Әдістемелік (оқу-әдістемелік, ғылыми-әдістемелік) кеңес қызметі және оны сайлау тәртібінің үлгі ережесін бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2007 жылғы 21 желтоқсандағы N 644 Бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2008 жылғы 14 қаңтарда Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне N 5090 болып енгізілді.

       Қолданушылардың назарына!!!
      Бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін  4-тармақтан  қараңыз.

       "Білім туралы" Қазақстан Республикасы 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңының  44-бабының  9-тармағына сәйкес  БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Әдістемелік (оқу-әдістемелік, ғылыми-әдістемелік) кеңес қызметі және оны сайлау тәртібінің үлгі ережесі бекітілсін.

      2. "Жоғары оқу орындарының әдістемелік кеңесінің жұмыстарын ұйымдастыру ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің міндетін атқарушының 2005 жылғы 22 тамыздағы  N 554 бұйрығының  (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде N 3825 тіркелген) күші жойылды деп танылсын.

      3. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті (С.М. Өмірбаев) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрық алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      5. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Білім және ғылым вице-министрі К.Н. Шәмшидиноваға жүктелсін.

       Министрдің
      міндетін атқарушы

      "Келісілді"
      Қазақстан Республикасы
      Денсаулық сақтау министрі
      2007 жылғы 26 желтоқсан

Қазақстан Республикасы     
Білім және ғылым министрінің  
2007 жылғы 21 желтоқсандағы   
N 644 бұйрығымен бекітілген   

Әдістемелік (оқу-әдістемелік, ғылыми-әдістемелік) кеңес қызметі және оны сайлау тәртібінің үлгі ережесі

1. Жалпы ережелер

      1. Білім беру ұйымдарында әдістемелік (оқу-әдістемелік, ғылыми-әдістемелік) кеңес қызметі және оны сайлау тәртібінің үлгі ережесі (бұдан әрі-Ереже) "Білім туралы" Қазақстан Республикасы 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңының  44-бабы  9-тармағына сәйкес әзірленген.

      2. Ереже білім беру ұйымдарында басқарудың алқалы органдары болып табылатын әдістемелік ғылыми кеңестің мүшелерін сайлау тәртібін қамтитын әдістемелік кеңес (оқу-әдістемелік, ғылыми-әдістемелік) (бұдан әрі - Кеңес) қызметін ұйымдастыру тәртібін анықтайды.

      3. Кеңес өз қызметінде "Білім туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі  Заңын , білім беру ұйымның жарғысын және осы Ережені басшылыққа алады.

  2. Кеңестің негізгі міндеттері

      4. Кеңестің негізгі міндеттері:
      1) оқу үдерісін әдістемелік қамтамасыз етудің сапа мониторингісін ұйымдастыру;
      2) білім беру ұйымдарында шығарылатын оқу, оқу-әдістемелік және ғылыми-әдістемелік әдебиеттерді, құралдарды және басқа да материалдарды басып шығаруға жоспарлауды, сараптаманы және ұсынымды ұйымдастыру;
      3) білім беру ұйымдарындағы оқу үдерісін әдістемелік қамтамасыз ету және жетілдіру;
      4) оқу-әдістемелік жұмыстарды ұйымдастыру және жетілдіру жөніндегі озық тәжірибелерді қорыту және тарату;
      5) біліктілікті арттыру, педагогикалық және ғылыми кадрларды қайта даярлау және аттестаттау жүйесін жетілдіру, оқу үдерісінің мазмұнын талдау;
      6) сапа менеджменті жүйесін дамыту және оқу үдерісін әдістемелік әзірлемелердің нәтижесін енгізу жөніндегі ұсынымдарды дайындау;
      7) білім беру ұйымдарында әдістемелік жұмыстарды үйлестіру;
      8) білім беру ұйымдарында білім беру үдерісінің жаңа және қолданыстағы технологиялар, әдістер, құралдар нысандарын енгізу және жетілдіру жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру;
      9) оқытушылардың оқу-әдістемелік бірлестіктерінің шығармашылық (тұрақты және уақытша) орталықтарының жұмысын ұйымдастыру;
      10) педагогтік ұжымның ғылыми-әдістемелік әлеуетін жетілдіру жөніндегі жұмыстарды басқару;
      11) білім беруді дамыту және басым бағыттарды қалыптастыру және оны іске асыру мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлеу;
      12) білім беру саласындағы қызметкерлерді аттестаттауға қатысу.

  3. Кеңес қызметінің негізгі бағыттары

      5. Кеңес қызметінің негізгі бағыттары:
      1) мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттары талаптарын ескере отырып жұмыс оқу жоспарлары мен жұмыс оқу бағдарламаларын сараптауын ұйымдастыру;
      2) құрылымдық бөлімшелердің әдістемелік кеңестердің жұмыс жоспарларын қарау және келісу;
      3) жеке пәндер бойынша жұмыс оқу бағдарламаларын талқылау және қолдау;
      4) білім беру ұйымдарда оқу үдерісін қамтамасыз ету үшін әдістемелік қамтамасыз ету мәселелерін қарау;
      5) білім беру ұйымдарда әдістемелік қамтамасыз етуге байланысты нормативтік-құқықтық актілерді жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізу;
      6) оқулықтарды, оқу-әдістемелік құралдарды, оның ішінде электрондық түрде және дидактикалық материалдар ұйымдастыру;
      7) өндіріс пен ғылыми технологиялардың басым бағыттарын болжау негізінде білім беру мамандарының (кәсіптерінің) тізбесін жетілдіру жөнінде ұсыныстарды талқылау;
      8) оқу-тәрбие үдерісін жетілдіруге және педагог қызметкерлеріне, білім беру ұйымдарына практикалық көмек көрсетуге бағытталған әдістемелік жұмыстардың әртүрлі нысандарын енгізу мәселелерін қарау;
      жекелеген пәндер бойынша оқу жұмыс бағдарламаларын талқылау және бекіту;
      9) элективті пәндер каталогын қарау және бекіту;
      10) пререквизит және постреквизиттерді бекіту;
      11) әдістемелік бірлестіктер қызметінің жылдық жоспарларын келісу және бекіту;
      12) білім алушылардың білімін бағалау үшін тест тапсырмаларын және басқа түрлерін әзірлеу және сараптамадан өткізу мәселелері;
      13) білім алушылардың өздік жұмысын және оқытушының қолдауымен өткізілетін өздік жұмыстарды әдістемелік қамтамасыз ету;
      14) оқу-әдістемелік және ғылыми-әдістемелік жұмыстарды жетілдіру бойынша семинарлар, конференциялар, кеңестер ұйымдастыру және өткізу болып табылады.

  4. Кеңестің сайлау және жұмыс тәртібі

      6. Кеңестің құрамына кафедра өкілдері, оқытушылар, оқу-әдістемелік ұйымдардың басшылары, педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру, қайта даярлау және аттестаттау, білім беруді ақпараттандыру жөніндегі құрылымдық бөлімшелер басшылары кіреді. Кеңестің құрамы білім беру ұйымның басшысының бұйрығымен бекітіледі.

      7. Кеңесті оқу-әдістемелік жұмысы жөніндегі басшының орынбасары - Төраға басқарады.

      8. Кеңес мүшелерінен ашық дауысы арқылы хатшы сайланады.

      9. Кеңестің жұмысы әдістемелік кеңестің отырысында қабылданған және білім беру ұйымның бекіткен жылдық жұмыс жоспарына сәйкес жүзеге асырылады.

      10. Кеңестің отырысы екі айда бір рет өткізіледі.

      11. Әдістемелік кеңестің отырысында қаралған мәселенің нәтижесі бойынша қатысып отырған мүшелерінің басым көпшілік дауысымен әдістемелік кеңестің ұсынысы қабылданады және хаттамамен рәсімделеді. Отырыстың хаттамалары мен әдістемелік кеңестің шешімдеріне кеңестің төрағасы мен хатшысы қол қояды.

      12. Егер әдістемелік кеңестің отырысында оның мүшелерінің үштен екі бөлігі қатысып отырса, онда әдістемелік кеңес құқықты өкілетті деп табылады.

      13. Кеңестің төрағасы жылына бір рет Кеңес қызметінің нәтижелері туралы білім беру ұйымдарының педагогикалық, ғылыми кеңесінің алдында есеп береді.

      14. Әдістемелік кеңестің әрбір мүшесі кеңестің барлық отырысына қатысуға, оның жұмысына белсенді араласуға, жүктелген тапсырмаларды уақытылы және нақты орындауға тиісті.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады