімді байланысты қамтамасыз етеді;
5) мынадай функцияларды:
террористік акт дайындау немесе жасау орнын қоршауды;
адамдар мен көлік құралдарын ықтимал зақымдану аймағынан эвакуациялауды;
Облыстық (Қалалық) жедел штабтың жол қозғалысын қамтамасыз ету тобының өкілдері келгенге дейін объектіге кіреберістерді бұғаттауды ұйымдастыру, өткізу режимін белгілеуді;
Облыстық (Қалалық) жедел штабқа оқиға туралы ақпаратты жинау, өңдеу және кейіннен беруді орындау мақсатында бастапқы қоршау тобын қалыптастыруды;
6) ведомствоаралық жедел-тергеу тобының мүшелері келгеннен кейін терроризмге қарсы операцияны жүргізу жөніндегі жедел штаб басшысының нұсқауларына сәйкес әрекет етуді;
7) дайындалып жатқан және жасалған қылмыстар бойынша дәлелдемелерді анықтауда, бекітуде және жинауда ведомствоаралық жедел-тергеу тобына жәрдем көрсетуді. Осы мақсатта, қажет болған жағдайда, рұқсат етілген жерде қауіпсіздікті қамтамасыз етудің техникалық құралдарына (бейнебақылау, қол жеткізуді бақылау жүйелері) қол жеткізуді қамтамасыз етуді;
8) Облыстық (Қалалық) жедел штабтың жедел топтары орналасуға сәйкес орындарға орналасқаннан кейін бірінші кезектегі қоршау топтарын таратуды;
9) террористік актілер, техногендік, табиғи апаттар және өзге де төтенше жағдайлар жасалған жағдайда, Облыстық (Қалалық) жедел штабтың келісімі бойынша және басшылығымен олардың зардаптарын жоюда қолдан келгенше көмек көрсетуді;
10) қылмыс іздерінің сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыруды;
11) өндірістік циклде күшті әсер ететін улы, жарылыс қауіпті және басқа да қауіпті заттар пайдаланылған жағдайда, мүмкіндігінше ықтимал қосымша қауіптердің алдын алуға бағытталған іс-шараларды жүзеге асырады.
70. Күзетілетін объектіде террористік актілерді жасауға дайындық туралы телефон арқылы, жазбаша түрде, жеке немесе басқа жолмен берілген кез келген хабарлама (оның ішінде анонимді), егер ондағы мәліметтердің жалғандығы дәлелденбесе, персоналдың, өзге де азаматтық тұлғалардың өмірі мен қауіпсіздігіне нақты қатер ретінде қаралады.
71. Телефон арқылы терроризм актісін жасауға дайындық туралы анонимді ақпарат алған кезде күзет қызметі субъектісінің жұмыскері:
1) хабарламаны жазады;
2) телефонмен сөйлесудің нақты уақытын белгілейді;
3) лауазымды адамды немесе басқа жұмыскерді әңгімеге қосады (мүмкін болса);
4) сөйлеудің ерекшеліктерін, айтылуын, интонациясын, екпінін, сөйлесуді сүйемелдейтін шуды есту арқылы анықтайды;
5) абоненттің орналасқан жерін анықтау үшін шаралар қабылдау мақсатында әңгімені кейінге қалдыруға тырысып, абоненттен хабарламаны қайталауды сұрайды;
6) жетекші сұрақтар қою арқылы абонентті өзін-өзі атауға немесе орналасқан жерін хабарлауға мәжбүрлеуге тырысады;
7) сөйлесуді ақпарат тасығышқа (ұялы телефонға, дербес компьютерге) жазуға және оны сақтауға шаралар қолданады;
8) телефон арқылы сөйлесудің мазмұнын күзет қызметі субъектісінің басшылығына және объектінің қауіпсіздік қызметі басшысына жеткізеді және болған сөйлесудің егжей-тегжейлі мазмұны мен ерекшеліктері бар жазбаша баяндама жасайды.
72. Терроризм актісі туралы кез келген түрдегі ауызша ақпарат алған кезде күзет қызметі субъектісінің жұмыскері:
1) күзет қызметі субъектісінің басшылығына, объектінің қауіпсіздік қызметі басшысына, ұлттық қауіпсіздік органдары мен ішкі істер органдары кезекші қызметтеріне хабарлама береді;
2) ақпаратты берген адамға күзет қызметі субъектісінің басшысына, объектінің қауіпсіздік қызметі басшысына бірге баруды және хабарламаны жазып беруді немесе жеке беруді ұсынады;
3) егер бұл адамды ұстау мүмкін болмаса - оны бақылауға алады, белгілерді, сипаттамалық ерекшеліктерді, әдептерді есте сақтайды және жасырынған бағытын, пайдаланған көлігін (түрін, маркасын, түсін, нөмірін) белгілейді. Байқаулардың нәтижелерін күзет қызметі субъектісінің басшылығына, объектінің қауіпсіздік қызметі басшысына, ұлттық қауіпсіздік органдары мен ішкі істер органдарының аумақтық кезекші қызметтеріне хабарлама береді.
73. Террористік актіні дайындау туралы анонимді ақпаратты жазбаша түрде алған кезде күзет қызметі субъектісінің қызметкері құжаттың мазмұнын жария етпей, оның мазмұнын күзет қызметі субъектісінің басшылығына, объектінің қауіпсіздік қызметі басшысына, ұлттық қауіпсіздік органдары мен ішкі істер органдарының аумақтық кезекші қызметтеріне қысқа мерзімде беруі қажет. Бұл ретте алынған құжаттарды қолдан қолға негізсіз беруге және оларға ұқыпсыз қарауға жол берілмейді.
74. Күзет қызметі субъектісінің басшылары, объектінің қауіпсіздік қызметі басшылары террористік акт жасау қаупі туралы хабарлама ала отырып:
1) өткізу және объектішілік режимдерді күшейту, күзет объектісінің аумағына кіретін және одан шығатын күзет объектісі персоналына, келушілерге, автокөлікке жеке тексеру жүргізу;
2) жеке құрамға қырағылықты арттыру, террористерді және (немесе) олардың сыбайластарын анықтау және ұстау мүмкіндігі тұрғысынан қосымша нұсқама жүргізу бойынша объектінің басшылығының өкімдерімен айқындалған шараларды қабылдайды.
5-тарау. Террористік тұрғыдан осал объектінің терроризмге қарсы қорғалу паспортын әзірлеуге және онымен жұмыс істеуге қойылатын талаптар
75. Паспорт ақпараттық-анықтамалық құжат болып табылады.
76. Онда объектінің оны экстремизм, терроризм актілерінен және басқа да қоғамға жат көріністерден (бұдан әрі – дағдарыстық жағдайлар) қорғау жөніндегі талаптарға сәйкестігі туралы мәліметтер көрсетіледі, сондай-ақ осындай объектінің күштері мен құралдарының персонал мен халықты, сондай-ақ ықтимал дағдарыстық жағдайлардың алдын алу және жою кезінде материалдық-техникалық базаны қорғау жөніндегі қажетті іс-шараларды жүргізуді қамтамасыз етуге әзірлігін растайтын талаптар белгіленеді.
77. Паспортқа енгізілген құжаттама дағдарыстық жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі іс-шараларды жүргізу кезінде күштік, құқық қорғау және басқа да мемлекеттік органдардың жедел пайдалануына арналған.
78. Террористік тұрғыдан осал санатқа жататын ұйымдар паспорттарын әзірлейді. Бұл лаңкестердің шабуылына ұшыраған жағдайда объектінің қауіпсіздігінің қажетті деңгейіне немесе қорғанысты тез ұйымдастыруға қажетті барлық негізгі мәліметтерді қамтитын жалпыланған құжат. Паспортты жасау кезінде Объектілердің қорғалуына қойылатын талаптар ескеріледі.
79. Паспорт қолжетімділігі шектеулі қызметтік ақпаратты қамтитын құжат болып табылады.
80. Объектінің басшысы объектіде паспортты сақтауға жауапты лауазымды адамды тағайындайды.
81. Паспорттың бірінші данасы (түпнұсқасы) қолжетімділік шектеулі ақпаратпен жұмысты ұйымдастыруға қойылатын талаптарға сәйкес объектінің құқық иеленушісі болып табылатын ұйым басшысының бұйрығымен айқындалған жауапты адамда немесе объектінің бөлімшесінде сақталады.
Паспорттың екінші данасы мен паспорттың электрондық нұсқасы (ақпаратты электрондық жеткізгіште PDF форматында) сақтау үшін ол бекітілген немесе түзетілген күннен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірілмейтін мерзімде Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының аумақтық бөлімшелеріне жіберіледі.
82. Паспорт қызметтік үй-жайларда сенімді бекітілетін және мөрленетін шкафтарда немесе сейфтерде сақталады. Паспортқа қол жеткізу тек жауапты уәкілетті адамға ғана қамтамасыз етіледі.
83. Күші жойылған паспорт жаңа паспорт бекітілгеннен және оның екінші данасы Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының аумақтық бөлімшесіне берілгеннен кейін жойылады. Күші жойылған паспортты жою тиісті акт жасалып, комиссиялық тәртіппен жүргізіледі. Акт объектінің құқық иеленушісі болып табылатын ұйымда қалады.
6-тарау. Террористік тұрғыдан осал объектілерді инженерлік-техникалық жабдықтармен жарақтандыруға қойылатын талаптар
84. Аумағы бар объектілер периметрі бойынша адамдардың еркін өтуіне және көлік құралдарының объектіге және объектіден бақылау-өткізу пунктін айналып өтуіне кедергі келтіретін қоршаумен жабдықталады.
85. Қоршау күрделі құрылыс болып табылады және өнеркәсіптік қауіпсіздік қағидаларына қайшы келмейтін үлгілік жобалар бойынша салынады.
86. Объектінің периметрі ішіндегі қауіптілігі жоғары аумақтар объектілер иелерінің қалауы бойынша қосымша қоршаумен қоршалады, бұл ретте қосымша қоршау қажет болған жағдайда персоналды эвакуациялауға кедергі келтірмеуге тиіс.
87. Қақпалар объект аумағына автомобиль және теміржол кіреберістерінде орнатылады.
88. Қорғалатын объект аумағының периметрі бойынша негізгі, сондай-ақ эвакуациялық қақпалар орнатылады.
89. Объектілер периметрінің жекелеген учаскелерінде және/немесе қақпаның сыртқы жағынан жалпыға ортақ пайдаланылатын жолдармен шектесетін объектілерде автокөлік қозғалысының жылдамдығын шектеуге арналған арнайы құрылғылар, таранға қарсы құрылғылар немесе таранға қарсы қақпа жүйесі орнатылады. Қосымша қауіпсіздік құралдарын орнату объектіге қатысты қатер мен тәуекелдер деңгейіне сәйкес негізделуі тиіс.
90. Құлыптарды негізгі қақпаның құлыптау құрылғылары ретінде пайдаланған кезде гараж түріндегі құлыптар немесе топсалы құлыптар қолданылады.
91. Күзетілетін аумақ жағынан қосалқы немесе авариялық қақпаларды сыртқы жағынан ашуға болмайтын бекітпелерге бекітуге жол беріледі.
Қақпа ойыққа, үстеме құлыпқа немесе құлыппен бекітіледі.
92. Өткізу режимі орнатылған объект адамдардың өтуі және көліктің өтуі үшін бақылау-өткізу пунктімен жабдықталады.
93. Бақылау-өткізу пунктінде автокөлікті қарап тексеру қарау алаңдарында немесе эстакадаларда көзбен шолып қарауға арналған арнайы құралдарды пайдалана отырып жүзеге асырылады.
Объект иесінің қалауы бойынша бақылау-өткізу пунктінде қызметтік иттер пайдаланылады.
94. Бақылау-өткізу пункттерінің саны адамдар мен көлік құралдарының қажетті өткізу қабілетін қамтамасыз етуді ескере отырып айқындалады.
95. Жаяу жүргіншілерге арналған бақылау-өткізу пункті мен автокөлік бақылау-өткізу пунктінің орналасуы объектінің жергілікті ерекшеліктеріне байланысты анықталады және қашықтық кірме жолдардың орналасуына және объектінің ахуалдық жоспарына байланысты реттеледі.
Аралас жаяу жүргіншілер және көлік бақылау-өткізу пунктін пайдалануға жол беріледі.
Автомобиль және теміржол көлігінің жүруіне арналған бақылау-өткізу пунктін біріккен етіп жасауға жол беріледі.
96. Бақылау-өткізу пункттері ғимараттарының (үй-жайларының) сыртқы қоршау конструкциялары (қабырғалары мен жабындары) құқыққа қайшы сипаттағы әрекеттерді қоса алғанда, сыртқы әсерлерге төзімді болуға және жақсы көрінуге тиіс.
97. Персонал мен автокөліктің өтуі үшін бақылау-өткізу пункті кіруді бақылау және басқару жүйелерімен жарақтандырылады.
Көліктік бақылау-өткізу пункті автокөлік құралдарының жүруін бақылаудың механикалық немесе автоматты құралдарымен жабдықталады.
98. Ашу, өту (көлікпен өту) механизмдерін, жарықтандыруды және стационарлық тексеріп қарау құралдары басқару құрылғылары болған кезде күзетілетін аумақ жағынан бақылау-өткізу пункті үй-жайында немесе оның сыртқы қабырғасында орналастырылады.
99. Бақылау-өткізу пункті қажеттілікке немесе қызметтік қажеттілікке байланысты металдардың әртүрлі түрлерін тануға қабілетті стационарлық немесе қолмен тексеру құралдарымен жабдықталады.
100. Объектінің ерекшеліктеріне байланысты бақылау-өткізу пункті қажет болған жағдайда:
1) рұқсаттамаларды сақтауға және ресімдеуге арналған үй-жаймен;
2) персоналдың және объектілерге келушілердің жеке заттарын сақтау камерасымен;
3) заттар мен құжаттарды тексеріп қарауға арналған бақылау-өткізу пункті бөлмесімен немесе үй-жайының бір бөлігімен;
4) күзет қызметкерлері мен техникалық құралдарды орналастыруға арналған үй-жаймен жабдықталады.
101. Бақылау-өткізу пунктінің үй-жайы объект иесінің қалауы бойынша дабыл сигнализациясымен жабдықталады және бақылау-өткізу пунктінде күзет бейнебақылау жүйесі болмаған және жедел қауіпсіздік орталығымен екі жақты байланыс болмаған кезде міндетті болып табылады.
102. Объектілер объектідегі және (немесе) оның ықтимал қауіпті учаскелеріндегі жағдайға бақылау жүргізу, сондай-ақ жағдайды бағалау және бұзушыларды сәйкестендіру үшін рұқсатсыз кіру фактісін көзбен шолып растау мақсатында телевизиялық күзет жүйелерімен жарақтандырылады.
Электр энергетикасы саласының телевизиялық күзет объектілері жүйесінің құрамына кіретін бейнебақылау жүйелері Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының 2020 жылғы 27 қазандағы № 69-қе бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21693 болып тіркелген) Ұлттық бейнемониторинг жүйесінің жұмыс істеу қағидаларына (бұдан әрі – Ұлттық бейнемониторинг жүйесінің жұмыс істеу қағидалары) сәйкес Ұлттық бейнемониторинг жүйесіне қосылуға жатады.
Электр энергетикасы саласы объектісінің телевизиялық күзет жүйесіне кіретін бейнебақылау жүйелерінің техникалық сипаттамалары Ұлттық бейнемониторинг жүйесінің жұмыс істеу қағидаларына 2-қосымшада көзделген бейнебақылау жүйелерінің ең төменгі техникалық шарттарына сәйкес келуге тиіс.
103. Күзет теледидары жүйесімен:
1) аумақтың периметрі;
2) бақылау-өткізу пункттері (бар болса);
3) тексеріп-қарау үй-жайлары (бөлмелері), көлікті тексеріп-қарау аймақтары (бар болса);
4) негізгі және қосалқы есіктер;
5) ықтимал қауіпті учаскелері бар аумақ пен үй-жайлар, үй-жайлар (орындар), оларға апаратын дәліздер;
6) объект басшысының (меншік иесінің) қалауы бойынша басқа үй-жайлар жабдықталады.
104. Кіреберістер тікелей жақын орналасқан жағдайда бір камераны бірнеше есікке орнатуға рұқсат етіледі.
105. Тәуліктің қараңғы уақытында қорғалатын аймақ телевизиялық камералардың сезімталдығынан төмен жарықтандырылған кезде объект (объект аймағы) жеткіліксіз жарық жағдайында жарықтандыруды қамтамасыз ететін құралдармен жабдықталады. Жарықтандыру аймақтары теледидар камераларының көру аймағына сәйкес келуі тиіс.
106. Қорғалатын объект аумағының, ғимаратының периметрі жарықтандыру жүйесімен жабдықталады. Жарықтандыру аумақты қоршаудың, ғимараттың периметрінің көрінуіне қажетті жағдайларды, сондай-ақ заңсыз әрекеттерді көру мүмкіндігін қамтамасыз етеді.
107. Объектінің периметрі бойынша және аумақта жарықтандыру желісі, егер жарықтандырудың қажетті шарттары орындалса, сыртқы жарықтандыру желісімен біріктіріледі.
108. Егер объектілерде оның белгілі бір учаскелерінде бұзушыларды анықтауға мүмкіндік беретін периметрді қорғау жүйелері болса, онда бірдей рөл атқаратын периметрді жарықтандырудың жеке жүйесі қажет емес.
109. Кіруді бақылау және басқару жүйесі мыналармен жабдықталады:
1) объектіге негізгі және қызметтік кіреберістер. Қызметтік кіретін есіктерді пайдалану жиілігіне және объектінің/ғимараттың маңыздылығына байланысты қызметтік есіктер арқылы кіруді бақылау және кіруді басқару жүйесі арқылы да, қызметтік кіретін есіктерді пайдалану аудитін жүргізуге мүмкіндік беретін балама жүйелер арқылы да бақылауға болады;
2) қауіпті қызметтік үй-жайларға есіктер;
3)күзет бөлімшелерінің бақылау-өткізу пункті ғимараттарының басты және қызметтік есіктері, бұл ретте, егер бақылау-өткізу пункті тәулік бойы пайдаланылса және онда өзінің тікелей міндеттерін орындайтын күзет қызметкерлері тұрақты болса, онда бақылау-өткізу пунктінің үй-жайына кіруді бақылау және басқару жүйесіне кіруін жабдықтау талап етілмейді;
4) орталықтандырылған бақылау пульті үй-жайларының басты және қызметтік есіктері;
5) басшылықтың немесе объект иесінің қалауы бойынша басқа ғимараттар мен үй-жайлар.
110. Орталықтандырылған қауіпсіздік пульті операторының басып кіруі туралы хабарлау мүмкіндігі болған кезде күзет теледидары жүйесін күзет дабылы ретінде пайдалануға жол беріледі.
111. Негізделген жағдайларда объектінің жекелеген конструктивтік элементтерін және осал жерлерді қорғау үшін оларда күзет және дабыл сигнализациясы жүйелерінің ұқсас функцияларын орындайтын құрылғылар болған кезде кіруді бақылау және басқару немесе күзет теледидары жүйелерін ғана пайдалануға жол беріледі.
112. Объектінің қауіпсіздігін арттыру үшін күзет сигнализациясы жүйесінің құрылымы мыналарға сүйене отырып айқындалады:
1) осы объектінің жұмыс режимі;
2) ғимараттар ішіндегі үй-жайлардың орналасу ерекшеліктері;
3) қорғалатын аймақтардың саны.
113. Объектілер күзет бөлімшелерінің күштері мен құралдарын басқару үшін ақпарат алмасу мақсатында жедел байланыс жүйелерімен және құралдарымен жарақтандырылады.
114. Объектілер персоналды және объектіге келушілерді штаттан тыс жағдайдың туындауы (терроризм актісін жасау немесе жасау қаупі және туындаған салдарлар туралы) туралы жедел хабардар ету және олардың іс-әрекеттерін үйлестіру мақсатында хабарлау жүйелерімен және құралдарымен жарақтандырылады.
115. Объектінің персоналы мен келушілерін хабардар ету техникалық құралдардың көмегімен жүзеге асырылады, олар мыналарды:
1) ғимараттарға, үй-жайларға, адамдар тұрақты немесе уақытша болатын объект аумағының учаскелеріне дыбыстық және (немесе) жарық сигналдарын беруді;
2) қауіптілік сипаты, эвакуациялау қажеттілігі мен жолдары, персонал мен объектіге келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған басқа да іс-қимылдар туралы сөйлеу ақпаратын таратуды;
3) жедел байланыс құралдарының көмегімен сөйлеу ақпаратын таратуды қамтамасыз етеді.
116. Хабарлау сигналдарын жеткізу "Азаматтық қорғау туралы" Заңға сәйкес жүзеге асырылады.
117. Хабарлау жүйелерінің коммуникациялары объектінің радиотрансляциялық желісімен біріктіріледі.
118. Объектілердің кіреберіс есіктері жарамды, есік жақтауына жақсы сай болуы және объектінің үй-жайларын қорғауды қамтамасыз етуі тиіс.
119. Сыртқы есіктер сыртқа ашылу жүйесімен қамтамасыз етіледі.
Қосжарнақты есіктер есіктің үстіңгі және астыңғы жағына орнатылатын бекіткіш ысырмалармен (шпингалеттермен) жабдықталады.
Бөгде адамдардың еркін кіре алатын қауіптілігі жоғары ғимаратқа орталық және қосалқы кіреберістердің есік ойықтары (тамбурлары) олардың жанында күзет бекеттері болмаған кезде қосымша құлыпталатын есікпен жабдықталады.
120. Қосымша есіктерді орнату мүмкін болмаған жағдайда, кілттерді таңдау немесе есікті бұзу әрекеті кезінде дабылды хабарлама беретін ерте анықтау күзетінің техникалық құралдарымен кіреберіс есіктері бұғатталады.
121. Күзетілетін объектінің барлық үй-жайларындағы терезе конструкциялары (терезелер, желдеткіштер, фрамугалар) шыныланған, сенімді және жарамды құлыптау құрылғылары бар.
122. Терезе конструкцияларын металл торлармен жабдықтау қажеттілігі бойынша шешімді объектінің меншік иесі объектінің қауіпсіздік қызметінің консультациясы кезінде, қатерді, осалдықты, тартымдылықты және қатерді іске асыру кезіндегі салдарларды ескере отырып, алынған тәуекелдерді бағалау негізінде қабылдайды.
Терезе конструкцияларын металл торлармен жабдықтау кезінде оларды үй-жайдың ішкі жағынан немесе ашылатын конструкциясы бар рамалар арасында орнату керек.
Торлар терезенің ашылуын сенімді қорғауды да, төтенше жағдайларда адамдарды үй-жайдан тез эвакуациялауды да қамтамасыз етеді.
123. Барлық сыныптағы қорғаныш әйнектерін орнатқан кезде – торлар, жапқыштар, жалюзилер және тағы басқалар – терезелерге қуат элементтері орнатылмайды.
124. Адамдар көп жиналатын орындар міндетті түрде күзеттік теледидар жүйелерімен және хабардар ету жүйелерімен жарақтандырылады.
125. Күзетілетін объектінің периметрі ішінде орналасқан объектіде күзеттік теледидар жүйелерімен:
1) объектінің ерекшелігін ескере отырып, адамдардың ықтимал жиналатын орындары;
2) бас және қосалқы кіреберістер болған кезде жарақтандырылады.
126. Жеке ғимаратты (ғимараттар кешенін) алып жатқан объектіде күзетілетін периметрі жоқ күзет телевизиясы жүйесімен:
1) аумақтың периметрі;
2) бақылау-өткізу пункттері (бар болса);
3) тексеріп-қарау үй-жайлары (бөлмелері), көлікті тексеріп-қарау аймақтары (бар болса);
4) негізгі және қосалқы есіктер;
5) ықтимал қауіпті учаскелері бар аумақ пен үй-жайлар, үй-жайлар (орындар), оларға апаратын дәліздер;
6) объект басшысының (меншік иесінің) қалауы бойынша басқа үй-жайлар жабдықталады.
127. Ғимараттың бір бөлігін алып жатқан объектіде күзет теледидары жүйесімен:
1) адамдардың объектіде жаппай болуы мүмкін орындары;
2) бас және қосалқы кіреберістер (бар болса) қамтылады.
128. Адамдар көп жиналатын объектілер персоналды және объектіге келушілерді штаттан тыс жағдайдың туындауы (терроризм актісін жасау немесе жасау қаупі және туындаған салдарлар туралы) туралы жедел хабардар ету және олардың іс-әрекеттерін үйлестіру мақсатында хабарлау жүйелерімен және құралдарымен жарақтандырылады.
129. Объектінің персоналы мен келушілерін хабардар ету техникалық құралдардың көмегімен жүзеге асырылады, олар:
1) ғимараттарға, үй-жайларға, адамдар тұрақты немесе уақытша болатын объект аумағының учаскелеріне дыбыстық және (немесе) жарық сигналдарын беруді;
2) қауіптілік сипаты, эвакуациялау қажеттілігі мен жолдары, персонал мен объектіге келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған басқа да іс-қимылдар туралы сөйлеу ақпаратын таратуды қамтамасыз етеді.
130. Дабыл берушілердің саны және олардың қуаты адамдардың тұрақты немесе уақытша болатын барлық орындарында қажетті естуді қамтамасыз етеді.
131. Объектіні қорғаудың талап етілетін сенімділігін қамтамасыз ететін объектінің негізгі қоршауының конструкциялары мен материалдарын таңдау объектінің санатына (объектінің жобасына) сәйкес жүргізіледі.
132. Қоршауда:
1) еркін құлауға, өтуге жол бермейтін және объектінің режимдік шарттарын қанағаттандыратын биік және жерге терең орнатылған тұрақтың болуы;
2) конструкциясы қарапайым, беріктігі жоғары және ұзақ уақытқа төзімді болуы;
3) одан өтуді жеңілдететін түйіндер мен конструкциялары болуы тиіс.
133. Қоршауда:
1) өтетін жерлер, сынықтар және басқа да зақымдар;
2) құлыпталмайтын қақпалар, есіктер мен шарбақтар болмауы тиіс. Қажет болған жағдайда негізгі кіреберіс есіктер, қақпалар немесе шарбақ қақпалар дыбыс пен түрлі-түсті бейнені (домофон) беретін бейнекамералармен, есіктерді қашықтықтан ашумен (мысалы электромагниттік құлыптармен) жабдықталған құрылғылармен жабдықталады.
134. Объектілер периметрінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін инженерлік-техникалық конструкциялар мынадай сипаттамаларға сәйкес келеді:
1) барлық маусымдардың және тиісті климаттық аймақтардың сыртқы климаттық факторларына төзімділік;
2) индустриялық кедергілерден және көлік құралдары тудыратын кедергілерден, құстар мен жануарлардың әсерінен қорғалуы.
135. Қақпаның конструкциясы жабық күйдегі олардың бекітілуін қамтамасыз етеді.
Электр жетегімен және қашықтан басқарумен жарақтандырылған қақпалар авариялық тоқтату және электр қуаты істен шыққан немесе ажыратылған жағдайда қолмен ашу құрылғыларымен жабдықталады.
Қақпа еркін ашылуын (қозғалысын) болдырмау үшін шектегіштермен немесе тығындармен жабдықталады.
136. Күзет теледидары жүйесі мыналарды:
1) күзетілетін аймақтардың, үй-жайлардың, объектінің периметрі мен аумағының жай-күйі туралы көрнекі ақпаратты күзет бөлімшесінің арнайы бөлінген үй-жайындағы жергілікті бақылау пунктінің не автоматтандырылған режимдегі орталықтандырылған күзет пунктінің мониторларына беруді;
2) оқиғаларды кейіннен талдау үшін бейнеақпаратты сақтауды (ақпаратты сақтау мерзімі 30 тәуліктен кем болмауы тиіс);
3) оқиғаларды автоматты режимде немесе оператордың командасы бойынша бейне-құжаттауды;
4) бұрын жазылған ақпаратты жаңғыртуды;
5) уақытты, күнді және телекамера сәйкестігін белгілеу арқылы бейнежазбаға жедел қол жеткізуді қамтамасыз етеді.
137. Объектінің аумағын немесе периметрін бақылауға арналған бейнекамералар климаттық аймаққа сәйкес сыртқы қондырғылар үшін климаттық факторлар әсер еткен жағдайда жұмыс істейді не климаттық факторлар әсер еткен кезде жұмыс істеу қабілетін қамтамасыз ететін герметикалық термоқаптарда орналастырылады.
Электр энергетикасы саласы объектілерінің бейнебақылау жүйелерін ұлттық бейнемониторинг жүйесіне қосу мерзімдері Ұлттық бейнемониторинг жүйесінің жұмыс істеу қағидаларымен айқындалады.
138. Күзеттің әрбір шекарасынан дабыл хабарламалары орталықтандырылған бақылау пультіне немесе объектінің ішкі күзет пультіне шығарылады.
139. Жедел байланыс жүйесі:
1) жедел байланыс жүйелері үшін белгіленген тәртіппен бөлінген жиіліктер диапазонындағы жұмысты;
2) күзет пунктіндегі кезекші мен қызмет көрсету аумағындағы күзет нарядтары арасындағы екі жақты радиобайланысты;
3) қызмет көрсету аумағы шегінде күзет нарядтары арасындағы екі жақты радиобайланысты;
4) қорғалатын объектілерде және іргелес аумақта белгіленген байланысты қамтамасыз ету үшін жеткілікті сыйымдылық пен қызмет көрсету аймағын;
5) берілетін ақпаратты қорғауды қамтамасыз етеді.
140. Объектіде хабарлау жоспары жасалады, онда мыналар:
1) лауазымдық міндеттерінде штаттан тыс жағдайлардың салдарын болдырмау немесе жою жөніндегі іс-шараларға қатысу көзделген қызметкерлерді шақыру схемасы;
2) штаттан тыс жағдайлар кезінде қызметкерлердің іс-әрекеттерін реттейтін нұсқаулықтар;
3) эвакуация жоспарлары;
4) хабарлау сигналдарының жүйесі қамтылған.
141. Пилотсыз ұшу аппараттары, оның ішінде квадрокоптерлер арқылы террор құралдарын жеткізуге және қолдануға байланысты қауіп-қатерлер өзекті объектілерге пилотсыз ұшу аппараттарына қарсы іс-қимыл жүйесін қарастыру ұсынылады.
Қазақстан Республикасының электр энергетикасы саласындағы террористік тұрғыдан осал объектілерінің терроризмге қарсы қорғалуын ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулыққа 1-қосымша |
Объектіге алып өтуге тыйым салынған заттардың тізбесі
1. Қару:
1) атыс қаруы;
2) травматикалық, газ және жарық дыбыстық әсер ететін патрондары бар ұңғысыз қару;
3) газ қаруы;
4) электр қаруы;
5) пневматикалық қару;
6) суық, сондай-ақ суық қаруға жатпайтын әртүрлі пышақтар;
7) лақтырылатын қару;
8) белгі беретін қару;
9) зақымдайтын әсері радиоактивті сәулеленуді және биологиялық әсерді пайдалануға негізделген қару;
10) зақымдайтын әсері электромагниттік, жарық, жылу, инфрақызыл немесе ультрадыбыстық сәулеленуді пайдалануға негізделген қару;
11) жоғарыда аталған қару түрлерін имитациялайтын заттар;
12) қару ретінде пайдалануға болатын заттар;
13) соққы-ұсақтау, лақтыру және тесу-кесу іс-қимылдарының заттары;
14) қаруға арналған оқ-дәрілер және оның құрамдас бөліктері.
2. Механикалық және аэрозольді бүріккіштер мен көзден жас ағызатын, тітіркендіргіш және адам ағзасына теріс әсер ететін құрылғылар.
3. Заттар:
1) жарылғыш;
2) есірткі;
3) психотроптық;
4) улы;
5) уландырғыш;
6) радиоактивті;
7) ашытатын;
8) пиротехникалық;
9) тез тұтанатын.
4. Фото, бейне және дыбыс жазу аппаратурасы (келушілер үшін).
Қазақстан Республикасының электр энергетикасы саласындағы террористік тұрғыдан осал объектілерінің терроризмге қарсы қорғалуын ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулыққа 2-қосымша |
Әртүрлі объектілердегі адамдар тобының террористік сипаттағы ықтимал қауіп-қатерлерге әрекет ету алгоритмдері
Сценарий: "Объектіге келушілер мен персоналдарға қарулы шабуыл"
Келушілердің іс-қимылдары:
Қорғану: ғимараттан байқатпай шығу немесе үй-жайда паналау, есікті бұғаттау, тәртіп сақшыларының келуін күту;
Мүмкіндігінше құқық қорғау және/немесе арнаулы мемлекеттік органдарды, күзетті, персоналды, объектінің басшылығын қарулы шабуылдың фактісі мен мән-жайы туралы кез келген тәсілмен хабардар ету.
Персоналдың іс-қимылдары:
Мүмкіндігінше құқық қорғау және/немесе арнаулы мемлекеттік органдарды, күзетті, персоналды, объектінің басшылығын қарулы шабуылдың фактісі мен мән-жайы туралы кез келген тәсілмен хабардар ету;
Мүмкіндігінше келушілерді эвакуациялау;
Қорғану: ғимараттан байқатпай шығу немесе үй-жайда паналау, есікті бұғаттау, тәртіп сақшыларының келуін күту.
Объектіні күзету іс-қимылдары:
Қарулы қаскүнемді анықтау;
Мүмкіндігінше оның объектідегі адамдардың жаппай болатын жерлеріне қарай жылжуына тосқауыл қою;
Қарулы шабуыл фактісі туралы объектінің басшылығына, құқық қорғау және/немесе арнаулы мемлекеттік органдарға кез келген тәсілмен хабарлау;
Объектідегі адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын қабылдау (эвакуация, ішкі кедергілерді бұғаттау және тағы басқалар);
Өз қауіпсіздігіңізді қамтамасыз ету.
Объект басшылығының іс-қимылдары:
Қарулы шабуыл фактісі мен мән-жайлары туралы құқық қорғау және/немесе арнаулы мемлекеттік органдарды дереу хабардар ету;
Объектіде адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын ұйымдастыру (эвакуация, ішкі кедергілерді бұғаттау, объектідегі штаттан тыс жағдай туралы хабарлау және тағы басқалар);
Терроризмге қарсы күрес жөніндегі жедел штабтың келген күштерімен өзара іс-қимыл.
Сценарий: "Кепілге алу"
Келушілердің іс-қимылдары:
Қорғану: кепілге алынудан аулақ болу, ғимараттан байқатпай шығу немесе үй-жайда паналау, есікті бұғаттау, тәртіп сақшылары келгенге дейін немесе ғимараттан кету үшін қауіпсіздікті қамтамасыз ету;
Мүмкіндігінше құқық қорғау және/немесе арнаулы мемлекеттік органдарды кепілге алу жағдайлары мен шабуылдаушылар (саны, қару-жарақ, жарақтандыру, жасы, лақап аты, ұлты және тағы басқалар) туралы кез келген қолжетімді тәсілмен және өз қауіпсіздігін кепілдендірілген қамтамасыз ету шартымен ғана хабардар ету.
Объект персоналының іс-қимылдары:
Қорғану: кепілге алынудан аулақ болу, ғимараттан байқатпай шығу немесе үй-жайда паналау, есікті бұғаттау, тәртіп сақшылары келгенге дейін немесе ғимараттан кету үшін қауіпсіздікті қамтамасыз ету;
Мүмкіндігінше кез келген қолжетімді тәсілмен және өз қауіпсіздігін кепілдендірілген қамтамасыз ету шартымен ғана құқық қорғау және/немесе арнаулы мемлекеттік органдарды кепілге алу жағдайлары мен шабуылдаушылар (саны, қару-жарақ, жарақтандыру, жасы, лақап аты, ұлты және тағы басқалар) туралы хабардар ету.
Объектіні күзету іс-қимылдары:
Қарулы қаскүнемді (дерді) анықтау;
Мүмкіндігінше, оның объектідегі адамдардың жаппай болатын жерлеріне қарай жылжуына тосқауыл қою;
Объект басшылығына, құқық қорғау және/немесе арнаулы мемлекеттік органдарға кепілге алуға оқталу фактісі мен мән-жайлары туралы кез келген тәсілмен хабарлау;
Объектідегі адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын қабылдау (эвакуациялау, зиянкестердің жолындағы ішкі кедергілерді бұғаттау және тағы басқалар);
Өз қауіпсіздігіңізді қамтамасыз ету (кепілге алынудан аулақ болыңыз және тағы басқалар).
Объект басшылығының іс-қимылдары:
Құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік органдарды және/немесе үшінші тұлғаларды кепілге алу әрекетінің фактісі мен мән-жайлары туралы кез келген қолжетімді тәсілмен дереу хабардар ету;
Мүмкіндігінше объектіде адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын ұйымдастыру (эвакуациялау, ішкі кедергілерді бұғаттау, объектідегі штаттан тыс жағдай туралы хабарлау және тағы басқалар);
Мүмкіндігінше терроризмге қарсы күрес жөніндегі жедел штабтың келген күштерімен өзара іс-қимылды ұйымдастыру.
Егер сіз кепілге алынсаңыз не істеу керек:
Өзіңізді қолға алыңыз, тынышталыңыз, үрейленбеңіз. Бәсең дауыспен сөйлеңіз.
Террористердің бостандықтан айыру мен қорлауына табандылықпен және ұстамдылықпен төзу, қылмыскерлердің көзіне қарамау, арандатушылықпен әрекет етпеу. Қылмыскерлерді физикалық күш немесе қару қолдануға итермелейтін әрекеттерге жол бермеңіз.
Қылмыскерлердің талаптарын орындау, оларға қайшы келмеу, ашуланшақтық пен дүрбелеңге жол бермеу.
Ықтимал қатал сынаққа физикалық және моральдық тұрғыдан дайындалыңыз. Ұрлаушыларға жеккөрушілік пен немқұрайлылық көрсетпеңіз.
Басынан бастап (әсіресе бірінші сағатта) қарақшылардың барлық нұсқауларын орындаңыз. Басқыншылардан кез-келген әрекетті жасауға рұқсат сұрау: отыру, тұру, ішу, дәретханаға бару және тағы басқалар.
Мінез-құлқыңызбен террористердің назарын аудармаңыз, белсенді қарсылық көрсетпеңіз. Бұл сіздің жағдайыңызды нашарлатуы мүмкін.
Егер қашудың сәттілігіне толық сенімділік болмаса, жүгіруге тырыспаңыз.
Террористер туралы мүмкіндігінше көп ақпаратты есте сақтаңыз (саны, қару-жарақ, сыртқы түрі, дене бітімі, екпіні, әңгіме тақырыбы, темпераменті, мінез-құлық мәнері).
Өзіңіздің орналасқан (қамалған) жеріңізді анықтауға тырысыңыз.
Мүмкіндің болған жағдайда, кез-келген қолжетімді байланыс тәсілін пайдалана отырып, өмірге қауіп төндірмей, сақтық таныта отырып, болған жағдай туралы құқық қорғау органдарына немесе арнайы органдарға, қауіпсіздік бөліміне немесе объектіні қорғау қызметіне хабарлауға тырысу.
Қандай тағам болса да, оны назардан тыс қалдырмаңыз. Бұл күш пен денсаулықты сақтауға көмектеседі.
Жарақат алған жағдайда, өзіңізге дейінгі алғашқы көмек көрсетуге тырысыңыз.
Ең бастысы, қарақшылар өздерін басқаруды тоқтатса да, үрейленбеу.
Терезелерден, есіктерден және террористердің өздерінен аулақ болыңыз. Бұл үй-жайға шабуыл жасау, мергендерді қылмыскерлерді жеңу үшін ату кезінде сіздің қауіпсіздігіңізді қамтамасыз ету үшін қажет.
Арнайы бөлімшелердің қызметкерлері кепілге алынғандарды босату жөніндегі операцияны жүргізген кезде мынадай талаптарды сақтау қажет: - еденге етпетіңнен жатып, мүмкіндігінше қабырғаға жабысып, басыңызды қолдарыңызбен жауып, қозғалмау керек;
ешқандай жағдайда арнайы бөлімше қызметкерлеріне қарсы жүгіруге немесе олардан қашуға болмайды, өйткені олар жүгірушіні қылмыскер ретінде қабылдауы мүмкін;
мүмкін болса, есіктер мен терезелердің саңылауларынан алысырақ тұру;
егер шабуылдау және ұстау кезінде жәбірленушіге алдымен (жеке басын анықтағанға дейін) ықтимал қылмыскер сияқты біршама қате әрекет көрсетсе, ашуланбаңыз. Босатылған кепілге алынған адамды тінтуге, жауапқа тартуға, қажет болса кісендеуге, байлауға, болады. Бұған түсіністікпен қарау керек, өйткені мұндай жағдайларда шабуылдаушылардың мұндай әрекеттері (барлық адамдарды түпкілікті сәйкестендіруге және шынайы қылмыскерлерді анықтауға дейін) ақтап алуға болады.
Сценарий: "Жарылғыш құрылғылар мен жарылғыш заттарды салу" Келушілердің іс-қимылдары:
Егер күдікті зат табылса:
қол тигізбеу, жақындамау, қозғалмау;
иесіз заттың ықтимал иесін анықтау үшін айналадағы адамдардан сұхбат алу;
осы заттың жанында радиобайланыс құралдарын, оның ішінде ұялы байланыс құралдарын пайдаланудан бас тарту;
мүмкіндігінше табылған уақыты мен орнын бекіту;
күзетте күдікті заттың табылғаны туралы объектінің персоналына не ішкі істер бөлімінің, ұлттық қауіпсіздік комитетінің аумақтық органдарының кезекші бөлімдеріне дереу хабарлау;
жарылғыш құрылғыға ұқсас заттың пайда болуын және оны анықтаудың маңызды жағдайларын сипаттауға дайын болу;
дүрбелең туғызбау үшін не болғанын білуі керек адамдардан басқа ешкімге жарылыс қаупі туралы хабарлауға болмайды;
қажет болса, қорғанысты қамтамасыз ететін заттардың артына паналау (ғимараттың бұрышы, бағанасы, жуан ағаш, автокөлік және тағы басқалар);
Объектінің, құқық қорғау және/немесе арнаулы мемлекеттік органдардың күзетіне күдікті адам немесе өзімен бірге жарылғыш құрылғылары немесе жарылғыш заттары (саны, қаруы, жарақтандырылуы, жасы, лақап аты, ұлты) болуы мүмкін адамдар тобы анықталған жағдайда хабарлау;
Объектіден кету, мүмкін болмаса күрделі құрылыстың артында және қажетті қашықтықта тығылу.
Персоналдың іс-қимылдары:
Егер күдікті зат табылса:
қол тигізбеу, жақындамау, қозғалмау;
иесіз заттың ықтимал иесін анықтау үшін айналаңыздағы адамдардан сұхбат алу;
осы заттың жанында радиобайланыс құралдарын, оның ішінде ұялы байланыс құралдарын пайдаланудан бас тарту;
мүмкіндігінше табылған уақыты мен орнын бекіту;
күзетте күдікті заттың табылғаны туралы объектінің персоналына не ішкі істер бөлімінің, ұлттық қауіпсіздік комитетінің аумақтық органдарының кезекші бөлімдеріне дереу хабарлау;
жарылғыш құрылғыға ұқсас заттың пайда болуын және оны анықтаудың маңызды жағдайларын сипаттауға дайын болу;
дүрбелең туғызбау үшін не болғанын білуі керек адамдардан басқа ешкімге жарылыс қаупі туралы хабарлауға болмайды;
мүмкіндігінше күзетпен бөгде адамдардың күдікті затқа және қауіпті аймаққа кіруін шектеуді ұйымдастыру;
қауіпті аймаққа іргелес аумақтан адамдарды ұйымдасқан түрде эвакуациялауды қамтамасыз етуге көмектесу;
қажет болса, қорғанысты қамтамасыз ететін заттарды (ғимараттың бұрышы, бағанасы, жуан ағаш, автокөлік және тағы басқалар) паналау, қадағалау;
объектінің, құқық қорғау және (немесе) арнайы мемлекеттік органдардың күзетіне күдікті адам немесе өзімен бірге жарылғыш құрылғылары немесе жарылғыш заттары (саны, қаруы, жарақтандырылуы, жасы, лақап аты, ұлты) болуы мүмкін адамдар тобы анықталған жағдайда хабарлау;
Келушілерді эвакуациялауды ұйымдастыруда басшылық пен күзетке жәрдем көрсету;
Объектіден кету, мүмкін болмаса күрделі құрылыстың артында және қажетті қашықтықта тығылу.
Күзет іс-қимылдары:
Егер күдікті зат табылса:
қол тигізбеу, жақындамау, қозғалмау;
иесіз заттың ықтимал иесін анықтау үшін айналаңыздағы адамдардан сұхбат алу;
осы заттың жанында радиобайланыс құралдарын, оның ішінде ұялы байланыс құралдарын пайдаланудан бас тарту;
мүмкіндігінше табылған уақыты мен орнын бекіту;
күзетте күдікті заттың табылғаны туралы объектінің персоналына не ішкі істер бөлімінің, ұлттық қауіпсіздік комитетінің аумақтық органдарының кезекші бөлімдеріне дереу хабарлау;
жарылғыш құрылғыға ұқсас заттың пайда болуын және оны анықтаудың маңызды жағдайларын сипаттауға дайын болу;
дүрбелең туғызбау үшін не болғанын білуі керек адамдардан басқа ешкімге жарылыс қаупі туралы хабарлауға болмайды;
күзетпен бөгде адамдардың күдікті затқа және қауіпті аймаққа кіруін шектеуді қамтамасыз ету;
қауіпті аймаққа іргелес аумақтан адамдарды ұйымдасқан түрде эвакуациялауды қамтамасыз ету;
қажет болса, қорғанысты қамтамасыз ететін заттарды (ғимараттың бұрышы, бағанасы, жуан ағаш, автокөлік және тағы басқалар) паналау, қадағалау;
Объектінің, құқық қорғау және/немесе арнаулы мемлекеттік органдардың күзетіне күдікті адам немесе өзімен бірге жарылғыш құрылғылары немесе жарылғыш заттары болуы мүмкін адамдар тобы (саны, қаруы, жарақтандырылуы, жасы, лақап аты, ұлты) анықталған жағдайда хабарлау.
Басшылықтың іс-қимылдары:
Құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік органдарды күдікті адамның анықталғаны немесе иесіз заттың табылғаны туралы дереу хабардар ету;
Иесіз күдікті затты қажетті қашықтықтан анықтау орнын қоршауды ұйымдастыру (төменде қараңыз);
Адамдарды объектіден эвакуациялауды ұйымдастыру, объектідегі штаттан тыс жағдай туралы хабарлау және тағы басқалар;
Өзге де күдікті заттарды табу мақсатында үй-жайларды аралауды және аумақтарды қарауды қамтамасыз ету;
Терроризмге қарсы күрес жөніндегі жедел штабтың келген күштерімен өзара іс-қимылды ұйымдастыру, қажетті ақпарат беру.
Жарылғыш құрылғыны көрсететін белгілер:
табылған затта сымдардың, арқанның, оқшаулағыш таспаның болуы; зат шығаратын күдікті дыбыстар, шертулер, сағаттардың тикылдауы;
заттан бадамға тән иіс немесе басқа ерекше иіс шығады;
табылған заттың басқаша орналастырылуы;
табылған затқа орнатылған қуат көздерінің әртүрлі түрлері, сыртқы белгілері бойынша антеннаға ұқсас сым және тағы басқалар.
Жарылғыш құрылғы (ЖҚ) немесе ЖҚ тәрізді зат табылған кезде алып тастау және қоршау үшін ұсынылатын қашықтық:
граната РГД-5 – 50 м;
граната Ф-1 – 200 м;
тротил дойбы массасы 200 г – 45 м;
тротил дойбы массасы 400 г – 55 м;
сыра банкасы 0,33 л – 60 м;
дипломат (кейс) – 230 м;
саяхат чемоданы – 350 м;
"Жигули" класты автокөлік – 460 м;
"Волга" класты автокөлік – 580 м;
микроавтобус – 920 м;
жүк көлігі (фургон) – 1240 м.
Сценарий: "Жанкешті-лаңкестерді пайдалана отырып шабуыл"
Келушілердің іс-қимылдары:
Қорғану: ғимараттан байқатпай шығу немесе үй-жайда паналау, есікті бұғаттау, тәртіп сақшыларының келуін күту;
Мүмкіндігінше құқық қорғау және/немесе арнаулы мемлекеттік органдарды, күзетті, персоналды, объектінің басшылығын қарулы шабуылдың фактісі мен мән-жайы туралы кез келген тәсілмен хабардар ету.
Персоналдың іс-қимылдары:
Қорғану: ғимараттан байқатпай шығу немесе үй-жайда паналау, есікті бұғаттау, тәртіп сақшыларының келуін күту;
Мүмкіндігінше құқық қорғау және/немесе арнаулы мемлекеттік органдарды, күзетті, персоналды, объектінің басшылығын қарулы шабуылдың фактісі мен мән-жайы туралы кез келген тәсілмен хабардар ету.
Күзет іс-қимылдары:
Мүмкіндігінше, оның/олардың объектідегі адамдардың жаппай болатын жерлеріне қарай жылжуына тосқауыл қою;
Объектінің, құқық қорғау және/немесе арнаулы мемлекеттік органдардың басшылығына күдікті адамның немесе адамдар тобының анықталғаны туралы кез келген тәсілмен хабарлау;
Объектідегі адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын қабылдау (эвакуациялау, ішкі кедергілерді бұғаттау және тағы басқалар);
Қажет болған жағдайда күдікті адамның немесе адамдар тобының объект бойынша (жеке өзі не бейнебақылау жүйесі арқылы) қозғалысын бақылауды ұйымдастыру;
Өз қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Басшылықтың іс-қимылдары:
Объектіде күдікті адамды немесе адамдар тобын анықтау туралы ақпаратты құқық қорғау және/немесе арнаулы мемлекеттік органдарға дереу беру (оның ішінде адал ниетпен әрекет ету);
Құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне күдікті адам туралы барынша толық ақпарат беру, бұл шабуылдаушыны анықтау және ұстау уақытын қысқартуы мүмкін;
Адамдардың ұйымдасқан эвакуациялауын қамтамасыз ету;
Өз қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Қазақстан Республикасының электр энергетикасы саласындағы террористік тұрғыдан осал объектілерінің терроризмге қарсы қорғалуын ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулыққа 3-қосымша |
Электр энергетикасы саласындагы объектілерінің терроризмге қарсы қауіпсіздігі мәселелері бойынша профилактикалық және оқу-жаттығу іс-шаралары тақырыптарының нұсқалары
№ | Тақырыптың атауы | Өткізу нысаны | Білім алушылар контингенті |
1. | Қазақстан Республикасының терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы заңнамасының талаптары. Объектіде терроризм актісі жасалған жағдайлардағы жауапкершілік. | дәріс |
объектінің персоналы, |
2. | Терроризмнің мәні мен қоғамдық қауіптілігі, террористік сипаттағы іс-әрекеттер жасағаны үшін жауапкершілік. | дәріс |
объектінің персоналы, |
3. | Террористік тұрғыдан осал объектінің ерекшеліктері, оған терроризм актісі жасалған жағдайда ықтимал салдары. | дәріс |
объектінің персоналы, |
4. | Өткізу пунктінде көлік құралдары мен адамдарды қарап-тексеру тәртібі. Үй-жайларды қарап-тексеру, жарылғыш құрылғыларды салудың ықтимал орындарын анықтау техникасы. | дәріс | күзет қызметі субъектісінің қызметкерлері |
5. | Террористік сипаттағы ықтимал қауіптерге ден қою жөніндегі іс қимылдардың мазмұны мен кезектілігі. | дәріс |
объектінің персоналы, |
6. | Терроризм актісін өткізу қаупі туралы анонимді телефон қоңырауын алған кезде объект персоналының іс-қимыл тәртібі. | нұсқама-әдістемелік сабақтар | объектінің персоналы |
7. | Иесіз заттарды, күдікті затты немесе күдікті адамдарды анықтаған кезде объект персоналының іс-қимыл тәртібі. | нұсқама--әдістемелік сабақтар | объектінің персоналы |
8. | Объектіге қарулы шабуыл кезінде объект персоналының іс-қимыл тәртібі. | нұсқама--әдістемелік сабақтар | объектінің персоналы |
9. | Адамды кепілге алған кезде объект персоналының іс-қимыл тәртібі. | нұсқама-әдістемелік сабақтар | объектінің персоналы |
10. | Терроризмге қарсы қорғаныстың инженерлік-техникалық құралдарын пайдалану қағидалары. | практикалық сабақтар | күзет қызметі субъектісінің қызметкерлері |
11. | Электр энергетикасы саласындағы объектісінің персоналын, оның келушілерін терроризм актісі қаупі төнген немесе жасалған кезде хабардар ету тәртібі | практикалық сабақтар |
объектінің персоналы, |
12. | Электр энергетикасы саласындағы объектісінің персоналын, оның келушілерін эвакуациялауды ұйымдастыру | практикалық сабақтар |
объектінің персоналы, |
Қазақстан Республикасының электр энергетикасы саласындағы террористік тұрғыдан осал объектілерінің терроризмге қарсы қорғалуын ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулыққа 4-қосымша |
Сабақ өткізу туралы есеп беру нысандары
1. Журнал (тыңдаушының тегі, аты (бар болса әкесінің аты), өткізілген күні, кезеңділігі, қолы) 2. Куәлік немесе сертификат
Терроризмге қарсы дайындық бойынша оқу-жаттығу іс-шараларын есепке алу журналының нысаны
(титул парағы)
____________________________( ұйымның атауы)
Терроризмге қарсы дайындық бойынша оқу-жаттығу іс-шараларын жүргізуді № ______ есепке алу журналы
Журналды жүргізу басталған күн 20 жылғы "_"
Журналды жүргізу аяқталған күн 20 жылғы "_"
(ішкі жағы)
1-бөлім. Нұсқамалар
№ п/п | Нұсқама өткізілген күн | Нұсқама берілетін адамның Т.А.Ә. (әкесінің аты болған жағдайда) және лауазымы | Нұсқама түрі | Нұсқама өткізген адамның Т.А.Ә. (әкесінің аты болған жағдайда) және лауазымы | Нұсқама берілетін адамның қолы | Нұсқаманы өткізген адамның қолы |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 |
2-бөлім. Сабақтар
1. Сабақ өткізілетін күн;
2. Сабақтың тақырыбы;
3. Оқу сұрақтары;
4. Қатысып отырған жұмыскерлер саны;
5. Сабақты өткізген адамның қолы.