Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қарағанды облысы Балқаш қалалық мәслихатының 2023 жылғы 3 қарашадағы № 8/71 шешімі. Қарағанды облысының Әділет департаментінде 2023 жылғы 6 қарашада № 6512-09 болып тіркелді.

      Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне, "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы", "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасының Заңдарына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы №523 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" қаулысына сәйкес Балқаш қалалық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Осы шешімнің 1-қосымшасына сәйкес Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары бекітілсін.

      2. Осы шешімнің 2-қосымшасына сәйкес Балқаш қалалық мәслихатының кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қалалық мәслихат төрағасы А. Муслымов

  Балқаш қалалық мәслихатының
2023 жылғы 3 қарашадағы
№ 8/71
Шешіміне 1- қосымша

Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау Қағидасы

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау Қағидасы (бұдан әрі – Қағида) Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 523 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" Қаулысына (бұдан әрі –Үлгілік Қағида) сәйкес әзірленді және әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың тәртібін белгілейді.

      2. Осы Қағидада пайдаланылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:

      1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсету, мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштерді қабылдау және олардың нәтижелерін көрсетілетін қызметті алушыға беру жөніндегі жұмысты "бір терезе" қағидаты бойынша ұйымдастыру, мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;

      2) арнайы комиссия – мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсетуге үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша Балқаш қаласының әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;

      3) мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;

      4) әлеуметтік көмек – жергілікті атқарушы органмен мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі – алушылар), сондай-ақ атаулы күндер мен мереке күндеріне орай ақшалай немесе заттай нысанда көрсететін көмек;

      5) әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган – "Балқаш қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі;

      6) ең төмен күнкөріс деңгейі – шамасы бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға шаққандағы ең төмен ақшалай кіріс;

      7) жан басына шаққандағы орташа кіріс – отбасының бір айдағы жиынтық кірісінің отбасының әрбір мүшесіне тура келетін үлесі;

      8) мерекелік күндер (бұдан әрі – атаулы күндер) – Қазақстан Республикасының кәсіптік және өзге де мерекелері;

      9) уәкілетті мемлекеттік орган – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес халықты әлеуметтік қорғау саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қызметін реттеуді, бақылау функцияларын жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      10) учаскелік комиссия – атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш жасаған тұлғалардың (отбасылардың) материалдық жағдайына зерттеп-қарау жүргізу үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктер әкімдерінің шешімімен құрылатын арнаулы комиссия;

      11) шекті шама – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді – Қарағанды облысы Балқаш қалалық мәслихатының 05.09.2024 № 16/135 шешімімен (оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      3. Әлеуметтік кодекстің 71-бабының 4-тармағында, 170-бабының 3-тармағында, 229-бабының 3-тармағында, "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы заңының, 10-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында, 11-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында, 12-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында, 13-бабының 2) тармақшасында, 17-бабында көрсетілген тұлғаларға әлеуметтік көмек осы Қағидада көзделген тәртіппен көрсетіледі.

      4. Әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мерзімді (ай сайын, тоқсан сайын, жартыжылдықта 1 рет, жылына 1 рет) көрсетіледі.

      5. Учаскелік және арнайы комиссиялар өз қызметін облыс әкімдігі бекітетін ережелер негізінде жүзеге асырады.

2 тарау. Әлеуметтік көмек алушылар санаттарының тізбесін айқындау және әлеуметтік көмектің мөлшерлерін белгілеу тәртібі.

      6. Мереке күндері мен атаулы күндерге әлеуметтік көмек бір рет азаматтардың келесі санаттарына көрсетіледі:

      1) 1-2 қаңтар – Жаңа Жыл мерекесіне:

      мүгедектігі бар балаларға 20 000 теңге мөлшерінде;

      жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға 20 000 теңге мөлшерінде;

      2) 15 ақпан - Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің шығарылған күні мерекесіне:

      оқу жиындарына шақырылған және Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезеңде жiберiлген әскери мiндеттiлерге 200 000 теңге мөлшерінде;

      Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезеңде осы елге жүк жеткiзу үшiн жiберiлген автомобиль батальондарының әскери қызметшiлерiне 200 000 теңге мөлшерінде;

      бұрынғы КСР Одағының аумағынан Ауғанстанға жауынгерлiк тапсырмалармен ұшқан ұшу құрамының әскери қызметшiлерiне 200 000 теңге мөлшерінде;

