Микрокредит беру туралы шартты жасасу тәртібін, оның ішінде шарттың мазмұнына, ресімделуіне және микрокредиттің толық құны (микрокредит бойынша артық төленетін сома, микрокредит мәні) туралы ақпаратты қамтитын оның бірінші бетіне, микрокредит беру туралы шарттың міндетті шарттарына қойылатын талаптарды, сондай-ақ микрокредитті өтеу кестесінің нысанын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылғы 29 қарашадағы № 232 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2019 жылғы 5 желтоқсанда № 19697 болып тіркелді.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы қаулы 01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі.
      Ескерту. Қаулының тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 16.07.2021 № 83 (01.10.2021 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      "Микроқаржылық қызмет туралы" 2012 жылғы 26 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабының 3-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Мыналар:

      1) осы қаулыға 1-қосымшаға сәйкес Микрокредит беру туралы шартты жасасу тәртібі;

      2) осы қаулыға 2-қосымшаға сәйкес Шарттың мазмұнына, ресімделуіне және микрокредиттің толық құны (микрокредит бойынша артық төленетін сома, микрокредит мәні) туралы ақпаратты қамтитын оның бірінші бетіне, микрокредит беру туралы шарттың міндетті шарттарына қойылатын талаптар;

      3) осы қаулыға 3-қосымшаға сәйкес Микрокредитті өтеу кестесі бекітілсін.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 16.07.2021 № 83 (01.10.2021 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      2. "Микрокредит беру туралы шарттың міндетті талаптарының тізбесін айқындау туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2018 жылғы 29 қазандағы № 264 қаулысының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17886 болып тіркелген, 2018 жылғы 14 желтоқсанда Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде жарияланған) күші жойылды деп танылсын.

      3. Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулы ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) осы қаулы ресми жарияланғаннан кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы қаулының осы тармағының 2) тармақшасында және 4-тармағында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Сыртқы коммуникациялар департаменті – Ұлттық Банктің баспасөз қызметі осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.

      5. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары О.А. Смоляковқа жүктелсін.

      6. Осы қаулы 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Ұлттық Банк
Төрағасы
Е. Досаев

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкі Басқармасының
2019 жылғы 29 қарашадағы
№ 232 қаулысымен
бекітілді

Микрокредит беру туралы шартты жасасу тәртібі, оның ішінде микрокредит беру туралы шарттың мазмұнына, ресімделуіне, міндетті шарттарына қойылатын талаптар, микрокредитті өтеу кестесінің нысаны

      Ескерту. Нысан алып тасталды – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 16.07.2021 № 83 (01.10.2021 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкі Басқармасының
2019 жылғы 29 қарашадағы
№ 232 қаулысына
1-қосымша

Микрокредит беру туралы шартты жасасу тәртібі

      Ескерту. Қаулы 1-қосымшамен толықтырылды – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 16.07.2021 № 83 (01.10.2021 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      1. Осы Микрокредит беру туралы шартты жасасу тәртібі "Микроқаржылық қызмет туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 4-бабының 3-тармағына сәйкес әзірленген және микрокредит беру туралы шартты жасасу тәртібін айқындайды.

      2. Микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымның (микрокредиттер беру қызметін жүзеге асыратын микроқаржы ұйымы, кредиттік серіктестік және ломбард, бұдан әрі – микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйым) қарыз алушыға микрокредит беруіне негіз болатын микрокредит беру туралы шарт Қазақстан Республикасы азаматтық заңнамасының мәміленің жазбаша нысанына қойылатын талаптары ескеріле отырып жасалады.

      3. Жеке тұлғамен микрокредит беру туралы шарт жасасқанға дейін микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйым жеке тұлғаны оның микрокредит алу үшін жүгінген тәсіліне қарамастан жылдық пайызбен сыйақы мөлшерлемесінің мөлшері, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің мөлшері (микрокредиттің нақты құны), микрокредит бойынша артық төлем сомасы туралы хабардар етеді, сондай-ақ қарыз алушының осы шарт бойынша кредиттік досьесіне қоса берілетін, микроқаржы ұйымы жүзеге асырған іс-шаралар тізбесін міндетті түрде белгілей отырып, Заңның 7-бабы 2-тармағының 4) және 5) тармақшаларында көзделген іс-шараларды жүзеге асырады.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 27.09.2024 № 78 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      4. Микрокредит беру туралы шешім қабылдағанға дейін микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйым қарыз алушының кредиттік есебінде оның микрокредит алудан ерікті түрде бас тартуының белгіленгені туралы ақпараттың болуын тексеруді жүзеге асырады.

      Қарыз алушының кредиттік есебінде микрокредит алудан ерікті бас тартуды белгілеу туралы ақпарат болған жағдайда, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйым микрокредит беруден бас тартады.

      Ескерту. Тәртібі 4-тармақпен толықтырылды - ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 29.03.2024 № 17 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      5. Дара кәсіпкер ретінде тіркелген жеке тұлғаға микрокредит берілгенге дейін микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйым микрокредиттер берудің ішкі қағидалары шеңберінде қарыз алушының кредит қабілеттілігін талдау рәсімін жүргізеді.

      Микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйым республикалық бюджет туралы заңмен тиісті қаржы жылына белгіленген екі мың жеті жүз он еселенген айлық есептік көрсеткіштен асатын мөлшерде микрокредит бергенге дейін мынадай факторлардың негізінде қарыз алушының кредит қабілеттілігін талдауды жүзеге асырады:

      қарыз алушының тұрақты және жеткілікті кірісінің болуы;

      несие берешегінің, оның ішінде басқа кредиторлар алдында берешегінің болуы;

      борыш жүктемесі;

      микрокредиттер бойынша төлем тәртібі (кредиттік тарих);

      микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымның скорингтік жүйелеріндегі қарыз алушының рейтингі (бар болса);

      өзге берешектің болуы;

      банктік шоттар бойынша қалдықтар мен операциялар (бар болса);

      ақшаны нысаналы пайдалануы туралы ақпарат;

      микрокредит беруге жұбайының (зайыбының) келісімінің болуы.

      Ескерту. Тәртібі 5-тармақпен толықтырылды – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 27.09.2024 № 77 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкі Басқармасының
2019 жылғы 29 қарашадағы
№ 232 қаулысына
2-қосымша

Шарттың мазмұнына, ресімделуіне және микрокредиттің толық құны (микрокредит бойынша артық төленетін сома, микрокредит мәні) туралы ақпаратты қамтитын оның бірінші бетіне, микрокредит беру туралы шарттың міндетті шарттарына қойылатын талаптар

      Ескерту. Қаулы 2-қосымшамен толықтырылды – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 16.07.2021 № 83 (қолданысқа енгізілу тәртібін 4-т. қараңыз) қаулысымен.

      1. Осы Шарттың мазмұнына, ресімделуіне және микрокредиттің толық құны (микрокредит бойынша артық төленетін сома, микрокредит мәні) туралы ақпаратты қамтитын оның бірінші бетіне, микрокредит беру туралы шарттың міндетті шарттарына қойылатын талаптар (бұдан әрі – Талаптар) "Микроқаржылық қызмет туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 4-бабының 3-тармағына сәйкес әзірленген.

      2. Талаптарда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) кредиттік желі беру (ашу) туралы келісім – қарыз алушының өзіне кредиттік желі беру (ашу) туралы келісімнің ажырамас бөлігі (бөліктері) болып табылатын шартта (шарттарда) микрокредит сомасы мен алу уақытын, бірақ микрокредиттер беру қағидаларында және кредиттік желі беру (ашу) туралы келісімде айқындалған сома және уақыт шегінде айқындауына мүмкіндік беретін талаптармен жасалған микрокредит беру туралы шарт;

      2) шарт – микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымның қарыз алушыға микрокредит беруіне негіз болатын микрокредит беру туралы шарт;

      3) микрокредит бойынша артық төлем сомасы – микрокредит мәнін қоспағанда, сыйақы сомасын, айыпақыны (айыппұлды, өсімпұлды) қоса алғанда, қарыз алушының шарт бойынша барлық төлемдерінің сомасы;

      4) ұйым – микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйым (микрокредиттерді беру қызметін жүзеге асыратын микроқаржы ұйымы, кредиттік серіктестік, ломбард);

      5) сыйақы – ұйымға тиесілі ақшаның жылдық мөлшерінің есебінен микрокредит сомасына қатысты пайыздық көрсеткіш бойынша айқындалған, ұсынылған микрокредит үшін ақы;

      6) қоса қарыз алушы – микрокредит бойынша міндеттемелерді орындауға ортақ жауапты ретінде шарт бойынша әрекет ететін жеке немесе заңды тұлға.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 27.09.2024 № 78 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      3. Шартта шарттардың тиісті түріне арналған Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптар, тараптардың келісуі бойынша айқындалған талаптар, сондай-ақ мынадай міндетті талаптар қамтылады:

      1) шарттың жалпы талаптары;

      2) қарыз алушының құқықтары;

      3) ұйымның құқықтары;

      4) ұйымның міндеттері;

      5) ұйымға арналған шектеулер;

      6) тараптардың міндеттемелерді бұзғаны үшін жауапкершілігі;

      7) шарттың талаптарына өзгерістер енгізу тәртібі.

      4. Шарттың жалпы талаптарында мыналар қамтылады:

      1) шарт жасасқан күн;

      2) ұйымының атауы және қарыз алушы (қоса қарыз алушы) – жеке тұлғаның тегі, аты және әкесінің аты (ол бар болса) немесе қарыз алушы (қоса қарыз алушы) – заңды тұлғаның атауы;

      3) микрокредиттің сомасы (микрокредиттің мәні), кредит желісін ұсыну (ашу) туралы келісім үшін – микрокредиттің жалпы сомасы (микрокредиттің мәні), микрокредит бойынша артық төлем сомасы, микрокредитті пайдалану мақсаты туралы мәліметтер (бар болса), бұл ретте микрокредиттің толық құны (микрокредит бойынша артық төлем сомасы, микрокредиттің мәні) туралы ақпарат шарттың бірінші бетінде көрсетіледі;

      4) микрокредитті өтеу мерзімдері, кредит желісін ұсыну (ашу) туралы келісім үшін – шарттың жалпы мерзімі;

      5) шарт жасалған күнгі жағдай бойынша сыйақы мөлшерлемесінің жылдық пайызбен көрсетілген мөлшері, сондай-ақ Заңның 5-бабының 1-тармағына сәйкес есептелген жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің (микрокредиттің нақты құнының) мөлшері;

      6) микрокредитті өтеу тәсілі: бір уақытта не бөліктермен, қолма-қол ақшамен – касса не электронды терминалдар арқылы, қолма-қол ақшасыз тәсілмен – ұйымның банктік шотының деректемелерін көрсете отырып;

      7) микрокредитті өтеу әдісі (аннуитеттік, дифференциалды немесе микрокредиттерді беру қағидаларына сәйкес басқа әдіс);

      8) микрокредит бойынша берешекті өтеу кезектілігі;

      9) негізгі борыштың уақтылы өтелмегені және сыйақының төленбегені үшін айыпақыны (айыппұлды, өсімпұлды) есептеу тәртібі және мөлшері;

      10) қарыз алушының шарт бойынша міндеттемелерді (ол бар болса) орындауын қамтамасыз ету;

      11) қарыз алушы шарт бойынша міндеттемелерін орындамаған не тиісінше орындамаған жағдайда ұйым қабылдайтын шаралар;

      12) шарттың қолданыс мерзімі;

      13) ұйымның пошталық және электрондық мекенжайы туралы ақпарат, сондай-ақ оның ресми интернет-ресурсы (ол бар болса) туралы деректер;

      14) қарыз алушы – жеке тұлғаның тіркелген жерінің не тұрғылықты жерінің мекенжайы, қарыз алушы – заңды тұлғаның тұрақты жұмыс істейтін органының тіркелген жерінің не орналасқан жерінің мекенжайы;

      15) ұйым шарт бойынша құқықты (талап етуді) үшінші тұлғаға берген кезде Қазақстан Республикасының заңнамасында кредитордың қарыз алушымен шарт шеңберіндегі өзара қатынастарына қойылатын талаптар мен шектеулердің қарыз алушының құқық (талап ету) берілген үшінші тұлғамен құқықтық қатынастарына қолданылатынын көздейтін талап.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 27.09.2024 № 78 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      4-1. Жеке тұлғамен республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің қырық бес еселенген мөлшерінен аспайтын мөлшерде, күнтізбелік қырық бес күнге дейінгі мерзімге жасалған, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырумен байланысты емес микрокредит беру туралы шарттың жалпы талаптары Талаптардың 4-тармағында көрсетілген талаптардан басқа мынадай талаптарды қамтиды:

      1) микрокредит сомасын қайтару және (немесе) микрокредит беру туралы шарт бойынша сыйақы төлеу жөніндегі міндеттемені бұзғаны үшін айыпақының (айыппұлдың, өсімпұлдың) мөлшері мерзімі өткен әрбір күн үшін орындалмаған міндеттеме сомасының 0,3 (нөл бүтін оннан үш) пайызынан аспайды;

      2) микрокредиттің мәнін қоспағанда, микрокредит беру туралы шартта көзделген сыйақы мен айыпақы (айыппұл, өсімпұл) сомасын қоса алғанда, микрокредит беру туралы шарт бойынша қарыз алушының барлық төлемдері жиынтығында микрокредит беру туралы шарттың бүкіл қолданыс кезеңі үшін берілген микрокредит сомасының жартысынан аспайды;

      3) тараптардың келісімі бойынша микрокредит беру туралы шарттың қолданыс мерзімін қолданыстағы немесе жақсартатын талаптармен күнтізбелік 90 (тоқсан) күннен аспайтын мерзімге ұлғайтуға жол беріледі.

      Ескерту. Талаптар 4-1-тармақпен толықтырылды – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 27.09.2024 № 78 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      5. Қарыз алушының құқықтары:

      1) микрокредиттер беру қағидаларымен, ұйымның микрокредиттер беру жөніндегі тарифтерімен танысу;

      2) алынған микрокредитке шартта белгіленген тәртіппен және талаптармен иелік ету;

      3) егер негізгі борышты және (немесе) сыйақыны өтеу күні демалыс не мереке күніне сәйкес келген жағдайда, негізгі борышты және (немесе) сыйақыны айыпақы (айыппұл, өсімпұл) төлеместен, одан кейінгі жұмыс күні төлеу;

      4) шарт бойынша берілген микрокредит сомаларын айыпақы (айыппұл, өсімпұл) төлемей, ұйымға мерзімінен бұрын толық немесе ішінара қайтару;

      5) қарыз алушы – жеке тұлғаның шарты бойынша міндеттемелерді орындау мерзімі өту бастаған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде ұйымға баруы және (немесе) жазбаша нысанда не шартта көзделген тәсілмен шарт бойынша міндеттемелерді орындау мерзімінің өту себептері, кірістері және оның шарттың талаптарына өзгерістер енгізу туралы өтінішіне негіз болатын басқа да расталған мән-жайлар (фактілер) туралы мәліметтерді қамтитын өтініш ұсынуы, оның ішінде мыналармен байланысты:

      шарт бойынша сыйақы мөлшерлемесін азайту жағына қарай өзгерту;

      негізгі борыш және (немесе) сыйақы бойынша төлемді кейінге қалдыру;

      берешекті өтеу әдісін немесе берешекті өтеу кезектілігін, оның ішінде негізгі борышты басым тәртіппен өтей отырып өзгерту;

      микрокредит мерзімін өзгерту;

      мерзімі өткен негізгі борышты және (немесе) сыйақыны кешіру, микрокредит бойынша айыпақының (айыппұлдың, өсімпұлдың) күшін жою;

      тараптардың келісімінде белгіленген мерзімдерде ипотека нысанасы болып табылатын жылжымайтын мүлікті кепіл берушінің дербес сатуы;

      ұйымға кепілге салынған мүлікті беру жолымен шарт бойынша міндеттемені орындаудың орнына бас тарту ұсыну;

      сатып алушыға шарт бойынша міндеттемені бере отырып, ипотеканың мәні болып табылатын жылжымайтын мүлікті өткізу;

      6) қарыз алушы – жеке тұлғаның Талаптардың 7-тармағы 3) тармақшасының төртінші абзацында көзделген ұйымның шешімін алған күннен бастап күнтізбелік он бес күннің ішінде немесе шарттың талаптарын өзгерту туралы өзара тиімді шешімге қол жеткізілмеген жағдайда, бірмезгілде ұйымға хабарлай отырып, уәкілетті органға жүгіну;

      7) қарыз алушы – жеке тұлғаның Заңның 9-1-бабының 4 және 5-тармақтарында көрсетілген тұлғамен келіспеушіліктерді реттеу үшін ұйым осы қарыз алушымен жасалған шарт бойынша құқықты (талапты) басқаға берген жағдайда банк омбудсманына жүгіну;

      8) алынатын қызметтер бойынша даулы жағдайлар туындаған кезде ұйымға жазбаша өтініш жасау мүмкіндігін көздейді.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 27.09.2024 № 78 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      6. Ұйымның құқықтары:

      1) шарттың талаптарын қарыз алушы үшін оларды жақсарту жағына қарай біржақты тәртіппен өзгерту;

      2) қарыз алушы микрокредиттің кезекті бөлігін қайтару және (немесе) сыйақы төлеу үшін белгіленген мерзімді күнтізбелік қырық күннен асыра отырып бұзған кезде микрокредит және ол бойынша сыйақы сомасын мерзімінен бұрын қайтаруды талап ету;

      3) атқару жазбасының негізінде берешекті өндіріп алу.

      Ескерту. 6-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 29.01.2024 № 7 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      7. Ұйымның міндеттері:

      1) шарт бойынша ұйым құқығының (талабының) үшінші тұлғаға өту талаптары (бұдан әрі – талап ету құқығын басқаға беру шарты) қамтылған шартты жасасу кезінде қарыз алушыны (немесе оның уәкілетті өкілін):

      құқықтарды (талаптарды) үшінші тұлғаға беру мүмкіндігі туралы, сондай-ақ шартта көзделген не Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін тәсілмен осындай басқаға беруге байланысты қарыз алушының дербес деректерін өңдеу туралы талап ету құқығын басқаға беру шарты жасалғанға дейін;

      микрокредитті өтеу бойынша бұдан былайғы төлемдердің тағайындалуын, берілген құқықтардың (талаптардың) көлемін, сондай-ақ негізгі борыштың, сыйақының, айыпақының (айыппұлдың, өсімпұлдың) мерзімі өткен және ағымдағы сомаларының қалдықтарының және төленуге жататын басқа да сомаларды көрсете отырып, талап ету құқығын басқаға беру шарты жасалған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде шартта көзделген не Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін тәсілмен құқықтың (талаптың) үшінші тұлғаға (шарт бойынша құқық (талап) өткен тұлғаның атауы және орналасқан жері) өтуі туралы хабардар етуді;

      2) қарыз алушыны шартта көзделген тәсілмен және мерзімде, бірақ мерзімі өткен күннен бастап күнтізбелік жиырма күннен кешіктірмей:

      шарт бойынша міндеттемені орындау бойынша мерзімін өткізіп алудың туындауы және хабарламада көрсетілген күні мерзімі өткен берешектің мөлшерін көрсете отырып, төлемдер енгізу қажеттілігі туралы;

      қарыз алушы-жеке тұлғаның шарт бойынша ұйымға жүгіну құқығы;

      қарыз алушының шарт бойынша өз міндеттемелерін орындамауының салдары жөнінде хабардар етуді көздейді.

      Шартта, егер хабарлама борышкерге шартта көзделген мынадай тәсілдердің бірімен:

      шартта көрсетілген электрондық пошта мекенжайына;

      шартта көрсетілген тұрғылықты жері бойынша оның табыс етілгені туралы хабарламасы бар тапсырыс хатпен жіберілген болса, оның ішінде көрсетілген мекенжайда тұратын отбасының кәмелетке толған мүшелерінің бірі алған болса;

      жеткізілгенін тіркеуді қамтамасыз ететін өзге де байланыс құралдарын пайдалана отырып жіберілсе, ол жеткізілген болып есептеледі деген талап қамтылады;

      3) қарыз алушы – жеке тұлғаның өтінішін алған күннен кейін күнтізбелік он бес күн ішінде шарт талаптарына ұсынылған өзгерістерді қарау және қарыз алушы – жеке тұлғаға жазбаша нысанда не шарт бойынша көзделген тәсілмен:

      шарттың талаптарына ұсынылған өзгерістермен келісуі;

      берешекті реттеу жөніндегі өз ұсыныстары;

      бас тарту себептерінің дәлелді негіздемесін көрсете отырып, шарт талаптарын өзгертуден бас тарту туралы хабарлауды;

      4) ұйым шартта көзделген тәртіппен жақсарту талаптарын қолданған жағдайда шарт талаптарының өзгеруі туралы қарыз алушыны хабардар етуді;

      5) тараптар қол қойған микрокредитті өтеу кестесін шартқа қоса беруді көздейді.

      Қарыз алушының ақшалай міндеттемелері сомасының (мөлшерінің) және (немесе) оларды төлеу мерзімінің өзгеруіне әкелетін микрокредит талаптары өзгерген жағдайда ұйым жаңа талаптар ескерілген, микрокредитті өтеудің жаңа кестесін жасайды және қарыз алушыға береді.

      Осы тармақшаның талаптары, егер микрокредитті өтеу микрокредит мерзімінің соңында біржолғы төлеммен жүзеге асырылған жағдайда, кредиттік желіні беру (ашу) туралы келісімге, сондай-ақ шартқа қолданылмайды.

      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 27.09.2024 № 78 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      8. Ұйымға қойылатын шектеулер:

      1) сыйақы мөлшерлемелерін (оларды төмендету жағдайларын қоспағанда) және (немесе) микрокредитті өтеу әдісі мен тәсілін біржақты тәртіппен өзгертуге;

      2) микрокредит бойынша сыйақы мен айыпақыны (айыппұлды, өсімпұлды) қоспағанда, кез келген төлемдерді белгілеуге және қарыз алушыдан алуға;

      3) ұйымға микрокредит сомасын мерзімінен бұрын толық немесе ішінара қайтарған жеке тұлға болып табылатын қарыз алушыдан микрокредитті мерзімінен бұрын қайтарғаны үшін айыпақыны (айыппұлды, өсімпұлды) және басқа да төлемдерді талап етуге;

      4) шарт бойынша микрокредит сомасын ұлғайтуға;

      5) егер негізгі борышты және (немесе) сыйақыны өтеу күні демалыс не мереке күніне сәйкес келсе, айыпақы (айыппұл, өсімпұл) алуға және негізгі борышты және (немесе) сыйақыны төлеу одан кейінгі келесі жұмыс күнінде жүргізіледі;

      6) кез келген валюта баламасына байланыстыра отырып, теңгемен берілген микрокредит беру туралы шарт бойынша міндеттемелер мен төлемдерді индекстеуге;

      7) микрокредит беру туралы шарт бойынша берешекті өндіріп алу үшін борышкердің шартта көрсетілген мекенжайы бойынша нотариус қызмет ететін аумаққа сәйкес емес нотариусқа атқарушылық жазба жасау туралы өтініш беруге тыйым салуды көздейді.

      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 29.03.2024 № 17 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      9. Кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес микрокредит алатын қарыз алушы-жеке тұлғамен жасалатын шартқа шарттың ажырамас бөлігі болып табылатын титул парағы қоса беріледі.

      Титул парағы шарттың бастапқы беттері түрінде жазылады және көрсетілген жүйелілікпен Тәртіптің 4-тармағының 1), 2), 3), 4), 5), 6), 7) және 9) тармақшаларында көзделген талаптарды қамтиды. Бұл ретте Тәртіптің 3-тармағының 3) тармақшасында көзделген талап шарттың бірінші бетінде жазылады.

      10. Шарттың мәтіні А4 форматты парақтарда, мөлшері 12-ден кем емес "Times New Rоmаn" қарпімен, әдеттегі әріпаралық, бір жоларалық интервалмен және абзац шегіністері қолданыла отырып басылады.

      11. Тәртіптің 4-тармағының 8), 10), 11) және 12) тармақшаларында және 5-тармағының 6) тармақшасында көзделген талаптар шартта көрсетілген жүйелілікпен титул парағынан кейін жазылады.

      Шарт Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (Жалпы бөлім) 389-бабына сәйкес қосылу талаптарымен жасалған жағдайда қарыз алушыға ұсынылатын шарттың бөлігі (қосылу туралы өтініш) Тәртіптің 9-тармағы екінші бөлігінің талаптарына сәйкес келеді, сондай-ақ осы тармақта көзделген шартта тиісті жүйелілікпен көрсетілетін талаптар қамтылады. Бұл ретте қосылу туралы өтініш шарттың титул парағына тең келеді.

      12. Микрокредит беру туралы шартқа тараптар қол қойған микрокредитті өтеу кестесі қоса беріледі.

      Егер қарыз алушы (қоса қарыз алушы) жеке тұлға болып табылса, микрокредит беру күніне жасалған микрокредитті өтеу кестесінде қарыз алушының (қоса қарыз алушының) таңдалған әдіс туралы белгісі бар ұйым ұсынған микрокредитті өтеу әдістерінің тізбесі де болады.

      Микрокредитті өтеу кестесін толтыру жөніндегі талаптар микрокредитті өтеу микрокредит мерзімінің соңында біржолғы төлеммен жүзеге асырылатын шартқа қолданылмайды.

      Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 27.09.2024 № 78 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      13. Микрокредит кредиттік желіні беру (ашу) туралы келісім, сондай-ақ оның шеңберінде кредиттік желіні беру (ашу) туралы келісімнің ажырамас бөлігі (бөліктері) болып табылатын және оның негізінде кезекті микрокредит беру жүзеге асырылатын шарт (шарттар) жасау арқылы берілген жағдайда:

      кредиттік желіні беру (ашу) туралы келісім Тәртіптің 9-тармағы екінші бөлігіне сәйкес келеді;

      кредиттік желіні беру (ашу) туралы келісімде микрокредиттің жалпы сомасы және жалпы мерзімі көрсетіледі;

      Тәртіптің 4-тармағының 1), 2), 3), 4), 5), 7) және 12) тармақшаларында көзделген талаптар шартта көрсетілген жүйелілікпен жазылады. Бұл ретте Тәртіптің 3-тармағының 3) тармақшасында көзделген талап шарттың бірінші бетінде көрсетіледі;

      Тәртіптің 4-тармағының 6), 8), 9), 10), 11) және 13) тармақшаларында, 3-тармағының 6) және 7) тармақшаларында, сондай-ақ 5, 6, 7 және 8-тармақтарында көзделген талаптар кредиттік желіні беру (ашу) туралы келісімде көрсетілген жағдайда оларды шартта қосымша көрсету талап етілмейді.

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкі Басқармасының
2019 жылғы 29 қарашадағы
№ 232 қаулысына
3-қосымша
  Нысан

      ________ ж.____.____. №__________ микрокредит беру туралы шартқа ____ж.______.______. микрокредитті өтеу кестесі

Микрокредитті өтеу кестесі

      Ескерту. Қаулы 3-қосымшамен толықтырылды – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 16.07.2021 № 83 (01.10.2021 бастап қолданысқа енгізіледі); жаңа редакцияда - ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 27.09.2024 № 78 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулыларымен.

  теңге

Төлем күні

Кезеңдегі төлемдер

Негізгі борыш (берешек) қалдығы

Төлем сомасы

оның ішінде


Сыйақы

Негізгі борыш

1

2

3

4

5











Жиынтығы:





Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі:

_______ пайыз

Қарыз алушы таңдаған микрокредитті өтеу әдісі

____________
(аннуитеттік, дифференциалды немесе
микроқаржы ұйымының ішкі
қағидаларына сәйкес басқа әдіс)

Ұйымның деректемелері

Қарыз алушының деректемелері

___________________
(ұйым өкілінің қолы)

_______________________
(қарыз алушының/қарыз
алушы өкілінің қолы)


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады