1-бап.Қазақстан Республикасының мына заңнамалық актiлерiне өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлсiн:
1. "Құқық қорғау қызметі туралы" 2011 жылғы 6 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2011 ж., № 1, 4-құжат; № 19, 145-құжат; 2012 ж., № 3, 26-құжат; № 5, 41-құжат; № 8, 64-құжат; 2013 ж., № 7, 34, 36-құжаттар; № 14, 75-құжат; 2014 ж., № 7, 37-құжат; № 8, 49-құжат; № 14, 84-құжат; № 16, 90-құжат; № 21, 122-құжат; № 23, 143-құжат; 2015 ж., № 20-I, 111-құжат; № 21-III, 135-құжат; № 22-II, 148-құжат; № 22-III, 149-құжат; № 22-V, 154-құжат; 2016 ж., № 7-I, 50-құжат):22-1-бап мынадай мазмұндағы 5-тармақпен толықтырылсын:
"5. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің қызметкерлері үшін тізбесін Қазақстан Республикасының Президенті бекітетін жоғары басшы құрамның лауазымдары көзделеді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің жоғары басшы құрамдағы қызметкерлері үшін 3-санатты жоғары біліктілік сыныбы белгіленеді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің жоғары басшы құрамдағы қызметкерлеріне біліктілік сыныбында болу мерзімі белгіленбейді.
3-санатты жоғары біліктілік сыныбы "генерал-майор" арнаулы атағына және "3-сыныпты мемлекеттік кеңесші" сыныптық шеніне сәйкес келеді.".
2. "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2015 ж., № 22-V, 153-құжат; 2016 ж., № 7-I, 50-құжат; 2016 жылғы 6 желтоқсанда "Егемен Қазақстан" және "Казахстанская правда" газеттерінде жарияланған "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу және кедендік әкімшілендіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2016 жылғы 30 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңы):
1) 15-баптың 3-тармағының үшінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
"Белгіленген біліктілік талаптарына сай келетін "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері "Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына уәкілетті органмен келісу бойынша конкурс өткізілместен орналаса алады.";
2) 28-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
"1. Жалпы конкурс "Б" корпусының бос немесе уақытша бос болып табылатын төменгі мемлекеттік әкімшілік лауазымына, сондай-ақ осы Заңның 29-бабының 2-1 және 3-тармақтарында көзделген жағдайларда төменгі лауазым болып табылмайтын өзге бос немесе уақытша бос мемлекеттік әкімшілік лауазымға орналасу үшін өткізіледі.";
3) 29-бапта:
мынадай мазмұндағы 2-1 және 4-1-тармақтармен толықтырылсын:
"2-1. Егер осы мемлекеттік органның мемлекеттік қызметшілері арасында ішкі конкурс өткізген кезде конкурстық комиссияның немесе бірыңғай конкурстық комиссияның оң қорытындысын алған қатысушы болмаса, уәкілетті орган айқындайтын жағдайларда мемлекеттік орган барлық мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызметшілері арасында ішкі конкурс өткізбестен, жалпы конкурс өткізе алады.
Бұл ретте жалпы конкурсқа қатысатын мемлекеттік қызметшілер мен осы баптың 5-тармағында аталған адамдар тестен және жеке қасиеттерін бағалаудан өтпейді.";
"4-1. Мемлекеттік орган құрылған кезде осы мемлекеттік органның мемлекеттік қызметшілері арасында ішкі конкурс өткізілмейді.";
5-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
"5. Адам мемлекеттік әкімшілік қызметтен шығарылған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде, егер ол өзге жеке және заңды тұлғалармен еңбек қатынастарында тұрмаса, сондай-ақ Қазақстан Республикасынан тыс жерге шықпаса, ішкі конкурстың немесе осы баптың 2-1-тармағына сәйкес өткізілген жалпы конкурстың қорытындысы бойынша "Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасуға құқылы.";
4) 69-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
"1. Осы Заң 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.".
3. "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2015 ж., № 22-V, 154-құжат):
2-бап мынадай редакцияда жазылсын:
"2-бап. Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.".
2-бап.Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының | |
Президенті | Н.Назарбаев |