      Ауғанстандағы кеңестік әскери контингентке қызмет көрсеткен, жарақат,контузия алған немесе мертіккен не ұрыс қимылдарын қамтамасыз етуге қатысқаны үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталған жұмысшылар мен қызметшiлерге 200 000 теңге мөлшерінде;

      бұрынғы КСР Одағын қорғау, әскери қызметтің өзге де міндеттерін басқа

      кезеңдерде атқару кезінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан немесе майданда болуына байланысты, сондай-ақ Ауғанстанда немесе ұрыс қимылдары жүргізілген басқа да мемлекеттерде әскери қызметін өткеру кезінде ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген әскери қызметшілерге 200 000 теңге мөлшерінде;

      1979 жылғы 1 желтоқсан – 1989 жылғы желтоқсан аралығындағы кезеңде Ауғанстанға және ұрыс қимылдары жүргізілген басқа да елдерге жұмысқа жiберiлген жұмысшылар мен қызметшiлерге 200 000 теңге мөлшерінде;

      3) 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күні мерекесіне:

      көп балалы ананың жәрдемақысын алушыларға 20 000 теңге мөлшерінде;

      4) 21-23 наурыз - Наурыз мейрамы мерекесіне:

      жасына байланысты зейнетақы мен жәрдемақы мөлшерлері Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген ең төменгі зейнетақы мөлшерінен аспайтын әлеуметтік жәрдемақылар мен зейнетақылар алатындарға 20 000 теңге мөлшерінде;

      жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға 20 000 теңге мөлшерінде;

      табысы кедейлік шегінен төмен аз қамтылған азаматтарға 20 000 теңге мөлшерінде;

      5) 7 мамыр - Қазақстан Республикасының Отан қорғаушы күні мерекесіне:

      бұрынғы КСР Одағының үкiметтік органдарының шешiмдерiне сәйкес басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысқан Кеңес Армиясының, Әскери-Теңiз Флотының, Мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетiнiң әскери қызметшiлерiне, бұрынғы КСР Одағы Iшкi iстер министрлiгiнiң басшы және қатардағы құрамының адамдарына (әскери мамандар мен кеңесшiлердi қоса алғанда) 200 000 теңге мөлшерінде;

      1992 жылғы қыркүйек – 2001 жылғы ақпан аралығындағы кезеңде Тәжікстан-Ауғанстан учаскесінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының шекарасын қорғауды күшейту жөніндегі мемлекетаралық шарттар мен келісімдерге сәйкес міндеттерді орындаған Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне 200 000 теңге мөлшерінде;

      2003 жылғы тамыз – 2008 жылғы қазан аралығындағы кезеңде Ирактағы халықаралық бітімгершілік операцияға бітімгерлер ретінде қатысқан Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне 200 000 теңге мөлшерінде;

      1986 – 1991 жылдар аралығындағы кезеңде Таулы Қарабақтағы этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан әскери қызметшілер, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағы ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына 200 000 мың теңге мөлшерінде;

      1986 – 1987 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтарға тiкелей қатысқан адамдарға 200 000 теңге мөлшерінде;

      1988 – 1989 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарларын жоюға қатысушылар қатарындағы, қоныс аудару күні құрсақта болған балаларды қоса алғанда, оқшаулау және көшіру аймақтарынан Қазақстан Республикасына қоныс аударылған (өз еркімен кеткен) адамдарға 200 000 теңге мөлшерінде;

      Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың, ядролық сынақтардың салдарынан мүгедектік белгіленген адамдар және мүгедектігі ата-анасының бірінің радиациялық сәуле алуымен генетикалық байланысты олардың балаларына 200 000 теңге мөлшерінде;

      қызметтік міндеттерін атқару кезінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан не майданда болуына немесе ұрыс қимылдары жүргізілген мемлекеттерде қызметтік міндеттерін орындауына байланысты ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген, бұрынғы КСР Одағының мемлекеттік қауіпсіздік органдарының және ішкі істер органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына 100 000 теңге мөлшерінде;

      бейбiт уақытта әскери қызметiн өткеру кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшiлердiң отбасыларына 50 000 теңге мөлшерінде;

      6) 9 мамыр - Жеңіс күніне:

