Балқаш қалалық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
1. Балқаш қалалық мәслихатының "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" 2023 жылғы 3 қарашадағы № 8/71 шешіміне (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №6512-09 болып тіркелген) мынадай өзгеріс енгізілсін:
көрсетілген шешімнің 1-қосымшасы осы шешімнің қосымшасына сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қалалық мәслихат төрағасы | А. Муслымов |
Балқаш қалалық мәслихатының 2025 жылғы 27 наурыздағы № 20/168 шешіміне қосымша |
|
Балқаш қалалық мәслихатының 2023 жылғы 3 қарашадағы №8/71 шешіміне 1-қосымша |
Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау Қағидасы
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау Қағидасы (бұдан әрі – Қағида) "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы", "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасының Заңдарына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы №523 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" Қаулысына (бұдан әрі –Үлгілік Қағида) сәйкес әзірленді және әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың тәртібін белгілейді.
2. Осы Қағидада пайдаланылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:
1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" (бұдан әрі – мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсету, мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштерді қабылдау және олардың нәтижелерін көрсетілетін қызметті алушыға беру жөніндегі жұмысты "бір терезе" қағидаты бойынша ұйымдастыру, мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;
2) арнайы комиссия – мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек алуға үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша республикалық маңызы бар қала, астана, аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;
3) әлеуметтік көмек – жергілікті атқарушы органмен мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі – алушылар), сондай-ақ атаулы күндер мен мереке күндеріне орай ақшалай немесе заттай нысанда көрсететін көмек;
4) әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган – республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың, қаладағы ауданның, аудандық маңызы бар қаланың әлеуметтік көмек көрсетуді жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органы;
5) әлеуметтік көмек төлеу жөніндегі уәкілетті ұйым – екінші деңгейдегі банктер, банк операцияларының тиісті түрлеріне қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның лицензиясы бар ұйымдар, "Қазпошта" акционерлік қоғамының аумақтық бөлімшелері;
6) ең төмен күнкөріс деңгейі – шамасы бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға шаққандағы ең төмен ақшалай кіріс;
7) жан басына шаққандағы орташа кіріс – отбасының бір айдағы жиынтық кірісінің отбасының әрбір мүшесіне тура келетін үлесі;
8) мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;
9) мерекелік күндер (бұдан әрі – атаулы күндер) – Қазақстан Республикасының кәсіптік және өзге де мерекелері;
10) уәкілетті мемлекеттік орган – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес халықты әлеуметтік қорғау саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қызметін реттеуді, бақылау функцияларын жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
11) учаскелік комиссия – атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш жасаған тұлғалардың (отбасылардың) материалдық жағдайын зерттеп-қарау үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктер әкімдерінің шешімімен құрылатын арнаулы комиссия;
12) шекті мөлшер – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері;
13) цифрлық құжаттар сервисі – "электрондық үкімет" ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының операторға бекітіп берілген және ақпараттандыру объектілерінен алынған мәліметтер негізінде қалыптастырылған электрондық түрдегі құжаттарды көрсетуге және пайдалануға арналған объектісі;
14) "электрондық үкімет" веб-порталы (бұдан әрі – портал) – нормативтік құқықтық базаны қоса алғанда, барлық шоғырландырылған үкіметтік ақпаратқа және электрондық нысанда көрсетілетін мемлекеттік және өзге де қызметтерге қол жеткізудің "ортақ терезесі" дегенді білдіретін ақпараттандыру объектісі;
15) электрондық цифрлық қолтаңба (бұдан әрі – ЭЦҚ) – электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың анықтығын, оның тиесілігін және мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын электрондық цифрлық нышандар жиынтығы.
3. Әлеуметтік кодекстің 71-бабының 4-тармағында, 170-бабының 3-тармағында, 229-бабының 3-тармағында, "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында, 11-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында, 12-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында, 13-бабының 2) тармақшасында, 17-бабында көрсетілген тұлғаларға әлеуметтік көмек осы Қағидаларда көзделген тәртіппен көрсетіледі.
4. Әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мезгіл-мезгіл (ай сайын, тоқсан сайын, жартыжылдықта 1 рет, жылына 1 рет) көрсетіледі.
5. Әлеуметтік көмек көрсету үшін мереке күндерінің және атаулы күндерінің тізбесі:
1) Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің шығарылған күні-15 ақпан;
2) Халықаралық әйелдер күні-8 наурыз;
3) Қазақстан халқының бірлігі мерекесі-1 мамыр;
4) Отан қорғаушы күні-7 мамыр;
5) Жеңіс күні-9 мамыр;
6) Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні- 31 мамыр;
7) Қарттар күні-1 қазан;
8) Мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау күні - қазан айының екінші жексенбісі;
9) Республика күні-25 қазан;
10) Тәуелсіздік күні-16 желтоқсан.
6. Учаскелік және арнайы комиссиялар өз қызметін облыс әкімдігі бекітетін ережелердің негізінде жүзеге асырады.
2 тарау. Әлеуметтік көмек алушылар санаттарының тізбесін айқындау және әлеуметтік көмектің мөлшерлерін белгілеу тәртібі.
7. Алушылар санаттарының тізбесі, әлеуметтік көмектің шекті мөлшерлері, мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының әлеуметтік көмекке жүгіну мерзімдері:
1) 15 ақпан - Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерлерінің шектеулі контингенті шығарылған күніне:
оқу жиындарына шақырылған және Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезеңде жiберiлген әскери мiндеттiлерге 200 (екі жүз) мың теңге мөлшерінде;
Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезеңде осы елге жүк жеткiзу үшiн жiберiлген автомобиль батальондарының әскери қызметшiлерiне 200 (екі жүз) мың теңге мөлшерінде;
бұрынғы КСР Одағының аумағынан Ауғанстанға жауынгерлiк тапсырмалармен ұшқан ұшу құрамының әскери қызметшiлерiне 200 (екі жүз) мың теңге мөлшерінде;
Ауғанстандағы кеңестік әскери контингентке қызмет көрсеткен, жарақат, контузия алған немесе мертіккен не ұрыс қимылдарын қамтамасыз етуге қатысқаны үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталған жұмысшылар мен қызметшiлеріне 200 (екі жүз) мың теңге мөлшерінде;
Ауғанстандағы немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген басқа да мемлекеттердегi ұрыс қимылдары кезiнде жаралануы, контузия алуы, мертігуі, ауруға шалдығуы салдарынан қаза тапқан (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшiлердiң отбасыларына 200 (екі жүз) мың теңге мөлшерінде;
бұрынғы КСР Одағын қорғау, әскери қызметтің өзге де міндеттерін басқа кезеңдерде атқару кезінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан немесе майданда болуына байланысты, сондай-ақ Ауғанстанда немесе ұрыс қимылдары жүргізілген басқа да мемлекеттерде әскери қызметін өткеру кезінде ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген әскери қызметшілерге 200 (екі жүз) мың теңге мөлшерінде;
2) 8 наурыз- Халықаралық әйелдер күніне:
көп балалы ананың жәрдемақысын алушыларға 20 (жиырма) мың теңге мөлшерінде;
3) 1 мамыр-Қазақстан халқының бірлігі мерекесіне:
жасына байланысты зейнетақы мен жәрдемақы мөлшерлері Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген ең төменгі зейнетақы мөлшерінен аспайтын әлеуметтік жәрдемақылар мен зейнетақылар алатындарға 20 (жиырма) мың теңге мөлшерінде;
4) 7 мамыр – Отан қорғаушы күніне:
бұрынғы КСР Одағының үкiметтік органдарының шешiмдерiне сәйкес басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысқан Кеңес Армиясының, Әскери-Теңiз Флотының, Мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетiнiң әскери қызметшiлерiне, бұрынғы КСР Одағы Iшкi iстер министрлiгiнiң басшы және қатардағы құрамының адамдарына (әскери мамандар мен кеңесшiлердi қоса алғанда) 200 (екі жүз) мың теңге мөлшерінде;
1992 жылғы қыркүйек – 2001 жылғы ақпан аралығындағы кезеңде Тәжікстан-Ауғанстан учаскесінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының шекарасын қорғауды күшейту жөніндегі мемлекетаралық шарттар мен келісімдерге сәйкес міндеттерді орындаған Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне 200 (екі жүз) мың теңге мөлшерінде;
2003 жылғы тамыз – 2008 жылғы қазан аралығындағы кезеңде Ирактағы халықаралық бітімгершілік операцияға бітімгерлер ретінде қатысқан Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне 200 (екі жүз) мың теңге мөлшерінде;
1986 – 1991 жылдар аралығындағы кезеңде Таулы Қарабақтағы этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан әскери қызметшілер, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағы ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына 200 (екі жүз) мың теңге мөлшерінде;
1986 – 1987 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтарға тiкелей қатысқан адамдарға 200 (екі жүз) мың теңге мөлшерінде;
1988 – 1989 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарларын жоюға қатысушылар қатарындағы, қоныс аудару күні құрсақта болған балаларды қоса алғанда, оқшаулау және көшіру аймақтарынан Қазақстан Республикасына қоныс аударылған (өз еркімен кеткен) адамдарға 200 (екі жүз) мың теңге мөлшерінде;
Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың, ядролық сынақтардың салдарынан мүгедектік белгіленген адамдар және мүгедектігі ата-анасының бірінің радиациялық сәуле алуымен генетикалық байланысты олардың балаларына 200 (екі жүз) мың теңге мөлшерінде;
қызметтік міндеттерін атқару кезінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан не майданда болуына немесе ұрыс қимылдары жүргізілген мемлекеттерде қызметтік міндеттерін орындауына байланысты ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген, бұрынғы КСР Одағының мемлекеттік қауіпсіздік органдарының және ішкі істер органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына 100 (жүз) мың теңге мөлшерінде;
бейбiт уақытта әскери қызметiн өткеру кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшiлердiң отбасыларына 50 (елу) мың теңге мөлшерінде;
5) 9 мамыр - Жеңіс күніне:
Ұлы Отан соғысына қатысушыларға, атап айтқанда, Ұлы Отан соғысы кезеңінде, сондай-ақ бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағын (бұдан әрі – КСР Одағы) қорғау бойынша басқа да ұрыс операциялары кезiнде майдандағы армия мен флоттың құрамына кiрген әскери бөлiмдерде, штабтар мен мекемелерде қызмет өткерген әскери қызметшiлерге, Ұлы Отан соғысының партизандары мен астыртын әрекет етушiлерiне 2 (екі) миллион теңге мөлшерінде;
Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдарға, атап айтқанда, Ұлы Отан соғысы кезеңінде майданда, ұрыс қимылдары ауданында, майдан маңындағы теміржол учаскелерінде, қорғаныс шептерінің, әскери-теңіз базалары мен әуеайлақтардың құрылысжайларында жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген майдандағы армия мен флоттың әскери қызметшілеріне, Ұлы Отан соғысының партизандары мен астыртын әрекет етушілеріне, сондай-ақ жұмысшылар мен қызметшілеріне 2 (екі) миллион теңге мөлшерінде;
Ұлы Отан соғысы кезеңінде майдандағы армия құрамына кiрген әскери бөлiмдерде, штабтарда, мекемелерде штаттық лауазымдар атқарған не сол кезеңдерде майдандағы армия бөлiмдерiнің әскери қызметшілеріне қалалардың қорғанысына қатысқаны үшін белгiленген жеңiлдiкті шарттармен зейнетақы тағайындау үшiн 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн еңбек сіңірген жылдарына есептеліп жазылған, сол қалаларда болған Кеңес Армиясының, Әскери-Теңiз Флотының, бұрынғы КСР Одағының iшкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк әскерлерi мен органдарының еріктi жалдамалы құрамының адамдарына 200 (екі жүз) мың теңге мөлшерінде;
Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдарға 100 (жүз) мың теңге мөлшерінде;
1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мiнсiз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған адамдарға 100 (жүз) мың теңге мөлшерінде;
Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан қайтыс болған мүгедектігі бар адамның немесе жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдарға теңестірілген қайтыс болған адамның екінші рет некеге тұрмаған зайыбы (жұбайы), сондай-ақ жалпы ауруға шалдығуы, жұмыста мертігуі және басқа да себептер (құқыққа қарсы келетіндерді қоспағанда) салдарынан болған мүгедектігі бар адам деп танылған, Ұлы Отан соғысының қайтыс болған қатысушысының, партизанның, астыртын әрекет етушінің, "Ленинградты қорғағаны үшін" медалімен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгісімен наградталған азаматтың екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайына) 50 (елу) мың теңге мөлшерінде;
6) 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне:
саяси қуғын - сүргіндер құрбандары және саяси қуғын - сүргіндерден зардап шеккен адамдарға 20 (жиырма) мың теңге мөлшерінде;
7) 1 қазан - Қарттар күніне:
жетпіс жасқа келген және одан асқан тұлғаларға 20 (жиырма) мың теңге мөлшерінде;
8) қазан айының екінші жексенбісі - мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау күніне:
мүгедектігі бар балаларға 40 (қырық) мың теңге мөлшерінде;
9) 25 қазан- Республика күніне:
бірінші, екінші, үшінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға 30 (отыз) мың теңге мөлшерінде;
10) 16 желтоқсан-Тәуелсіздік күніне:
Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғасына қатысып, Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 14 сәуірдегі "Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы" Заңында белгіленген тәртіпке сәйкес ақталған тұлғаларға 400 (төрт жүз) мың теңге мөлшерінде;
Балқаш қаласының мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында тәрбиеленетін және оқитын балалары бар және осы мекемелерге алты айдан кем емес баратын көп балалы отбасыларға 100 (жүз) мың теңге мөлшерінде.
11) дүлей апат салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келтірілген кезде, оқиға басталған күннен бастап алты айдан кешіктірмей, азаматтың (отбасының) табысына қарамастан, әлеуметтік көмек 100 (жүз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, бір рет көрсетіледі;
12) өрт салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келтірілген кезде, оқиға басталған күннен бастап алты айдан кешіктірмей, азаматтың (отбасының) табысына қарамастан, әлеуметтік көмек 100 (жүз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, бір рет көрсетіледі;
13) әлеуметтік маңызы бар "туберкулез" ауруы болған кезде, амбулаториялық емделу кезеңінде, азаматтың (отбасының) табысына қарамастан, бір реттік әлеуметтік көмек 30 (отыз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, жылына 1 рет көрсетіледі;
14) әлеуметтік маңызы бар "қатерлі ісік" ауруы болған кезде, операциядан кейінгі емделу кезеңінде, операция жүргізілген күннен бастап, алты айдан кешіктірмей, азаматтың (отбасының) табысына қарамастан, бір реттік әлеуметтік көмек 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, жылына 1 рет көрсетіледі;
15) әлеуметтік маңызы бар, адамның иммунитет тапшылығы вирусын тасымалдаушы және адамның иммунитет тапшылығы вирусынан пайда болған ауруы болған кезде, азаматтың (отбасының) табысына қарамастан, бір реттік әлеуметтік көмек 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, жылына 1 рет көрсетіледі;
16) әлеуметтік маңызы бар, адамның иммунитет тапшылығы вирусын тасымалдаушы және адамның иммунитет тапшылығы вирусынан пайда болған ауруы болған кезде, балаларға, азаматтың (отбасының) табысына қарамастан, әлеуметтік көмек он сегіз жасқа дейінгі баланың заңды өкіліне Қазақстан Республикасының заңнамасында тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің 2,0 (екі) еселенген мөлшерінде, ай сайын көрсетіледі;
17) азаматтың (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысы Қазақстан Республикасының заңнамасында тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің 1 (бір) еселенген мөлшерінен аспайтын жағдайда, жергілікті (пешпен) жылытылатын жеке тұрғын үйлерде тұратын, оның жеке меншік иесі (жалдаушылары) немесе меншік иесінің (жалдаушының) отбасы мүшелері болып табылатын, оларда және отбасы мүшелерінде басқа тұрғын үй болмаған жағдайда Ұлы Отан соғысының ардагерлері, жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, бірінші және екінші топтардағы мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар, денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекiтетiн аурулар тiзiмiнде аталған кейбiр созылмалы аурулардың ауыр түрлерiмен ауыратын адамдар, жасына қарай зейнет демалысына шыққан зейнеткерлер, кәмелетке толғанға дейiн ата-аналарынан айырылған жиырма тоғыз жасқа толмаған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, қандастар, экологиялық зiлзалалар, табиғи және техногендi сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан тұрғын үйiнен айырылған адамдар, "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар, мемлекеттiк немесе қоғамдық мiндеттерiн, әскери қызметiн орындау кезiнде, ғарыш кеңістігіне ұшуды дайындау немесе жүзеге асыру кезінде, адам өмiрiн құтқару кезiнде, құқық тәртiбiн қорғау кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған) адамдардың отбасылары, асырауында кәмелетке толмаған балалары және жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында жалпы білім беретін немесе кәсіптік бағдарламалар бойынша күндізгі оқу нысаны бойынша білім алатын, бірақ жиырма үш жасқа толмаған балалары бар жесір әйелдер (тұл ер адамдар) және толық емес отбасылар үшін, қатты отынды (көмір) сатып алуға бір реттік әлеуметтік көмек жылыту маусымына 16 (он алты) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, жылына 1 рет көрсетіледі;
18) жетімдік, ата-ана қамқорлығының болмауы, азаматтың (отбасының) табысына қарамастан, он сегіз жасқа дейінгі баланың заңды өкіліне бір реттік әлеуметтік көмек 10 (он) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, жылына бір рет көрсетіледі;
19) жасының егде тартуына байланысты өзіне-өзі күтім жасай алмауы, басқа адамның көмегіне мұқтаждығы дәрігерлік-консультациялық комиссияның қорытындысына сәйкес, адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысы Қазақстан Республикасының заңнамасында тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің 1 (бір) еселенген мөлшерінен аспағанда, бір реттік әлеуметтік көмек 10 (он) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде жылына бір рет көрсетіледі;
20) бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған кезде, босап шыққан күннен бастап пробация қызметінің есебінде болуы алты айдан кеш емес уақытта, азаматтың (отбасының) табысына қарамастан, әлеуметтік көмек 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, бір рет көрсетіледі.
21) Табыс есебінсіз біржолғы әлеуметтік көмек азаматтардың келесі санаттарына көрсетіледі:
әлеуметтік қызметтер порталы арқылы абилитациялау мен оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес бірінші топтағы мүгедектерге санаторий-курорттық емделуге, ілесіп жүретін адаммен бірлесіп, санаторийде нақты болғанын растайтын құжаттардың (орындалған жұмыстар актісінің, шот-фактура және фискалдық төлем чегі) негізінде халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті орган айқындайтын санаторий-курорттық емдеу құнын өтеу ретінде ұсынылатын кепілдік берілген соманың 70 (жетпіс) пайызынан аспайтын сома мөлшерінде;
"Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 6 мамырдағы №322-VI Заңының 1-бабының 1-тармағына сәйкес ардагерлер санатына жататын ардагерлерге санаторий-курорттық емделуге жылына бір рет 14 күннен аспайтын, мүгедектігі бар адамдар үшін белгіленген санаторий-курорттық емдеудің кепілдік берілген сомасынан аспайтын мөлшерде. Шығындарды өтеу санаторийде нақты болғаны үшін растайтын құжаттар (орындалған жұмыстар актісі, шот-фактура және фискалдық төлем чегі) негізінде жүргізіледі.
Жол жүру шығындарын төлеу ардагерлердің жеке қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
Санаторий-курорттық емделуге жеке абилитация және оңалту бағдарламасы әзірленген мүгедектігі бар ардагерлерге санаторий-курорттық емделуге әлеуметтік көмек төленбейді;
"Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 6 мамырдағы №322-VI Заңының 3-бабының 1-тармағының 2), 3) тармақшаларына және 8-бабының 3) тармақшасына сәйкес ардагерлер санатына жататын ардагерлерге коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге және отын сатып алуға 12 (он екі) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде.
Бұл әлеуметтік көмек қазан айында жылыту маусымында Мемлекеттік корпорация филиалы ұсынған тізімдер бойынша азаматтардан өтініштер талап етілмей көрсетіледі.
8. Алушылар санатының тізбесін, әлеуметтік көмектің шекті мөлшерлерін, мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының әлеуметтік көмекке жүгіну мерзімдерін ЖАО белгілейді және жергілікті өкілді органдардың шешімдерімен бекітіледі.
Азаматтарды мұқтаждар санатына жатқызу үшін мыналар негіз болады:
1) дүлей апат салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келуі;
2) өрт салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келуі;
3) әлеуметтік маңызы бар аурудың болуы;
4) жергілікті өкілді органдар ең төмен күнкөріс деңгейіне еселік қатынаста белгілеген шектен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табыстың болуы;
5) жетімдік, ата-ана қамқорлығының болмауы;
6) жасының егде тартуына байланысты өзіне-өзі күтім жасай алмауы;
7) бас бостандығынан айыру орындарынан босатылуы, пробация қызметінің есебінде болуы.
Дүлей апат немесе өрт салдарынан мүлкіне залал келген болса, әлеуметтік көмек залал келген мүлік орналасқан жер бойынша меншік иесінің тіркелген жеріне қарамастан көрсетіледі.
Әлеуметтік көмек көрсету және (немесе) адамның (отбасының) материалдық-тұрмыстық жағдайын зерттеп-қарау үшін жоғарыда көрсетілген негіздер бойынша көмек түрлерінің тізбесін жергілікті өкілді органдар бекітеді.
Арнайы комиссиялар әлеуметтік көмек көрсету қажеттігі туралы қорытынды шығарған кезде жергілікті өкілді органдар бекіткен азаматтарды мұқтаждар санатына жатқызу негіздерінің тізбесін басшылыққа алады.
9. Алушылардың жекелеген санаттары үшін атаулы күндер мен мереке күндеріне орай әлеуметтік көмектің мөлшерін жергілікті өкілді органдар облыс ЖАО-мен келісу бойынша бірыңғай мөлшерде белгілейді.
10. Әрбір жекелеген жағдайда көрсетілетін әлеуметтік көмек мөлшерін арнайы комиссия айқындайды, ол оны әлеуметтік көмек көрсету қажеттігі туралы қорытындыда көрсетеді.
3-тарау. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі
11. Мереке күндері мен атаулы күндерге орай әлеуметтік көмек алушылардың өтініштері талап етілмей көрсетіледі.
Әлеуметтік көмекті алушылардың тізімдері Мемлекеттік корпорацияға не өзге ұйымдарға сұрау салу негізінде не уәкілетті мемлекеттік органның ақпараттық жүйелерінен электрондық түрде қалыптастырылады.
12. Әлеуметтік көмек Үлгілік қағидалардың 12-20 тармақтарына сәйкес тәртіппен және мерзімдерде көрсетіледі.
13. Әлеуметтік көмек көрсетуден бас тарту:
1) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған;
2) адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізуден өтініш беруші бас тартқан, жалтарған;
3) адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысы әлеуметтік көмек көрсету үшін жергілікті өкілді органдар белгілеген шектен артық болған;
4) уәкілетті мемлекеттік органның ақпараттық жүйесінен әлеуметтік көмек тағайындау, осы негіз бойынша төлемді жүзеге асыруға өтініш беру фактісін растайтын мәліметтер алынған жағдайларда жүзеге асырылады.
14. Әлеуметтік көмек көрсетуге жұмсалатын шығыстарды қаржыландыру Балқаш қаласының бюджетінде көзделген, ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегінде жүзеге асырылады.
Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган Мемлекеттік корпорацияға әлеуметтік көмек көрсету сомаларын аударады.
Мемлекеттік корпорация әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органнан алынған әлеуметтік көмек сомаларын әлеуметтік көмек алушылардың банктік шоттарына аударады.
15. Әлеуметтік көмек көрсету:
1) алушы қайтыс болған;
2) алушы тұрақты тұру үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктен тыс кеткен;
3) алушы мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемелерге тұруға жіберілген;
4) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған;
5) әлеуметтік көмек көрсетуге негіз болмай қалғаны туралы мәліметтер анықталған жағдайларда тоқтатылады.
Осы тармақтың 3) тармақшасы осы Қағидалардың 8-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша тағайындалған әлеуметтік көмекті төлеуге қолданылмайды.
Осы тармақтың 1) және 3) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша әлеуметтік көмек төлеу көрсетілген мән-жайлар басталғаннан кейінгі айдан бастап тоқтатылады.
Осы тармақтың 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша әлеуметтік көмекті төлеу көрсетілген мән-жайлар басталған күннен бастап тоқтатылады.
16. Әлеуметтік көмектің артық төленген сомалары ерікті түрде қайтарылады, заңсыз алынған сомалар ерікті түрде немесе сот тәртібімен қайтарылуға тиіс.
17. Әлеуметтік көмек көрсетуді мониторингтеу мен есепке алуды әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган "Е-собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің дерекқорын пайдалана отырып жүргізеді.
18. Атаулы күндер мен мереке күндеріне төленетін әлеуметтік көмек алушылардың санаттарын қалыптастыру үшін әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган зейнетақы мен жәрдемақы алатын (белсенді) азаматтардың мәліметтерін алуға уәкілетті мемлекеттік органның ақпараттық жүйелеріне сұрау салуға бастама жасайды.
Зейнетақы мен әлеуметтік көмек көрсету жәрдемақысын алушылар жөніндегі мәліметтер осы Үлгілік қағидаларға 7-қосымшаға сәйкес нысан бойынша қалыптастырылады.
19. Әлеуметтік көмек көрсету туралы шешім қабылдаған кезде уәкілетті мемлекеттік органның ақпараттық жүйелері арқылы әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган әлеуметтік көмекті Мемлекеттік корпорация арқылы төлеу процесіне бастама жасайды.
20. Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган қабылдаған әлеуметтік көмек көрсету туралы шешім негізінде Мемлекеттік корпорация:
біржолғы төлемдер бойынша – күн сайын;
ай сайынғы және тоқсан сайынғы төлемдер бойынша – төлем жасалатын айға дейінгі айдың 29-ы күніне әлеуметтік көмек төлеуге бюджет қаражатына сұраныс қалыптастырады.
21. Сұраныс қалыптастырылғаннан кейін Мемлекеттік корпорация келесі жұмыс күнінен кешіктірмей әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органға әлеуметтік көмек төлеуге сұраныс сомасы туралы өтінім жібереді.
Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган әлеуметтік көмек төлеуге сұраныс сомасы туралы өтінім түскен күннен бастап екі жұмыс күні ішінде Мемлекеттік корпорацияға әлеуметтік көмек төлеуге сұраныс сомасы туралы өтінімде көзделген сома шегінде ақшалай қаражат аударады.
Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган төлем жасалатын айға дейінгі айдың 27-сі күні түскен өтінімдер бойынша Мемлекеттік корпорацияға төлем жасалатын айдың біріне дейін әлеуметтік көмек төлеуге сұраныс сомасы туралы өтінімде көзделген сома шегінде ақшалай қаражат аударады.
22. Мемлекеттік корпорация трансферттер түскеннен кейін екі жұмыс күні ішінде төлем кестесіне сәйкес төлем тапсырмаларын қалыптастырады және алушылардың банктік шоттарына төлеуді жүзеге асырады.
23. Әлеуметтік көмек төлеу жөніндегі уәкілетті ұйымнан әлеуметтік көмек сомасы қайтарылған кезде әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган әлеуметтік көмек төлеу жөніндегі уәкілетті ұйымнан мәліметтер алғаннан кейінгі үш жұмыс күні ішінде ақпараттық жүйеге тиісті өзгерістер енгізеді.
24. Мемлекеттік корпорация ағымдағы айдың соңғы жұмыс күнінен кешіктірмей Мемлекеттік корпорацияның шотына түскен әлеуметтік көмектің артық есептелген (төленген) сомаларын әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органға аударады.
25. Әлеуметтік көмек төлеуге байланысты банктік қызметтерге ақы төлеу Мемлекеттік корпорация мен әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган арасында жасалатын шарт негізінде жергілікті бюджеттер қаражаты есебінен жүзеге асырылады.