ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы бұйрық 01.05.2025 бастап қолданысқа енгізіледі
БҰЙЫРАМЫН:
1. "Жедел медициналық көмек көрсету, оның ішінде медициналық авиацияны тарта отырып, оның қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 30 қарашадағы № ҚР ДСМ-225/2020 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21713 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Жедел медициналық көрсету, оның ішінде медициналық авиацияны тарта отырып, оның қағидаларында:
2-тармақ мынадай мазмұндағы 19-1) тармақшамен толықтырылсын:
"19-1) мобильді бригада - бұл инфекциялық және басқа аурулар кезінде азаматтарға медициналық қызмет көрсетуге бағытталған МСАК мамандарының үйде қызмет көрсету жұмысының нысаны";
11, 12, 13-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"11. Жеделдіктің 4-санатының шақыртулары келіп түскен кезде ЖМК станциясының диспетчері автоматтандырылған басқару жүйесі арқылы шақыртуларды медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарының (бұдан әрі – МСАК ұйымдары) мобильді бригадаларына олардың жұмыс уақытында (жұмыс күндері сағат 08:00-ден 19:00-ге дейін) береді.
МСАК ұйымына қайта жіберілуге жататын шақыруларды тіркеу жұмыс күндері сағат 8.00-ден 19.00-ге дейін, сенбі күні сағат 8.00-ден 12.00-ге дейін жүзеге асырылады.
МСАК-тың жұмыс сағаттарынан тыс жеделдіктің 4-санатының шақыртуларына ЖМКС бригадасы қызмет көрсетеді.
12. ЖМКС диспетчерінен шақырту алған сәттен бастап фельдшерлік және мамандандырылған (дәрігерлік) бригадалардың пациенттің орналасқан жеріне дейін келу уақыты:
1-жеделдік санаты - он минутқа дейін;
2-жеделдік санаты - он бес минутқа дейін;
3-жеделдік санаты - отыз минутқа дейін;
4-жеделдік санаты - алпыс минутқа дейін;
МСАК ұйымдары жанындағы мобильді бригадалар - алпыс минутқа дейін.
13. МСАК ұйымының мобильді бригадалары МСАК ұйымының қызмет көрсету аймағындағы адамдарға жұмыс уақытында (сағат 08:00-ден 20:00-ге дейін) медициналық көмек көрсетеді.";
14, 15, 16, 17 және 18-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"14. Халыққа жеделдіктің 4-санатының шақыртулары пациенттің нақты болу орны бойынша бекітілуіне қарамастан көрсетіледі.
Ауылдық елді мекендерде мобильді бригадалардың шақыртуларына қызметті осы көрсетілген қызметті аутсорсингке беру жолымен ЖМК көрсетуге лицензиясы бар медициналық ұйымдарға немесе денсаулық сақтау субъектілеріне жол беріледі.
МСАК ұйымдарында мобильді бригадалар кезек күттірмейтін медициналық көмек көрсету үшін 25 мың халыққа шаққанда 1 (бір) мобильді бригада есебінен құрылады (жеделдіктің 4 (төртінші) санаты)). Ұйымға бекітілген халық саны 25 мыңнан аз болған кезде кемінде 1 (бір) мобильді бригада құрылады. Мобильді бригадалар саны эпидемиологиялық жағдайдың өзгеруіне байланысты ұлғаяды.
15. ЖМКС бригадалары және МСАК мобильді бригадалары қызметкерлерінің өмірі мен денсаулығына қауіп төнетін жағдайларда шақыртуға қызмет көрсету аумақтық ішкі істер органдары өкілдерінің қатысуымен жүзеге асырылады.
Аумақтық ішкі істер органдарының өкілдері болмаған жағдайда ЖМКС бригадалары мен МСАК мобильдік бригадалары диспетчерге рация және (немесе) мобильдік байланыс арқылы өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрғаны туралы хабарлайды. Шақыртуға одан әрі қызмет көрсету аумақтық ішкі істер органдары өкілдерінің қатысуымен жүзеге асырылады.
16. Қарап-тексеру, аспаптық диагностика, жүргізілген емдеу іс-шараларының шеңберінде немесе одан кейін пациенттің жай-күйінің динамикасы деректерінің нәтижелері бойынша осы жай-күйдің себептерін көрсететін алдын ала диагнозға сәйкес ЖМКС бригадасының фельдшері немесе дәрігері мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:
пациентті стационарлық көмек көрсететін медициналық ұйымға (бұдан әрі – стационар) тасымалдау;
пациент шақырту жерінде қалды;
пациент үйде қалды (тұрғылықты жері бойынша).
17. Емдеуге жатқызуға мұқтаж емес пациент шақырту жерінде немесе үйде қалдырған жағдайда ЖМКС бригадасы немесе МСАК ұйымының мобильдік бригадасы одан әрі МСАК ұйымына (тұрғылықты немесе бекітілген жері бойынша) жүгіну үшін медициналық ұсынымдар береді.
18. Пациент ауырған және учаскелік дәрігердің оған үйге актив арқылы баруы қажет болған жағдайда ЖМКС бригадасының дәрігері, фельдшері немесе МСАК ұйымының мобильді бригадасы МСАК ұйымына ақпарат (актив) береді";
20-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"20. ЖМКС бригадасы пациентті стационарға тасымалдау туралы шешім қабылдаған жағдайда ЖМКС диспетчері пациенттің жеткізілетіні туралы стационардың қабылдау бөлімшесіне хабарлайды.
Мобильді бригада пациентті стационарға тасымалдау туралы шешім қабылдаған жағдайда мобильді бригада ЖМКС бригадасын шақыртуды өздері жүзеге асырады.";
23, 24, 25, 26, 27-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"23. ЖМКС бригадасының фельдшері немесе дәрігері Кодекстің 7-бабының 31) тармақшасына сәйкес бекітілген нысан бойынша пациенттің жедел және кезек күттірмейтін медициналық көмекті шақыру картасында жеткізу уақытын белгілейді.
24. Стационарға келгеннен кейін ЖМКС бригадасының фельдшері немесе дәрігері қабылдау бөлімшесінің тіркеу постына Кодекстің 7-бабының 31) тармақшасына сәйкес бекітілген нысан бойынша жедел медициналық көмек станциясының ілеспе парағын береді.
25. Пациентті тапсырғаннан кейін ЖМКС бригадасының фельдшері немесе дәрігері ЖМКС диспетчеріне шақыртудың аяқталғаны туралы хабарлайды.
26. ЖМКС бригадасының стационардың қабылдау бөлімшесінде болу уақыты төтенше жағдайларда жедел медициналық көмек көрсету қажеттігін қоспағанда, стационарға келген сәттен бастап 10 минуттан (пациентті қабылдау бөлімшесінің дәрігеріне беру уақыты) аспайды.
27. ЖМКС бригадалары пациентті стационардың қабылдау бөлімшесіне тапсырғаннан кейін мейіргер шұғыл медициналық көмек көрсетудің бірінші кезектілігін негізге ала отырып, келіп түскен пациенттерді (триаж-жүйесі бойынша медициналық сұрыптау) топтарға бөлуді жүргізеді.";
36-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"36. Медицина персоналының жедел жұмысын, санитариялық автокөлік пен медициналық жабдықты ұтымды пайдалануды қамтамасыз ету мақсатында жергілікті атқарушы органдар қолда бар ЖМКС автопаркінің 10 % мөлшерінде резервтік санитариялық автокөліктің болуын көздейді.
Санитариялық автокөлік мынадай кластарға бөлінеді:
А класы: медицина персоналының алып жүруімен шұғыл пациент болып табылмайтын пациенттерді емдеу іс-шараларын жүргізуге және тасымалдауға арналған санитариялық автокөлік;
В класы: дәрігерлік (фельдшерлік) бригада күштерімен жедел медициналық көмектің емдеу іс-шараларын жүргізуге, ауруханаға дейінгі кезеңде пациенттерді тасымалдау мен олардың жай-күйіне мониторинг жүргізуге арналған санитариялық автокөлік;
С класы: мамандандырылған бригада күштерімен реанимациялық іс-шараларды және қарқынды терапияны жүргізуге, сондай-ақ білікті мамандарды және (немесе) пациенттерді тасымалдауға арналған санитариялық автокөлік (реанимобиль).";
41, 42-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"41. Меншік нысанына және бекітілген халық санына қарамастан МСАК ұйымдары жұмыс уақытында қоңырауларға қызмет көрсету үшін мобильді бригадалар құрады.
Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың ЖМКС халық саны ескеріле отырып, 10 мың және одан аз халыққа шаққанда 1 бригада есебінен жарақтандырылады. Санитариялық автокөлік радиобайланыспен және навигациялық жүйемен жарақтандырылады.
