ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы қаулы 01.09.2024 бастап қолданысқа енгізіледі
Ескерту. Қаулының тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 27.09.2024 № 77 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
"Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 34-бабының 5-2-тармағына, "Микроқаржылық қызмет туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 3- бабының 3-3-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Мына:
1) осы қаулыға қосымшаға сәйкес Жеке тұлғаға банктік қарыз немесе микрокредит беруге жұбайының (зайыбының) келісімін алу қағидалары;
2) республикалық бюджет туралы заңмен тиісті қаржы жылына белгіленген мың еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде жеке тұлғаға банктік қарыз немесе микрокредит беруге жұбайының (зайыбының) келісімі қажет болатын банктік қарыздың немесе микрокредиттің (қайта қаржыландырылуға жататын банктік қарыздар мен микрокредиттерді қоспағанда) ең төменгі мөлшері;
3) "Микрокредит беру туралы шартты жасасу тәртібін, оның ішінде шарттың мазмұнына, ресімделуіне және микрокредиттің толық құны (микрокредит бойынша артық төленетін сома, микрокредит мәні) туралы ақпаратты қамтитын оның бірінші бетіне, микрокредит беру туралы шарттың міндетті шарттарына қойылатын талаптарды, сондай-ақ микрокредитті өтеу кестесінің нысанын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылғы 29 қарашадағы № 232 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 19697 болып тіркелген) және "Банктік қарыз шартын жасасу қағидаларын, оның ішінде банктік қарыз шартының мазмұнына, ресімделуіне, міндетті талаптарына қойылатын талаптарды, қарызды өтеу кестесінің және қарыз алушы – жеке тұлғаға арналған жадынаманың нысандарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылғы 23 желтоқсандағы № 248 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 19774 болып тіркелген) қаулыларына сәйкес айқындалатын дара кәсіпкер ретінде тіркелген жеке тұлғаға банктік қарыз немесе микрокредит беруге жұбайының (зайыбының) келісімі қажет болатын банктік қарыздың немесе микрокредиттің ең төменгі мөлшері бекітілсін.
Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 27.09.2024 № 77 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.2. Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;
3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген іс-шараның орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
4. Осы қаулы 2024 жылғы 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту Агенттігінің Төрағасы |
М. Абылкасымова |
Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту Агенттігінің Басқармасының 2024 жылғы 16 тамыздағы № 55 Қаулымен бекітілген |
Жеке тұлғаға банктік қарыз немесе микрокредит беруге жұбайының (зайыбының) келісімін алу қағидалары
1. Осы Жеке тұлғаға банктік қарыз немесе микрокредит беруге жұбайының (зайыбының) келісімін алу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 34-бабының 5-2-тармағына, "Микроқаржылық қызмет туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 3-бабының 3-3-тармағына сәйкес әзірленді және екінші деңгейдегі банктердің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың (бұдан әрі – кредитор) жеке тұлғаның жұбайының (зайыбының) осы қаулының 1-тармағының 2) тармақшасында белгіленген ең төменгі мөлшерге тең немесе одан жоғары сомаға, тіркеуге жататын, мүлік кепілімен қамтамасыз етілмеген банктік қарыз немесе микрокредит (бұдан әрі – кредит) беруге келісімін алу тәртібін айқындайды.
2. Жеке тұлғаға (бұдан әрі – клиент) кредит берілгенге дейін кредитор уәкілетті мемлекеттік органның ақпараттық жүйесі (бұдан әрі – АЖ) арқылы клиенттің тіркелген некесінің (ерлі-зайыптылық) бар-жоғы туралы ақпаратты тексереді не кредиттік бюролардан АЖ-да бар ақпаратты алады.
3. Клиентке кредит беруге клиенттің жұбайының (зайыбының) келісімі (бұдан әрі – Келісім) Қағидалардың 2-тармағына сәйкес ақпаратты алған кезде АЖ-да клиенттің тіркелген некесі (ерлі-зайыптылық) туралы ақпарат болған жағдайда талап етіледі, ол жөнінде кредитор "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" немесе "Микроқаржылық қызмет туралы" Қазақстан Республикасы заңдарының баптарына сілтемелерді міндетті түрде көрсете отырып, клиентке және (немесе) оның жұбайына (зайыбына) хабарлайды.
4. Келісім жазбаша еркін нысанда қағаз тасымалдағышта не электрондық нысанда ресімделеді және мынадай міндетті талаптарды қамтиды:
1) Келісімнің ресімделген күні;
2) клиент және оның жұбайы (зайыбы) туралы мәліметтер: тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе) және жеке сәйкестендіру нөмірі;
3) кредит туралы мәліметтер: сомасы, мерзімі, сыйақы мөлшерлемесінің көлемі (жылдық пайызбен не белгіленген сомада), дұрыс, жылдық, тиімді, салыстырмалы есептеу арқылы сыйақы мөлшерлемесінің көлемі.
5. Қағаз тасымалдағышта ресімделетін келісімге клиенттің жұбайы (зайыбы) немесе оның нотариалды куәландырылған сенімхат негізінде әрекет ететін сенім білдірілген адамы қол қояды.
Клиент жұбайының (зайыбының) кредитордың бөлімшесіне келуге мүмкіндігі болмаған кезде Келісімді нотариалдық куәландырылған нысанда қағаз тасымалдағышта беруге жол беріледі.
6. Электрондық түрде ресімделетін келісім кредитордың қашықтан қызмет көрсету бағдарламалық қамтылымы не клиенттің жұбайын (зайыбын) биометриялық идентификаттауды қамтамасыз ете отырып, "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы беріледі.
Кредитордың қашықтан қызмет көрсету бағдарламалық қамтылымын пайдаланған кезде клиенттің жұбайын (зайыбын) биометриялық идентификаттау сәйкестендіру деректерімен алмасу орталығының қызметтерін пайдалану арқылы немесе кредитордың құрылғылары арқылы алынған биометриялық деректер бойынша жүзеге асырылады.
Электрондық түрде ресімделетін Келісімді клиенттің жұбайы (зайыбы) Қазақстан Республикасының аккредиттелген куәландырушы орталығы берген электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландырады.
7. Клиент жұбайының (зайыбының) кредитор келісімінің қолданыс мерзімінің ішінде Қағидалардың 5-тармағының бірінші абзацында және 6-тармағының үшінші абзацында көзделген іс-әрекеттерді жүзеге асырмауы клиенттің жұбайының (зайыбының) клиентке кредит беруден бас тартуы болып табылады.
8. Кредитордың Келісім алуы осындай кредит берілгенге дейін әрбір кредитке талап етіледі.
9. Кредитор Келісімнің клиент банктік қарыз шарты немесе микрокредит беру туралы шарт бойынша міндеттемелерді толығымен орындағанға дейін сақталуын қамтамасыз етеді.