Қолданушылар назарына!
Қолданушыларға ыңғайлы болуы үшін ЗҚАИ мазмұнды жасады.
Осы Заң Қазақстан Республикасының аумағында төрелік қызмет процесінде туындайтын қоғамдық қатынастарды, сондай-ақ Қазақстанда төрелік шешімдерді танудың және орындаудың тәртібі мен шарттарын реттейді.
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
Осы Заң, егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше белгіленбесе, дау субъектілерінің мемлекет ішінде немесе оның шегінен тысқары жердегі тұрғылықты жеріне немесе орналасқан жеріне қарамастан, жеке және (немесе) заңды тұлғалардың қатысуымен болатын азаматтық-құқықтық қатынастардан туындаған, төрелік шешетін дауларға қатысты қолданылады.
2-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) Қазақстан Республикасының жария тәртібі – Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде бекітілген құқық тәртібінің негіздері;
2) сот – Қазақстан Республикасының азаматтық процестік заңнамасына сәйкес бірінші саты бойынша азаматтық-құқықтық қатынастардан туындайтын даулар туралы істерді қарауға уәкілетті Қазақстан Республикасы сот жүйесінің соты;
3) төрелік – нақты дауды қарау үшін арнайы құрылған төрелік немесе тұрақты жұмыс істейтін төрелік;
4) төрелік келісім – азаматтық-құқықтық қатынастардан туындаған немесе туындауы мүмкін дауды төрелікте қарауға беру туралы тараптардың жазбаша келісімі;
5) төрелік регламенті – тұрақты жұмыс істейтін төреліктің қызметін ұйымдастыру тәртібі және төрелік талқылау қағидалары;
6) төрелік талқылау – дауды қарау процесі;
7) төрелік талқылаудың тараптары (бұдан әрі – тараптар) – араларында төрелік келісім жасалған талап қоюшы мен жауапкер;
8) төрелік шешім – төрелік шығарған шешім;
9) төреші – дауды шешу үшін тараптар сайлаған немесе осы Заңға және (немесе) тиісті төреліктің регламентіне сәйкес тағайындалған жеке тұлға;
10) іскерлік айналымның дағдылары – қандай да бір құжатта тіркелген-тіркелмегеніне қарамастан қолданылатын құқыққа қайшы келмейтін, азаматтық-құқықтық қатынастар саласында қалыптасқан және кеңінен қолданылатын ұстаным қағидалары.
Ескерту. 2-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 21.01.2019 № 217-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).3-бап. Қазақстан Республикасының төрелік туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының төрелік туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарт қағидалары қолданылады.
1. Қазақстан Республикасында төреліктер тұрақты жұмыс істейтін төрелік немесе нақты дауды шешетін төрелік түрінде құрылуы мүмкін.
2. Тұрақты жұмыс істейтін төреліктерді Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жеке және (немесе) заңды тұлғалар құруы мүмкін.
Тұрақты жұмыс істейтін төрелік төреліктің регламентін, қызметін осы төрелікте жүзеге асыратын төрешілердің тізілімін бекітеді.
3. Нақты дауды қарайтын төрелікті тараптар дауды шешу үшін құрады және ол сол дауды шешкенге дейін немесе тараптар дауды сотқа беру туралы шешім қабылдағанға дейін жұмыс істейді.
4. Қазақстан Республикасында төреліктерді мемлекеттік органдар, мемлекеттік кәсіпорындар, сондай-ақ табиғи монополиялар субъектілері және тауарлар мен көрсетілетін қызметтер нарығында үстем жағдайға ие субъектілер, дауыс беретін акцияларының елу және одан да көп пайызы (жарғылық капиталға қатысу үлестері) тікелей немесе жанама түрде мемлекетке тиесілі заңды тұлғалар, олардың еншілес және тәуелді ұйымдары, сондай-ақ екінші деңгейдегі банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар құра алмайды.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің талаптары банктік қарыз шарттары немесе микрокредит беру туралы шарттар бойынша берілген құқықтар (талаптар) бойынша коллекторлық агенттіктерге қолданылады.
Ескерту. 4-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 19.06.2024 № 97-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.5-бап. Төрелік талқылаудың қағидаттары
Төрелік талқылау:
1) туындаған немесе туындауы мүмкін дау бойынша төрелік талқылауды жүзеге асырудың тәртібі мен шарттары мәселелерін тараптар өздерінің арасында алдын ала келісім бойынша дербес шешу құқығына ие екендігін білдіретін тараптар еркінің дербестігі;
2) төрешілер мен төреліктер өздерінің шешімдерінде құқық тараптарының келісімі бойынша қолданылатын нормаларды басшылыққа алатынын білдіретін заңдылық;
3) өздеріне берілген дауларды шешу кезінде төрешілер мен төреліктердің тәуелсіздігін, оларға қандай да бір ықпал жасауды болдырмайтын жағдайларда шешім қабылдайтынын білдіретін тәуелсіздік;
4) тараптар төрелік талқылауда өз ұстанымын, оны қорғау тәсілдері мен құралдарын дербес және кімнен болса да тәуелсіз таңдайтынын, сондай-ақ тең құқықтарды пайдаланатынын және тең міндеттерді көтеретінін білдіретін тараптардың жарыспалылығы және тең құқықтылығы;
5) өздеріне берілген дауларды шешу кезінде төрешілер мен төреліктердің және төрелік талқылау тараптарының белгіленген талаптарды, қоғамның имандылық қағидаттарын және іскерлік әдеп қағидаларын сақтай отырып, адал әрекет етуге тиіс екендігін білдіретін әділеттілік;
6) төрешілердің және төрелік талқылауға қатысушылардың төрелік талқылау барысында өздеріне белгілі болған мәліметтерді тараптардың немесе олардың құқық мирасқорларының келісімінсіз жария етуге құқылы еместігін және Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, төрелік талқылау барысында өздеріне белгілі болған мәліметтер туралы куә ретінде олардан жауап алуға болмайтындығын білдіретін құпиялылық;
7) жарамсыз төрелік ескертпенің күшін жою, оны өзгерту немесе тану негізгі келісімді тоқтатуға, өзгертуге немесе жарамсыз деп тануға әкеп соқпайтынын білдіретін төрелік келісімнің дербестілігі қағидаттарын сақтау арқылы жүзеге асырылады. Тиісінше, негізгі келісімнің күшін жою, оны өзгерту немесе жарамсыз деп тану төрелік ескертпені жарамсыз деп тоқтатуға, өзгертуге немесе тануға әкеп соқпайды.
Ескерту. 5-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 21.01.2019 № 217-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).6-бап. Қарсылық білдіру құқығынан бас тарту
Осы Заңның қандай да бір ережесінің немесе төрелік келісімнің қандай да бір талабының сақталмағанын және оның үстіне, осы мақсаттар үшін төрелік регламентінде айқындалған мерзім ішінде осындай сақталмауға қарсылықты мәлімдемей төрелік талқылауға одан әрі қатысып жатқанын білетін тарап өзінің қарсылық білдіру құқығынан бас тартқан болып есептеледі.
7-бап. Төрелік қызметіне араласуға жол бермеушілік
Төрешілер мен төреліктер өздеріне берілген дауларды шешу кезінде тәуелсіз болады, осы Заңда белгіленген жағдайларды қоспағанда, өздерінің қызметіне мемлекеттік органдардың және өзге де ұйымдардың қандай да бір араласуын болдырмайтын жағдайда шешімдер қабылдайды.
8-бап. Дауды төреліктің шешуіне беру
1. Тараптар арасында жасалған төрелік келісім болған кезде дауды төреліктің қарауына беруге болады.
2. Төрелік келісімді тараптар арасында қандай да бір нақты азаматтық-құқықтық қатынас бойынша туындаған немесе туындауы мүмкін дауларға қатысты тараптар жасауы мүмкін.
3. Соттың қарауында жатқан дауға қатысты төрелік келісім аталған сот дау бойынша шешім қабылдағанға дейін жасалуы мүмкін. Мұндай жағдайда сот арызды қараусыз қалдыру туралы ұйғарым шығарады.
4. Талаптарын тараптардың бірі формулярларда немесе өзге стандартты нысандарда айқындаған және басқа тарап ұсынылған шартқа тұтастай қосылуы (қосылу шарты) арқылы ғана қабылдауы мүмкін болған шарт бойынша, сондай-ақ коммерциялық ұйым мен дара кәсіпкер болып табылмайтын жеке тұлға арасындағы қарыз шарты бойынша дауды шешу туралы төрелік келісім, егер мұндай келісім талап қою үшін негіздер туындағаннан кейін жасалса, жарамды болады.
5. Төрелікке тараптардың келісімі бойынша жеке және (немесе) заңды тұлғалар арасында азаматтық-құқықтық қатынастардан туындаған даулар берілуі мүмкін.
6. Егер тараптар өзге жөнінде уағдаласпаса, дауды тұрақты әрекет ететін төрелікке беру кезінде тұрақты әрекет ететін төреліктің регламенті төрелік келісімнің ажырамас бір бөлігі ретінде қарастырылады.
7. Төрелік келісімнің қолданысы тараптар оны қандай тәртіппен жасасса, сондай тәртіппен тоқтатылуы мүмкін.
8. Кәмелетке толмаған адамдардың, заңда белгіленген тәртіппен әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп танылған адамдардың мүдделері қозғалатын даулар, екінші деңгейдегі банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар мен олардың қарыз алушы-жеке тұлғалары арасындағы кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес банктік қарыз шарттары немесе микрокредит беру туралы шарттар бойынша, оңалту және банкроттық туралы, табиғи монополиялар субъектілері мен олардың тұтынушылары арасындағы, мемлекеттік органдар, квазимемлекеттік сектор субъектілері арасындағы даулар төреліктің қарауына жатпайды.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің талаптары қарыз алушы-жеке тұлғалармен жасалған, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес банктік қарыз шарттары немесе микрокредит беру туралы шарттар бойынша берілген құқықтар (талаптар) бойынша коллекторлық агенттіктерге қолданылады.
9. Төрелік жеке мүліктік емес қатынастардан туындайтын, мүлікке байланысты емес дауларды қарауға құқылы емес.
10. Төрелік бір жағынан Қазақстан Республикасының жеке және (немесе) заңды тұлғалары және екінші жағынан мемлекеттiк органдар, мемлекеттiк кәсiпорындар, сондай-ақ дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы тікелей немесе жанама түрде мемлекетке тиесілі заңды тұлғалар арасындағы дауларды тиісті саланың уәкілетті органының (республикалық мүлікке қатысты) немесе жергілікті атқарушы органның (коммуналдық мүлікке қатысты) келісімі болмаған жағдайда қарауға құқылы емес.
Төрелік келісім жасауға ниеттенген мемлекеттік органдар, мемлекеттiк кәсiпорындар, сондай-ақ дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы тікелей немесе жанама түрде мемлекетке тиесілі заңды тұлғалар тиісті саланың уәкілетті органына (республикалық мүлікке қатысты) немесе жергілікті атқарушы органға (коммуналдық мүлікке қатысты) төрелік талқылауға жұмсалатын шығыстардың болжамды сомаларын көрсетіп, осындай келісім жасауға келісім беру туралы сұрау салу жолдауға тиіс. Тиісті саланың уәкілетті органы немесе жергілікті атқарушы орган күнтізбелік он бес күн ішінде сұрау салуды қарауға және кері қайтарып алынбайтын келісім беру немесе келісім беруден уәжді бас тарту туралы жазбаша хабарлама жолдауға міндетті. Тиісті саланың уәкілетті органы немесе жергілікті атқарушы орган сұрау салуды қараған кезде мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігі мен мүдделерін ескеруге тиіс.
Ескерту. 8-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 21.01.2019 № 217-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 19.06.2024 № 97-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.9-бап. Төрелік келісімнің нысаны мен мазмұны
1. Төрелік келісім жазбаша нысанда жасалады. Төрелік келісім, егер ол тараптар қол қойған не хаттар, телеграммалар, телефонограммалар, факстер, электрондық құжаттар немесе субъектілерді және олардың ерік білдіруін айқындайтын өзге құжаттар алмасу арқылы жасалған құжатта төрелік ескерту түрінде жазылса, төрелік келісім жазбаша нысанда жасалған болып есептеледі.
2. Егер төрелік келісім талап арыз алмасу және талап қоюды қайтарып алу арқылы жасалса, онда тараптардың бірі келісімнің бар екенін растаса, ал екінші тарап бұған қарсы болмаса, ол сондай-ақ жазбаша нысанда жасалған болып есептеледі.
3. Шарттағы дауды төреліктің шешуіне беру туралы талапты қамтитын құжатқа сілтеме, шарт жазбаша нысанда жасалған және бұл сілтеме төрелік келісімді шарттың бір бөлігі ретінде қарастырған жағдайда, төрелік келісім болып табылады.
4. Осы Заңның 8-бабының 10-тармағында көзделген жағдайда төрелік келісім тиісті сала уәкілетті органының немесе жергілікті атқарушы органның келісімін қамтуға тиіс.
Төрелік келісімнің басқа шарттары тараптардың келісімімен айқындалуы мүмкін.
5. Алып тасталды - ҚР 27.02.2017 № 49-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).Ескерту. 9-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 27.02.2017 № 49-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 21.01.2019 № 217-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
10-бап. Төрелiк келiсiм және даудың мәнi бойынша сотқа талап қоюды ұсыну
Төрелiк талқылау нысанасы бойынша талап қою берiлген сот, егер төрелік келiсiм жарамсыз, күшiн жойған немесе орындалуы мүмкін болмайтын деп таппаса, егер тараптардың кез келгенi бұл туралы өтiнсе, даудың мәнi бойынша өзiнiң алғашқы өтiнiшiн ұсынудан кешiктiрмей тараптарды төрелікке жiберуге тиiс.
Осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген талап қоюдың берілгеніне қарамастан, сот төрелік талқылау нысанасы оның соттылығына жататыны туралы мәселені қарағанша, төрелік талқылау басталуы немесе жалғастырылуы және төрелік шешім шығарылуы мүмкін.
Ескерту. 10-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 21.01.2019 № 217-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).2-тарау. ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТӨРЕЛІК ПАЛАТАСЫ
11-бап. Қазақстанның Төрелік палатасын құру, қайта ұйымдастыру және тарату
1. Қазақстанның Төрелік палатасы (бұдан әрі – Төрелік палата) – Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасында төреліктердің қызметін іске асыру, ынталандыру және қолдау үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету мақсаттарында құрылатын, тұрақты жұмыс істейтін төреліктердің, төрешілердің бірлестігін білдіретін коммерциялық емес ұйым.
2. Төрелік палатаны қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
12-бап. Төрелік палатаның өкілеттіктері
1. Төрелік палатының өкілеттіктеріне:
1) төрешілердің және тұрақты әрекет ететін төреліктердің Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарында, шетелдік және халықаралық ұйымдарда мүдделерін білдіру және қорғау;
2) Қазақстан Республикасындағы төрелік қызмет жағдайының мониторингі;
3) төрешілерді оқыту және олардың біліктілігін арттыру;
4) тұрақты жұмыс істейтін төреліктер төрешілерінің, сондай-ақ Төрелік палатаның мүшелері болып табылатын төрешілердің тізілімін жүргізу;
5) тұрақты жұмыс істейтін төреліктерде істерді сақтау қағидаларын бекіту;
6) осы Заңның 14-бабы 6-тармағында көзделген жағдайларда Төрелік палатаның тізіліміндегі немесе тұрақты жұмыс істейтін төреліктің адамдары арасынан төрешілерді (төрешіні) тағайындау;
7) нақты дауды шешу үшін тағайындалған төрешінің өкілеттіктерін тоқтатуға қатысты шешім қабылдау;
7-1) Қазақстан Республикасының төрелік туралы заңнамасының жекелеген мәселелері және оны қолдану практикасы жөнінде ұсынымдық сипатқа ие сараптама қорытындыларын ұсыну;
8) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес келетін, Төрелік палатаның құрылтай құжаттарында көзделген өзге өкілеттіктер кіреді.
2. Төрелік палатаның тізілімі – тұрақты жұмыс істейтін төреліктердің төрешілері, сондай-ақ Төрелік палатаның мүшелері болып табылатын төрешілер туралы дерекқор.
Төрешілер тізілімі Төрелік палатаның интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде орналастырылуға тиіс.
3. Алып тасталды - ҚР 21.01.2019 № 217-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).4. Төрелік палатаны басқару органдары мыналар болып табылады:
1) жоғары басқару органы – мүшелердің жалпы жиналысы;
2) тұрақты жұмыс істейтін атқарушы басқару органы – төраға басқаратын басқарма;
3) алып тасталды - ҚР 21.01.2019 № 217-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);4) Төрелік палатаның қаржы-шаруашылық қызметін ішкі бақылау органы – тексеру комиссиясы (тексеруші).
Ескерту. 12-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 21.01.2019 № 217-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).3-тарау. ТӨРЕЛІКТІҢ ҚҰРАМЫ
1. Iстiң нәтижесiне тiкелей немесе жанама түрде мүдделi емес, тараптардан тәуелсiз болып табылатын және төрешiнiң мiндеттерiн атқаруға келiсiм берген, жасы отызға толған, жоғары бiлiмi мен мамандығы бойынша кемінде бес жыл жұмыс өтілі бар жеке тұлға төрешi болып сайланады (тағайындалады).
Дауды жеке-дара шешетін төрешінің жоғары заң білімі болуға тиіс. Дауды алқалы шешетін жағдайда төрелік құрам төрағасының жоғары заң білімі болуға тиіс.
Тараптардың келісімі бойынша Қазақстан Республикасының азаматы, шетелдік не азаматтығы жоқ адам төреші болып сайлануы мүмкін.
2. Төрешiлiкке кандидаттарға қойылатын қосымша талаптарды тараптар тiкелей келiсуi немесе тұрақты жұмыс істейтін төрелік регламентiнде айқындалуы мүмкін.
3. Мыналар:
1) Қазақстан Республикасының заңында белгiленген тәртiппен сайланған немесе тағайындалған судья;
2) Қазақстан Республикасының заңында белгiленген тәртiппен сот әрекетке қабiлетсiз немесе әрекетке қабiлетi шектеулi деп таныған;
3) соттылығы алынбаған немесе өтелмеген;
4) мемлекеттiк қызметшi, Қазақстан Республикасы Парламентiнiң депутаты, өз қызметiн мемлекеттiк бюджет қаражаты есебiнен ақысы төленетiн тұрақты немесе жұмыстан босатылған негiзде жүзеге асыратын мәслихат депутаты және әскери қызметшi болып табылатын адам төрешi бола алмайды.
Ескерту. 13-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 21.01.2019 № 217-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).1. Төреліктің құрамы жеке-дара не алқалы болуы мүмкін.
Төреліктің құрамын қалыптастыру тараптардың келiсiмi бойынша төрешiлердi (төрешiнi) сайлау (тағайындау) арқылы не тұрақты жұмыс істейтін төреліктің регламентінде белгіленген тәртіппен жүргiзiледi.
2. Тараптар төрешілердің санын айқындауға құқылы, ол тақ болуға тиіс.
Егер тараптар өзге жөнінде уағдаласпаса, онда төрелікте дауды шешу үшін үш төреші сайланады (тағайындалады).
3. Тұрақты жұмыс істейтін төрелікте төреліктің құрамын қалыптастыру тұрақты жұмыс істейтін төреліктiң регламентiнде және төрелік келісімде белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.
4. Төрелiкте нақты дауды шешу үшiн төреліктің құрамын қалыптастыру тараптар келiскен тәртiппен жүргiзiледi.
5. Егер тараптар өзге жөнiнде уағдаласпаса немесе дауды тұрақты жұмыс істейтін төрелік қарамайтын болса, үш төрешiден тұратын төреліктің құрамын қалыптастыру кезiнде әрбiр тарап бiр төрешiнi тағайындайды және осылайша тағайындалған екi төрешi үшiншi – төрағалық ететін төрешiнi сайлайды.
6. Тараптардың келiсiмi болмаған жағдайда және регламентте өзгеше белгіленбесе тұрақты жұмыс істейтін төреліктің басшысы, ал дауды нақты дауды шешу үшін құрылған төрелік қараған жағдайда – Төрелік палата:
1) егер регламентте немесе тараптардың келісімінде өзгеше мерзім белгіленбесе, тарап басқа тараптан бұл туралы өтiнiштi алған кезден бастап күнтiзбелiк отыз күн iшiнде төрешiнi тағайындамаған;
2) егер регламентте немесе тараптардың келісімінде өзгеше мерзім белгіленбесе, екi төрешi өздерiн тағайындаған кезден бастап күнтiзбелiк отыз күн iшiнде үшiншi төрешiнi таңдау туралы уағдаласпаған;
3) егер регламентте немесе тараптардың келісімінде өзгеше мерзім белгіленбесе, тараптар күнтiзбелiк отыз күн iшiнде дауды жеке-дара қарайтын төрешiнi таңдау туралы уағдаласпаған жағдайларда, дау тараптарының бiрiнiң өтiнiшi бойынша күнтiзбелiк отыз күн iшiнде төрешiлердi (төрешiнi) Төрелік палатаның немесе тұрақты жұмыс істейтін төреліктің тізіліміндегі адамдардың арасынан тағайындауы мүмкін.
Тұрақты жұмыс істейтін төрелік басшысының төрешілерді тағайындау туралы шешімінің күші жойылуға жатпайды.
Ескерту. 14-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 21.01.2019 № 217-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).1. Төрешілер тізілімі – тұрақты жұмыс істейтін төреліктердің төрешілері, сондай-ақ Төрелік палатаның мүшелері болып табылатын төрешілер туралы мәліметтерді қамтитын дерекқор.
Төрешілер тізілімі төрешінің тегін, атын, әкесінің атын (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілген болса), жұмыс орнын, лауазымын және жұмыс кезеңін көрсетіп, жұмыс тәжірибесін, ғылыми дәрежесін және ғылыми атағын (болған жағдайда), қараған істерінің санын қамтуға тиіс.
2. Төрешілер туралы ақпарат мүдделі тұлғалардың сұрау салуы бойынша беріледі.
3. Төрешілер тізілімін жүргізу және оны пайдалану қағидаларын Төрелік палата бекітеді.
Ескерту. 15-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 21.01.2019 № 217-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).16-бап. Тұрақты жұмыс iстейтiн төрелік қызметiнiң шарттары
1. Тұрақты жұмыс iстейтiн төрелік өзінің төрешiлерiнiң тізілімін жүргізеді. Заңды мекенжайын және регламентін қоса алғанда, тұрақты жұмыс iстейтiн төрелік туралы ақпарат, сондай-ақ төрешілердің тізілімі жеке және заңды тұлғалардың еркін танысуы үшін бұқаралық ақпарат құралдарында, оның ішінде интернет-ресурстарда орналастырылады. Төреліктің шешімдері туралы ақпарат дау тараптарының келісімі болған кезде орналастырылады.
2. Тұрақты жұмыс iстейтiн төрелік өзінің регламентінде айқындалған тәртіппен қаралған даулар бойынша істерді сақтауды жүзеге асырады.
Ескерту. 16-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 21.01.2019 № 217-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).1. Төрешi осы Заңның 13-бабының талаптарына сәйкес келмеген жағдайда, тараптар төрешiден бас тарту туралы мәлiмдеуi мүмкiн.
2. Төрешінің турашылдығына және (немесе) құзыреттілігіне күмән туғызатын мынадай мән-жайлар, егер:
1) төрешімен тығыз байланысты адам дау тарапы болып табылса немесе төреші дауды қараудың нәтижесіне қарай басқадай тұрғыда өзіне елеулі пайданы немесе залалды күтетін болса;
2) төреші немесе онымен тығыз байланысты адам дау тарапы болып табылатын заңды тұлғаның, оның филиалының немесе өкілдігінің жетекшісі болып табылса немесе басқадай тұрғыда тарапты немесе дауды қараудың нәтижесіне қарай елеулі пайданы немесе залалды күтетін адамды білдіретін болса;
3) төреші сарапшы ретінде болса немесе өзгеше тұрғыда даудағы өз ұстанымын алдын ала айқындап қойған болса немесе тараптың ұстанымын алдын ала дайындауда немесе жазып беруде тарап жағына жәрдем көрсеткен болса;
4) төреші осы істі қарауға байланысты осы Заңда көзделмеген сыйақы алса немесе оны талап етсе;
5) төреші төрелік талқылау мерзімдерін негізсіз сақтамайтын болса, төрешiден бас тартуға негіз болып табылады.
Осы Заңның мақсаттары үшін, егер адам төрешінің жұбайы (зайыбы) немесе оның жақын туысы, жекжаты не тұрақты жұмыс істейтін төреліктің қызметкері болып табылатын, төрешімен еңбек немесе өзге шарттық қатынастарда тұратын немесе оның төрешіге тәуелділігін куәландыратын өзге де байланысы бар адам, етене байланыстағы адам болып табылады.
3. Қандай да бiр жеке адамға оның төрешi етiп сайлану (тағайындалу) мүмкiндiгiне байланысты өтініш білдірiлген жағдайда аталған адам осы Заңның 13-бабына сәйкес одан бас тарту үшiн негiз болып табылатын мән-жайлардың бар екендiгі туралы хабарлауға тиiс. Егер аталған мән-жайлар төрелiк талқылау кезiнде туындаған жағдайда төрешi бұл туралы тараптарға кiдiрiссiз хабарлауға және өздiгiнен бас тартатыны туралы мәлiмдеуге тиiс.
4. Егер бас тарту үшiн негiз болып табылатын мән-жайлар тарапқа осы істі қарау үшін төрелік құрамын қалыптастырғаннан кейін ғана белгiлi болған жағдайда, ол осы бапқа сәйкес өзi сайлаған төрешiден бас тарту туралы мәлiмдеуi мүмкiн.
5. Тұрақты жұмыс істейтін төрелiкте төрешiден бас тарту рәсiмi оның регламентiнде айқындалуы мүмкiн.
6. Төрелiкте нақты дауды шешу үшiн төрешiден бас тарту рәсiмiн тараптар келiсуi мүмкiн.
7. Егер төрешiден бас тарту рәсiмi тараптармен келiсiлмесе немесе тұрақты жұмыс істейтін төрелiктiң регламентiнде айқындалмаса, онда тарап төрешiден бас тарту туралы жазбаша дәлелдi өтiнiштi төрешiден бас тарту үшiн негiз болып табылатын мән-жайлар өзiне белгiлi болғаннан кейiн күнтiзбелiк отыз күн iшiнде төрелiкке беруге тиiс.
Егер өзiне бас тарту мәлiмделген төрешi оны қанағаттандырудан бас тартса немесе тараптардың бiрi төрешiден бас тартумен келiспесе, онда төрелiктiң құрамына кiретiн төрешiлер тараптың жазбаша дәлелдi өтiнiшi алынған кезден бастап күнтізбелік он күн ішінде бас тарту туралы мәселенi шешедi.
Дауды жеке-дара қарайтын төрешiден бас тарту туралы мәселенi сол төрешi шешедi.
Егер дауды жеке-дара қарайтын төрешi тараптардың бiрiнiң немесе екеуiнiң де бас тарту туралы өтiнiшiн қанағаттандырудан бас тартса немесе тараптардың бiрi төрешiден бас тартумен келiспесе, онда тараптар бас тарту туралы мәселенi төреліктің осы құрамының төрелiк талқылауды тоқтатуы туралы келiсiм қабылдау арқылы шешедi.
18-бап. Төрешінің өкілеттіктерін тоқтату
1. Төрешінің өкілеттіктері тараптардың келісімі бойынша осы Заңның 17-бабында көзделген негіздер бойынша, сондай-ақ өз өкілеттіктерін дауды қарау бойынша белгіленген мерзім ішінде орындамаған немесе ауруы бойынша, қайтыс болуына не дауды қарау бойынша өз өкілеттіктерінен бас тартуына байланысты өз міндеттерін жүзеге асыруға қабілетсіз болған жағдайда, тоқтатылуы мүмкін.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген негіздердің қайсыбіріне қатысты келіспеушілік болған жағдайда, кез келген тарап тұрақты жұмыс істейтін төрелік басшысына төрешінің өкілеттіктерін тоқтатуға қатысты шешім қабылдау туралы өтінішхатпен жүгінуі мүмкін.
Төрешінің өкілеттіктерін тоқтатуға қатысты шешімнің күші жойылуға жатпайды.
2. Төрелік құрамының өкілеттіктері тоқтатылған жағдайда, қарауда жатқан дау бойынша іс жүргізу басқа төрелік құрамын сайлағанға (тағайындағанға) дейін тоқтатыла тұрады.
3. Төрешінің өкілеттіктері нақты іс бойынша шешім күшіне енгеннен кейін немесе егер тараптар мұндай тоқтатуға қатысты уағдаласқан жағдайда тоқтатылады. Осы Заңның 50 және 51-баптарында көзделген жағдайларда төрешінің өкілеттіктері қайта басталады, ал бұдан соң аталған баптарда көзделген процестік әрекеттер жасалғаннан кейін тоқтатылады.
Төрешінің өкілеттіктері тоқтатылған жағдайда, ауыстырылатын төрешіні сайлау (тағайындау) кезінде қолданылған қағидаларға сәйкес басқа төреші сайланады (тағайындалады).
Ауыстыру тәртібімен сайланған (тағайындалған) төреші іс бойынша қайта тыңдауды тағайындауға құқылы.
4-тарау. ТӨРЕЛІК ТАЛҚЫЛАУДЫ ЖҮРГІЗУ
20-бап. Төреліктің өз құзыреті туралы қаулы шығаруға және талап қоюды қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдау туралы нұсқау беруге құқығы
1. Төрелік өзіне шешуге берілген дауды қарауға өкiлеттiктepi (юрисдикциясы) бар немесе жоқ екендiгi туралы мәселенi, оның iшiнде тараптардың бiрi төрелiк келiсiм жарамсыз деген себеппен төрелiк талқылауға қарсылық бiлдiрген жағдайда дербес шешедi. Бұл мақсат үшін шарттың бір бөлігі болып табылатын төрелік ескертпе, шарттың басқа талаптарына тәуелді емес келісім ретінде түсіндіріледі. Төреліктің шарттың жарамсыздығы туралы шешім шығаруы төрелік ескертпенің жарамсыздығына әкеп соқпайды.
2. Тарап даудың мәнi бойынша алғашқы өтiнiш берiлгенге дейiн төрелiктiң өзiне шешуге берiлген дауды қарауға төрелiктің өкiлеттiктерi жоқ екенi туралы мәлiмдеуге құқылы.
3. Егер төрелiк талқылау барысында қаралуы төрелiк келiсiмде көзделмеген мәселе төрелiк талқылаудың нысанасына айналса, не ол осы iс қарауда қолданылатын құқық нормаларына немесе төрелiк талқылау қағидаларына сәйкес төрелiк талқылаудың нысанасы бола алмаса, тарап төрелiктiң өз өкiлеттiктерiн асыра пайдаланғаны туралы мәлiмдеуге құқылы.
4. Егер регламентте немесе тараптардың келісімінде өзгеше белгіленбесе, төрелік осы баптың 2 және 3-тармақтарына сәйкес жасалған өтiнiштi күнтізбелік он күн ішінде қарауға мiндеттi. Өтiнiштi қарау нәтижелерi бойынша ұйғарым шығарылады.
5. Егер төрелiк өзiнiң құзыретi туралы мәселенi қарау кезiнде төрелiктiң дауды қарауға өкiлеттiктерi жоқтығы туралы ұйғарым шығарса, онда төрелiк дауды мәнi бойынша қарай алмайды.
6. Егер тараптар өзге жөнінде уағдаласпаса, онда төрелік кез келген тараптың өтiнiшi бойынша қандай да бiр тараптың даудың нысанасына қатысты талап қоюды қамтамасыз етуі жөнiнде өзi қажет деп есептеген осындай шаралар қабылдауы туралы нұсқау бере алады, бұл туралы ұйғарым шығарады.
Ескерту. 20-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 21.01.2019 № 217-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).21-бап. Төрелiк талқылау қағидаларын айқындау
1. Төрелiк талқылауды тұрақты жұмыс iстейтiн төрелік өзiнiң регламентiне және төрелiк келісімге сәйкес жүзеге асырады.
2. Төрелiк нақты дауды шешу үшiн төрелік талқылауды тараптармен келiсiлген қағидаларға сәйкес жүзеге асырады.
2-1. Тұрақты жұмыс iстейтiн төреліктiң регламентiнде, сондай-ақ осы Заңның ережелерiнде айқындалмаған және тараптармен келiсiлмеген төрелік талқылау қағидаларын төрелік айқындайды.
3. Төрелiк құрамына берілген өкiлеттiктер кез келген дәлелдемеге жол берушілікті, оның қатыстылығын, мәнін және маңызын айқындауға арналған өкiлеттiктерді қамтиды.
Ескерту. 21-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 21.01.2019 № 217-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).22-бап. Төрелiк талқылаудың орны
Тараптар төрелік талқылаудың орнын өз қалауы бойынша айқындай алады. Мұндай уағдаластық болмаған кезде төрелік талқылаудың орнын тараптар үшiн қолайлылық факторын қоса алғанда, iстiң мән-жайларын ескере отырып төрелік құрамы айқындайды.
Ескерту. 22-бап жаңа редакцияда - ҚР 21.01.2019 № 217-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).1. Талап қоюшы өзiнiң талаптарын талап арызда баяндайды, ол төрелікке жазбаша нысанда берiледi. Талап арыздың көшiрмесi жауапкерге берiледi.
2. Талап арызда:
1) талап арыздың берiлген күнi;
2) тараптардың атауы, олардың пошта мекенжайы және банк деректемелерi;
3) төрелікке жүгiну негiздемесi;
4) талап қоюшының талаптары;
5) талап қоюшы өзiнiң талаптарын негiздеген мән-жайлар;
6) талап қою талаптарының негiздерiн растайтын дәлелдемелер;
7) егер талап қою бағалануға жатса, талап қоюдың бағасы;
8) талап арызға қоса берiлетiн құжаттар мен өзге де материалдардың тiзбесi көрсетiлуге тиiс.
Талап арызға талап қоюшы немесе сенiмхаттың немесе өкiлдiң өкiлеттiгiн куәландыратын өзге құжаттың түпнұсқасы қоса берiле отырып, оның өкiлi қол қоюға тиiс.
3. Төрелiктiң регламентiнде талап арыздың мазмұнына қосымша талаптар көзделуi мүмкін.
4. Төрелік талқылау барысында тарап өзiнiң талап қою талаптарын өзгертуге немесе толықтыруға құқылы.
Ескерту. 23-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 21.01.2019 № 217-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).1. Жауапкер талап арызға пікірінде өзiнiң талап қоюға қарсылықтарын баяндай отырып, оны талап қоюшыға және төрелікке ұсынуға құқылы. Талап арызға пiкiр төреліктiң регламентiнде немесе тараптардың келісімінде көзделген тәртiппен және мерзiмдерде талап қоюшыға және төрелікке берiледi.
Егер төреліктiң регламентiнде талап арызға пiкiр беру мерзiмi айқындалмаса, онда көрсетiлген пiкiр төреліктiң бiрiншi отырысына дейін кемiнде күнтiзбелiк он күн қалғанда ұсынылады.
2. Төрелік талқылау барысында тарап талап қоюға қарсы өзiнiң қарсылықтарын өзгертуге және (немесе) толықтыруға құқылы.
3. Жауапкердің пікір ұсынбауы дауды қарауға кедергі бола алмайды.
Ескерту. 24-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 21.01.2019 № 217-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).25-бап. Төрелiк талқылауды қозғау
Ескерту. 25-бап алып тасталды - ҚР 21.01.2019 № 217-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
26-бап. Төрелiк талқылаудың басталуы
1. Егер тараптардың келiсімінде немесе регламентте өзгеше көзделмесе, төрелiк талап қою арызын қабылдап, күнтізбелік он күн ішінде төрелік регламентiне немесе тараптар келiскен қағидаларға сәйкес төрелік талқылауды қозғау туралы ұйғарым шығарады, тараптарға оның қаралатын орны туралы хабарлайды, жауапкерге талап қою арызына жазбаша пiкiр берудi ұсынады.
2. Егер тараптар өзге жөнінде уағдаласпаса, нақты дауға қатысты төрелiк талқылау осы дауды төрелiкке беру туралы өтінішті жауапкер алған күні басталады.
3. Егер тараптар өзге жөнiнде уағдаласпаса, төрелік тараптарға төрелік отырысының уақыты мен орны туралы алдын ала және тиiстi түрде хабарлама тапсыруға мiндеттi.
4. Егер тараптар өзге жөнінде уағдаласпаса, онда тараптардың бiрi төрелікке ұсынатын барлық құжаттардың, материалдардың көшiрмелерi мен ақпаратты төрелік олар төрелікке келiп түскен күннен бастап күнтiзбелiк жетi күн iшiнде екiншi тарапқа беруге тиiс. Төрелiк сараптамалық қорытындыларды тараптарға төрелік талқылау басталғанға дейiн беруге тиiс.
5. Егер тараптардың келiсімінде өзгеше көзделмесе, төрелiк дәлелдемелер ұсыну үшін немесе ауызша жарыссөздер үшін істі ауызша тыңдауды өткізу-өткізбеу не талқылауды құжаттар мен басқа да материалдар негізінде ғана жүзеге асыру туралы шешім қабылдайды. Егер тараптар ауызша тыңдауды өткізуге уағдаласпаса, төрелiк мұндай тыңдауды тараптардың кез келгенінің өтінуі бойынша талқылаудың тиiстi сатысында өткізуге тиіс.
Ескерту. 26-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 21.01.2019 № 217-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).1. Төрелiк егер:
1) тараптар арасында төрелік келісім болмаса;
2) талап қою төрелік келiсiмде көзделмеген төрелікке берiлсе;
3) талап қоюдың нысанасы төрелік келiсiмнiң шеңберiнен тыс болса;
4) төрелік келісімнің қатысушылары болып табылмайтын үшінші тұлғалардың мүдделерін қозғаса;
5) талап арызға қол қоюға өкiлеттiктерi жоқ адам қол қойса;
6) талап қоюшы талап арызды қайтарып алу туралы өтініш берсе;
7) осы немесе басқа төреліктің іс жүргізуінде сол тараптар арасындағы сол нысана туралы және сол негіздер бойынша дау жөнінде іс бар болса, талап арызды қайтарады.
2. Талап арыз қайтарылған кезде төрелік дәлелді ұйғарым шығарады.
3. Арыздың қайтарылуы талап қоюшының сол жауапкерге сол нысана туралы және сол негіздер бойынша талап қойып, Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде, тиісті тұрақты жұмыс істейтін төреліктің регламентінде немесе тараптардың келісімінде белгіленген талаптарды сақтай отырып, төрелікке қайтадан жүгінуіне кедергі келтірмейді.
28-бап. Төрелік талқылаудың тілі
1. Тараптар төрелік талқылау барысында пайданылатын тiл немесе тiлдер туралы өз қалаулары бойынша уағдаласуы мүмкін. Мұндай уағдаластық болмағанда төрелік талқылау тілі төрелікке талап арыз қай тілде берілуіне байланысты не төрелік келісімінің тілінде төреліктің ұйғарымымен белгіленеді.
Егер істі қарауға дайындау барысында төрелікте өкілі талап арыз берген тілді талап қоюшының меңгермегені анықталса, онда талап қоюшының жазбаша өтінішхаты бойынша төрелік талқылаудың тілін өзгерту туралы ұйғарым шығарады.
Төрелiк талқылау жүргiзiлiп отырған тiлдi меңгермеген iске қатысушы адамдарға аудармашы арқылы iс материалдарымен танысу, төрелік талқылауға қатысу құқығы, төрелікте ана тiлiнде сөйлеу құқығы қамтамасыз етiледi. Бұл ретте тарап аудармашының төрелік талқылауға қатысуын дербес қамтамасыз етеді.
2. Құжаттар мен өзге де материалдарды төрелік талқылау тiлiнде (тiлдерiнде) ұсынбаған тарап олардың аудармасын қамтамасыз етедi, бұл ретте төреліктiң регламентiнде не тараптардың келiсiмiнде қосымша талаптар айқындалуы мүмкін.
3. Төрелiк тараптардан құжаттар мен өзге де материалдардың төрелік талқылау тiлiндегi (тiлдерiндегi) аудармасын талап ете алады.
4. Төреліктің құжаттары және өзге де материалдары іске қатысушы адамдарға төрелік талқылаудың тілінде табыс етіледі.
29-бап. Құжаттарды ұсынбау немесе тараптардың келмей қалуы
1. Құжаттар мен өзге де материалдарды ұсынбау, оның iшiнде төрелік отырысының уақыты мен орны туралы тиiстi түрде хабардар етiлген тараптардың бiрiнiң немесе олардың өкiлдерiнiң төрелік отырысына келмей қалуы, егер құжаттар мен өзге де материалдардың ұсынылмау себептерiн немесе тараптардың төрелік отырысына келмей қалуын ол дәлелсiз деп таныса, ұсынылып отырған материалдар мен дәлелдемелер негiзiнде төрелік талқылау және төреліктiң шешiм қабылдауы үшiн кедергi болып табылмайды.
2. Жауапкердiң талап қоюға қарсылықтар ұсынбауын талап қоюшының талаптарын тану ретiнде қарауға болмайды.
30-бап. Тараптардың жазбаша хабарламаларды алуы
Егер тараптар өзге жөнінде уағдаласпаса:
1) егер кез келген жазбаша хабарлама адресатқа тұрақты тұрғылықты жерi немесе пошта мекенжайы бойынша жеткізілсе, ол алынды деп есептеледi, мұндайларды ақылға қонымды анықтама жүргізу арқылы анықтау мүмкін болмаса, егер ол соңғы белгiлi тұратын жерiне тапсырыс хатпен тапсырылғаны туралы хабарламасы бар тапсырыс хат, телефонограмма немесе жеделхат, ұялы байланыстың абоненттік нөмірі немесе элекрондық мекенжайы бойынша, сондай-ақ хабарлауды тiркеудi қамтамасыз ететiн өзге де байланыс құралдарын пайдалану арқылы жiберiлсе, жазбаша хабарлама алынды деп есептеледi;
2) жазбаша хабарлама осындай жеткiзiлген күнi алынды деп есептеледi.
Ескерту. 30-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 21.01.2019 № 217-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).Төрелiк талқылауға қатысушы тараптардың:
1) iс материалдарымен танысуға және осы материалдардан көшiрмелер алуға;
2) дәлелдемелердi ұсынуға;
3) өтiнiш бiлдiруге, төрешiлерден бас тартуға;
4) процеске қатысушыларға сұрақтар қоюға, ауызша және жазбаша түсiнiктемелер беруге;
5) процесс барысында туындайтын барлық мәселелер бойынша өз дәлелдерiн ұсынуға;
6) басқа тараптың өтiнiштерiне және дәлелдерiне қарсылық бiлдiруге;
7) төрелік отырыс хаттамасымен танысуға және ол бойынша жазбаша ескертулер беруге;
8) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес сот алдында төреліктiң шешiмiн мәжбүрлеп орындату туралы өтiнiш беруге;
9) осы Заңда белгiленген жағдайларда төреліктiң шешiмiн бұзу туралы өтініш беруге;
10) істі бітімгершілік келісімімен немесе дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісіммен аяқтауға құқығы бар.
32-бап. Тараптардың төрелік отырысқа қатысуы
1. Әрбiр тарапқа өз ұстанымын баяндау және өзiнiң құқықтары мен мүдделерiн қорғау үшiн тең мүмкіндiктер берiлуге тиiс.
2. Егер тараптар өзге жөнінде уағдаласпаса, онда төрелік талқылау тараптардың және (немесе) олардың өкiлдерiнiң қатысуымен төреліктiң жабық отырысында жүзеге асырылады.
Тараптар өкiлдерiнiң өкiлеттiктерi Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген талаптар сақтала отырып ресiмделуге тиiс.
3. Төреліктің отырысы (оның бөлігі) тараптардың өтінішімен не төреліктің бастамашылығымен бейнеконференция байланысы мен өзге де бағдарламалар, техникалық құралдар пайдаланыла отырып өткізілуі мүмкін.
Бұл ретте осы Заңның 22-бабына сәйкес айқындалған төрелік талқылаудың орны отырыс өткізу, шешім шығару орны болып табылады.
33-бап. Дәлелдемелерді ұсыну және зерттеу
1. Әрбiр тарап өз талаптары мен қарсылықтарының негiздемесi ретiнде сiлтеме жасайтын мән-жайларды дәлелдеуге тиiс. Төрешi, егер ұсынылған дәлелдемелерді жеткiлiксiз деп тапса, тараптарға қосымша дәлелдемелер табыс етудi ұсынуға құқылы.
2. Төрешілер, егер тараптар ұсынған дәлелдемелердің дауға қатысы болмаса немесе мұндай дәлелдемелердің ұсынылған уақыты ескеріле отырып бас тарту орынды болып табылса, дәлелдемелерді қабылдаудан бас тартуға құқылы.
3. Төрешi iс бойынша қолда бар барлық дәлелдемелердi тiкелей зерттеуге мiндеттi.
34-бап. Төрелік тағайындаған сарапшы
1. Егер төрелік талқылауға қатысушы тараптар өзге жөнінде уағдаласпаса, төрелік:
1) төрелік айқындайтын нақты мәселелер бойынша өзiне қорытындылар беруi үшiн бiр немесе бiрнеше сарапшы тағайындауы;
2) тараптан iске қатысты кез келген ақпаратты сарапшыға ұсынуын не оған iске қатысты құжаттардың, тауарлардың немесе басқа да мүлiктiң тексерiп қарау үшiн ұсынылуын немесе тексерiп қарауға мүмкіндiк берiлуiн талап eтуi;
3) егер бұл мәселелерді тараптар арнайы ескертпесе, сараптама жүргізу және сарапшының қатысуына ақы төлеуге арналған шығыстарды бөлуді қоса алғанда, төрелік талқылауға сарапшының қатысуына қатысты өзге де мәселелерді шешуі мүмкін.
2. Сараптамалық қорытынды жазбаша нысанда беріледі.
3. Тараптардың өзге жөнінде уағдаластығы болмаған кезде, егер тарап бұл туралы өтiнсе немесе төрелік оны қажет деп есептесе, сарапшы өзiнiң жазбаша қорытындысын ұсынғаннан кейiн тыңдауға қатысуға тиiс, онда тараптарға оған сұрақтар қою және даулы мәселелер бойынша айғақтар беру үшiн мамандар ұсыну мүмкіндiгi берiледi.
35-бап. Істі төрелік талқылауға дайындау, дауларды қарау және шешу мерзімдері
1. Егер регламентте немесе тараптардың келісімінде өзге мерзім белгіленбесе, істерді төрелік талқылауға дайындау арыз қабылданған күннен бастап күнтізбелік он бес күннен кешіктірілмей жүргізілуге тиіс. Аса күрделі істер бойынша ерекше жағдайларда бұл мерзім төрешінің дәлелді ұйғарымы бойынша бір айға дейін ұзартылуы мүмкін.
2. Егер регламентте немесе тараптардың келісімінде өзге мерзім белгіленбесе, төрелік дауларды төрелік талқылауға істерді дайындау аяқталған күннен бастап екі айға дейінгі мерзімде қарайды және шешеді.
3. Қаралып жатқан даудың күрделілігіне қарай төрелік белгіленген мерзімдерді ұзартуы мүмкін.
4. Егер төреші төрелік талқылауды негізсіз кешіктірсе, тараптардың одан бас тарту туралы және жаңа төреші тағайындау туралы өтініш жасауға құқығы бар.
36-бап. Төрелiк отырыстың хаттамасы
1. Егер тараптар өзге жөнінде уағдаласпаса, онда төрелік отырысында хаттама жүргiзiледi.
2. Төрелік отырысының хаттамасы iстi талқылаудың барлық елеулi кездерiн көрсетуге тиiс.
Төрелік отырысының хаттамасында:
1) төрелік отырысының жылы, айы, күнi және орны;
2) төрелік отырысының басталу және аяқталу уақыты;
3) iстi қарайтын төреліктің атауы, төрешілердің, төрелік отырысы хатшысының тегi және аты-жөнi;
4) iстiң атауы;
5) iске қатысушы адамдардың, өкiлдердiң, куәлардың, сарапшылардың, мамандардың, аудармашылардың келуi туралы мәлiметтер;
6) төрағалық етушiнiң (жеке-дара төрешінің) өкiмдерi және төреліктің отырыс залында төрелік шығарған ұйғарымдар;
7) iске қатысушы адамдардың және олардың өкiлдерінiң арыздары, өтiнiшхаттары мен түсiнiктемелерi;
8) куәлардың айғақтары, сарапшылардың өз қорытындыларын ауызша түсiндiруi, мамандардың түсiнiктемелерi;
9) құжаттарды жария ету туралы мәлiметтер, заттай дәлелдемелердi қарап тексеру деректерi, дыбыс жазбаларын тыңдау, бейнежазбаларды, киноматериалдарды қарау;
10) шешiмдер мен ұйғарымдарды жариялау және мазмұнын түсiндiру, оларға шағым жасау тәртiбi мен мерзiмiн түсiндiру туралы мәлiметтер;
11) iске қатысушы адамдарға хаттамамен танысу және ол бойынша ескертулер беру құқықтарын түсiндiру туралы мәлiметтер;
12) хаттаманың жасалған күнi көрсетiледi.
3. Төрелік отырысының хатшысы хаттама жасайды, оны төрелік талқылау тараптарының келiсiмi бойынша не тұрақты жұмыс iстейтiн төреліктің регламентiне сәйкес төрелік тағайындайды.
4. Iске қатысушы адамдар және олардың өкiлдерi хаттаманың қандай да бiр бөлiгiн жариялау, өздерi iс үшiн елеулi деп санайтын мән-жайлар жөнiндегi мәлiметтердi хаттамаға енгiзу туралы өтiнiш жасауға құқылы.
5. Хаттама төрелік отырысы аяқталғаннан кейiн күнтізбелік үш күннен кешiктiрiлмей жасалуға және оған қол қойылуға тиiс.
Күрделi iстер бойынша төрелік отырысының хаттамасын жасау және оған қол қою неғұрлым ұзақ мерзiмде, бiрақ төрелік отырысы аяқталғаннан кейiн күнтізбелік бес күннен кешiктiрiлмей жүзеге асырылуы мүмкiн.
6. Хаттамаға төрағалық етушi мен хатшы қол қояды. Барлық өзгерiстер, түзетулер, толықтырулар хаттамада ескертiлуге және олардың қолдарымен куәландырылуға тиiс.
37-бап. Хаттамаға ескертулер жасау
Төрелік талқылауға қатысушы адамдар және (немесе) олардың өкілдері төрелік отырысының хаттамасымен, егер регламентте немесе тараптардың келісімінде өзгеше мерзім белгіленбесе, оны жасаған және оған қол қойған күннен бастап күнтізбелік бес күн ішінде танысуға және танысқан сәттен бастап күнтізбелік бес күн ішінде хаттамаға ондағы жол берілген қателіктерді және (немесе) жасалған әрекеттердің және олардың нәтижелерін тіркеудің (көрсетудің) толық еместігін көрсете отырып жазбаша түрде ескертулер беруге құқылы.
38-бап. Хаттамаға жасалған ескертулерді қарау
1. Хаттамаға жасалған ескертулерді оған қол қойған төрағалық етуші (жеке-дара төреші) қарайды, ол ескертулермен келіскен жағдайда олардың дұрыстығын куәландырады.
2. Берілген ескертулермен төрағалық етуші (жеке-дара төреші) келіспеген жағдайда, олар істі қарауға қатысатын адамдарды хабарландыра отырып, төрелік отырысында қаралады. Істі қарауға қатысатын адамдардың келмеуі хаттамаға жасалған ескертулерді қарауға кедергі болып табылмайды. Ескертулерді қараудың нәтижесінде төрағалық етуші (жеке-дара төреші) олардың дұрыстығын куәландыру не оларды толығымен немесе ішінара қабылдамау туралы ұйғарым шығарады. Барлық ескертулер іске тігіледі.
3. Хаттамаға жасалған ескертулер оларды берген күннен бастап күнтізбелік бес күн ішінде қаралуға тиіс.
4. Төрағалық етуші (жеке-дара төреші) іс бойынша қандай да бір объективті себептер бойынша хаттамаға берілген ескертулерді қарай алмайтын жағдайда, олар іс материалдарына тігіледі.
39-бап. Қамтамасыз ету шараларын ұсынуда және дәлелдемелер алуда соттың жәрдемі
1. Тараптар төрелiк талқылау кезiнде, осы Заңның 20-бабының 6-тармағында көзделген жағдайда, талап қоюды қамтамасыз ету туралы өтiнiшпен сотқа жүгiнуге құқылы. Соттың талап қоюды қамтамасыз ету туралы ұйғарым қабылдауы төрелiк келiсiммен үйлеспеушілік болып табылмайды.
2. Төрелiкте қаралып жатқан талап қоюды қамтамасыз ету туралы өтiнiштi тарап сотқа төрелiк талқылау жүзеге асырылатын орны немесе оған қатысты қамтамасыз ету шаралары қолданылуы мүмкiн мүлiктiң тұрған жерi бойынша бередi.
3. Соттың төрелiкте қаралатын талап қоюды қамтамасыз ету туралы өтiнiштi қарауы және оның талап қоюды қамтамасыз ету немесе оны қамтамасыз етуден бас тарту туралы ұйғарым шығаруы Қазақстан Республикасының азаматтық процестік заңнамасында белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
4. Төрелiкте қаралып жатқан талап қоюды қамтамасыз ету туралы ұйғарымды тараптардың бiрiнiң өтiнiшi бойынша осы ұйғарымды шығарған сот жоюы мүмкiн. Талап қою талаптарын қанағаттандырудан бас тарту туралы төрелiк шешім соттың қамтамасыз ету шараларынан бас тартуына негіз болып табылады.
5. Төрелiк немесе төрелiктiң келiсiмiмен тарап сотқа дәлелдемелер алуға жәрдемдесу туралы өтiнiшпен жүгіне алады. Сот осы өтiнiштi Қазақстан Республикасының азаматтық процестік заңнамасына сәйкес қарайды.
40-бап. Қарсы талап қою және қарсы талаптарды есепке алу
1. Қарсы талаптың талап қоюшының талаптарымен өзара байланысы болған жағдайларда, сондай-ақ төрелiктiң қарсы талап қоюды төрелiк келiсiмге сәйкес қарауы мүмкiн болатын жағдайларда жауапкер талап қоюшыға қарсы талап қоюға құқылы.
2. Егер тараптар қарсы талап қою үшiн өзге мерзiмге келiспесе, қарсы талап қою төрелiк шешiм қабылдағанға дейiн төрелiк талқылау барысында қойылуы мүмкiн.
3. Қарсы талап қою осы Заңның 23-бабы 2-тармағының талаптарына сәйкес келуге тиiс.
4. Талап қоюшы төрелiк талқылау регламентiнде немесе қағидаларында көзделген тәртiппен және мерзiмдерде қарсы талап қоюға қарсылықтарын ұсынуға құқылы.
5. Егер тараптар өзге жөнінде уағдаласпаса, онда жауапкер Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасының талаптарын сақтай отырып, қарсы талап қоюды есепке алуды талап етуге құқылы.
5-тарау. ТӨРЕЛІКТЕ ДАУДЫ ШЕШУГЕ БАЙЛАНЫСТЫ ШЫҒЫСТАР
41-бап. Төрелiкте дауды шешуге байланысты шығыстар
1. Төрелiкте дауды шешуге байланысты шығыстарға:
1) төрешiлердiң гонорары;
2) төрешiлердiң төрелiкте талқылауға қатысуына байланысты шеккен шығыстары, оның iшiнде дау қаралатын жерге жол жүру, онда тұру және тамақтану ақысының шығыстары;
3) сарапшыларға және аудармашыларға төленуге тиiстi сомалар;
4) төрешiлердiң жазбаша және заттай айғақтарды олардың тұрған жерiнде тексеріп қарауға және зерттеуге байланысты шеккен шығыстары;
5) куәлар шеккен шығыстар;
6) төрелiк шешiм өз пайдасына шығарылған тараптың өкiлі көрсеткен қызметтердiң ақысын төлеуге жұмсалған шығыстар;
7) төрелiк талқылауды ұйымдастыруға және материалдық қамтамасыз етуге жұмсалған шығыстар кiредi.
2. Тұрақты жұмыс iстейтiн төрелiкте төрешiлер гонорарының мөлшері тұрақты жұмыс iстейтiн төрелiктiң регламентiнде көзделген төрешiлер гонорарларының шәкiлiне сәйкес айқындалады.
Тұрақты жұмыс iстейтiн төрелiктiң регламентiнде төрешiлер гонорарының тіркелген мөлшерiне нұсқау болмаған кезде төрелiк құрамы төрешi гонорарының мөлшерiн дау бойынша талқылаудың әрбiр нақты жағдайында, талап қоюдың бағасын, даудың күрделiлiгiн, төрешiлердiң төрелiк талқылауға жұмсаған уақытын және iске қатысты кез келген басқа да мән-жайларды ескере отырып, айқындауы мүмкiн.
3. Төрелiкте нақты дауды шешу үшiн төрешiлер гонорарының мөлшерi тараптардың келiсiмi бойынша айқындалады, ал мұндай келiсiм болмаған кезде тұрақты жұмыс iстейтiн төрелiк үшiн көзделген тәртiппен нақты дауды шешуге арналған төрелiк айқындайды.
Ескерту. 41-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 21.01.2019 № 217-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).42-бап. Төрелiкте дауды шешуге байланысты шығыстарды бөлу
1. Төрелiкте дауды шешуге байланысты шығыстарды тараптар арасында бөлудi төрелiк тараптардың келiсiмiне сәйкес, ал мұндай келiсiм болмаған кезде қанағаттандырылған және қабылданбаған талаптарға барабар жүргiзедi.
2. Егер келтiрiлген шығыстарды өтеу туралы талап төрелiкте талқылау барысында мәлiмделсе және оны төрелiк қанағаттандырған болса, төрелiктiң шешiмi өз пайдасына шешiлген тараптың өкiлі көрсеткен қызметтердің төлеміне жұмсалған шығыстар, сондай-ақ төрелiк талқылауға байланысты өзге де шығыстар төрелiктiң шешiмi бойынша екінші тарапқа жатқызылуы мүмкiн.
3. Төрелiкте дауды шешуге байланысты шығыстарды бөлу төрелiктiң шешiмiнде немесе ұйғарымында көрсетiледi.
4. Талап қоюшы талап қоюдан бас тартқан кезде оған келтірілген шығыстарды жауапкер өтемейді.
43-бап. Төрелікте дауларды шешуге байланысты шығыстарды қамтамасыз ету
1. Төрешілер өздері төрелікте дауларды шешуге байланысты шеккен шығыстарының қамтамасыз етілуін тараптардан талап етуге құқылы. Төрешілер жекелеген талаптарға қатысты жекелеген қамтамасыз етуді айқындауға құқылы. Егер тараптардың бірі төрешілер белгіленген мерзімде талап етілетін қамтамасыз етудің өз бөлігін бермесе, басқа тарап қамтамасыз етуді толық енгізуі мүмкін. Егер талап етілетін қамтамасыз етуді тараптар бермесе, төрешілер талқылауды толық немесе ішінара тоқтатуға құқылы.
Төрешілер берілген қамтамасыз етуді шығыстарды жабу мақсатында төрелік талқылау процесінде пайдалануға құқылы. Төрешілер түпкілікті шешімде өз өтемақысы туралы мәселені шешкеннен кейін және осы бөліктің шешімі мәжбүрлі түрде орындалуы мүмкін болғанда, егер тараптар шешімге сәйкес төлем міндеттерін орындамаса, төрешілер қамтамасыз ету есебінен төлемді алуға құқылы.
2. Тараптар бірлесіп қатыспаған төрешілерге өтемақы төлеу туралы келісім жарамсыз болып табылады. Толық қамтамасыз етуді берген тарап атқарылған жұмыстың өтемақысын жабу мақсатында төрешілердің барлық қамтамасыз етуді пайдалануына келісуге құқылы.
3. Төрешілер шешім шығаруды өтемақының төлену-төленбеуіне тәуелді етуге құқылы емес.
6-тарау. ТӨРЕЛІК ШЕШІМДІ ШЫҒАРУ ЖӘНЕ ТАЛҚЫЛАУДЫ ТОҚТАТУ.
ТӨРЕЛІК ШЕШІМНІҢ КҮШІН ЖОЮ
44-бап. Даудың мәніне қолданылатын нормалар
1. Төрелiк дауды тараптар дауды қарауда қолдану ретінде таңдаған құқық нормаларына сәйкес шешедi. Қандай да бiр мемлекеттiң құқығына немесе құқық жүйесiне кез келген сiлтеме жасау оның коллизиялық нормаларына емес, осы мемлекеттiң материалдық құқығына тiкелей сiлтеме ретiнде түсiндiрiлуге тиiс.
Қазақстан Республикасының жеке және (немесе) заңды тұлғалары арасындағы дау қаралған кезде Қазақстан Республикасының заңнамасы қолданылады.
2. Тараптардың қолданылатын құқық туралы келiсiмi болмаған жағдайда, қолданылатын құқықты төрелiк осы жағдайда қолдануға болады деп өзі есептеген коллизиялық нормаларға сәйкес айқындайды.
3. Нақты қатынасты реттейтiн құқық нормалары болмаған кезде төрелiк осы қатынастарға қолданылатын iскерлiк айналымның дағдыларына сәйкес шешiм қабылдайды.
4. Даулы қатынастар заңнамада немесе тараптардың келісімінде тікелей реттелмеген және оларға қолданылатын дағдылар болмаған жағдайларда, мұндай қатынастарға, бұл олардың мәніне қайшы келмейтіндіктен, ұқсас құқықтық қатынастарды реттейтiн құқық нормалары қолданылады, ал мұндай нормалар болмаған кезде дау азаматтық заңнаманың жалпы бастаулары мен мағынасы негiзге алына отырып шешіледi.
Ескерту. 44-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 21.01.2019 № 217-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).45-бап. Төрелік шешімді қабылдау
1. Төрелік iстiң мән-жайы зерттелгеннен кейiн төрелік құрамына кiретiн төрешілердің көпшiлiк даусымен шешiм қабылдайды.
Егер регламентте өзгеше көзделмесе, шешім төрелік отырысында жарияланады. Төрелік шешiмнiң тек қарарлық бөлiгiн жариялауға құқылы. Мұндай жағдайда, егер регламентте немесе тараптардың келісімінде өзгеше мерзім белгіленбесе, шешiмнiң қарарлық бөлiгi жарияланған күннен бастап күнтізбелік он күн iшiнде тараптарға уәжді шешiм жiберiлуге тиiс.
Төрелік мүшелерiнiң көпшiлiгiнiң шешiмiмен келiспеген төреші өзiнiң айрықша пiкiрiн жазып беруге құқылы, ол шешiмге қоса тiркеледi. Тараптар төрешінің айрықша пiкiрiмен танысуға құқылы.
2. Төрелік, егер оны қажет деп таныса, шешiм қабылдауды кейiнге қалдыруға және тараптарды қосымша отырысқа шақыруға құқылы.
3. Төрелік шешiм төреліктің талқылау орнында қабылданған болып есептеледi және оған төреші (төрешілер) қол қойған күнi күшiне енедi.
Ескерту. 45-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 21.01.2019 № 217-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).46-бап. Бiтiмгершiлiк келiсiм және дауды медиация тәртібімен реттеу
1. Егер тараптар дауды төрелiк талқылау барысында, оның ішінде Қазақстан Республикасының медиация туралы заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, медиация тәртібімен реттесе, төрелiк талқылауды тоқтатады және тараптардың өтiнiшi бойынша бұл реттеудi келiсiлген шарттарда төрелiк шешім ретiнде тiркейдi.
2. Келiсiлген шарттардағы төрелiк шешім осы Заңның 45-бабының ережелерiне сәйкес шығарылуға тиiс. Мұндай шешім даудың мәнi бойынша шығарылған төрелiк шешiм сияқты да орындалуға тиiс.
47-бап. Төрелік шешімнің нысаны мен мазмұны
1. Төрелiк шешiм жазбаша нысанда жазылады және оған төрешiлер (жеке-дара төреші) қол қояды.
Егер төрелiк талқылау алқалы түрде жүзеге асырылса, онда қандай да бір төрешінің қойылған қолы жоқ болған жағдайда, оның болмау себептері көрсетіледі. Төрелік шешiмге ерекше пiкiрi бар төрешi қол қоймауы мүмкін, оның пікірі жазбаша нысанда төрелік шешімге қоса берілуге тиіс.
2. Төрелік шешімде:
1) шешімнің қабылданған күні;
2) осы Заңның 22-бабына сәйкес айқындалған төрелік талқылаудың орны;
3) төрелік құрамы;
4) төрелік құзыретінің негіздемесі;
5) дау тараптарының атауы, олардың өкілдерінің өкілеттіктері көрсетіле отырып, тектері, аты-жөндері, лауазымдары;
6) талап қоюшының талаптары және жауапкердің қарсылықтары;
7) даудың мәні;
8) төрелік анықтаған істің мән-жайлары, осы мән-жайлар туралы төреліктің тұжырымдары негiзделген дәлелдемелер, төрелік шешiм қабылдау кезiнде басшылыққа алған нормативтiк құқықтық актiлер;
9) әрбiр мәлiмделген талап арыз талабын қанағаттандыру немесе қанағаттандырудан бас тарту туралы төреліктің тұжырымдары;
10) төрелікте дауды шешуге байланысты шығыстардың сомасы, көрсетілген шығыстардың тараптар арасында бөлiнуi және қажет болған жағдайда қабылданған шешiмдi орындаудың мерзiмi мен тәртiбi көрсетiлуге тиiс.
Дау мәнін қозғамайтын мәселелер бойынша уәжді ұйғарымдар шығарылады.
49-бап. Төрелiк талқылауды тоқтату
1. Төрелiк талқылау осы баптың 2-тармағында көрсетілген негiздер бойынша төрелiк талқылауды тоқтату туралы ұйғарым шығару арқылы тоқтатылады.
2. Төрелiк, егер:
1) жауапкер даудың мәнi бойынша шешiлуiне өзiнiң заңды мүддесiнiң болуына байланысты төрелiк талқылауды тоқтатуға қарсылығын мәлiмдемесе ғана, талап қоюшы өзiнiң талабынан бас тартқан және төрелiк бас тартуды қабылдаған;
2) төрелiктің қарауына берiлген дау оның құзыретiне жатпаған;
3) сол тараптар арасындағы дау бойынша, сол нысанасы туралы және сол негiздер бойынша қабылданған заңды күшiне енген соттың шешімі немесе төрелiк шешiм болған;
4) тараптар төрелiк талқылауды тоқтату туралы келiсiмге келген;
5) төрелiк талқылау тарапы болып табылатын заңды тұлға таратылған;
6) төрелiк талқылаудың тарапы болып табылатын жеке тұлға қаза тапқан не ол қайтыс болды деп жарияланған не хабарсыз кеткен деп танылған жағдайларда, төрелiк талқылауды тоқтату туралы ұйғарым шығарады.
50-бап. Төрелік шешiмдi түзету және түсiндiру. Қосымша төрелік шешiм
1. Егер тараптар келісімімен немесе регламентте өзге мерзiм белгіленбесе, төрелiк шешiмдi алғаннан кейiн күнтiзбелiк алпыс күн iшiнде:
1) тараптардың кез келгенi бұл туралы екiншi тарапты хабардар ете отырып, төрелiктен шешiмдегi есептеулерде жол берiлген кез келген қателердi, жаңылыс жазуларды немесе жаңсақ жазылымдарды не осындай сипаттағы өзге де қателердi түзетудi өтiнуi мүмкiн;
2) тараптардың кез келгенi бұл туралы екiншi тарапты хабардар ете отырып, төрелiктен қабылданған шешiмнiң қандай да бiр нақты тармағына немесе бөлiгiне түсiнiктеме берудi өтiнуi мүмкiн.
Егер, төрелiк өтiнiштi негiздi деп санаса, оны алғаннан кейiн, егер регламентте немесе тараптар келісімінде өзгеше мерзім белгіленбесе, күнтiзбелiк отыз күн iшiнде тиiстi түзетулер енгiзуге немесе түсiнiктеме беруге тиiс. Төрелiк шешiмге шығарылған түсiнiктеме төрелiк шешiмнiң ажырамас бөлiгі болып табылады.
2. Егер регламентте немесе тараптар келісімінде өзгеше мерзім белгіленбесе, төрелiк шешiм шығарылған күннен бастап есептегенде күнтiзбелiк алпыс күн iшiнде төрелiк өз бастамасы бойынша, тараптарға тиісінше хабарлағаннан кейін осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген кез келген қатенi түзете алады.
3. Егер, тараптар өзге жөнiнде уағдаласпаса, онда тараптардың кез келгенi бұл туралы екiншi тарапты хабардар ете отырып, төрелiктiң шешiмiн алғаннан кейiн төрелiк талқылау барысында мәлiмделген, алайда шешiмде көрiнiс таппаған талаптарға қатысты қосымша шешiм шығаруды күнтiзбелiк алпыс күн iшiнде төрелiктен өтiнуi мүмкiн. Егер төрелiк өтiнiштi негiздi деп санаса, оны алғаннан кейiн күнтiзбелiк алпыс күн iшiнде қосымша төрелiк шешiм шығаруы тиiс.
4. Төрелiк қажет болған жағдайда мерзiмдi ұзарта алады, бiрақ бұл мерзiм күнтiзбелiк алпыс күннен аспауға тиiс, осы мерзiм iшiнде осы баптың 1 немесе 3-тармақтарына сәйкес қателердiң түзетiлуi, түсiнiктеме берiлуi немесе қосымша төрелiк шешiм шығарылуы қажет.
51-бап. Жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша төрелік шешімді қайта қарау
1. Төрелік шешiм төрелік келiсiм тараптарының бiрiнiң немесе құқықтары жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қозғалған өзге де тұлғаның арызы бойынша қайта қаралуы мүмкiн. Жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша төрелік шешiмдi қайта қарау негiздемелерi:
1) заңсыз не негiзсiз шешiмнiң қабылдануына әкеп соққан, күшiне енген сот үкiмiмен белгіленген куәнiң көрiнеу жалған жауаптары, сарапшының көрiнеу жалған қорытындысы, көрiнеу бұрыс аударма, құжаттардың не заттай дәлелдемелердiң жалғандығы;
2) күшiне енген сот үкiмiмен белгіленген тараптардың, iске қатысушы басқа адамдардың не олардың өкiлдерiнiң қылмыстық iс-әрекеттерi немесе төрешінің осы iстi қарау кезiнде жасаған қылмыстық әрекеттерi;
3) төреліктің төрелік шешім шығарған кезде қолданған заңды немесе өзге де нормативтік құқықтық актіні Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының конституциялық емес деп тануы болып табылады.
2. Жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша төрелік шешiмдi қайта қарау туралы арыз осы Заңда айқындалған тәртiппен қайта қарау үшiн негiз болған мән-жайлар белгіленген күннен бастап, егер регламентте немесе тараптар келісімінде өзгеше мерзім белгіленбесе, үш ай iшiнде берiледi және шешiм шығарған төрелікте қаралады.
Жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша істерді төрелік бір айға дейінгі мерзімде қарайды және шешеді.
Төреліктің, оның iшiнде бұрынғы құрамда шешiм шығарған тұрақты жұмыс істейтін төреліктің отырысын өткiзу мүмкiн болмаған кезде, жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша шешiмдi қайта қарау туралы арызды осы Заңда белгiленген тәртiппен құрылған төреліктің жаңа құрамы қарайды.
Ескерту. 51-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 05.11.2022 № 157-VII (01.01.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.52-бап. Төрелiк шешiмнiң күшін жою негізі
1. Соттың төрелік шешімнің күшін жоюы үшін оның күшін жою туралы өтінішхатты мәлімдеген тарап:
1) төрелiк шешiмнiң төрелiк келiсiмде көзделмеген немесе оның шарттарына дөп келмейтін мәселе бойынша шешімді қамтитындығы не төрелiк келiсiмнiң шегiнен шығатын мәселелер жөнiндегi қаулыны қамтитындығы, сондай-ақ даудың төрелiктiң ведомстволық қарауына жатпайтыны туралы дәлелдемелерді ұсынуға тиіс.
Егер төрелiк келiсiмде қамтылған мәселелер бойынша төрелiк шешiмдерді осындай келiсiмде қамтылмайтын мәселелер бойынша шешiмдерден бөлiп алу мүмкiн болса, онда төрелiк шешiмнің төрелiк келiсiмде қамтылмайтын мәселелер бойынша шешiмді қамтитын бөлiгiнің ғана күшi жойылуы мүмкін;
2) сот төрелiк келiсiм тараптарының бiрiн әрекетке қабiлетсiз деп танығандығы немесе тараптар төрелік келісімді жасауға негізге алған заң бойынша, ал мұндай заңға сілтеме болмаған кезде Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша төрелiк келiсiмнің күшінің жоқтығы;
3) төрешiнiң тағайындалуы туралы немесе төрелiк талқылау туралы тараптың тиiстi түрде хабардар болмағандығы немесе сот дәлелдi деп таныған басқа да себептер бойынша өзiнiң түсiндiрулерiн ұсына алмағандығы;
4) төрелік құрамы немесе талқылаудың төрелік рәсiмi тараптардың келiсiміне сәйкес келмегендігі, егер тек мұндай келісім тараптар бас тарта алмайтын осы Заңның кез келген ережесіне қайшы келмесе, немесе мұндай келісім болмаған кезде осы Заңға сәйкес келмегендігі;
5) сол тараптар арасындағы дау бойынша, сол нысана туралы және сол негiздер бойынша шығарылған заңды күшiне енген соттың шешімі немесе төрелiк шешiм не талап арыз берушінің талап арыздан бас тартуына байланысты іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы соттың немесе төреліктің ұйғарымы болғаны туралы дәлелдемелерді ұсынуға тиіс.
6) алып тасталды - ҚР 21.01.2019 № 217-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).2. Мыналар:
1) төрелік шешім Қазақстан Республикасының жариялы тәртібіне қайшы келетіндігі;
2) төрелік шешім шығарылған дау Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша төрелік талқылау нысанасы болып табылмайтыны айқындалған жағдайда сот төрелік шешімнің күшін жояды.
Ескертпе!ҚР Конституциялық Сотының 13.09.2024 № 51-НҚ нормативтік қаулысын қараңыз.
3. Төрелік шешімнің күшін жою туралы өтінішхатты, атқару парағын беруден бас тартуды қараған кезде сот төреліктің шешімін мәні бойынша қайта қарауға құқылы емес.
Ескерту. 52-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 21.01.2019 № 217-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).53-бап. Төрелік шешімнің күшін жою туралы өтінішхат
1. Төрелік шешімнің күшiн жою туралы өтiнiшхат Қазақстан Республикасының азаматтық процестік заңнамасына сәйкес сотқа беріледі.
2. Төрелік шешімнің күшiн жою туралы өтiнiшхат, осы өтiнiшхатты мәлiмдеген тараптың төрелiк шешiмдi алған күнiнен бастап, ал өтiнiш осы Заңның 51-бабына сәйкес берiлген жағдайда, осы өтiнiш бойынша төрелiк шешiм шығарылған күннен бастап, бір ай өткен соң мәлiмделе алмайды.
3. Сот тараптардың бiрiнiң өтiнiшi бойынша төрелiк талқылауды жаңарту үшiн не төрелiк шешiмнің күшін жоюдың негiзiн жоюға мүмкiндiк беретiн өзге де шараларды қолдану үшiн төрелiк шешiмнiң күшiн жою туралы өтiнiшхат бойынша iс жүргiзудi белгiлi бiр мерзiмге тоқтата тұруға құқылы.
Егер төрешілер жаңа шешім шығарса, тарап сот белгілеген мерзім ішінде талап арыз ұсынбай шешімнің жаңартылған төрелік талқылауға немесе бастапқы шешімдегі өзгерістерге қатысты бөлігінде шешімнің күшін жою туралы өтініш беруге құқылы.
4. Сот төрелiк шешiмнiң күшiн жою туралы мәселе бойынша ұйғарым шығарады. Бұл ұйғарымға Қазақстан Республикасының азаматтық процестік заңнамасына сәйкес шағым жасалуы немесе наразылық бiлдiрiлуi мүмкiн.
Ескерту. 53-бапқа орыс тіліндегі мәтінге түзету енгізілді, қазақ тіліндегі мәтін өзгермейді - ҚР 21.01.2019 № 217-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).7-тарау. ТӨРЕЛІК ШЕШІМДЕРДІ ТАНУ ЖӘНЕ ОРЫНДАУ
54-бап. Қазақстан Республикасында төрелiк шешiмді тану және орындау
1. Төрелiк шешiм мiндеттi деп танылады және сотқа жазбаша арыз берiлген кезде Қазақстан Республикасының азаматтық процестік заңнамасына сәйкес орындалады.
2. Егер төрелік шешімде мерзім белгіленбесе, онда ол дереу орындалуға жатады.
55-бап. Төрелік шешімді мәжбүрлеп орындату
1. Егер төрелік шешім ондағы белгіленген мерзімде ерікті түрде орындалмаса, онда ол мәжбүрлеп орындатуға жатады.
2. Төрелік шешімді мәжбүрлеп орындату төрелік шешімді мәжбүрлеп орындатуға сот берген атқару парағы негізінде төрелік шешімді орындау кезінде қолданылатын атқарушылық іс жүргізу қағидалары бойынша жүзеге асырылады.
3. Төрелік шешімді мәжбүрлеп орындату туралы арыз Қазақстан Республикасының азаматтық процестік заңнамасына сәйкес сотқа беріледі.
56-бап. Төрелік шешімді мәжбүрлеп орындатумен байланысты шығыстарды өндіріп алу
Төрелік шешiмді мәжбүрлеп орындатуға байланысты қосымша шығыстар шешiмдi еріктi түрде орындамаған тарапқа жүктеледi.
57-бап. Төрелiк шешiмдi танудан және (немесе) орындаудан бас тарту үшiн негiздер
1. Сот мына негiздер бойынша:
1) өзіне қарсы төрелік шешім қабылданған тарап сотқа:
төрелiк келiсiмнiң – тараптар төрелік келісімді жасауға негізге алған қайсыбір мемлекеттiң заңдары бойынша, ал мұндай заңға сілтеме болмаған кезде – шешім шығарылған елдің заңы бойынша жарамсыз болып табылатынына;
төрелiк шешiмнің төрелiк келiсiмде көзделмеген немесе оның шарттарына дөп келмейтін дау бойынша шығарылғандығына не төрелiк келiсiмнiң шегiнен шығатын мәселелер бойынша қаулыдан тұратынына, сондай-ақ даудың төрелiктiң ведомстволық қарауына жатпаса да шығарылғандығына дәлелдемелер ұсынса.
Егер төрелiк келiсiмде қамтылатын мәселелер бойынша төрелiк шешiмдi осындай келiсiмде қамтылмайтын мәселелер бойынша шешiмдерден бөлiп алу мүмкiн болса, онда төрелiк шешiмнiң төрелiк келiсiмде қамтылған бөлiгiн мәжбүрлеп орындатуға арналған атқару парағын беруден бас тартылмайды;
төрелiк келiсiм тараптарының бiреуiн соттың әрекетке қабiлетсiз не әрекет қабiлетi шектеулi деп танығанына;
өзiне қарсы шешiм шығарылған тарап төрешiнiң тағайындалуы туралы немесе төрелiк талқылау туралы тиiстi түрде хабардар етiлмегенiне немесе төрелiкке сот дәлелдi деп таныған басқа да себептермен өз түсiнiктерiн бере алмағанына;
сол бiр тараптардың арасындағы дау бойынша, сол бiр нысана туралы және сол бiр негiздер бойынша шығарылған, заңды күшiне енген соттың шешiмi немесе төрелiк шешiм не талап қоюшының талап қоюдан бас тартуына байланысты iс бойынша iс жүргiзудi тоқтату туралы соттың немесе төрелiктiң ұйғарымы болғанына;
төрелік құрамы немесе төреліктің талқылау рәсімі тараптардың келісіміне сәйкес келмегеніне немесе мұндай болмаған кезде төрелік талқылау өткізілген елдің заңдарына сәйкес келмегеніне;
шешiм тараптар үшiн әлi де мiндеттi емес болғандығына немесе күшi жойылғандығына немесе оның орындалуын өз заңына сәйкес шешiм шығарған елдiң соты тоқтатып қойғандығына дәлелдемелер ұсынса;
2) сот осы төрелiк шешiмдi тану және (немесе) орындау Қазақстан Республикасының жария тәртiбiне қайшы келедi деп немесе төрелiк шешiм шығарылған дау осы Заңға сәйкес төрелiк талқылаудың нысанасы болып табыла алмайды деп белгілесе, төрелiк шешiмнiң қай елде шығарылғанына қарамастан, оны танудан және (немесе) орындаудан бас тартады.
2. Сот төрелiк шешiмдi тану және (немесе) орындау туралы мәселе бойынша ұйғарым шығарады. Бұл ұйғарымға Қазақстан Республикасының азаматтық процестік заңнамасына сәйкес шағым жасалуы немесе наразылық бiлдiрiлуi мүмкiн.
Ескерту. 57-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 21.01.2019 № 217-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).8-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЖӘНЕ ӨТПЕЛІ ЕРЕЖЕЛЕР
58-бап. Қазақстан Республикасының төрелік туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының төрелік туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
1. Осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін Қазақстан Республикасында құрылған халықаралық төреліктер мен аралық соттар осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап екі жыл ішінде өздерінің ережелеріне, жарғыларына немесе регламенттеріне тиісті өзгерістер енгізуге міндетті.
2. Осы Заңның 11-бабында көрсетілген Қазақстанның төрелік палатасын құру үшін алғашқы құрылтай жиналысын өткізуге байланысты ұйымдастырушылық мәселелер Қазақстан Республикасының Әділет министрлігіне жүктеледі.
60-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Заң ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
2. Мыналардың:
1) "Аралық соттар туралы" 2004 жылғы 28 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2004 ж., № 24, 151-құжат; 2009 ж., № 9-10, 47-құжат; 2010 ж., № 3-4, 12-құжат; 2012 ж., № 6, 43-құжат; № 14, 93-құжат; 2013 ж., № 15, 76-құжат; 2014 ж., № 16, 90-құжат);
2) "Халықаралық төрелiк туралы" 2004 жылғы 28 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2004 ж., № 24, 152-құжат; 2010 ж., № 3-4, 12-құжат; 2013 ж., № 15, 76-құжат; 2014 ж., № 12, 82-құжат) күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының | |
Президенті | Н.Назарбаев |