      Ұлы Отан соғысына қатысушыларға, атап айтқанда, Ұлы Отан соғысы кезеңінде, сондай-ақ бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағын (бұдан әрі – КСР Одағы) қорғау бойынша басқа да ұрыс операциялары кезiнде майдандағы армия мен флоттың құрамына кiрген әскери бөлiмдерде, штабтар мен мекемелерде қызмет өткерген әскери қызметшiлерге, Ұлы Отан соғысының партизандары мен астыртын әрекет етушiлерiне 2 000 000 теңге мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдарға, атап айтқанда, Ұлы Отан соғысы кезеңінде майданда, ұрыс қимылдары ауданында, майдан маңындағы теміржол учаскелерінде, қорғаныс шептерінің, әскери-теңіз базалары мен әуеайлақтардың құрылысжайларында жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген майдандағы армия мен флоттың әскери қызметшілеріне, Ұлы Отан соғысының партизандары мен астыртын әрекет етушілеріне, сондай-ақ жұмысшылар мен қызметшілеріне 2 000 000 теңге мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысы кезеңінде майдандағы армия құрамына кiрген әскери бөлiмдерде, штабтарда, мекемелерде штаттық лауазымдар атқарған не сол кезеңдерде майдандағы армия бөлiмдерiнің әскери қызметшілеріне қалалардың қорғанысына қатысқаны үшін белгiленген жеңiлдiкті шарттармен зейнетақы тағайындау үшiн 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн еңбек сіңірген жылдарына есептеліп жазылған, сол қалаларда болған Кеңес Армиясының, Әскери-Теңiз Флотының, бұрынғы КСР Одағының iшкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк әскерлерi мен органдарының еріктi жалдамалы құрамының адамдарына 200 000 теңге мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдарға 100 000 теңге мөлшерінде;

      1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мiнсiз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған адамдарға 100 000 теңге мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан қайтыс болған мүгедектігі бар адамның немесе жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдарға теңестірілген қайтыс болған адамның екінші рет некеге тұрмаған зайыбы (жұбайы), сондай-ақ жалпы ауруға шалдығуы, жұмыста мертігуі және басқа да себептер (құқыққа қарсы келетіндерді қоспағанда) салдарынан болған мүгедектігі бар адам деп танылған, Ұлы Отан соғысының қайтыс болған қатысушысының, партизанның, астыртын әрекет етушінің, "Ленинградты қорғағаны үшін" медалімен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгісімен наградталған азаматтың екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайына) 50 000 теңге мөлшерінде;

      7) 6 шілде - Астана күні мерекесіне:

      Балқаш қаласының мектепке дейінгі ұйымдарында тәрбиеленетін және білім алатын балалары бар көпбалалы отбасыларына 30 000 теңге мөлшерінде;

      8) 25 қазан - Республика күні мерекесіне:

      бірінші, екінші, үшінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға және мүгедектігі бар балаларға 20 000 теңге мөлшерінде;

      9) 1 қазан - Қарттар күні мерекесіне:

      жетпіс жасқа келген және одан асқан тұлғаларға 20 000 теңге мөлшерінде;

      10) 16 желтоқсан - Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мерекесіне:

      саяси қуғын - сүргіндер құрбандары және саяси қуғын - сүргіндерден зардап шеккен адамдарға 20 000 теңге мөлшерінде;

      Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғасына қатысып, Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 14 сәуірдегі "Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы" Заңында белгіленген тәртіпке сәйкес ақталған тұлғаларға 400 000 теңге мөлшерінде;

      Балқаш қаласының мектепке дейінгі ұйымдарында тәрбиеленетін және білім алатын балалары бар көпбалалы отбасыларына 30 000 теңге мөлшерінде.

      Ескерту. 6-тармаққа өзгеріс енгізілді - Қарағанды облысы Балқаш қалалық мәслихатының 29.03.2024 № 12/110 шешімімен (оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      7. Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті орган белгілейтін санаторий-курорттық емдеу құнын өтеу ретінде ұсынылатын кепілдендірілген соманың жетпіс пайызынан аспайтын - қоса алып жүретін адаммен бірлесіп, әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталы арқылы немесе Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына, санаторий-курорттық емделуге абилитациялаудың және оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес санаторий-курорттық емделуге жолдамамен қамтамасыз етілген бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға.

      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда - Қарағанды облысы Балқаш қалалық мәслихатының 29.03.2024 № 12/110 шешімімен (оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      8. Азаматтарды мұқтаждар санатына жатқызу үшін негіз болып табылады:

      1) дүлей апаттың немесе өрттің салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келтірілсе, осы жағдай туындаған сәттен бастап үш ай ішінде, азаматтың (отбасының) табысына қарамастан, әлеуметтік көмек 100 (жүз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, бір рет көрсетіледі;

      2) әлеуметтік маңызы бар "туберкулез" ауруы бар адамдарға, амбулаториялық емделу кезеңінде, азаматтың (отбасының) табысына қарамастан, әлеуметтік көмек 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, алты айға дейін, ай сайын көрсетіледі;

      3) әлеуметтік маңызы бар "қатерлі ісік" ауруы бар адамдарға, операциядан кейінгі емделу кезеңінде, операция жүргізілген күннен бастап, алты айдан кешіктірмей, азаматтың (отбасының) табысына қарамастан, бір реттік әлеуметтік көмек 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, жылына 1 рет көрсетіледі;

      4) әлеуметтік маңызы бар, адамның иммунитет тапшылығы вирусын тасымалдаушы және адамның иммунитет тапшылығы вирусынан пайда болған ауруы бар адамдарға, азаматтың (отбасының) табысына қарамастан, бір реттік әлеуметтік көмек 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, жылына 1 рет көрсетіледі;

      5) адамның иммунитет тапшылығы вирусын тасымалдаушы және адамның иммунитет тапшылығы вирусынан пайда болған ауруы бар балаларға, азаматтың (отбасының) табысына қарамастан, әлеуметтік көмек Қазақстан Республикасының заңнамасында тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің 2,0 (екі) еселенген мөлшерінде, ай сайын көрсетіледі;

      6) бас бостандығынан айыру орындарынан босатылуы, босап шыққан күннен бастап алты айдан кеш емес уақытта, азаматтың (отбасының) табысына қарамастан, әлеуметтік көмек 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, бір рет көрсетіледі;

      7) пробация қызметінің есебінде болуы, бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққан күннен бастап алты айдан кеш емес уақытта, азаматтың (отбасының) табысына қарамастан, әлеуметтік көмек 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, бір рет көрсетіледі;";

      8) азаматтың (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысы Қазақстан Республикасының заңнамасында тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің 1 (бір) еселенген мөлшерінен аспайтын, жергілікті (пешпен) жылытылатын жеке тұрғын үйлерде тұратын, оның жеке меншік иесі (жалдаушылары) немесе меншік иесінің (жалдаушының) отбасы мүшелері болып табылатын, оларда және отбасы мүшелерінде басқа тұрғын үй болмаған жағдайда Ұлы Отан соғысының ардагерлері, жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, бірінші және екінші топтардағы мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар, денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекiтетiн аурулар тiзiмiнде аталған кейбiр созылмалы аурулардың ауыр түрлерiмен ауыратын адамдар, жасына қарай зейнет демалысына шыққан зейнеткерлер, кәмелетке толғанға дейiн ата-аналарынан айырылған жиырма тоғыз жасқа толмаған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, қандастар, экологиялық зiлзалалар, табиғи және техногендi сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан тұрғын үйiнен айырылған адамдар, "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар, мемлекеттiк немесе қоғамдық мiндеттерiн, әскери қызметiн орындау кезiнде, ғарыш кеңістігіне ұшуды дайындау немесе жүзеге асыру кезінде, адам өмiрiн құтқару кезiнде, құқық тәртiбiн қорғау кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған) адамдардың отбасылары және толық емес отбасылар үшін, қатты отынды (көмір) сатып алуға бір реттік әлеуметтік көмек жылыту маусымына 16 (он алты) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, жылына 1 рет көрсетіледі.

      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда - Қарағанды облысы Балқаш қалалық мәслихатының 29.03.2024 № 12/110 шешімімен (оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгерістер енгізілді - Қарағанды облысы Балқаш қалалық мәслихатының 05.09.2024 № 16/135 шешімімен (оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      9. Арнайы комиссиялар әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытынды шығарған кезде жергілікті өкілді органдар бекіткен азаматтарды мұқтаждар санатына жатқызу үшін негіздердің тізбесін басшылыққа алады.

      10. Әрбір жеке жағдайда көрсетілетін әлеуметтік көмектің мөлшерін арнайы комиссия айқындайды және оны әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытындыда көрсетеді.

3-тарау. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі

      11. Осы Қағиданың 6 тармағында көрсетілген санаттар бойынша "Азаматтарға арналған Үкімет" мемлекеттік корпорациясының және өзге ұйымдардың ұсынымымен атаулы күндер мен мереке күндеріне әлеуметтік көмек "Балқаш қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесінің тізімі бойынша өтініштер талап етілмей көрсетіледі.

      12. 8-тармақта көрсетілген мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек алу үшін өтініш беруші өзінен немесе отбасы атынан Үлгілік Қағиданың 1-қосымшасына сәйкес нысан бойынша өтінішті және 12-тармағына сәйкес құжаттар тізбесін "Балқаш қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесіне немесе "электрондық үкімет" порталы арқылы ұсынады.

      Салыстырып тексеру үшін құжаттар түпнұсқада және көшірмелерде ұсынылады. Салыстырғаннан кейін құжаттардың түпнұсқалары өтініш берушіге қайтарылады.

      13. Осы Қағиданың 8-тармағының 8) тармақшасында көрсетілген негіздер бойынша мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсетуге өтініш келіп түскен кезде "Балқаш қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі 1 (бір) жұмыс күні ішінде өтініш берушінің құжаттарын адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізу үшін учаскелік комиссияға жолдайды.

      Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда - Қарағанды облысы Балқаш қалалық мәслихатының 29.03.2024 № 12/110 шешімімен (оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      14. Учаскелік комиссия құжаттарды алған күннен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде өтініш берушіге тексеру жүргізеді, оның нәтижелері бойынша адамның (отбасының) материалдық жағдайы туралы акт жасайды, Үлгілік Қағиданың 2, 3-қосымшаларына, нысандарына сәйкес адамның (отбасының) әлеуметтік көмекке мұқтаждығы туралы қорытынды дайындайды және құжаттарды "Балқаш қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесіне жолдайды.

      Кент әкімі учаскелік комиссияның актісі мен қорытындысын алған күннен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде оларды қоса берілген құжаттарымен бірге әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі "Балқаш қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесіне жібереді.

      15. Әлеуметтік көмек көрсету үшін құжаттар жеткіліксіз болған жағдайда, "Балқаш қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі әлеуметтік көмек көрсету үшін ұсынылған құжаттарды қарау үшін қажетті мәліметтерді тиісті органдардан сұратады.

      16. Өтініш берушінің қажетті құжаттарды олардың бүлінуіне, жоғалуына байланысты ұсынуы мүмкін болмаған жағдайда, әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган тиісті мәліметтері бар өзге уәкілетті органдар мен ұйымдардың деректері негізінде әлеуметтік көмек көрсету туралы шешім қабылдайды.

      17. "Балқаш қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі учаскелік комиссиядан немесе кент әкімінен құжаттар келіп түскен күннен бастап 1 (бір) жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысының есебін жүргізеді және құжаттардың толық пакетін арнайы комиссияның қарауына ұсынады.

      18. Арнайы комиссия құжаттар келіп түскен күннен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытынды шығарады, оң қорытынды болған кезде әлеуметтік көмектің мөлшерін көрсетеді.

      19. "Балқаш қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі әлеуметтік көмек көрсетуге өтініш берушінің құжаттары тіркелген күннен бастап 8 (сегіз) жұмыс күні ішінде қабылданған құжаттар мен әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы арнайы комиссияның қорытындысы негізінде әлеуметтік көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.

      Осы Қағиданың 15, 16 тармақтарында көрсетілген жағдайларда "Балқаш қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі өтініш берушіден құжаттар қабылданған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде әлеуметтік көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.

      20. "Балқаш қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі шешім қабылданған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде өтініш берушіні қабылданған шешім туралы жазбаша хабардар етеді (бас тартылған жағдайда - негіздемесін көрсете отырып).

      21. Әлеуметтік көмек көрсетуден бас тарту:

      1) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған;

      2) тұлғаның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізуден өтініш беруші бас тартқан, жалтарған;

      3) тұлғаның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысы әлеуметтік көмек көрсету үшін жергілікті өкілді органдар белгілеген шектен артық болған жағдайларда жүзеге асырылады.

      22. Әлеуметтік көмек көрсетуге жұмсалатын шығыстарды қаржыландыру қаланың бюджетінде көзделген ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегінде жүзеге асырылады.

      23. Әлеуметтік көмек:

      1) алушы қайтыс болған;

      2) алушы тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің шегінен тыс жерге тұрақты тұруға кеткен;

      3) алушы мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемелерге тұруға жіберілген;

      4) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған жағдайларда тоқтатылады.

      Әлеуметтік көмекті төлеу көрсетілген мән-жайлар туындаған айдан бастап тоқтатылады.

      24. Әлеуметтік көмектің артық төленген сомалары ерікті түрде қайтарылады, заңсыз алынған сомалар ерікті түрде немесе сот тәртібімен қайтарылуға тиіс.

      25. Әлеуметтік көмек көрсетуді мониторингтеу мен есепке алуды әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган "Е-собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің дерекқорын пайдалана отырып жүргізеді.

  Балқаш қалалық мәслихатының
2023 жылғы 3 қарашадағы
№ 8/71
шешіміне 2- қосымша

Балқаш қалалық мәслихатының күші жойылған кейбір шешімдерінің тізбесі

      1. Қарағанды облысы Балқаш қалалық мәслихатының 2013 жылғы 24 желтоқсандағы №24/176 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидаларын бекіту туралы" шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №2519 болып тіркелген).

      2. Қарағанды облысы Балқаш қалалық мәслихатының 2014 жылғы 28 наурыздағы №26/208 "Қалалық мәслихаттың 2013 жылғы 24 желтоқсандағы №24/176 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидаларын бекіту туралы" шешіміне өзгеріс енгізу туралы" шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №2582 болып тіркелген).

      3. Қарағанды облысы Балқаш қалалық мәслихатының 2015 жылғы 6 ақпандағы №35/288 "Қалалық мәслихаттың 2013 жылғы 24 желтоқсандағы №24/176 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидаларын бекіту туралы" шешіміне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы" шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №2982 болып тіркелген).

      4. Қарағанды облысы Балқаш қалалық мәслихатының 2016 жылғы 4 мамырдағы №2/21 "Қалалық мәслихаттың 2013 жылғы 24 желтоқсандағы №24/176 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидаларын бекіту туралы" шешіміне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы" шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №3836 болып тіркелген).

      5. Қарағанды облысы Балқаш қалалық мәслихатының 2016 жылғы 23 желтоқсандағы №7/67 "Қалалық мәслихаттың 2013 жылғы 24 желтоқсандағы №24/176 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидаларын бекіту туралы" шешіміне өзгертулер енгізу туралы" шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №4108 болып тіркелген).

      6. Қарағанды облысы Балқаш қалалық мәслихатының 2018 жылғы 30 наурыздағы №18/160 "Қалалық мәслихаттың 2013 жылғы 24 желтоқсандағы №24/176 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидаларын бекіту туралы" шешіміне өзгерістер енгізу туралы" шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №4720 болып тіркелген).

      7. Қарағанды облысы Балқаш қалалық мәслихатының 2018 жылғы 27 тамыздағы № 22/196 "Қалалық мәслихаттың 2013 жылғы 24 желтоқсандағы №24/176 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидаларын бекіту туралы" шешіміне өзгерістер енгізу туралы" шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №4960 болып тіркелген).

      8. Қарағанды облысы Балқаш қалалық мәслихатының 2018 жылғы 6 желтоқсандағы №24/210 "Қалалық мәслихаттың 2013 жылғы 24 желтоқсандағы №24/176 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидаларын бекіту туралы" шешіміне өзгерістер енгізу туралы" шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №5072 болып тіркелген).

      9. Қарағанды облысы Балқаш қалалық мәслихатының 2019 жылғы 12 маусымдағы №29/249 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидаларын бекіту туралы" қалалық мәслихаттың 2013 жылғы 24 желтоқсандағы № 24/176 шешіміне өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы" шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №5385 болып тіркелген).

      10. Қарағанды облысы Балқаш қалалық мәслихатының 2019 жылғы 25 желтоқсандағы №35/285 "Қалалық мәслихаттың 2013 жылғы 24 желтоқсандағы №24/176 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидаларын бекіту туралы" шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №5662 болып тіркелген).

      11. Қарағанды облысы Балқаш қалалық мәслихатының 2021 жылғы 10 ақпандағы №2/16 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидаларын бекіту туралы" Балқаш қалалық мәслихатының 2013 жылғы 24 желтоқсандағы №24/176 шешіміне өзгерістер енгізу туралы" шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №6200 болып тіркелген) шешімі.

      12. Қарағанды облысы Балқаш қалалық мәслихатының 2023 жылғы 26 сәуірдегі №2/19 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидаларын бекіту туралы" Балқаш қалалық мәслихатының 2013 жылғы 24 желтоқсандағы №24/176 шешіміне өзгерістер енгізу туралы" шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №6400-09 болып тіркелген).

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады