ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы Заңның қолданысқа енгізілу тәртібін 16-б. қараңыз.
ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Қолданушыларға ыңғайлы болуы үшін ЗҚАИ мазмұнды жасады.
Осы Заң қоғамдық бақылаудың мақсатын, міндеттері мен қағидаттарын айқындайды, сондай-ақ Қазақстан Республикасында қоғамдық бақылауды ұйымдастыруға және жүзеге асыруға байланысты қоғамдық қатынастарды реттейді.
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) қоғамдық бақылау – қоғамдық бақылау субъектілерінің осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген тәртіппен және нысандарда жүзеге асырылатын, қоғамдық бақылау объектілерінің актілері мен шешімдерінің қоғамдық мүдделерге сәйкестігін талдауға және бағалауға бағытталған қызметі;
2) қоғамдық бақылауды жүзеге асыру кезіндегі мүдделер қақтығысы – қоғамдық бақылау субъектілерінің, сарапшының, қоғамдық бақылау субъектілері мүшесінің (қатысушысының), құрылтайшысының, басшысының, жұмыскерінің жеке мүдделілігі олардың өз міндеттерін бейтарап және объективті атқаруына әсер ететін немесе әсер ете алатын және (немесе) осындай мүдделілік пен осы Заңда белгіленген қағидаттар арасында қайшылықтың туындауына алып келетін жағдай;
3) қоғамдық бақылау нәтижелері бойынша қорытынды құжат (бұдан әрі – қорытынды құжат) – Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген, қоғамдық бақылау субъектілері қоғамдық бақылау нәтижелері бойынша әзірлеген хаттама, қорытынды, ұсыным, өзге де құжаттар;
4) қоғамдық бақылау объектілері – атқарушы мемлекеттік билік және жергілікті мемлекеттік басқару органдары, мекемелері, мемлекеттік органдар болып табылмайтын мемлекеттік мекемелер, квазимемлекеттік сектор субъектілері, дербес білім беру ұйымдары, қызметі қоғамдық мүдделермен байланысты орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың функцияларын орындаушылар болып табылатын ұйымдар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де қоғамдық бақылау объектілері.
Қазақстан Республикасының ерекше режимдік, режимдік объектілері санатына жатқызылған мемлекеттік органдар мен ұйымдар қоғамдық бақылау объектілері болып табылмайды;
5) қоғамдық бақылау субъектілері – Қазақстан Республикасының азаматтары;
діни бірлестіктерді қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген коммерциялық емес ұйымдар (бұдан әрі – коммерциялық емес ұйымдар);
қоғамдық бақылауды Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асыруға өкілеттік берілген өзге де субъектілер;
6) қоғамдық бақылау тобы – қоғамдық бақылауды жүзеге асыру үшін қалыптастырылған Қазақстан Республикасы азаматтарының және (немесе) Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын коммерциялық емес ұйымдар өкілдерінің және (немесе) қоғамдық бақылауды Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асыруға өкілеттік берілген өзге де субъектілердің тобы;
7) уәжделген жауап – қоғамдық бақылау объектісінің қоғамдық бақылау нәтижелері бойынша қорытынды құжатта көрсетілген мән-жайлардың жан-жақты, толық және объективті түрде қаралғаны туралы, оның ішінде қоғамдық бақылау барысында анықталған бұзушылықтарға ықпал ететін себептер мен жағдайлардың жойылғаны туралы ақпараты.
2-бап. Қазақстан Республикасының қоғамдық бақылау туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының қоғамдық бақылау туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардың осы Заңның алдында басымдығы болады. Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттардың Қазақстан Республикасының аумағында қолданылу тәртібі мен жағдайлары Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.
3-бап. Осы Заңның қолданылу саласы
1. Қоғамдық бақылауды жүзеге асыру ерекшеліктері осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленеді.
Осы Заң Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында реттелмеген бөлігінде қоғамдық бақылауды жүзеге асыруға байланысты қатынастарды реттейді.
2. Осы Заңның күші "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы", "Республикалық референдум туралы", "Қазақстан Республикасының сот жүйесі және судьяларының мәртебесі туралы", "Прокуратура туралы", "Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы", "Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы" Қазақстан Республикасының конституциялық заңдарында, "Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы", "Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы", "Дербес деректер және оларды қорғау туралы" Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік, қылмыстық-атқару, азаматтық процестік, әкімшілік рәсімдік-процестік заңнамасында, Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы, сыртқы барлау, қарсы барлау қызметі, жедел-іздестіру қызметі, мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының құқық қорғау қызметі және күзетілетін адамдар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі заңнамасында реттелетін қоғамдық қатынастарға қолданылмайды.
3. Ұлттық әл-ауқат қорындағы және Ұлттық әл-ауқат қорының тобына кіретін ұлттық компаниялардағы қоғамдық бақылау бюджет қаражаты есебінен іске асырылатын мемлекеттік әлеуметтік және ғылыми-инновациялық жобаларға, ұлттық жобаларға қатысты, сондай-ақ Ұлттық әл-ауқат қоры мен Ұлттық әл-ауқат қорының тобына кіретін ұлттық компаниялар қайырымдылық көмек көрсеткен кезде жүзеге асырылады.
4-бап. Қоғамдық бақылаудың мақсаты мен міндеттері
1. Қоғамдық бақылаудың мақсаты Қазақстан Республикасы азаматтарының мемлекет істерін басқаруға қатысуын қамтамасыз ету болып табылады.
2. Қоғамдық бақылаудың міндеттері:
1) Қазақстан Республикасының азаматтарын қоғамдық бақылау процесіне тарту;
2) Қазақстан Республикасының жалпыұлттық басымдықтары шеңберінде орындалатын жобалардың сапалы іске асырылуын қамтамасыз ету;
3) қоғамдық бақылау объектілері шешімдер қабылдаған кезде қоғамдық пікірдің ескерілуін қамтамасыз ету;
4) қоғамдық бақылау объектілері қызметінің айқындығы мен ашықтығын қамтамасыз ету;
5) қоғамдық бақылау субъектілері мен объектілерінің өзара іс-қимылын қамтамасыз ету;
6) қоғамдық бақылау объектілері қызметінің тиімділігін арттыру;
7) қоғамдық бақылау объектілерінің қызметіне Қазақстан Республикасы азаматтары сенімінің деңгейін арттыру;
8) қоғамда құқыққа қарсы мінез-құлыққа төзбеушілікті қалыптастыру болып табылады.
5-бап. Қоғамдық бақылаудың қағидаттары
Мыналар:
1) қоғамдық бақылау субъектілері қызметінің заңдылығы;
2) қоғамдық бақылау субъектілерінің қоғамдық бақылауды жүзеге асыруының жариялылығы, ашықтығы және айқындығы;
3) қоғамдық бақылау субъектілерінің қоғамдық бақылауды жүзеге асыруға қатысуының еріктілігі;
4) қоғамдық бақылауды жүзеге асыру кезінде қоғамдық бақылау субъектілерінің тәуелсіздігі және мүдделер қақтығысына жол берілмеушілік қоғамдық бақылаудың қағидаттары болып табылады.
6-бап. Қоғамдық бақылау субъектілерінің қоғамдық бақылауды жүзеге асыруға қатысуының шарттары
1. Қоғамдық бақылау субъектілері қоғамдық бақылауды жеке немесе қоғамдық бақылау топтарына қатысу арқылы жүзеге асырады.
2. Мыналар:
1) Қазақстан Республикасының заңында белгіленген тәртіппен жойылмаған немесе алынбаған сотталғандығы бар адамдар;
2) сот әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп таныған адамдар;
3) он сегіз жасқа толмаған адамдар;
4) психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымдарда психикасының, мінез-құлқының бұзылуына (ауруына), оның ішінде психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты есепте тұрған адамдар;
5) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар, экстремистік және террористік қылмыстар жасағаны үшін бұрын қылмыстық жауаптылыққа тартылған адамдар;
6) шетелдік қатысуы бар коммерциялық емес ұйымдар, сондай-ақ қызметі Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тоқтатыла тұрған не оған тыйым салынған коммерциялық емес ұйымдар қоғамдық бақылау субъектілері бола алмайды.
3. Қоғамдық бақылау тобы қоғамдық бақылау субъектілерінің бастамасы бойынша қалыптастырылады.
Қоғамдық бақылау тобының құрамын бекіту туралы шешім хаттама түрінде ресімделеді.
Қоғамдық бақылау тобының сандық құрамы бес адамнан аспайды.
Қоғамдық бақылау тобының мүшелері қоғамдық бақылауды осы Заңның және Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес жүзеге асырады.
2-тарау. ҚОҒАМДЫҚ БАҚЫЛАУ СУБЪЕКТІЛЕРІ МЕН ОБЪЕКТІЛЕРІ
7-бап. Қоғамдық бақылау субъектілерінің құқықтары мен міндеттері
1. Қоғамдық бақылау субъектілерінің:
1) қоғамдық бақылауды осы Заңда және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген нысандарда жүзеге асыруға;
2) қоғамдық бақылау объектісінің аумағы мен үй-жайларына осы Заңға сәйкес қоғамдық бақылау объектісімен жазбаша келісу бойынша баруға;
3) қоғамдық бақылау объектілерінен Қазақстан Республикасының ақпаратқа қол жеткізу туралы заңнамасында көзделген тәртіппен ақпарат сұратуға;
4) қоғамдық бақылауды жүзеге асыру кезінде Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтай отырып, аудиовизуалды техника құралдарын пайдалануға, сондай-ақ бейне- және фототүсірілім жасауға;
5) қоғамдық бақылау объектілерінің әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шағым жасауға;
6) осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар.
2. Қоғамдық бақылау субъектілері:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасын, қоғамдық бақылау объектілерінің құқықтары мен заңды мүдделерін сақтауға;
2) қоғамдық бақылауды осы Заңның және Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес жүзеге асыруға;
3) қоғамдық бақылау объектісіне қоғамдық бақылауды жүзеге асыру туралы хабарлауға, ал қоғамдық бақылау тобы қалыптастырылған жағдайда қоғамдық бақылау тобының құрамын бекіту туралы хаттаманы жіберуге;
4) қоғамдық бақылау объектілеріне қоғамдық бақылау барысында анықталған бұзушылықтарға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою жөніндегі шаралар туралы ұсыныстарды қамтитын қорытынды құжатты жіберуге;
5) қоғамдық бақылауды жүзеге асыру барысында анықталған бұзушылықтарға ықпал ететін себептер мен жағдайлар туралы ақпаратты тиісті уәкілетті органдарға жіберуге;
6) қоғамдық бақылауды жүзеге асыру кезінде жалпыға бірдей қабылданған моральдық-әдептілік мінез-құлық нормаларын сақтауға;
7) қоғамдық бақылауды жүзеге асыру кезінде мүдделер қақтығысына жол бермеуге;
8) қорытынды құжатты, сондай-ақ қоғамдық бақылау объектілерінің қорытынды құжатқа уәжделген жауаптарын өз интернет-ресурстарында (болған кезде) орналастыруға;
9) қоғамдық бақылауды жүзеге асыру кезінде қауіпсіздік шараларын және қоғамдық бақылауды жүзеге асыру кезінде қоғамдық бақылау объектісі жұмысының белгіленген режимін сақтауға;
10) дербес деректер субъектілерінің немесе олардың заңды өкілдерінің келісімінсіз дербес деректерді өңдемеуге, сондай-ақ қоғамдық бақылау объектілерінен алынған, Қазақстан Республикасының заңдарымен қорғалатын құпияны құрайтын мәліметтерді жария етпеуге;
11) осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген өзге де міндеттерді жүзеге асыруға міндетті.
8-бап. Қоғамдық бақылау объектілерінің құқықтары мен міндеттері
1. Қоғамдық бақылау объектілерінің:
1) қоғамдық бақылау субъектілерінен қоғамдық бақылауды жүзеге асыру туралы ақпаратты және қорытынды құжатты алуға;
2) қоғамдық бақылауды жүзеге асыру кезінде Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтай отырып, аудиовизуалды техника құралдарын пайдалануға, сондай-ақ бейне- және фототүсірілім жасауға;
3) қоғамдық бақылау объектісінде қоғамдық бақылауды жүзеге асыру кезінде қауіпсіздік шараларының сақталуын талап етуге;
4) осы Заңның 12-бабының 5-тармағында көзделген жағдайларда қоғамдық бақылау объектісінің аумағы мен үй-жайларына кіргізуден бас тартуға;
5) қоғамдық бақылау жүргізуге бастама жасау үшін қоғамдық бақылау субъектілеріне жүгінуге;
6) осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар.
2. Қоғамдық бақылау объектілері:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасын, қоғамдық бақылау субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделерін сақтауға;
2) қоғамдық бақылау субъектілерінің Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген негізде және тәртіппен қоғамдық бақылау объектілерінің аумағы мен үй-жайларына кіруін қамтамасыз етуге;
3) қол жеткізу шектелген ақпаратты қоспағанда, өз қызметі туралы ақпаратқа қол жеткізуді қамтамасыз етуге және қоғамдық бақылау субъектілерінің сұрау салуларын Қазақстан Республикасының ақпаратқа қол жеткізу туралы заңнамасының талаптарына сәйкес қарауға;
4) қоғамдық бақылауды жүзеге асыру кезінде қоғамдық бақылау объектілері өкілдерінің жалпыға бірдей қабылданған моральдық-әдептілік мінез-құлық нормаларын сақтауы жөніндегі қажетті шараларды қабылдауға;
5) қоғамдық бақылау субъектілерінің қауіпсіздігін осы қоғамдық бақылау объектісі үшін белгіленген нормативтерге сәйкес қамтамасыз етуге;
6) қорытынды құжат бойынша шешімдерді қарауға және қабылдауға, сондай-ақ уәжделген жауаптарды жіберуге;
7) қорытынды құжатты, сондай-ақ уәжделген жауаптарды өз интернет-ресурстарында орналастыруға;
8) қоғамдық бақылау объектісінің аумағы мен үй-жайларына баруға келісетіні туралы қоғамдық бақылау субъектісіне осы Заңға сәйкес хабарлауға;
9) осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген өзге де міндеттерді жүзеге асыруға міндетті.
3-тарау. ҚОҒАМДЫҚ БАҚЫЛАУДЫҢ НЫСАНДАРЫ МЕН НӘТИЖЕЛЕРІ
9-бап. Қоғамдық бақылау нысандары
1. Қоғамдық бақылау қоғамдық талқылау, қоғамдық сараптама және қоғамдық мониторинг нысандарында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген нысандарда жүзеге асырылады.
2. Қоғамдық бақылау бір мезгілде бірнеше нысандарда жүзеге асырылуы мүмкін.
10-бап. Қоғамдық талқылау
1. Қоғамдық талқылау қоғамдық бақылау объектілерінің шектелмеген тұлғалар тобының құқықтары мен заңды мүдделерін қозғайтын актілері мен шешімдерін жария қарауды ұйымдастыру мақсатында өткізіледі.
2. Қоғамдық бақылау субъектілері қоғамдық талқылау өткізілетін күнге дейін үш жұмыс күні қалғанда қоғамдық талқылаудың тақырыбы, күні, уақыты, орны мен нысаны туралы мәліметтерді, сондай-ақ қоғамдық талқылаудың нысанасына жататын ақпаратты бұқаралық ақпарат құралдарында орналастырады.
3. Қоғамдық бақылау субъектілері қоғамдық талқылау өткізілетін күнге дейін бес жұмыс күнінен кешіктірмей қоғамдық бақылау объектілерінің өкілдерін хабардар етуге және қоғамдық талқылауға қатысуға шақыруға міндетті.
4. Қоғамдық бақылау объектілері қоғамдық талқылауға қатыса алады, сондай-ақ қоғамдық талқылауды ұйымдастыруда қоғамдық бақылау субъектілеріне техникалық жәрдем көрсете алады.
5. Қоғамдық бақылау субъектілері қоғамдық талқылауды өткізу нәтижелері жөніндегі хаттаманың негізінде қабылданған қорытынды құжатты қоғамдық бақылау объектілеріне қарау үшін жібереді.
11-бап. Қоғамдық сараптама
1. Қоғамдық бақылау субъектілері қоғамдық сараптаманы қоғамдық бақылау объектілерінің шектелмеген тұлғалар тобының құқықтары мен заңды мүдделерін қозғайтын актілері мен шешімдерін талдау және қоғамдық бағалау мақсатында жүзеге асырады.
Қоғамдық бақылау объектілерінің қызмет барысында қабылданатын, шектелмеген тұлғалар тобының құқықтары мен заңды мүдделерін қозғайтын актілері мен шешімдері қоғамдық сараптаманың нысанасы болып табылады.
2. Қоғамдық бақылау субъектілері қоғамдық сараптама жүргізу үшін сарапшыларды немесе сараптама ұйымдарын тартуға құқылы.
3. Тиісті салада жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білімі, тиісті салада кемінде екі жыл жұмыс өтілі бар, қоғамдық сараптама нысанасы бойынша ғылыми және (немесе) практикалық білімі бар жеке тұлға сарапшы бола алады.
4. Сарапшылардың тұжырымдарын қамтитын қоғамдық сараптама қорытындысы қорытынды құжат түрінде ресімделеді және қоғамдық бақылау объектілеріне қарау үшін жіберіледі.
12-бап. Қоғамдық мониторинг
1. Қоғамдық мониторинг қоғамдық бақылау объектілерінің шектелмеген тұлғалар тобының құқықтары мен заңды мүдделерін қозғайтын қызметінің барысын байқап қарауды білдіреді.
2. Қоғамдық бақылау субъектілері қоғамдық мониторингті қоғамдық бақылау объектілерінің шектелмеген тұлғалар тобының құқықтары мен заңды мүдделерін қозғайтын актілері мен шешімдеріне қатысты ақпаратты жинау, қорыту және талдау арқылы жүзеге асырады.
3. Қоғамдық бақылау субъектілері қажет болған жағдайда қоғамдық мониторингті қоғамдық бақылау объектісімен келісу бойынша қоғамдық бақылау объектісінің аумағы мен үй-жайларына бару арқылы жүзеге асыруы мүмкін.
4. Қоғамдық бақылау субъектісі қоғамдық мониторингті қоғамдық бақылау объектісінің аумағы мен үй-жайларына бару арқылы жүзеге асыруға келісім беру туралы жолданымға қоғамдық бақылау субъектілерінің тізімін және олардың осы Заңның 6-бабының 2-тармағында белгіленген талаптарға сәйкес келуі туралы ақпаратты, сондай-ақ қоғамдық бақылау объектісіне бару қажеттілігінің негіздемесін қоса береді.
5. Қоғамдық бақылау объектілерінің алдыңғы қоғамдық мониторинг жүргізілген кезден бастап алты ай ішінде сол бір ғана объектіге барып не сол бір ғана мәселе бойынша қоғамдық мониторинг жүргізу жағдайында қоғамдық бақылау объектісінің аумағы мен үй-жайларына баруға рұқсат бермеуге құқығы бар.
6. Қоғамдық мониторинг жүргізу нәтижелері бойынша қабылданған қорытынды құжат қоғамдық бақылау объектілеріне қарау үшін жіберіледі.
13-бап. Қорытынды құжаттар
1. Қоғамдық бақылау субъектісі қоғамдық бақылау нәтижелері бойынша қоғамдық бақылау барысында анықталған бұзушылықтарға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою жөніндегі шаралар туралы ұсыныстарды қамтитын қорытынды құжатты әзірлейді.
Қорытынды құжатқа қоғамдық бақылауды жүзеге асыру күні, уақыты мен орны, қоғамдық бақылаудың міндеттері, қоғамдық бақылау субъектілерінің тізімі және олардың осы Заңның талаптарына сәйкес келуі туралы ақпарат, қоғамдық бақылаудың нысандары, қоғамдық бақылауды жүзеге асыру кезінде анықталған фактілер мен мән-жайлар туралы ақпарат, сондай-ақ қоғамдық бақылауды жүзеге асыру кезінде алынған өзге де құжаттар қоса беріледі.
2. Қоғамдық бақылау субъектісі қорытынды құжатты қоғамдық бақылау объектісіне қоғамдық бақылау аяқталған күннен бастап жеті жұмыс күнінен кешіктірмей, қазақ тілінде және (немесе) басқа да тілдерде жібереді.
3. Қорытынды құжат қоғамдық бақылау объектілерінің қарауы үшін міндетті болып табылады.
4. Қоғамдық бақылау объектілері қорытынды құжатты алғаннан кейін он жұмыс күнінен кешіктірмей, қоғамдық бақылау субъектісіне әрбір ұсыным бойынша жеке-жеке уәжделген жауап жібереді.
5. Қоғамдық бақылау объектілері қорытынды құжатта көрсетілген мән-жайларды жан-жақты, толық және объективті түрде қарау үшін шаралар қабылдауға және қоғамдық бақылау субъектісіне, егер бұл басқа тұлғалардың құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерін бұзбаса, оның ұсынымдарын тыңдау нысанында қарауға қатысу мүмкіндігін беруге міндетті.
6. Тыңдау қоғамдық бақылау субъектісін шақыру арқылы, оның ішінде бейнеконференцбайланыс немесе өзге де коммуникация құралдары арқылы жүзеге асырылуы мүмкін.
Қоғамдық бақылау субъектісі тыңдау туралы алдын ала, бірақ қорытынды құжатты қарау жөніндегі шешім қабылданғанға дейін үш жұмыс күнінен кешіктірмей хабардар етіледі.
Қорытынды құжатты қарау қорытындысы бойынша оң шешім қабылданған жағдайда тыңдау рәсімі өткізілмейді.
7. Қоғамдық бақылау объектісі қорытынды құжатты қараудан бас тартқан жағдайда қоғамдық бақылау субъектісінің Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тиісті мемлекеттік органдарға шағым жіберуге құқығы бар.
4-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
14-бап. Қоғамдық бақылауды жүзеге асыруды материалдық-техникалық және ұйымдастырушылық тұрғыдан қамтамасыз ету
Қоғамдық бақылауды материалдық-техникалық және ұйымдастырушылық тұрғыдан қамтамасыз ету қоғамдық бақылау субъектілерінің қаражаты есебінен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген өзге де көздердің есебінен жүзеге асырылады.
15-бап. Қазақстан Республикасының қоғамдық бақылау туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының қоғамдық бақылау туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа алып келеді.
16-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Президенті |
Қ. ТОҚАЕВ |