"Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 44-бабының 9-тармағына, "Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 19 тамыздағы № 580 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 93) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес қоса беріліп отырған Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының алқалы басқару органдары жұмысын ұйымдастырудың үлгілік қағидалары бекітілсін.
2. Мыналардың:
1) "Жоғары оқу орнының ғылыми кеңесі қызметінің үлгілік қағидаларын және оны сайлау тәртібін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің міндетін атқарушының 2007 жылғы 22 қарашадағы № 574 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5038 болып тіркелген);
2) "Әдістемелік (оқу-әдістемелік, ғылыми-әдістемелік) кеңес қызметінің үлгілік қағидаларын және оны сайлау тәртібін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің міндетін атқарушының 2007 жылғы 21 желтоқсандағы № 644 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5090 болып тіркелген) күші жойылды деп танылсын.
3. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін және ол ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім вице-министріне жүктелсін.
5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі |
С. Нурбек |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Ауыл шаруашылығы министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Денсаулық сақтау министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Қорғаныс министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Мәдениет және ақпарат министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Туризм және спорт министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Төтенше жағдайлар министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Ішкі істер министрлігі
Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі 2025 жылғы 1 сәуірдегі № 157 бұйрыққа қосымша |
Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының алқалы басқару органдары жұмысын ұйымдастырудың үлгілік қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының алқалы басқару органдары жұмысын ұйымдастырудың үлгілік қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 44-бабының 9-тармағына, "Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 19 тамыздағы № 580 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 93) тармақшасына сәйкес әзірленді.
2. Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының алқалы басқару органдарының (бұдан әрі - Алқалы органдар) нысандары ғылыми кеңес, әдістемелік кеңес (оқу-әдістемелік, ғылыми-әдістемелік), ғылыми-техникалық кеңес және басқа да нысандар болып табылады.
3. Алқалы органдар өз қызметінде Қазақстан Республикасының заңнамасын, осы Қағидаларды, сондай-ақ жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының (бұдан әрі – ЖЖОКБҰ) жарғысын басшылыққа алады.
2-тарау. ЖЖОКБҰ-ның алқалы басқару органдары жұмысын ұйымдастыру және оларды сайлау тәртібі
4. Алқалы органдар ЖЖОКБҰ басшысының бұйрығымен құрылады.
5. Алқалы басқару органдарының мақсаты жоғары білім беру жүйесінің басым міндеттеріне, ЖЖОКБҰ даму стратегиясына және қызметкерлер мен білім алушылардың қатысуына сәйкес ЖЖОКБҰ қызметін тиімді, ашық және демократиялық басқаруды қамтамасыз ету болып табылады.
6. Алқалы басқару органдарының міндеттері олардың өкілеттіктері шеңберінде алқалы басқару нысандарына сәйкес айқындалады.
Негізгі міндеттерге мыналар жатады:
1) академиялық, тәрбиелік, ғылыми-зерттеу, инновациялық және әкімшілік-шаруашылық қызметтің негізгі мәселелері бойынша шешімдерді қарау, талқылау және қабылдау;
2) білім беру және ғылыми процестерге инновацияларды енгізуге жәрдемдесу;
3) қоғам мен мемлекеттік органдарды қоса алғанда, мүдделі тараптар алдында өз қызметінің ашықтығы мен есептілігін қамтамасыз ету;
4) ортақ мақсаттарға қол жеткізу үшін ЖЖОКБҰ құрылымдық бөлімшелері арасындағы өзара іс-қимылды нығайту;
5) өз бастамасы бойынша немесе ЖЖОКБҰ құрылымдық бөлімшелерінің ұсынысы бойынша академиялық немесе ғылыми қызығушылық тудыратын мәселелерді қарау және олар бойынша тиісті шаралар қабылдау;
6) Алқалы органдар шешімдерінің орындалуын іске асыруды талдау, қол жеткізілген нәтижелерді бағалау және қажет болған жағдайда түзету шараларын қабылдау.
7. Алқалы басқару органдарының құрамына ЖЖОКБҰ басшысы, басшының орынбасарлары, құрылымдық бөлімшелердің басшылары, профессор-оқытушылар құрамының, ЖЖОКБҰ студенттік және қоғамдық ұйымдарының, жұмыс берушілердің өкілдері кіреді. Алқалы органдардың құрамын ЖЖОКБҰ олардың міндеттеріне сәйкес құратын комиссия сайлайды.
8. Алқалы басқару органдарының құрамында кемінде жеті адам болуы тиіс.
9. Алқалы органның төрағасы (бұдан әрі - Төраға) және оның орынбасары Алқалы орган мүшелері арасынан көпшілік дауыспен сайланады. Төраға болмаған жағдайда оның міндеттерін орынбасары атқарады.
10. Төраға оның қызметін "Білім туралы", "Ғылым және технологиялық саясат туралы" Қазақстан Республикасының заңдарына және білім беру және ғылыми қызметті регламенттейтін Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілеріне, сондай-ақ осы Қағидаларға сәйкес үйлестіреді.
11. Хатшыны Алқалы орган сайлайды және Алқалы органның іс қағаздарын жүргізуге жауапты болады.
12. Алқалы орган өз жұмысын оқу жылына (күнтізбелік жылға) бекітілген жұмыс жоспары негізінде оның міндеттеріне сәйкес жүзеге асырады, ол ЖЖОКБҰ-ның ресми сайтында орналастырылады.
13. Алқалы органның отырысында қаралған мәселелердің нәтижелері бойынша қатысып отырған мүшелердің көпшілік даусымен Алқалы органның хаттамамен ресімделетін шешімі қабылданады. Дауыстар тең болған кезде Төрағаның дауысы шешуші болып табылады. Отырыстың хаттамасын Алқалы органның хатшысы отырыстан кейін 3 жұмыс күні ішінде жасайды. Хаттамаға дауыс беруге қатысқан Алқалы органның Төрағасы, хатшысы және барлық мүшелері қол қояды және (немесе) отырысқа қатысқан алқалы органның барлық мүшелері қол қойған келу парағы қоса беріледі және ЖЖОКБҰ-ның ресми сайтында орналастырылады.
14. Алқалы органдар білім алушылардың, профессорлық-оқытушылық құрамның, ЖЖОКБҰ қызметкерлерінің мүддесі үшін әрекет етеді.
15. Алқалы органның шешімі ұсынымдық сипатта болады.