ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 4 т. қараңыз
"Жылу энергетикасы туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 24-бабының 2-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Жылумен жабдықтау субъектілері мен жылу энергиясын тұтынушылардың өзара іс-қимыл жасау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Электр энергетикасын дамыту департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты ресми жариялағаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалғаны туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының энергетика вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін Қағидалардың 30-тармақтың 5) тармақшасы мен 47-тармақтың 6) тармақшасын қоспағанда, 2025 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
Қазақстан Республикасы Энергетика министрі |
Е. Аккенженов |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономикасы министрлігі
Қазақстан Республикасы Энергетика министрі 2025 жылғы 4 сәуірдегі № 145-н/қ бұйрығымен бекітілді |
Жылумен жабдықтау субъектілері мен жылу энергиясын тұтынушылардың өзара іс-қимыл жасау қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Қағидалар "Жылу энергетикасы туралы" Қазақстан Республикасының Заңының (бұдан әрі – Заң) 24-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленді және жылумен жабдықтау субъектілері мен жылу энергиясын тұтынушылардың өзара іс-қимыл жасау тәртібін, жылумен жабдықтаудың әртүрлі жүйелерінің ерекшеліктерін ескере отырып айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі терминдер мен ұғымдар пайдаланылады:
1) жеке жылумен жабдықтау жүйесі – жеке тұрғын үйді жылыту мұқтаждығы үшін орталықтандырылған және жергілікті жылумен жабдықтау жүйелерінің жылу желілеріне қосылмай, бірден-бір тұтынушыны автономды жылу энергиясы көзінен жылу энергиясымен қамтамасыз ететін жылумен жабдықтау жүйесі;
2) жергілікті жылумен жабдықтау жүйесі – бір жеке немесе заңды тұлғаға тиесілі не кондоминиум объектісінің ортақ мүлкінің құрамына кіретін және орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесінің желілері болып табылмайтын жылу желілері арқылы бір немесе бірнеше жылу энергиясы көзінен бір немесе бірнеше жылу энергиясын тұтынушы үшін жұмыс істейтін жылумен жабдықтау жүйесі;
3) жылумен жабдықтау – тұтынушыларды жылу энергиясымен, жылу жеткізгішпен қамтамасыз ету, оның ішінде жылу қуатын ұстап тұру;
4) жылумен жабдықтаудың авариялық броні – технологиялық процесі толық тоқтатылған, жылу энергиясын тұтынушының жылу тұтыну қондырғыларының персонал мен қоршаған орта үшін қауіпсіз жай-күйін қамтамасыз ететін, ең аз тұтынылатын жылу қуаты немесе жылу энергиясының мөлшері;
5) жылумен жабдықтауды дамыту схемасы – Заңға сәйкес әзірленетін және бекітілетін, тиісті аумақтың ерекшеліктері ескеріле отырып, жылу энергиясымен қамтамасыз ету жөніндегі көрсетілетін қызметті ұсынуға перспективалық қажеттілікті қамтамасыз ету мақсатында тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жылу энергетикасын дамыту жөніндегі әрекеттер кешенін сипаттайтын және негіздейтін құжат;
6) жылумен жабдықтау жүйесі – жылу жеткізгішті өндіруге, тасымалдауға және пайдалануға арналған қондырғылар кешені;
7) жылумен жабдықтау субъектілері – жылу өндіруші және жылу тасымалдаушы субъектілер;
8) жылумен жабдықтаудың технологиялық броні – уақыт ұзақтығы сағатпен есептелетін технологиялық өндіріс процесі аяқталғаннан кейін тиісті жылу тұтынатын қондырғылар ажыратылуы және жылумен жабдықтаудың авариялық броніне дейін төмендетілуі мүмкін осы процесті аяқтау үшін жылу энергиясын тұтынушыға қажетті ең аз тұтынылатын жылу қуаты;
9) жылу желісі – жылу энергиясын жылу энергиясы көздерінен жылу тұтынатын қондырғыларға дейін беру мақсатында жылу жеткізгішті тасымалдауға және оның ағынын реттеуге арналған құбыржолдар мен құрылғылар (орталық жылу пункттерін, сорғы станцияларын қоса алғанда) жүйесі;
10) жылу жеткізгіш – жылу энергиясын тасымалдау үшін пайдаланылатын сұйық немесе газ тәрізді зат (бу, ауа, су және басқа да заттар);
11) жылу қуаты – жылу энергиясының көзімен өндірілуі, жылу желілері арқылы берілуі және (немесе) жылу энергиясын тұтынушы уақыт бірлігі ішінде қабылдауы мүмкін жылу энергиясының мөлшері;
12) жылу өндіруші субъект – Заңға сәйкес жылу энергиясын өндіру жөніндегі қызметті жүзеге асыратын дара кәсіпкер немесе заңды тұлға;
13) жылу тасымалдаушы субъект – Заңға сәйкес жылу энергиясын тасымалдау және (немесе) өткізу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын дара кәсіпкер немесе заңды тұлға;
14) жылу энергиясының көзі – жылу энергиясын өндіруге арналған жылу электр орталығы, қазандықтар және басқа да құрылғылар және (немесе) қондырғылар;
15) жылу энергетикасының субъектілері – жылумен жабдықтау субъектілері және жылу энергиясын тұтынушылар;
16) жылу энергиясын тасымалдау – жылу энергиясын және (немесе) жылу жеткізгішті қабылдауды және оны жылу энергиясының көзінен жылу энергиясын тұтынушыға дейін жеткізуді қамтитын жылу энергиясын беру және тарату;
17) жылу энергиясын тұтынушы (бұдан әрі – тұтынушы) – Заңға сәйкес жылу энергиясын өзі тұтыну және (немесе) қосалқы тұтынушыға одан әрі сату үшін сатып алатын жеке немесе заңды тұлға;
18) қосалқы тұтынушы – жылу желілері және (немесе) жылу тұтынатын қондырғылары тұтынушының жылу желілеріне жалғанған тұтынушы;
19) орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесі – тұтынушылардың жиынтық қосылған жүктемесі жиырма мегаваттан асатын жылу желілері арқылы тұтынушыларға жылу жеткізгішті тасымалдай отырып, бір немесе бірнеше жылу энергиясының көзінен жылумен жабдықтайтын жүйе;
20) тікелей тұтынушы – жылу желілері жылу өндіруші субъектінің жылу энергиясы көздерінің коллекторларына қосылған және (немесе) жылу өндіруші субъектінің жылу энергиясы көздерінің бу құбырына қосылған тұтынушы.
Осы Қағидаларда пайдаланылатын өзге де ұғымдар мен анықтамалар Қазақстан Республикасының жылу энергетикасы саласындағы заңнамасына сәйкес қолданылады.
2-тарау. Жылумен жабдықтау субъектілері мен тұтынушылардың өзара іс-қимыл жасау тәртібі
3. Жылумен жабдықтау субъектілері мен тұтынушылар мынадай жылумен жабдықтау жүйелерінде:
1) орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесінде;
2) жергілікті жылумен жабдықтау жүйесінде;
3) жеке жылумен жабдықтау жүйесінде өзара іс-қимыл жасайды.
4. Орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесінің қатысушылары жылу энергетикасының субъектілері болып табылады.
5. Жылу өндіруші субъектілер жылу энергиясын және (немесе) жылу жеткізгішті өзі тұтыну және (немесе) жылу тасымалдаушы субъектілерге және (немесе) тікелей тұтынушыларға, сондай-ақ бар болса, олардың қосалқы тұтынушыларына сату үшін өндіруді жүзеге асырады.
6. Жылу тасымалдаушы субъектілер тұтынушылар үшін жылу энергиясын беруді және бөлуді және (немесе) жылу энергиясын тұтынушыларға өткізуді жүзеге асырады.
7. Жылумен жабдықтау субъектілері жылу энергиясымен жабдықтау бойынша көрсетілетін қызметтерді жүзеге асырады.
8. Жергілікті жылумен жабдықтау жүйесіне қатысушылардың құрамын жергілікті жылумен жабдықтау жүйесінің меншік иесі айқындайды.
9. Жеке жылумен жабдықтау жүйесінің қатысушылары тұрмыстық мақсатта өз қажеттіліктері үшін жылу энергиясын өндіруді жүзеге асыратын тұтынушылар болып табылады.
10. Орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйелері жылу энергиясын тұтынушыларды қосу технологиясы бойынша және жылу жеткізгішті тасымалдаудың температуралық режимдері бойынша ерекшеленеді және мыналарға:
1) жылумен жабдықтау жүйелерінен ыстық суды тікелей тарта отырып, сумен орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйелері – ашық жүйелерге;
2) жергілікті (үй ішінде) немесе орталық (үй тобына) жылу пункттерінде орналастырылатын ыстық сумен жабдықтау жылу алмастырғыштары бар сумен орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйелері – жабық жүйелерге;
3) орталық жылу пункттеріндегі бу-су жылу алмастырғыштар арқылы су жылу желілерін қоса отырып, бумен орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйелеріне бөлінеді.
Бұл ретте орталықтандырылған жылумен жабдықтаудың су жүйелері екі құбырлы жүйе бойынша жылыту және ыстық сумен жабдықтау қажеттіліктеріне жылу энергиясын бірлесіп беру қағидаты бойынша жұмыс істейді.
11. Жылыту және желдету жүйелерінде тұтынушылардың жылу тұтынатын қондырғыларында үй-жайлар ішіндегі температураны реттейтін жеке автоматты құрылғылар болмаған кезде сыртқы ауаның температурасына байланысты жылу жүктемесі бойынша жылу жеткізгіштің температурасын реттеу қолданылады.
12. Жылу энергиясын жылумен және ыстық сумен жабдықтауға жылумен жабдықтау субъектілері бірлесіп жіберген кезде берілетін "Ғимараттар мен құрылыстардың ішкі су құбыры және кәрізі" ҚР ҚН 4.01-01-2011 және "Жылу желілері" ҚР ҚН 4.02-04-2013 сәйкес мынадай деңгейде айқындалады:
жабық жылумен жабдықтау жүйелері үшін – кемінде 70 °С;
ашық жылумен жабдықтау жүйелері үшін – кемінде 60 °С.
13. Жылыту бойынша көрсетілетін қызметке құнды қайта есептеу кезінде сыртқы ауа температурасының жоғарылауына қарай температуралық графиктің үзілу нүктесінен берілетін құбырдағы судың температурасы жабық жылумен жабдықтау жүйелері үшін – 70°С (тұрақты) және ашық құбырлар үшін – 60 °с (тұрақты) тең болып қабылданады.
14. Ашық жылумен жабдықтау жүйелерінде жылу энергиясының шығысын есепке алу нүктесінде ыстық сумен жабдықтауға арналған судың температурасын реттегіштер болмаған кезде "Ғимараттар мен құрылыстардың ішкі су құбыры және кәрізі" ҚР ҚН 4.01-01-2011 және "Жылу желілері" ҚР ҚН 4.02-04-2013 талаптарын басшылыққа алу қажет.
15. Сыртқы ауаның төмен температуралары ұзақ тұрған кезде (сыртқы ауаның температурасынан бастап, жеткізуші құбырдағы 95°С температураға сәйкес) – бес тәуліктен артық ыстық сумен жабдықтау жүйесін кері құбырға ауыстыру ұсынылады.
16. Орталық жылумен жабдықтау жүйесіне қосылу схемаларын таңдау кезінде жабық және тәуелсіз жылумен жабдықтау жүйесі басым болып табылады.
17. Жаңадан салынып жатқан орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйелері жабық және тәуелсіз жылумен жабдықтау жүйесі бойынша жұмысты ескере отырып жобаланады.
3-тарау. Жылумен жабдықтау субъектілері мен тұтынушылар арасындағы өзара іс-қимыл жасау барысында жасалатын құжаттар
18. Орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйелерінің қатысушылары арасында мынадай шарттар:
1) Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2019 жылғы 24 шілдедегі № 58 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 18889 болып тіркелген) (бұдан әрі – № 58 бұйрық) Жылу өндіруші субъектілер мен жылу тасымалдаушы субъектілер немесе тікелей тұтынушылар арасында жасалатын жылу энергиясын өндіру бойынша қызметтер көрсетуге арналған үлгілік шарт;
2) № 58 бұйрығымен бекітілген бір жағынан тұтынушы мен екінші жағынан Табиғи монополиялар саласындағы уәкілетті органның бұйрығымен бекітілген Жылу энергиясын өткізуді жүзеге асыратын жылумен жабдықтау субъектілері арасында жасалатын жылу энергиясын өткізу жөніндегі қызметтерді көрсетуге арналған үлгілік шарт (бұдан әрі – Жылу энергиясын өткізу жөніндегі шарт) жасалады.
19. Бір мезгілде жылу өндіруші және жылу тасымалдаушы субъектілер болып табылатын жылумен жабдықтау субъектілері осы Қағидалардың 18-тармағының 1) тармақшасында көзделген шартты жасаспайды.
20. Шарттар осы Қағидалардың 18-тармағында көрсетілген үлгілік шарттар негізінде жасалады.
21. Шарттарда Заңда және осы Қағидаларда көзделген міндетті талаптарды қамтиды және тараптардың келісімі бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін елді мекендердің табиғи, климаттық, гидрогеологиялық және өзге де факторларына байланысты өзге де талаптардан тұрады.
22. Жылу өндіруші субъект жылу энергиясын өндіру жөніндегі қызметтерді көрсетуге жылу тасымалдаушы субъектімен және (немесе) тікелей тұтынушымен:
1) жылу тасымалдаушы субъектінің жылу желілеріндегі жылу энергиясының ысыраптарын өтеуге пайдаланылатын;
2) жылумен жабдықтау шарттары бойынша жеткізілетін жылу тасымалдаушы субъектінің желілеріне қосылған тұтынушыларға берілетін жылу энергиясының көлеміне шарт жасалады.
23. Жылумен жабдықтау субъектілер мен тұтынушылар арасындағы жасалатын шарттарға сәйкес жылумен жабдықтау субъектісі қосылған желі арқылы сандық және сапалық параметрлерге сәйкес келетін жылу энергиясын және (немесе) жылу жеткізгішті береді.
24. Тұтынушы тұтынылған жылу энергиясы және (немесе) жылу жеткізгіш үшін ақы төлейді, пайдаланылатын жылу желілерінің тиісті техникалық жай-күйі және қауіпсіздігі, жылу энергиясын және (немесе) жылу жеткізгішті коммерциялық есепке алудың жылу тұтыну қондырғылары мен аспаптарын, сондай-ақ шартта белгіленген тұтыну режимінің сақталуын қамтамасыз етеді.
25. Шарт тұтынушы жылу желілеріне жылу тұтынатын қондырғылар немесе тұтынушының жылу желілері тікелей немесе жылу тасымалдаушы субъектінің жылу желілері арқылы қосылған жылумен жабдықтау субъектісімен жасайды.
26. Орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйелерінде жылу энергиясын беруге және (немесе) бөлуге арналған тарифтерді есептеу кезінде тікелей тұтынушыларға жылу энергиясын жеткізу көлемі есепке алынбайды.
27. Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2014 жылғы 18 желтоқсандағы № 211 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10234 болып тіркелген) Жылу энергиясын пайдалану қағидаларына (бұдан әрі – Жылу энергиясын пайдалану қағидалары) сәйкес жылу энергиясын өткізу жөніндегі шарты тұтынушымен жылу тасымалдаушы субъектінің жылу желілеріне қосылған қажетті жабдық болған кезде жасалады.
4-тарау. Орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйелеріндегі қосылудың техникалық шарттары
28. Жылумен жабдықтау субъектілерінің (немесе жылумен жабдықтау субъектілері болуға ниеті бар адамдардың) жылу энергиясы көздерін және (немесе) жылу желілерін қосуға арналған техникалық шарттарды жылу тасымалдаушы субъект мынадай:
1) жаңадан енгізілетін жылу энергиясы көзін және (немесе) жылу желілерін қосу;
2) қолданыстағы жылу энергиясы көзінің және (немесе) жылу желілерінің оларды реконструкциялауға немесе кеңейтуге байланысты және қолданыстағы техникалық шарттарға сәйкес келмейтін жылу қуатының өзгеруі;
3) бұрын қосылмаған жылу энергиясы көзінің және (немесе) жылу желілерінің қосылуы жағдайларында береді.
29. Тұтынушыларды орталықтандырылған және жергілікті жылумен жабдықтау жүйелеріндегі қосу үшін техникалық шарттар Жылу энергиясын пайдалану қағидалардың талаптарына сәйкес беріледі.
30. Техникалық шарттарды алу үшін жылумен жабдықтау субъектісі немесе ол болуға ниеті бар тұлға (бұдан әрі – Тапсырыс беруші) жылу тасымалдаушы субъектіге өтінім береді. Өтінімде:
1) объектінің атауы;
2) объектінің орналасқан жері;
3) Тапсырыс беруші ұйымның толық атауы, мекенжайы және телефоны;
4) жобаланатын объектіні сипаттайтын деректер, оны салудың нормативтік мерзімдері, объектіні пайдалануға берудің белгіленген мерзімдері;
ЗҚАИ-ның ескертпесі!30-тармақтың 5) тармақшасы 01.01.2027 бастап қолданысқа енгізіледі осы бұйрықтың 4-т. сәйкес.
5) объектінің жылумен жабдықтауды дамытудың бекітілген схемасына сәйкестігі туралы ақпарат көрсетіледі.
31. Жылу тасымалдаушы субъект тапсырыс берушіден өтінім алғаннан кейін 10 (он) жұмыс күніне дейінгі мерзімде жаңадан салынып жатқан объектілерді, олардың кезектерін (іске қосу кешендерін) жылу желілеріне қосуға, қолданыстағы жылу энергиясының көздерін және Тапсырыс берушінің жылу желілерін реконструкциялауға техникалық шарттар береді.
32. Техникалық жағдайларда Тапсырыс берушінің жылу энергиясын өндіру және (немесе) тасымалдау объектісін жылу желілеріне қосуға мыналар:
1) қолданыстағы жылу желілеріне қосылу нүктесі (нүктелері), босатылатын (тасымалданатын) жылу энергиясының мөлшерін реттеу тәсілі;
2) жылу жеткізгіштің параметрлері және қосылу нүктесіндегі (нүктелеріндегі) гидравликалық режимі;
3) қолданыстағы жылу желісінің өткізу қабілетін ұлғайту қажеттілігінің негіздемесі (қажет болған жағдайда);
4) қайтарылатын өндірістік конденсаттың саны, сапасы және айдау режимі, конденсатты жинау және қайтару схемасы (қажет болған жағдайда);
5) жылу энергиясын коммерциялық есепке алу аспаптарын орнату жөніндегі талаптар көрсетіледі.
33. Тапсырыс беруші және (немесе) оның жобалау және құрылыс ұйымдары жылу тасымалдаушы субъект берген техникалық шарттарды орындайды.
Жылумен жабдықтау жүйелерін салу және реконструкциялау жөніндегі жұмыстар "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 68-бабына сәйкес орындалады.
34. Техникалық шарттардың қолданылу мерзімі жылу энергиясы көздері мен жылу желілерін жобалау және салудың нормативтік мерзімдерін ескере отырып белгіленеді.
35. Объектілерді, олардың кезектерін немесе іске қосу кешендерін салу жобалары құрылыс алаңын таңдау және жобалауға тапсырма дайындау сатысында жылу тасымалдаушы субъектімен келісіледі және объектіні жылу желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарда көрсетіледі.
Объектіні, оның кезегін немесе іске қосу кешенін жобалау кезінде техникалық шарттардан ауытқу қажеттілігі туындаған жағдайларда, бұл ауытқулар жылу тасымалдаушы субъектімен келісіледі.
36. Техникалық шарттарда көрсетілген талаптармен келіспеген жағдайда Тапсырыс беруші энергетикалық сараптама жүргізу үшін сараптама жасау ұйымына жүгінеді. Сараптама ұйымы жылу тасымалдаушы субъектіге жүгінген кезде Тапсырыс берушінің өтініші негізінде жылу тасымалдаушы субъект сұратылған мәліметтерді ұсынады.
Тапсырыс беруші техникалық шарттарда көрсетілген талаптардың негізсіздігі туралы энергетикалық сараптама қорытындысының негізінде берілген техникалық шарттарды қайта қарау туралы өтінішті (бұдан әрі – Өтініш) энергетикалық сараптама қорытындысын қоса бере отырып, жылу тасымалдаушы субъектіге еркін нысанда жібереді.
Өтінішті қарау қорытындысы бойынша жылу тасымалдаушы субъект осы Қағидалардың 31-тармағында көрсетілген мерзімдерде техникалық шарттар береді.
Жылу тасымалдаушы субъект өтінішті қарау нәтижелерімен келіспеген жағдайда оған шағымдану Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде (бұдан әрі – ӘРПК) белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
37. Техникалық шарттарды беру және қайта ресімдеу үшін ақы алынбайды.
38. Тапсырыс беруші жылу тасымалдаушы субъектіге жылу желілерінің, жылу көзінің, есепке алу аспаптарының жобаларын келісуге жібереді.
Жылу тасымалдаушы субъект жоба ұсынылғаннан кейін 10 (он) жұмыс күні ішінде оны келіседі немесе дәлелді бас тартуды береді.
Дәлелді бас тарту жоба объектіні жылу желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарға немесе жылу энергетикасы саласындағы нормативтік құқықтық актілерге сәйкес келмегенде беріледі.
39. Объект иесі өзгерген кезде жаңа меншік иесі меншік құқығы тіркелген сәттен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде жылу тасымалдаушы субъектіге меншік иесінің ауысқаны туралы жазбаша нысанда хабарлайды. Меншік иесі ауысқан кезде бұрын берілген техникалық шарттарды қайта ресімдеу жүргізілмейді.
Осы Қағидалардың 18-тармағында көзделген шарттар және баланстық тиесілік пен пайдалану жауапкершілігінің шекараларын бөлу актілері қайта ресімдеуге жатады.
40. Объектіні жылу желілеріне іс жүзінде қосуды тараптардың баланстық тиесілілігі мен пайдалану жауапкершілігінің шекараларын бөлу актісін ресімдеуді қоса алғанда, осы Қағидаларға сәйкес қосу жөніндегі жұмыстарды орындағаннан кейін Тапсырыс берушінің жазбаша өтініші бойынша жылу тасымалдаушы субъект жүзеге асырады.
5-тарау. Орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесінде жылу энергиясын өндіру және тұтыну режимдерін жылдық жоспарлау
41. Орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесінде жылу энергиясын өндіру және тұтыну режимдерін жылдық жоспарлауды (бұдан әрі – режимдерді жылдық жоспарлау) жылу тасымалдаушы субъект жүзеге асырады.
42. Жылумен жабдықтау субъектілері жылу тасымалдаушы субъектіге деректерді береді және осы тараудың ережелеріне сәйкес режимдерді жылдық жоспарлау процесіне қатысады.
43. Режимдерді жылдық жоспарлау орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйелерінің жылу қуаты мен энергиясының келісілген айлық жылдық жоспарлы теңгерімін (бұдан әрі – жылдық теңгерім) әзірлеуден тұрады және мынадай:
1) жылу энергиясы мен қуатты тұтынуды жоспарлау;
2) жылу энергиясын және қуатты тұтынуды жабу мүмкіндігін бағалау;
3) жылу энергиясын өндірушілердің қуаты мен энергиясын жоспарлау;
4) жылдық теңгерімді жергілікті атқарушы органмен келісу кезеңдерін қамтиды.
44. Жылу энергиясы мен қуатын тұтынуды жоспарлау жоспарланғанның алдындағы жылдың 1 (бірінші) тамызына дейін тұтынушылар топтары бойынша мынадай:
1) тұтынушыларды жылумен жабдықтау объектілерінің қосылған қуаты, кВт;
2) тұтынушылар саны;
3) ең жоғары тұтыну қуаты, кВт;
4) жылу энергиясын тұтыну, кВтсағ көрсеткіштері бойынша (ай сайын) жүзеге асырылады.
Жылу энергиясы мен қуатын тұтынуды жоспарлау кезінде алдыңғы кезеңдердегі нақты деректер және тұтынушылардың өтінімдері (жоспарлары) ескеріледі.
45. Жылу энергиясын және қуатты тұтынуды жабу мүмкіндігін бағалау үшін жылу өндіруші субъектілер жоспарлы жылдың алдындағы жылдың 1 (бірінші) тамызына дейін жылу тасымалдаушы субъектіге өзінің әрбір жылу энергиясы көзі бойынша орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесінде (жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын жылу энергиясы көздерін қоса алғанда) мынадай көрсеткіштерді (ай сайын) береді:
1) жылу энергиясын өндірудің қолда бар қуаты, МВт;
2) жұмыс жылу қуаты, МВт;
3) резервтік жылу қуаты, МВт;
формула бойынша анықталатын жылу энергиясын өндірудің отын компоненті:
Ст = bтэ * Цт * 7000 / KTт, теңге / МВт.с,
мұндағы bтэ - жылу энергиясы көзімен жылу энергиясын өндіруге (босатуға) шартты отынның нормативтік (нысаналы) үлес шығыны, кг.у.т/кВт.сағ (м3 / кВт.сағ);
Цт - жылу энергиясы көзінің отынының жоспарлы (болжамды) бағасы, теңге/кг (теңге/м3);
KTт - жылу энергиясы көзінің отынының жоспарлы (болжамды) калория мөлшері, ккал/кг (ккал/м3).
4) тікелей тұтынушылардың жылу тұтыну қондырғыларының қосылған қуаты, МВт;
5) жылу энергиясы көзіне тікелей қосылған тұтынушылар саны;
6) тікелей тұтынушылардың жылу тұтыну қондырғыларының ең жоғары қуаты, МВт;
7) тікелей тұтынушылардың жылу энергиясын тұтынуы, кВтсағ.
46. Жылу энергиясы мен қуатын тұтынуды жабу мүмкіндігін бағалауды және жылу өндіруші субъектілердің өндіріс көлемі мен қуатын жоспарлауды осы жүйеде жұмыс істейтін жылумен жабдықтау субъектілері мен сараптама ұйымдары өкілдерінің қатысумен жергелікті атқарушы органның төралығымен жұмыс тобы шеңберінде жылу тасымалдаушы субъект жүргізеді.
47. Орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесінде жылу энергиясын және қуатты тұтынуды жабу мүмкіндігін бағалау кезінде мыналар:
1) жылу энергиясының әртүрлі көздерімен жылу энергиясын өндіруге кепілдік беру;
2) жылу желілерін өткізу қабілеті және (немесе) гидравликалық режим бойынша шектеулер;
3) жылу энергиясы көздерінің қуат резервінің қажетті шамасы;
4) жылу энергиясы көздері мен жылу желілері жабдықтарын жоспарлы жөндеудің алдын ала кестесі;
5) жылу желілеріндегі жылу энергиясы ысыраптарының нормативтік мәні;
ЗҚАИ-ның ескертпесі!47-тармақтың 6) тармақшасы 01.01.2027 бастап қолданысқа енгізіледі осы бұйрықтың 4-т. сәйкес.
6) жылумен жабдықтауды дамыту схемасы ескеріледі.
48. Жылу энергиясын өндірушілердің қуаты мен энергиясын жоспарлау жылу энергиясының әрбір көзі бойынша мынадай көрсеткіштерді (ай сайын) жоспарлау жолымен орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесіндегі жылу энергиясы мен қуатын тұтынуды жабу мүмкіндігін бағалау нәтижелері негізінде жүргізіледі:
1) ең жоғары тұтыну қуаты, МВт;
2) резервтік қуат, МВт;
3) жылу энергиясын өндіру (босату), кВтсағ.
49. Осы Қағидалардың 45-тармағында көрсетілген жылу энергиясы көздері арасында қуат пен энергияның әртүрлі бөлінуіне мүмкіндік беретін факторлар болған кезде жылу өндіруші субъектілердің қуаты мен энергиясын жоспарлау үшін жылу энергиясы өндірісінің отын құрамдас бөлігінің ең төменгі өлшемшарт пайдаланылады.
Қуат пен энергия жылу энергиясы өндірісінің отын құрамдас бөлігінің ұлғайту тәртібімен жылу энергиясы көздері арасында бөлінеді.
Қуат пен энергияны бөлу кезінде жылу тасымалдаушы субъектінің меншігіндегі (басқаруындағы) жылу энергиясының көздеріне артықшылық берілмейді.
50. Жылу энергиясын өндірудің отын құрамдас бөлігі тең болған кезде қуат пен энергияны бөлу кезінде мыналарға (келесі ретпен):
1) жаңартылатын отын көздерін пайдаланатын жылу энергиясы көздеріне;
2) қазбалы отынмен электр және жылу энергиясын аралас өндіру объектілеріне;
3) қазба отынындағы жылу энергиясының көздеріне басымдық беріледі.
51. Жылу тасымалдаушы субъект әзірлеген жылдық баланс жоспарлы жылдың алдындағы жылдың 1 (бірінші) қыркүйегіне дейін жергілікті атқарушы органға келісуге жолданады.
Жылдық балансқа еркін нысандағы түсіндірме жазба және жылдық балансқа негіздейтін материалдар қоса беріледі.
52. Жылдық баланс жергілікті атқарушы органмен келісім бойынша жылу тасымалдаушы субъект түзетеді.
Келісілген жылдық баланс жоспарлы жылдың алдынғы жылдың дейінгі жылдың 15 (он бесінші) қыркүйегіне дейін жергілікті атқарушы органның атына жіберіледі.
53. Жылу қуаты мен энергияның келісілген ай сайынғы жылдық жоспарлы балансы мыналар:
1) тиісті жылумен жабдықтау субъектілері арасында жылу энергиясын сатып алу-сатудың және (немесе) тасымалдаудың жоспарлы (болжамды) көлемдерін, сондай-ақ тұтынушыларды жылу энергиясымен жабдықтаудың жоспарлы (болжамды) көлемдерін айқындау;
2) тұтынушыларды жылумен жабдықтау объектілерінің жоспарлы (болжамды) қосылған қуатын айқындау;
3) орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесіндегі барлық жылумен жабдықтау субъектілері үшін жоспарлы жылға арналған жылу энергиясына тарифтерді есептеу және негіздеу;
4) жылу өндіруші субъектілердің қазба отынындағы жылу энергиясы көздері үшін жоспарлы жылға арналған отынның жеткізілімі мен қорларының жоспарлы көлемдерін айқындау үшін пайдаланылады.
54. Жылумен жабдықтау субъектілері арасындағы режимдерді жылдық жоспарлау мәселелері бойынша дауларды осы ұйымдардың өтініші бойынша ӘРПК көздеген тәртіппен уәкілетті орган қарайды.
55. Есепті жылдан кейінгі жылдың 1 (бірінші) мамырына дейін жылу тасымалдаушы субъект ауытқу себептерін көрсете отырып, жекелеген құрамдас бөліктер бөлінісінде өз аумағындағы жылу қуаты мен энергияның жылдық жоспарлы теңгерімінің нақты орындалуына талдау жүргізеді. Талдау нәтижелері жергілікті атқарушы органға жіберіледі, сондай-ақ келесі жылға жылдық жоспарлы теңгерімді дайындау кезінде пайдаланылады.
6-тарау. Орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесінде жылу энергиясын өндіру және тұтыну режимдерін айлық жоспарлау
56. Орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесінде жылу энергиясын өндіру және тұтыну режимдерін айлық жоспарлауды (бұдан әрі – режимдерді айлық жоспарлау) жылу тасымалдаушы субъект жүзеге асырады.
57. Жылумен жабдықтау субъектілері жылу тасымалдаушы субъектіге деректерді береді және осы тараудың ережелеріне сәйкес режимдерді айлық жоспарлау процесіне қатысады.
58. Режимдерді айлық жоспарлау орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесінің жылу энергиясы мен қуатының нақтыланған айлық теңгерімін (бұдан әрі – айлық теңгерім) әзірлеуден тұрады және мынадай:
1) жылу энергиясы мен қуатты тұтынуды жоспарлау;
2) жылу энергиясын және қуатты тұтынуды жабу мүмкіндігін бағалау;
3) жылу энергиясын өндірушілердің жылу энергиясын өндірудің қуаты мен көлемін, сондай-ақ оны тасымалдау көлемін жоспарлау кезеңдерін қамтиды.
59. Орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесінде жылу энергиясы мен қуатын тұтынуды жоспарлау жоспарланғанға дейінгі айдың 10-күніне дейін тұтынушылар топтары бойынша мынадай көрсеткіштер бойынша:
1) тұтынушылардың жылу тұтыну қондырғыларының қосылған қуаты, МВт;
2) тұтынушылар саны;
3) ең жоғары тұтыну қуаты, МВт;
4) жылу энергиясын тұтыну, кВтсағ жүзеге асырылады.
Жылу энергиясы мен қуатын тұтынуды жоспарлау кезінде алдыңғы кезеңдердегі нақты деректер (трендтер), жылу энергиясын тұтынушылардың өтінімдері (жоспарлары), ауа райы болжамы және басқа да қолда бар ақпарат ескеріледі.
Жылумен жабдықтау субъектілерімен жүргізілген келісім бойынша, аталған жоспарлау онкүндік бойынша жүзеге асырылады.
60. Бағалары (тарифтері) мемлекеттік реттеуге жататын жылу өндіруші субъектілер жылу энергиясын және қуатты тұтынуды жабу мүмкіндігін бағалау үшін жоспарлы айдың алдындағы айдың 10 (оныншы) күніне дейін жылу тасымалдаушы субъектіге өзінің әрбір жылу энергиясы көзі бойынша (жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын жылу энергиясы көздерін қоса алғанда) мынадай көрсеткіштерді береді:
1) жылу энергиясын өндірудің қолда бар қуаты, МВт;
2) жылу энергиясын өндірудің ең жоғары кепілдендірірілген қуаты, МВт;
3) жоспарлы айдың нақтыланған деректері үшін осы Қағидалардың 45-тармағында көрсетілген формула бойынша айқындалатын жылу энергиясы өндірісінің отын құрамдас бөлігі, теңге/Мвтсағ;
4) отынның нормативтік, жоспарлы және нақты қоры (қазба отынындағы жылу энергиясы көздері үшін);
5) жылу энергиясы көзіне тікелей қосылған тұтынушыларды жылумен жабдықтау объектілерінің қосылған қуаты, МВт;
6) жылу энергиясы көзіне тікелей қосылған тұтынушылар саны;
7) жылу энергиясы көзіне тікелей қосылған тұтынушылардың ең жоғары қуаты, МВт;
8) жылу энергиясының көзіне тікелей қосылған тұтынушылардың жылу энергиясын тұтынуы, кВтсағ.
Жылу тасымалдаушы субъектінің талабы бойынша Қағидалардың осы тармағында көрсетілген деректер онкүндік бойынша ұсынылады.
Жылу өндіруші субъектілер, сондай-ақ жылу тасымалдаушы субъектіге жылу энергиясын өндіруге жоспарлы айға белгіленген бағаларды (тарифтерді) береді.
61. Жылу өндіруші субъектілердің, оның ішінде өндірістік процестердің артық жылуын кәдеге жарату жолымен жылу энергиясын өндіретін субъектілердің жылумен жабдықтаудың орталықтандырылған жүйесінде жылу энергиясының әрбір көзі бойынша жылу тасымалдаушы субъектіге жоспарлы айдың алдындағы айдың 10 (оныншы) күніне дейін мынадай көрсеткіштерді беруге құқығы бар:
1) сатуға арналған жылу энергиясын өндірудің қолда бар қуаты, МВт;
2) сату үшін жылу энергиясын өндірудің ең жоғары кепілдендірілген қуаты, МВт.
Жылу тасымалдаушы субъектіге көрсетілген деректер онкүндік бойынша беріледі.
62. Жылу энергиясы мен қуатын тұтынуды жабу мүмкіндігін бағалауды және орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесінде жылу энергиясын өндірушілердің қуаты мен энергиясын жоспарлауды жылу тасымалдаушы субъект жүргізеді. Бұл ретте:
1) жылу энергиясының әртүрлі көздерімен жылу энергиясын өндіруге кепілдік беру;
2) жылу желілерін өткізу қабілеті және (немесе) гидравликалық режим бойынша шектеулер;
3) жылу энергиясы көздері жабдықтарының және жылу желілерінің жоспарлы жөндеу графигі;
4) жылу желілеріндегі жылу энергиясы ысыраптарының нормативтік мәні;
5) отынмен қамтамасыз етілуі (қазбалы отынмен жылу энергиясының көздері үшін) ескеріледі.
63. Жылу энергиясын өндірушілердің қуаты мен энергиясын жоспарлау жылу энергиясының әрбір көзі бойынша мынадай көрсеткіштерді жоспарлау жолымен орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесіндегі жылу энергиясы мен қуатын тұтынуды жабу мүмкіндігін бағалау нәтижелері негізінде жүргізіледі:
1) ең жоғары қуат, МВт;
2) резервтік қуат, МВт;
3) жылу энергиясын өндіру (босату), кВтсағ.
Жылумен жабдықтау субъектілерімен жүргізілген келісім бойынша, аталған жоспарлау онкүндік бойынша жүзеге асырылады.
64. Осы Қағидалардың 60-тармағында көрсетілген факторлар болған кезде жылу энергиясы көздері арасында қуат пен энергияның әртүрлі бөлінуіне мүмкіндік береді, қуат пен энергия жылу энергиясы өндірісінің отын құрамдас бөлігін (жылу энергиясын сату бағасын) ұлғайту тәртібімен жылу энергиясы көздері арасында бөлінеді. Жылу тасымалдаушы субъект қуат пен энергияны бөлу кезінде меншіктегі (басқарудағы) жылу энергиясының көздеріне артықшылық бермейді.
65. Жылу энергиясын өндірудің отын құрамдас бөлігі (сату бағасы) тең болған кезде қуат пен энергияны бөлу кезінде мыналарға:
1) жаңартылатын отын көздерін пайдаланатын жылу энергиясы көздеріне;
2) өндірістік процестердің артық жылуын кәдеге жарататын жылу энергиясының көздеріне;
3) қазбалы отынмен электр және жылу энергиясын аралас өндіру объектілеріне;
4) қазба отынындағы жылу энергиясының көздеріне басымдық беріледі (басымдықты төмендету тәртібімен) басымдық беріледі.
66. Әзірленген жылу тасымалдаушы айлық баланс жоспарланғанға дейінгі айдың 25 (жиырма бесінші) күніне дейін мониторинг жүргізу үшін жергілікті атқарушы органға ұсынылады.
67. Әзірленген айлық баланс жылу энергиясын өндіру және (немесе) тасымалдау көлемін айқындау үшін пайдаланылады.
Мемлекеттік баға реттеуге жатпайтын жылу өндіруші субъектілердің жылу энергиясы осы Қағидалардың 61-тармағына сәйкес олар ұсынған жылу энергиясын сату бағалары бойынша сатып алынады.
68. Жылумен жабдықтау субъектілері арасындағы, оның ішінде режимдерді айлық жоспарлау мәселелері бойынша дауларды осы ұйымдардың өтініші бойынша уәкілетті орган ӘРПК көздеген тәртіппен қарайды.