"Қызылорда қалалық ауыл шаруашылығы бөлімі" коммуналдық мемлекеттік мекемесінің Ережесін бекіту туралы

Жаңа

Қызылорда облысы Қызылорда қаласы әкімдігінің 2016 жылғы 29 сәуірдегі № 5283 қаулысы

      "Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн-өзi басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңына, "Мемлекеттiк мүлiк туралы" Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 1 наурыздағы Заңына және "Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органының үлгi ережесiн бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2012 жылғы 29 қазандағы № 410 Жарлығына сәйкес Қызылорда қаласының әкiмдiгi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
      1. Қоса берiлiп отырған "Қызылорда қалалық ауыл шаруашылығы бөлiмi" коммуналдық мемлекеттiк мекемесiнiң Ережесi бекiтiлсiн.
      2. "Қызылорда қалалық ауыл шаруашылығы бөлiмi" коммуналдық мемлекеттiк мекемесiнiң Ережесiн бекiту туралы" Қызылорда қаласы әкiмдiгiнiң 2015 жылғы 23 ақпандағы № 2906 қаулысының (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде № 4909 тіркелген, 2015 жылғы 18 наурыздағы № 21 "Ақмешіт апталығы", 2015 жылғы 18 наурыздағы № 11 "Кызылорда Таймс" газеттерінде және 2015 жылғы 30 наурыздағы "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған) күші жойылды деп танылсын.
      3. Қаулының орындалуын бақылау Қызылорда қаласы әкiмiнiң орынбасары К.Ансатбаевқа жүктелсiн.
      4. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.
      Қызылорда қаласының әкімі Н. Нәлібаев

  Қызылорда қаласы әкiмдiгiнiң
2016 жылғы 29 сәуірдегі
№ 5283 қаулысымен бекiтiлген

"Қызылорда қалалық ауыл шаруашылығы бөлiмi" коммуналдық мемлекеттiк мекемесiнiң ЕРЕЖЕСI

1. Жалпы ережелер

      1. "Қызылорда қалалық ауыл шаруашылығы бөлiмi" коммуналдық мемлекеттiк мекемесi (бұдан әрi-Бөлiм) ауыл шаруашылық саласында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органы болып табылады.
      2. Бөлiмнiң құрылтайшысы Қызылорда қаласының әкiмдiгi болып табылады.
      3. Бөлiм өз қызметiн Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президентi мен Үкiметiнiң актiлерiне, өзге де нормативтiк құқықтық актiлерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
      4. Бөлiм мемлекеттiк мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттiк тiлде өз атауы бар мөрi мен мөртаңбалары, белгiленген үлгiдегi бланкiлерi, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.
      5. Бөлiм азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседi.
      6. Бөлiм егер заңнамаға сәйкес осыған уәкiлеттiк берiлген болса, мемлекеттiң атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.
      7. Бөлiм өз құзыретiнiң мәселелерi бойынша заңнамада белгiленген тәртiппен Бөлiм басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актiлермен ресiмделетiн шешiмдер қабылдайды.
      8. Бөлiмнiң құрылымы мен штат санының лимитi қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекiтiледi.
      9. Заңды тұлғаның орналасқан жерi: индекс 120014, Қазақстан Республикасы, Қызылорда облысы, Қызылорда қаласы, Ыбырай Жахаев көшесi, №16.
      Бөлiмнiң жұмыс кестесi: сенбi, жексенбi және заңнама актiлерiмен белгiленген басқа демалыс және мереке күндерiнен бөлек, күн сайын дүйсенбiден жұмаға дейiн сағат 09.00-ден 19.00-ге дейiн (сағат 13.00-ден 15.00-ге дейiн үзiлiс).
      10. Мемлекеттiк органның толық атауы - "Қызылорда қалалық ауыл шаруашылығы бөлiмi" коммуналдық мемлекеттiк мекемесi.
      11. Осы Ереже Бөлiмнiң құрылтай құжаты болып табылады.
      12. Бөлiмнiң қызметiн каржыландыру жергiлiктi бюджеттен жүзеге асырылады.
      13. Бөлiмге кәсiпкерлiк субъектiлерiмен Бөлiмнiң функциялары болып табылатын мiндеттердi орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.
      Егер Бөлiмге заңнамалық актiлермен кiрiстер әкелетiн қызметтi жүзеге асыру құқығы берiлсе, онда осындай қызметтен алынған кiрiстер жергiлiктi бюджеттiң кiрiсiне жiберiледi.

2. Бөлiмнiң миссиясы, негiзгi мiндеттерi, функциялары, құқықтары мен мiндеттерi

      14. Бөлiмнiң миссиясы: ауыл шаруашылығын дамыту саласында бiрыңғай мемлекеттiк саясатты iске асыру болып табылады.
      15. Бөлiмнiң мiндеттерi:
      1) өндiрiлген өнiмнiң сапасын және бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттыру жағдайында агроөнеркәсiптiк кешен салаларының дамуын экономикалық ынталандыру ретiнде жүзеге асыру;
      2) тұқым шаруашылығын дамыту;
      3) мал шаруашылығы өнiмiнiң өнiмдiлiгi мен сапасын арттыру;
      4) асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту;
      5) басым дақылдар өндiрудi субсидиялау арқылы өсiмдiк шаруашылығы өнiмiнiң шығымдылығы мен сапасын арттыру, жанар-жағармай материалдарының және көктемгi егiс пен егiн жинау жұмыстарын жүргiзуге қажеттi басқа да тауар-материалдық құндылықтардың құнын арзандату;
      6) өсiмдiктердi қорғау мақсатында ауыл шаруашылығы тауарларын өндiрушiлерге ауыл шаруашылығы дақылдарын өңдеуге арналған гербицидтердiң, биоагенттердiң және биопрепараттардың құнын арзандату;
      7) ауылшаруашылық тауарларын өндiрушiлерге суды беру бойынша көрсетiлетiн қызметтердiң құнын субсидиялау;
      8) жемiс-жидек дақылдарының және жүзiмнiң көп жылдық көшеттерiн отырғызу және өсiру (оның iшiнде қалпына келтiру);
      9) ауыл шаруашылығы дақылдарын қорғалған топырақта өсiру;
      10) жеке және заңды тұлғалардың Бөлiмге жолдаған өтiнiштерiн қарау, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген жағдайлармен тәртiппен оларға жауаптар беру;
      11) жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкiлдерiн қабылдауды ұйымдастырады;
      16. Бөлiмнiң функциялары:
      1) тиiстi өңiрде азық-түлiк тауарлары қорларын есепке алуды жүргiзу және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергiлiктi атқарушы органдарына (әкiмдiктерiне) есептiлiк ұсыну;
      2) ауылдық елдi мекендерде жұмыс iстейтiн және тұратын денсаулық сақтау, бiлiм беру, әлеуметтiк қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсiптiк кешен саласындағы мамандарды Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген әлеуметтiк қолдау шараларын қолдану жөнiндегi жұмысты ұйымдастыру;
      3) көрме-жәрмеңкелер ұйымдастыру және отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндiрушiлердiң өнiмiне жарнамалық қолдау көрсету;
      4) асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы субъектiлерден асыл тұқымды мал туралы деректер жинауды жүзеге асыру;
      5) асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы субъектiлерден және асыл тұқымды малы бар жеке және заңды тұлғалардан бекiтiлген нысандар бойынша есептер қабылдау;
      6) тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiк бойынша бағалау туралы деректердi қабылдап, қорытады және оның нәтижелерi туралы мүдделi адамдарды хабардар ету;
      7) агроөнеркәсiптiк кешендi дамыту саласындағы мемлекеттiк техникалық инспекцияны жүзеге асыру;
      8) тракторларды және олардың базасында жасалған өздiгiнен жүретiн шассилер мен механизмдердi, өздiгiнен жүретiн ауылшаруашылық, мелиорациялық және жол-құрылыс машиналарын, сондай-ақ жүрiп өту мүмкiндiгi жоғары арнайы машиналарды басқару құқығына емтихандар қабылдау және куәлiктер беру қағидаларын әзiрлеу және бекiту;
      9) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асырады.
      17. Бөлiмнiң құқықтары:
      1) қала әкiмдiгiне қаланың агроөнеркәсiп кешенiн және ауыл аумақтарын дамытудың негiзгi бағыттары жөнiнде ұсыныстар енгiзуге;
      2) жергiлiктi атқарушы органдардан меншiк нысандарына қарамастан барлық кәсiпорындар мен ұйымдардан, мекемелер, басқармалар, комитеттерден бөлiм құзырына кiретiн сұрақтарды шешуге қажеттi материалдарды белгiленген тәртiп бойынша сұратуға және алуға;
      3) ауыл шаруашылығы техникалары мен машиналарға мемлекеттiк тiркеу нөмiрi белгiлерiн беруге, оларды тiркеуге және қайта тiркеуге;
      4) жыл сайын техникалық байқау, жүргiзу куәлiктерiн беруге және машиналардың кепiлiн тiркеуге, қайта тiркеуге техникалардың сенiмхат негiзiнде басқаруға;
      5) тiркелген техникаларға анықтамалар беруге.

3. Бөлiм қызметiн ұйымдастыру

      18. Бөлiм басшылықты Бөлiмге жүктелген мiндеттердiң орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болатын бiрiншi басшы жүзеге асырады.
      19. Бөлiмнiң бiрiншi басшысын қала әкiмi қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
      20. Бөлiмнiң бiрiншi басшысының өкiлеттiгi:
      1) Бөлiм басшысы қызметкерлерiнiң сыбайлас жемқорлық сипатындағы құқық бұзушылық жасағаны үшiн дербес жауап бередi;
      2) өзiне бағынысты қызметкерлерiнiң мiндеттерi мен өкiлеттiлiктерiн айқындайды;
      3) өз құзiретi шегiнде Бөлiмдi мемлекеттiк органдар мен басқа ұйымдарда таныстыру;
      4) заңдарда белгiленген тәртiппен Бөлiм қызметкерлерiне тәртiптiк жаза қолданады;
      5) Бөлiммен қабылданған актiлерге қол қояды;
      6) Қазақстан Республикасының Заңнамасына сәйкес Бөлiмдi барлық мемлекеттiк органдарда және басқа да ұйымдарда ұсынады.
      7) Бөлiм құзiретiне кiретiн мәселелер бойынша барлық кәсiпорындар, ұйымдар мен бөлiмшелер орындауға мiндеттi ұсыныстар мен нұсқаулар бередi, өкiлеттiгiне жататын басқа да мәселелер бойынша шешiмдер қабылдайды;
      8) қолданыстағы заңнамаға сәйкес Бөлiм қызметкерлерiн қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
      9) қолданыстағы заңнамаға сәйкес Бөлiм қызметкерлерiн марапаттайды және тәртiптiк жазалар қабылдайды;
      10) гендерлiк теңдiк саясатын жүзеге асыру жұмыстарын ұйымдастырады;
      11) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де өкiлеттiлiктердi жүзеге асырады.
      Бөлiмнiң бiрiншi басшысы болмаған кезеңде оның өкiлеттiктерiн қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға орындайды.
      21. Бөлiм аппаратын Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын бөлiм басшысы басқарады.

4. Бөлiмнiң мүлкi

      22. Бөлiмнiң заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкi болу мүмкiн.
      Бөлiмнiң мүлкi оған меншiк иесi берген мүлiк, сондай-ақ өз қызметi нәтижесiнде сатып алынған мүлiк (ақшалай кiрiстердi коса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебiнен қалыптастырылады.
      23. Бөлiмге бекiтiлген мүлiк коммуналдық меншiкке жатады.
      24. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Бөлiм өзiне бекiтiлген мүлiктi және қаржыландыру жоспары бойынша өзiне бөлiнген қаражат есебiнен сатып алынған мүлiктi өз бетiмен иелiктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсiлмен билiк етуге құқығы жоқ.

5. Бөлiмдi қайта ұйымдастыру және тарату

      25. Бөлiмдi қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады