БҰЙЫРАМЫН:
1. "Орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары үшін білім алушылардың үлгеріміне ағымдағы бақылауды, оларды аралық және қорытынды аттестаттауды өткізудің үлгілік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2008 жылғы 18 наурыздағы № 125 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5191 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білімнің білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарындағы білім алушылардың үлгеріміне ағымдық бақылаудың, оларды аралық және қорытынды аттестаттау жүргізудің үлгі қағидаларында:
2-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда жазылсын:
"2-тарау. Білім алушылардың үлгеріміне ағымдағы бақылауды және аралық аттестаттауды жүргізу тәртібі";
мынадай мазмұндағы 35-1-тармақпен толықтырылсын:
"35-1. 5 (6) – 8 (9), 10 (11) сыныптардың білім алушылары аралық аттестаттаудан білім беру ұйымдары басшыларының бұйрықтарымен мынадай жағдайларда босатылады:
1) денсаулық жағдайы бойынша;
2) бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар, оның ішінде бала кезінен мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар балалар;
3) жақын туыстарының қайтыс болуы.
Білім алушыларды аралық аттестаттаудан босату туралы бұйрықтар:
1) осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген білім алушылар санаты үшін "Денсаулық сақтау саласындағы есепке алу құжаттамасының нысандарын, сондай-ақ оларды толтыру жөніндегі нұсқаулықтарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2020 жылғы 30 қазандағы № ҚР ДСМ-175/2020 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21579 болып тіркелген) (бұдан әрі – № ҚР ДСМ-175/2020 бұйрық) бекітілген № 026/е нысанына сәйкес дәрігерлік-консультациялық комиссияның қорытындысы;
2) жақын туыстарының қайтыс болғаны туралы куәлік негізінде шығарылады.
Аралық аттестаттаудан босатылған білім алушылар үшін қорытынды баға ағымдағы оқу жылының жылдық бағасы негізінде қойылады.";
44-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:
"44. 9 (10) сынып білім алушылары үшін емтихан материалдарын (тапсырмалар мен балдарды қою схемасы) облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының білім басқармалары (бұдан әрі – білім басқармалары) дайындайды, орта білім беру ұйымдарының 11 (12) сынып білім алушылары үшін, сондай-ақ республикалық мектептердің 9 (10) және 11 (12) сыныптар білім алушылары үшін Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің "Ұлттық тестілеу орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны (бұдан әрі – ҰТО) дайындайды.
ҰТО әзірленген емтихан материалдары мазмұнының сапасына тәуелсіз бағалау жүргізуді қамтамасыз етеді.
ҰТО емтихан материалдарының электрондық нұсқаларын олардың құпиялылығы мен сақталуын қамтамасыз ете отырып білім басқармаларына және республикалық білім беру ұйымдарына жібереді.
Қорытынды аттестаттаудың мазмұны және күтілетін нәтижелер әр пән мен оқыту тілі бөлінісінде ерекшелікпен регламенттеледі.";
50 және 51-тармақтар жаңа редакцияда жазылсын:
"50. 9 (10) және 11 (12) сыныптардың білім алушылары қорытынды аттестаттаудан білім басқармалары басшыларының бұйрықтарымен, республикалық мектептердің білім алушылары Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің бұйрығымен мынадай жағдайларда босатылады:
1) денсаулық жағдайына байланысты;
2) бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар, оның ішінде бала кезінен мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар балалар;
3) халықаралық олимпиадаларға (жарыстарға) қатысу үшін Қазақстан Республикасының құрама командасына үміткерлер болып табылатын жазғы оқу-жаттығу жиындарына қатысушылар;
4) жақын туыстарының қайтыс болуы.
51. Білім алушыларды қорытынды аттестаттаудан босату туралы бұйрықтар мынадай құжаттар негізінде шығарылады:
1) осы Қағидалардың 50-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген білім алушылар санаты үшін № ҚР ДСМ-175/2020 бұйрығымен бекітілген № 026/у нысанына сәйкес дәрігерлік-консультациялық комиссияның қорытындысы;
2) осы Қағидалардың 50-тармағында көрсетілген білім алушылар санаты үшін мектептің педагогикалық кеңесінің шешімінен көшірме және мектептің қолдаухаты;
3) осы Қағидалардың 50-тармағында көрсетілген білім алушылар санаты үшін "Орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының педагогтері жүргізу үшін міндетті құжаттардың тізбесін және олардың нысандарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 6 сәуірдегі № 130 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізіліміне № 20317 болып тіркелген) бекітілген нысанға сәйкес білім алушылардың оқу үлгерімі табельдерінің (бұдан әрі – табель) түпнұсқасы және көшірмесі. Табельдердің түпнұсқалары оның көшірмесімен сәйкестігі тексерілгеннен кейін мектеп әкімшілігіне қайтарылады.
4) жақын туыстарының қайтыс болуы туралы куәлік.
Осы тармақтың 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген құжаттар мектеп басшысының қолымен және мөрімен расталады.
Қорытынды аттестаттаудан босатылған білім алушылардың қорытынды бағасы ағымдағы оқу жылының жылдық бағаcы негізінде қойылады.".
мынадай мазмұндағы 51-1-тармақпен толықтырылсын:
"51-1. Карантин, әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар немесе аралық және қорытынды аттестаттауға қатысушылардың әрекеттеріне тәуелді емес өзге де мән-жайлар туындаған кезде білім беру саласындағы уәкілетті орган аралық, қорытынды аттестаттауды өткізу нысанын өзгерту және/немесе мерзімдерін ауыстыру не оларды өткізбеу жөнінде шешім қабылдайды.";
52-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:
"52. Негізгі орта білім туралы үздік аттестат алған, негізгі, жалпы орта білім беру бағдарламаларына немесе "Назарбаев Зияткерлік мектептері" дербес білім беру ұйымының (бұдан әрі – "НЗМ" ДББҰ) білім беру бағдарламаларына сәйкес 5 (6) - 11 (12) сыныптарда білім алған кезеңінде барлық пәндер бойынша жылдық және қорытынды бағалары "5", 10 (11)-11 (12)-сыныптар аралығында білім алу кезеңінде барлық пәндер бойынша тоқсандық бағалары "5" болған, жалпы орта білім беру аяқталғаннан кейін қорытынды аттестаттаудан "5" бағасына өткен 11 (12) сынып білім алушыларына № 39 бұйрықпен бекітілген нысанға сәйкес жалпы орта білім туралы "Алтын белгі" аттестаты беріледі.".
53-тармақ алып тасталсын;
73-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:
"73. Тест тапсырмаларының саны мен нысаны, тестілеуге арналған жауап парағының нысаны әр пән, бейін және оқыту тілі бөлінісінде жасалған тест ерекшеліктерімен анықталады. Аттестаттау қорытындысы ерекшеліктерін ҰТО әзірлейді.";
2. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Орта білім беру комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрықты ресми жариялағаннан кейін Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының оқу-ағарту вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің міндетін атқарушы |
Е. Оспан |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Бәсекелестікті қорғау
және дамыту агенттігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Ғылым және жоғары білім министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Еңбек және халықты әлеуметтік
қорғау министрлігі