42. ЖМК бригадаларының және МСАК ұйымдарының мобильдік бригадаларының жеделдіктің 4-санатының шақыртуларына жедел медициналық көмек көрсетуі бригаданың пациентті шақырту жеріне уақтылы жеткізуді қамтамасыз ететін МСАК ұйымының "А" класты санитариялық автокөлігін және (немесе) ЖМКС немесе МСАК ұйымдарының медициналық көмегінің мамандандырылмаған жеңіл автокөлігін пайдалануды көздейді.";
44, 45-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"44. Облыстардың ЖМКС құрамына білікті мамандарды және (немесе) санитариялық автокөлікпен науқасты тасымалдауға байланысты ЖМК және медициналық көмек көрсететін ЖМК станциясы, ЖМК қосалқы станциялары, ЖМК аудандық бөлімшелері және медициналық авиация бөлімшесі кіреді. Республикалық маңызы бар қалалардың және астананың ЖМКС құрылымына ЖМК станциясы және ЖМК қосалқы станциялары кіреді.
Облыс орталықтарындағы облыстық станция және республикалық маңызы бар қалалардағы қалалық станция өңірдегі жедел және кезек күттірмейтін медициналық көмек қызметінің үйлестірушісі болып табылады.";
45. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың ЖМКС құрамында өңірдің ішкі істер және халықты азаматтық қорғау органдарының қызметтерімен, ЖМК қосалқы станцияларымен, МСАК ұйымының мобильді бригадаларымен, медициналық ұйымдардың қабылдау бөлімшелерімен жедел байланыс құралдарымен қамтамасыз етілетін Call-орталықтар (колл-орталықтар) құрылады және ауруханаға дейінгі кезеңде медициналық көмек көрсету мәселелері бойынша халықты хабардар етеді.";
47 және 48-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"47. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың ЖМКС осы Қағидаларға 5-қосымшаға сәйкес медициналық бұйымдармен және дәрілік заттармен қамтамасыз етіледі және қажетті қоры бар.
ЖМК бригадаларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ЖМКС мамандары қажет болған жағдайда пациенттерге қызмет көрсету жерінде және стационарға пациентті тасымалдау барысы бойынша қабылдау бөлімшесінің медицина персоналына бергенге дейін айналасындағы жағдайды аудио-бейне тіркеу үшін рациялармен, мобильді камералармен жарақтандырылады.
ЖМК бригадасы медициналық бұйымдармен және дәрілік заттармен (бұдан әрі – МБ мен ДЗ) жоғарыда көрсетілген қосымшаға сәйкес кезекшілікке шақырту алдында қамтамасыз етіледі. Әрбір жұмсалатын препарат АБЖ-да тіркеледі және медициналық жәшіктерді жасақтау бөлімінде немесе станцияның/қосалқы станцияның жанармай құю кабинетінде жинақталады. Кейін ЖМК-ның басқа ауысымына МБ мен ДЗ тапсыру - қабылдау журналындағы үзінді көшірмелер арқылы беріледі.
48. Халыққа ЖМК қызметтерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін облыстың мемлекеттік денсаулық сақтауды басқарудың жергілікті органдарының шешімі бойынша жетуі қиын елді мекендердің (жолдардың болмауы, таулы жерлер, тік бұрышты көтерілетін жолдар, маусымдық табиғи-климаттық жағдайлар), медициналық көмекке қол жеткізуі шалғайда орналасқан учаскелерде облыстық және қалалық ЖМКС-ның қосымша қосалқы станциялары (бөлімшелері) құрылады.
Дәрігерлік бригадалардың құрамына: қарқынды терапия, оның ішінде балалар халқына мамандандырылған (дәрігерлік) бригадалары;
бейінді бригадалар (кардиологиялық, педиатриялық) кіреді.";
59-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"59. Медициналық авиация бөлімшесінің диспетчері:
тұрақты әуеайлақтары жоқ елді мекендерде әуе кемесіне арналған қону алаңдарын ұйымдастыруға қатысады.";
69-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"69. Медициналық көмек көрсету мақсатында әуе көлігін пайдалану Үйлестіруші ұйым мен әуе кемелерін пайдаланушылар арасында жасалған шарттар негізінде жүзеге асырылады.";
көрсетілген Қағидаларға 2-қосымшада:
16-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"16. ЖМК бригадасын қызмет көрсетуге жатпайтын жағдайда шақыртқан кезде диспетчер МСАК ұйымына жүгінуді ұсынады не шақыртуды оның жұмыс уақытында МСАК ұйымына қайта жібереді.";
2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрықты "Ұлттық ақпараттық технологиялар" акционерлік қоғамына, "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес акционерлік қоғамына, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарына жіберуді;
4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық 2025 жылғы 1 мамырдан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі |
А. Альназарова |