"Төрелік туралы" 2016 жылғы 8 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 52-бабы 3-тармағының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін қарау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының 2024 жылғы 13 қыркүйектегі № 51-НҚ нормативтік қаулысы

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ АТЫНАН

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты Төраға Э.Ә. Азимова, судьялар А.Қ. Ескендіров, Қ.Т. Жақыпбаев, А.Е. Жатқанбаева, А.Қ. Қыдырбаева, Қ.С. Мусин, Б.М. Нұрмұханов, Е.Ә. Оңғарбаев, Е.Ж. Сәрсембаев және С.Ф. Ударцев қатысқан құрамда,

      өтініш субъектісі Д.Г. Кияшеваның және оның өкілі – заң консультанты Ж.М. Рахимгалиевтің,

      Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің өкілі – вице-министр Б.Ш. Жақселекованың,

      Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өкілі – Бас Прокурордың кеңесшісі Т.Б. Адамовтың,

      Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Аппаратының өкілі – Заңнама бөлімінің бас консультанты Б.С. Исаметовтің,

      Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Аппаратының өкілі – Заңнама бөлімі меңгерушісінің орынбасары Н.А. Сартаеваның,

      Қазақстан Республикасы Заңнама және құқықтық ақпарат институтының өкілі – бас ғылыми қызметкер Н.Н. Турецкийдің,

      Парламентаризм институтының өкілі – атқарушы директор А.К. Канатовтың, сарапшылар – заң ғылымдарының докторы, профессор М.К. Сүлейменовтің және заң ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор А.Е. Дүйсенованың қатысуымен,

      өзінің ашық отырысында Д.Г. Кияшеваның "Төрелік туралы" 2016 жылғы 8 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Төрелік туралы заң) 52-бабы 3-тармағының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін тексеру туралы өтінішін қарады.

      Баяндамашы – Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьясы Е.Ж. Сәрсембаевты және отырысқа қатысушыларды тыңдап, конституциялық іс жүргізу материалдарын зерделеп, Қазақстан Республикасының қолданыстағы құқық нормаларына талдау жасай отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты

анықтады:

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына (бұдан әрі – Конституциялық Сот) Төрелік туралы заңның 52-бабы 3-тармағының Қазақстан Республикасының Конституциясына (бұдан әрі – Конституция, Негізгі Заң) сәйкестігін қарау туралы өтініш келіп түсті. Аталған тармаққа сәйкес төрелік шешімнің күшін жою туралы өтінішхатты, атқару парағын беруден бас тартуды қараған кезде сот төреліктің шешімін мәні бойынша қайта қарауға құқылы емес.

      Өтініш субъектісі осы заң ережесі өзінің сот арқылы қорғалуына конституциялық құқығын шектейді және заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең дегенді бұзады деп ойлайды (Конституцияның 13-бабының 2-тармағы және 14-бабының 1-тармағы).

      Төрелік туралы заңның көрсетілген ережесінің конституциялылығын тексеру кезінде өтініш нысанасына қатысты Конституциялық Сот мыналарды негізге алады.

      1. Қазақстан Республикасында Конституцияға сәйкес адам құқықтары мен бостандықтары танылады және оларға кепілдік беріледі. Олар әркімге тумысынан жазылған, абсолютті деп танылады және олардан ешкім айыра алмайды, заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілердің мазмұны мен қолданылуы осыған қарай анықталады (Конституцияның 12-бабының 1 және 2-тармақтары).

      Әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуына құқығы бар. Негізгі Заңға сәйкес бұл құқық ешбір жағдайда шектелуге жатпайды. Елімізде сот төрелігін сот қана жүзеге асырады. Сот билігі сотта іс жүргізудің азаматтық, қылмыстық және заңмен белгіленген өзге де нысандары арқылы Қазақстан Республикасының атынан жүзеге асырылады және өзіне азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауды, Республика Конституциясының, заңдарының, өзге де нормативтік құқықтық актілерінің, халықаралық шарттарының орындалуын қамтамасыз етуді мақсат етіп қояды. Ол Республика Конституциясының, заңдарының, өзге де нормативтік құқықтық актілерінің, халықаралық шарттарының негізінде туындайтын барлық істер мен дауларға қолданылады (Конституцияның 13-бабының 2-тармағы, 39-бабының 3-тармағы, 75-бабының 1 және 2 тармақтары, 76-бабының 1 және 2-тармақтары).

      Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2006 жылғы 14 сәуірдегі № 1 нормативтік қаулысында түсіндірілгендей, Негізгі Заңның 13-бабының 2-тармағында кепілдік берілген әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалу құқығы Конституцияға және "Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы" 2000 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына (бұдан әрі – Конституциялық заң) сәйкес құрылған және сот төрелігін жүзеге асыратын соттарда ғана іске асырылады.

      Жоғарыда келтірілген ережелер халықаралық құқықта іргелі қағидат ретінде танылған әркімнің сот төрелігіне қол жеткізу негіздерін айқындайды. Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 1966 жылғы 16 желтоқсандағы 2200А (ХХІ) резолюциясымен қабылданған және 2005 жылғы 28 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңымен ратификацияланған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіде әрбір адам өзінің құқықтары мен міндеттері туралы дау туындаған жағдайда, сот алдында жұрттың бәрі тең деген қағидат сақтала отырып, істі заң негізінде құрылған құзыретті, тәуелсіз және бейтарап соттың әділ және жария түрде талқылауына құқығы бар деп айқындалады (14-баптың 1-тармағы).

      Қазақстан Республикасы өзін құқықтық мемлекет ретінде бекіте отырып, әділеттілік талаптарына сай келетін сот төрелігі арқылы адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын тиімді қорғауды қамтамасыз етуге ұмтылады. Мұндай түсіндіруде әркімнің сот арқылы қорғалу құқығы аса маңызды конституциялық кепілдіктердің бірі болып табылады және оны мемлекеттік билік жүйесінде ерекше орын алатын және сот төрелігін жүзеге асыруда айрықша құзыреті бар сот билігі қамтамасыз етеді.

      2. Конституцияда әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалу құқығы таныла отырып, бір мезгілде әркімнің өзінің құқықтары мен бостандықтарын, қажетті қорғанысты қоса алғанда, заңға қайшы келмейтін барлық тәсілдермен қорғауға құқығы көзделеді (13-баптың 1-тармағы). Конституцияның 75-бабы 3-тармағының және оны іске асыру үшін қабылданған Конституциялық заңның мағынасы бойынша төрелік сот билігін жүзеге асырмайды және сот жүйесіне кірмейді.

      Мүдделі жеке және (немесе) заңды тұлғаларға дауды шешу үшін өз қалауы бойынша Қазақстан Республикасының сотына жүгіну немесе нақты дауды қарау үшін арнайы құрылған немесе тұрақты жұмыс істейтін төрелікке жүгіну арқылы өз құқықтарын қорғаудың баламалы нысанын таңдау міндетін белгілеу емес, құқығын беру Конституцияның 13-бабының 2-тармағын бұзу болып табылмайды.

      Дау тараптары оны төреліктің қарауына беру туралы төрелік келісім жасаса отырып және сол арқылы өзінің шарт еркіндігіне құқығын іске асыра отырып, төрелік талқылау үшін белгіленген қағидаларға бағынуға ерікті түрде келіседі. Бұл жағдайда Конституцияда кепілдік берілген әркімнің сот арқылы қорғалу құқығы, сондай-ақ Республиканың Конституциясы, заңдары, өзге де нормативтік құқықтық актілері, халықаралық шарттары негізінде туындайтын барлық істер мен дауларға сот билігінің қолданылуы (Конституцияның 13-бабының 2-тармағы және 76-бабының 2-тармағы) заңда айқындалған жағдайларда және тәртіппен төрелік шешімнің күшін жою туралы не төрелік шешімнің мәжбүрлеп орындалуына атқару парағын беру туралы арызбен сотқа жүгіну мүмкіндігімен қамтамасыз етіледі.

      Осыған байланысты заңда Қазақстан Республикасы сотының Төрелік туралы заңның 52-бабының 3-тармағында көзделгендей төрелік шешімді қайта қарауға құқығы болмайтын құқықтық шекараларды айқындау Конституцияның 13-бабының 2-тармағына қайшы келмейді.

      3. Өтініш субъектісі көрсеткен Төрелік туралы заң нормасын Конституцияның 14-бабының 1-тармағына сәйкестігін тексерген кезде Қазақстан Республикасының сот жүйесіне жатпайтын төреліктің құқықтық сипатын ескере отырып, заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең деген конституциялық қағидат талаптары, сондай-ақ азаматтық заңнаманың жалпы бастаулары негізге алынуы керек.

      Конституциялық Соттың бірқатар қорытынды шешімдерінде Конституцияның 14-бабының 1-тармағында кепілдік берілген заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең деген адамдардың құқықтарында объективті және ақылға қонымды негіздемесі жоқ айырмашылықтарды белгілейтін заңдардың қабылдануына жол бермеуді білдіреді деп атап өтілді. Тең жағдайларда құқық субъектілері тең құқықтық жағдайда болуға тиіс (Конституциялық Соттың 2023 жылғы 14 шілдедегі № 21-НҚ, 2023 жылғы 3 қазандағы № 31-НҚ нормативтік қаулылары және басқалар).

      Төрелік туралы заң қатысушыларының теңдігін, меншікке қолсұғылмаушылықты, шарт еркіндігін, жеке істерге кімнің болса да өз бетінше араласуына жол бермеуді, азаматтық құқықтарды кедергісіз жүзеге асыру, бұзылған құқықтарды қалпына келтіруді, олардың сот арқылы қорғалуын қамтамасыз ету қажеттігін тануға негізделген азаматтық-құқықтық қатынастардан туындайтын дауларға қатысты қолданылады.

      1994 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (Жалпы бөлім) 2-бабына сәйкес азаматтар мен заңды тұлғалар өздерiнiң азаматтық құқықтарына өз еркiмен және өз мүддесiн көздей отырып ие болады және оларды жүзеге асырады, сондай-ақ егер заңнамалық актілерде өзгеше белгіленбесе, құқықтарынан бас тартады. Олар шарт негiзiнде өздерiнiң құқықтары мен мiндеттерiн анықтауда және оның заңнамаға қайшы келмейтін кез келген талаптарын белгiлеуде ерiктi.

      Шартқа қатысушылар арасында туындаған немесе туындауы мүмкін дауды төреліктің қарауына беру олар үшін бірдей дәрежеде құқықты қорғаудың баламалы нысаны болып қала береді және төрелік талқылау тәртібін құқықты қорғаудың сот нысанына айналдырмайды, сол сияқты заңда тек төрелік шешім үшін ғана белгіленгеннен басқа өзге де заңды салдарды туғызбайды.

      Төреші қабылдайтын шешім төрелік келісім тараптарының әрқайсысының ерікті түрде орындауы негізінде іске асырылады, ал оны мәжбүрлеп орындауды қамтамасыз ету төрелік қараудан тыс болады және оны заң шығарушы соттың құзыретіне жатқызады.

      Конституциялық Сот тең шарттардағы және тең құқықтық жағдайдағы осындай адамдардың құқықтары мен бостандықтарының теңдігін бұзу белгілерін таппады, осыған байланысты Төрелік туралы заңның 52-бабының 3-тармағы Конституцияның 14-бабының 1-тармағына сәйкес келеді деп есептейді.

      4. Дау айтылып отырған заң ережелеріне жүргізілген жүйелік-құрылымдық талдау заңдық тұрғыдан дәлме-дәлдікке және салдардың болжамдылығына қатысты құқықтық актілерге қойылатын талаптардың сақталмауын анықтады, яғни заң нормалары жеткілікті дәрежеде анық тұжырымдалуға және оларды өз бетінше интерпретациялау мүмкіндігіне жол бермейтін түсінікті өлшемшарттарға негізделуге тиіс, бұған Конституциялық Сот өзінің нормативтік қаулыларында бірнеше рет назар аударған болатын.

      Құқық үстемдігі қағидатынан құқықтық реттеудің формалды айқындылығы мен анықтығы, қайшылықсыздығы, нысана тұрғысынан өзара байланысты, оның ішінде әртүрлі салаға тиесілі нормалардың өзара үйлесімділік талабы туындайды (Конституциялық Соттың 2023 жылғы 22 ақпандағы № 3, 2023 жылғы 18 мамырдағы № 14-НҚ, 2023 жылғы 31 тамыздағы № 27-НҚ нормативтік қаулылары және басқалар).

      Мәселен, Төрелік туралы заңның 52-бабының "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне меншік құқығын қорғауды күшейту, төрелік, сот жүктемесін оңтайландыру және қылмыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2019 жылғы 21 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңымен қолданысқа енгізілген 3-тармағында төрелік шешімнің күшін жою туралы өтінішхатты, атқару парағын беруден бас тартуды қараған кезде сот төреліктің шешімін мәні бойынша қайта қарауға құқылы емес деп белгіленеді. Бұл норма төрелік шешімнің күшін жоюға ғана емес, сонымен қатар атқару парағын беруден бас тартуға байланысты мәселелерді қозғайды, ал бұл Төрелік туралы заңның 52-бабы тақырыбының және жалпы мазмұнының шегінен тыс.

      Көрсетілген норма қолданысқа енгізілгенмен, оның 1999 жылғы 1 шілдедегі Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (Ерекше бөлім) 1090-бабының және 2015 жылғы 31 қазандағы Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің 255-бабының нормаларымен, Төрелік туралы заңның 52-бабы 2-тармағы арақатынасы мәселесі шешілмеген күйінде қалып қалды, бұл тармақ, егер төрелік шешім Қазақстан Республикасының жария тәртібіне қайшы келсе, сотқа төрелік шешімнің күшін жоюға мүмкіндік береді.

      Бұзылуы соттың төрелік шешімнің күшін жоюға әкеп соғатын Қазақстан Республикасының жария тәртібі деп Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде бекітілген құқық тәртібінің негіздері түсініледі (Төрелік туралы заңның 2-бабының 1) тармақшасы). Демек, қолданылатын терминология жария тәртіп пен құқық тәртібінің негіздерін бірдей етеді, бұл ретте біріншісінің бұзылуы Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде осындай деп танылған құқық тәртібі негіздерінің кез келген элементтеріне қолсұғушылықтан көрінуі мүмкін.

      Төрелік талқылау қағидаттарын (тараптар еркінің дербестігі, тәуелсіздік, әділеттілік және басқалар) назарға ала отырып, атап өтілген терминологияның формалды айқындылығы мен анықтығын қамтамасыз ету мақсатында оны түзету ұсынылады.

      Конституциялық Сот "Қазақстан Республикасының жария тәртібі" анықтамасы заң ережелерін өз бетінше интерпретациялау мүмкіндігіне жол бермей, құқыққа сыйымды мінез-құлықты құқыққа қайшы мінез-құлықтан толық айқындықпен ажыратуға мүмкіндік беретін түсінікті өлшемшарттарға негізделуге тиіс деп пайымдайды.

      Осы жазылғандардың негізінде, Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабының 3-тармағын және 74-бабының 3-тармағын, "Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы" 2022 жылғы 5 қарашадағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 23-бабы 4-тармағының 3) тармақшасын, 5558, 62-баптарын, 64-бабының 3-тармағын және 65-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты

қаулы етеді:

      1. "Төрелік туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 52-бабының 3-тармағы Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келеді деп танылсын.

      2. Қазақстан Республикасының Үкіметіне Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының осы нормативтік қаулыда жазылған құқықтық ұстанымдарын ескере отырып, Қазақстан Республикасының төрелік туралы заңнамасын одан әрі жетілдіру мәселесін қарау ұсынылсын.

      Қолданылған шаралар туралы Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына ақпарат берсін.

      3. Осы нормативтік қаулы қабылданған күнінен бастап күшіне енеді, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және шағым жасалуға жатпайды.

      4. Осы нормативтік қаулы заңнамалық актілерді ресми жариялау құқығын алған мерзімді баспасөз басылымдарында, құқықтық ақпараттың бірыңғай жүйесінде және Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде жариялансын.

      Қазақстан Республикасының
Конституциялық Соты

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады