БҰЙЫРАМЫН:
1. "Бағаларды тіркеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитеті төрағасының 2018 жылғы 26 желтоқсандағы № 16 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 18065 болып тіркелген) мынадай өзгеріс енгізілсін:
Бағаларды тіркеу қағидаларында:
7-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"7. Тауарларға бағалар мамандардың базалық объектілерді аралау жолымен және затбелгілерді (бағалықты) оқу арқылы тіркеледі, қажет болған жағдайда базалық объектілердің қызметкерлерімен консультация немесе базардағы сатушыларға пікіртерім жүргізіледі.
Көрсетілетін қызметтерге бағаларды (тарифтерді) тіркеу бағалар орналастырылған прейскуранттар негізінде тіркелетін базалық объектілерді (шаштараздар мен сұлулық салондарының қызметі, моншаға бару, химиялық тазалау және басқа) аралау жолымен жүзеге асырылады немесе ақылы қызмет көрсететін тұлғаларға (аяқ киім жөндеу, тұрмыстық техниканы жөндеу, киімдерді шақтау, кілттерді жасау және басқа) пікіртерім жүргізу арқылы жүргізіледі.
Тауарлар мен ақылы көрсетілетін қызметтердің жекелеген түрлеріне бағалар (тарифтер) интернет арқылы (жолаушылардың теміржол көлігі мен әуе көлігі қызметі, ұялы байланыс, медициналық қызметтің жекеленген түрлері және басқа) немесе телефон (факс) арқылы тіркеледі. Бағалар туралы ақпаратты телефон арқылы алған кезде олардың қызметкерлерімен жеке байланысты ұстап тұру мақсатында және олардың бағаны анықтау кезінде өкіл тауарларды (көрсетілетін қызметтерді) таңдауы кезінде қателіктерге жол бермеуі мақсатында, сондай-ақ іріктелген өкіл тауарлардың (көрсетілетін қызметтердің) ерекшеліктерінің салыстырмалылығына көз жеткізу үшін мамандар базалық объектілерге кезең-кезеңімен (тоқсанына бір рет) барып тұрады.
Ұзақ уақыт кезеңіне бағаларды (тарифтерді) белгілеу тән болып табылатын ұйымдарға (санаторий, медициналық және білім беру мекемелері, салттық қызмет көрсететін ұйымдар және басқа) көрсетілетін қызметтерге бағалар (тарифтер) туралы ақпаратты беру өтінішімен ресми хат жолданады. Бағалар (тарифтер) ұсынылған прейскуранттар негізінде тіркеледі. Деректердің анықтығын бақылау мақсатында мамандар алынған бағалық ақпаратты растау үшін тоқсанына бір реттен кем емес базалық объектілерге барып тұрады.
Тұрғын үй-коммуналдық қызметтеріне тарифтер тиісті көрсетілетін қызмет түрлеріне төлеу үшін тұрғындарға ұсыналатын төлем құжаттары (түбіртек) негізінде тіркеледі. Тарифтер өзгерген кезде олардың жаңа деңгейі табиғи монополиялар аясында және реттелетін нарық саласында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың және осы қызмет түрлерін көрсететін ұйымдардың бұйрықтарымен расталады.
Жоғарыда келтірілген бағаларды тіркеудің дереккөздеріне қосымша ретінде, Заңның 12-бабы 15-4) тармақшасына сәйкес, меншік иелері немесе иеленушілері ұсынған балама деректер пайдаланылады.".
2. Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Баға статистикасы департаменті Заң департаментімен бірлесіп заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Баға статистикасы департаменті осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының құрылымдық және аумақтық бөлімшелеріне жұмыс бабында басшылыққа алу және пайдалану үшін жеткізсін.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы басшысының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы басшының м.а. |
Ж. Джаркинбаев |